Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 2 маусымдағы № 443 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ережеде:

      13-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласында, сондай-ақ тілдерді дамыту саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру, салааралық үйлестіруді жүзеге асыру, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім және ғылым саласында халықаралық бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру;";

      15-тармақта:

      мынадай мазмұндағы 2-1), 2-2), 2-3), 2-4), 2-5), 2-6) және 2-7) тармақшалармен толықтырылсын:

      "2-1) еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік әріптестердің жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру проблемаларын шешуге қатысуын қамтамасыз ету және республикалық бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымдарында (Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар үшін мамандар даярлауды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарын қоспағанда) жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға үш жылға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту;

      2-2) жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшерлерін бекіту;

      2-3) "бакалавр" немесе "магистр" дәрежесін бере отырып, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімге ақы төлеу үшін білім беру грантын тағайындау қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      2-4) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқитын студент жастарды патриотизм көрсеткені және белсенді азаматтық ұстанымы үшін марапаттау қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      2-5) мемлекеттік атаулы стипендияларды бекіту;

      2-6) маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасы азаматтарының жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе міндетін тоқтату тәртібін айқындау;

      2-7) Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, білім алу мақсатында келетін иммигранттардың тұруға, сондай-ақ оқуға ақы төлеуге қажетті өзінің төлем қабілеттілігін растауды ұсынуы қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      5) тармақша мынадай редакцияда жазысын:

      "5) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін, магистранттары мен докторанттарын жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін айқындау әдістемесін әзірлеу және бекіту;";

      7) тармақша алып тасталсын;

      8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) білім беруді басқару жүйесіне білім беру мониторингін және ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асыру, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеу қағидаларын бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "8-1) білім беру мониторингін жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 28-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "27-1) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында дуальды оқытуды ұйымдастыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 35-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "35-1) білім алушылардың білімін тексеруді жүргізу үшін қағидалар мен талаптарды әзірлеу және бекіту;";

      37) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "37) білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, білім беру жинақтау салымы туралы үлгілік шартты әзірлеу және бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 37-1), 37-2) және 37-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "37-1) білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша білім беру жинақтау сақтандыруының үлгілік шартын әзірлеу және бекіту;

      37-2) білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, білім беру жинақтау салымы бойынша мемлекет сыйлықақысын есептеу әдістемесін әзірлеу және бекіту;

      37-3) білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы операторды айқындау;";

      39) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "39) білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, қатысушы банк пен оператор, оператор мен қатысушы-сақтандыру ұйымы немесе оператор мен білім беру ұйымы арасындағы мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы үлгілік келісімді әзірлеу және бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 42-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "42-1) Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға атаулар беру, оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту және жеке адамдардың есімдерін беру туралы шешім қабылдау;";

      46) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "46) мемлекет атынан доцент, қауымдастырылған профессор (доцент), профессор аттестаттарын беру;";

      57) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "57) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін, магистранттары мен докторанттарын жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      66) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "66) мемлекеттік тапсырыс немесе грант бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стипендиялар тағайындау және төлеу тәртібін әзірлеу;";

      мынадай мазмұндағы 73-1), 73-2), 73-3), 73-4), 73-5), 73-6), 73-7), 73-8), 73-9), 73-10), 73-11), 73-12), 73-13), 73-14), 73-15), 73-16) және 73-17) тармақшалармен толықтырылсын:

      "73-1) шетелде, оның ішінде "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша кадрларды даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың халықаралық бағдарламалары бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыратын ұйымды (әкімшіні) айқындау;

      73-2) "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсы жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізімін әзірлеу және бекіту;

      73-3) "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін басым мамандықтар тізбесін әзірлеу және жыл сайын бекіту;

      73-4) "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсы жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізімін қалыптастыру жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу және бекіту;

      73-5) мүдделі мемлекеттік органдармен, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен, ғылыми және өзге де ұйымдармен келісу бойынша тәуелсіз сараптама комиссиясының құрамын, оның жұмыс тәртібі мен ұйымдастырылуын, сондай-ақ үміткерлердің тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелерімен дербес әңгімелесуін бағалау парағын бекіту;

      73-6) "Болашақ" халықаралық стипендиясынан бас тартқан не одан айырылған, сондай-ақ "Болашақ" халықаралық стипендиясының әкімшісі алдында қаржылай берешегі бар "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсының жеңімпаздарын оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын қайтаруға байланысты жұмысты ұйымдастыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      73-7) стипендиаттармен оқуға/тағылымдамадан өтуге шарт жасасу, стипендиаттарды орналастыруды жүзеге асыру, стипендиаттардың үлгерімі мен еңбек қызметін жүзеге асыруының мониторингі, стипендиаттардың міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету ретінде берілген кепіл мүлкін ауыстыру, тұрақсыздық (айыппұл) төлемін қоса алғанда, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім шығарған күннен бастап стипендиатқа жұмсалған шығыстарды өтеу қағидалары мен шарттарын әзірлеу және бекіту;

      73-8) "Болашақ" халықаралық стипендиясының шеңберінде тілдік курстар ұзақтығының кестесін әзірлеу және бекіту;

      73-9) "Болашақ" халықаралық стипендиясының шеңберінде шетелде оқыту үшін мәндес мамандықтар тізбесін әзірлеу және бекіту;

      73-10) "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларында айқындалатын тұлғалар санаттары үшін "Болашақ" халықаралық стипендиясының шекті санын әзірлеу және жыл сайын белгілеу;

      73-11) "Болашақ" халықаралық стипендиясына құжаттарды қабылдау және конкурс өткізу мерзімдерін бекіту;

      73-12) "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындауға үміткерлер үшін мемлекеттік және шет тілдерін білуінің қажетті ең төмен деңгейін әзірлеу және бекіту;

      73-13) "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін жұмыс орнын сақтау шартымен жұмыс берушінің маман даярлауға өтінімінің нысанын әзірлеу және бекіту;

      73-14) "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткер сауалнамасының үлгілік нысанын әзірлеу және бекіту;

      73-15) Болашақ" халықаралық стипендиясы шеңберінде тағылымдамадан өту бағдарламасына қойылатын талаптар нысанын әзірлеу және бекіту;

      73-16) "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін бағалардың баламалылығы кестесін әзірлеу және бекіту;

      73-17) "Болашақ" халықаралық стипендиясы иегерлерінің өтініштерін қарау жөнінде комиссия құру;";

      мынадай мазмұндағы 82-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "82-1) жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру іске асырылатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының типтері мен түрлерінің тізбесін бекіту;";

      111) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "111) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 112-1) және 112-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "112-1) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің аккредиттеуден өту шарттарын сәйкестігін бағалау (балл) шкаласын әзірлеу және бекіту;

      112-2) жер қойнауын пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың жобаларын қарау жөніндегі ғылыми-техникалық кеңестің қызметі туралы үлгілік ережені әзірлеу және бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 115-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "115-1) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің жұмысын ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыру және Кеңес төрағасын – Қазақстан Республикасының Президентін ғылым мен технологияларды дамытудың өзекті мәселелері жөніндегі сараптамалық-талдамалық материалдармен қамтамасыз ету;";

      128), 129), 130) және 131) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "128) ұлттық ғылыми кеңестер тізбесін және олар туралы ережені әзірлеу және бекіту;

      129) ғылым бағыттары бойынша ұлттық ғылыми кеңестер құру, ұлттық ғылыми кеңестер құрамын бекіту;

      130) апелляциялық комиссия туралы ережені әзірлеп, бекіту және оның құрамын бекіту;

      131) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті гранттық қаржыландыру және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 131-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "131-1 ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық қаржыландыру нормаларын әзірлеу және бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 148-1) және 148-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "148-1) ғылым саласындағы сыйлықақыларды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды белгілеу;

      148-2) ғылым саласындағы сыйлықақыларды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 152-1) және 152-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "152-1) "ҚАЗТЕСТ" қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі бойынша жұмысты үйлестіру;

      152-2) "ҚАЗТЕСТ" қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі бойынша қағидаларды әзірлеу және бекіту;";

      157) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "157) Республикалық терминологиялық комиссияны құру және оның қызметін қамтамасыз ету;";

      мынадай мазмұндағы 159-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "159-1) терминологиялық жұмыстарды жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 160-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "160-1) қазақ тілінің емле қағидаларын әзірлеу және бекіту;".

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов