"Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 8 қазандағы № 797 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларында:

      2-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) тұрғынжай – тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын, белгіленген құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға сай келетін жеке тұрғын үй бірлігі (дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, модульдік (мобильді) тұрғын үй).

      Модульдік (мобильді) тұрғын үй деп жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара бөлімшелерінде және өзге де жабық объектілерде орналасқан арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің тұруына арналған және пайдаланылатын объект түсініледі;";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Күнтiзбемен есептегенде он және одан көп жыл еңбек сіңірген әскери қызметшілер немесе арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ қызметте болудың шекті жасына толуына, денсаулық жағдайына немесе штаттың қысқартылуына байланысты әскери қызметтен немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылған адамдар қызметтік тұрғынжайларға теңестірілген, өздері тұрып жатқан тұрғынжайларды қалдық құны бойынша жекешелендіруге құқылы.

      Күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан көп жыл еңбек сiңiрген әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ қызметте болудың шекті жасына толуына, денсаулық жағдайына немесе штаттың қысқартылуына байланысты әскери қызметтен немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылған адамдар қызметтік тұрғынжайларға теңестірілген, өздері тұрып жатқан тұрғынжайларды өтеусіз жекешелендіруге құқылы.

      Әскери қызметтен немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылған, осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген, қызметтік тұрғынжайға теңестірілген тұрғынжай берілген адам қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, жекешелендіру құқығы қаза тапқан (қайтыс болған) адамның отбасы мүшелеріне өтеді.";

      7-тармақта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар;";

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын қорғау кезінде, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде орындау кезінде немесе майданда болуға байланысты ауруға шалдығу салдарынан, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде жаралану, контузия алу, мертігу салдарынан мүгедектігі бар адам болған әскери қызметшілер;";

      7 және 7-1) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) әскери қызметтен немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен қызметте болудың шекті жасына толуына, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттың қысқартылуына байланысты шығарылған адамдар:

      күнтізбемен есептегенде жиырма және одан көп жыл еңбек сіңірген;

      күнтізбемен есептегенде он және одан көп жыл еңбек сіңірген және мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды), оның ішінде жасына қарамастан бала кезінен мүгедектігі бар адамды (мүгедектігі бар адамдарды) асырап-бағып отырған әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері.

      Әскери қызметтен немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылған, осы тармақшаның бірінші бөлігінде аталған, тұрғынжай берілген адам қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оны өтеусіз жекешелендіру құқығы қаза тапқан (қайтыс болған) адамның отбасы мүшелеріне өтеді;

      7-1) өз-өзіне қол жұмсау (өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу жағдайларын қоспағанда), қылмыстық құқық бұзушылық жасау, алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйді туғызатын заттарды (сол тектестерді) медициналық емес мақсатта тұтыну нәтижесінде қаза тапқанды (қайтыс болғанды) қоспағанда, еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшінің, арнаулы мемлекеттік орган, ішкі істер органы қызметкерінің отбасы мүшелері;";

      9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан көп жыл еңбек сіңірген ішкі істер органдарының қызметкерлері және теріс себептер бойынша қызметтен шығарылған қызметкерлерді қоспағанда, қызметтен шығарылған және еңбек сіңірген жылдары күнтiзбемен есептегенде жиырма жыл және одан көп қызметкерлер, сондай-ақ күнтiзбемен есептегенде он және одан көп жыл еңбек сіңірген және мүгедектігі бар балаларды асырап-бағып отырған қызметкерлер құқылы. Ішкі істер органдарының берілген қызметтік тұрғын үйді жекешелендіруге құқығы бар зейнеткері қайтыс болған жағдайда жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне өтеді;";

      10-тармақта:

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара бөлімшелерінің және өзге де жабық объектілердің аумағында орналасқан;";

      9) тармақшасы алып тасталсын;

      11-1-тармақ 3) тармақшадағы "иеліктен шығарса, олар мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды жекешелендіре алмайды." деген сөздер "иеліктен шығарса;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

      "4) Заңның 101-1-бабы 6-тармағының бірінші бөлігінде, 101-2-бабы 6-тармағының бірінші бөлігінде, 101-9-бабы 2-тармағының бірінші бөлігінде көзделген тұрғын үй төлемдерін, өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алса немесе Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша тұрғын үй төлемдерін пайдалана отырып, міндеттемелерін орындаса, олар мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды жекешелендіре алмайды.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов