Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 29, 388-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларында:
26-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"26-1. Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуежайлары арқылы транзитпен өтетін Қытай Халық Республикасының (бұдан әрі – ҚХР) және Үндістан Республикасының (бұдан әрі – ҮР) азаматтары үшін 2019 жылғы 31 желтоқсандағы 23.59 сағатқа дейін Қазақстан Республикасына кірудің, онда болудың, одан кетудің жетпіс екі сағаттық визасыз режимі қолданылады.
Осы тармақта көзделген жетпіс екі сағаттық визасыз режим қазақстандық авиакомпаниялармен Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуежайлары арқылы үшінші елдерге транзитпен өтетін ҚХР және ҮР азаматтарына оларда қазақстандық авиакомпаниялардың жарамды авиабилеттері болған жағдайда қолданылады.
Жетпіс екі сағаттық визасыз режимді пайдаланатын ҚХР және ҮР азаматтарына Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі өткізу пункттерінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту уақытын көрсете отырып, көші-қон карточкаларын береді.
Қазақстандық авиакомпаниялар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне транзитпен өтетін және жетпіс екі сағаттық визасыз режимді пайдаланатын ҚХР және ҮР азаматтарының тізімін рейс Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуежайларына келгенге дейін береді, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан үшінші елдерге шығу үшін өз рейстеріне келмеген, сол сияқты Қазақстан Республикасында жетпіс екі сағаттық визасыз болу режимін бұзған ҚХР және ҮР азаматтарын іздестіру іс-шараларын жүргізуге жәрдемдеседі.
ҚХР және ҮР азаматтары осы тармақта көзделген жетпіс екі сағаттық визасыз режимді бұзған жағдайда кету бойынша шығыстарды шығарып жіберілетін иммигранттар төлейді. Аталған адамдардың қаражаты болмаған не жеткіліксіз болған кезде көрсетілген адамдардың кетуін оларды жеткізген қазақстандық авиакомпаниялар өз қаражаты есебінен ұйымдастырады.
Қазақстандық авиакомпаниялар жетпіс екі сағаттық визасыз режимді пайдаланатын ҚХР және ҮР азаматтарына авиабилеттерді ресімдеу кезінде болу қағидалары және көші-қон заңнамасын, оның ішінде осы тармақта көзделген режимді бұзғаны үшін жауапкершілік туралы авиакомпания жадынамасын беруді қамтамасыз етеді.".
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |