Міндеттемені заттай нысанда орындау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 сәуірдегі № 183 қаулысы.

      2017 жылғы 25 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 772-бабының 4-тармағына және 773-бабы 3-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Міндеттемені заттай нысанда орындау қағидалары бекітілсін.

      2. "Міндеттемені заттай нысанда орындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 14 ақпандағы № 68 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 5, 39-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 12 сәуірдегі
№ 183 қаулысымен
бекітілген

Міндеттемені заттай нысанда орындау қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Міндеттемені заттай нысанда орындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар):

      1) Қазақстан Республикасының өнімді бөлу жөніндегі үлесі;

      2) роялти;

      3) экспортқа рента салығы;

      4) пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық міндеттемесін орындау есебіне жер қойнауын пайдаланушы заттай нысанда беретін, оның ішінде өнімді бөлу туралы келісімдер (келісімшарттар) бойынша коммерциялық өндіру басталған күннен бастап өндірілген пайдалы қазбалардың көлемдерін айқындау, оны ақшалай мәнде есептеу, сондай-ақ сату тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:

      агент – мемлекет атынан алушы пайдалы қазбаларды сатуды жүзеге асыруға уәкілеттік берген тұлға;

      жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемелерін орындау есебіне заттай нысанда беретін пайдалы қазбалар (бұдан әрі – пайдалы қазбалар) – жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемелерін орындау есебіне заттай нысанда беретін мұнай, күкірт;

      жеткізу пункті – мемлекет атынан алушыға жер қойнауын пайдаланушыдан пайдалы қазбаларға билік ету құқықтарын беру орны;

      мемлекет атынан алушы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында және (немесе) 2017 жылғы 25 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 722-бабында көзделген өнімді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда), Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген салықтық міндеттемесін орындау есебіне жер қойнауын пайдаланушы заттай нысанда беретін пайдалы қазбаларды алушы ретінде мемлекет атынан әрекет ететін заңды тұлға;

      мемлекет атынан алушының немесе агенттің шығыстары – осы Қағидаларда айқындалған, негізделген және құжаттық және (немесе) ресми танылған ақпарат көздерімен расталған пайдалы қазбаларды жеткізу және сату үшін қажетті шығыстар;

      сату пункті – пайдалы қазбаларға меншік құқығы немесе залалдар тәуекелі мемлекет атынан алушыдан немесе агенттен сатып алушыға өтетін орын;

      сатудың орташа өлшемді бағасы – осы Қағидалардың 23-тармағына сәйкес айқындалатын, соған қатысты пайдалы қазбаларды беру жүргізілетін салықтық кезең ішінде пайдалы қазбалардың көлем бірлігін сатудың орташа өлшемді бағасы;

      пайдалы қазбалардың шартты бағасы – жер қойнауын пайдаланушы міндеттемелерді заттай нысанда орындау есебіне Қазақстан Республикасына беретін пайдалы қазбалар көлемдерінің ақшалай мәнін айқындау үшін пайдаланылатын пайдалы қазбалар көлемі бірлігінің бағасы;

      тасымалдау жөніндегі шығыстар – осы Қағидалардың 23-тармағына сәйкес айқындалатын, теміржол, магистральдық құбыр және (немесе) теңіз жолы арқылы тасымалдау кезіндегі көліктік тарифке ақы төлеуді, төгу және құю (сұйық заттар үшін) жөніндегі шығыстарды, тиеу және түсіру (қатты заттар үшін) жөніндегі шығыстарды, пайдаланылған теміржол цистерналарының жалға алу ақысын, кедендік төлемдерді, жүктің технологиялық көлік ысырабын, жүкті жолда сақтау мен сақтандыру жөніндегі шығыстарды, теміржол арқылы тасымалдауға байланысты теміржол цистерналарының бос тұрып қалғанына ақы төлеу, теңіз жолы арқылы тасымалдауға байланысты демередж жөніндегі және дифференциалға қосылмаған шығыстарды, тасымалдаумен тікелей байланысты қаржыландыру мен банктік қызмет көрсетуге жұмсалатын шығыстарды, жүктің мөлшері мен сапасын бақылау бойынша тексеру жүргізу жөніндегі шығыстарды және тасымалдауға тікелей байланысты өзге де шығыстарды қамтитын, пайдалы қазбалардың көлемі бірлігін ұңғыманың сағасынан (егер Салық кодексінің 722-бабында көрсетілген өнімді бөлу жөніндегі келісімдерде (келісімшарттарда) және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарда өзгеше көзделмесе) сату (жөнелту) пунктіне дейін тасымалдау жөніндегі шығыстар.

      3. Осы Қағидаларда көрсетілген барлық шамалар соған байланысты пайдалы қазбаларды беру жүргізілетін салықтың әрбір түріне Салық кодексіне сәйкес айқындалған салықтық кезең үшін есептеледі.

      4. Осы Қағидалармен реттелетін құқықтық қатынастар Салық кодексінде көзделген салық салу қағидаттарына негізделеді.

2-тарау. Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесі және роялти жөніндегі міндеттемелерді орындау

      5. Салықтық әкімшілендіру мақсатында жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесін және роялтиді төлеу есебіне беретін пайдалы қазбалар көлемінің ақшалай мәні Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесін және роялтиді төлеу есебіне беруге жататын пайдалы қазбалар көлемінің және осы тармақта көзделген шартты бағаның көбейтіндісі ретінде айқындалады.

      Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесін және роялтиді төлеу есебіне мемлекет атынан алушыға берілетін пайдалы қазбалардың көлемін айқындау Салық кодексінің 722-бабында көрсетілген өнімді бөлу жөніндегі келісімдердің (келісімшарттардың) және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың шарттарын ескере отырып, мыналар:

      Қазақстан Республикасының өнімді бөлу жөніндегі үлесі бойынша – жер қойнауын пайдаланушыға тиесілі пайдалы қазбалар көлемін шегере отырып, пайдалы қазбалардың бөлуге жататын көлемі ретінде;

      роялти бойынша – өндірілген пайдалы қазбалар көлемі мен роялтидің белгіленген мөлшерлемесінің көбейтіндісі ретінде жүзеге асырылады.

      Салық кезеңінде берілуге жататын пайдалы қазбалар көлемін азайтуға (ұлғайтуға) жол берілмейді.

      Шартты бағаны жер қойнауын пайдаланушы Салық кодексінің 722-бабында көрсетілген өнімді бөлу жөніндегі келісімдердің (келісімшарттардың) және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың ережелеріне сәйкес есептейді, оларды орындау үшін міндеттемелерді орындау заттай нысанда жүргізіледі және берілетін әрбір пайдалы қазбаның бөлінісінде осындай келісім (келісімшарт) бойынша бірыңғай шартты баға ретінде қолданылады.

      Салық кодексінің 722-бабында көрсетілген өнімді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда) және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарда шартты бағаны айқындау тәртібі болмаған жағдайда, мұндай шартты баға орташа арифметикалық баға ретінде айқындалады:

      мұнай бойынша – уақыт аралығындағы белгіленім кезеңі бойынша:

      тауарды теңіз көлігімен сатқан кезде тауарға меншік құқығы сатып алушыға ауысқан күнге дейін бес белгіленім күнінен аспауға және тауарға меншік құқығы сатып алушыға ауысқан күннен кейін бес белгіленім күнінен аспауға;

      тауарды теңіз көлігімен сатуды қоспағанда, магистральдық құбыр көлігімен және көліктің өзге түрімен сату кезінде тауарға меншік құқығы сатып алушыға ауысқан айдың бірінші күнінен бастап соңғы күніне дейін;

      күкірт бойынша – ішкі нарықтағы орташа айлық бағаны негізге ала отырып және экспорт кезінде Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасына сәйкес ақпарат көзінен.

      6. Мемлекет атынан алушы Салық кодексінің 722-бабында көрсетілген өнімді бөлу жөніндегі келісімдердің (келісімшарттардың) және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың ережелеріне сәйкес жер қойнауын пайдаланушы тиісті салық кезеңі үшін міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда беретін көлемге тең көлемде осындай салық кезеңінде міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне жер қойнауын пайдаланушыдан пайдалы қазбаларды жеткізу пунктінде алудың уақтылығын және толықтығын қамтамасыз етеді.

      Егер мемлекет атынан алушы осындай салық кезеңі үшін тиісті пайдалы қазбалардың толық көлемде алынуын қамтамасыз ете алмаса, жер қойнауын пайдаланушы анықталған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік кірістер органдарын жер қойнауын пайдаланушы беруге тиісті осындай пайдалы қазбалар көлемін мемлекет атынан алушының қабылдауға қабілетсіздігі туралы жазбаша хабардар етеді.

      Мемлекеттік кірістер органдары осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген хабарламаны алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде мемлекет атынан алушыға пайдалы қазбаларды алудың толықтығын қамтамасыз етуге қабілетсіздігі туралы түсіндірмелерді беру туралы жазбаша сұрау салу жібереді.

      Мемлекет атынан алушы мемлекеттік кірістер органдарының сұрау салуын алған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде растайтын құжаттарды қоса беріп, пайдалы қазбаларды алудың толықтығын қамтамасыз етуге қабілетсіздігі туралы түсіндірмелермен жазбаша жауап жібереді.

      Жер қойнауын пайдаланушы есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың
5-күнінен кешіктірмейтін мерзімде пайдалы қазбаның әрбір түрі бойынша берілуге жататын көлемі, нақты берілген көлемі және шартты баға туралы ресми хатпен мемлекет атынан алушыны хабардар етеді.

      Бұл ретте міндеттемені заттай нысанда орындауға байланысты өсімпұл мен айыппұлдарды төлеу ақшалай нысанда жүргізіледі.

      7. Пайдалы қазбаларды сатып алушыны таңдауды мемлекет атынан алушы, Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасына сәйкес газды ұлттық операторға сату жағдайларын қоспағанда, конкурстық негізде жүзеге асырады.

      8. Пайдалы қазбаны тасымалдау процесінің технологиялық ерекшеліктеріне байланысты сату мерзімі анағұрлым ұзақ уақытты талап ететін пайдалы қазбаларды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелерді орындауы есебіне заттай нысанда алынатын пайдалы қазбалар осындай пайдалы қазбалардың тәуліктік көлемін қабылдау-беруді растайтын құжатқа жеткізу пунктінде қол қойылған күннен бастап 90 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде сатылады.

      9. Жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелерді орындауы есебіне заттай нысанда алынған пайдалы қазбаларды сату мемлекет атынан алушымен жасалған тиісті тапсырма шарты болған кезде мұнай және газ саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша ғана агент арқылы жүзеге асырылады.

      10. Пайдалы қазбаларды сату бағасы Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      11. Мемлекет атынан алушы және (немесе) агент жер қойнауын пайдаланушыдан міндеттемелерді орындау есебіне заттай нысанда алынған пайдалы қазбаларды бейрезиденттерге және резиденттерге сатуды Салық кодексінің 722-бабында көрсетілген тиісті өнімді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда) және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарда салық төлемдерін есептеу үшін көзделген валютада жүзеге асырады.

      Жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелерді орындауы есебіне заттай нысанда берілетін пайдалы қазбаларды сатуға байланысты операциялар бойынша валюта айырбастаудың нарықтық бағамы Қазақстан Республикасы салық заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалады.

      12. Жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелерді орындауы есебіне заттай нысанда алынған пайдалы қазбалардың бірлігі үшін сату бағасының есебі әрбір сату бөлінісінде пайдалы қазбаның әрбір түрі бойынша Салық кодексінде айқындалған салық кезеңі үшін мына формула бойынша есептеледі:

      Ббірл.= (S1 + S2+…+ Sn)/(V1+V2+…Vn),

      мұндағы:

      S1, S2, ..., Sn – тиісті сату пунктінде жекелеген пайдалы қазбаны сатудан алынған ақша;

      V1, V2, …, Vn – тиісті сату пунктіндегі ақша түскен нақты сатылған әрбір пайдалы қазба түрінің көлемі.

      13. Сатуға жататын пайдалы қазбалардың көлемі жер қойнауын пайдаланушыдан алынған пайдалы қазбалардың көлемінен жеткізу пунктінен сату пунктіне дейін оларды тасымалдау, сақтау және сату кезінде туындаған ысыраптарды шегере отырып айқындалады, атап айтқанда:

      1) табиғи кему нәтижесіндегі нормаланған шығындар;

      2) авариялық шығындар;

      3) форс-мажорлық мән-жайлардан туындаған шығындар;

      4) сәйкестендірілмейтін шығындар;

      5) көлік ұйымының талаптарына сәйкес құбырларды толтыру үшін қажет мұнай көлемі (бұдан әрі – технологиялық мұнай).

      Технологиялық мұнайды сату ол нақты сатылған салық кезеңінде көрсетілуге тиіс.

      Тиісті көлік ұйымдары ұсынған құжаттар, ал агент арқылы сатқан жағдайда сондай-ақ агент куәландырған есептеу кестелері жоғарыда көрсетілген ысыраптардың және технологиялық мұнайдың көлемдерін растайтын құжаттар болып табылады. Егер осы Қағидалардың 14-тармағында өзгеше белгіленбесе, ол үшін есепті салық кезеңінде мемлекет атынан алушының шотына ақша түскен пайдалы қазбалардың көлемі пайдалы қазбалардың нақты сатылған көлемі болып табылады.

      Мемлекет атынан алушының шотына ақша түскенін растайтын құжаттар немесе мемлекет атынан алушының шотына ақша түскені туралы банк хабарламасы көрсетілген оқиғалардың қайсысы бұрын болғанына қарай, нақты сатылған пайдалы қазбалар көлемі үшін ақша түскені туралы растаушы құжаттар болып табылады.

      Көлік ұйымының тиеп жөнелту портындағы қабылдау-тапсыру құжаттарында көрсетілген көлемдер мен жүк тасымалдаушының тауарға иелік ету құжаттарында (коносаментте) көрсетілген көлемдер арасында көлемдерді арифметикалық дөңгелектеуге әртүрлі көзқарастар себебінен айырмашылықтар болған жағдайда нақты сатылған пайдалы қазбалар көлемін айқындау үшін көлік ұйымының қабылдау-тапсыру құжаттарында көрсетілген көлемдер пайдаланылады.

      Өлшем бірліктерін баррельден метрлік тоннаға ауыстыру өткізу пунктіндегі есепке алу аспабының деректері негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте баррельге айналдыру коэффициенттері өткізу пунктінде қолданылатын стандартқа сәйкес стандартты өлшеу шарттарына келтірілген экспортталатын шикі мұнайдың нақты тығыздығы мен температурасын ескере отырып белгіленеді.

      14. Төртінші тоқсанда сатылған, ол бойынша ақша келесі салық кезеңдерінде келіп түскен пайдалы қазбалар көлеміне және алдыңғы салық кезеңдерінде алынып, келесі күнтізбелік жылдың бірінші тоқсанында сатылған пайдалы қазбалар көлеміне қатысты салықтық міндеттемесін орындау алдыңғы күнтізбелік жылдың төртінші тоқсаны үшін жүзеге асырылады.

      Мемлекет атынан алушы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде бюджетке төртінші тоқсанда сатылған, ол бойынша ақша келесі салық кезеңдерінде келіп түскен пайдалы қазбалар көлемі және алдыңғы салық кезеңдерінде алынып, келесі күнтізбелік жылдың бірінші тоқсанында сатылған пайдалы қазбалардың көлемі бойынша мына формула бойынша айқындалған ақша сомасын аударады:


= S – ТР,

      мұндағы:


– Қазақстан Республикасының үлесі бойынша міндеттемені төлеу есебіне аударуға (төлеуге) жататын салық сомасы (роялти);

      S – төртінші тоқсанда тиісті сату пунктінде сатылған, ол бойынша ақша келесі салық кезеңдерінде келіп түскен пайдалы қазбалар көлемі мен алдыңғы салық кезеңдерінде алынып, бірінші тоқсанда сатылған пайдалы қазбалар көлемінен түсім;

      ТР – төртінші тоқсанда ол бойынша ақша келесі салық кезеңдерінде келіп түскен пайдалы қазбалар көлемі мен алдыңғы салық кезеңдерінде алынып, келесі күнтізбелік жылдың бірінші тоқсанында сатылған пайдалы қазбалар көлемін тасымалдау, сақтау және сату кезінде мемлекет атынан алушы немесе агент жұмсаған шығыстардың жалпы сомасы.

      15. Сатылған пайдалы қазбалардан келіп түскен ақша коммерциялық мақсаттарда пайдалануға жатпайды.

      16. Осы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, мемлекет атынан алушы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде бюджетке Қазақстан Республикасының үлесі (роялти) бойынша міндеттемелерді төлеу есебіне мына формула бойынша айқындалған ақша сомасын аударады:


= S – ТР,

      мұндағы:


- Қазақстан Республикасының үлесі бойынша міндеттемені орындау есебіне бюджетке аударуға (төлеуге) жататын салық сомасы;

      S – есепті салық кезеңінде тиісті сату пунктінде нақты сатылған пайдалы қазбалар көлемінен алынған ақша сомасы;

      ТР – жер қойнауын пайдаланушының міндеттемені орындауы есебіне заттай нысанда алынған пайдалы қазбаларды тасымалдау, сақтау және сату кезінде мемлекет атынан алушы немесе агент жұмсаған шығыстардың жалпы сомасы.

      17. Жер қойнауын пайдаланушының міндеттемені орындауы есебіне заттай нысанда алынған пайдалы қазбаларды тасымалдау, сақтау және сату кезінде мемлекет атынан алушы немесе агент жұмсаған шығыстарға әрбір түр бойынша негізделген (төменде көрсетілген шығыстарды төлеу міндеттеріне куәлік ету) және құжаттамалық (бастапқы құжаттардың түпнұсқаларымен немесе куәландырылған көшірмелерімен) расталған шығыстар жатады:

      сауда брокерінің, терминал иесінің комиссиялық сыйақысы бойынша шығыстар не олардың сауда-делдалдық функцияларды орындағаны үшін өтемақы;

      мұнай құбыры және темір жол жүйелері арқылы тасымалдау бойынша аванстық төлемдер, оның ішінде тарифтердегі өзгерістерді жабу;

      бұрын осы түр бойынша шығыстарда ескерілген аванстық төлемдерді қоспағанда, мұнай құбыры және теміржол жүйелері арқылы тасымалдау шығыстары, оның ішінде тарифтердегі өзгерістерді жабу;

      пайдалы қазбаларды өткізу пунктіне дейін жүретін жолда экспортқа кедендік ресімдеу бойынша шығыстарды қоса алғанда, жүк құжаттарын ресімдеу бойынша шығыстар;

      пайдалы қазбаларды көлік компаниясының резервуарлары мен қоймаларында сақтау бойынша шығыстар;

      қабылдау, айдау, ауыстыру, ағызу, құю, сақтау, араластыру бойынша шығыстарды қоса алғанда, пайдалы қазбаларды тиеу-түсірумен байланысты шығыстар;

      қойма шығыстарын, кемелерге жүк құжаттарын жеткізуге байланысты жұмсалған шығыстарды, жүк инспекторының көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуді қоса алғанда, тасымалдау және (немесе) сату кезінде төленген үшінші тараптардың (көрсетілетін қызметтерді берушілердің) шығыстары;

      келесі кезеңдерде Каспий құбырының сапа банкі бойынша өзара есеп айырысуларды қамтамасыз ету;

      Каспий құбырының сапа банкі бойынша төлемдер;

      пайдалы қазбаларды сақтандыру бойынша аванстық төлемдер;

      бұрын шығыстардың осы түрі бойынша шығыстарда ескерілген аванстық төлемдерді қоспағанда, пайдалы қазбаларды сақтандыру бойынша шығыстар;

      көліктік-экспедиторлық көрсетілетін қызметтер бойынша шығыстар;

      банк қызметтерінің құны, ерте төлем үшін сатып алушының сыйақысы, ақша қаражатын айырбастау бойынша шығыстар, бағамдық айырмашылықтар, оның ішінде валютаны нарықтық бағам және бір күндегі валюта айырбастау мәмілесінің нақты бағамы бойынша басқа шетел валютасына айырбастау кезінде туындайтын айырмашылықтар, аккредитив бойынша шығыстар;

      осы Қағидалардың қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған мұнай сату-сатып алу шарттары бойынша түрік бұғаздарын өту кезінде танкерлердің нормативтен тыс тұрып қалуы, тіркеп сүйреу және пилотаж бойынша шығыстар;

      тиеу портында мемлекет атынан алушымен немесе агентпен байланысты себептер бойынша айлақтар арасында орын ауыстыру, сондай-ақ танкерлердің тиеу портында нормативтен тыс тұрып қалуы бойынша шығыстар;

      салық агенті осындай салықтарды ұстап қалу бойынша міндеттемелерді орындамаған кезде төленген салықтарды қоспағанда, пайдалы қазбаларды тасымалдау мен сатуға байланысты және мемлекет атынан алушының немесе агенттің тікелей міндеттемесі болып табылатын салықтар, экологиялық төлемдер, кедендік төлемдер, кедендік баждар мен алымдар, бюджетке басқа да міндетті төлемдер бойынша аванстық төлемдер;

      бұрын шығыстардың осы түрі бойынша шығыстарда ескерілген аванстық төлемдерді қоспағанда, салық агенті осындай салықтарды ұстап қалу бойынша міндеттемелерді орындамаған кезде төленген салықтарды қоспағанда, салықтар, экологиялық төлемдер, кедендік төлемдер, кедендік баждар мен алымдар, пайдалы қазбаларды тасымалдау мен сатуға байланысты және мемлекет атынан алушының немесе агенттің тікелей міндеттемесі болып табылатын бюджетке басқа да міндетті төлемдер бойынша шығыстар;

      пайдалы қазбаларды тасымалдау және сату үшін іріктеме мен жеткізулерді басқарумен және үйлестірумен байланысты сервистік келісімдер бойынша аванстық төлемдер;

      бұрын шығыстардың осы түрі бойынша шығыстарда ескерілген аванстық төлемдерді қоспағанда, пайдалы қазбаларды тасымалдау және сату мақсаттары үшін іріктеме мен жеткізулерді басқарумен және үйлестірумен байланысты сервистік келісімдер бойынша шығыстар;

      заңдық, нотариаттық көрсетілетін қызметтер және сот-төрелік шығасылар, сараптамалар бойынша көрсетілетін қызметтер, пошталық-курьерлік көрсетілетін қызметтер шығыстары;

      ашық вагондарды жалға алу, герметизациялау, тұраққа қою, вагондарды жұмылдыру және тарату, ашық вагондарды қызмет көрсету пунктіне (пунктінен) жеткізу, вагондарды тазарту және дайындау, ашық вагондарды коррозияға қарсы жабынмен жабу, таңбалау, теміржолдар мен вагондарды сақтау және қоймаға жинау орындарын, магистральдық теміржол желілері мен инфрақұрылым объектілеріне қызмет көрсету, маршруттық жолдарда (қажетті қозғалысты қамтамасыз ету үшін) қызмет көрсету, ашық вагондарда тасымалдау үшін ерекше жағдайларды алу, тасымалдауды ұйымдастыру үшін комиссиялар, жөнелту станциясы мен межелі станцияда маневр жасау жұмыстары, межелі станциядан түсіру терминалына вагондарды беру-жинау, терминалдың көрсетілетін қызметтері, жүктерді сүйемелдеу, түсіру кезінде вагондардан жабындарды алып тастау, вагондық қосымшалар мен вагон таңбалау құралдарын сатып алу бойынша шығыстар.

      18. Осы Қағидалардың 19-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, осы Қағидалардың 17-тармағында көзделген жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелерді заттай нысанда орындауы есебіне алынған пайдалы қазбаларды тасымалдау, сақтау және сату кезінде мемлекет атынан алушы немесе агент жұмсаған шығыстарды есептеу әдісімен танылады.

      19. Осы Қағидалардың 17-тармағында көзделген алдыңғы күнтізбелік жылдың төртінші тоқсанындағы жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелерді заттай нысанда орындауы есебіне алынған пайдалы қазбаларды бірінші тоқсанда тасымалдау, сақтау және сату кезінде мемлекет атынан алушы немесе агент жұмсаған шығыстар алдыңғы жылдың төртінші тоқсанында танылады.

      20. Осы Қағидалардың 21-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, Каспий құбырының сапа банкі бойынша өзара есеп айырысуларды қамтамасыз ету, сондай-ақ осы Қағидалардың 17-тармағында көзделген аванстық төлемдер оларды төлеу сәтіндегі шығыстар болып танылады.

      21. Кейінгі кезеңдерде Каспий құбырының сапа банкі бойынша өзара есеп айырысуларды қамтамасыз ету, сондай-ақ осы Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген, алдыңғы күнтізбелік жылдың төртінші тоқсанында алынған және бірінші тоқсанда сатылған көлемдер бойынша аванстық төлемдер алдыңғы салық кезеңінің төртінші тоқсанында танылады.

      22. Пайдалы қазбаларды агент арқылы сатқан кезде, егер көрсетілетін қызметті беруші шығыстарды растайтын құжаттарды Қазақстан Республикасының үлесін төлеу бойынша міндеттемелерді орындау есебіне берілген, мемлекет атынан алушының пайдалы қазбалар көлемдеріне жататын көрсетілетін қызметтердің құнын көрсетпестен агенттің атына беретін болса, мұндай шығыстарды агент сатылған пайдалы қазбалар көлемдеріндегі тиісті үлестеріне тепе-тең бөледі. Аталған шығыстарды агент мемлекет атынан алушыға есептік кесте түрінде береді, бұл ретте есептік кестелер мен агент куәландырған құжаттардың көшірмелері растаушы құжаттар болып табылады.

      Мемлекет атынан алушы немесе агент әртүрлі салық кезеңдерінде алынған пайдалы қазбалар көлемдерін сатқан кезде мемлекет атынан алушы мұндай шығыстарды салық кезеңдеріне осындай салық кезеңдерінде алынған пайдалы қазбалардың тиісті көлемдеріне тепе-тең бөледі.

3-тарау. Экспортқа рента салығы және пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша міндеттемені заттай нысанда орындау

      23. Жер қойнауын пайдаланушы мемлекет атынан алушыға экспортқа рента салығы мен пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық міндеттемелерін орындау есебіне беретін пайдалы қазбаның көлемі бірлігінің бағасы мына формула бойынша айқындалады:

            Ц(саға) = Цортөлш. – ТРортөлш. – Speнm.

      мұндағы:

      Ц(саға) – сағада есептелетін пайдалы қазбалардың көлемі бірлігінің есептік бағасы;

      Цортөлш. – пайдалы қазбалар көлемінің бірлігін сатудың орташа өлшемді бағасы, ол мына формула бойынша айқындалады:

            Цортөлш. = Sсату / Vжалпы

      мұндағы:

      Sсату – салық кезеңіндегі барлық бағыттар бойынша пайдалы қазбалардың соған қатысты пайдалы қазбаны беру жүргізілетін осы түрін сатудан түскен жалпы кіріс;

      ТРортөлш. – пайдалы қазбалар көлемінің бірлігін тасымалдау жөніндегі орташа өлшемді шығыстар, олар мына формула бойынша айқындалады:

            ТРортөлш.= ТР/V жалпы;

      мұндағы:

      ТР – салық кезеңінде сатылған пайдалы қазбалардың соған қатысты пайдалы қазбаны беру жүргізілетін осы түрін тасымалдау жөніндегі шығыстардың жалпы сомасы;

      Speнт. – пайдалы қазбалар көлемінің бірлігіне арналған экспортқа рента салығының сомасы, ол мына формула бойынша айқындалады:

            Speнm. – S/Vжалпы;

      мұндағы:

      S – салық кезеңіндегі Салық кодексінің 715-бабына сәйкес есептелген, соған қатысты пайдалы қазбаларды беру жүргізілетін экспортқа рента салығының ақшалай мәндегі сомасы;

      Vжалпы – салық кезеңінде сатылған пайдалы қазбалардың соған қатысты пайдалы қазбаны беру жүргізілетін осы түрінің нақты көлемі.

      24. Экспортқа рента салығы және пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салық міндеттемелерін орындау есебіне жер қойнауын пайдаланушы мемлекет атынан алушыға беретін пайдалы қазбаларды сату осы Қағидалардың 7-13-тармақтарында көзделген тәртіппен, салық төлеуші пайдалы қазбаларды өндіру салығы, экспортқа рента салығы түрінде Қазақстан Республикасына заттай нысанда беретін пайдалы қазбалар көлемдерін жеткізу пунктін, шарттарын және мерзімдерін көздейтін, Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес жасалатын келісімшартқа қосымша келісімнің ережелерін ескере отырып жүзеге асырылады.

      25. Экспортқа рента салығын төлеу есебіне берілетін пайдалы қазбалардың көлемін айқындау Салық кодексінің 715-бабына сәйкес есептелген ақшалай мәндегі салық сомасын және пайдалы қазбалар көлемі бірлігінің есептік бағасын негізге ала отырып, мына формула бойынша жүргізіледі:

            V рент. = Speнт. / Ц(саға)

      мұндағы:

      Vрент. – экспортқа рента салығын төлеу есебіне мемлекет атынан алушыға салық төлеуші заттай нысанда беруге тиіс пайдалы қазбалардың көлемі;

      Sрент. – Салық кодексінің 715-бабына сәйкес салық кезеңі ішінде есептелген, соған қатысты пайдалы қазбаларды беру жүргізілетін ақшалай мәндегі экспортқа рента салығының сомасы;

      Ц(саға) – сағада есептелетін пайдалы қазбалар көлемі бірлігінің есептік бағасы.

      26. Пайдалы қазбаларды өндіру салығын төлеу есебіне берілетін пайдалы қазбалардың көлемін айқындау Салық кодексінің 742-бабына сәйкес есептелген ақшалай мәндегі салық сомасын және пайдалы қазбалар көлемі бірлігінің есептік бағасын негізге ала отырып, мына формула бойынша жүргізіледі:

            Vпқөс = Sпқөс /Ц(саға)

      мұндағы:

      Vпқөс – салық төлеуші пайдалы қазбаларды өндіру салығын төлеу есебіне алушыға заттай нысанда беруі тиіс пайдалы қазбалардың көлемі;

      Sпқөс – Салық кодексінің 742-бабына сәйкес салық кезеңі үшін есептелген, соған қатысты пайдалы қазбаларды беру жүргізілетін пайдалы қазбаларды өндіру салығының ақшалай мәндегі сомасы;

      Ц(саға) – сағада есептелетін пайдалы қазбалар көлемі бірлігінің есептік бағасы.