Баланың туу тегін анықтауға байланысты істерді қарау кезінде соттардың заңнаманы қолдануы туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 29 қарашадағы № 16 нормативтік қаулысы.

      Баланың туу тегіне байланысты істерді қарау кезінде соттардың заңнаманы біркелкі қолдануын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді.

      1. Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен куәландырылған баланың туу тегі ата-аналар мен баланың құқықтары мен міндеттерінің туындауы үшін негіз болып табылады ("Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 46-бабының 2-тармағы)).

      Баланың әкесі (анасы) болу мәселелері бойынша дау туындаған жағдайда, баланың туу тегі туралы, атап айтқанда, әке болуды анықтау; әке (ана) болуды даулау және баланың тууы туралы акт жазбасынан баланың әкесі (анасы) туралы мәліметтерді алып тастау туралы дауларды Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 14-тарауының талаптарын сақтай отырып, талап қою ісін жүргізу тәртібімен аудандық (қалалық) сот және оларға теңестірілген соттар (бұдан әрі – аудандық сот) шешеді.

      Баланың туу тегі туралы, баланы нақты осы әйел туған фактісін анықтау, әке болуды тану фактісін немесе әке болу фактісін анықтау туралы мәселені АПК-нің 32-тарауында белгіленген қағидалар бойынша ерекше іс жүргізу тәртібімен аудандық сот шешеді.

      2. Балалардың туу тегін анықтауға байланысты дауларды бала туғаннан кейін ғана сот шеше алатынын соттардың ескергені жөн.

      Егер баланың туу тегін анықтауға байланысты талап қою арызы бала туғанға дейін берілген жағдайда (мысалы, әке болуды даулау туралы), судья АПК-нің 151-бабының бірінші бөлігі 1) тармақшасының негізінде оны қабылдаудан бас тартады. Мұндай бас тарту сотқа бала туғаннан кейін аталған арызбен қайта жүгінуге кедергі болмайды.

      Осы санаттағы істер бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі заңда белгіленбегендіктен, сот бала туғаннан кейін кез келген уақытта әке (ана) болуды анықтауы мүмкін (Кодекстің 8-бабының 1-тармағы).

      3. АПК-нің 27-бабының үшінші бөлігі бойынша әке болуды анықтау және алименттерді өндіріп алу туралы істер кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттылығына жатқызылған. Осы қағида әке болуды анықтау туралы дербес талап қойылған жағдайда да қолданылады.

      АПК-нің 30-бабының төртінші бөлігіне сәйкес әке болуды анықтау және алименттерді өндіріп алу туралы талаптар талап қоюшының таңдауы бойынша немесе өзінің тұрғылықты жері бойынша сотқа не жауапкердің тұрғылықты жері бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа берілуі мүмкін.

      Баланың туу тегіне байланысты, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттылығына жатқызылмаған өзге де талаптар жауапкердің тұрғылықты жері бойынша қаралады.

      АПК-нің 307-бабына сәйкес АПК-нің 32-тарауында көзделген тәртіппен қарауға жататын баланың туу тегін анықтауға байланысты істерді сот арыз берушінің тұрғылықты жері бойынша қарайды.

      Жауапкердің нақты болу орны белгісіз болса, сот АПК-нің 133-бабы бірінші бөлігінің талаптарын сақтай отырып істі қарауға кіріседі.

      4. Егер әке болуды анықтау және алименттерді өндіру туралы іс бойынша жауапкер шет мемлекеттің аумағында тұратын шетел азаматы болса, АПК-нің 466-бабы екінші бөлігінің 3) тармақшасы бойынша талап қоюшының тұрғылықты жері Қазақстан Республикасы болған жағдайда, мұндай істі Қазақстан Республикасының соты қарауы мүмкін (егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта аталған даудың соттылығын анықтауға байланысты өзге қағидалар белгіленбесе).

      5. Балалардың туу тегін анықтауға байланысты істерді қарау барысында Балалар құқықтары туралы конвенцияның (Нью-Йорк қаласы 1989 жылғы 20 қараша, "Балалар құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысы (бұдан әрі – Бала құқықтары туралы конвенция)) 12-бабының және Кодекстің 62-бабының ережелерін соттардың ескергендері жөн, оларға сәйкес баланың жасына қарамастан өзінің мүдделерін қозғайтын кез келген мәселені отбасында шешу кезінде өз пікірін еркін білдіруге, сонымен қатар кез келген сот немесе әкімшілік талқылау барысында тыңдалуға құқығы бар. Осыған байланысты әке болуды тану фактісін анықтау туралы іс бойынша істі дұрыс шешуі үшін маңызы бар мән-жайлар бойынша сот талқылауы барысында он жасқа толған баланың тыңдалу құқығы туындайды.

      6. Кодекстің 48-бабына сәйкес бiр-бiрiмен некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрмайтын ата-аналардан бала туған жағдайда және ата-аналардың бiрлескен арызы немесе баланың әкесiнiң арызы болмаса, баланың нақты адамнан туу тегi (әке болуы) туралы мәселені сот ата-аналардың бiреуiнiң, бала қорғаншысының немесе қамқоршысының арызы бойынша немесе баланы асырап отырған адамның арызы бойынша, не бала кәмелетке толған соң оның өз арызы бойынша талап қою ісін жүргізу тәртiбiмен шешеді.

      7. Сот, егер қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган әке болуды соттан тыс тәртіппен анықтауға келісім бермесе, анасы қайтыс болған, ол ата-аналық құқығынан айырылған, әрекетке қабiлетсiз деп танылған немесе анасының тұрған жерiн анықтау мүмкiн болмаған жағдайда, баланың анасымен некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрмайтын баланың әкесiнің арызы бойынша талап қою ісін жүргізу тәртібімен әке болуды анықтауға құқылы (Кодексің 47-бабының 5-тармағы).

      Осыған байланысты, судья талап арызды қабылдау кезінде талап қоюшының оның әке болуын азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу органдарының анықтауына келісім алу үшін қорғаншылық немесе қамқоршылық функцияларын жүзеге асыратын органға жүгінген-жүгінбегенін тексергені жөн.

      Егер талап қоюшы осындай келісімді алу үшін жүгінбеген болса, судья АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасының негізінде талап арызды кері қайтарады, егер іс қозғалса - АПК-нің 279-бабы 1) тармақшасының негізінде талап арызды қараусыз қалдырады және талап қоюшыға көрсетілген мәселе бойынша тиісті қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын тиісті органға жүгіну құқығын түсіндіреді.

      8. Егер бала неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, ол жарамсыз деп танылған кезден бастап немесе бала анасының жұбайы қайтыс болған кезден бастап екi жүз сексен күн iшiнде туса, егер өзгеше дәлелденбесе, анасының бұрынғы жұбайы баланың әкесi болып танылуы мүмкін екендігін соттардың ескергендері жөн (Кодекстің 47-бабының 3-тармағы).

      Бала анасының жұбайының әке болуы некенің қиылғаны туралы жазбаның негізінде жүргізіледі. Өзге адам (іс жүзінде әке) мен баланың анасы әкелікті анықтау туралы бірлесіп арыз берген және азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу органдары оны баланың әкесі ретінде жазудан бас тартқан жағдайда, сот осы адамның әке болуын анықтау туралы мәселені баланың тууы заңмен белгіленген тәртіппен тіркелгеннен кейін талап қою ісін жүргізу тәртібімен шешеді.

      9. Әке болуды анықтау туралы қойылған талапты қарау барысында баланың нақты адамнан туу тегiн дәйекті түрде растайтын дәлелдемелерді назарға алған жөн. Мұндай дәлелдемелерге АПК-нің 63-бабының екінші бөлігіне сәйкес тараптар мен үшінші тұлғалардың түсіндірмелері, куәлардың айғақтары, сарапшылардың қорытындылары, заттай дәлелдемелер, процестік әрекеттердің хаттамалары, сот отырыстарының, аудио-, бейнежазбалардың хаттамалары, процестік әрекеттердің барысы мен нәтижелерін көрсететін бейнеконференцбайланыс жүйелерін, сонымен қатар өзге де көздерді пайдалану жолымен алынған деректер жатқызылуы мүмкін.

      10. Баланың нақты адамнан туу тегін растайтын дәлелдемелердің бірі сарапшының қорытындысы (молекулярлық-генетикалық сараптама) болып табылады.

      Әкесі болуы мүмкін адамнан және баладан қанның және (немесе) эпителийдің үлгілерін алу АПК-нің 83, 84-баптарына сәйкес сот ұйғарымының негізінде жүргізіледі, онда үлгілер, олардың саны туралы мәліметтер, үлгілер алынған адамдар туралы, үлгілерді алған субъектілер туралы мәліметтер, үлгілердің алынған уақыты мен орны және алынған үлгілер ұсынылуы тиіс адам туралы мәліметтер көрсетіледі.

      Сарапшының қорытындысы сот үшін міндетті болып табылмайтынын соттардың ескергендері жөн. Соттың қорытындымен келіспеуі уәжді болуы тиіс (АПК-нің 92-бабының жетінші бөлігі).

      11. Сот АПК-нің 82-бабының сегізінші бөлігін қолдану туралы мәселені сараптамаға тараптардың қайсысы, қандай себептермен келмегенін немесе сарапшыға (сарапшыларға) зерттеу үшін қажетті заттарды ұсынбағанын, сонымен қатар тарап үшін сарапшы қорытындысының қандай маңызы бар екенін, істегі дәлелдер жиынтығын негізге ала отырып, әрбір нақты жағдайға қарай шешеді. Бұл мақсатта баламен бірге ата-ананың, әкесі болуы мүмкін адамның сараптамаға келуіне объективті кедергі келтірген мән-жайлардың болғанын, осы адамға АПК-нің 82-бабының сегізінші бөлігінің ережелері түсіндірілгенін, сараптаманы жүргізу үшін жаңа мерзімнің тағайындалғанын, мәлімделген талапты растау (теріске шығару) үшін тараптардың сотқа қандай өзге дәлелдемелерді ұсынғанын, әке болуы жөніндегі күмәнді растайтын дәлелдемелердің бар-жоғын соттың тексергені жөн (әке болуды даулау туралы істер бойынша).

      12. Соттар құқық туралы дау болмаған жағдайда, әкені анықтау туралы талапты әкені тану фактісін анықтау және әке болу фактісін анықтау туралы талаптардан ажыратқандары жөн, олар әкені анықтау туралы талапты ерекше іс жүргізу тәртібімен қарауға жатады.

      Өзін баланың әкесімін деп мойындаған адам қайтыс болған және адам қайтыс болғанда немесе одан бұрын бала оның асыруында болған жағдайда, бірақ ол баланың анасымен некеде (ерлі-зайыптылық) болмаған кезде, сот оның әке болуын тану фактісін анықтауға құқылы.

      Анасының жүктілігі кезінде өзін болашақ баланың әкесімін деп мойындаған адам қайтыс болғаннан кейін туған балаға қатысты да әке болуды тану фактісі анықталуы мүмкін.

      Қайтыс болған адамның асырауында баланың болғанын, баланы жүктілігі кезінде де, туғаннан кейін де мойындағанын растайтын дәлелдемелер болғанда, немесе, егер адам бала туғанға дейін қайтыс болса, ол баланы анасының жүктілігі кезеңінде мойындағаны жөнінде дәлелдемелер (бірге тұруы, жүкті әйелді күтуі және басқа) болған кезде әке болуды тану фактісі анықталуы мүмкін.

      Өзін баланың әкесiмiн деп мойындамаған не осы баланың бойға біткені және туғаны туралы білмеген адам қайтыс болған жағдайда, сот әке болуды тану фактісін, яғни баланың осы адамнан туу тегі фактісін анықтауға құқылы. Мұндай факт баланың туу тегі қайтыс болған адамнан екендігін растайтын шынайы дәлелдемелер болған кезде ғана анықталуы мүмкін. Осы мақсатта соттар генетикалық сараптама жүргізу мақсатында әкесі болуы мүмкін адамның туыстарын тартуға құқылы.

      13. Даулардың осы санаты бойынша дәлелдемелер тараптарға алдын ала сауал қойылмай, олардың іс бойынша құқықтық ұстанымы анықталмай жеткілікті болып танылмайтынын соттар ескеруі тиіс. Баланың нақты адамнан туу тегін анықтау мақсатында судья тараптарға алдын ала сот отырысы өткізілетіндігі туралы міндетті түрде хабарлап, істі сот талқылауына дайындағаны жөн.

      Әке болуды тану фактісін не әке болу фактісін анықтау туралы істі сот талқылауына дайындау барысында арыз берушіге фактіні анықтау не үшін қажет екенін, осы істің шешілуіне қандай адамдар мен ұйымдар мүдделі болуы мүмкін не шешімнің олардың құқықтары мен мүдделерін қозғау ықтималдығын және сот отырысына шақыруға жататынын судья анықтауы тиіс.

      14. Кодекстің 51-бабының 1-тармағына сәйкес туу туралы актілер жазбалары кiтабына ата-аналардың жазылуы баланың әкесi немесе анасы ретiнде жазылған адамның, iс жүзiнде баланың әкесi немесе анасы болып табылатын адамның, бала кәмелетке толған соң оның өзiнiң, баланың қорғаншысының немесе қамқоршысының, сот әрекетке қабiлетсiз деп таныған ата-ана қорғаншысының талап етуi бойынша тек қана сот тәртiбiмен даулануы мүмкiн. Аталған құқық он сегіз жасқа толмаған, эмансипацияның немесе некеге тұрудың нәтижесінде толық әрекетке қабілеті бар балаға да тиесілі.

      Неке-отбасы заңнамасы отбасының ісіне кімнің болса да өз бетінше араласуына жол бермейді, осыған байланысты адамдардың көрсетілген тізбесі түпкілікті болып табылады және кеңінен түсіндірілуге жатпайды.

      Егер туу туралы актілердің жазба кітабындағы баланың әкесі (анасы) туралы жазбаны даулау туралы талап арызды Кодекстің 51-бабы 1-тармағында көрсетілген адамдар тізбесіне жатпайтын адам берсе, судья АПК-нің 151-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасының негізінде талап арызды қабылдаудан бас тартады, ал егер іс бойынша іс жүргізу қозғалса – сот АПК-нің 277-бабының 1) тармақшасына сәйкес іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.

      15. Кодекстің 51-бабының 2-тармағына сәйкес баланың әкесінің арызы бойынша немесе әке болудың күшін жою туралы сот шешіміне сай әке мен ананың бірлескен арызы негiзiнде баланың әкесi болып жазылған адамның талабы, егер жазу кезiнде бұл адамға өзінің іс жүзінде баланың әкесi емес екендiгi белгілі болса, қанағаттандырылуы мүмкін емес.

      Соттар осындай істерді қарау барысында ерік білдірудің бұзылуына (қорқыту, күш қолдану әсерінен немесе талап қоюшы өзінің әрекеттерінің мәнін түсінуге немесе оларды басшылыққа алуға қабілетті болмағанда) байланысты талап қоюшы жүргізілген жазбаны даулауға құқылы екенін назарда ұстағандары жөн. Ерік білдірудің бұзылуын куәландыратын дәлелдемелер ұсынылған жағдайда талап қанағаттандырылуға жатады.

      16. Әке болуға дау айту туралы істер бойынша қойылған талапты қанағаттандыру туралы соттың шешімі баланың анасының немесе қорғаншысының (қамқоршысының) талапты толық мойындауына ғана негізделуі тиіс емес, өйткені бұл ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдердің тарапынан құқықты теріс пайдалануға, кәмелетке толмаған адамның құқықтары мен заңды мүдделерінің, оның ішінде өз ата-аналарын білу құқығының, олардың қамқорлығында болу құқығының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін (АПК-нің 171-бабының екінші бөлігі, Кодекстің 60-бабы, 67-бабының 1 және 2-тармақтары). Сот дауды дұрыс шешу үшін барлық берілген дәлелдемелерді зерттеуге міндетті.

      17. Татуласу рәсімдері талап қою бойынша жүргізілетін істерге ғана жүргізілуі мүмкін болатынын соттардың ескергендері жөн (АПК-нің 174-бабының үшінші бөлігі).

      Сонымен қатар әке болуды даулау туралы істер бойынша онда қатынастар субъектісі кәмелетке толмаған бала болатын дау нысанасының негізінде соттың татуласу келісімін, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітуіне жол берілмейді.

      18. Егер сот талқылауы барысында баланың әкесі (анасы) болып жазылған адам оның биологиялық ата-анасы емес екені анықталса, сот баланың тууы туралы акт жазбасында баланың әкесі (анасы) туралы жазбаны даулау туралы қойылған талап қанағаттандыру туралы шешім қабылдайды.

      Баланың әкесі (анасы) туралы жазбаны даулау туралы талапты қанағаттандыру жөніндегі сот шешімі баланың тууы туралы акт жазбасынан баланың әкесі (анасы) туралы мәліметтерді жою үшін негіз болып табылады.

      Сот ерекше жағдайларда Баланың құқықтары туралы конвенцияның 3-бабында белгіленген баланың құқықтары мен мүдделерін басым қорғауды негізге алып, сонымен қатар істің объективті мән-жайларын ескере отырып, егер баланың анасы не баланың қорғаншысы (қамқоршысы) баланың биологиялық әкесіне қатысты әке болуды анықтау туралы талапты бір уақытта мәлімдемесе (не осындай талапты баланың биологиялық әкесі қоймаса), ал баланың әкесі ретінде жазылған адам талапқа қарсы болса, әке болуды даулау туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуы мүмкін.

      19. Әке болуды анықтау туралы немесе әке болуды тану фактісін, әке болу фактісін анықтау туралы заңды күшіне енген соттың шешімі әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу үшін негіз болып табылады.

      Әке туралы мәліметтерді енгізу, сонымен қатар баланың тегін, атын, әкесінің атын өзгерту сот шешімінде көрсетілген деректерге сәйкес жүзеге асырылады.

      Әке болуды анықтау туралы не әке болуды тану фактісін немесе әке болу фактісін анықтау туралы, баланың тууы туралы акт жазбасындағы баланың әкесі туралы жазбаны даулау туралы талапты қанағаттандыру барысында азаматтық хал актілерін тіркеу органында әке болуды жазу және (немесе) азаматтық хал актісінің жазбасына тиісті өзгертулер енгізу үшін қажетті мәліметтер сот шешімінің қарар бөлігінде жазылуы тиіс.

      Әке болуды анықтау туралы актіні тіркеу негізінде баланың әкесі туралы мәліметтер, сонымен қатар баланың тууы туралы актіні тіркеу жазбасына енгізіледі.

      Баланың әкесі туралы мәліметтер әке болуды анықтау туралы, сондай-ақ әке болу фактісін және әке болуды тану фактісін анықтау туралы сот шешімінде көрсетілген деректерге сәйкес әке болуды анықтау туралы актінің жазбасына енгізіледі (Кодекстің 210-бабының 1-тармағы). Әке болуды анықтау туралы акт жазбасының негізінде баланың әкесі туралы мәліметтер баланың тууы туралы актінің жазбасына да енгізіледі (Кодекстің 215-бабының 1-тармағы).

      Істі шешу кезінде сот әкесі анықталғаннан кейін баланың тегіне және (немесе) әкесінің атына қатысты, егер олар әке болуы анықталған адамның тегімен және (немесе) атымен сәйкес келмесе, ата-анасының пікірін білуге міндетті (Кодекстің 211-бабының 2-тармағы).

      Аталған мәселе бойынша ата-аналардың арасында дау болған кезде сот іске қамқорлық және қорғаншылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарды қатыстырып, баланың мүдделерін негізге ала отырып оны шешеді. Он жасқа толған баланың атын, әкесінің атын (ол болған кезде) және (немесе) тегін өзгерту оның келісімімен ғана жүргізілуі мүмкін.

      20. Әке болуды даулау туралы талапты қанағаттандыру жөніндегі сот шешімінің қарар бөлігінде баланың туу туралы актісінің жазбасына тиісті өзгерістер енгізу (туу туралы акт жазбасынан баланың әкесі туралы мәліметтерді алып тастау жөнінде) және әке болуды анықтау туралы актідегі жазбаны жою туралы көрсетіледі.

      21. Мыналардың:

      1) "Әке болуды анықтау және әке болуды тану фактілері жөніндегі сот тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1971 жылғы 30 қыркүйектегі № 7 нормативтік қаулысының;

      2) Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының 1983 жылғы 29 наурыздағы № 3 қаулысының;

      3) "Әке болуды анықтау және әке болуды тану фактілері жөніндегі сот тәжірибесі туралы" Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының 1971 жылғы 30 қыркүйектегі № 7 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы № 6 нормативтік қаулысының;

      4) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 31 мамырдағы № 2 нормативтік қаулысының 1-тармағының;

      5) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 2-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      22. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Ж.Асанов
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Г.Әлмағамбетова