09.12.2015

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы қылмыстық-атқару жүйесі үшін кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2015 жылғы 5 маусымда Душанбеде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы қылмыстық-атқару жүйесі үшін кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2015 жылғы 9 желтоқсандағы
№ 982 қаулысымен      
бекітілген       

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының
Үкіметі арасындағы қылмыстық-атқару жүйесі үшін кадрлар даярлау
саласындағы ынтымақтастық туралы
келісім

(2015 жылғы 30 желтоқсанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 1, 4-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі;
      қылмыстық-атқару жүйесі қызметінің бағыттары бойынша ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға ниет білдіре отырып;
      2000 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің, 2006 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімнің ережелерін, сондай-ақ өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларын басшылыққа ала отырып;
      Тәжікстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесі үшін кадрлар даярлауға жәрдемдесудің қажеттілігін тани отырып;
      халықаралық құқықтың бірқатар жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасын негізге ала отырып;
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін онда қолданылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
      «кадрлар даярлау» – жоғары білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлау, қосымша білім беру бағдарламалары бойынша қайта даярлау және біліктілікті арттыру;
      «Тараптар мемлекеттерінің білім беру ұйымы» – қылмыстық-атқару жүйесі үшін кадрлар даярлауды жүзеге асыратын жоғары және қосымша білім беретін білім беру мекемелері;
      «курсанттар/тыңдаушылар» – Тараптар мемлекеттерінің білім беру ұйымдарында оқитын адамдар;
      «оқытуға арналған квота» – Тәжікстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесі үшін кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы көлемінің шекті саны;
      «таралуы шектеулі ақпарат» – шектелуі және таралуы қызметтік қажеттілікке байланысты, мемлекеттік органның қызметіне қатысты мәліметтер;
      «жіберуші Тарап» – қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерін даярлау үшін екінші Тараптың білім беру ұйымдарына жіберетін Тарап;
      «қабылдаушы Тарап» – екінші Тараптың қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерін өзінің білім беру ұйымында даярлау үшін қабылдайтын Тарап;
      «құзыретті органдар» – Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді іске асыру жүктелетін органдары.

2-бап

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің білім беру ұйымдарында кадрлар даярлаудың тәртібі мен шарттарын айқындайды.
      Кадрларды даярлау қабылдаушы Тарап белгілейтін квоталар бойынша жеңілдетілген немесе өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
      Жеңілдетілген негізде кадрлар даярлау кезінде оқытуға арналған шығыстар – қабылдаушы Тараптың есебінен, асырауға арналған шығыстар жіберуші Тараптың есебінен жүзеге асырылады.
      Өтеусіз негізде кадрлар даярлау кезінде оқытуға және асырауға арналған шығыстар қабылдаушы Тараптың есебінен жүзеге асырылады.

3-бап

      Тараптар ынтымақтастықты осы Келісімге сәйкес Тараптардың ұлттық заңнамасын және өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарды сақтаған кезде өздерінің құзыретті органдары арқылы жүзеге асырады.
      Құзыретті органдардың тізбесін әрбір Тарап айқындайды және осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы жазбаша хабардар етілген кезде екінші Тарапқа беріледі.
      Құзыретті органдардың тізбесіндегі өзгерістер туралы Тараптардың әрқайсысы бір ай ішінде бірін-бірі жазбаша түрде хабардар етеді.

4-бап

      Оқытуға арналған квота, оның ішінде саны он адамға дейін болатын алмасу арқылы квота, кезекті жылға кадрларды даярлау жүзеге асырылатын курстар, мамандықтар тізбесі, сондай-ақ мерзімдер мен басқа да шарттар жыл сайын оқыту жылының 10 сәуіріне дейін қабылдаушы Тарапқа тиісті өтінім жолдау және оқу жылы басталғанға дейін құзыретті органдар арасында келісімшарт жасасу арқылы айқындалады.
      Қабылдаушы Тарап білім беру ұйымын, мамандықтарды және әр мамандық бойынша берілетін орын санын көрсете отырып, оқыту жылының 15 мамырына дейін өтеусіз немесе жеңілдетілген негіздегі оқытуға арналған квоталар туралы жіберуші Тарапты хабарландырады.

5-бап

      Кадрларды даярлау туралы келісімшарт жіберуші және қабылдаушы Тараптардың құзыретті органдары арасында жасалады.
      Келісімшартта:
      1) оқыту бағдарламасының, мамандықтың атауы;
      2) даярлықты өткізу мерзімдері;
      3) курсанттардың/тыңдаушылардың саны;
      4) курсанттардың/тыңдаушылардың құқықтары мен міндеттері;
      5) курсанттарды/тыңдаушыларды:
      а) оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларына сәйкес кадрларды даярлау үшін қажетті материалдармен;
      б) даярлық үшін қажетті кітапханаларды, оқу және спорт залдарын, басқа да үй-жайлар мен аумақтарды пайдаланумен;
      в) медициналық көрсетілетін қызметтермен;
      г) оқу мақсаттарына арналған көлікпен;
      д) тұрғын үй-жайлармен және тамақтандырылумен қамтамасыз ету шарттары;
      6) курсанттардың/тыңдаушылардың оқу орнына және кері қарай жол жүру жағдайлары;
      7) курсанттардың/тыңдаушылардың кіруі/шығуы және болуы үшін құжаттарды ресімдеу тәртібі;
      8) оқудан шығару үшін негіздер;
      9) жіберуші Тараптың курсанттардың/тыңдаушылардың өмірі мен денсаулығын сақтандыруы;
      10) дауларды шешу тәртібі;
      11) басқа да қажетті деректемелер көзделеді.

6-бап

      Кадрларды даярлау таралуы шектеулі қызметтік ақпараттың және құпия ақпараттың құпиялық режимін, сақталуын, қабылдаушы Тараптың қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне қолжетімділікті қамтамасыз етумен байланысты шектеулер сақталған кезде қабылдаушы Тараптың білім беру ұйымдарының оқу жоспарлары мен бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады.
      Қабылдаушы Тарап оқыту процесінде жіберуші Тарап курсанттарының/тыңдаушыларының бойында кәсіптік-іскерлік, көшбасшылық және басқарушылық қасиеттерді қалыптастыратын болады.
      Оқу процесі орыс тілінде ұйымдастырылады.

7-бап

      Қабылдаушы Тараптың білім беру ұйымына қабылдау шарттарын және оның ұсынымдарын негізге ала отырып, жіберуші Тарап кандидаттарды оқуға іріктеуді, оларды медициналық куәландыруды және оқуға түсу сынақтарын өткізеді. Қабылдаушы Тараптың білім беру ұйымына қабылдау жіберуші Тараптың құзыретті органының ұсынымы бойынша жүргізіледі.
      Денсаулық жағдайы бойынша жарамсыз, бұрын сотталған және ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған, сондай-ақ мемлекеттік қызметтен, құқық қорғау органдарынан, сот және әділет органдарынан теріс себептермен босатылған адамдар қабылдаушы Тараптың білім беру ұйымына оқуға қабылданбайды.

8-бап

      Жіберуші Тарап мемлекеті курсанттарының/тыңдаушыларының тұруы және тамақтануы, сондай-ақ оларды оқу құралдарымен қамтамасыз ету қабылдаушы Тарап мемлекетінің курсанттары/тыңдаушылары үшін белгіленген шарттарда және тәртіппен ұйымдастырылады.
      Қабылдаушы Тарап жіберуші Тарап мемлекеті курсанттарының/тыңдаушыларының отбасыларына қатысты міндеттемелерді өзіне алмайды және оларды тұрғын үй алаңымен қамтамасыз етпейді.
      Қабылдаушы Тарап мемлекетінің білім беру ұйымында оқуда болған кезеңде курсанттар/тыңдаушылар жіберуші Тараптың жазаларды орындау органдарының күнделікті және салтанатты киюге арналған ұлттық нысанды киімімен қамтамасыз етіледі.
      Жіберуші Тарап өзінің қызметкерлерінің оқу орнына бару және оқу аяқталғаннан кейін кері қайту, каникулярлық демалысқа шығу, тағылымдамаға бару және кері қайту үшін, сондай-ақ өзге де жағдайларда көлік шығыстарын көтереді.

9-бап

      Қабылдаушы Тарап жіберуші Тараптың курсанттарын/тыңдаушыларын олардың білім беру ұйымында оқуымен байланысты емес және білім алушылардың міндеттерін орындау шеңберінен тыс тапсырмаларды орындауға тартпайды.
      Оқу жоспары мен оқу бағдарламаларының талаптарын толық көлемде орындаған, қорытынды аттестаттаудан ойдағыдай өткен жіберуші Тарап курсанттарына/тыңдаушыларына алған мамандығына сәйкес біліктілік беріледі және «бакалавр» дипломы тапсырылады.
      Білім беру ұйымын бітіргеннен кейін қылмыстық-атқару жүйесінде одан әрі қызмет атқарудың шарттары мен мерзімдерін, арнаулы атақ беруді жіберуші Тарап айқындайды.
      Қабылдаушы Тараптың білім беру ұйымында оқитын жіберуші Тарап курсанттары/тыңдаушылары білім беру ұйымының жарғылары ережелері мен бекітілген тәртібін сақтауға тиіс.
      Жіберуші Тараптың курсанттары/тыңдаушылары құқық бұзушылықтар жасаған кезде қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылықта болады.
      Жіберуші Тараптың курсанты/тыңдаушысы немесе оның отбасы мүшелері қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, қабылдаушы Тарап бұл туралы жіберуші Тарапқа дереу хабарлайды.
      Мәйітті жеткізуді қоса алғанда, жерлеу бойынша барлық қажетті рәсімдерді жіберуші Тарап өз есебінен қамтамасыз етеді.
      Тараптар юрисдикция және құқықтық көмек мәселелері бойынша 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияны басшылыққа алады.

10-бап

      Қабылдаушы Тарап жіберуші Тарап курсанттарын/тыңдаушыларын өтеусіз негізде даярлаған кезде оларды стипендиямен қамтамасыз етеді.
      Жіберуші Тараптың курсанттарына/тыңдаушыларына арналған стипендиялар мөлшері қабылдаушы Тараптың курсанттарына/тыңдаушыларына арналғанынан кем емес мөлшерде белгіленеді.
      Жіберуші Тараптың курсанттары/тыңдаушылары міндеттерін үлгілі атқарғаны және оқуда, ғылыми-зерттеу жұмысында жоғары нәтижелерге қол жеткізгені, қоғамдық өмірге белсене қатысқаны үшін қабылдаушы Тараптың білім беру ұйымының Жарғысына сәйкес көтермелеуі мүмкін.
      Қабылдаушы Тарап жіберуші Тараптың курсанттарына/тыңдаушыларына қатысты медициналық бөлікте алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету, білім беру ұйымы бекітілген медициналық мекемелерде қызмет көрсету бойынша міндеттемелерді өзіне алады.
      Қабылдаушы Тарап жіберуші Тарап курсанттарының/тыңдаушыларының басқа да медициналық мекемелерде емделуін төлеу жөніндегі міндеттемелерді өзіне алмайды.

11-бап

      Тараптар оқу орындарын бітіргені туралы қабылдаушы Тарап құжаттарының баламалығын өзара негізде таниды.

12-бап

      Егер ішінара немесе толық орындамау Тараптар болжай алмайтын және ақылға қонымды шаралармен болғызбау мүмкін емес еңсерілмейтін күш мән-жайлары салдарынан болып табылса, Тараптар осы Келісім бойынша міндеттемелерді орындаудан босатылады.
      Еңсерілмейтін күш мән-жайларына Тараптар ықпал ете алмайтын және олардың туындауына жауап бермейтін оқиғалар (мысалы, жер сілкінісі, су тасқыны, өрт, оқуға кедергі келтіретін мүгедектік алуы, психикалық ауру, ереуілдер) жатады.
      Еңсерілмейтін күш мән-жайларына сілтеме жасайтын Тарап:
      уәкілетті ұйым берген растайтын құжаттарды ұсына отырып, екінші Тарапқа осы сияқты мән-жайлардың басталғаны туралы жазбаша нысанда күнтізбелік 15 күн ішінде хабарлауға міндетті. Ақпаратта мән-жайлардың сипаты, сондай-ақ мүмкіндігінше олардың осы Келісім бойынша міндеттемелерді Тараптардың орындауына және міндеттемелерді орындау мерзіміне ықпалын бағалау туралы деректер қамтылуға тиіс;
      көрсетілген мән-жайлар тоқтатылғаннан кейін осы Келісім бойынша міндеттемелерді болжамды орындау мерзімін көрсете отырып, екінші Тарапты жазбаша түрде үш күн ішінде хабардар етуге міндетті. Керісінше жағдайда Тарап міндеттемелерді орындауға байланысты шығындарды өтеуден босатылмайды.

13-бап

      Осы Келісімді іске асыру мәселелерін қарау мақсатында Тараптар қажет болған кезде жұмыс кездесулерін, консультациялар өткізеді.

14-бап

      Тараптар осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде орыс тілін қолданады.

15-бап

      Осы Келісімнің Қылмыстық-атқару жүйесі үшін кадрлар даярлауға байланысты ережелерін іске асыру қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

16-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

17-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер арқылы шешіледі.

18-бап

      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бір де бірі кезекті бес жылдық мерзім өткенге дейін алты ай бұрын екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, автоматты түрде келесі бес жылдық кезеңге ұзартылады.
      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      2015 жылғы 5 маусымда Душанбе қаласында әрқайсысы қазақ, тәжік және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімді түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының       Тәжікстан Республикасының
           Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін


Дата вступления в силу:  09.12.2015
Дата изменения акта:  09.12.2015
Дата принятия акта:  09.12.2015
Информация об официальном опубликовании акта:  Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 1, 4-құжат
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  103000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  99153
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  982
Статус акта:  new
Сфера правоотношений:  032003000000 / 031000000000
Форма акта:  ПОСТ / СОГЛ
Юридическая сила:  1000
Язык акта:  kaz