Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының сыртқы аудитін жүргізуге арналған шарт туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 7 желтоқсандағы № 970 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының сыртқы аудитін жүргізуге арналған шарттың жобасы (бұдан әрі – Шарт) мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтановқа Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Шартқа қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2015 жылғы 7 желтоқсандағы
№ 970 қаулысымен    
мақұлданған       

Жоба

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының
сыртқы аудитiн жүргiзуге арналған
№____шарт

Астана қаласы                                    2015 жылғы « »

      Бұдан әрi «Тапсырыс беруші» деп аталатын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 8 мамырдағы № 474 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жыл сайынғы сыртқы аудитін жүргізу үшін аудиторлық ұйымды таңдау қағидаларының 76-тармағына және «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының сыртқы аудитiн жүргiзуге арналған шарт туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 20 жылғы « » № қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атынан әрекет ететін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің атынан Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов бiр тараптан және бұдан әрi «аудитор» деп аталатын Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша аудиторлық ұйым болып табылатын, 2015 жылғы 30 шілдедегі № 4 хаттамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық қорына жыл сайынғы сыртқы аудитті жүргізу үшін тәуелсіз аудиторды таңдау бойынша конкурстық комиссияның шешімімен жеңімпаз деп танылған, аудиторлық қызметпен айналысуға № 0000015 лицензиясы бар және «Қазақстан Республикасы Аудиторлар палатасы» кәсіби аудиторлық ұйымының мүшесі болып табылатын «Делойт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атынан Жарғы негізінде әрекет ететін Бас директор Нұрлан Қамашұлы Бекенов мырза екінші тараптан мына төмендегiлер туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының сыртқы аудитін жүргізуге арналған шартты (бұдан әрi – Шарт) жасасты.

1. Шарттың мәні

      1. Аудитор Шарттың және халықаралық аудит стандарттарының талаптарына сәйкес 2015 және 2016 жылдар үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрi – қор) жылдық қаржылық есептiлігіне аудит (бұдан әрі – аудит) жүргiзуге міндеттенеді, ал тапсырыс беруші аудит нәтижелерiн қабылдауға және оларды Шартта белгіленген тәртiппен және мерзiмде ақы төлеуге мiндеттенедi.
      Аудит нәтижелерi аудитордың тәуелсiз пiкiрiн бiлдiретiн аудиторлық есеп түрiнде ресiмделедi.
      Аудиттің мақсаттары мен мiндеттерi аудитордың аудиторлық есепте Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес Қордың қаржылық есептiлiгiнің жасалу дұрыстығы мен объективтiлiгi туралы кәсiби қорытынды беруiнен тұрады.
      2. Аудитке:
      1) Қордың түсiмдерi және оны пайдалану туралы есеп;
      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Ұлттық қорды сенiмгерлiкпен басқару нәтижелерi туралы жылдық есебi және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенiмгерлiкпен басқару туралы шартқа сәйкес ұсынылатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің қорды сенiмгерлiкпен басқару жөнiндегі қаржылық есептілігі;
      3) Қорды басқару жөніндегі өзге де мәліметтер жатады.
      Аудитке жататын құжаттар Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары мен Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес аудиторлық есепке қоса берiлуi тиiс.
      Аудит халықаралық аудит стандарттарына сәйкес жүргiзiледi және мыналарды:
      1) қаржылық есептілiкте қамтылған соманы және өзге де ақпаратты растайтын деректердi iрiктеп тестілеуді;
      2) бухгалтерлiк есептің қағидаттарын және тапсырыс берушінің басшылығы жасаған негiзгi кемшiлiктердi, сондай-ақ қаржылық есептiлiктi ұсынудың жалпы нысанын бағалауды қамтиды.
      Бұдан басқа, аудитор мынадай:
      1) алдыңғы кезеңмен салыстырғанда активтері мен мiндеттемелері туралы есептiң құндық және пайыздық мәндегi баптарының өзгерiстерiн есептеуді қоса алғанда, қор активтерiнiң сақталуын бағалау;
      2) қаржы активтерінің әрбір түрі бойынша табыстылықтың жоғары деңгейін қамтамасыз ету мәселесі бойынша талдау;
      3) өтімділік көрсеткіштерін есептеуді қоса алғанда, активтердің өтімділігін қамтамасыз етуді талдау;
      4) тәуекелдер көрсеткіштерін есептеуді қоса алғанда, активтердің нарықтық құнының өзгеру тәуекелдерін басқару тиімділігі;
      5) қорды басқару тиімділігі, оның ішінде алдыңғы кезеңмен салыстырғанда құндық және пайыздық мәндегі табыстар мен шығындар туралы есепке талдау, сондай-ақ таза активтер табыстылығының, кірістілігінің, жиынтық активтер кірістілігінің коэффициенттерін есептеу жолымен қордың рентабельділігіне талдау жүргізу;
      6) қордың тұрақтандыру және жинақтаушы қоржындарының құрамы, оның ішінде елдер және қаржы активтерінің түрлері бойынша қоржынның нарықтық құнының пайыздық арақатынасын анықтай отырып, қордың географиялық шоғырландыру жөніндегі қоржындық инвестицияларының теңгерімдік құнына талдау жүргізу;
      7) активтер мен міндеттемелердің әрбір түрі бойынша бағамдық айырмашылықтардан алынатын кірістерді немесе шығындарды көрсете отырып, қоржынның нарықтық құнының айырбас бағамының өзгерістерінен тәуелсіздігінің қамтамасыз етілуін талдау;
      8) сыртқы басқарушылар қызметiнiң тиiмдiлігін бағалау, оның iшiнде мыналарды:
      әрбір басқарушы генерациялаған жалпы кірістің әрбір басқарушы гонорарына қатынасын есептеу, сондай-ақ әрбір басқарушы генерациялаған таза кірістің (әрбір басқарушыға төленген басқарғаны үшін гонорарды шегергенде жалпы генерацияланған кіріс) осы басқарушының басқаруында тұрған активтердің орташа мәніне қатынасы;
      әрбiр сыртқы басқарушының басқаруындағы қаржы активтерiнiң түрi бойынша кiрiстілiкті есептеуді білдіретін қызмет тиiмділiгiнiң коэффициенттерiн көрсете отырып, басқарушылардың тиiмділігiне талдау жүргізу;
      9) әрбiр басқарушыдағы активтер мен қоржындық инвестициялардың жалпы құнының пайыздық арақатынасын анықтай отырып, активтердiң басқарушыларға шоғырлануын талдауды қоса алғанда, iрiктелген кастодиандардың жұмысын бағалау;
      10) қаржы құралдарының түрлерi бойынша кiрiстiлiктi көрсете отырып, құрылымдық өнiмдердi пайдалану тиiмділігiн бағалау;
      11) Қордың орташа айлық нарықтық құны мен сенiмгерлiкпен басқаруға арналған аударымдарды есептеу дұрыстығын тексеру;
      12) мұнай қорларын талдауды - рентабельділік пен пайданы таза активтерге бөлетін негізгі коэффициенттерді есептеуді қоса алғанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қорды сенімгерлікпен басқару жөніндегі қызметін басқа елдердің осыған ұқсас қорларының қызметімен салыстырмалы талдау;
      13) қордың эталондық қоржыны индекстерiн қолдану тиiмдiлiгін басқа эталондық қоржындардың индекстерiмен салыстырмалы бағалау;
      14) қор басқарушыларының қызметтерін Ұлттық қордың инвестициялық операцияларын жүзеге асыру қағидаларына сәйкестiгi тұрғысынан тексеру мәселелері бойынша ерекше көңіл бөлуге және аудит нәтижелерi бойынша талдамалық есепті ұсынуға мiндеттi.
      3. Аудитор, сондай-ақ тапсырыс берушіге аудит нәтижелері бойынша аудитті орындау процесінде көрсетілетін кез келген кемшіліктерді және өзге жұмыс нәтижелерін және бухгалтерлік есеп, инвестициялық операцияларды жүзеге асыру, ішкі бақылау тетіктері жөніндегі нұсқаулықтарды көрсететін аудиттелуге тиіс құжаттарға негізделген хат (бұдан әрі – ақпараттық хат) дайындайды.

2. Шарттың құны және ол бойынша ақы төлеу

      1. Шарттың жалпы құны 19800000 (он тоғыз миллион сегіз жүз мың) теңгенi құрайды.
      2. Шарттың 2-бөлімінің 1-тармағында көрсетілген Шарттың жалпы құны аудитордың қызметкерлері іс жүзінде жұмсаған уақытқа және олардың мөлшерлемелеріне негізделген аудитор көрсететін қызметтердің жалпы құнын, ҚҚС және басқа да салықтарды қоса алғанда, аудитордың тапсырыс берушіге қызмет көрсетуге байланысты барлық шығыстарын қамтиды.
      3. Аудит ақысын төлеу жөнiндегi бюджет:
      2015 жылы – 9900000 (тоғыз миллион тоғыз жүз мың) теңге;
      2016 жылы – 9900000 (тоғыз миллион тоғыз жүз мың) теңге мөлшерінде шектеледі.
      4. Тараптар арасындағы есеп айырысу жыл сайын қол қойылған көрсетілген қызметтерді тапсыру-қабылдап алу актілерінің және ол берілгеннен кейін он жұмыс күні ішінде аудитор берген шот-фактуралардың негізінде жүзеге асырылады. Төлем қор қаражаты есебінен жүргізіледі.
      5. Тапсырыс беруші бюджет қаражатының бөлінуіне қарай жыл сайын Шарттың 2-бөлімінің 1-тармағында көрсетілген тиісті қаржы жылына көзделген соманың 30 (отыз) пайызы мөлшерінде аванстық төлем аудару жолымен жүргізеді.

3. Шарттың орындалуын қамтамасыз ету

      1. Аудитор Шарттың орындалуын қамтамасыз ету түрінде тапсырыс берушінің шотына кепілге Шарттың 2-бөлімінің 1-тармағында көрсетілген Шарттың жалпы сомасының 5 (бес) пайызы мөлшерінде 990000 (тоғыз жүз тоқсан мың) теңгеге тең ақша енгізеді.
      2. Шарттың орындалуын қамтамасыз ету түрінде тапсырыс берушінің шотына аудитор енгізген ақшаны қайтару аудитор Шарт бойынша өз міндеттемелерін толық және тиісінше орындаған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
      3. Егер аудитор Шарт бойынша өз мiндеттемелерiн орындамаса немесе тиiсiнше орындамаса, онда тапсырыс беруші Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес енгiзiлген Шарттың орындалуын қамтамасыз етудi ұстап қалады.

4. Тараптардың құқықтары мен мiндеттерi

      1. Тапсырыс берушінің:
      1) аудитордан аудит жүргізуге қатысты заңнама талаптары туралы толық ақпарат алуға;
      2) аудитордың ескертулері мен қорытындылары негізделген нормативтік құқықтық актілермен танысуға;
      3) Шарттың талаптарына сәйкес аудитордың міндеттемелерін орындауын талап етуге;
      4) аудитор Шарттың талаптарын бұзған немесе орындамаған жағдайда аудитордың іс жүзінде көрсеткен қызметтеріне ақы төлей отырып, Шартты орындаудан біржақты тәртіппен бас тартуға;
      5) Шарт бойынша аудитордың өз міндеттемелерін орындамауы немесе тиісінше орындамауы салдарынан тапсырыс берушіде пайда болған нақты залалдарды аудитордан өтеп беруді талап етуге;
      6) аудитордың алдын ала келісімінсіз, аудиторлық есепті (аудит жүргізілген тапсырыс берушінің қаржылық есептілігінің толық жинағымен брошюраланған; өзге ақпаратты қоса бермей) үшінші тұлғаларға беруге құқығы бар. Тапсырыс берушінің сол сияқты интернет желісіндегі өз веб-сайтына аудитор ұсынған аудит жүргізілген тапсырыс берушінің қаржылық есептілігінің толық жинағымен аудиторлық есептің электрондық көшірмесін, ол туралы аудиторға алдын ала хабарлап, орналастыруға құқығы бар, бұл ретте тапсырыс беруші аудиторлық есепке немесе қаржылық есептілікке ешқандай өзгерістер енгізбеуге міндеттенеді.
      2. Тапсырыс беруші:
      1) қол қойылған таныстыру хаты мен ХҚЕС талаптарына сәйкес дайындалған қаржылық есептілікті қоса алғанда, аудитке қажетті ақпарат пен құжаттаманы уақтылы және толық көлемде беруге. Қол қойылуға тиіс таныстыру хаты Шартқа 1-қосымшада келтірілген;
      2) аудитке тиісті мәселелердің шеңберін шектеу мақсатында аудитордың қызметіне араласпауға;
      3) қордың активтеріне қатысты іс жүзіндегі, ықтимал немесе белгілі сот қуынымдары, талап-арыздары, өзге де талаптары немесе ықтимал міндеттемелері болған кезде осы мәселелер туралы аудиторға егжей-тегжейлі хабарлауға. Мұндай мәселелер болған кезде және тапсырыс беруші осы мәселелерде жәрдем көрсету, консультация беру немесе қорды қорғау үшін кәсіби заңгерлерді тартқан жағдайда, аудитордың өтініші бойынша немесе тапсырыс берушінің өзінің бастамасы бойынша көрсетілген сот қуынымдарына, талап-арыздарына, талаптарына немесе ықтимал міндеттемелерге қатысты жазбаша түсіндірулерді аудиторға тікелей беру өтінішімен тиісті хатты мұндай заңгерлерге жібере алады, сондай-ақ мұндай міндеттемелердің сомасын және олардың қолайсыз аяқталу ықтималдығын бағалай алады;
      4) аудиторға жеке келісілген мерзімде аудитордың сұрауы бойынша қордың қаржылық есептілігіне, бастапқы тізімдемесіне және талдамалы деректеріне қол жетімділікті қамтамасыз етуге;
      5) аудитор жазып берген шот-фактура негізінде аудитор көрсеткен қызметтерге төлемді жүзеге асыруға;
      6) аудиторлық есепті және/немесе ақпараттық хатты, көрсетілген құжаттарды ұсынатын тілден кез келген өзге тілге аударманың дұрыстығына қатысты аудитордан консультация алмай аудармауға және/немесе аудару үшін үшінші тұлғаларды тартпауға;
      7) аудитті орындау үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз етуге, атап айтқанда:
      Тапсырыс берушінің барлық қызметкерлері тарапынан аудитордың қызметкерлеріне жан-жақты, оның ішінде Шарт бойынша қызмет көрсетуге тікелей қатысатын аудитордың мамандарына кеңсе үй-жайын беру бөлігінде көмек көрсетуді қамтамасыз етуге;
      аудитордың сұрау салуы бойынша тапсырыс берушінің қаржылық есептілігіне қолданылатын маңызды есептік мәселелер бойынша тапсырыс берушінің басшылығы ұстанымының жазбаша негіздемелерін ұсынуға;
      Шарттың 4-бөлімі 2-тармағының 1)3)4)6) тармақшаларында айтылған әрбір талап аудит көрсету үшін маңызды шарт болып табылады. Тапсырыс беруші жоғарыда айтылған шарттардың кез келгенін сақтамаған жағдайда, аудитор бір жақты тәртіппен Шарт бойынша міндеттемелерді орындауды тоқтатуға немесе орын алған кемшіліктерді жою үшін жеткілікті мерзімді көрсете отырып, тапсырыс берушіге тиісті жазбаша хабарлама жіберіп, міндеттемені орындауды тоқтата тұруға құқылы.
      8) аудиторға тапсырыс берушінің қаржы-шаруашылық құжаттамасында көрсетілген кез келген мүліктің іс жүзінде болуын тексеру құқығын беруге міндеттенеді. Аудитор сұрау салған қызмет көрсету үшін қажетті ақпаратта және құжаттамада коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтердің болуы оларды ұсынудан бас тартуға негіз болып табылмайды.
      3. Аудитордың:
      1) қолданыстағы қазақстандық заңнамаға қайшы келмейтін аудитордың аудиторлық әдістемесі мен халықаралық аудит стандарттары шеңберінде аудит жүргізудің әдістерін дербес анықтауға;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте әртүрлі бейіндегі мамандарды аудит жүргізуге қатысуға шарт негізінде тартуға;
      3) қор бойынша оның қаржылық қызметі, ақша сомасының, бағалы қағаздарының болуы туралы құжаттаманы толық көлемде тексеруге, туындаған мәселелер бойынша түсіндірулер және аудиторлық тексеру үшін қажетті қосымша мәліметтер алуға;
      4) осы тармақтың 3) тармақшасына қатысты және атап айтқанда, бухгалтерлік есеп тіркелімдерін және оларға қатысты деректерді, жетекшілік ететін және қадағалаушы органдар отырыстарының хаттамаларын, салықтық тексерулердің нәтижелері туралы актілерді, шарттарды және несие келісімдерін, нотариалдық актілерді және капиталға қатысты құжаттарды қамтитын құжаттарды алуға және тексеруге құқығы бар;
      5) аудитор алаяқтықты, алдауды, жалған құжатты, құжаттар мен қаржылық есептіліктің бұрмалануын анықтаған және тапсырыс берушінің аудиторға оны дұрыс емес аудиторлық есепті шығаруға мәжбүрлеу мақсатында қысым жасаған жағдайда, аудиторлық қызмет туралы заңнамаға және/немесе халықаралық аудит стандарттарына сәйкес аудитор растайтын мәліметтер ұсынған кезде Шарт бойынша көрсетілген қызметтердің нәтижелері бойынша аудиторлық есеп ұсынылмайды.
      4. Аудитор:
      1) аудиторлық қызмет туралы заңнамаға және халықаралық аудит стандарттарына сәйкес аудит жүргізуге;
      2) аудит жүргізу кезінде халықаралық аудит стандарттарының талаптарын орындауды қамтамасыз етуге;
      3) аудит барысында алынған және жасалған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс берушінің келісімінсіз олардың мазмұнын жарияламауға;
      4) аудит нәтижелерінің, сондай-ақ аудит жүргізу кезінде алынған және коммерциялық немесе заңнамамен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәліметтердің құпиялылығын өз қызметкерлерінің сақтауын қамтамасыз етуге;
      5) қаржылық есептіліктің және өзге де құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмеуінің анықталуы туралы тапсырыс берушіге хабарлауға;
      6) халықаралық аудит стандарттарының талаптарына сәйкес жасалған аудиторлық есептің (бұдан әрі – аудиторлық есеп) жобаларын Шарттың 5-бөлімінің 6-тармағында көрсетiлген мерзімде және аудитордың, аудит үшін қажет ақпаратты, құжаттама мен халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының талаптарына сәйкес жасалған қаржылық есептілікті (бұдан әрі – қаржылық есептілік) алуы шартымен талдамалы есепті 15 ақпанына дейінгі мерзімде, тиісті жылдың және аудитордың, қол қойған нұсқама-хатты алуы шартымен (Шартқа 1-қосымша) түпкілікті аудиторлық есепті, талдамалы есепті және Ақпараттық хатты тиісті жылдың 15 наурызына дейін ұсынуға мiндеттi.

5. Қызметтерді көрсету

      1. Қазақстандық заңнаманың талаптарына сәйкес бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жүктеледі (Шартқа 1-қосымша). Бұл бухгалтерлік есептің тіркелімдерін тиісінше жүргізуді, операциялардың, есептің және есептіліктің қазақстандық заңнаманың талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуді, ішкі бақылауды жүзеге асыруды, есеп саясатын тізбекті қолдану мен қор қаражатының сақталуын қамтамасыз етуді қамтиды.
      2. Қаржылық есептілік аудитін аудитор халықаралық аудит стандарттарына сәйкес жүргізетін болады, бұл ретте операциялардың жеке шоттары, шоттарының топтары бойынша және тұтастай қаржылық есептілік бойынша маңызды және жол берілетін қателігі қағидатын қоса алғанда, аудитордың аудиторлық әдістемесі қолданылатын болады.
      3. Егер қажетті ақпарат жасырылса немесе қарапайым аудит барысында мұндай қателіктерді анықтауға мүмкіндік бермейтін аудитордың иелігіне берілмесе, аудит жүргізу процесінің ерекшелігіне байланысты аудитор аудиттелуге тиісті, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес дайындалған қаржылық есептілікте мәнді қателіктің болмауына кепілдік бермейді.
      4. Аудитор өз жұмысын қордың бастапқы құжаттарының негізінде жүзеге асырады және олардың растығы мен жарамдылығына, сондай-ақ тапсырыс беруші берген басқа да ақпараттың растығына жауап бермейді. Тапсырыс беруші аудиторға аудит процесінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі аудиторға берген барлық ақпарат дұрыс және бухгалтерлік есептілікте көрініс тапқан болып табылатындығы үшін жауапты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басшысы да қол қойған жазбаша растауды жібереді. Шартты іске асыру процесінде аудитордың қызметкерлері дайындайтын барлық жұмыс құжаттары (есеп айырысулар, сондай-ақ аудиторлық қорытындыны дайындау кезінде пайдаланылатын өзге де ішкі құжаттар) аудитордың меншігі болып табылады. Қажет болған жағдайда осы құжаттардың көшірмелері аудитордың шешімі бойынша тапсырыс берушіге берілуі мүмкін.
      5. Тапсырыс беруші анықтайтын жобалар мен түпкілікті қаржылық есептілік, аудиторлық есеп пен талдамалық есеп қағаз тасығыштарда және электрондық мекенжайларға жіберіледі.
      6. Аудиторлық есепті және қаржылық есептілiк бойынша талдамалық есепті беру мерзімдері:
      1) 2015 жыл үшін:
      аудитордың тапсырыс берушіге қаржылық есептiлiк бойынша аудиторлық есептің жобасын ұсынуы – 2016 жылғы 15 ақпан;
      аудитордың тапсырыс берушіге қаржылық есептiлiк бойынша түпкілікті аудиторлық есепті ұсынуы – 2016 жылғы 15 наурыз;
      2) 2016 жыл үшін:
      аудитордың тапсырыс берушіге қаржылық есептiлiк бойынша аудиторлық есеп жобасын ұсынуы – 2017 жылғы 15 ақпан аудитордың тапсырыс берушіге қаржылық есептiлiк бойынша түпкілікті аудиторлық есепті ұсынуы – 2017 жылғы 15 наурыз.

6. Қызметтердi тапсыру-қабылдап алу тәртiбi

      1. Аудит аяқталғаннан кейін аудитор тапсырыс берушіге көрсетілген қызметтерді тапсыру-қабылдап алу актісін ұсынады.
      2. Тапсырыс беруші қаржылық есептілік бойынша түпкілікті аудиторлық есепті және талдамалық есепті қарауға және қарсы пікірі болмаған кезде қол қоюға және аудиторға 30 жұмыс күні ішінде қол қойылған көрсетілген қызметтерді тапсыру-қабылдап алу актісін немесе қызметтерді қабылдап алудан уәжді бас тартуды жіберуге міндеттенеді. Егер аудитор 30 жұмыс күні аяқталған соң тапсырыс берушіден қол қойылған көрсетілген қызметтерді тапсыру-қабылдап алу актісін немесе оған қол қоюдан уәжді бас тартуды алмаған жағдайда, тараптар көрсетілген қызметтерді тапсыру-қабылдап алу актісіне қол қойылды деп санайды, ал аудитті осындай көрсетілген қызметтерді тапсыру-қабылдап алу актісінде көрсетілген көлемде және шарттарда аудитор өткізді және тапсырыс беруші қабылдады деп таниды.
      3. Тапсырыс беруші уәжді бас тартқан жағдайда, тараптар қажетті пысықтаулардың және оларды орындау мерзімдерінің тізбесі бар екі жақты актіні жасайды.
      4. Тараптар көрсетілген қызметтерді тапсыру-қабылдап алу актісіне қол қойғаннан кейін аудитор тапсырыс берушіге көрсетілген қызметтерге шот-фактура ұсынады.

7. Тараптардың жауапкершілігі

      1. Шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тараптардың жауапкершілігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
      Бұл ретте тараптардың ең үлкен жауапкершілігі Шарттың жалпы құнымен шектеледі.
      2. Тараптар Шарт бойынша жауапкершіліктен өзара келісім бойынша толығымен немесе ішінара босатылуы мүмкін.
      3. Шарттың 5-бөлімнің 6-тармағында белгіленген мерзімдер аудитордың кінәсі бойынша бұзылған кезде, аудитор Шарт бойынша міндеттемесін іс жүзінде орындаған күнге дейін аудитор аудиторлық есеп беру мерзімін өткізген әрбір күн үшін аудитке ақы төлеу жөніндегі тиісті жылға арналған бюджеттің 0,1 % мөлшерінде, бірақ аудитке ақы төлеу жөніндегі тиісті жылға арналған бюджеттің 10 %-ынан аспайтын өсімпұл есептеледі. Аудитор өз кезегінде Шарттың талаптарын аудитордың тиісті сақтау шарты кезінде, тапсырыс беруші Шартта көзделген аудитке қажетті ақпарат пен құжаттаманы уақтылы ұсынбаған жағдайда, өсімпұл төлеуден босатылады.
      4. Шарттың ешқандай ережелері тараптардың заңды мүдделерін қорғау, заңнаманың талаптарын немесе реттейтін органдардың талаптарын, Шарттың қолданыс мерзімі ішінде аудитор немесе қандай да бір оның акционері немесе қызметкері мүшесі болып табылатын тиісті кәсіби бірлестіктердің кәсіби немесе этикалық қағидаларын сақтау үшін қажетті шараларды тараптардың қабылдауына кедергі болмайды.
      5. Аудит көрсету барысында аудитор тапсырыс беруші ұсынған құжаттар мен мәліметтерге, сондай-ақ тапсырыс берушінің лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің іс-қимылына, нұсқауларына және түсіндірулеріне сүйенеді.
      6. Аудитордың жауапкершілігі аудит көрсету кезіндегі аудитордың айыпты іс-қимылдары нәтижесінде тапсырыс беруші тартқан тікелей нақты зиянның мөлшерімен шектеледі. Аудитор аудит көрсету кезіндегі аудитордың іс-қимылы нәтижесінде туындаған тапсырыс берушінің пайданы жіберіп алуына тапсырыс беруші алдында жауапты болмайды. Аудитордың жауапкершілігі аудиторға іс жүзінде төленген, жауапкершілік тартқан сыйақы сомасы шегінде шектеледі.
      7. Егер бұл тапсырыс берушінің аудиторға дұрыс емес немесе қателестіретін ақпарат беруінің нәтижесіне байланысты болса немесе болып табылса, аудитор қандай да бір жауаптылықта болмайды.
      8. Аудитордың міндеттемесі аудиторлық есеп нәтижесі болып табылатын Аудит көрсетумен шектеледі. Аудитор шешім қабылдауға, ұсынымдар енгізуге, нақты нәтижеге қол жеткізуге немесе ұқсас іс қимылдарды, олар тапсырыс берушінің аудиторлық есепті, ақпараттық хатты және талдамалы есепті алуының нәтижесі болып табылды ма, оған қарамастан жүзеге асыруға тікелей немесе жанама жауапкершілікті өзіне қабылдамайды. Аудитор тапсырыс беруші, оның үлестес тұлғалары, бөлімшелері, сондай-ақ олардың иелері, лауазымды адамдары мен қызметкерлері (егер қолданылса) алдында аудитордың ұсынымдарын немесе ұсынылған ақпараттық хатта қамтылған ұсынымдарды енгізу немесе енгізуден бас тарту туралы шешім қабылдауға жауапкершілік тартпайды.
      9. Аудитор аудиторлық есепті, ақпараттық хатты немесе аудит көрсету барысында ұсынылған аудитордың өзге де консультацияларын пайдалану нәтижесінде үшінші тараптарға (атап айтқанда тапсырыс берушінің үлестес тұлғаларын, бөлімшелерін қоса алғанда) келтірілген зиян үшін жауапты болмайды.
      10. Шарт тапсырыс беруші мен аудитор арасында жасалады. Тек аудитор кейбір қызметтер аудитордың желісіне кіретін тұлғалар аудиторға ұсынған қызметкерлер көрсетуі мүмкін екеніне қарамастан, Шарт бойынша көрсетілетін барлық қызметтерге тапсырыс беруші алдында жауапты болады.

8. Форс-мажор

      1. Тараптар Шарт бойынша міндеттемелерін ішінара немесе толығымен орындамағаны үшін, егер ол форс-мажор жағдайының нәтижесі болып табылса, жауапкершіліктен босатылады.
      Осы тармақтың мақсаттары үшін «форс-мажор» тараптардың бақылауына көнбейтін және күтпеген сипаттағы жағдайды білдіреді. Мұндай жағдайлар мыналарды қамтуы мүмкін: әскери қимылдар, табиғи немесе дүлей апаттар, эпидемия, карантин, мемлекеттік органдардың тыйым салынған актілері және басқалар алайда бұлармен шектелмейді.
      2. Форс-мажор мән-жайларының әрекетіне тап болған және осының салдарынан Шарт бойынша міндеттемелерді орындай алмайтын тарап осы туралы екінші тарапты осындай жағдайлар басталған сәттен бастап үш күннен кешіктірмей жазбаша хабарлауға міндетті. Форс-мажор жағдайлары туралы уақтылы хабарламау тарапты ақталу ретінде оларға жүгіну құқығынан айырады.
      3. Егер Шарттың 8-бөлімінің 1-тармағында көрсетілген мән-жайлар екі айдан ұзақ жалғасса, әрбір тарап Шартты толығымен немесе ішінара бұзуға құқылы. Шартты мерзімінен бұрын бұзған жағдайда, тапсырыс беруші Шарттың 2 және 6-бөлімдерінде көрсетілген рәсімдерге сәйкес аудиторға нақты жасалған жұмысты төлеуге міндеттенеді.

9. Дауларды шешу

      1. Шарттың талаптарынан даулар немесе келіспеушіліктер туындаған жағдайда бастамашы тарап даудың немесе келіспеушіліктің мән-жайы туралы екінші тарапқа жазбаша түрде хабар беруі тиіс.
      2. Тараптар дауларды келіссөздер жолымен реттеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
      3. Туындаған дауларды немесе келіспеушіліктерді тараптардың келіссөздер жолымен реттеуі мүмкін болмаған жағдайда, даулар мен келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібінде қаралады.

10. Шарттың қолданылу мерзімі

      Шарт аудитор Шарттың 3-бөлімінің 1-тармағына сәйкес Шартты орындауды қамтамасыз етуді толық енгізген сәттен бастап күшіне енеді және тараптар Шарт бойынша өз міндеттемелерін толық орындағанға дейін әрекет етеді.

11. Басқа да талаптар

      1. Тапсырыс беруші және аудитор Шарт бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты құпиялылықты сақтауға міндеттенеді. Құпия болып табылатын ақпараттар мен құжаттамалар тізбесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тараптардың келісімі бойынша белгіленеді.
      2. Аудиторға берілген немесе ол аудитті жүзеге асыруға байланысты алған құпия ақпаратты басқа адамдарға ауызша да, жазбаша да нысанда таратуға болмайды. Бұл ақпаратты ашу тапсырыс берушінің осыған алдын ала рұқсатын алғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Аудитор Шарт бойынша өз міндеттемелерін толығымен де, ішінара да тапсырыс берушінің алдын ала жазбаша келісімінсіз әлдекімге бермеуге тиіс.
      4. Жазбаша нысанда рәсімделген және екі тарап қол қойған және оларды жасасқан кезде Шартты жасасқан кезде жасалған рәсімдер сақталған кезде ғана Шартқа барлық өзгерістер мен толықтырулар жарамды. Тиісті түрде рәсімделген өзгерістер мен толықтырулар Шарттың ажырамас бөлігі болып табылады.
      5. Шарт тараптардың әрқайсысы үшін бір данадан, мемлекеттік және орыс тілдерінде төрт данада жасалды, бұл ретте барлық даналардың бірдей заңды күші бар. Шарттың ережелерін әртүрлі түсіндіруден туындайтын келіспеушіліктер болған жағдайда Шарттың орысша мәтіні қолданылады.
      6. Шартты орындау барысында аудитор дайындаған барлық жұмыс құжаттамасы аудитордың меншігі болып табылады, ол оны өзінің қағидаларына, рәсімдеріне, сондай-ақ қолданылатын заңнаманың талаптарына сәйкес сақтайды.
      7. Осы шарттың мақсаты үшін «Делойт өкілдері» – Делойттың атынан Делойт қауымдастығының кез келген басқа мүше фирмалары және осындай мүше фирмалардың барлық әріптестерін, директорларын, қызметкерлері мен агенттерін және бақылаушы фирмаларын немесе бақылаушы тұлғаларын қоса алғанда, осындай мүше фирмалар бақылайтын барлық тұлғалар уағдаласушы Тарап, ал «Делойт өкілі» көрсетілген тұлғалардың кез келгенін білдіреді.
      Тапсырыс беруші аудитордың өз қалауынша:
      1) қызмет көрсету нәтижесінде Делойт төрағаларына талап қойылған немесе талап қою қаупі болған жағдайда аудитор сақтандырушыларына, заң (кәсіби) консультанттарына және Делойт төрағаларына құпиялықты сақтау бойынша сондай міндеттемелер қолданылған шартта оларға ақпаратты жария етуге;
      2) осы ақпаратқа да осындай құпиялылықты сақтау кепілдігі қолданылатын шартта қызмет көрсету, қаржылық есептіліктің сапасына немесе нормативтік-құқықтық сәйкестігіне, қойылатын талаптардың сақталуына тексеру жүргізу, клиентпен ынтымақтастық туралы шешім қабылдау және жобаны орындау рәсімдерін үйлестіру, сондай-ақ тәуелсіздік қағидатының сақталуы тұрғысынан және мүдделер қақтығысының болуы тұрғысынан тексеру жүргізу үшін қажетті шамада Делойт өкілдеріне жұмыс материалдарын немесе басқа да ақпаратты жария етуге;
      3) аудитордың қызметін жүзеге асыруын жеңілдету мақсатында, оның ішінде бухгалтерлік және статистикалық есепті жүргізу, ішкі мақұлдауды алу және т.б. үшін жоба туралы базалық мәліметтерді білдіретін жұмыс материалдарынан басқа, ақпаратты, мысалы, тапсырыс берушінің атауы, байланыс ақпараты, көрсетілетін қызметтерге байланысты қаржылық ақпаратты Қазақстан Республикасының шегінен тыс орналасқан, аудитордың басқа Өкілдерінің немесе аудитордың осындай Өкілдері тартқан, ақпараттық технологиялармен шұғылданатын, құпиялылықтың сақталуы жөніндегі міндеттемелер оларға да қолданылатын компаниялардың бақылауындағы және басқаруындағы орталық ақпараттық орталықта өңдеу үшін беруге құқығы бар екенін растайды.
      8. Аудитор ауызша, сол сияқты заттай нысанда көрсетілген қызметтері нәтижесінде алынған өнімге авторлық құқығын және барлық басқа да зияткерлік меншік құқықтарын, сондай-ақ аудитордың жұмыс материалдарына меншік құқығын өзіне қалдырады. Тапсырыс беруші осындай өнімге қатысты қызметтердің құнын төлеу фактісі бойынша заттай нысандағы қызметтердің кез келген өніміне меншік құқығын сатып алады. Тапсырыс берушіге немесе өзге де клиенттерге қызмет көрсету мақсатында аудитор мен Делойт өкілдері қызмет көрсету процесінде алған кез келген білімді, тәжірибені және жалпы сипаттағы кәсіби дағдыларды пайдалануға және тереңдетуге және олармен өзара алмасуға құқылы.
      9. Тараптардың ешқайсысы өзге тараптың атауы мен тауар белгілерін осындай тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз пайдаланбайды. Бұл ретте, тапсырыс беруші аудиторға, сондай-ақ аудитордың желісіне кіретін тұлғаларға тапсырыс берушінің атауына, тауарлық белгіге және/немесе ұсыныстарда және ұқсас маркетингтік материалдарда аудиттің жалпы сипаттамасына сілтеме жасауға рұқсат береді.
      10. Құпия ақпаратты жария етпеу жөніндегі міндеттеме Шартқа қол қойылған күннен бастап 84 (сексен төрт) ай ішінде қолданыста болады.
      11. Аудитор тапсырыс берушіден алған құпия ақпаратты тапсырыс берушінің келісімі бойынша аудитордың желісіне кіретін кез келген тұлғаға ашуға құқылы. Мұндай тұлғалар Шарттың талаптарына сәйкес оны пайдаланатын болады.
      12. Шарт бір жақты тәртіппен бір тараптың екінші тарапқа жазбаша хабарлама жіберуі жолымен бұзылады. Мұндай хабарламада Шартты бұзу күні (бұдан әрі – бұзу күні) көрсетілуге тиіс, бұл ретте бір жақты бұзу туралы хабарламаны өзге тарап бұзу күніне дейін кемінде 20 (жиырма) банктік күн бұрын алуға тиіс. Шарт бұзу күнінен бастап, не, егер хабарлама Шарт бұзу күніне дейін 20 (жиырма) банктік күннен ерте алынған болса, Шартты бір жақты тәртіппен бұзу туралы жазбаша хабарламаны өзге тарап алған күнінен бастап 20 (жиырма) банктік күн өткен соң бұзылды деп есептеледі. Бұл ретте, тапсырыс беруші аудитор іс жүзінде көрсеткен қызметтерге ақы төлеуге міндетті.

12. Тараптардың заңды мекенжайлары және деректемелері:

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің атынан
______________ Б. Сұлтанов

Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
010000, Астана қ.,
Жеңіс даңғылы, 11,
ЖСК ___________,
БСК ________________,
БСН ________________,
«Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігінің
Қазынашылық комитеті» ММ

«Делойт» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігі атынан
______________ Н. Бекенов
«Делойт» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігі
БСН 940 740 000 842
Заңды мекенжай:
Алматы қ., әл Фараби даңғылы, 36.
IBAN (KZT) KZ629490001020023001
БСКАTYNKZKA
«Altyn Bank» АҚ («Қазақстан
Халық Банкі» АҚ ЕБ)
КБе 17