"Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1707 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 6 мамырдағы № 465 қаулысы. Күші жойылды – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы № 922 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 29.12.2018 № 922 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1707 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 17, 271-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      1) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 272-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының ҮкіметіҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      2) көрсетілген қаулымен бекітілген Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару қағидаларында:

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 272-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленген және қосылған құн салығының (бұдан әрі – ҚҚС) асып кеткен сомасын қайтару тәртібін белгілейді.

      2. ҚҚС асып кеткен сомасын қайтару:

      1) ҚҚС асып кеткен сомасын қайтару туралы талабы көрсетілген салық кезеңі үшін ҚҚС бойынша декларацияның (бұдан әрі – ҚҚС қайтару туралы талабы);

      2) нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын айналымдарды растау мақсаты үшін Салық кодексінде көзделген құжаттардың;

      3) қайтаруға ұсынылған ҚҚС-тың асып кеткен сомасының дұрыстығын растайтын салықтық тексеру актісінің не Салық кодексінің 635-бабының 10-тармағында көзделген жағдайларда, салықтық тексеру актісіне салық органы қорытындысының (бұдан әрі – актіге қорытынды) негізінде жүргізіледі.

      Осы тармақтың 2), 3) тармақшаларының ережелері ҚҚС асып кеткен сомасын қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолданатын салық төлеушілерге ҚҚС асып кеткен сомасын қайтаруды жүзеге асыру кезінде қолданылмайды.";

      4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Салық органы ҚҚС қайтару туралы талапты алғаннан кейiн қайтаруға ұсынылған ҚҚС сомаларының дұрыстығын растау бойынша тақырыптық салықтық тексеру тағайындайды.

      5. Қайтаруға ұсынылған ҚҚС сомаларының дұрыстығын растау бойынша, сондай-ақ оған қатысты қайтарудың оңайлатылған тәртібі қолданылған салық төлеушіге бюджеттен қайтарылған ҚҚС сомаларының дұрыстығын растау бойынша салықтық тексеруді жүргізу кезінде салық органы ақпараттық жүйені пайдалана отырып, тексеріліп жатқан салық төлеуші бойынша жеткізушілер мен сатып алушылар бойынша талдамалық есепті қалыптастырады.

      Жеткізушілерде және (немесе) сатып алушыларда бұзушылықтар анықталған кезде мiндеттi қарсы салықтық тексеру жүргiзiледi немесе мониторингке жататын iрi салық төлеушiлер бойынша салықтық бақылауды жүзеге асыратын салық қызметi органына сұрау салу жіберіледі.

      Егер қарсы тексеру жүргізу кезінде жеткізуші таратылуына байланысты қызметін тоқтатқан және мұндай жеткізушіге қатысты тарату салықтық тексеруі жүргізілген жағдайда, есепке жатқызылған ҚҚС сомаларын растау өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар және көрсетілген қызметтер бойынша шот-фактуралардың тізілімінің негізінде жүргізіледі.

      Егер қарсы тексеру жүргізу кезінде жеткізуші таратылуына байланысты қызметін тоқтатқан және мұндай жеткізушіге қатысты тарату салықтық тексеруі жүргізілмеген жағдайда, онда осындай жеткізуші жазып берген шот-фактурада көрcетiлген ҚҚС сомасы бюджеттен қайтарылуға жатпайды.

      Банкроттық себебінен қызметін тоқтатуына байланысты жеткізушіге қарсы тексеру жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, осындай жеткізуші конкурстық іс қозғалғанға дейінгі кезеңде жазып берген шот-фактуралар бойынша есепке жатқызылған ҚҚС сомасын растау өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар және көрсетілген қызметтер бойынша шот-фактуралар тізілімінің негізінде жүргізіледі.

      Осындай жеткізуші конкурстық іс қозғалғаннан кейінгі кезеңде жазып берген шот-фактураларда көрсетілген ҚҚС сомасы бюджеттен қайтарылуға жатпайды.

      Егер салықтық тексеру басталғанға дейiн салық төлеушiде қайтаруға ұсынылған ҚҚС-ның асып кеткен сомасы жоқ екені анықталған жағдайда, салық органы он жұмыс күні ішінде салық төлеушіге ҚҚС қайтару талабын қараудан жазбаша бас тарту жібереді.

      Осы тармақтың ережелері сондай-ақ оған қатысты қайтарудың оңайлатылған тәртібі қолданылған салық төлеушіге бюджеттен қайтарылған ҚҚС сомаларының дұрыстығын растау бойынша тексеру жүргізу кезінде қолданылады.";

      7, 12 және 13-тармақтар алынып тасталсын;

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. ҚҚС-ның асып кеткен сомасын қайтаруды салық органдары салықтық тексеру актісімен (оның ішінде жеткізушілермен өзара есеп айырысудың дұрыстығын растау үшін қарсы тексеру жүргізуге алынған, электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған жауаптар бойынша, тексерілетін салық төлеушінің жеткізушісі қарсы тексерулер жүргізу кезінде анықталған бұзушылықтарды жою фактісі бойынша, бұрын жіберілген сұрау салулар бойынша салық қызметі органынан алынған жауаптар негізінде мониторингке жататын ірі салық төлеушілер бойынша расталған ҚҚС сомасы бойынша) не актіге қорытындымен расталған, бірақ ҚҚС қайтару туралы талапта көрсетілген ҚҚС сомасы шегінде жүзеге асырады.";

      мынадай мазмұндағы 26-тармақпен толықтырылсын:

      "26. Салық кодексінің 274-бабы 2-тармағы 1) тармақшасының бесінші абзацына сәйкес ҚҚС асып кеткен сомасын, бірақ ҚҚС қайтару туралы талапта көрсетілген ҚҚС сомасынан аспайтын соманы салық төлеушіге қайтарған жағдайда, есептілік салық кезеңінің соңына өсу жиынтығымен декларация бойынша қалыптасқан қалған ҚҚС-ның асып кеткен сомасы, қайтаруға ұсынылған, соның ішінде оңайлатылған тәртіппен қайтарылған ҚҚС сомаларының дұрыстығын растау жөніндегі салықтық тексерудің нәтижесі бойынша салық заңнамасына сәйкес қайтарылуға жатады.

      Осындай тексерудің нәтижесі бойынша қайтарылуға жататын ҚҚС асып кету сомасы есепті салық кезеңінің аяғында декларация бойынша өсу жиынтығымен қалыптасқан және тексеру нәтижесі бойынша расталмаған ҚҚС сомасының арасындағы айырма ретінде, бірақ ҚҚС қайтару туралы талапта көрсетілген ҚҚС сомасынан асырмай айқындалады.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов