Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы өнеркәсіптің қорғаныс салалары ұйымдарының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациясы туралы келісімге қол қою туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қаңтардағы № 16 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы өнеркәсіптің қорғаныс салалары ұйымдарының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациясы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Бәкірұлы Атамқұловқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы өнеркәсіптің қорғаныс салалары ұйымдарының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациясы туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.11.2017 № 765 қаулысымен.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

С. Ахметов


  Жоба
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 21 қаңтардағы
№ 16 қаулысымен
мақұлданған

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының
Үкіметі арасындағы өнеркәсіптің қорғаныс салалары ұйымдарының
өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациясы туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі,

      Тараптар мемлекеттері өнеркәсібінің қорғаныс салалары ұйымдарының экономикалық, өндірістік және ғылыми-техникалық ынтымақтастығы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай негізгі терминдер мен анықтамалар қолданылады:

      әскери мақсаттағы өнім – қару-жарақ, әскери техника, әскери мақсаттағы құжаттама, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер, зияткерлік қызмет нәтижелері, оның ішінде оларға айрықша құқықтар (зияткерлік меншік) және әскери саладағы ғылыми-техникалық ақпарат, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында әскери мақсаттағы өнімге жатқызылатын кез келген басқа да өнім;

      қосарлы мақсатта қолданылатын тауарлар – азаматтық мақсаттарда пайдаланылатын, бірақ өз ерекшеліктері мен қасиеттеріне байланысты жаппай қырып-жою (жою) қаруын, оны жеткізу құралдарын, қару-жарақ пен әскери техниканың өзге де түрлерін жасау мақсаттарында пайдаланылуы мүмкін шикізат, материалдар, жабдық, технологиялар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер;

      өнеркәсіптің қорғаныс салаларының ұйымдары – Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес қару-жарақты, арнайы және әскери техниканы әзірлеуге, жасауға, оны жолға қоюға, монтаждауға, жөндеуге және жаңартуға қатысты тиісті қызмет түріне құқығы бар ұйымдар және әскери мақсаттағы өнімге және (немесе) қосарлы мақсатта қолданылатын тауарларға қатысты сыртқы сауда қызметіне құқық алған ұйымдар.

2-бап

      Тараптар өнеркәсіптің қорғаныс салалары ұйымдарының арасында өзара тиімді негізде өндірістік және ғылыми-техникалық кооперацияны мынадай:

      әскери мақсаттағы өнімді, сондай-ақ қосарлы мақсатта қолданылатын тауарларды әзірлеу, жасау, оны жолға қою, монтаждау, жаңарту және жөндеу;

      әскери-техникалық мақсаттағы қызметтер көрсету;

      өз мұқтаждықтары үшін әскери мақсаттағы өнімді, сондай-ақ қосарлы мақсатта қолданылатын тауарларды әзірлеу, жасау, оны жолға қою, монтаждау, жаңарту және жөндеу үшін қажетті материалдарды, жартылай фабрикаттарды, жинақтаушы бұйымдарды, оқу мүлкін және қосалқы мүлікті беруді жүзеге асыру салаларында сақтайды және дамытады.

3-бап

      Әскери мақсаттағы өнімді немесе қосарлы мақсатта қолданылатын тауарларды әзірлеу, жасау, оны жолға қою, монтаждау, жаңарту және жөндеу, сондай-ақ әскери-техникалық мақсаттағы қызметтер көрсету үшін қажетті материалдарды, жартылай фабрикаттарды, жинақтаушы бұйымдарды, басқа да материалдық ресурстарды өзара беру келісімшарттар (шарттар) негізінде жасалатын келісілген тізбелерге сәйкес жүзеге асырылады. Тізбелерден үзінді көшірмелер осы Келісімнің шеңберінде берілетін өнімді Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік шекаралары арқылы өткізу үшін негіз болып табылады.

      Өнім беруді жүзеге асыратын және (немесе) әскери-техникалық мақсаттағы қызметтер көрсететін ұйымдардың тізімдерін, өнімнің номенклатурасы мен көлемін қамтитын көрсетілген тізбелер жыл сайын Тараптардың уәкілетті органдарының келісуіне жатады.

      Әскери мақсаттағы өнімді немесе қосарлы мақсатта қолданылатын тауарларды әзірлеу, жасау, оны жолға қою, монтаждау, жаңарту және жөндеу, сондай-ақ әскери-техникалық мақсаттағы қызметтер көрсету үшін қажетті материалдарға, жартылай фабрикаттарға, жинақтаушы бұйымдарға, басқа да материалдық ресурстарға тапсырыс беру кезінде бір Тарап мемлекеті өнеркәсібінің қорғаныс салалары ұйымының келісімшарт жасаушы агенті ретінде екінші Тарап мемлекеті өндірісінің азаматтық саладағы кәсіпорны бола алады.

      Осы Келісімнің шеңберінде берілетін өнім квоталауға және лицензиялауға жатпайды.

4-бап

      Өзара есеп айырысулар Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес келісімді бағалар бойынша жүзеге асырылады.

      Келісімшарттарды (шарттарды) жасасқан Тараптар мемлекеттері өнеркәсібі қорғаныс салаларының ұйымдары оларды орындау үшін жауапты болады.

5-бап

      Тараптардың осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдары:

      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;

      Беларусь тарапынан – Беларусь Республикасының Мемлекеттік әскери-өнеркәсіп комитеті болып табылады.

      Уәкілетті органдардың атауы немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 23.11.2017 № 765 қаулысымен.

6-бап

      Өнім беруші Тарап мемлекеті уәкілетті органының алдын ала жазбаша келісімінсіз осы Келісімнің шеңберінде берілетін өнім тікелей кері экспорттауға және үшінші елдерге, оның ішінде шетелдік жеке, заңды тұлғаларға немесе халықаралық ұйымдарға беруге жатпайды.

      Осы Тарап мемлекеті өнеркәсібінің қорғаныс салалары ұйымының өндірістік қызметі нәтижесінде алынған әскери мақсаттағы басқа да өнімнің не қосарлы мақсатта қолданылатын тауарлардың құрамындағы өнімді екінші Тарап мемлекетінің шегінен тысқары жерлерге шығару жағдайында өнім беруші Тарап мемлекеті уәкілетті органының келісімі талап етілмейді.

      Тараптар әрбір Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес, сондай-ақ Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес осы Келісім шеңберінде берілген немесе құрылған зияткерлік меншікті және оны іске асыру жөніндегі кейінгі уағдаластықтарды қорғауды қамтамасыз етеді және оны санкциясыз пайдалануды болдырмау жөнінде шаралар қолданады.

7-бап

      Осы Келісім шеңберінде берілетін өнімнің сапасын бақылауды және оны қабылдауды Тараптар мемлекеттерінің әскери өкілдіктері осы өнімді шығаратын Тарап мемлекетінің нормативтік құқықтық актілеріне, техникалық және технологиялық құжаттамасына сәйкес өнеркәсіптің қорғаныс салалары ұйымдарында жүзеге асырады.

      Азаматтық кәсіпорындарда өнімді дайындау кезінде осы өнімнің сапасын бақылау және оны қабылдау осы өнімді шығаратын Тарап мемлекетінің техникалық реттеу (нормалау және стандарттау) саласындағы нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

8-бап

      Осы Келісімнің шеңберінде алынған ақпаратты әрбір Тарап тек оны іске асыру мақсатында ғана пайдаланады және үшінші тарапқа тек Тараптар мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелерінде көзделген жағдайларда және көлемде берілуі мүмкін.

      Өзге жағдайларда үшінші тарапқа ақпаратты беру осындай ақпаратты берген Тараппен жазбаша келісу бойынша жүзеге асырылады.

      Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда осы бапта көзделген Тараптардың міндеттемелері өз күшінде қалады.

9-бап

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттар және өзге де халықаралық міндеттемелер бойынша Тараптар мемлекеттерінің құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап

      Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулы мәселелерді Тараптар консультациялар және келіссөздер арқылы шешеді.

11-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын, жеке хаттамалармен ресімделетін, осы Келісімнің 12-бабына сәйкес күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Кез келген Тарап екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда бұл туралы алдын ала хабардар ете отырып, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келісім екінші Тарап осындай жазбаша хабарламаны алған күннен бастап алты ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.

      Осы Келісімнің қолданысын тоқтату оларға қатысты өзге де жазбаша уағдаластық бар болған жағдайларды қоспағанда, бұрын осы Келісімнің шеңберінде басталған Тараптар мемлекеттері өнеркәсібінің қорғаныс салалары ұйымдарының арасындағы келісімшарттардың (шарттардың) орындалуына әсер етпейді.

      20__ жылғы "___" __________ ________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.


Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін

Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін