30.04.2013

Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру туралы

      26.02.2021 редакциясында

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 30 сәуірдегі № 436 қаулысы.



      Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру туралы


      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес құрамда Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ереже бекітілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

С. Ахметов


      Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 30 сәуірдегі
№ 436 қаулысымен
бекітілген

      Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мәселелері
жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы
ереже
1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      2. Комиссияның міндеттері, функциялары және құқықтары

      3. Комиссияның негізгі міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу мен орындаудың мемлекетішілік тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      2) халықаралық шарттарды жасасу бойынша жоспарлауды қамтамасыз ету;

      3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуын бақылау және мониторингілеу жүйелерін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

      4. Комиссияның негізгі функциялары:

      1) халықаралық шарттарды жасасудың ағымдағы және перспективалық жоспарларының жобаларын мақұлдау;

      2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын түгендеу мәселелерін қарау және олар бойынша ұсынымдар әзірлеу;

      3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасуға және/немесе орындауға, сондай-ақ жариялауға қатысты проблемалық мәселелерді қарау;

      4) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мониторингілеумен байланысты мәселелерді қарау;

      5) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша ұсынымдарды Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізу болып табылады.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 21.05.2014 № 513 қаулысымен.

      5. Өзінің міндеттері мен функцияларына сәйкес Комиссияның:

      1) Қазақстан Республикасының Үкіметіне халықаралық шарттар мәселелері бойынша ұсыныстар енгізуге;

      2) мемлекеттік органдардың өкілдерін Комиссия отырыстарына шақыруға және тыңдауға;

      3) Қазақстан Республикасының Парламентімен және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасауға;

      4) Комиссияның міндеттері мен функцияларын іске асыруға қажетті материалдарды мемлекеттік органдардан заңнамада белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;

      5) Комиссияға жүктелген міндеттер мен функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құқықтарға құқығы бар.

      3. Комиссия қызметін ұйымдастыру

      6. Комиссияның қызметіне төраға басшылық етеді.

      Төраға Комиссияның отырыстарына төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады. Төрағаны қоса алғанда, Комиссияның әрбір мүшесі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Комиссияның қызметі үшін дербес жауапты болады.

      Комиссияның төрағасы болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары атқарады.

      7. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      Жұмыс органы Комиссия жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар комиссия отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса Комиссия мүшелеріне жіберілуі тиіс.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      8. Комиссия отырысы өткізілгеннен кейін Комиссия хатшысы хаттама ресімдейді. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      9. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      10. Комиссияның отырыстары жылына кемінде екі рет өткізіледі. Отырыстың күн тәртібін, сондай-ақ оның өткізілу күнін, уақыты мен орнын Комиссияның төрағасы айқындайды.

      11. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      12. Комиссияның отырысы Комиссияның барлық мүшелері оған қатысқан кезде заңды болып саналады. Комиссияның мүшесін осы мемлекеттік органда тең дәрежелі лауазымды иеленетін адамға ауыстыруға жол беріледі.

      13. Комиссияның шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оларға комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру Комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрылуы, қызметі және таратылуы қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен жүргізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      Комиссия мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, оны білдірген жағдайда жазбаша түрде жазылуға және Қағидалардың 29-тармағында көзделген Комиссияның анықтама-есебіне қоса берілуге тиіс.

      Комиссия отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтарының негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.

      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, Комиссия хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын Комиссия мүшелеріне келісу үшін жібереді.

      Комиссия мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      14. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      14-1. Дауыс беру парақтарымен қоса Комиссия материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды Комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.

      Ескерту. Ереже 14-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      4. Комиссия қызметін тоқтату

      15. Комиссия өз қызметін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде тоқтатады.

      Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 30 сәуірдегі
№ 436 қаулысына
қосымша

      Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамы

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.09.2014 N 970 қаулысымен; өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.12.2018 № 891; 26.02.2021 № 98; 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

            Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, төраға

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Халықаралық құқық департаментінің бірінші хатшысы, хатшы

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары (келісім бойынша)

            Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бірінші орынбасары (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары (келісу бойынша)

      Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі

      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары

            Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі

      Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі

            Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі

            Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі

            Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Халықаралық құқық департаментінің директоры

            Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының құрылымдық бөлімшесі меңгерушісінің орынбасары

      Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының құрылымдық бөлімшесінің бас сарапшысы


Дата вступления в силу:  30.04.2013
Дата изменения акта:  17.03.2023
Дата принятия акта:  30.04.2013
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  103000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  436
Статус акта:  upd
Сфера правоотношений:  001005002000 / 032003000000
Форма акта:  ПОЛ / ПОСТ
Юридическая сила:  1000
Язык акта:  kaz