"Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1118 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 13 наурыздағы № 233 қаулысы

      «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1118 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 41, 530-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі туралы ереже осы қаулыға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2013 жылғы 13 наурыздағы
№ 233 қаулысына    
қосымша        

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2004 жылғы 28 қазандағы
№ 1118 қаулысымен  
бекітілген      

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі туралы
ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі сыртқы саяси қызмет саласындағы басшылықты жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарының бірыңғай жүйесін басқаратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мынадай ведомстволары бар:
      1) Халықаралық ақпарат комитеті;
      2) Сыртқы саяси талдау және болжамдау комитеті.
      3. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық органдарында және банктерде шоттары болады.
      5. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға, құқығы бар.
      7. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 010000, Астана қаласы, Дінмұхамед Қонаев көшесі, 31.
      10. Мемлекеттік органның толық атауы – «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі» мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне кәсіпкерлік субъектілерімен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің миссиясы,
негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің миссиясы:
      Қазақстан Республикасының егемендiгiн, қауiпсiздiгiн, аумақтық тұтастығын және шекараларының мызғымастығын, оның басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынастардағы және халықаралық аренадағы саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерін дипломатиялық құралдармен және әдістермен қорғауды қамтамасыз ету.
      15. Міндеттері:
      1) Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының тұжырымдамасын және негізгі бағыттарын әзірлеу және Қазақстан Республикасының Президентіне және Үкіметіне тиісті ұсыныстар беру;
      2) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын іске асыру, Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық саясатын жүзеге асыруға және халықаралық беделін нығайтуға жәрдемдесу;
      3) Қазақстан Республикасының, оның азаматтарының және заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін шет елде қорғау;
      4) Қазақстан Республикасының халықаралық бейбітшілікті, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерін дипломатиялық құралдармен және әдістермен іске асыру;
      5) Қазақстан Республикасының егемендігін, қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын және шекараларының мызғымастығын, басқа мемлекеттермен және халықаралық аренадағы қарым-қатынастарында оның саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерін дипломатиялық құралдармен және әдістермен қорғауды қамтамасыз ету;
      6) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси және сыртқы экономикалық стратегиясы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті үшін ұсыныстар әзірлеу және Президенттің халықаралық бастамаларын іске асыру;
      7) Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен дипломатиялық және консулдық қарым-қатынастарын жүзеге асыру;
      8) шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының бірыңғай саяси сыртқы және экономикалық бағытын және инвестициялық саясатын жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының басқа да орталық мемлекеттік органдарының халықаралық қызметін үйлестіру;
      9) әлемдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға, шет мемлекеттердің сыртқы және ішкі саясатына, халықаралық ұйымдардың қызметіне талдау жасау және Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарын қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету.
      16. Функциялары:
      орталық аппараттың функциялары:
      1) шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік ету;
      2) Қазақстан Республикасы халықаралық саясатының стратегиясын іске асыру;
      3) келіссөздер жүргізуді және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасуды ұйымдастыру;
      4) халықаралық шарттарды жасасу, орындау, өзгерту, олардың қолданысын тоқтата тұру және тоқтату туралы ұсыныстар дайындау, оларды белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Үкіметінің қарауына енгізу;
      5) Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастары мәселелері бойынша белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламентіне және Үкіметіне ұсыныстар мен ұсынымдар беру;
      6) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдардың, конференциялардың, кеңестердің, форумдардың қызметіне қатысуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастықтың мүшесі ретінде жаһандық және өңірлік проблемаларды шешудегі рөлін арттыруға жәрдемдесу;
      7) Қазақстан Республикасының басқа елдермен парламентаралық байланыстарын жүзеге асыруға жәрдемдесу;
      8) Қазақстан Республикасының аумағында және шет елдерде халықаралық-құқықтық нормалармен және Қазақстан Республикасының заңнамасымен регламенттелген консулдық функцияларды жүзеге асыру;
      9) шет елдер тұратын отандастармен байланыстарды және қарым-қатынасты дамытуға жәрдемдесу;
      10) өз құзыреті шегінде босқын деп танылған адамның шыққан елінде тұратын туыстары туралы ақпарат алуына жәрдемдесу;
      11) Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктерінің және консулдық мекемелердің жұмыс істеуіне жәрдемдесу, өз құзыреті шегінде оларға қызмет көрсететін ұйымдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыру;
      12) Қазақстан Республикасының су ресурстары мен қоршаған ортаны халықаралық қорғау және ұтымды пайдалану, Дүниежүзілік мұхит ресурстарын игеру, ғарыш кеңістігін зерттеу саласындағы мүдделерін қамтамасыз етуге қатысу;
      13) Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын, оның қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігін, құқық тәртібін қорғауды қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен сауда-экономикалық, қаржы, ғылыми және ғылыми-техникалық, мәдени, сондай-ақ өзге де байланыстарын дамыту мен кеңейту жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге қатысу;
      14) өз құзыреті шегінде аштыққа және артта қалушылыққа, халықаралық терроризмге, діни және саяси экстремизмге, ұйымдасқан қылмысқа және есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсас заттардың, прекурсорлардың және қару-жарақтың заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар зардаптарын жою жөніндегі халықаралық акцияларға қатысу;
      15) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының транзиттік-көліктік әлеуетін тиімді пайдалануға жәрдемдесу және энергетика мен мұнай-газ салаларында Қазақстан Республикасының әлемдік қоғамдастықпен ынтымақтастығы жөніндегі бірыңғай мемлекеттік саясатты әзірлеуге және жүргізуге қатысу;
      16) өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;
      17) инвестициялық ахуалдың жақсаруына жәрдемдесу және халықаралық нарықтарда Қазақстан Республикасының оң имиджін қалыптастыру;
      18) мемлекеттік бағдарламаларды, басым жобаларды іске асыру үшін тікелей қаржы ресурстарын, оның ішінде халықаралық экономикалық және қаржы ұйымдары ұсынатын қарыздар мен гранттар есебінен тартуға қатысу;
      19) қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді халықаралық нарыққа ілгерілетуге жәрдемдесу;
      20) Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастар саласындағы заңнамасын жетілдіру, оны Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келтіру жөнінде ұсыныстар дайындау;
      21) өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, бекіту;
      22) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын тіркеудің, есепке алудың және сақтаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
      23) шет елде Қазақстан Республикасының сыртқы және ішкі саясаты, елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани өмірі туралы ақпарат таратуға жәрдемдесу;
      24) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын, бұқаралық ақпарат құралдарын Қазақстан Республикасының халықаралық жағдайы мен сыртқы саясаты туралы хабардар ету;
      25) Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттар депозитарийінің функцияларын жүзеге асыру;
      26) Қазақстан Республикасының мемлекетішілік және халықаралық іс-шараларын протоколдық-ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асыру;
      27) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарды орындау жөніндегі Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметін жалпы қадағалау мен үйлестіруді жүзеге асыру;
      28) мемлекетішілік және халықаралық іс-шараларды өткізу кезінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының мемлекеттік протоколды сақтауы бойынша үйлестіруді жүзеге асыру;
      29) дипломатиялық және консулдық артықшылықтар мен иммунитеттердің сақталуын қамтамасыз ету;
      30) Қазақстан Республикасының құрметті (штаттан тыс) консулдарының функциялары мен өкілеттіктерін белгілеу;
      31) халықаралық шарттарды жасасудың сыртқы саясат тұрғысынан орындылығы туралы қорытындылар беру;
      32) Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеті бар халықаралық шарттар ережелерінің, сондай-ақ халықаралық шарттар жобаларының Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және өзге де міндеттемелеріне сәйкестігі туралы және олардың күшіне енуі мен орындалуына байланысты басқа да мәселелері бойынша қорытындылар беру;
      33) Қазақстан Республикасы жасасатын халықаралық шарттардың түрлерін айқындау;
      34) халықаралық шарттарды жасасу мәселелері бойынша шет мемлекеттермен немесе халықаралық ұйымдармен қатынаста болу;
      35) өкілеттік сертификатын ресімдеу жолымен халықаралық шарттарды жасасуға қатысты актілерді жасауға өкілеттіктерді растау;
      36) «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені» жинағында, Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми басылымдарында жариялау үшін Қазақстан Республикасының күшіне енген халықаралық шарттарын ұсыну;
      37) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын халықаралық ұйымдардың тиісті органдарында тіркеуді жүзеге асыру;
      38) ратификациялық грамоталар, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын ратификациялау, бекіту немесе қабылдау туралы құжаттар алмасуды не осындай грамоталарды ратификациялау, бекіту, қабылдау немесе оған қосылу туралы құжаттарды депозитарийге сақтауға өткізуді жүзеге асыру, халықаралық шарттардың қолданысын тоқтату, тоқтата тұру не олардың күшін жою туралы құжаттарды жіберу не осы функцияны Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктеріне немесе Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктеріне тапсыру;
      39) Қазақстан Республикасының Президенті белгілейтін тәртіппен Қазақстан Республикасының дипломатиялық және қызметтік паспорттарын беру, есепке алу, сақтау және жою;
      40) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы Президентінің шет мемлекеттердің басшыларымен уағдаластықтарын іске асыруды қамтамасыз ету;
      41) шет елде тиісті іс-шараларды ұйымдастыруға шетелдік инвестициялар мен технологияларды тарту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары мен ұйымдарына жәрдемдесу;
      42) Қазақстан Республикасының елдік және әлемдік экономиканың даму саласындағы мүдделі мемлекеттік органдары мен ұйымдары үшін ұсыныстар және ұсынымдар әзірлеу;
      43) Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты саласында талдамалық зерттеулер жүргізу;
      44) Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын тиімді іске асыру мақсатында халықаралық аренада болып жатқан үдерістер мен оқиғаларды болжауды жүзеге асыру;
      45) Қазақстан Республикасының заңдарында, Президентінің және Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру;
      46) халықаралық ұйымдарға, халықаралық шарттарды орындаушы органдар мен басқа да халықаралық органдарға ерікті жарналарды төлеудің саяси орындылығы туралы шешім қабылдау және олардың көлемін анықтау;
      47) дипломатиялық қызмет органдарының жүйесін және дипломатиялық қызметтің персоналын материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
      48) уәкілетті адамдарды Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге іссапарға жіберу мақсатында республикалық бюджетте «Шетелдік іссапарлар» бағдарламасы және «Сыртқы саяси қызметтерді үйлестіру жөніндегі қызметтер», «Мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау» және «Шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктердің арнайы, инженерлік-техникалық және физикалық қорғалуын қамтамасыз ету» бағдарламаларының 162-ерекшелігі бойынша көзделген қаражатты пайдалану қағидаларды бекіту;
      ведомстволардың функциялары:
      1) сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар саласындағы қолданбалы және іргелі сипаттағы талдамалық зерттеулер жүргізу;
      2) халықаралық жағдайдың мониторингі және экономика мен саясаттағы, ұлттық және халықаралық қауіпсіздік саласындағы әлемдік жаһандық трендтерді анықтау;
      3) мақсатты мемлекеттер мен өңірлердің мамандандырылған зерттеулерін жүргізу;
      4) сыртқы саяси үдерістерді модельдеу, дағдарыстық жағдайларды болжамдау және практикалық қарсы шаралар әзірлеу;
      5) негізгі шетелдік әріптестермен ғылыми және сараптамалық байланыстарды дамытуды қамтамасыз ету;
      6) Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының тұжырымдамасы бойынша талдау жүргізу және тиісті ұсыныстар әзірлеу;
      7) әлемдегі жағдайдың күн сайынғы мониторингі және дайджест дайындау;
      8) Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің жедел ақпаратын жалпылау;
      9) халықаралық күн тәртібіндегі неғұрлым өзекті проблемаларға түсіндірмелер дайындау;
      10) Қазақстан Республикасының сыртқы және ішкі саясаты, елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани өмірі туралы ақпарат таратуға жәрдемдесу;
      11) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын, бұқаралық ақпарат құралдарын Қазақстан Республикасының халықаралық жағдайы мен сыртқы саясаты туралы хабардар ету;
      12) Қазақстан Республикасының халықаралық аренадағы оң имиджін қалыптастыруға, арттыруға және нығайтуға бағытталған тұжырымдамаларды, мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламаларды, жобаларды іске асыру;
      13) Қазақстан Республикасының оң имиджін қалыптастыру мақсатында өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының сыртқы және iшкi саясаты, саяси, экономикалық, әлеуметтік, гуманитарлық, сондай-ақ өзге де қызмет салаларындағы жетiстiктерi туралы ақпаратты тарату саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
      14) мемлекетiмiздiң оң имиджін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының сыртқы және iшкi саясаты, саяси, экономикалық, әлеуметтік, гуманитарлық, сондай-ақ өзге де қызмет салаларындағы жетiстiктерi туралы ақпаратты тарату мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының министрліктерімен және ведомстволарымен, үкiметтiк емес ұйымдармен, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарымен (бұдан әрі – БАҚ), талдамалық орталықтармен, рейтингтік агенттіктермен өзара іс-қимыл жасау;
      15) өз құзыреті жататын мәселелер бойынша ақпараттық-насихаттау іс-шараларын жүзеге асыру;
      16) өз құзыретi шегінде ақпараттық-талдамалық материалдарды дайындау, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ғылыми-әдiстемелiк көмек көрсету;
      17) шет елде Қазақстан Республикасының оң имиджін нығайту мақсатында имидждік материалдар мен өнімдер әзірлеу;
      18) отандық БАҚ-тың материалдарын мониторингілеу және талдау, Министрлiктiң басшылығын, құрылымдық бөлiмшелерiн және шет елдердегі мекемелерді хабардар етуді ұйымдастыру, дайджест шығару;
      19) шет елдердегі мекемелерден, шетелдік контрәріптестерден түсетін шетелдік БАҚ материалдарын мониторингілеу мен талдау және Министрлiктiң басшылығын, құрылымдық бөлімшелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын тиісті түрде хабардар ету;
      20) шет елде Бағдарламалық құжаттарды (Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы және басқалар) түсіндіру бойынша ақпараттық науқандар ұйымдастыру;
      21) ақпараттық-имидждік жобаларды іске асыру бойынша контрәріптестермен, мемлекеттік органдармен, ұлттық компаниялармен өзара іс-қимыл жасау;
      22) Қазақстан Республикасының экономикалық, мәдени-тарихи, аумақтық-географиялық, зияткерлiк әлеуетінің имиджін ілгерілету жөніндегі жобаларды әзірлеу;
      23) шет елде халықаралық іс-шараларды ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз ету;
      24) ақпараттық-имидждік саясаттың жекелеген бағыттарын iске асыру бойынша шетелдік БАҚ-пен, консалтингтік компаниялармен, пиар-агенттiктермен өзара іс-қимыл жасау;
      25) Министрлiк басшылығына Қазақстан Республикасының имиджін жақсарту бойынша ұсынымдар әзірлеу;
      26) Министрлiк қызметiн БАҚ-тар жариялауды қамтамасыз ету;
      27) БАҚ-пен ағымдағы өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз ету;
      28) шет елде жарияланатын Қазақстан туралы оң материалдарды отандық БАҚ-тарда тұрақты түрде жариялау;
      29) Министрлiк веб-сайтының жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
      30) шет мемлекеттердің бұқаралық ақпарат құралдарының тiлшiлерi мен басқа да өкiлдерiн аккредиттеу;
      31) іс-шара бағдарламасына сәйкес ресми халықаралық іс-шаралар шеңберінде журналистер делегацияларымен жұмыс істеу;
      32) Министрлiктің бейне және фото мұрағатын қалыптастыру;
      33) ақпараттық-имидждік жұмысты жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерiнiң ақшалай қаражатын бөлу жөнінде ұсыныстар дайындау.
      17. Құқықтары мен міндеттері:
      1) Министрліктің өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру және өзінің функцияларын жүзеге асыру үшін заңнамада белгіленген тәртіппен:
      2) өз құзыреті шегінде орындау үшін міндетті нормативтік құқықтық актілер қабылдауға;
      3) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпаратты және материалдарды заңнамада белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;
      4) қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

3. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қызметін
ұйымдастыру

      18. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне басшылықты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлiгiнiң бiрiншi басшысы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып табылады.
      19. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бірінші басшысын Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары, оның ішінде бір бірінші орынбасары болады.
      21. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) өз құзыреті шегінде шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынаста Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді;
      2) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Министрліктің атынан өкілдік етеді;
      3) өзінің орынбасарларының міндеттері мен өкілеттігін айқындайды;
      4) еңбек қатынастарының мәселелері Министрдің құзыретіне жатқызылған дипломатиялық қызмет персоналын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      5) еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың, сондай-ақ жауапты хатшының құзыретіне жатқызылған персоналды, қоспағанда, заңнамада белгіленген тәртіппен дипломатиялық қызмет персоналын көтермелейді және тәртіптік жазалар қолданады;
      6) дипломатиялық қызмет органдарының кадрларға қажеттілігін айқындайды;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
      22. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгiлейдi.
      23. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің аппаратын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ұсынуы бойынша және Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын жауапты хатшы басқарады.

4. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің
мүлкі

      24. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.
      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мүлкі оған мемлекет берген мүліктің есебінен қалыптастырылады және негізгі қорлар мен айналымдық қаражаттан, сондай-ақ құны Министрлік теңгерімінде көрініс табатын өзге де мүліктен тұрады.
      25. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне бекiтiлген мүлік республикалық меншікке жатады.
      26. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі өзіне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлiктi өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігін қайта
ұйымдастыру және тарату

      27. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің
қарамағындағы ұйымдардың тiзбесi

      1. «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Шаруашылық басқармасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.
      2. «Астана дипломатиялық корпусына қызмет көрсету жөніндегі басқарма» акционерлік қоғамы.