14.12.2012

Арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған адамдарға зейнеткерлікке шыққан кезде әлеуметтік қамсыздандыруды, барлық жеңілдіктер мен артықшылықтарды сақтау қағидаларын бекіту туралы

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметі және сыныптық шендер, әскери және арнаулы атақтар беру, әскери қызметшiлердiң және өзге де мемлекеттiк органдар қызметкерлерiнiң нысанды киiм киiп жүру құқығы мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған адамдарға зейнеткерлікке шыққан кезде әлеуметтік қамсыздандыруды, барлық жеңілдіктер мен артықшылықтарды сақтау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

С. Ахметов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 14 желтоқсандағы
№ 1597 қаулысымен
бекітілген

Арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған адамдарға зейнеткерлікке шыққан кезде әлеуметтік қамсыздандыруды, барлық жеңілдіктер мен артықшылықтарды сақтау қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған адамдарға зейнеткерлікке шыққан кезде әлеуметтік қамсыздандыруды, барлық жеңілдіктер мен артықшылықтарды сақтау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметі және сыныптық шендерді, әскери және арнаулы атақтар беру, әскери қызметшiлердiң және өзге де мемлекеттiк органдар қызметкерлерiнiң нысанды киiм киiп жүру құқығы мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және жойылу сәтінде арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иеленген, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған адамдарға зейнеткерлікке шыққан кезде әлеуметтік қамсыздандыруды, барлық жеңілдіктер мен артықшылықтарды сақтау тәртібін анықтайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар қолданылады:

      1) ақшалай үлестің белгіленген мөлшері – арнаулы атақтар және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқығы жойылу сәтінде белгіленген ақшалай қаражат пен қызмет атқарудың ерекше жағдайлары үшін үстемеақылардан тұрады;

      2) ақшалай қаражаттың белгіленген мөлшері – арнаулы атақ және сыныптық шенді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқығы жойылу сәтінде белгіленген айлықақыдан және арнаулы атағы немесе сыныптық шені үшiн қосымша ақыдан құралады;

      3) белгіленген лауазымдық айлықақы – арнаулы атақтар және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқығы жойылу сәтінде белгіленген лауазымдық айлықақының мөлшері;

      4) белгіленген арнаулы атақ немесе сыныптық шен - арнаулы атақтар және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқығы жойылу сәтіндегі құқық қорғау органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің арнаулы атағы немесе сыныптық шені;

      5) қызметті өткерудің шекті жасы - құқық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің құқық қорғау қызметінде болудың шекті жасына сай келетін арнаулы атақтар және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқығы жойылу сәтінде белгіленген арнаулы атағы, сыныптық шені бойынша жасы.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2014.10.27 № 1140 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Қағидалар арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған және құқық қорғау органдарында, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет мемлекеттік әкімшілік немесе азаматтық қызметшілер лауазымдарында жұмыс істеуін жалғастырып отырған адамдарға қолданылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2014.10.27 № 1140 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған адамдар жойылу сәтінде соңғы қызмет атқарған жері бойынша құқық қорғау органдарында, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет зейнеткерлікке шыққан кезде қызметкердің Т.А.Ә. лауазымын, атағын, ақшалай үлесін, әлеуметтік қамсыздандыруын, барлық жеңілдіктер мен артықшылықтарды міндетті түрде көрсете отырып, жетекшінің немесе уәкілетті жетекшінің тиісті бұйрығын шығару арқылы міндетті тіркелуге жатады.

      Арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған адамдар Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер лауазымдарының санаттары бойынша тізілімінде, еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдары бекітетін азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімінде көзделген мемлекеттік әкімшілік немесе азаматтық қызметшілерге арналған тиісті санаттардағы лауазымдарға тағайындалады.

      Кадр қызметі жетекшінің немесе уәкілетті жетекшінің бұйрығы негізінде тіркеу туралы анықтаманың екі данасын (бір данасы арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған адамға, екіншісі – оның жеке ісіне беріледі) Қағидаларға қосымшаға сәйкес толтырады.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2014.10.27 № 1140 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.12.2015 № 988 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

2. Арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған адамдарға зейнеткерлікке шыққан кезде әлеуметтік қамсыздандыруды, барлық жеңілдіктер мен артықшылықтарды сақтау тәртібі

      5. Арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған адамдардың заңнамаға сәйкес мынадай:

      1) арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқығы жойылу сәтінде республикалық бюджет туралы заңмен айқындалған мөлшерде тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге арналған ақшалай өтемақыға;

      Арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, нысанды киім киіп жүру құқығы жойылу сәтінде көрсетілген ақшалай өтемақыны төлеу, егер тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге арналған ақшалай өтемақы құқығы жойылу сәтінде төленген жағдайда, жүзеге асырылады;

      2) зейнетақы тағайындаған кезде есепке алынатын еңбек сіңірген жылдарына (күнтізбелік есептеуге) байланысты жыл сайынғы еңбек демалысына қосымша ақылы демалысқа:

      он жылдан аса еңбек сiңiрген жылдары барларға – ұзақтығы күнтізбелік бес күн;

      он бес жылдан аса еңбек сiңiрген жылдары барларға – ұзақтығы күнтізбелік он күн;

      жиырма жылдан аса еңбек сiңiрген жылдары барларға – ұзақтығы күнтізбелік он бес күн;

      3) шұғыл әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешуге, сондай-ақ өзге де дәлелді себептермен демалысты өткізу орнына бару және кері қайту уақытын есепке алмағанда, күнтізбелік он күнге дейін қысқа мерзімді ақылы демалысқа;

      4) демалысты өткізу орнына бару және кері қайту үшін жыл сайынғы еңбек демалысына қосымша күндерге.

      Жол жүруге арналған уақыт демалыстың бiр бөлігіне ғана берiледi.

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өздерімен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық және санаторийлік-курорттық қызмет көрсетілуіне;

      6) кезеңі "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 65-бабында белгіленген мерзімнен аспауы тиіс еңбекке жарамсыздықтың бірінші күнінен бастап, еңбек қабілеті қалпына келген күнге дейін уақытша еңбекақының жүз пайыз мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы алуға;

      7) құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін заңнамада көзделген тұрғын үй құқықтарына;

      8) қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мертігу, жаралану (контузия алу), жарақаттану, ауыру нәтижесінде мүгедектік белгіленген кезде:

      бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға – отыз айлық ақшалай қаражат;

      екінші топтағы мүгедектігі бар адамға – он сегiз айлық ақшалай қаражат;

      үшінші топтағы мүгедектігі бар адамға – алты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтемақыға;

      9) қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мүгедектiкке соқтырмаған ауыр жарақаттанған (жараланған, мертіккен, контузия алған) жағдайда бiр жарым айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде, жеңiл жарақаттанған жағдайда жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтемақыға;

      10) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының кодексінің 156-бабы 1-тармағының 8-2) тармақшасына сәйкес салық салуға құқығы бар.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 10.12.2015 № 988 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.10.2022 № 850 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      6. Арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған адамдар қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) немесе атқаруы міндетті қызметтік міндеттерді атқару кезінде алған мертігу салдарынан қызметтен босағаннан кейiн бір жыл ішінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда асырауындағы адамдарға немесе мұрагерлерiне соңғы атқарған қызметi бойынша алпыс айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленеді.

      Қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, мертігу, жаралану (контузия алу), жарақаттану, ауыру нәтижесінде расталған мүгедектік кезінде, жарақаттану (жаралану), мертігу, контузия алу жағдайында біржолғы жәрдемақыны төлеу үшін ескерілетін ақшалай қаражат жағдай болу сәтінде айқындалады және мынадай:

      1) (мемлекеттік әкімшілік немесе азаматтық қызметші лауазымдық айлықақысы мөлшерінің белгіленген ақшалай қаражаттың мөлшерінен асқанға дейін) ақшалай қаражаттың белгіленген мөлшері;

      2) (мемлекеттік әкімшілік немесе азаматтық қызметші лауазымдық айлықақысының белгіленген ақшалай қаражаттың мөлшерінен асқан жағдайда) атқарып жүрген қызметінің айлықақысы болып қабылданады.

      7. Арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған адамдар белгіленген ақшалай үлестің белгіленген мөлшері және тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге арналған ақшалай өтемақының сомасынан төмен емес еңбекақыға құқылы, бұл ретте:

      1) егер мемлекеттік әкімшілік немесе азаматтық қызметші лауазымы бойынша лауазымдық жалақысы арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқығы жойылу сәтінде белгіленген лауазымдық жалақыдан төмен болса, көрсетілген адамдарды әкімшілік мемлекеттік немесе азаматтық қызметшілер лауазымына тағайындаған кезде соңғы лауазымдық айлықақысы сақталады.

      Мемлекеттік әкімшілік немесе азаматтық қызметшілердің айлықақысы көтерілген жағдайда:

      егер белгіленген лауазымдық айлықақы мемлекеттік әкімшілік немесе азаматтық қызметшілер лауазымдық айлықақысының мөлшерінен артуды ескере отырып жоғары болса, белгіленген лауазымдық айлықақы қайта есептеуге жатпайды;

      егер белгіленген лауазымдық айлықақы мемлекеттік әкімшілік немесе азаматтық қызметшілер лауазымдық айлықақысының мөлшерінен артуды ескере отырып төмен болса, мемлекеттік әкімшілік немесе азаматтық қызметшілер лауазымдық айлықақысы белгіленеді;

      2) егер мемлекеттік әкімшілік немесе азаматтық қызметшінің атқаратын лауазымы бойынша белгіленген үстемақылар мен қосымшаақыларды ескере отырып есептелген еңбекақы тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық төлемдерді төлеуге белгіленген ақшалай үлес пен ақшалай өтемақының бұрын алып отырған сомасынан төмен болған жағдайда еңбекақыдағы тиісті айырма төленеді;

      3) белгіленген лауазымдық айлықақыны сақтау туралы шешім тиісті құқық қорғау органы (мекеме), мемлекеттік фельдъегерлік қызмет басшысының бұйрығымен ресімделеді;

      4) сауықтыруға жәрдемақы екі лауазымдық мөлшерінде төленеді, бұл ретте:

      мемлекеттік әкімшілік немесе азаматтық қызметші лауазымдық айлықақысы олардың белгіленген лауазымдық айлықақысынан асқанға дейін белгіленген лауазымдық айлықақы;

      мемлекеттік әкімшілік немесе азаматтық қызметші айлықақысы лауазымдық айлықақының белгіленген мөлшерінен асқан жағдайда атқарып жүрген лауазымы бойынша лауазымдық айлықақы қабылданады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2014.10.27 № 1140 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған адамдарға еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалған кезде құқық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлері үшін заңнамада көзделген барлық жеңілдіктер мен артықшылықтар сақталады:

      1) алып тасталды - ҚР Үкіметінің 10.12.2015 № 988 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін:

      әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемiнде жиырма бес жыл еңбек сiңiрген және арнаулы атақты, сыныптық шенді алу, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған кезде тіркелген арнайы атағы, сыныптық шені бойынша құқық қорғау қызметінде болудың шекті жасына сәйкес келетін жасқа жеткен;

      әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемiнде жиырма бес жыл еңбек сiңiрген, штаттың қысқартылуына не өз еркіне не жұмысын жалғастыруға кедергі келтіретін денсаулық жағдайының салдарынан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеуiне байланысты қызметтен босатылған;

      жиырма бес және одан да көп жыл жалпы еңбек өтілі бар, оның кемiнде он екі жылын және алты айын үзіліссiз әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызмет, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет құрайтын және штаттың қысқартылуына не жұмысын жалғастыруға кедергі келтіретін денсаулық жағдайының салдарынан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеуіне байланысты қызметтен босатылған не арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған кезде тіркелген арнаулы атағы, сыныптық шені бойынша құқық қорғау қызметінде болудың шекті жасына сәйкес келетін жасқа жеткен адамдардың алуға құқығы бар;

      3) қызметтен шығарылған кезде мынадай мөлшерде біржолғы жәрдемақы төленеді:

      күнтізбелік 10 жылдан аспайтын еңбек сіңірген жылдары барларға, денсаулығының жағдайына, штаттың қысқартылуына байланысты – үш айлық ақшалай қаражат;

      күнтізбелік 10 жылдан жоғары еңбек сіңірген жылдары барларға және құқық қорғау органдарында, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметте болудың шекті жасына жеткендерге, денсаулығының жағдайына немесе штаттың қысқартылуына байланысты:

      10 жылдан 15 жылға дейін – төрт айлық ақшалай қаражат;

      15 жылдан 20 жылға дейін – бес айлық ақшалай қаражат;

      20 жылдан 25 жылға дейін – алты айлық ақшалай қаражат;

      25 жылдан 30 жылға дейін – жеті айлық ақшалай қаражат;

      30 жылдан жоғары – сегіз айлық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді;

      4) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері мен біржолғы жәрдемақы тағайындау үшін есепке алынатын ақшалай қаражатты айқындау кезінде:

      (мемлекеттік әкімшілік немесе азаматтық қызметші лауазымдық айлықақысы олардың белгіленген ақшалай қаржатынан асқанға дейін) ақшалай қаражаттың белгіленген мөлшері;

      (мемлекеттік әкімшілік немесе азаматтық қызметші лауазымдық айлықақысы ақшалай қаражаттың белгіленген мөлшерінен асқан жағдайда) қызметтен шығару сәтіндегі лауазымдық айлықақы қабылданады;

      5) құқық қорғау органдарында, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметте олардың шекті жасына жеткендердің қызметтен шығуына, денсаулық жағдайына немесе штаттың қысқартылуына байланысты біржолғы жәрдемақы мөлшері күнтізбелік есептеуде зейнетақыны тағайындау кезінде есепке алынатын еңбек сіңірген жылдарына байланысты анықталады.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 18.10.2013 № 1115 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2014.10.27 № 1140 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.12.2015 № 988 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      9. Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін есепке алынатын ақшалай қаражат мемлекеттік әкімшілік не азаматтық қызметтен босатылған күнгі соңғы қызмет атқарған орны бойынша тіркелген ақшалай қаражатты не лауазымдық жалақыны көрсете отырып, соңғы қызмет орны бойынша тиісті қаржы органының белгіленген үлгідегі анықтамасымен расталады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.12.2015 № 988 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      10. Арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған адамдарға еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындауды тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар соңғы қызмет орны бойынша жүзеге асырады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.12.2015 № 988 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. Арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған адамдарға құқық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет желісі бойынша еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық қызмет көрсету және санаторийлік-курорттық емделу құқығы сақталады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.12.2015 № 988 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      12. Арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған адамды жерлеу үшін олардың үш айлық ақшалай қаражаты, ал олардың қатарындағы зейнеткерлерге – үш айлық зейнетақы мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.

      Біржолғы ақшалай өтемақы төлеу үшін есепке алынатын ақшалай қаражатты анықтау кезінде: келесі жағдайда қабылданады:

      1) (мемлекеттік әкімшілік немесе азаматтық қызметші лауазымдық айлықақысы олардың белгіленген ақшалай қаражатынан асқанға дейін) ақшалай қаражаттың белгіленген мөлшері;

      2) (мемлекеттік әкімшілік немесе азаматтық қызметші лауазымдық айлықақысы ақшалай қаражаттың белгіленген мөлшерінен асқан жағдайда) қайтыс болу сәтіндегі лауазымдық айлықақысы қабылданады.

      13. Арнаулы атақтарды, сыныптық шендерді иелену және нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған адамдар қатарынан қайтыс болған еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылардың отбасы мүшелеріне асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалуына қарамастан: әйеліне (күйеуіне) асыраушысының еңбек сіңірген жылдары үшін үш айлық зейнетақысы мөлшерінде және отбасының еңбекке жарамсыз әрбір мүшесіне – оның қайтыс болған күніне қарай төленген асыраушысының еңбек сіңірген жылдары үшін айлық зейнетақы төлемінің мөлшерінде біржолғы жәрдемақылар төленеді.

      Осы тармақта көзделген біржолғы жәрдемақы мөлшерін анықтау кезінде жәрдемақы алуға құқығы бар отбасы мүшелерінің қатарына:

      жасы мен еңбекке қабілеттілігіне қарамастан жұбайы (зайыбы);

      18 жасқа толмаған немесе бұл жастан асқан балалар, егер олар 18 жасқа толғанға дейін мүгедектігі бар адам болып қалса, асыраушысы қайтыс болған күні күндізгі оқу орындарының білім алушылары болса және 23 жасқа толмаған болса;

      қайтыс болған адамның асырауындағылар заңнамада белгіленген зейнетақы жасына жеткен не мүгедектігі бар адамдар болып табылатындар қосылады.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 10.12.2015 № 988 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.10.2022 № 850 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      14. Арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған адамдар үшін барлық жеңілдіктер мен артықшылықтар, сондай-ақ зейнетақымен қамсыздандыруды және салық салуды қоспағанда, осы Қағидаларда көзделген ақшалай үлестің белгіленген мөлшері мынадай:

      1) құқық қорғау органдарында, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет кез келген басқа лауазымдарға кадрлық орын ауыстырған;

      2) мемлекеттік әкімшілік немесе азаматтық қызметші лауазымдық айлықақысының мөлшері ақшалай үлестің белгіленген мөлшерін және тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге арналған ақшалай өтемақы сомалары деңгейінің тиісті санатына жеткен жағдайларда тоқтатылады.

      Арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған адамдар үшін осы Қағидаларда көзделген барлық жеңілдіктер мен артықшылықтар құқық қорғау органдары болып табылмайтын басқа мемлекеттік органдарға кадрлық орын ауыстыру жағдайында тоқтатылады.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2014.10.27 № 1140 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      15. Құқық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет осы Қағидаларда көрсетілген адамдар тіркеу туралы берілген анықтамалар туралы мәліметтерді Т.А.Ә, ЖСН көрсете отырып салық органдарына ұсынады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2014.10.27 № 1140 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Арнаулы атақтарды және
сыныптық шендерді иелену,
сондай-ақ нысанды
киім киіп жүру құқықтары
жойылған адамдарға
зейнеткерлікке шыққан кезде
әлеуметтік қамсыздандыруды,
барлық жеңілдіктер мен
артықшылықтарды сақтау
қағидаларына қосымша

Құқық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет желісі бойынша еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған, әлеуметтік қамсыздандыруды, барлық жеңілдіктер мен артықшылықтар сақтаған адамдарды тіркеу туралы
АНЫҚТАМА

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.12.2015 № 988 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      ____________________________________________________________ берді

      (мемлекеттік органның, бөлімшенің атауы)

      1. Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)_______________________

      2. Жойылған кездегі арнаулы атағы (сыныптық шені) ___________

      3. Жойылған кездегі құқық қорғау органы, мемлекеттік

      фельдъегерлік қызмет қызметкерінің атқарған лауазымы ______________

      4. Арнаулы атақтарды және сыныптық шендерді иелену, сондай-ақ

      нысанды киім киіп жүру құқығының жойылуына байланысты мемлекеттік

      немесе азаматтық лауазымға ауыстыру туралы 2012 жылғы "___" _______ №

      ______ бұйрық.

      Мөр орны Органның кадр қызметінің басшысы


Дата вступления в силу:  14.12.2012
Дата изменения акта:  26.10.2022
Дата принятия акта:  14.12.2012
Информация об официальном опубликовании акта:  "Егемен Қазақстан" 2012.12.20., № 834-839 (27910), "Казахстанская правда" от 20.12.2012 г., № 440-441 (27259-27260); "Егемен Қазақстан" 2013.01.05., № 4-8 (27947); Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 4, 66-құжат
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  103000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  69262
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  1597
Статус акта:  upd
Сфера правоотношений:  003005000000 / 025003000000 / 001008000000
Форма акта:  ПОСТ
Юридическая сила:  1000
Язык акта:  kaz