Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 07.08.2015 № 604 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
«Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттiк қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңының 4-бабының 21) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Инновациялық гранттар беру кезінде технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институтының қызметтеріне ақы төлеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Yкiметінің
2012 жылғы 18 маусымдағы
№ 802 қаулысымен
бекітілген
Инновациялық гранттар беру кезінде технологиялық даму
саласындағы ұлттық даму институтының қызметтеріне ақы төлеу
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Инновациялық гранттар беру кезінде технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институтының қызметтеріне ақы төлеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңының 4-бабының 21) тармақшасына сәйкес әзірленді және инновациялық гранттар беру кезінде технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институтының қызметтеріне ақы төлеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) грант алушы – индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау туралы заңнамаға сәйкес инновациялық грант алған жеке немесе заңды тұлға;
2) өтінім беруші – индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау туралы заңнамаға сәйкес инновациялық грантты алуға арнаған өтінім берген жеке және (немесе) заңды тұлға;
3) өтінім – индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау туралы заңнамаға сәйкес инновациялық гранттар беруді реттейтiн нормативтiк құқықтық актілердiңталаптарына сәйкес қажеттi құжаттар қоса берілген белгіленген үлгiдегі өтінім берушінің өтiнiшi;
4) инновациялық грант – индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне инновациялық гранттар берудің басым бағыттары шеңберінде олардың индустриялық-инновациялық жобаларын іске асыру үшін өтеусіз негізде берілетін бюджет қаражаты;
5) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган – индустрия және индустриялық-инновациялық даму саласындағы басшылықты жүзеге асыратын, сондай-ақ заңнамада көзделген шектерде салааралық үйлестіруді және индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды іске асыруға қатысуды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
6) оператор – технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институты;
7) сараптамалық кеңес – құрамына тәуелсiз сарапшылар кiретiн, оператор құратын тұрақты жұмыс iстейтiн консультативтік-кеңесшi орган.
2. Оператор қызметтеріне ақы төлеу тәртібі
3. Инновациялық гранттарды беру жөніндегі оператордың қызметтеріне ақы төлеу «Өнімділік – 2020» бағыты шеңберінде инновациялық гранттар беру» бюджеттік бағдарламасы бойынша тиісті қаржы жылына республикалық бюджетте көзделген қаражат есебінен оператор ұсынған шығыстар сметасына сәйкес жүзеге асырылады.
Оператор қызметтерiнiң құны оператордың мыналарға:
1) инновациялық гранттар алуға өтінімдерді қабылдау және өңдеу үдерістерін ұйымдастыруға;
2) отандық және шетелдік сарапшыларды тарта отырып, өтінімдердің тәуелсiз сараптамасын жүргізу үдерістерін ұйымдастыруға;
3) оператордың өтінімде көзделген іс-шаралардың мәлімделген құнының негізділігіне тексеру жүргізуіне;
4) сараптамалық кеңестiң қызметiн ұйымдастыруға;
5) инновациялық грант туралы шартқа қол қою үдерісін ұйымдастыруға;
6) инновациялық грант туралы шартқа сәйкес инновациялық грант беруге көзделген қаражатты аударуға арналған шығыстарын қамтиды.
Инновациялық гранттарды беруге көзделген қаражат индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган мен оператор арасында жасалған шарттың күшіне енген күнінен бастап күнтізбелік 20 (жиырма) күн ішінде толық көлемде операторға аударылады.
Оператор Қазақстан Республикасының резиденті - екінші деңгейдегі банкте инновациялық гранттарды беруге бөлінген қаражатты басқаруды жүзеге асыру үшін ағымдағы шот ашады.
Қаржы жылының соңындағы ағымдағы шоттағы қаражаттың қалдығы индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға және тиісінше мемлекеттік бюджетке қайтарылуға жатпайды, ол келесі қаржы жылы инновациялық гранттарды беруге жұмсалады. Инновациялық гранттар беруге арналған ақшаның жалпы көлемі барлық инновациялық гранттар арасында бөлінеді.
7) бюджеттiк қаражатты грант алушының игеру мониторингін қамтамасыз етуге;
8) консультацияларға, тұсаукесерлерге және әлеуетті өтінім берушілермен түсіндіру жұмыстарына, өтінімдер қабылдау, оларды беру тәртібі туралы жұртшылықты, өтінімдерді қарау нәтижелері, инновациялық гранттарды іске асыру барысы және қол жеткізген нәтижелер туралы өтінім берушілерді хабардар етуге арналған шығыстарын қамтиды.
4. Инновациялық гранттарды беру жөніндегі оператордың қызметтеріне ақы төлеу индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган мен оператор арасындағы орындалған жұмыстардың қол қойылған актісі негізінде жүргізіледі.