«Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 10 тамыздағы № 136 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1118 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 41, 530-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі туралы ережеде:
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«11. Министрлік қолданыстағы заңнамаға және өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды атқарады:
1) шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік ету;
2) Қазақстан Республикасы халықаралық саясатының стратегиясын іске асыру;
3) келіссөздер жүргізуді және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасуды ұйымдастыру;
4) халықаралық шарттарды жасасу, орындау, өзгерту және олардың қолдануын тоқтата тұру мен тоқтату туралы ұсыныстар дайындау, оларды белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Үкіметінің қарауына енгізу;
5) Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастары мәселелері бойынша белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламентіне және Үкіметіне ұсыныстар мен ұсынымдар беру;
6) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдардың, конференциялардың, кеңестердің, форумдардың қызметіне қатысуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастықтың мүшесі ретінде жаһандық және өңірлік проблемаларды шешудегі рөлін арттыруға жәрдемдесу;
7) Қазақстан Республикасының басқа елдермен парламентаралық байланыстарын жүзеге асыруға жәрдемдесу;
8) Қазақстан Республикасының аумағында және шетелдерде халықаралық-құқықтық нормалармен және Қазақстан Республикасының заңнамасымен регламенттелген консулдық функцияларды жүзеге асыру;
9) шетелдерде тұратын отандастармен байланыстарды және қарым-қатынастарды дамытуға жәрдемдесу;
10) босқын деп танылған адамның шыққан елінде тұратын туыстары туралы ақпарат алуына өз құзыреті шегінде жәрдемдесу;
11) Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктерінің, сондай-ақ консулдық мекемелердің жұмыс істеуіне жәрдемдесу, өз құзыреті шегінде оларға қызмет көрсететін ұйымдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыру;
12) Қазақстан Республикасының су ресурстары мен қоршаған ортаны халықаралық қорғау және ұтымды пайдалану, дүниежүзілік мұхит ресурстарын игеру, ғарыш кеңістігін зерттеу саласындағы мүдделерін қамтамасыз етуге қатысу;
13) Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын, оның қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігін, құқық тәртібін қорғауды қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен сауда-экономикалық, қаржы, ғылыми және ғылыми-техникалық, мәдени, сондай-ақ өзге де байланыстарын дамыту мен кеңейту жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге қатысу;
14) өз құзыреті шегінде аштыққа және артта қалушылыққа, халықаралық терроризмге, діни және саяси экстремизмге, ұйымдасқан қылмысқа және есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсас заттардың, прекурсорлардың және қару-жарақтың заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар зардаптарын жою жөніндегі халықаралық акцияларға қатысу;
15) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының транзиттік-көліктік әлеуетін тиімді пайдалануға жәрдемдесу және энергетика мен мұнай-газ салаларында Қазақстан Республикасының әлемдік қоғамдастықпен ынтымақтастығы жөніндегі бірыңғай мемлекеттік саясатты әзірлеуге және жүргізуге қатысу;
16) өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;
17) инвестициялық ахуалдың жақсаруына жәрдемдесу және халықаралық нарықта Қазақстан Республикасының жағымды бейнесін қалыптастыру;
18) мемлекеттік бағдарламаларды, басым жобаларды іске асыру үшін тікелей қаржы ресурстарын, оның ішінде халықаралық экономикалық және қаржы ұйымдары беретін заемдар мен гранттар есебінен тартуға қатысу;
19) қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді халықаралық нарыққа жылжытуға жәрдемдесу;
20) Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастар саласындағы заңнамасын жетілдіру, оны Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келтіру жөнінде ұсыныстар дайындау;
21) өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, бекіту;
22) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын тіркеудің, есепке алудың және сақтаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
23) шетелдерде Қазақстан Республикасының сыртқы және ішкі саясаты, елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани өмірі туралы ақпарат таратуға жәрдемдесу;
24) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын, бұқаралық ақпарат құралдарын Қазақстан Республикасының халықаралық жағдайы мен сыртқы саясаты туралы хабардар ету;
25) Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттардың депозитарийінің функцияларын жүзеге асыру;
26) Қазақстан Республикасының мемлекетішілік және халықаралық іс-шараларын протоколдық-ұйымдастырылуын қамтамасыз етуді жүзеге асыру;
27) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарды орындау жөніндегі Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметін жалпы қадағалау мен үйлестіруді жүзеге асыру;
28) мемлекетішілік және халықаралық іс-шараларды өткізу кезінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының Мемлекеттік протоколды сақтауы бойынша үйлестіруді жүзеге асыру;
29) дипломатиялық және консулдық артықшылықтар мен иммунитеттердің сақталуын қамтамасыз ету;
30) Қазақстан Республикасының құрметті (штаттан тыс) консулдарының функциялары мен өкілеттіктерін белгілеу;
31) халықаралық шарттарды жасасудың сыртқы саясат тұрғысынан орындылығы туралы қорытындылар беру;
32) Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеті бар халықаралық шарттар ережелерінің, сондай-ақ халықаралық шарттар жобаларының Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және өзге де міндеттемелеріне сәйкестігі туралы және олардың күшіне енуі мен орындалуына байланысты басқа да мәселелері бойынша қорытындылар беру;
33) Қазақстан Республикасы жасасатын халықаралық шарттардың түрлерін айқындау;
34) халықаралық шарттарды жасасу мәселелері бойынша шет мемлекеттермен немесе халықаралық ұйымдармен қарым-қатынас жасау;
35) өкілеттік сертификатын ресімдеу жолымен халықаралық шарттарды жасасуға қатысты актілерді жасауға өкілеттіктерді растау;
36) «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені» жинағында, Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми басылымдарында жариялау үшін Қазақстан Республикасының күшіне енген халықаралық шарттарын ұсыну;
37) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын халықаралық ұйымдардың тиісті органдарында тіркеуді жүзеге асыру;
38) ратификациялық грамоталар, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын ратификациялау, бекіту немесе қабылдау туралы құжаттар алмасуды не осындай грамоталарды, ратификациялау, бекіту, қабылдау немесе қосылу туралы құжаттарды депозитарийге сақтауға өткізуді жүзеге асыру, халықаралық шарттардың қолданысын тоқтату, тоқтата тұру не олардың күшін жою туралы құжаттарды жіберу не осы функцияны Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктеріне немесе Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктеріне тапсыру;
39) Қазақстан Республикасының Президенті белгілейтін тәртіппен Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік паспорттарын беру, есепке алу, сақтау және жою;
40) Қазақстан Республикасы Президентінің шет мемлекеттердің басшыларымен уағдаластықтарының экономикалық бөлігін өз құзыреті шегінде іске асыруды қамтамасыз ету;
41) шетелде тиісті іс-шараларды ұйымдастыруға шетелдік инвестициялар мен технологияларды тарту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары мен ұйымдарына жәрдемдесу;
42) Қазақстан Республикасының елдік және әлемдік экономиканың даму саласындағы мүдделі мемлекеттік органдары мен ұйымдары үшін ұсыныстар және ұсынымдар әзірлеу;
43) Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты саласында талдамалық зерттеулер жүргізу;
44) Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын тиімді іске асыру мақсатында халықаралық аренада болып жатқан үдерістер мен оқиғаларды болжауды жүзеге асыру;
45) Қазақстан Республикасының заңдарында, Президентінің және Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.»;
12-тармақ алынып тасталсын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов