26.04.2012

Мемлекеттің қатысуымен жобалық қаржыландыру кезінде базалық шарт бойынша уақытша орындаушыны таңдау және қызметін жүзеге асыру шарттарының қағидаларын бекіту туралы

      «Жобалық қаржыландыру мен секьюритилендіру туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы Заңының 6-9-бабының  3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттің қатысуымен жобалық қаржыландыру кезінде базалық шарт бойынша уақытша орындаушыны таңдау және қызметін жүзеге асыру шарттарының қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2012 жылғы 26 сәуірдегі
№ 532 қаулысымен  
бекітілген      

Мемлекеттің қатысуымен жобалық қаржыландыру кезінде базалық
шарт бойынша уақытша орындаушыны таңдау және қызметін жүзеге
асыру шарттарының қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттің қатысуымен жобалық қаржыландыру кезінде базалық шарт бойынша уақытша орындаушыны таңдау және қызметін жүзеге асыру шартарының қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-9-бабының  3-тармағына сәйкес әзірленген және базалық шарт бойынша уақытша орындаушыны таңдау тәртібін, сондай-ақ оның қызметін жүзеге асыру шарттарын анықтайды.
      2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) базалық шарт – ол бойынша бір тарап мүлікті түзуге және екінші тарапқа беруге немесе түзілген мүлікті пайдалану үдерісінде қызметтер көрсетуге және (немесе) тауарлар өндіруге және (немесе) жұмыстар орындауға міндеттеме алатын жазбаша келісім;
      2) уақытша орындаушы – базалық шартты уақытша орындау шартына сәйкес базалық шарттың іске асырылуын басқаруды уақытша жүзеге асыратын заңды тұлға немесе бірлескен қызмет туралы шарт негізіндегі кредиторлар бірлестігі (консорциум, жай серіктестік);
      3) базалық шартты уақытша орындау туралы шарт – базалық шарт бойынша орындаушыны ауыстырған кезінде базалық шарттың іске асырылуын уақытша басқарудың шарттарын анықтайтын тапсырыс беруші мен уақытша орындаушы арасында жасалатын шарт;
      4) кредитор – облигацияларды ұстаушы болып табылатын жеке тұлға немесе жобалық қаржыландыру кезінде кредит беруді жүзеге асыратын заңды тұлға;
      5) тапсырыс беруші – жеке немесе заңды тұлға, мемлекет атынан Үкімет немесе жергілікті атқарушы орган, сондай-ақ олар уәкілеттік берген, олардың тапсырмасы бойынша базалық шарт іске асырылатын мемлекеттік органдар;
      6) орындаушы – базалық шартқа сәйкес мүлікті түзетін және беретін, сондай-ақ түзілген мүлікті пайдалану үдерісіне қызметтер көрсететін және (немесе) тауарлар өндіретін және (немесе) жұмыстар орындайтын заңды тұлға.

2. Базалық шарт бойынша уақытша орындаушыны таңдау тәртібі

      3. Тапсырыс беруші базалық шарт бойынша жаңа орындаушыны таңдау конкурсын өткізу уақытына базалық шарт бойынша уақытша орындаушыны тарта алады.
      4. Тапсырыс беруші базалық шартты іске асыруды басқаруға уақытша орындаушыны тартуды осы Қағидалардың 10-тармағында белгіленген мерзімде кредиторлармен келісім бойынша жүзеге асырады.
      5. Тапсырыс беруші Заңның 6-9-бабының 1-тармағында белгіленген тәртіппен кредиторларға қажет болған жағдайда тапсырыс беруші ұсынатын уақытша орындаушының кандидатурасы көрсетілетін базалық шартты орындаудан бас тарту туралы хабарлама жібереді. Кредиторлар хабарламаны алған сәттен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде тапсырыс беруші ұсынған уақытша орындаушының кандидатурасын келіседі немесе оны бекіту үшін өз кандидатурасын ұсынады.
      6. Бірлескен қызмет туралы (консорциум, жай серіктестік) шарттың негізінде уақытша орындаушы ретінде базалық шартты іске асыруды басқару мақсатында базалық шартты басқаруға қатысуға тілек білдірген барлық кредиторлар қатыса алады.
      7. Егер кандидатураны келісу туралы шешімді орындаушы міндеттемелерінің сомасы кредиторлар алдындағы кредиторлық берешектің жалпы сомасының кемінде үштен екісін құрайтын кредиторлар қабылдаса, базалық шарт бойынша уақытша орындаушының кандидатурасы келісілген болып саналады.
      8. Уақытша орындаушының кандидатурасына мынадай талаптар койылады:
      1) құқықтық қабілеттілігінің (заңды тұлғалар үшін); әрекет қабілеттілігінің (жеке тұлғалар үшін) болуы;
      2) төлем қабілеттілігінің болуы, үш айдан асатын мерзімге салықтық берешегінің болмауы;
      3) банкроттық не тарату рәсіміне жатпауы.
      9. Әлеуетті уақытша орындаушы осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген талаптарға сәйкестігін растау үшін тапсырыс берушінің сұрауы бойынша тиісті құжаттарды ұсынады.

3. Уақытша орындаушының қызметін жүзеге асыру шарттары

      10. Кредиторлар уақытша орындаушының кандидатурасын келіскен немесе ұсынған күнінен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде уақытша орындаушы мен тапсырыс берушінің арасында базалық шартты уақытша орындау туралы шарт жасалады.
      11. Базалық шартты уақытша орындау туралы шартта уақытша атқарушының тапсырыс беруші мен кредиторлар алдындағы жауапкершілігін қоса алғанда, оның құқықтары мен міндеттерінің көлемі, шығындарды өтеу тәртібі мен басқа да шарттар айқындалады.
      12. Егер базалық шартты уақытша орындау туралы шартта өзгеше белгіленбесе, базалық шартты уақытша орындау туралы шарт жасалған сәттегі орындаушының құқықтары мен міндеттері уақытша орындаушыға толық көлемде ауысады.
      13. Егер базалық шартты уақытша орындау туралы шартта көзделсе, уақытша орындаушыға сыйақы төленеді.
      14. Осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген жағдайда, егер бірлескен қызмет туралы шартта өзгеше белгіленбейтін болса, кредитор базалық шартты іске асыруды басқару бойынша шешімдер қабылданған кезде борышкерге қойылатын талаптардың жалпы көлемінде оның үлесіне тең дауыс санына ие болады.
      Шешімдер қабылдау кезінде облигация ұстаушылар атынан бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамаға сәйкес анықталатын олардың өкілі қатысады. Облигацияларды ұстаушылар өкілі шешімдер қабылдаған кезде дауыстар саны олардың атынан қатысатын облигацияларды ұстаушылар талаптарының сомасын жинақтау жолымен айқындалады.
      15. Базалық шарт бойынша жаңа орындаушы таңдалған жағдайда базалық шарттың талаптары уақытша орындаушының нақты орындалған міндеттеріне байланысты өзгерістерді және жаңа орындаушы ұсынған базалық шарттың алдыңғы талаптарымен салыстырғанда барынша тиімді талаптарды қамтитын ұсыныстарын ескереді.
      16. Жаңа орындаушымен базалық шарт жасалған сәттен бастап әрекеттегі орындаушымен базалық шарт бұзылды деп саналады.
      17. Уақытша орындаушының құқықтары мен міндеттері жаңа орындаушы мен тапсырыс беруші арасында базалық шарт жасалған сәттен бастап тоқтатылады.


Дата вступления в силу:  26.04.2012
Дата изменения акта:  26.04.2012
Дата принятия акта:  26.04.2012
Информация об официальном опубликовании акта:  "Егемен Қазақстан" 2012.08.02 № 450-455 (27528); "Казахстанская правда" от 02.08.2012 г., № 247-248 (27066-27067); Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 46, 616-құжат
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  103000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  65085
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  532
Статус акта:  new
Сфера правоотношений:  006007000000
Форма акта:  ПОСТ / ПРАВ
Юридическая сила:  1000
Язык акта:  kaz