28.03.2012

Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидаларын бекіту туралы

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 01.09.2023 № 758 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 55-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.10.2022 № 850 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге шығу ережесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 26 шілдедегі № 1010 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 28, 354-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 26 шілдедегі № 1010 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 мамырдағы № 479 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 20, 196-құжат);

      3) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 26 шілдедегі № 1010 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 13 қарашадағы № 1080 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 43, 505-құжат).

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 28 наурыздағы
№ 361 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты
жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидалары

      1. Осы Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына, өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.09.2017 № 610 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге кете алады және Қазақстан Республикасына кедергiсiз қайта оралады. Кету және қайта оралу Қазақстан Республикасы азаматының паспорты бойынша жүзеге асырылады.

      3. Қазақстан Республикасының азаматтарына "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 56-бабында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасынан кетуге рұқсат беруден уақытша бас тартылуы мүмкін.

      Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелге кетуі мемлекеттік құпияларға рұқсатты ресімдеу кезінде еңбек шартында (келісімшартта) көзделген мерзімге уақытша шектелуі мүмкін.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.11.2020 № 760 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Мемлекеттік құпияларға рұқсаты болуына байланысты өзiнiң Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге кетуін шектеу мүмкiндiгi бойынша өзiне мiндеттемелер алған және шетелге кетуге ниет бiлдiрген Қазақстан Республикасының азаматтары (бұдан әрi – құпия тасығыштар), көрсетiлген мiндеттемелерге өздерi қол қойған мемлекеттiк органдардың немесе басқа ұйымдардың (бұдан әрi – ұйымдар) басшыларынан шығуға алдын ала рұқсат алуға міндетті.

      Ұйымдар қайта ұйымдастырылған жағдайда, құпия тасығыштардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге кету мүмкiндiгi туралы шешiмдi олардың құқықтық мұрагерлерi болып табылатын ұйымдардың басшылары қабылдайды.

      Құпия тасығыштардың кетуіне рұқсат беру туралы шешiмдi құпия тасығыштар алған мiндеттемелердi және олардың мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтермен нақты хабарланғанын ескере отырып, ұйымдардың басшылары дербес қабылдайды. Бұл ретте ол адамның мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәліметтермен нақты хабарланғаны туралы қорытынды ұлттық қауiпсiздiк органдарына жiберiледi.

      Ұйымдар жойылған (тартылған) кезде кету мүмкiндiгi туралы шешiмдi құпия тасығыштардың тұрғылықты жері бойынша аумақтық ұлттық қауiпсiздiк органдарының басшылары қабылдайды.

      Қазақстан Республикасынан тыс жерге кетуге рұқсат немесе дәлелді бас тарту азаматтардың өтініштерін қарау үшін заңнамада белгіленген мерзімде беріледі.

      Қазақстан Республикасынан тыс жерге рұқсатсыз кеткен жағдайда құпия тасығыш Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiптiк немесе өзге де жауапкершілікке тартылады.

      5. Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кету ішкі істер органдары шығуға арналған құжаттарды ресімдегеннен кейін жүзеге асырылады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.02.2014 № 54 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      6. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтiнiштi он сегіз жасқа толған адамдар, ал некеде тұрған адамдар он алты жастан бере алады. Балалардың және сот әрекетке қабiлетсіз деп таныған азаматтардың құжаттарын олардың заңды өкiлдерi (ата-аналары, қамқоршылары, қорғаншылары) бередi.

      7. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының өздері немесе олардың заңды өкілдері тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарына мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) өтініш-сауалнама;

      2) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі мен паспорты, он алты жасқа толмаған балалардың туу туралы куәліктері;

      3) егер кететін адамның заң бойынша асырауындағы отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрса, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 22-тарауында көзделген тәртіппен жасалған алименттерді төлеу туралы келісімді ұсынады. Келісімге қол жеткізілмеген кезде кететін адамдарға алименттің мөлшерін тұрақты ақша сомасында белгілеу немесе алиментті біржолғы төлеу не белгілі бір мүлікті алимент есебіне беру немесе алиментті өзге тәсілмен төлеу не кететін адамның кетуі үшін заңда көзделген кедергілердің болмауы фактісін белгілеу туралы соттың шешімі беріледі.

      Ескертпе: Кодекске сәйкес алимент алушы отбасы мүшелеріне:

      кәмелетке толмаған балалар;

      ата-ана;

      еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайы (зайыбы);

      жүктілік кезеңінде және ортақ баласы туған күннен бастап үш жыл бойы зайыбы, оның ішінде бұрынғы зайыбы;

      мүгедектігі бар ортақ баланы он сегіз жасқа толғанға дейін бағып-күтуді жүзеге асырып отырған, сондай-ақ он сегіз жасқа толған соң мүгедектігі бар ортақ балаға бірінші және екінші топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда көмекке мұқтаж жұбайы (зайыбы);

      неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғанға дейін еңбекке жарамсыз болып қалған көмекке мұқтаж еңбекке жарамсыз бұрынғы жұбайы (зайыбы);

      көмекке мұқтаж кәмелетке толмаған аға-інілер мен апа-сіңлілер, қарындастар;

      көмекке мұқтаж кәмелетке толмаған немерелер;

      көмекке мұқтаж еңбекке жарамсыз ата-әжелер;

      кәмелетке толмаған балаларды іс жүзінде тәрбиелеген және асыраған еңбекке жарамсыз мұқтаж адамдар;

      өздерінің өгей ұлдарын немесе өгей қыздарын тәрбиелеген және асыраған, еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж өгей әке мен өгей шеше жатады;

      3-1) сот бекіткен, өндіріп алушымен жасалған бітімгершілік келісім; өндіріп алушымен дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім; өндіріп алудың немесе атқарушылық құжаттың өзге талабының орындалғанын растайтын құжаттар; егер Қазақстан Республикасының азаматы атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкер болып табылса, атқарушылық құжатты беруге негіз болған тиісті орган шешімінің күші жойылғанын растайтын құжаттар;

      4) әскери есептен шығарылғаны туралы анықтама;

      5) ата-анасымен не өзге де заңды өкілдерімен кету туралы шешім қабылданған кезде он жасқа толған баланың пікірін есепке алу туралы қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қорытындысы;

      6) он сегіз жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары ата-анасының бірімен (қамқоршысымен, қорғаншысымен) бірге тұрақты тұруға кететін кезде Қазақстан Республикасының аумағында тұратын ата-анасының екіншісінің нотариалды түрде расталған келісімі. Келісім болмаған кезде, кәмелетке толмаған баланың кетуі сот тәртібімен шешілуі мүмкін;

      7) мемлекеттік баждың немесе консулдық салықтың төленгенін растайтын құжаттың көшірмесі.

      Осы тармақтың 3) және 6) тармақшаларында көрсетілген адамдарды Қазақстан Республикасының аумағында тіркеу туралы мәліметтер болмаған жағдайда кету туралы өтініш білдірген азамат олардың ел аумағында тіркелу фактісін анықтау үшін ішкі істер органдарына өтінішпен жүгінеді.

      Азаматтардан басқа құжаттарды сұратуға жол берілмейді.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.09.2017 № 610 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 12.11.2020 № 760 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.10.2022 № 850 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      8. Өтініш берушінің тұрақты тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтiнiш бiлдiрген азаматтарда Қазақстан Республикасының шегінен тыс кетуіне бас тарту үшін негiздердiң жоқ екендігіне тексеру жүргiзедi.

      Мүдделi мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтiнiш бiлдiрген азаматтарға қатысты ішкі істер органдарының сұрау салуларын мемлекеттік органдарға сұрау салу түскен сәттен бастап күнтізбелік он күн ішінде қарайды.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.02.2014 № 54 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      9. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу туралы шешім осы Қағидалардың 7-тармағында тізбеленген барлық құжаттар берілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей қабылданады.

      Қазақстан Республикасының азаматына елімізден тұрақты тұруға кетуге рұқсат беруден бас тарту үшін негіз болған жағдайда тиісті құжаттар ресімделмейді.

      Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуіне құқықты шектеудің барлық жағдайларында ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының азаматына хабарлама береді, онда шектеудің негізі мен мерзімі және осы шешімге шағым жасау тәртібі көрсетіледі.

      Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кететін Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың жасына қарамастан, Қазақстан Республикасы азаматының паспорты ресімделеді. Олардың жеке куәліктері Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеген ішкі істер органдарына тапсырылады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.09.2017 № 610 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      10. Қазақстан Республикасынан тыс жерге уақытша жұмыстармен кеткен және сол жерде тұрақты тұрғылықты тұруға ниет білдірген Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне өтініш білдіреді. Өтінішке осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттар қоса беріледі.

      Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі болмаған, жоғалған немесе қолданылу мерзімі өткен жағдайда өтініш беруші түсініктеме береді.

      Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелері құжаттар, паспорттың және балалардың туу туралы куәлігінің көшірмелері қоса берілген өтінішті Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу үшін өтініш берушінің Қазақстан Республикасындағы соңғы тіркелген жері бойынша ішкі істер органдарына жібереді. Ішкі істер органдары келіп түскен құжаттарды қарайды және өтініш берген сәтте Қазақстан Республикасының аумағында өтініш берушінің тұрақты тіркеуінің болуына қарамастан, Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге рұқсатты ресімдеу туралы шешім қабылдайды.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.09.2017 № 610 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Дата вступления в силу:  28.03.2012
Дата изменения акта:  01.09.2023
Дата принятия акта:  28.03.2012
Информация об официальном опубликовании акта:  Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 37, 508-құжат; "Егемен Қазақстан" 2012 жылғы 21 шілдедегі № 405-409 (27483)
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  103000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  64264
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  361
Статус акта:  yts
Сфера правоотношений:  031002000000
Форма акта:  ПОСТ / ПРАВ
Юридическая сила:  1000
Язык акта:  kaz