30.01.2012

Тікелей су объектілерінде орналасқан су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану қағидаларын бекіту туралы

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкiметiнiң 31.10.2015 № 870 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзіледі) қаулысымен.

      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 19-4/294 бұйрығын қараңыз.


      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 36-бабының 19) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Тікелей су объектілерінде орналасқан су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің      
2012 жылғы 30 қаңтардағы
№ 171 қаулысымен   
бекітілген     

Тікелей су объектілерінде орналасқан су шаруашылығы
құрылыстарын пайдалану қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Тікелей су объектілерінде орналасқан су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 36-бабының
19) тармақшасына сәйкес әзірленген және тікелей су объектілерінде су шаруашылығы құрылыстарын (бұдан әрі – су шаруашылығы құрылыстары) пайдалануды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылады:
      1) су шаруашылығы құрылыстары – су ресурстарының пайдаланылуы мен қорғалуын реттеу, сумен жабдықтау, суды бұру және судың зиянды әсерiн жою мақсатында жасанды құрылған гидротехникалық құрылыстар мен құрылғылар;
      2) су объектісі – шекарасы, көлемi мен су режимi бар құрлық бетi бедерлерiндегi және жер қойнауындағы судың жинақталуы. Олар: теңiздер, өзендер, соларға теңестiрiлген каналдар, көлдер, мұздықтар және басқа да жер үстi су объектiлерi, жер асты сулары бар жер қойнауының бөлiктерi;
      3) су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, елді мекендерден тыс жерлерге су бұру саласындағы басқару мен бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      4) ағымдағы жөндеу – тірек элементтерді қоспағанда, су шаруашылығының құрылыстары конструкциясының жекелеген элементтерін ауыстыруды немесе қалпына келтіруді көздейтін операциялар кешені;
      5) жобалау ұйымы – объектіні (құрылысты) жобалаған кәсіпорын немесе тиісті объектілерді (құрылыстарды) жобалау жөніндегі мамандандырылған кәсіпорын;
      6) жөндеу – су шаруашылығы құрылыстарының жарамдылығын қалпына келтіру жөніндегі операциялар кешені (жөндеудің түрлері ағымдағы жөндеу мен күрделі жөндеу болып табылады);
      7) күрделі жөндеу – су шаруашылығы құрылыстарының конструкциясының кез келген элементтерін, оның ішінде, тірек элементтерін де ауыстыруды немесе қалпына келтіруді көздейтін операциялар кешені;
      8) қалыпты пайдалану – су шаруашылығы құрылыстарын оның жобалық параметрлеріне сәйкес пайдалану;
      9) қайта жаңарту – су шаруашылығы құрылыстарының параметрлерін қалпына келтіру, жақсарту немесе жаңа пайдалану режимі кезінде оның тағайындалуын өзгерту жөніндегі операциялар кешені;
      10) пайдаланудан шығару – су шаруашылығы құрылыстарының тағайындалуы бойынша одан әрі пайдалану мен жөндеудің мүмкін еместігін немесе тиімсіздігін тіркейтін және белгіленген тәртіппен құжаттамалық ресімделген оқиға;
      11) пайдалануға енгізу – су шаруашылығы құрылыстарының мақсаты бойынша пайдалануға әзірлігін тіркейтін және белгіленген тәртіппен құжаттамалық ресімделген оқиға;
      12) пайдалану режимі – құрылыс жобасында айқындалған немесе су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану үдерісінде белгіленген параметрлері бар мақсаты бойынша су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану қарқындылығы;
      13) пайдалану шарттары – су шаруашылығы құрылыстарында пайдалану кезінде оған әсер ететін факторлар жиынтығы;
      14) пайдалану – су шаруашылығы құрылыстарының мақсаты бойынша пайдаланылатын, жарамды жай-күйде ұсталатын және құрылыс жобасында белгіленген бастапқы параметрлерді алғанда дейін қалпына келтірілетін тіршілік циклының сатысы (пайдалану құрылысты мақсаты бойынша пайдалануды және оны техникалық пайдалануын қамтиды);
      15) техникалық тексеру журналы – құрылыстарға тұрақты техникалық тексеру жүргізу үдерісінде жүзеге асырылатын, су шаруашылығы құрылыстарының техникалық жай-күйін және олардың пайдалану режимін қадағалауларды ескеру жөніндегі құжат;
      16) техникалық қызмет көрсету – су шаруашылығы құрылыстарын өз мақсатында пайдалану кезінде оларды жарамды күйде ұстап тұру жөніндегі операциялар кешені;
      17) техникалық жай-күй – су шаруашылығы құрылыстарының пайдалану үдерісінде өзгеріске ұшыраған, белгілі бір уақыт кезеңінде бақылау арқылы анықталған белгілермен сипатталатын параметрлер жиынтығы (су шаруашылығы құрылыстарының техникалық жай-күйінің түрлері жарамдылық пен жарамсыздық болып табылады);
      18) табиғи тозу – механикалық тозудың, коррозияның, деформациялар мен қираудың салдарынан су шаруашылығы құрылыстарының жобада белгіленген өзінің параметрлерін біртіндеп жоғалтуы;
      19) бассейндiк су шаруашылығы басқармалары (бұдан әрi – бассейндiк басқармалар) – уәкiлеттi органның облыстарда бөлiмдерi бар, су қорын пайдалану және күзету саласындағы өңiрлiк органдары (екi және одан да көп облыстардың аумақтарында олардың қызметi жүзеге асырылады және оның өкiлеттiктерi қолданылады), олардың негiзгi мiндетi тиiстi бассейн аумағында су қорын пайдалану мен қорғау саласында мемлекеттiк басқаруды жүзеге асыру болып табылады.
      3. Су шаруашылығы құрылыстарын техникалық пайдалану:
      1) су шаруашылығы құрылыстарының пайдалану режимін белгілеумен және оны сақтаумен;
      2) су шаруашылығы құрылыстарының қызмет көрсетілуін, тексеруді және техникалық қарауды жүргізумен;
      3) қажетті көлемдегі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын уақтылы жүргізумен;
      4) аса маңызды су шаруашылығы құрылыстарды қайта жаңартуды және жөндеуді жаңа құрылыспен байланыстыра және үйлестіре отырып, перспективалы жоспарлаумен;
      5) су шаруашылығы құрылыстарды ағымдағы және күрделі жөндеумен;
      6) су шаруашылығы құрылыстарының қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ететін нұсқаулықтар мен басқа да құжаттарды әзірлеумен және оларды орындаумен;
      7) су шаруашылығы құрылыстарына қызмет көрсететін білікті қызметкерлердің болуымен;
      8) су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану кезінде олардың жай-күйі мен пайдалану режимінің өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігініңсанитарлық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормалардың талаптарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгіленген, су шаруашылығы құрылыстарының объектілеріне қойылатын еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасының талаптарына сәйкестігімен қамтамасыз етіледі.
      4. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануды осы құрылыстардың иесі (бұдан әрі – меншік иесі) не олар уәкiлеттік берген органдар немесе тұлға жүзеге асырыды.

2. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану тәртібі

      5. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану режимі олардың жобалық сипаттамаларына, іс жүзіндегі жай-күйіне, пайдалану талаптарына, олардың қызмет ету мерзіміне және әрбір су шаруашылығы құрылыстарының арналуына сәйкес жүзеге асырылады.
      6. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану режимінің өзгертілуі үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органның бассейндiк басқармасын хабардар ете отырып, меншік иесінің иелік ету құжатымен ресімделеді.
      7. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдаланудан шығарған кезде меншік иесі үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органның бассейндiк басқармасына бұл туралы хабарлайды. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдаланудан шығару меншік иесі құратын Жұмыс комиссиясының қорытындысы бойынша жүргізіледі және су шаруашылығы құрылыстарын пайдаланудан шығару қажеттігі туралы актісімен ресімделеді.
      Жұмыс комиссияның құрамына жергілікті атқарушы органның, уәкілетті органның, қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік уәкілетті органның, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның, жобалаушы ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді.
      8. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану үдерісінде техникалық құжаттама жүргізіледі, оның тізбесі осы Қағидалардың 1-қосымшасында келтірілген.
      9. Салу, қайта жаңарту немесе күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануға қабылдау (беру) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізіледі.
      10. Су шаруашылығы құрылыстарын салу, қайта жаңарту, күрделі жөндеу және пайдалануға енгізу жөніндегі барлық құжаттамалар су шаруашылығы құрылыстарының меншік иесінде сақталады.
      11. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдаланатын меншік иесі су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану режимін сақтауды қамтамасыз етеді.
      12. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдаланудың белгіленген режиміне өзгерістер енгізу су шаруашылығы құрылыстарына жүйелі түрде бақылаулар нәтижелерінің және оларды пайдалану шарттарының өзгергені туралы деректердің негізінде жүргізіледі.
      13. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жабдықтардың жұмысы кезінде және гидрометеорологиялық факторлар әсер еткен кезде су шаруашылығы құрылыстарының қауіпсіздігін, сақталуын және олардың беріктігін арттыруды қамтамасыз етеді.
      Су шаруашылығы құрылыстарын қауіпсіздігін қамтамасыз ету шарттарының бірі табиғи немесе техногендік сипаттағы апаттарды немесе төтенше жағдайларды болдырмау жөніндегі шұғыл шараларды қабылдау және алдын алу іс-шараларын жүргізу үшін төмендетілмейтін резервті (құрал-жабдықтарды, бұйымдарды, тораптарды, бөлшектер мен құрылыс материалдарын) құру болып табылады.
      Меншік иесі су шаруашылығы құрылыстарының пайдалану шарттарына және су шаруашылығы құрылыстарының құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты төмендетілмейтін резерв көлемін белгілейді.
      14. Су шаруашылығы құрылыстарын қалыпты пайдалануға кедергі келтіретін немесе құрылыстың жекелеген элементтерінің қирауына әкеп соғатын табиғи тозған су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануға жол берілмейді.
      15. Барлық су шаруашылығы құрылыстары олар үшін белгіленген пайдалану жүктемесінің нормаларын қатаң түрде сақтай отырып пайдаланылады.
      16. Су шаруашылығы құрылыстарының жүктемесін белгіленген нормалардан тыс ұлғайтуға рұқсат етілмейді. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануды жүзеге асыратын меншік иесі су шаруашылығы құрылыстарына рұқсат берілетін жүктемелер нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді.
      17. Су шаруашылығы құрылыстарына арналған пайдалану жүктемелерінің нормалары құрылыстың конструктивтік элементтерінің іс жүзіндегі жай-күйін және оның қызмет ету шарттарының жобалау және салу кезінде алғаш қабылданған шарттарға сәйкестігін ескере отырып, ұдайы қайта қаралады және әрбір су шаруашылығы құрылыстары үшін белгіленеді. Пайдалану жүктемелері нормаларын қайта қарауды жобалау ұйымның зерттеулерден кейінгі ұсынымдары негізінде меншік иесі жүргізеді.
      18. Су шаруашылығы құрылыстарының пайдалану шарттары мен олардың жай-күйі өзгерген жағдайда, жобалау ұйымы есеп-айырысуды жүргізеді, олардың нәтижелері бойынша су шаруашылығы құрылыстарының меншік иесі пайдаланудың жаңа режимін белгілейді.
      19. Су шаруашылығы құрылыстарын қысқы кезеңде пайдаланған кезде меншік иесі ауданның климаттық және гидрометеорологиялық сипаттамалары мен су шаруашылығы құрылыстарының конструктивтік ерекшеліктерін ескере отырып, қысқы жағдайларда техникалық пайдалану жөніндегі іс-шараларды әзірлейді.

3. Су шаруашылығы құрылыстарына техникалық қызмет көрсету

      20. Су шаруашылығы құрылыстарына техникалық қызмет көрсету мыналарды:
      1) белгіленген пайдалану режиміне және құрылыстардың жай-күйіне бақылау жасауды қамтамасыз ететін байқауларды;
      2) қондырғылар мен жабдықтарды жарамды жай-күйде ұстап тұру жөніндегі жұмыстарды;
      3) жағалауды нығайту құрылыстарының беткейлерін ластанудан тазартуды, су шаруашылығы құрылыстарын су үстіңгі бөлігінің ұсақ зақымданулары мен ақауларын жоюды;
      4) су шаруашылығы құрылыстарында санитарлық нормаларды сақтау жөніндегі жұмыстарды қамтиды.
      21. Түбін тазалау жөніндегі және басқа да суасты жұмыстары, сондай-ақ су шаруашылығы құрылыстарына қызмет көрсетуге байланысты жарылыс жұмыстарын мамандандырылған ұйымдар жүргізеді.
      22. Меншік иесі су шаруашылығы құрылыстарының су асты бөліктеріне зерттеу жүргізуді мамандандырылған ұйымдарды тартумен қамтамасыз етеді.
      23. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануды жүзеге асыратын меншік иесі осы құрылыстардың су үсті бөлігінде санитарлық қағидалар нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді.
      24. Меншік иесі жағалауды нығайту құрылыстардың беткейлерінде ақаулар пайда болған кезде беткейлердің кескінін қалпына келтіру және оларды бекіту жөнінде шұғыл шаралар қабылдайды.
      25. Су шаруашылығы құрылыстарының меншік иесі су шаруашылығы құрылыстарын тұрақты техникалық қарауларды, кезеңдік техникалық қарауларды, кезекті және кезектен тыс техникалық тексерілулер жүргізуді және оларды пайдаланудағы белгіленген режимінің сақталуын бақылауды көздейді.
      26. Техникалық жай-күйі мен пайдалану режимі су шаруашылығы құрылыстарын пайдаланудың бүкіл кезеңі ішінде су шаруашылығы құрылыстарын техникалық қарауды және тексеруді жүзеге асыру жолымен айқындалады. Техникалық қарау мен тексерулер:
      1) тұрақты техникалық қарауларды;
      2) кезеңдік техникалық қарауларды;
      3) кезекті және кезектен тыс тексеруді қамтиды.
      27. Кезеңдік техникалық қарауларды, сондай-ақ су шаруашылығы құрылыстарын кезекті және кезектен тыс тексерілулерді жүргізу үшін меншік иесі комиссия құрады, оның құрамына меншік иесінің өкілі, жобалау ұйымының, жергілікті атқарушы органның, уәкілетті органның, қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік уәкілетті органның, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді.
      28. Тұрақты техникалық қарауды су шаруашылығы құрылыстарын пайдаланушы меншік иесі жүргізеді.
      29. Тұрақты техникалық қарау нәтижелері осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша тікелей су объектілерінде орналасқан су шаруашылығы құрылыстарының жай-күйі мен оларды пайдалану режиміне техникалық қарауды жүргізу журналына түсіріледі.
      Су шаруашылығы құрылыстарының меншік иесі тағайындайтын тұлға техникалық қарауды жүргізу журналын тоқсан сайын қарап отырады және су шаруашылығы құрылыстарына техникалық қызмет көрсету мен оларды ағымдағы жөндеу сапасына жалпы баға береді.
      30. Су шаруашылығы құрылыстарын тұрақты техникалық қараудың мерзімділігі су шаруашылығы құрылыстарының техникалық жай-күйіне және оларды пайдалану шарттарына байланысты белгіленеді, бірақ тоқсанына бір реттен кем болмау керек.
      31. Кезеңдік техникалық қарау су шаруашылығы құрылыстарының жай-күйі туралы толық мағлұмдама береді және пайдалану бойынша жөндеулер мен басқа да іс-шараларды жоспарлауға арналған деректерді қамтиды.
      32. Су шаруашылығы құрылыстарын кезеңдік техникалық қарау жылына кемінде бір рет жүргізіледі. Кезеңдік техникалық қараудың нәтижелері техникалық қарау актісі түрінде ресімделеді.
      Су шаруашылығы құрылыстарына кезеңдік техникалық қарауды жүргізу жөніндегі материалдарды меншік иесінің пайдалану қызметінің қызметкерлері есеп түрінде жинақтайды.
      33. Су шаруашылығы құрылыстарын кезекті тексеру құрылыстардың жай-күйіне және оларды пайдалану шарттарына байланысты жүргізіледі.
      34. Су шаруашылығы құрылыстарының техникалық жай-күйін жалпы бағалау және оларды жөндеу немесе қайта жайластыру жөніндегі ұсынымдарды қамтитын кезекті тексерудің негізгі нәтижелері тексеру туралы актімен ресімделеді.
      35. Су шаруашылығы құрылыстарын кезектен тыс тексеру оларды қалыпты пайдалану шарттары бұзылған жағдайда немесе олардың апатты болғанда, сондай-ақ ығысуы, деформациясы немесе зақымдануы анықталған жағдайда жүргізіледі.
      36. Кезектен тыс тексерілулердің нәтижелері бойынша тексерілулер (зерттеулер) актілері негізінде комиссия анықтаған бұзушылықтарды жою жөнінде жөндеу жұмыстарының тізбесі жасалады, олар жөндеу жұмыстарының жоспарына енгізіледі.
      37. Су шаруашылығы құрылыстарын және жабдығын жөндеу (ағымдағы, күрделі) тұрақты, кезеңдік техникалық қараудың, кезекті және кезектен тыс тексерудің нәтижелері бойынша жоспарланады.
      38. Су шаруашылығы құрылыстарын күрделі жөндеуді және қайта жаңартуды құрылыстарды техникалық қараудың және тексерудің нәтижелерін ескере отырып әзірленген құрылыс жобасы бойынша жұмыстардың осы түрлерін орындауға тиісті рұқсаты бар мамандандырылған ұйым орындайды.

Тікелей су объектілерінде 
орналасқан су шаруашылығы 
құрылыстарын пайдалану   
қағидаларына       
1-қосымша        

Тікелей су объектілерінде орналасқан су шаруашылығы
құрылыстарын пайдалану жөніндегі техникалық құжаттаманың
ТІЗБЕСІ

Құжаттаманың атауы

Құжаттаманы жүргізетін лауазымды тұлғалар

Құжаттаманы сақтау орны

Ескертпе

1

2

3

4

5

1

Су шаруашылығы құрылыстарының жай-күйін және оларды пайдалану режимін техникалық қараудың журналы

меншік иесі

меншік иесі

толтырылған журналдар техникалық мұрағатта сақталуы тиіс

2

Су шаруашылығы құрылыстарын кезеңдік техникалық қарау жөніндегі актілер мен есептер

кезеңдік қарауды жүргізу жөніндегі комиссия және меншік иесі

меншік иесі

кезеңдік қарауларды жүргізу жөніндегі материалдар есепке жинақталады

3

Су шаруашылығы құрылыстарын кезекті қарау туралы акті

кезекті тексеруді жүргізу жөніндегі комиссия және меншік иесі

меншік иесі


4

Су шаруашылығы құрылыстарын кезектен тыс тексеру туралы акті

кезектен тыс тексеруді жүргізу жөніндегі комиссия және меншік иесі

меншік иесі


5

Су шаруашылығы құрылыстарын күрделі жөндеу жөніндегі жұмыстарды қабылдау-тапсыру актілері

құрылыстарды күрделі жөндеуден қабылдап алу жөніндегі комиссия

меншік иесі


Тікелей су объектілерінде  
орналасқан су шаруашылығы  
құрылыстарын пайдалану   
қағидаларына        
2-қосымша          

Тікелей су объектілерінде орналасқан су шаруашылығы
құрылыстарының жай-күйін және оларды пайдалану режимін
техникалық қарау журналы

нысан

титул парағы

_____________________________________________________________________
                  су шаруашылығы құрылысы

Су шаруашылығы құрылыстарының жай-күйін және оларды пайдалану
режимін техникалық қарау журналы №___________________________________
                  су шаруашылығы құрылысын пайдаланушы меншік иесі
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
                              Т.А.Ә. және (қолы)
____________________________________________________________________
      журналды жүргізуші қызметкердің лауазымы, Т.А.Ә. және (қолы)

Журналды жүргізудің басталған немесе жалғастырылған күні
Басталуы: ____________________
Жалғастырылуы: ______________

Тұрақты техникалық қараулар

Анықталған ақауларды жою жөніндегі іс-шаралар

Күні, саны, айы, жылы

Қараудың нәтижелері және анықталған ақауларды жою жөнінде белгіленген іс-шаралар

Күні, айы, жылы

Орындалған жұмыстар туралы мәліметтер

1

2

3

4






















Дата вступления в силу:  30.01.2012
Дата изменения акта:  31.10.2015
Дата принятия акта:  30.01.2012
Информация об официальном опубликовании акта:  Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 30, 400-құжат; "Егемен Қазақстан" 2012 жылғы 23 маусымдағы № 339-345 (27419); "Казахстанская правда" от 23.06.2012 г., № 199-200 (27018-27019);
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  103000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  63208
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  171
Статус акта:  yts
Сфера правоотношений:  015003000000
Форма акта:  ПОСТ
Юридическая сила:  1000
Язык акта:  kaz