01.12.2011

Аумақтық сулар алып жатқан жер учаскелерін жасанды ғимараттар салу үшін беру қағидаларын бекіту туралы

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 23.12.2015 № 1034 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 13-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған аумақтық сулар алып жатқан жер учаскелерін жасанды ғимараттар салу үшін беру қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2011 жылғы 1 желтоқсандағы
№ 1419 қаулысымен  
бекітілген        

Аумақтық сулар алып жатқан жер учаскелерін жасанды ғимараттар салу үшін беру қағидаларын бекіту туралы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 13-бабына сәйкес әзірленді және аумақтық және ішкі сулар алып жатқан жер учаскелерін (бұдан әрі - жер учаскесі) жасанды ғимараттарды салу үшін беру тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидаларда мынандай ұғымдар пайдаланылады:
      1) уәкілетті орган - тиісті облыстың жергілікті атқарушы органының табиғатты пайдалану саласындағы құрылымдық бөлімше;
      2) жасанды ғимарат - топырақты шаю немесе топырақ салу жұмыстарын немесе өзге технологияларды пайдалана отырып, жүргізілетін жұмыстар арқылы жасалған, күрделі құрылыс объектілері орналасқан су бетіндегі жайлақ объект;
      3) тапсырыс беруші - Қазақстан Республикасы мұнай-газ секторын дамытуға қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына енгізілген, теңізде жасанды гимараттарды жасаушы заңды немесе жеке тұлға.
      3. Жер учаскелері берілетін жасанды ғимараттарға: айлақ, пирс, толқын тоспасы, мол, эллинг, док, слип, су жинау, су реттеуші және су қорғаушы құрылыстар, кеме және кеме жөндеу құрылысы зауыты (верфь), теңіз металл конструкцияларын дайындау зауыты, бұрғылау ерітінділерін жасау зауыты, теңіз мұнай операцияларын сүйемелдеудің жағалық базасы, мұнайдың төгілуіне әсер ету базасы, теңіз кемелеріне май құю станциясы, мұнай өнімдерін ауыстырып құю терминал, құбырларды бетондау зауыты, су түбін тереңдету флотын техникалық сүйемелдеу базасы, сұйытылған газ терминалы мен порт флотының базасы жатады.
      4. жасанды ғимараттарды салу үшін жер учаскелері 49 жыл мерзімге дейінгі мерзімде уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) беріледі.

2. Жасанды ғимараттарды салу үшін жер учаскелерін беру

      5. Жасанды ғимараттарды салу үшін жер учаскелерін беруді Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі тиісті бассейндік инспекциясымен келісім бойынша Атырау және Маңғыстау облыстарының жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады. Каспий теңізіндегі Қазақстан Республикасының аумақтық және ішкі сулар шегіндегі облыстардың шекаралары облыстардың Каспий теңізі жағалауы құрлығындағы әкімшілік шекараларының түйіскен нүктесін ескере отырып, солтүстік ендіктің 46 градус сызығына параллель сызық ретінде анықталады.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 02.08.2013 № 769 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      6. Жасанды ғимараттарды салу үшін жер учаскелерін беру мынандай тәртіпте жүргізіледі:
      1) жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру туралы өтінішті қарауға қабылдау;
      2) жер учаскесін алдын ала таңдау;
      3) тиісті жергілікті атқарушы органдар құратын комиссияның жер учаскесін беру туралы қорытындысын дайындау;
      4) жерге орналастыру жобасын әзірлеу және бекіту;
      5) облыстың жергілікті атқарушы органының жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру туралы шешімін қабылдауы;
      6) жер учаскесін уақытша өтеулі пайдалану (жалдау) туралы шарт жасасу;
      7) жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және беру.
      7. Жер учаскесіне жер пайдалану құқығын беруге мүдделі тапсырыс берушілер сұралып отырған жер учаскесінің орналасқан жері бойынша облыстың тиісті жергілікті атқарушы органына өтініш береді.
      8. Өтініште: жер учаскесінің нысаналы мақсаты; оның болжамды мөлшері; орналасқан жері, сұралып отырған пайдалану құқығы көрсетілуі тиіс.
      9. Өтінішке:
      1) бизнес-сәйкестендіру нөмірі көрсетілген (БСН) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама немесе нотариалды расталған куәліктің* көшірмесі.
      Ескертпе: * «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген заңды тұлғаны, филиалдар мен өкілдіктерді мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлғаның қызметі тоқтатылғанға дейін жарамды болады;
      2) салық төлеуші куәлігінің көшірмесі (салыстыруын тексеру үшін түпнұсқасы берілмеген жағдайда құжаттың нотариалды расталған көшірмесі);
      3) заңды тұлға жарғысының көшірмесі (салыстыруын тексеру үшін түпнұсқасы берілмеген жағдайда құжаттың нотариалды расталған көшірмесі) қоса беріледі.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 02.08.2013 № 769 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      10. Тапсырыс берушінің өтініші түскен кезден бастап үш жұмыс күні ішінде қоса берілген құжаттары бар өтініш жасанды ғимараттар орналасқан жерін алдын ала таңдауды ұйымдастыру үшін уәкілетті органға түседі.
      11. Жасанды ғимараттарды салу үшін жер учаскесін беру туралы өтінішті қараудың жалпы мерзімі өтініш түскен сәтінен бастап екі айға дейінгі уақытты құрайды.
      Аталған мерзімге:
      1) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-бабының 3-тармағына сәйкес дайындалатын жерге орналастыру жобасын жасау;
      2) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-бабының 6-тармағына сәйкес келісу кезеңдері кірмейді.
      12. Жасанды ғимаратты орналастыратын орынды алдын ала таңдау қоса берілген құжаттары бар өтініш түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
      Жасанды ғимараттың орналастыратын орнын алдын ала таңдау жер учаскесін таңдау туралы актімен үш данада рәсімделеді. Жер учаскесін таңдау актісінде бұрылу нүктелерінің географиялық координаттары көрсетіле отырып жер учаскесінің орналасқан жерінің сипаттамасы, сондай-ақ жер учаскесінің көлемі көрсетіледі.
      13. Уәкілетті орган жер учаскесін таңдау акті рәсімдеген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің орталық аппаратына келісуге жібереді.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің орталық аппараты жер учаскесін таңдау туралы акті алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оны қарайды және нақты жер учаскесін таңдау актісін немесе келісу туралы дәлелді жауабы бар хатты жолдайды.
      Уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің орталық аппаратының хатын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде осы тармақта көрсетілген хатты қоса беріп, жер учаскесін таңдау туралы акті тиісті облыстың жергілікті атқарушы органы жергілікті өкілді органның депутаттарына, жер қатынастары саласындағы, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы, көлік және коммуникация саласындағы, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы, балық ресурстарын қорғау, өсімін молайту және қорғау саласындағы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы, кемелердің және объектілерде жұмыс жүргізудің қауіпсіздігі саласындағы облыстың, ауданның уәкілетті органдарының өкілдерінен құрған тиісті комиссияға келісуге жолдайды.
      14. Осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген комиссия негізделген оң немесе теріс қорытынды шығарады. Оң қорытынды жасанды ғимараттарды салу үшін жер учаскесін беруге негіз болып табылады, ал теріс қорытынды - жасанды ғимараттарды салу үшін жер учаскесін беруден бас тарту үшін негіз бола алады.
      15. Осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген комиссияның қорытындысы жер учаскесін таңдау туралы акт түскен кезден бастап бес жұмыс күні ішінде хаттамалық шешім нысанында екі данада жасалады.
      16. Хаттамалық шешімге қол қойылғаннан кейін оң қорытындысы бар хаттамалық шешімнің бір данасы жерге орналастыру жобасын әзірлеу үшін үш жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге жолданады, екінші данасы уәкілетті органға тапсырылады.
      17. Құрамында берілетін жер учаскесінің көлемі, оның шекарасы мен орналасқан жері, жер учаскесінің жанама иелері және жерді пайдаланушылар, сондай-ақ беріліп отырған жер учаскесінің ауыртпалықтары мен сервитуті нақтыланған жерге орналастыру жобасын тапсырыс беруші уәкілетті органға енгізеді.
      18. Жерге орналастыру жобасының негізінде уәкілетті орган уақытша өтеулі түрде жер учаскесін жасанды ғимараттарды салу үшін пайдалануға (жалға) беру туралы тиісті облыстың атқарушы органы шешімінің жобасын әзірлеп, бекітуге енгізеді.
      19. Облыстың жергілікті атқарушы органы жерге орналастыру жобасы түскен кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде жер учаскесін жасанды ғимараттарды салу үшін уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) беру туралы шешім қабылдайды.
      20. Жасанды ғимараттарды салу үшін жер учаскесін уақытша жер пайдалануға (жалға) беру туралы шешім комиссияның оң қорытындысы және жерге орналастыру жобасы негізінде қабылданады.
      21. Жасанды ғимараттарды салу үшін жер учаскесін уақытша жер пайдалануға (жалға) беруден бас тарту туралы шешім комиссияның теріс қорытындысы келіп түскен кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылданады.
      22. Жер учаскесін беру немесе беруден бас тарту туралы шешімнің көшірмесі оған қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жолданады.
      23. Жер учаскесін беру туралы шешім қабылданғаннан кейін жер учаскесін уақытша өтеулі пайдалану (жалдау) туралы шарт жасалынады.
      24. Жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын әзірлеу және беру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 1 қарашадағы № 1392 қаулысымен бекітілген «Уақытша өтеулі (ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді) жер пайдалану (жалдау) құқығына актілер ресімдеу және беру» мемлекеттік қызмет стандартының 11-тармағында көрсетілген құжаттарды тапсырған кезден бастап алты жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 02.08.2013 № 769 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      25. Жасанды ғимарат жылжымайтын мүлік объектісі болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жатады.


Дата вступления в силу:  01.12.2011
Дата изменения акта:  23.12.2015
Дата принятия акта:  01.12.2011
Информация об официальном опубликовании акта:  "Егемен Қазақстан" газеті 2012 жыл 22 ақпан N 66 (27138); Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы 2012 ж. № 5, 87-құжат
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  103000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  62307
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  1419
Статус акта:  yts
Сфера правоотношений:  011002000000 / 007005000000
Форма акта:  ПОСТ / ПРАВ
Юридическая сила:  1000
Язык акта:  kaz