2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 29 шілдедегі № 882 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
      2. Қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат беріле отырып, 2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
           Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 29 шілдедегі
№ 882 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба 

2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитарлық және
фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу
туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (бұдан әрі – ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімнің (бұдан әрі – Келісім) 15-бабына сәйкес,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап 

      Келiсiмнің 2-бабы мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
      «4. Мемлекеттік құпияны құрайтын немесе Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес қорғалуға жататын қол жетімділігі шектеулі өзге ақпараттарды, мәліметтерді қорғау мақсатында пайдаланылатын мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс бойынша жеткізілетін қорғаныс өніміне (жұмыстарына, қызметтеріне) қатысты, мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтер, өнімдер (жұмыстар, қызметтер) және атом энергиясын пайдалану саласында, жобалау процесінде (іздестіруді қоса алғанда), өндірісте, құрылыста, монтаждауда, жөндеуде, пайдалануда, сақтауда, тасымалдауда, іске асыруда, кәдеге жаратуда, көрсетілген өнімді және көрсетілген объектілерді көмуде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен байланысты талаптар белгіленетін объектілерінің техникалық реттеу ерекшеліктері Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында белгіленеді.» 

2-бап 

      Осы Хаттаманы қолдануға және (немесе) түсіндіруге байланысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі. 

3-бап 

      Осы Хаттама оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Хаттама депозитарий тиісті құжаттарды алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      2011 жылғы «____»_______ ____________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.

      Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы осы Хаттаманың депозитарийі бола отырып, әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетінде сақталады. 

      Беларусь Республикасының              Қазақстан Республикасының
            Үкiметi үшін                          Үкіметі үшін

      Қырғыз Республикасының                  Ресей Федерациясының
            Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

                          Тәжікстан Республикасының
                                Үкіметі үшін