"Назарбаев Университеті", "Назарбаев Зияткерлік мектептері" және "Назарбаев Қоры" мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 қыркүйектегі № 860 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К.Мәсімов

Қазақстан Республикасының Заңы «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері»
және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы

      1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңды реттеу нысаны

      Осы Заң Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің бастамасы бойынша құрылатын «Назарбаев Университеті» (бұдан әрі - Университет), «Назарбаев Зияткерлік мектептері» (бұдан әрі - Зияткерлік мектептер) және «Назарбаев Қоры» (бұдан әрі - Қор) құрылуы мен қызметінің құқықтық мәртебесін және айрықша құқықтық режимін айқындайды.

      2-бап. Университет, Зияткерлік мектептер және Қор туралы
             заңнама

      1. Университет, Зияткерлік мектептер және Қор туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
      2. Қазақстан Республикасының білім және ғылым қызметін, коммерциялық емес ұйымдар, денсаулық сақтау саласындағы қызметті реттейтін заңнамасы осы Заңмен реттелмеген бөлігінде Университетке, Зияткерлік мектептер мен Қорға және олардың қызметіне қолданылады.
      3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Университет, Зияткерлік мектептер және Қор
             қызметінің қағидаттары

      Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қызметі мынадай қағидаттарға негізделеді:
      1) дербестік және өзін-өзі басқарушылық қағидаты - Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қаржы-экономикалық және әкімшілік басқару дербестігі, шешімдер қабылдаудың алқалығы;
      2) академиялық еркіндік қағидаты - Университеттің және Зияткерлік мектептердің білім бағдарламаларын, білім беру қызметінің нысандары мен әдістерін, ғылыми зерттеулерді жүргізу бағыттарын әзірлеу мен таңдаудағы тәуелсіздігі;
      3) әлеуметтік жауапкершілік пен айқындық қағидаты - Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қоғамның әл-ауқатын жақсарту мақсатында әлеуметтік маңызды жобаларды әзірлеуі және оларға қатысуы, өз қызметінің барлық бағыттары бойынша ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету;
      4) білімнің, ғылым мен өндірістің интеграциясы қағидаты - Университеттегі және Зияткерлік мектептердегі білім беру процесінің ғылыми және практикалық қызметтен ажыратылмайтындығы, ғылым және кәсіпкерлік ұйымдарымен стратегиялық әріптестікті қамтамасыз ету.

      2-тарау. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және
               Қордың құқықтық мәртебесі

      4-бап. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және
             Қордың мәртебесі

      1. Университет - Қазақстан Республикасының Үкіметі орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру, ғылыми қызмет, қазіргі заманғы білім беру мен ғылыми инфрақұрылымды құру саласындағы қызметті және оның жарғысына сәйкес өзге де қызметті жүзеге асыру мақсатында құратын дербес коммерциялық емес білім беру ұйымы.
      Университеттің ұйымдары - Университет құратын коммерциялық емес ұйымдар және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы меншік немесе сенімгерлік басқару құқығында Университетке тиесілі басқа да заңды тұлғалар, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдары.
      Университет білім және ғылым саласындағы инновациялық бағдарламаларды әзірлеуді, мониторингін, зерттеуді, талдауды, байқап көруді, енгізу мен іске асыруды жүзеге асыратын эксперименттік алаң болып табылады.
      2. Зияткерлік мектептер - Қазақстан Республикасының Үкіметі мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта білім беру саласындағы қызметті және оның жарғысына сәйкес өзге де қызметті жүзеге асыру мақсатында құратын дербес коммерциялық емес білім беру ұйымы.
      Зияткерлік мектептер: бастауыш мектеп (оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту), негізгі мектеп және жоғары мектеп деңгейлері бойынша білім беру бағдарламаларының қазіргі заманғы модельдерін әзірлеуді, мониторингін, зерттеуді, талдауды, байқап көруді, енгізуді мен іске асыруды жүзеге асыратын эксперименттік алаң болып табылады.
      3. Қор - Университеттің, Зияткерлік мектептердің білім беру және ғылыми қызметін, сондай-ақ Университеттің ұйымдары жүзеге асыратын денсаулық сақтау саласындағы қызметті қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің бастамасы бойынша құрылатын қор.

      5-бап. Университеттің және Зияткерлік мектептердің мүлкі

      1. Университеттің, Зияткерлік мектептердің мүлкі:
      1) құрылтайшының дамуға арналған нысаналы салымдары;
      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша берілетін мемлекеттік мүлік;
      3) ерікті мүлік жарналары мен қайырмалдықтар;
      4) Қор беретін қаржыландыру;
      5) жарғылық мақсаттарға сәйкес тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатудан түскен түсімдер (табыс);
      6) акциялар, облигациялар, басқа да бағалы қағаздар мен салымдар (депозиттер) бойынша алынатын дивидендтер (кірістер, сыйақылар (мүдде);
      7) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да түсімдер есебінен қалыптасады.
      Осы тармаққа сәйкес қалыптастырылған Университеттің және Зияткерлік мектептердің мүлкі олардың меншік құқығымен тиесілі болады.
      2. Университет, Зияткерлік мектептер, Университеттің ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырма, мемлекеттік білім беру тапсырысын және тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсетуге мемлекеттік тапсырма алуға құқылы.
      3. Дербес коммерциялық емес білім беру ұйымдарының мүлкіне құрылтайшының мүліктік құқықтары болмайды.
      Құрылтайшы өзі құрған дербес коммерциялық емес білім беру ұйымдарының міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал олар құрылтайшының міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

      6-бап. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және
             Қордың органдары

      1. Жоғары қамқоршылық кеңес Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың Жоғары басқару органы болып табылады.
      Жоғары қамқоршылық кеңестің құрылымы, қалыптасу тәртібі және оның мүшелерінің өкілеттік мерзімі, сондай-ақ олардың шешімдерді қабылдау тәртібі Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жарғыларында, сондай-ақ Жоғары қамқоршылық кеңес туралы ережеде айқындалады.
      2. Жоғары қамқоршылық кеңестің айрықша құзыретіне:
      1) Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың ұзақ мерзімді даму стратегияларын бекіту;
      2) Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жарғыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ оларды жаңа редакцияда бекіту;
      3) Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жарғыларына сәйкес олардың қамқоршылық кеңесі мүшелерін тағайындау және өкілеттігін тоқтату;
      4) аудит жүргізу туралы шешім қабылдау, Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қызметі туралы есептерді бекіту;
      5) Университетті, Зияткерлік мектептерді және Қорды қайта ұйымдастыру, тарату туралы шешім қабылдау;
      6) осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне және Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жарғыларына сәйкес өзге де өкілеттіктер жатады.
      3. Жоғары қамқоршылық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық және құжаттамалық қамтамасыз етуді Жоғары қамқоршылық кеңестің хатшылығы жүзеге асырады, оның жұмыс істеу тәртібі Жоғары қамқоршылық кеңес туралы ережеде айқындалады.
      Жоғары қамқоршылық кеңеске ұсынымдарды дайындау үшін Жоғары қамқоршылық кеңестің комитеттері құрылуы мүмкін. Комитеттердің мүшелерін тағайындау (өкілеттіктерін тоқтату) тәртібін және олардың өкілеттік мерзімін Жоғары қамқоршылық кеңес айқындайды.
      4. Тұрақты жұмыс істейтін алқалық қамқоршылық кеңестер Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асыратын басқару органдары болып табылады.
      Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қамқоршылық кеңестерінің құрылымы, қалыптасу тәртібі және олардың мүшелерінің өкілеттік мерзімі, сондай-ақ олардың шешімдерді қабылдау тәртібі олардың жарғыларында айқындалады.
      5. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қамқоршылық кеңестерінің айрықша құзыретіне:
      1) жылдық және орта мерзімді бюджеттерді бекіту;
      2) Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың атқарушы органын сайлау, сандық құрамын айқындау, оның басшысы мен мүшелерін (аткарушы органның функцияларын жеке дара жүзеге асыратын тұлғаны) сайлау, сондай-ақ олардың өкілеттігін мерзімнен бұрын тоқтату;
      3) мүлікке билік ету және мәмілелер жасау тәртібін бекіту;
      4) тауарларды, жұмыстар мен (немесе) көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту;
      5) Университет, Зияткерлік мектептер және Қор қызметінің өздерінің жарғылық мақсаттарына, сондай-ақ осы Заңға сәйкестігін бақылауды жүзеге асыру;
      6) қызмет туралы ақпаратты беру, жариялау тәртібін бекіту;
      7) осы Заңға және Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жарғыларына сәйкес өзге де өкілеттіктер жатады.
      6. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың басқару органдарының құрамына құрылтайшының өкілдері кіреді.
      7. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың ағымдағы қызметіне басшылықты олардың атқарушы органдары жүзеге асырады. Атқарушы органдар алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкін.
      Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың атқарушы органдары Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жоғары басқару органының және тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органдарының шешімдері негізінде және оларды орындау үшін жұмыс істейді және оларға есеп береді.
      Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың атқарушы органдарының құрылымы, құзыреті, қалыптасу тәртібі мен өкілеттік мерзімі олардың жарғыларында айқындалады.
      8. Университетте, Зияткерлік мектептерде және Қорда олардың жарғыларына сәйкес өзге де органдар құрылуы мүмкін.

      7-бап. Университетті, Зияткерлік мектептерді және Қорды
             қайта ұйымдастыру және тарату

      1. Университет, Зияткерлік мектептер және Қор осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңнамасына және олардың жарғыларына сәйкес қайта ұйымдастырылуға, таратылуға жатады.
      2. Университет, Зияткерлік мектептер және Қор таратылғаннан кейін қалған мүлік олардың жарғыларында айқындалған мақсаттарға бағытталады.

      3-тарау. Университет, Зияткерлік мектептер және Қор
               қызметінің ерекшеліктері

      8-бап. Университеттің және Зияткерлік мектептердің білім
             беру қызметін лицензиялау, аттестаттау және
             аккредиттеу

      1. Университеттің және Зияткерлік мектептердің, сондай-ақ Университетте және (немесе) Зияткерлік мектептерде білім бағдарламаларын енгізетін және (немесе) іске асыратын шетелдік заңды тұлғалардың білім беру қызметін лицензиясыз жүзеге асыруға құқығы бар.
      2. Білім туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік аттестаттау Университетке және Зияткерлік мектептерге қатысты жүргізілмейді.
      3. Университетті және Зияткерлік мектептерді аккредиттеуді тәуелсіз, оның ішінде шетелдік аккредиттеу ұйымдары жүзеге асырады.

      9-бап. Университеттің білім беру қызметін жүзеге асыру
             ерекшеліктері

      1. Университет білім беру қызметін өзі әзірлеген білім беру бағдарламаларының немесе шетелдік әріптестерінің білім беру бағдарламаларының негізінде жүзеге асырады.
      2. Оқуға қабылдау, білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, оларды аралық және қорытынды аттестаттау тәртібін Университет өз жарғысына сәйкес өзі айқындайды. Университетте білім алушылар мемлекеттік аралық бақылаудан өтуден босатылады.
      3. Университет білім беру қызметтерін көрсету шартының нысанын өзі бекітеді.
      4. Университетте білім алушыларға мемлекеттік гранттар мен өзге де төлемдерді беру мөлшері мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      5. Университетте іске асырылып жатқан білім бағдарламалары бойынша оқу бітірген және қорытынды аттестаттаудан өткен адамдарға Университет тиісті білім және (немесе) біліктілік деңгейі туралы құжаттар береді. Білім туралы құжаттардың бірыңғай нысаны мен оларды толтыру тәртібін Университеттің қамқоршылық кеңесі бекітеді.
      6. Университет беретін тиісті білім және (немесе) біліктілік деңгейі туралы құжаттар өздерінің иелеріне тиісті білім және (немесе) біліктілік деңгейі туралы мемлекеттік үлгідегі құжат иелері үшін көзделген құқықтарға ұқсас құқықтарды береді.

      10-бап. Зияткерлік мектептердің білім беру қызметін
              жүзеге асыру ерекшеліктері

      1. Зияткерлік мектептер өздері әзірлеген мамандандырылған білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ шетелдік әріптестерінің білім беру бағдарламаларын іске асырады.
      Зияткерлік мектептерде іске асырылатын білім беру бағдарламалары мына деңгейлерден тұрады: бастауыш мектеп (оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту), негізгі мектеп және жоғары мектеп, олардың мазмұнын Зияткерлік мектептер айқындайды.
      2. Оқуға қабылдау, білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, оларды аралық және қорытынды аттестаттау тәртібін Зияткерлік мектептер өздері айқындайды.
      3. Зияткерлік мектептерде білім алған адамдар бірыңғай ұлттық тестілеуден өтуден босатылады.
      4. Зияткерлік мектептер іске асырылып жатқан білім беру бағдарламалары бойынша оқу бітірген және қорытынды аттестаттаудан өткен адамдарға тиісті білім деңгейі туралы құжаттар береді. Білім туралы құжаттардың бірыңғай нысаны мен оларды толтыру тәртібін Зияткерлік мектептердің қамқоршылық кеңесі бекітеді.
      5. Зияткерлік мектептер берген білім туралы құжаты бар адамдардың білім беру саласындағы уәкілетті органның комиссиясы шешімінің негізінде білім беру гранттарын алу құқығына арналған конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретін сертификат алуға құқығы бар. Сертификаттардың баллдары қорытынды бағаларды (баллдарды) білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін шәкілге ауыстыру арқылы белгіленеді.

      11-бап. Университеттің ғылыми қызметті жүзеге асыруы

      1. Университет ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асырады, ғылыми зерттеулерді, оның ішінде гранттың, бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың есебінен жүргізеді.
      2. Университет салалық ғылыми орталықтарды құруға құқылы.
      3. Университет ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерінің практикалық қолданылуына (коммерциялауға) қатысуға құқылы.
      Университеттің және оның салалық ғылыми орталықтарының ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерінің практикалық қолданылуы (коммерциялануы) нәтижесінде алынған кірістері оларды дамытуға ғана бағытталады.

      12-бап. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және
              Қордың шетелдік жұмыс күшін тарту ерекшеліктері

      1. Университетке, Зияткерлік мектептерге, Қорға, сондай-ақ Университеттің ұйымдарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен басшы және расталған құжаттары бар жоғары білімді мамандар лауазымдарына шетелдік қызметкерлерді тарту шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсатты алмай-ақ жүзеге асырылады.
      2. Шетелде мамандар және Университетте немесе оның медициналық ұйымдарында кәсіптік медициналық қызметті жүзеге асыруға шақырылғандар алған клиникалық медициналық қызметпен айналысу құқығын беретін немесе біліктілік санатының берілгенін куәландыратын құжат Қазақстан Республикасының аумағында қолданылып жүрген маманның сертификатына санат берілместен теңестіріледі.

      13-бап. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және
              Қордың мүлікке билік ету және сатып алуды жүзеге
              асыру ерекшеліктері

      Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың мүлікке билік ету, онымен мәміле жасасу тәртібін, сондай-ақ Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидасын Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қамқоршылық кеңестері айқындайды.

      14-бап. Қорытынды ережелер

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. Осы Заң қолданысқа енгізілген сәттен бастап алты ай ішінде Құрылтайшы Университетті және Зияткерлік мектептерді құру, оның ішінде жарғылық капиталына мемлекет қатысатын тиісті коммерциялық және коммерциялық емес заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру арқылы құру туралы шешім қабылдайды.
      3. Жоғары қамқоршылық кеңес Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жарғыларын бекіткенге дейін көрсетілген ұйымдар олардың құрылтайшылары бекіткен жарғылардың негізінде қызмет етеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті