Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында инфекциялық және паразиттік аурулардың енуіне және таралуына санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитариялық қорғауды қамтамасыз ету ережесі

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2293 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 8 қыркүйектегі № 754 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 08.09.2015 № 754 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында инфекциялық және паразиттік аурулардың енуіне және таралуына санитариялық карантиндік бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитариялық қорғауды қамтамасыз ету ережесі бекітілсін.
      2. «Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитарлық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру және санитарлық қорғауды қамтамасыз ету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 22 қарашадағы № 1168 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 44, 475-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 2293 қаулысымен 
бекітілген    

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында инфекциялық
және паразиттік аурулардың енуіне және таралуына
санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру және
Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын
санитариялық қорғауды қамтамасыз ету ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында инфекциялық және паразиттік аурулардың енуіне және таралуына санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитариялық қорғауды қамтамасыз ету ережесі (бұдан әрі — Ереже) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында инфекциялық және паразиттік аурулардың енуіне және таралуына санитариялық-карантиндік бақылау және Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитариялық қорғауды қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.
      2. Санитариялық-карантиндік бақылау - адамдар мен жүктердің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өтуі кезінде ел аумағына инфекциялық және паразиттік ауруларды, сондай-ақ адам денсаулығына әлеуетті қауіпті заттар мен өнімді кіргізуге жол бермеу мақсатында өткізілетін, жүктердің санитариялық-эпидемиологиялық жай-күйін және адам денсаулығының жай-күйін бақылау.
      3. Санитариялық-карантиндік бақылау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитариялық қорғаудың құрамдас бөлігі болып табылады.
      4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде халық денсаулығына қауіп төндіретін жолаушыларға, экипаждарға, поезд бригадаларына, көлік құралдарына жүктерге санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды жүзеге асыру үшін санитариялық-карантиндік пункттер ұйымдастырылады.
      5. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде (санитариялық-карантиндік пункттерде) санитариялық-карантиндік бақылауды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері жүргізеді.

2. Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын
санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру және
санитариялық қорғауды қамтамасыз ету тәртібі

      6. Санитариялық-карантиндік бақылау мынадай инфекциялық және паразиттік аурулардың енуіне және таралуына жол бермеу мақсатында жүргізіледі:
      1) карантиндік инфекциялар (оба, тырысқақ, сары қызба);
      2) аса қауіпті инфекциялар (контагиозды вирусты геморрагиялық қызбалар: Ласс, Марбург, Эбол, Хунин, Мачупо, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы);
      3) ауыр қатты респираторлық синдром немесе типтік емес өкпе қабынуы;
      4) жаңа жоғары патогенді тип түрінен болатын пандемиялық тұмау (A/H1N1, құс тұмауы A/H5N1 және басқа типтері);
      5) паразиттік аурулар (безгек).
      7. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдары санитариялық-карантиндік бақылауды:
      1) осы Ереженің 6-тармағында көзделген инфекциялық және паразиттік аурулар бойынша қолайсыз елдерден жолаушы және өзге де көлік құралы немесе жеке тұлға келген;
      2) жолаушы және өзге де көлік құралының экипажынан көлік құралында инфекциялық және паразиттік аурумен ауыратын науқастың немесе ауратынына күдік туған адамның болуы туралы хабарлама алған;
      3) жөнелтуші елдің құзыретті органдарынан, транзиттен немесе алушыдан халықтың денсаулығына қауіп төндіретін жүктің келуі туралы ақпарат алған;
      4) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде контейнерлер мен лихтерлердің ашылғандығы немесе олардың бүтіндігі бұзылғандығы анықталған;
      5) көлік құралында осы Ереженің 6-тармағында санамаланған инфекциялық және паразиттік ауруларды тасымалдаушы жәндіктер мен өлген кеміргіштер табылған кезде жүргізеді.
      8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар оларға денсаулық жағдайына шағыммен адамдар барған кезде санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарды дереу хабардар етеді.
      9. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар қызметтік куәлігін көрсете отырып, халықтың денсаулығына қауіп төндіретін экипаж мүшелері, жолаушылар және жүктер бар үй-жайларға, көлік құралдарына кедергісіз кіреді.
      10. Санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға әуе кемелері экипаждарының командирлері, теңіз кемелерінің капитандары, поезд бригадаларының бригадирлері мынадай құжаттарды:
      1) жолаушы көлік құралының медициналық-санитариялық декларациясын;
      2) жолаушы және өзге де көлік құралын дезинфекциялау, дезинсекциялау мен дератизациялау туралы куәлікті;
      3) экспорттаушы елдің құзыретті органы берген жүктердің қауіпсіздігін куәландыратын ілеспе құжаттарын (санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды (гигиеналық қорытынды, гигиеналық сертификат), сәйкестік сертификаттарын (санитариялық, сәйкестік, сапалық, денсаулық) ұсынады.
      11. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде жеке тұлғаларды санитариялық-карантиндік бақылау (әуе кемелерінің, теңіз кемелерінің және поездардың жолаушыларын қоспағанда) үнемі Қазақстан Республикасының аумағына инфекциялық және паразиттік аурулардың енуі және таралуы жағдайларына жол бермеу мақсатында жүргізіледі.
      12. Санитариялық-карантиндік пункттерде осы Ереженің 6-тармағында көрсетілген инфекциялық және паразиттік аурулар бойынша қолайсыз елдерден келген адамдарды, сондай-ақ келген көлік құралының экипажынан инфекциялық және (немесе) паразиттік ауру белгісі бар немесе оған күдікті науқастың болуы туралы ақпарат алған кезде тепловизорларды, байланыссыз термометрлерді пайдалану арқылы термометриямен санитариялық-эпидемиологиялық зерттеп-қарау және сұрақ алу жүргізіледі.
      13. Инфекциялық және (немесе) паразиттік аурулармен ауыратын науқас анықталған жағдайда санитарлық-карантиндік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар мынадай санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізеді:
      1) науқасты денсаулық сақтау ұйымының ауруханасына жатқызғанға дейін оны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктінің изоляторында уақытша оқшаулау;
      2) науқаспен байланыста болған адамдарды обсервациялауды, медициналық айғақтары бойынша оларды денсаулық сақтау ұйымның ауруханасына жатқызу;
      3) бортында инфекциялық және паразиттік аурулар белгісі бар немесе инфекциялық және паразиттік ауруларға күдікті науқас анықталған көлік құралында дезинфекциялық іс-шараларды ұйымдастыру.
      14. Санитариялық-карантиндік бақылаудың нәтижелері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдары санитариялық-эпидемиологиялық тексеру актісін толтырады, онда қажетті ілеспе құжаттардың болуы, келген көлік құралының түрі мен бағыты, жолаушылар мен экипаж мүшелерінің саны, инфекциялық және паразиттік ауруға күдікті науқастардың болуы, халықтың денсаулығына қауіп төндіретін жүктің атауы көрсетіледі.
      15. Келген көлік құралдарында тасымалдаушы жәндіктер, кеміргіштер немесе өлген кеміргіштер табылған жағдайда тиісті аумақтардағы және көліктегі бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерлердің санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шаралар жүргізу туралы қаулысы бойынша көлік құралдары, олардың жүктерімен (бар болғанда) бірге дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шаралар жүргізілетін санитариялық тұраққа (санитариялық айлақ, санитариялық алаң, санитариялық тұйық) жіберіледі.
      Дезинфекция, дезинсекция, дератизация аяқталғаннан кейін санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам көлік құралының халықаралық медициналық-санитариялық құжатына белгі қояды және өңделген көлік құралдары жүктерімен бірге (бар болғанда) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінеді.
      16. Санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар инфекциялық және паразиттік аурулар бойынша қолайсыз елдерге баратын басшыларға, экипаждардың мүшелеріне, поезд бригадаларына, көлік құралдарының персоналы мен жолаушыларына, сондай-ақ жолаушыларға және жүктерге қызмет көрсетуге қатысатын әуежайлардың, порттардың және вокзалдардың қызметкерлеріне инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу шаралары жөнінде нұсқау беруді жүргізеді.