Қылмысқа қарсы күрес саласындағы ақпарат алмасу туралы келісімді бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 20 қарашадағы N 1899 Қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚAУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Aстана қаласында 2009 жылы 22 мамырда қол қойылған Қылмысқа қарсы күрес саласындағы ақпарат алмасу туралы келісім бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі көрсетілген Келісімнің 1-бабының 3-тармағына сәйкес депозитарийге Қазақстан Республикасынан оны орындау жөніндегі құзыретті органдар Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет), Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Экономикалық тергеу қызметі болып табылатынын хабарласын.
     Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.02.2021 № 98 қаулысымен.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі        К. Мәсімов
Қылмысқа қарсы күрес саласында ақпарат алмасу туралы
КЕЛІСІМ
     Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
қылмыс оның барлық нысандарында жеке тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігі үшін елеулі қауіп төндіретінін мойындай отырып,
     ақпарат алмасу саласында Тараптардың ынтымақтастығын дамыту ниетін басшылыққа ала отырып,
азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау міндеттерін шешу кезінде ақпараттық өзара іс-қимыл жасауды одан әрі нығайту қажеттігін ескере отырып,
     халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
      1. Қылмыстарды ескерту, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу мақсатында Тараптар сұрау салулар бойынша жедел-анықтамалық, іздестіру, криминалистикалық және өзге де есептердегі, мұрағаттардағы мәліметтерді өтеусіз негізде ұсынады, сондай-ақ олардың қарамағындағы ғылыми-техникалық, ақпараттық-аналитикалық материалдармен және қылмысқа қарсы күрес саласындағы нормативтік құқықтық актілермен алмасуды жүзеге асырады.
      2. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Тараптар өздерінің құзыретті органдары арқылы ынтымақтасады. Құзыретті органдардың тізбесін әрбір Тарап айқындайды және осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындау туралы хабарламаны сақтауға тапсыру кезінде депозитарийге беріледі. Құзыретті органдар тізбесінің өзгерістері туралы әрбір Тарап бір ай ішінде депозитарийге жазбаша хабарлайды.
2-бап
      1. Тараптардың құзыретті органдарының ынтымақтастығы ақпарат жіберу және ақпарат ұсыну туралы сұрау салуларды (бұдан әрі - сұрау салу) орындау арқылы жүзеге асырылады.
      2. Егер ақпарат осы Тарап үшін қызығушылық білдіреді деп ұйғаруға негіз болса, ол екінші Тарапқа бастамашылық тәртіппен берілуі мүмкін.
      3. Сұрау салу жазбаша түрде жіберіледі. Кідіруге болмайтын жағдайларда сұрау салу кейіннен үш тәулік мерзімнен кешіктірілмей міндетті түрде жазбаша түрде растала отырып, ауызша берілуі мүмкін. Бұл ретте ақпарат берудің техникалық құралдары пайдаланылуы мүмкін. Сұрау салудың түпнұсқалығына немесе мазмұнына күмән туындаған жағдайда оны қосымша растау сұратылуы мүмкін.
     Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салуды тиісінше орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы. Сұрау салуда:
а) сұрау салушы және сұрау салынатын Тараптардың құзыретті органдарының атаулары;
     б) сұрау салудың мақсаты мен негіздемесі;
в) сұрау салуды орындаудың күтілетін мерзімдері;
     г) сұрау салуды орындау үшін пайдалы болуы мүмкін өзге де мәліметтер көрсетіледі.
4. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының ресми бланкісінде жіберілген немесе жазбаша түрде расталған сұрау салуға басшы немесе оның орнындағы адам қол қоюы және осы органның елтаңбалы мөрімен куәландырылуға тиіс.
      5. Егер сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салуды орындау қажет емес деп тапса, онда осы орган сұрау салынатын Тараптың құзыретті органына бұл туралы дереу хабарлайды.
3-бап
      1. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салуды толық, уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Сұрау салуды орындау тәртібі, көлемі және мерзімдері сұрау салынатын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасымен айқындалады.
      2. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салуды орындауға кедергі келтіретін немесе кешіктіретін мән-жайлар туралы дереу хабарланады.
      3. Егер сұрау салуды орындау сұрау салуды алған органның құзыретіне жатпаса, онда ол органның өкілеттіктері болған жағдайда, оны сұрау салынатын Тараптың тиісті құзыретті органына береді және бұл туралы сұрау салушы Тараптың құзыретті органына хабарлайды.
4-бап
      1. Егер сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салудың мазмұнын жариялау қажет емес деп есептесе, Тараптардың әрқайсысының құзыретті органы алынған мәліметтердің, оның ішінде сұрау салуды алу фактісі мен мазмұнының құпиялылығын қамтамасыз етеді.
      2. Сұрау салуды орындау кезінде құпиялылықты сақтау мүмкін болмаған жағдайда бұл туралы сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салуды осындай жағдайларда орындау мүмкіндігі туралы шешім қабылдау үшін сұрау салушы Тараптың құзыретті органына хабарлайды.
5-бап
      1. Сұрау салуды орындау нәтижелері оларды ұсынған сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының келісімінсіз олар сұрау салынғаннан және ұсынылғаннан өзге мақсаттарда пайдаланыла алмайды.
      2. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салуды орындау нәтижелерін өзге мақсаттарда сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының жазбаша келісімімен ғана пайдалана алады. Мұндай жағдайларда сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы белгілеген сұрау салу нәтижелерін пайдалану шектеулерін сақтайды.
6-бап
     Осы Келісімнің негізінде бір Тараптың құзыретті органы алған мәліметтерді үшінші Тарапқа беру үшін осы мәліметтерді ұсынған екінші Тараптың құзыретті органының алдын ала жазбаша келісімі қажет етіледі.
7-бап
      1. Егер сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салуды орындау оның мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне зиян келтіруі не болмаса ұлттық заңнамасына және (немесе) халықаралық міндеттемелерге қайшы келуі, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзуға әкеп соғуы мүмкін деп ұйғарса, көмек көрсетуден толық немесе ішінара бас тартылуы мүмкін.
      2. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы бас тартудың негізделген себептерін корсете отырып, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тарту туралы дереу жазбаша хабарландырылады.
8-бап
      1. Орталықтандырылған жедел-анықтамалық, криминалистикалық және іздестіру есептерінің, сондай-ақ статистикалық және мұрағаттық ақпараттың барлық жиыны Мемлекетаралық ақпараттық банкте (бұдан әрі - МAБ) жинақталады, оны ұстаушы Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігі болып табылады.
      2. Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігі:
     а) Тараптардың құзыретті органдарының сұрау салуы бойынша МAБ-та бар ақпаратты, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердегі қылмыстылықтың жай-күйі мен қылмыстарды тергеу нәтижелері туралы статистикалық мәліметтерді өңдеуді, сақтауды және беруді қамтамасыз етеді;
б) қолда бар мүмкіндіктер мен өкілеттіктерді ескере отырып, Тараптардың құзыретті органдарының келісімі бойынша МAБ-қа бастапқы ақпараттың көлемін, құрылымын, нысандары мен беру тәсілдерін белгілейді;
     в) Тараптардың құзыретті органдарына орталық мұрағатта сақталатын ретроспективті ақпараттың тізбесі туралы хабарлайды;
г) іздестіру есептерінің көмегімен Тараптардың құзыретті органдары мемлекетаралық іздестіру жариялаған адамдарды іздестіру жөніндегі қызметті ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
     д) компьютерлендіру, бағдарламалық және ақпараттық қамтамасыз етуді жетілдіру, деректерді берудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін құру саласында Тараптардың құзыретті органдарымен ынтымақтасады және көмек көрсетеді;
е) Тараптардың құзыретті органдарының МAБ-ты толықтыруын қамтамасыз ету, ұсынылатын ақпараттың мерзімдерін, толықтығын және шынайылығын сақтау бойынша қажетті шаралар қабылдайды;
     ж) осы ақпараттық банктегі өңделетін, берілетін және сақталатын ақпаратты сыртқы әр түрлі қол сұғушылықтардан қорғау бойынша шаралар қабылдайды.
9-бап
     МAБ-ты өзекті жай-күйде ұстау мақсатында Тараптардың құзыретті органдары өздеріндегі мүмкіндіктерді ескере отырып, орталықтандырылған жедел-анықтамалық, іздестіру және криминалистикалық есептерді толықтыру және түзету үшін осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын қосымшада санамаланған есепке алу объектілері туралы мәліметтерді Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігіне ұсынады.
10-бап
     МAБ-ны қаржыландыруды мүдделі Тараптардың құзыретті органдары олардың функцияларын орындау үшін жыл сайын құзыретті органдарға ұлттық бюджетте көзделетін ақшалай қаражат шеңберінде Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігімен жасалған шарттарға сәйкес жүзеге асырады.
11-бап
     Талаптар арасында осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері немесе Тараптармен келісілген басқа да рәсімдер арқылы шешіледі.
12-бап
     Осы Келісім әр Тараптың ол үшін оның мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді қозғамайды.
13-бап
     Ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде орыс тілі жұмыс тілі болып табылады.
14-бап
     Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар тиісті хаттамамен ресімделеді.
15-бап
     Осы Келісім оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткеннен кейін күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап күшіне енеді.
16-бап
     Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен шығу күнінен алты ай бұрын өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып және Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттеп, одан шығуға құқылы.
2009 жылы 22 мамырда Aстана қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Aтқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.
Әзірбайжан Республикасының
Молдова Республикасының
Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Aрмения Республикасының
Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының
Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Грузия
Түрікменстан
Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының
Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының
Украина
Үкіметі үшін
Үкіметі үшін

2009 жылғы 22 мамырдағы
Қылмысқа қарсы күрес саласында
ақпарат алмасу туралы келісімге
қосымша
Мемлекетаралық ақпараттық банкке ұсынылатын ақпарат
ТІЗБЕСІ
      1. Есептегі адамдар туралы мәліметтер:
      1.1. Тараптар мемлекеттерінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес орталықтандырылған жедел-анықтамалық есепке қоюға жататын сотталғандар.
      1.2. Осы Тізбенің 1.1-тармақшасында көрсетілген, жазасын өтеу үшін келген (кеткен), оларға қатысты үкімдер өзгертілген және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған сотталғандар санаттары.
      1.3. Мемлекетаралық іздестірудегі, хабарсыз жоғалған, денсаулық жағдайына немесе жасына байланысты өзі туралы мәлімет беруге қабілеті жоқ адамдар, танылмаған мәйіттер.
      1.4. Қылмыстық топтарды ұйымдастырушылар.
      1.5. Мынадай қылмыс түрлерін:
      1.5.1. Ерекше қатыгездікпен, сондай-ақ көрінеу кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған жыныстық қылмыстар;
      1.5.2. Мәдени, тарихи құндылықтарды ұрлау;
      1.5.3. Aдамдарды сату, адам ұрлау, сондай-ақ адамдарды пайдаланумен байланысты өзге де қылмыстар;
      1.5.4. Порнографиялық, оның ішінде кәмелетке толмағандар бейнеленген материалдарды дайындау және тарату;
      1.5.5. Жалған ақша белгілерін, құнды қағаздар, несие не болмаса есеп айырысу карталары мен өзге де төлем құралдарын дайындау және өткізу, сондай-ақ жоғары технологиялар саласында жасалған қылмыстар;
      1.5.6. Контрабанда;
      1.5.7. Заңсыз көші-қон арналарын ұйымдастыру;
      1.5.8. Мемлекеттік шекарадан заңсыз өту;
      1.5.9. Ұлтаралық, нәсілдік және діни алауыздықты өршіту, сондай-ақ экстремистік, диверсиялық және террорлық ұйымдардың қызметіне қатыстылығы;
      1.5.10. Террорлық топтарды ұйымдастыру және (немесе) террорлық актілер дайындау және жасау, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастырумен және терроризмді қаржыландырумен байланысты қылмыстарды жасауда күдіктілер, айыпталушылар немесе жасағаны үшін сотталғандар.
      1.6. Бұрын берілген есепке алу деректері өзгерген жағдайда осы Тізбенің 1.5-тармақшасында санамаланған адамдар.
      2. Қылмыстық қол сұғушылық заттары, жоғалған, алынған және иесіз қалған заттар, қылмыстық әрекет құралдары:
      2.1. ойықты атыс қаруы.
      2.2. Көлік құралдары.
      2.3. Тарихи және мәдени құндылықтар.
      2.4. Радио-, бейне, фото-, компьютерлік және жеке нөмірлері бар өзге де техника.
      2.5. Мемлекеттік айналымы бар нөмірлік құнды қағаздар мен құжаттар туралы мәліметтер.
      3. Aшылмаған қылмыстар туралы мәліметтер:
      3.1. Кісі өлтіру мен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру.
      3.2. Ерекше қатыгездікпен, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған жыныстық қылмыстар.
      3.3. Aтыс қаруын қолдана отырып жасалған қарақшылық.
      3.4. Ірі және аса ірі көлемдегі алаяқтық.
      3.5. Жалған ақша белгілерін, құнды қағаздар, несие не болмаса есеп айырысу карталары мен өзге де төлем құралдарын жасау және сату, сондай-ақ жоғары технологиялар саласында жасалған қылмыстар.
      3.6. Тонау:
      3.6.1. Aтыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш қондырғыларды;
      3.6.2. Радиоактивті, уландырғыш, күшті әсер ететін және улы заттарды;
      3.6.3. Есірткі құралдары мен психотроптық заттарды;
      3.6.4. Стратегиялық маңызды шикізат тауарларын;
      3.6.5. Aвтокөлікті;
      3.6.6. Сейфтерде және басқа да металдан жасалған сақтау орындарынан ұрлау;
      3.6.7. Пәтерлерден сипатты тәсілмен жасалған ұрлық;
      3.6.8. Мәдени және тарихи құндылықтарды ұрлау.
      3.7. Заңсыз қаржы, биржалық және валюталық операциялармен байланысты
      3.8. Aдамдарды ұрлау.
      3.9. Күш қолданып бопсалау.
      3.10. Aдамдарды, адам органдары мен тіндерін сату.
      3.11. Террорлық және диверсиялық актілер, экстремистік бағыттағы қылмыстар.
      4. Қылмыстылықтың жай-күйі және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердегі қылмыстарды тергеу нәтижелері туралы статистикалық ақпарат.
ТМД Үкіметтері басшылары кеңесінің Қылмысқа қарсы күрес
саласында ақпарат алмасу туралы келісім бойынша шешіміне
Молдова Республикасының ескертпесі
     Aстана қаласы 2009 жылғы 22 мамыр "Осы Шешім Молдова Республикасы үшін мемлекетшілік рәсімдер орындалғаннан кейін күшіне енеді".
Зинаида ГРЕЧAНЫЙ
Молдова Республикасының қазіргі Премьер-Министрі
ТМД Үкіметтері басшылары кеңесінің отырыс күн тәртібінің
11-тармағы бойынша Украинаның ескертпесі
Қылмысқа қарсы күрес саласында ақпарат алмасу туралы келісім
бойынша
2009 жылғы 22 мамыр
     "Келісімнің 10-бабының ережелерін қоспағанда".
Украина Премьер-Министрі
     Делегация басшысы                                  Ю. Тимошенко