Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы қарудың, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 6 тамыздағы N 1193 Қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. 2008 жылғы 28 тамызда Душанбе қаласында қол қойылған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы қарудың, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі көрсетілген Келісімнің 2-бабының 2-тармағына сәйкес Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығының депозитарийін Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі және Қорғаныс министрлігі Қазақстан Республикасының атынан оны орындау жөніндегі құзыретті органдар болып табылатынын хабардар етсін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.06.2017 № 350 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері
арасындағы қарудың, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың
заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері

      қарудың, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың заңсыз айналымы ауқымының кеңеюіне алаңдаушылық білдіре отырып,

      қарудың, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың заңсыз айналымы Тараптар мемлекеттерінің қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіретінін сезіне отырып,

      қарудың, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың заңсыз айналымына қарсы күреске бағытталған тиімді шараларды қабылдауда өзара мүдделілікке сүйене отырып,

      2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хартиясының және 2001 жылғы 15 маусымдағы терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясының ережелерін назарға ала отырып,

      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін онда қолданылатын ұғымдар мынаны білдіреді:

      қару - ұңғы арнасындағы лақтырғыш зарядтың жануы кезінде пайда болатын газ есебінен бағытты қозғалыс алатын снарядпен қашықтықтағы нысананы механикалық зақымдауға арналған заттар мен құрылғылар, сондай-ақ олардың негізгі бөліктері;

      оқ-дәрілер - нысананы зақымдауға арналған және жарылғыш, лақтырғыш, пиротехникалық немесе сындырғыш зарядтарды қамтитын қару заттары және лақтыратын жабдықтар немесе олардың тіркесі;

      жарылғыш зат - жинақталған химиялық заттар немесе сыртқы ықпалдың әсерінен белгілі бір жағдайлар кезінде үлкен көлемде жылу және газ тәріздес өнім бөле отырып, лезде өз бетінше тез таралатын химиялық өзгеріске икемді заттар қоспасы;

      қарудың, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың заңсыз айналымы (бұдан әрі - қарудың заңсыз айналымы) - Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларын бұза отырып, жүзеге асыратын қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды жасау немесе жөндеу, өткізу, беру, сатып алу, сақтау, алып жүру, тасымалдау.

2-бап

      1. Тараптар осы Келісімге сәйкес өз мемлекеттерінің заңнамаларын және Тараптар мемлекеттері қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарды сақтау кезінде қарудың заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және әшкерелеуде өз құзыретті органдары арқылы ынтымақтастықты жүзеге асырады.

      2. Құзыретті органдардың тізбесі әрбір Тараппен анықталады және осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындау туралы жазбаша хабарламаны тапсыру кезінде депозитарийге беріледі.

      Мемлекеттің құзыретті органдары тізбесінің өзгерістері туралы Тараптардың әрбірі депозитарийге 30 күннің ішінде жазбаша хабарлайды.

3-бап

      Тараптар мына бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады:

      Тараптар ынтымақтастығының құқықтық негіздерін жетілдіру және қарудың заңсыз айналымына қарсы күрес саласында Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларын үйлестіру;

      қарудың заңсыз айналымына байланысты қылмыстың жай-күйі мен динамикасын және оған қарсы күрес нәтижелерін талдау;

      қарудың заңсыз айналымына қарсы күресте келісілген стратегияларды және бірлескен шаралар жасау;

      қарудың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл саласында Тараптардың құзыретті органдарының өзара іс-қимыл тетіктерін үйлестіру және жетілдіру;

      қарудың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ұйымдарға және халықаралық форумдарға қатысуға арналған ұстанымдарды келісу.

4-бап

      1. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары ынтымақтастықты мына нысандарда жүзеге асырады:

      1) ақпарат алмасу:

      қарудың заңсыз айналымына байланысты дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыс және оған қатысты адамдар мен ұйымдар туралы;

      қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды заңсыз жасайтын орындар туралы;

      қару мен оқ-дәрілердің зақымдау қасиеттерін арттыру үшін оларды қайта жасаудың анықталған жаңа заңсыз тәсілдері туралы;

      қару айналымы саласында қылмыс жасауға ықпал етуі мүмкін анықталған құқық бұзушылықтар туралы;

      қарудың заңсыз айналымы фактілерінің алдын алудың, анықтаудың, жолын кесудің және әшкерелеудің жаңа әдістері туралы;

      өзара қызығушылық туғызатын өзге де ақпарат;

      2) террористік актілерді жасау кезінде пайдаланылған қару-жарақ, оқ-дәрілер және жарылғыш заттар туралы ақпаратты Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының деректер банкіне жолдау;

      3) жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы сұрау салуларды орындау;

      4) үйлестірілген жедел іздестіру және алдын алу іс-шараларын жоспарлау және жүзеге асыру;

      5) жұмыс тәжірибелерін алмасу, жұмыс кездесулерін, консультациялар, мәжілістер, тәжірибелік конференциялар мен семинарлар өткізу;

      6) кадрларды даярлауда және мамандардың біліктілігін арттыруда көмек көрсету;

      7) өзара қызығушылық туғызатын мәселелер бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу;

      8) заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілер, ғылыми зерттеулердің нәтижелері және әдістемелік ұсынымдар алмасу.

      2. Осы Келісім қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек беру және көрсету мәселелерін қозғамайды.

5-бап

      Осы Келісім Тараптарға ынтымақтастықтың өзге де өзара тиімді бағыттары мен нысандарын анықтауға және дамытуға кедергі келтірмейді.

6-бап

      1. Тараптар арасындағы ынтымақтастық мүдделі Тараптың көмек көрсету туралы сұрау салуы негізінде, сондай-ақ Тараптардың бірінің бастамасы бойынша хабардар ету жолымен жүзеге асырылады.

      2. Сұрау салу немесе ақпарат жазбаша түрде жіберіледі. Кідіртуге болмайтын жағдайда сұрау салу немесе ақпарат ауызша берілуі мүмкін, бірақ олар қажет болған кезде мәтінді берудің техникалық құралдарын пайдалана отырып, 72 сағаттан кешіктірмей жазбаша қайталануы тиіс.

      3. Сұрау салудың немесе ақпараттың түпнұсқасына не олардың мазмұнына күдік туындаған жағдайда аталған құжаттарды қосымша растауға немесе түсіндіруге сұрау салынуы мүмкін.

      4. Сұрау салу мыналарды қамтуы тиіс:

      Тараптар мемлекеттерінің сұрау салушы және сұрау салынатын құзыретті органдарының атаулары;

      сұрау салудың мақсаты мен негіздемесі;

      сұралатын көмектің мазмұнын сипаттау;

      сұрау салуды дер кезінде және тиісінше орындау үшін пайдасы болуы мүмкін басқа да ақпарат;

      егер қажет болса, оның жабықтық дәрежесін көрсету.

      5. Жазбаша түрде берілген сұрау салуға немесе ақпаратқа жіберуші тиісті Тарап құзыреті органының басшысы немесе оның орынбасарлары қол қояды және/немесе осы құзыретті органның елтаңбалы мөрімен растайды.

7-бап

      1. Сұрау салынатын құзыретті орган мемлекеті бір Тараптан сұрау салуды жылдам және мүмкін барынша толық орындауды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды және ол келіп түскен күннен бастап отыз тәуліктен аспайтын мерзімде екінші Тараптың сұрау салушы құзыретті органын оны қарастырудың нәтижелері туралы хабардар етеді.

      2. Сұрау салушы құзыретті орган мемлекетінің Тарапы сұрау салудың орындалуына кедергі келтіретін немесе оның орындалуын кешіктіретін жағдайлар туралы дереу хабардар етіледі.

      3. Егер сұрау салуды орындау Тарап мемлекетінің сұрау салынатын құзыретті органының құзыретіне кірмесе, онда ол сұрау салуды өз мемлекетінің оны орындауға құзыретті басқа органына береді және бұл туралы сұрау салушы құзыретті органды дереу хабардар етеді.

      4. Тарап мемлекетінің сұрау салынатын құзыретті органы, оның пікірі бойынша, сұрау салуды орындау үшін қажетті қосымша мәліметтер сұратуы мүмкін.

      5. Сұрау салуды орындау кезінде сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңнамасы қолданылады.

      6. Бір Тарап мемлекетінің сұрау салынатын құзыретті органы, егер бұл сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңнамасына қайшы келмесе, өз мемлекеті аумағында сұрау салудың орындалуы кезінде екінші тарап мемлекетінің сұрау салушы құзыретті органының өкілдеріне қатысуға рұқсат беруі мүмкін.

      7. Егер Тарап мемлекетінің сұрау салынатын құзыретті органы сұрау салудың орындалуы оның мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да айтарлықтай мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін не сұрау салынушы Тарап мемлекетінің заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп санаса, оны орындауды кейінге қалдыруы немесе оны орындаудан толық немесе ішінара бас тартуы мүмкін.

      8. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңнамасы бойынша ол жасаған іс-қимыл қылмыс болып табылмайтын болса, сұрау салуды орындаудан бас тартуы мүмкін.

      9. Егер осы баптың 7 немесе 8-тармақтарына сәйкес жағдайда сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартса немесе оны орындау кейінге қалдырылатын болса, тиісті Тараптың сұрау салушы құзыретті органына оның орындалуына кедергі келтіретін себептер көрсетіле отырып, жазбаша түрде хабарланады.

8-бап

      1. Әрбір Тарап алынған ақпарат пен құжаттардың, егер олар жасырын сипатта болса немесе беруші Тарап олардың жария болуын қажетсіз деп есептесе, құпиялылығын қамтамасыз етеді. Ақпарат пен құжаттардың жабықтық дәрежесін беруші Тарап анықтайды.

      2. Осы Келісім негізінде алынған ақпаратты немесе сұрау салуды орындау нәтижелерін сұрау салынған немесе ұсынған мақсаттардан өзге мақсаттарға ұсынушы Тараптың жазбаша келісімінсіз пайдалануға болмайды.

      3. Осы Келісім негізінде бір Тараптың екінші бір Тараптан алған ақпараты мен құжаттары оларды ұсынған Тараптың жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа берілуі тиіс емес.

9-бап

      Тараптар өз мемлекеттері аумағында, егер әрбір нақты жағдайда өзге де тәртіп келісілмесе, осы Келісімнің орындалуына байланысты ұлттық заңнамаға сәйкес қарастырылған шығыстарды дербес өтейтін болады.

10-бап

      Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастық нәтижелерін талдау және бағалау, сондай-ақ оны жетілдіру жолдарын пысықтау мақсатында Тараптар консультациялар мен мәжілістер өткізуі мүмкін.

11-бап

      Тараптар осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындаған даулы мәселелерді консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.

12-бап

      Осы Келісім Тараптардың олар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

13-бап

      Осы Келісім аясында ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде Тараптар жұмыс тілі ретінде орыс және қытай тілдерін пайдаланады.

14-бап

      Тараптар өзара келісім бойынша осы Келісімге жеке хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізуі мүмкін.

15-бап

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындауы туралы төртінші жазбаша хабарламаны депозитарийге сақтауға берген күнінен бастап күшіне енеді.

      Қажетті рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім олардың тиісті құжаттарды депозитарийге сақтауға тапсырған күнінен бастап күшіне енеді.

      2. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы осы Келісімнің депозитарийі болып табылады, ол осы Келісімге қол қойылған күннен бастап он бес күн ішінде Тараптарға оның расталған көшірмелерін жібереді.

      3. Осы Келісім Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше болған мемлекеттердің қосылуы үшін ашық. Қосылған мемлекет үшін осы Келісім депозитарийден бірігу туралы құжатты алған күнінен бастап күшіне енеді.

      2008 жылғы 28 тамызда Душанбе қаласында орыс және қытай тілдерінде бір данада жасалды, сонымен қатар екі мәтіннің де күші бірдей.

Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін


Қытай Халық Республикасының Үкіметі үшін


Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін


Ресей Федерациясының Үкіметі үшін


Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін


Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін



Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы қарудың, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімнің 3 және 4-баптарына Өзбекстан Республикасының ескертпесі

      Өзбекстан Республикасы өзінің ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде ынтымақтастықты жүзеге асырады.

Өзбекстан Республикасының


Үкіметі үшін



      Осымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы заңсыз қару-жарақтың, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімнің орыс тілінен мемлекеттік тілге аударылған мәтінінің дұрыстығын куәландырамын.

Қазақстан Республикасы


Ұлттық қауіпсіздік комитеті


Кадрлар департаменті


Мемлекеттік тіл басқармасы


бастығының орынбасары

Қ. Терекбаев


      2009 жылғы 29 мамыр

      РҚАО-ның ескертпесі: бұдан әрі Келісімнің қытай тіліндегі мәтіні берілген.