Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында Ислам Банкін ашу туралы келісімге қол қою туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 8 маусымдағы N 857 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында Ислам Банкін ашу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Болат Бидахметұлы Жәмішевке Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында Ислам Банкін ашу туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылы 8 маусымдағы
N 857 қаулысымен  
мақұлданған    

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб
Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында
Ислам Банкін ашу туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - ҚР Үкіметі) мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі (бұдан әрі - БАӘ Үкіметі)
      Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы өзара іс-қимылға, ынтымақтастықты нығайтуға жалпы мүдделілігін таныта отырып,
      Қазақстан Республикасында Ислам Банкін ашу мақсатында
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Осы Келісімде Ислам Банкі банктік операциялар мен қызметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында ислам банктері үшін рұқсат етілген қызметті жүзеге асыру үшін Абу-Даби инвестициялары жөніндегі Кеңеске (АDІС) толығымен тиесілі ислам банкі  ретінде Абу-Даби Әмірінің 2007 жылғы 18 маусымдағы N 21 Жарлығымен құрылған жария акционерлік қоғам болып табылатын Аl Ніlаl Ваnk Рudlіс  Joіnt Stock Соmраnу банкі (бұдан әрі - "Аль-Хиляль" Банкі) Қазақстан Республикасының аумағында құрылатын Ислам Банкі деп түсініледі.
      2. Тараптар Қазақстан Республикасында Ислам Банкін ашуға жәрдем көрсету мақсатында осы Келісімнің ережелеріне сәйкес ынтымақтасады.
      3. Ислам Банкі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметті жүзеге асыру мақсатында ашылады.

2-бап

      1. "Аль-Хиляль" Банкі Ислам Банкіне қатысты бас банк болып табылады. Бұл ретте Тараптар "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Банктер туралы Заң) бас банкте рейтингтік агенттіктердің бірінің барынша төмен талап етілетін рейтингінің болуы бөлігіндегі талаптары "Аль-Хиляль" Банкіне қолданылмайтындығы туралы келісті.
      2. Тараптар Ислам Банкін ашуға Қазақстан Республикасының әділет органдарындағы заңды тұлға ретінде оны тіркеуді жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі - Қаржылық қадағалау агенттігі) рұқсатын алу қажеттілігі бөлігінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары "Аль-Хиляль" Банкіне қолданылмайтындығы туралы келісті.
      3. Тараптар Ислам Банкін ашу кезінде Ислам Банкінің банктік холдингі және/немесе ірі қатысушысы мәртебесін "Аль-Хиляль" Банкі өтінішінің негізінде Банктер туралы Заңның талаптары ескерілместен, Қаржылық қадағалау агенттігінің беретіндігі туралы келісті.
      4. Тараптар "Аль-Хиляль" Банкі Біріккен Араб Әмірліктерінің уәкілетті органы тарапынан шоғырландырылған негізде реттелуге және қадағалануға тиіс, сондай-ақ Ислам Банкі және оның еншілес ұйымдары, филиалдары және өкілдіктері Қаржылық қадағалау агенттігі тарапынан шоғырландырылған негізде реттелуге және қадағалануға тиіс екендігі туралы келісті.
      5. Тараптар реттеу мен қадағалау шеңберінде Ислам Банкінің
аффилиирленген тұлғалары Қазақстан Республикасының қолданыстағы
заңнамасына сәйкес анықталатындығы туралы келісті. Бұл ретте Ислам
Банкінің аффилиирленген тұлғаларының аясын анықтау мақсатында "Аль-
Хиляль" Банкі көрсетілген банктің ірі қатысушысы және оны бақылайтын тұлға болып танылады.
      Дербес немесе өзінің аффилиирленген тұлғаларымен бірлесіп, "Аль-Хиляль" Банкінің дауыс беруші акцияларының он және одан астам пайызын иеленетін, пайдаланатын, билік ететін тұлғалар, сондай-ақ "Аль-Хиляль" Банкі ірі қатысушысы болып табылатын не бақылауды жүзеге асыратын тұлғалар Ислам Банкінің аффилиирленген тұлғалары болып танылмайды.
      6. Оффшорлық аймақтарда тіркелген немесе оффшорлық аймақтарда тіркелген аффилиирленген тұлғалары бар заңды тұлғалар немесе тізбесін Қаржылық қадағалау агенттігі белгілейтін оффшорлық аймақтарда тіркелген заңды тұлғалардың қатысушылары (құрылтайшылары, акционерлері) болып табылатын жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының резидент банктерінің дауыс беруші акцияларын тура немесе жанама иелене және (немесе) пайдалана және (немесе) билік ете алмайтыны туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талабы Ислам Банкінің акционерлеріне және олардың аффилиирленген тұлғаларына қолданылмайды.

3-бап

      1. Құрылатын Ислам Банкінің жарғылық капиталына банктік және өзге де операцияларды жүзеге асыруға лицензия алу үшін өтініш жасаған сәтте толығымен тек ақшалай түрде 5 миллиард теңгеден кем емес мөлшерде "Аль-Хиляль" Банкі ақы төлеуі тиіс.
      2. Тараптар "Аль-Хиляль" Банкі құрылатын Ислам Банкінің жарғылық капиталын қалыптастыру және ақы төлеу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінде немесе Қазақстан Республикасының кез келген екінші деңгейдегі банкінде заңды тұлға ретінде өз атына шот ашуға құқылы екендігіне келісті. Бұл ретте шотты ашу, жүргізу және жабу шарттары мен тәртібі, төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру тәртібі, сондай-ақ шотқа қатысты өзге де талаптар исламдық қаржыландыру қағидаттарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес анықталады.
      3. Тараптар жаңадан құрылған Ислам Банкі банктік және өзге де операцияларды жүзеге асыруға лицензия алу үшін өтініш жасаған кезде банк заңнамасында көзделген құжаттар ұсынылатындығы туралы келісті.

4-бап

      1. Тараптар Ислам Банкінің қызметін реттеу, бақылау және қадағалау Банктер туралы Заңның және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылатындығы туралы келісті.
      2. Тараптар Ислам Банкі Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ одан тысқары жерлерде өз филиалдары мен өкілдіктерін ашуға құқылы екендігіне келісті. Бұл ретте банк филиалының үй-жайына, сондай-ақ банктің меншікті капиталының ең төменгі мөлшеріне белгіленген талаптарды қоспағанда, филиалдар мен өкілдіктер ашу кезінде міндетті талаптарға қатысты Қазақстан Республикасы банк заңнамасының талаптары Ислам Банкіне қолданылмайтындығы туралы келісті.
      3. Тараптар Қазақстан Республикасында бес және одан көп ислам банктері құрылғанға дейін Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының талаптары Ислам Банкіне қолданылмайтындығы туралы келісті.

5-бап

      1. Тараптар Ислам Банкіне шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатындығы туралы келісті. Шетелдік жұмыскерлер тартуға рұқсаттар беру ішкі еңбек нарығында тиісінше кандидатураларды іздеместен, оңайлатылған тәртіппен жүргізіледі.
      2. Тараптар Ислам Банкінің басшы лауазымына кандидаттарда тізбесін уәкілетті орган белгілейтін халықаралық қаржы ұйымдарында белгіленген жұмыс стажының және қаржылық қызметтерді және/немесе қаржы ұйымдарында аудит жүргізу жөніндегі қызметтерді ұсыну және/немесе реттеу саласындағы жұмыс стажының болуы, сондай-ақ кандидаттың мінсіз іскерлік беделін растайтын құжаттарды ұсыну және Қаржылық қадағалау агенттігінде келісу кезінде тестілеуден өту қажеттілігі бөлігінде банк заңнамасының талаптары Ислам Банкіндегі басшы лауазымға кандидаттарға қолданылмайтындығы туралы келісті.
      3. Тараптар Ислам Банкі директорлар кеңесінің құрамындағы тәуелсіз директорларды міндетті таңдауға (тағайындауға) қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары Ислам Банкіне қолданылмайтындығы туралы келісті.

6-бап

      1. БАӘ Үкіметі:
      1) банктік және өзге операцияларды жүзеге асыруға лицензия алу үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес барлық құжаттаманы және ақпаратты ұсынуға;
      2) Аль-Хиляль Банкінің ислам банктік қызметі саласындағы тәжірибесі бар өз қызметкерлерін Ислам Банкін басқаруға және жергілікті кадрларды даярлауға жіберуге жәрдемдеседі.
      2. ҚР Үкіметі:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметті жүзеге асыру үшін лицензия алуға;
      2) Ислам Банкіне шетелдік жұмыс күшін тартуға квота бөлуге, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Аль-Хиляль Банкі және/немесе Ислам Банкі қызметкерлері және олардың кеңесшілері үшін жұмыс бабындағы визаларды және визалардың басқа түрлерін ресімдеуге жәрдемдеседі.

7-бап

      Тараптар осы Келісіммен реттелмеген Ислам Банкін ашудың және оның қызметінің барлық өзге мәселелеріне Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелері қолданылатындығы туралы келісті.

8-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес олардың осы Келісімді орындауы барысында туындайтын шығыстарды дербес көтереді.

9-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін және олар Келісімнің 10-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

10-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағанын растайтын соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және Тараптардың бірі өзінің осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы басқа Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
      Бұл ретте осы Келісімді орындауға байланысты басталған, орындалуы осы Келісімнің қолданылуын тоқтату туралы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап көрсетілген алты ай өткеннен кейін аяқталмаған іс-қимылдар оларға қатысты өзге уағдаластық болмаған жағдайларды қоспағанда, олар толық аяқталғанға дейін орындалуы тиіс.
      3. Тараптар осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда Ислам Банкіне Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары қолданылмайтындығы туралы келісті, оған ерекшеліктерді осы Келісім көздейді және мұндай ерекшеліктер Ислам Банкіне қатысты күшін сақтайды.
      20__ жылғы "__" ________ ____________қаласында, әрқайсысы қазақ, араб, ағылшын және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

       Қазақстан Республикасының      Біріккен Араб Әмірліктерінің
      Үкіметі үшін                   Үкіметі үшін