Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғаларды тексеру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 21 мамырдағы N 751 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 18 қарашадағы N 1876 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2009.11.18 N 1876 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғаларды тексеру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғаларды тексеру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2009 жылғы 21 мамырдағы
N 751 қаулысымен   
мақұлданған     

жоба

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
мемлекеттік әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғаларды
тексеру саласындағы ынтымақтастық туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
      мемлекеттік әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғалардың себептерін объективті анықтау маңыздылығын назарға ала отырып,
      Тараптар мемлекеттерінің бірінің мемлекеттік әуе кемелерімен басқа Тарап мемлекетінің аумағында болған авиациялық оқиғаларды тексеруді ұйымдастыруға бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай анықтамалар пайдаланылады:
      авиациялық оқиға - әуе кемесінің бортында болған қандай да бір адамның қаза табуына (өлімге әкеп соқтыратын дене жарақатына) және/немесе осы әуе кемесінің мүлдем істен шығуына әкеп соқтырған әуе кемесін ұшырып пайдалануға байланысты оқиға;
      мемлекеттік авиация - Тараптар мемлекеттерінің әскери, шекара, милиция, кеден және басқа да мемлекеттік қызметін жүзеге асыру үшін пайдаланылатын авиация;
      мемлекеттік әуе кемесі - мемлекеттік авиацияның әуе кемесі;
      авиациялық оқиғаны тексеру - қаралып жатқан оқиғаға қатысты фактілер, шарттар мен мән-жайлар туралы ақпаратты анықтауды, жинауды және зерделеуді, зерттеулер, сараптамалар және эксперименттер жүргізуді, алынған деректерді қорыту мен талдауды, жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бойынша авиациялық оқиғаның себептері туралы қорытынды және авиациялық оқиғаны тексеру нәтижелері бойынша ұсынымдар дайындауды қамтитын процесс;
      авиациялық оқиғаны тексеру нәтижелері бойынша ұсынымдар - тексеру кезінде алынған ақпарат негізінде жасалған және авиациялық оқиғаларды болдырмауға бағытталған ұсыныстар;
      Тарап мемлекетінің мемлекеттік авиациясы ұшу қауіпсіздігінің уәкілетті органы - мемлекеттік әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғаларды тексеруді, оларды жіктеу мен есепке алуды, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігіне қатысты бөлігінде Тарап мемлекетінің мемлекеттік авиациясы авиациялық персоналының қызметіне мемлекеттік ведомствоаралық бақылауды жүзеге асыратын орган.

2-бап

      Тараптар мемлекеттік авиациясының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында ынтымақтасады және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғаларды тексеру ережесіне (қоса беріліп отыр) сәйкес басқа Тарап мемлекетінің аумағында бір Тарап мемлекетінің мемлекеттік әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғаларды тексеруді жүргізеді.

3-бап

      Авиациялық оқиғаны тексерудің мақсаттары авиациялық оқиғаның себептерін анықтау және авиациялық оқиғаны тексеру нәтижелері бойынша ұсынымдарды әзірлеу болып табылады.
      Авиациялық оқиғаны тексерудің мақсаты біреудің кінәсі мен жауапкершілігін белгілеу болып табылмайды.
      Біреудің кінәсін немесе жауапкершілігін айқындауға бағытталған кез келген сот немесе әкімшілік тексеру Тараптар мемлекеттерінің тиісті келісімдері және олардың ұлттық заңнамалары негізінде авиациялық оқиғаны тексеруден бөлек жүргізіледі.

4-бап

      Тараптар ғылыми әзірлемелерді жүргізу, авиациялық оқиғаларды тексерудің техникалық құралдары мен кешенді жүйелерін жобалау, жасау, сатып алу мен енгізу кезінде үйлестірілген қызметті, оның ішінде авиациялық оқиғаларды тексеру әдістерін жетілдіру жөніндегі бірлескен бағдарламаларды әзірлеу жолымен жүзеге асырады.

5-бап

      Авиациялық оқиғаларды тексеру және мемлекеттік әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында мамандар даярлау мен қайта даярлау Тараптар арасындағы келісімдер негізінде келісілген әдістемелер мен бағдарламалар бойынша жүзеге асырылады.

6-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмеген болса, Тараптар осы Келісімді олардың орындауы барысында туындайтын шығыстарды дербес көтереді.

7-бап

      Тараптар осы Келісімді іске асыру барысында беруші Тарап оған қатысты құпиялылықты сақтау қажеттігіне шарт қойған ақпаратты сақтау режимін қамтамасыз етеді. Осындай ақпаратты беру Тараптар мемлекеттерінің тиісті келісімдері және ұлттық заңнамасы негізінде жүзеге асырылады.

8-бап

      Осы Келісім бойынша Тараптардың әрқайсысының міндеттемелері осы Тарап мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша оның міндеттемелерін қозғамайды.

9-бап

      Осы Келісім депозитарий оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарлама алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарийдің тиісті хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.

10-бап

      Тараптар осы Келісімнің ережелерін іске асыру үшін Тарап мемлекетінің мемлекеттік авиациясы ұшу қауіпсіздігінің уәкілетті органын айқындайды, ол туралы мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы хабарлай отырып, бір уақытта депозитарийді хабардар етеді.
      Тарап мемлекеті мемлекеттік авиациясының ұшу қауіпсіздігі уәкілетті органының атауы немесе функциялары өзгерген жағдайда тиісті Тарап ол туралы депозитарийді хабардар етеді.

11-бап

      Тараптардың келісуі бойынша осы Келісімге тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      Осы Келісімді қолдану мен түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері жолымен шешіледі.

12-бап

      Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады.
      Әрбір Тарап депозитарийге шығу күніне дейін алты айдан кешіктірмей осындай өзінің ниеті туралы жазбаша хабарлама жолдай отырып және осы Келісімнің қолданылуы уақытында туындаған міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шыға алады.

13-бап

      Осы Келісім оған қол қоймаған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің депозитарийге қосылу туралы құжатты беру жолымен қосылуы үшін ашық.
      Қосылушы мемлекет үшін Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
      200__ жылғы "__" __________ ___________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.

      Әзірбайжан Республикасының            Молдова Республикасының
      Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін
      Армения Республикасының               Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін
      Беларусь Республикасының              Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін
      Грузия Үкіметі үшін                   Түрікменстан Үкіметі үшін
      Қазақстан Республикасының             Өзбекстан Республикасының        Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін
      Қырғыз Республикасының                Украина Үкіметі үшін
      Үкіметі үшін

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына 
қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік
әуе кемелерімен болған авиациялық 
оқиғаларды тексеру саласындағы  
ынтымақтастық туралы келісімге  
қосымша             

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік әуе кемелерімен болған
авиациялық оқиғаларды тексеру
ережесі

      Осы Ереже авиациялық оқиғаларды тексеруді ұйымдастыруға бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге бағытталған және басқа Тарап мемлекетінің аумағында бір Тарап мемлекетінің мемлекеттік әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғаларға қолданылады.
      Осы Ереженің талаптарын қолдану жөніндегі түсіндірмелерді Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік авиациясы ұшу қауіпсіздігінің уәкілетті органдары береді.

I. Жалпы ережелер

      Осы Ереже Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғалардың анықтамалары мен олардың жіктемесін қамтиды, тексеру жүргізу тәртібін және уәкілетті өкілдер мен олардың кеңесшілерінің басқа Тарап мемлекетінің аумағында бір Тарап мемлекетінің мемлекеттік әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғаларды тексеруге қатысу дәрежесін белгілейді.
      Басқа Тарап мемлекетінің аумағында бір Тарап мемлекетінің мемлекеттік әуе кемелерімен болған әрбір авиациялық оқиға міндетті түрде тексерілуге тиіс.
      Тексеру тексеріліп жатқан авиациялық оқиғаға қатысты фактілер, шарттар мен мән-жайлар туралы ақпаратты анықтауды, жинауды және талдауды, қажетті зерттеулер мен сараптамалар жүргізуді, авиациялық оқиғаның себептерін анықтауды қамтиды.

II. Жіктеме және анықтамалар

      1. Авиациялық оқиғалар:
      а) авиациялық оқиғалар;
      б) авиациялық инциденттер;
      в) төтенше оқиғалар;
      г) жерүсті оқиғалары болып бөлінеді.
      2. Авиациялық оқиғалар олардың салдарына байланысты:
      а) апаттар;
      б) авариялар болып бөлінеді.
      3. Авиациялық инциденттер олардың қауіптілік дәрежесіне және салдарына байланысты:
      а) авиациялық инциденттер;
      б) елеулі авиациялық инциденттер болып бөлінеді.
      Авиациялық оқиғаларды тексеруді ұйымдастыруға бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету мақсатында мынадай терминдер мен олардың анықтамалары қолданылады:
      "авиациялық оқиға" - оның барысында ерекше жағдай туындаған (туындайтын) әуе кемесін ұшырып пайдалануға байланысты оқиға.
      Ерекше жағдай - қауіпті факторлардың пайда болуы (ықпал етуі) нәтижесінде әуе кемесін ұшырып пайдалану процесінде туындаған жағдай.
      Қауіпті фактор - пайда болуы ерекше жағдайдың туындауына және/немесе өршуіне әкеп соқтырған (әкеп соқтыратын немесе әкеп соқтыруы мүмкін) ықтимал себеп (фактор).
      "авиациялық оқиға" - әуе кемесінің бортында болған қандай да бір адамның қаза табуына (өлімге әкеп соқтырған дене жарақатына) және/немесе осы әуе кемесінің мүлдем істен шығуына әкеп соқтырған әуе кемесін ұшырып пайдалануға байланысты оқиға.
      Әуе кемесі:
      әуе кемесі толық қираған;
      әуе кемесінің (оның қалдықтарының) болатын жері анықталмаған және оны ресми іздестіру тоқтатылған;
      олардағы ақауларға қарамастан, әуе кемесін, оны мәжбүрлі қондыру орнынан эвакуациялау мүмкін болмаған немесе орынсыз деп санаған;
      әуе кемесін қалпына келтіру мүмкін болмаған немесе экономикалық тұрғыдан орынсыз болған жағдайларда істен шықты деп саналады;
      "авиациялық инцидент" - мемлекеттік әуе кемесінің тұтастығына және/немесе оның бортындағы адамдардың өміріне қатер төнген немесе төнуі мүмкін мемлекеттік әуе кемесін ұшырып пайдалануға байланысты, бірақ авиациялық оқиғамен аяқталмаған оқиға;
      "авария" - адам шығындарынсыз болған авиациялық оқиға;
      "апат" - қандай да бір адамның қайтыс болуына әкелген дене жарақатына немесе әуе кемесі жолаушыларының немесе экипажы мүшелерінің хабарсыз кетуіне әкеп соқтырған авиациялық оқиға;
      Қайтыс болуына әкелген дене жарақаты - тек оның салдарынан оқиға болған сәттен бастап 30 күннің ішінде қайтыс болған дене жарақатының статистикалық деректерді бірегейлендіру мақсатында қайтыс болуға әкелген дене жарақаты ретінде жіктеледі;
      "елеулі авиациялық инцидент" - оны болдырмау үшін экипаждың және/немесе әуе қозғалысы ұйымы органдарының, әуе кемесінің қалыпты ұшу жағдайларында қолданылмайтын күрделі және/немесе шұғыл іс-қимылдар әуе қозғалысына қызмет көрсетуді орындауды талап ететін авиациялық оқиғаның болуын едәуір арттыруды сипаттайтын жағдайлардың туындауына байланысты авиациялық инцидент.
      Елеулі авиациялық инциденттерге мынадай белгілер тән:
      әуе кемесінің ұшырып пайдалану жағдайлары шегінен шығуы;
      әуе кемесінің экипажына немесе жолаушыларына зиянды әсер етудің (түтін, булар, улы заттар, уытты газдар, жоғары немесе төмен температура, қысым және т.б.) туындауы;
      әуе кемесінің орнықтылық пен басқарушылық сипаттарының, ұшу немесе беріктілік сипаттарының едәуір нашарлауы;
      әуе кемесі экипажы мүшелерінің жұмыс істеу қабілетінің едәуір төмендеуі;
      әуе кемесінің экипажына психофизиологиялық жүктеменің едәуір артуы;
      өрт, басқару элементтерінің қирауы немесе ажырауы, қозғалтқыштың, трансмиссияның оқшауланбаған қирауы нәтижесінде әуе кемесінің өмірлік маңызды элементтерінің нақты ықтимал зақымдануының туындауы;
      "әуе кемесін ұшырып пайдалану" - ұшқыш құрамының әуе кемесін ұшу алдындағы тексеру жүргізуді бастағанынан бастап және әуе кемесінің бортындағы барлық адамдар ұшу мақсатында әуе кемесінен кеткен сәтке дейінгі кезеңді қамтитын әуе кемесін пайдалану үдерісі;
      "жерүсті оқиғасы" - оның кезінде әуе кемесі жойылып кеткен әуе кемесіне қызмет көрсетуге, сақтауға немесе тасымалдауға байланысты оқиға;
      "авиациялық оқиғаның себептері (факторлары)" - авиациялық оқиғаға әкеп соқтырған іс-әрекет, әрекетсіздік, мән-жайлар, шарттар немесе олардың үйлесуі;
      "төтенше оқиға" - оның кезінде мынадай салдардың бірі туындаған әуе кемесін пайдалануға байланысты авиациялық оқиғаға жатпайтын оқиға:
      жауынгерлік ұшу уақытында террористік актінің, әуе кемесін ұшырып әкету немесе ұшырып әкетуге әрекет ету салдарынан әуе кемесінің жойылуы немесе оның бортындағы адамдардың қаза табуы;
      әуе кемесі әуе айлақтан тысқары жерге мәжбүрлі қонғаннан кейін сыртқы ортаның қолайсыз әсер етуі салдарынан әуе кемесінің бортындағы адамдардың қаза табуы;
      басқа әуе кемесімен болған авиациялық оқиға салдарынан әуе кемесінің істен шығуы немесе жердегі (корабль полубасындағы) адамдардың қаза табуы;
      төтенше жағдайлар аймақтарында арнайы міндеттерді орындау кезіндегі әуе кемесінің жойылуы немесе ондағы адамдардың қаза табуы;
      "оқиға болған орын Тарапы" - мемлекет аумағында авиациялық оқиға орын алған Тарап;
      "әуе кемесі тіркелген Тарап" - тізілімінде мемлекеттік әуе кемесі тіркелген Тарап;
      "әуе кемесін пайдаланушы Тарап" - мемлекеттік әуе кемесін пайдаланатын ұйым қызметінің негізгі орны орналасқан мемлекет аумағындағы Тарап немесе егер мемлекеттік әуе кемесін пайдаланатын ұйым осындай қызмет орны болмаса, осы ұйым тұрақты болатын орын;
      "мүдделі мемлекеттер" - оқиға болған орындар Тарапы; әуе кемесін тіркейтін Тарап; әуе кемесін пайдаланушы Тарап; әуе кемесін түпкілікті жинауға жауапты ұйымға қатысты заңды құқығы бар мемлекет; әуе кемесінің үлгісін құрастыруға жауапты ұйымға қатысты заңды құзыры бар мемлекет; сондай-ақ авиациялық оқиға кезінде азаматтары қаза тапқан немесе дене жарақатын алған мемлекет;
      "тексеру жөніндегі комиссия төрағасы" - онда тиісті біліктіліктің бар болуына орай тексеруді ұйымдастыру мен жүргізу тапсырылған адам;
      "уәкілетті өкіл" - Тарап мемлекетінің мемлекеттік авиациясының ұшу қауіпсіздігі уәкілетті органының басшысы басқа Тарап жүргізетін авиациялық оқиғаны тексеруге қатысуды тапсырған адам;
      "уәкілетті өкілдің кеңесшісі" - тиісті біліктілігі бар және уәкілетті өкілге авиациялық оқиғаға тексеру жүргізуде көмек көрсететін адам;
      "әуе қозғалысына қызмет көрсететін орган" - әуе қозғалысына (ұшуларды басқаруға) қызмет көрсетуді не әуе кеңістігін пайдалану жөніндегі өзге де қызметті жүзеге асыратын әуе кеңістігін пайдаланушыларға әуе қозғалысына (ұшуларды басқаруға) қызмет көрсететін орган.

III. Авиациялық оқиғаларды тексеру Тексеруді ұйымдастыру

      4. Мемлекеттік әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғаларды тексеруді оқиға болған орын Тарапы мемлекетінің мемлекеттік авиациясының ұшу қауіпсіздігінің уәкілетті органы ұйымдастырады.
      5. Оқиға болған орын Тарапы тексеру құқығын әуе кемесі тіркелген Тарапқа немесе осы Келісімге қатысушы басқа мүдделі мемлекетке беруге құқылы.
      Мұндай жағдайда тексеру тексеруге құқық берілген Тарап мемлекетінің мемлекеттік авиациясының ұшу қауіпсіздігінің уәкілетті органы ұйымдастырады.
      6. Мемлекеттік әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғаларды тексеруді тиісті мемлекет қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға, осы Ережеге және мүдделі мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес тексеру жүргізетін Тарап мемлекеті мемлекеттік авиациясының ұшу қауіпсіздігінің уәкілетті органы құрған комиссия жүргізеді.
      7. Мүдделі мемлекеттер авиациялық оқиғаларды тексеруге қатысу үшін өз уәкілетті өкілдері мен уәкілетті өкілдерінің кеңесшілерін тағайындауы мүмкін.
      Уәкілетті өкілдердің құрамы туралы хабарлама дипломатиялық арналар арқылы жіберіледі.
      8. Тексеру жүргізетін Тарап мемлекеті мемлекеттік авиациясының ұшу қауіпсіздігінің уәкілетті органы авиациялық оқиғаларды тексеру жөніндегі комиссия жұмыс органдарының құрамына мүдделі мемлекеттердің уәкілетті өкілдері мен уәкілетті өкілдерінің кеңесшілерін қамтиды.
      9. Мүдделі мемлекеттердің уәкілетті өкілдері мен уәкілетті өкілдері кеңесшілерінің авиациялық оқиғаларды тексеруге қатысу дәрежесін тексеру жүргізетін Тарап мемлекеті мемлекеттік авиациясының ұшу қауіпсіздігінің уәкілетті органы айқындайды және комиссия төрағасының келісімі бойынша және оның бақылаумен оларға мынадай құқықты береді:
      авиациялық оқиға орнына бару;
      әуе кемесін немесе қираған әуе кемесінің бөлшектерін, сондай-ақ әуе кемелерінің ұшуларын қамтамасыз ету құралдары мен объектілерін қарау;
      куәгерлердің көрсеткіштерін қамтитын ақпаратты алу және олардан сұрау тақырыбын ұсыну;
      авиациялық оқиғаға қатысты барлық заттай айғақтарға рұқсат алу;
      авиациялық оқиғаға қатысты құжаттарды алу;
      авиациялық оқиғаны тексеру мақсатында авиациялық оқиға орнынан тысқары агрегаттарды қарау және зерттеу, техникалық консультациялар, сынақтар және модельдеу сияқты тексеру жөніндегі іс-шараларға қатысу;
      авиациялық оқиға бойынша қорытындыларды, себептер мен ұсынымдарды жасауға байланысты кеңестерге қатысу.
      Авиациялық оқиғаны тексеруге қатысатын адамдардың тиісті біліктілігі болуға тиіс, ол бойынша тексеру жүргізіліп жатқан ұшуды ұйымдастыруға, орындауға, қамтамасыз етуге немесе қызмет көрсетуге қатысы болмауға тиіс, сондай-ақ авиациялық оқиғаға қатысы бар заңды немесе жеке тұлғалардың алдында қаржылық міндеттемелері бар сақтандыру компанияларының мүдделерін білдіре алмайды.
      10. Тексеруге тартылатын адамдарды оқиға болған орын Тарапы мемлекетінің аумағына жеткізуді және кері қайтаруды осы өкілдерді жіберуші Тарап мемлекеті мемлекеттік авиациясының ұшу қауіпсіздігі уәкілетті органының басшысы ұйымдастырады.
      11. Комиссия мүшелері мен тексеруге тартылатын адамдарды авиациялық оқиға болған орынға тасымалдауды және кері қайтаруды оқиға болған орын Тарап мемлекеті мемлекеттік авиациясының ұшу қауіпсіздігі уәкілетті органының басшысы ұйымдастырады.
      12. Атқарушы билік органдары, ұйымдар, Тарап мемлекетінің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері комиссияның жұмысына жәрдем көрсетеді.

Авиациялық оқиға туралы хабардар ету

      13. Авиациялық оқиға болған жағдайда әуе кемесінің ұшуына тікелей басшылықты (басқаруды) жүзеге асыратын әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары оқиға болған орын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес әрекет етеді.
      14. Оқиға болған орын Тарап мемлекеті мемлекеттік авиациясы ұшулар қауіпсіздігінің уәкілетті органы авиациялық оқиға туралы тіркеуші Тарап, әуе кемесін пайдаланушы Тарап мемлекеті мемлекеттік авиациясы ұшулар қауіпсіздігінің уәкілетті органдарын, ал қажет болған жағдайда басқа да мүдделі мемлекеттерді дереу хабардар етеді.

Авиациялық оқиға кезіндегі лауазымды адамдардың іс-әрекеті

      15. Әуе кемесін іздестіруді ұйымдастыру, оның жолаушылары мен экипаж мүшелерін құтқару, оларға көмек көрсету оқиға болған орын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      16. Мүдделі мемлекеттердің тиісті ұйымдарының басшылары авиациялық оқиға туралы ақпаратты алғаннан кейін осы әуе кемесін әзірлеуге, сынауға, жасауға, жөндеуге және пайдалануға қатысты құжаттаманың сақталуын қамтамасыз ету және оның ұшуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті.
      17. Ұшудан оралмаған мемлекеттік әуе кемесін іздестіруді тоқтату туралы шешімді әуе кемесін пайдаланушы Тарап мемлекеті атқарушы билік органының немесе ұйымының басшысымен келісім бойынша оқиға болған орын Тарап мемлекеті мемлекеттік авиациясының ұшу қауіпсіздігі уәкілетті органының басшысы қабылдайды.
      18. Мемлекеттік әуе кемесін эвакуациялаудың орындылығы туралы шешімді комиссия төрағасымен келісім бойынша әуе кемесін тіркеуші Тарап мемлекетінің атқарушы билік органдары мен ұйымдарының басшылары қабылдайды.

IV. Авиациялық оқиға туралы ақпаратқа жариялылық беру тәртібі

      19. Авиациялық оқиға фактісі туралы ақпаратқа жариялылық беру тәртібі Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасымен айқындалады.
      20. Авиациялық оқиғаны тексеру барысы туралы алынған және авиациялық оқиғаға қатысы бар кез келген мәлімдемелерді және адамдардың айғақтарын, кез келген хат алмасуларды қамтитын ақпаратқа, авиациялық оқиға туралы басқа да мәліметтерге тексеруді жүзеге асыратын құқық қорғау органдарымен келісім бойынша ғана жариялылық берілуі мүмкін.
      21. Авиациялық оқиға мән-жайына қатысты жаңадан белгілі болған ақпаратты тексеруге қатысушылар комиссия төрағасына баяндайды. Олар комиссия төрағасының келісімімен осы ақпаратты ұшулар қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шараларды қабылдау үшін пайдалануы мүмкін. Тексеру процесіне зиян келтірмеу үшін көрсетілген ақпарат қандай мән-жайларда болмасын комиссияның құрамына кірмейтін адамдарға немесе авиациялық оқиғаны тексеруді жүргізу үшін тартылмаған мамандарға берілмейді немесе олармен талқыланбайды.