Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Катар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 4 наурыздағы N 220 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Катар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі Владимир Сергеевич Школьникке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Катар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2008 жылғы 4 наурыздағы
N 220 қаулысымен 
мақұлданған    

Жоба

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Катар Мемлекетінің
Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара
қорғау туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Катар Мемлекетінің Үкіметі,
      бір Тарап мемлекетінің аумағында екінші Тарап инвесторларының инвестицияларын ұлғайтуды ынталандыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға ниет ете отырып;
      бұл инвестицияларды көтермелеу және қорғау экономикалық даму мүддесінде екі Тарап мемлекеттері арасында капитал мен технологиялар ағынын ынталандыратынын тани отырып;
      мына төмендегілер туралы келісті:

  1-бап
Айқындамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін және егер өзгеше белгіленбесе, мына сөздер мен терминдердің тиісті мәндері болады:
      1. "Инвестор":
      а) Қазақстан Республикасына қатысты:
      (і) Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес оның азаматы болып табылатын кез келген жеке тұлғаны;
      (іі) Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес тіркелген кез келген заңды тұлға;
      b) Катар Мемлекетіне қатысты:
      (і) оның қолданатын заңдарына сәйкес Катар Мемлекетінің азаматы мәртебесін алған жеке тұлғаларды;
      (іі) Катар Мемлекетінің заңына сәйкес жасалған немесе құрылған және Катар Мемлекетінің аумағында штаб-пәтері бар Үкіметті және үкіметтік агенттіктерді, корпорацияларды, компанияларды, фирмалар немесе іскер қауымдастықтарды білдіреді.
      2. "Инвестиция" кімнің аумағында инвестиция жүзеге асырылғандығына қарай, Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік және іскерлік қызметке байланысты құрылған немесе сатып алынған кез келген мүлікті білдіреді және атап айтқанда, бірақ айрықша емес мыналарды:
      (а) жылжымалы және жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ кепілге салу, мүлікті ұстау құқығы немесе кепілдер сияқты басқа да заттық құқықтарды;
      (b) компанияның үлестерін, акцияларын, борыштық міндеттемелерін және компанияларға қатысудың кез келген басқа да нысандарын;
      (с) ақша талаптарын немесе экономикалық құндылығы бар келісім-шартқа сәйкес кез келген орындауды;
      (d) тиісті Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес зияткерлік меншік құқықтарын;
      (е) мұнайды және басқа табиғи ресурстарды барлауға және өндіруге арналған концессияларды қоса алғанда, заңдарға немесе келісім-шартқа сәйкес берілген   концессияларды қамтиды.
      Активтері инвестицияланған немесе қайта инвестицияланған нысандағы кез келген өзгеріс инвестициялар ретіндегі олардың сипатын қозғамайды.
      3. "Кірістер" инвестициялардан алынған ақша сомасын білдіреді және атап айтқанда, бірақ айрықша емес пайданы, пайыздарды, капиталдың өсуінен түскен кірістерді, дивидендтерді, роялтиді және төлемдерді қамтиды.
      4. "Аумақ":
      а) Қазақстан Республикасына қатысты: өзінің ұлттық заңнамасына және халықаралық құқыққа сәйкес Қазақстан Республикасы егемендігін жүзеге асырылған және заңи құзыретін қолданатын жерді, суды, жер қойнауы мен әуе кеңістігін қоса алғанда, құрлық, теңіз және әуе шекаралары шегіндегі аумақты білдіреді.
      b) Катар Мемлекетіне қатысты: халықаралық құқықтың ережелеріне және Катар Мемлекетінің ұлттық заңдары мен ережелеріне сәйкес Катар Мемлекеті егемендігін және егеменді құқықтарын жүзеге асыратын оның түбі мен қойнауын және оның үстіндегі әуе кеңістігін, айрықша экономикалық аймақты және континентальдық қайраңды қоса алғанда, Катар Мемлекетінің жерін, ішкі және аумақтық суларын білдіреді.

  2-бап
Келісімнің қолданылу аясы

      Eгер бұл Келісімде өзгеше көзделмесе, осы Келісім кез келген Тараптың инвесторлары екінші Тарап аумағында, осы Келісім күшіне енгізілгенге дейін де, сондай-ақ одан кейін де жүзеге асырылған оның ұлттық заңнамасына сәйкес осындай ретінде қабылданған барлық инвестицияларға қолданылады, бірақ осы Келісім күшіне енгізілгенге дейін мәлімделген немесе реттелген инвестицияларға қатысты кез келген дауларға немесе талаптарға қолданылмайды.

  3-бап
Инвестицияларды көтермелеу және қорғау

      1. Әрбір Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Тараптың инвесторлары үшін оның аумағында инвестицияларды көтермелейді және жүзеге асыруға қолайлы жағдайлар туғызады әрі мұндай инвестицияларға рұқсат етеді.
      2. Әрбір Тараптың инвесторларының инвестициялары мен кірістеріне екінші Тараптың аумағында әділ және тең құқықты режим ұсынылады. Қайта инвестицияланған кірістер де инвестициялар пайдаланатын сияқты қорғауға ие болады.

  4-бап
Ұлттық режим және неғұрлым қолайлылық режимі

      1. Әрбір Тарап екінші Тарап инвесторларының инвестициялары мен кірістеріне қолайлылығы оның өз инвестицияларына немесе кез келген үшінші мемлекет инвесторларының инвестицияларына беретін режимнен кем емес режим ұсынады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген ережелер Тараптардың инвесторларына мыналардың кез келгеніне:
      (а) кез келген жұмыс істеп тұрған немесе болашақтағы кеден одақтарына, еркін сауда аймақтарына, өңірлік экономикалық ұйымдарға қатысты келісімдерге немесе осындай халықаралық келісімдерге;
      (b) толықтай немесе басты түрде салық салуға қатысты кез келген халықаралық келісімнің немесе ұлттық заңнаманың негізінде оның қатысуына орай кез келген Тарап үшінші мемлекеттің инвесторларына берген артықшылықтарды пайдалануға рұқсат беретін ретінде қаралмайды.

  5-бап
Экспроприация және өтемақы

      1. Кез келген Тарап екінші Тарап инвесторының тікелей немесе жанама инвестицияларын экспроприацияламайды немесе мемлекет меншігіне алмайды немесе мынадай:
      (а) қоғамдық мақсатта;
      (b) кемсітпейтін тәсілмен;
      (с) тиісті заңды рәсімге сәйкес;
      (d) осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес жылдам, барабар және тиімді өтемдерді төлеумен қабылданатындарды қоспағанда, кез келген соған ұқсас шараларды (бұдан әрі - экспроприация) қабылдамайды.
      2. Өтемақы:
      (а) қандай да бір шектеусіз және кідіріссіз төленуі тиіс. Кідіртілген жағдайда осы кідірістің нәтижесі болып табылатын валюта бағамына байланысты кез келген залалды қабылдаушы Тарап көтеретін болады;
      (b) тікелей экспроприацияға дейін немесе алда болатын экспроприация туралы бұдан бұрынырақ болған жағдайға байланысты жалпыға белгілі болған сәтте экспроприацияланған инвестициялар құнының сомасына теңесуі. Құны жалпыға бірдей қабылданған бағалау қағидаттарына сәйкес айқындалуға тиіс;
      (с) толық іске асырылатын және еркін аударылатын;
      (d) экспроприация күнінен бастап нақты төлем күніне дейін төлем валютасындағы депозит үшін нарықтық негізде белгіленген коммерциялық ставка бойынша сыйақыны қамтуы тиіс.
      3. Екінші Тараптың экспроприациясынан зардап шеккені туралы мәлімдейтін кез келген Тарап инвесторының осы баптың ережелеріне сәйкес оның инвестицияларын бағалауды және өтемақы төлеуді қоса алғанда, оның ісін сот органының немесе соңғы Тараптың басқа құзыретті және тәуелсіз органының жедел қайта қарауына құқығы бар.
      4. Тарап өз аумағында қолданыстағы өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес және екінші Тараптың инвесторы үлестеріне ие жасалған немесе құрылған компаниялардың активтерін экспроприацияласа, ол осындай үлестердің иесі болып табылатын осындай екінші Тарап инвесторларының инвестицияларына қатысты әділ және тең құқылы өтемақыны қамтамасыз ету үшін қажетті дәрежеде қолданылатын осы баптың 1-тармағының барлық ережелеріне кепілдік береді.

  6-бап
Залалдарды өтеу

      Бір Тараптың инвесторларына екінші Тараптың аумағында инвестициялары соңғы Тараптың аумағындағы соғыстың немесе басқа да қарулы қақтығыстардың, ұлттық төтенше жағдайдың немесе азаматтық тәртіпсіздіктердің салдарынан шығындарға ұшыраса, соңғы Тарап реституцияға, өтемге, өтемақыға немесе басқа да реттеуге қатысты өз инвесторлары мен кез келген үшінші мемлекеттің инвесторларына соңғы Тарап ұсынғаннан қолайлылығы кем емес режим береді. Нәтижесінде алынған төлемдер 5-баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.

  7-бап
Аударымдар

      1. Әрбір Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Тараптың инвесторларына өз аумағына және одан олардың инвестицияларын және инвестицияларға қатысты аударылатын төлемдерін аударуды қамтамасыз етеді. Мұндай төлемдер атап айтқанда, бірақ айрықша емес мыналарды:
      (а) бастапқы капиталды және салымды ұстауға немесе ұлғайтуға арналған қосымша соманы;
      (b) кірістерді;
      (с) инвестицияларды толық немесе ішінара сатудан немесе жоюдан алынған түсімді;
      (d) қарызды төлеуді қоса алғанда, келісім-шартқа сәйкес жүзеге асырылатын төлемдерді;
      (е) осы Келісімнің 5 және 6-баптарына сәйкес төленетін өтемақыны;
      (f) даулардан туындайтын төлемдерді;
      (g) шетелде жалға алынған және инвестицияларға байланысты жұмыс істейтін персоналға төленетін жалақыны және басқа да өтемақыларды қамтиды.
      2. Әрбір Тарап осы баптың 1-тармағында аталған аударымдарды аумағында инвестициялар жүзеге асырылатын Тараптың аудару күніндегі нарықтық валюталық бағамы бойынша еркін айырбасталатын валютада қамтамасыз етеді.
      3. Шетел валютасының нарығы болмаған кезде Халықаралық валюта қорының Қарыз алудың Арнайы Құқығындағы валюталар айналымы үшін ең соңғы айырбас бағамы қолданылуы тиіс.
      4. Аударымда қабылдаушы Тараптан туындаған кідіріс болған жағдайда аударым сондай-ақ аударымды талап ету күнінен бастап және нақты аудару күніне дейін осы валюта үшін нарықтық негізде белгіленген коммерциялық ставка бойынша пайызды қамтуы тиіс, әрі оны осындай Тарап төлейді.
      5. Кез келген Тарап осы баптың 1-4-тармақтарына қарамастан, өз мемлекетінің ұлттық заңнамасын әділ және кемсітушіліксіз қолдану жолымен аударымды мұндай ұлттық заңнаманың қолданылуы осы Келісім бойынша Тараптардың міндеттемелерден жалтару құралы ретінде пайдаланылмауға тиіс жағдайда:
      (а) тиісті салықтық міндеттемелерді орындауға;
      (b) кредит берушілердің құқықтарын қорғауға;
      (с) қылмыстық немесе жазаланатын бұзушылыққа;
      (d) сот талқылауында бұйрықтардың немесе сот шешімдерінің сақталуын қамтамасыз етуге қатысты кідірте алады.

  8-бап
Суброгация

      Егер Тарап немесе оның уәкілетті органы екінші Тараптың аумағындағы оның кез келген инвесторларының инвестицияларына қатысты коммерциялық емес қатерлер бойынша қандай да бір орнын толтыруға кепілдік берсе және осы Келісім бойынша олардың талаптарына байланысты ондай инвесторларға төлемдер жүзеге асырса, екінші Тарап бірінші Тараптың немесе оның уәкілетті органының суброгацияға байланысты құқықтарды жүзеге асыруға және мұндай инвесторлардың талаптарын ұсыну құқығы бар екеніне келіседі. Суброгация нәтижесінде алынған құқықтар мен талаптар мұндай инвесторлардың бастапқы құқықтарынан немесе талаптарынан аспауы тиіс.

  9-бап
Тарап пен екінші Тарап инвесторы арасындағы дауларды реттеу

      1. Осы Келісімнің ережелері бойынша бір Тарап пен екінші Тарап инвесторы арасындағы бірінші Тарап аумағындағы инвестордың инвестицияларына байланысты кез келген дау мүмкіндігіне қарай келіссөздер жолымен реттелуі тиіс.
      2. Егер мұндай дау осы баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес даудың кез келген тарабының келіссөздер жолымен шешу үшін жазбаша сұрау салған күнінен бастап алты ай ішінде реттелмесе, даудың кез келген тарабы дауды қарау үшін:
      (а) аумағында инвестициялар жүзеге асырылатын Тараптың құзыретті сотына;
      (b) 1965 жылғы 18 наурызда Вашингтон қаласында жасалған Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердің жеке немесе заңды тұлғалары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенцияның ережелеріне сәйкес (екі Тарап үшін де Конвенция күшіне енген жағдайда) немесе Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың қосымша қызметтер ережесіне сай (Тараптардың бірі үшін немесе екі Тарап үшін де Конвенция күшіне енбеген жағдайда) дауды реттеу үшін осы Конвенцияға сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталыққа;
      (с) Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) төрелік ережелеріне сай белгіленген және қолданыстағы "аd hос" төрелік сотына ұсынуы мүмкін.
      "ad hoc" төрелік соты шешімін көпшілік дауыспен қабылдайды. Бұл шешім дау тараптары үшін заңи міндетті болып табылады. Әрбір Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес өз аумағында бұл шешімнің орындалуын қамтамасыз етеді. Сот өз шешімін түсіндіреді және даудың кез келген тарабының талап етуі бойынша себептері мен негіздерін көрсетеді.

  10-бап
Тараптар арасындағы дауларды шешу

      1. Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар, мүмкіндігінше, Тараптар арасындағы келіссөздер жолымен реттелуі тиіс.
      2. Егер дау кез келген Тараптың келіссөздерінің жазбаша сұрау салуы күнінен бастап алты ай ішінде реттелмейтін болса, ол кез келген Тараптың талап етуі бойынша төрелік сотқа ұсынылатын болады.
      3. Төрелік туралы сұрау салу алынғаннан кейін екі ай ішінде әрбір Тарап төрелік соттың бір мүшесін тағайындау мақсатында әрбір жеке жағдай үшін төрелік сот құрылады. Осы екі мүше үшінші мемлекеттің азаматын таңдауы тиіс, ол екі Тараптың мақұлдауы бойынша басқа екі мүшені тағайындаған күннен бастап бір ай ішінде төрелік соттың Төрағасы болып тағайындалады.
      4. Егер осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзім шегінде қажетті тағайындалулар жасалмаса, Тараптар арасында кез келген басқа келісім болмаған жағдайда кез келген Тарап халықаралық соттың Президентін осындай тағайындауларды жасауға шақыра алады. Егер халықаралық соттың Президенті кез келген Тарап мемлекетінің азаматы болып табылса немесе өзге де жағдайлар көрсетілген функцияны жүзеге асыруға мүмкіндік бермесе, онда халықаралық соттың вице-президенті қажетті тағайындаулар жасауға шақырылады. Егер халықаралық соттың вице-президенті кез келген Тарап мемлекетінің азаматы болып табылса немесе өзге де жағдайлар көрсетілген функцияны жүзеге асыруға мүмкіндік бермесе, кез келген Тарап мемлекетінің азаматы болып табылмайтын және өзге де жағдайлар көрсетілген функцияны жүзеге асыруға кедергі келтірмейтін Халықаралық соттың дәрежесі бойынша келесі мүшесі қажетті тағайындауларды жасауға шақырылуы тиіс.
      5. Төрелік сот шешімін көпшілік дауыспен қабылдайды. Мұндай шешім екі Тарап үшін міндетті болып табылады. Әрбір Тарап ол тағайындаған сот мүшесі мен оның төрелік процестегі өкілдігінің қызметі бойынша шығыстарын өтейді. Төрелік сот төрағасының қызметі бойынша шығыстарды және басқа да шығындарды Тараптар тең бөліктерде көтереді. Алайда, Сот өз шешімінде құнының көп бөлігін Тараптардың бірі көтереді деп көрсетуі мүмкін және мұндай шешім Тараптар үшін міндетті болып табылады. Төрелік сот өзінің меншікті рәсімін тәуелсіз белгілейді.

  11-бап
Персоналдың келуі және болуы

      Тараптар мемлекеттерінің азаматы болып табылмайтын адамдардың келуі мен болуына қатысты қолданылатын өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар екінші Тарап мемлекетінің азаматтарына және инвестицияларға байланысты қызметке қатысу үшін екінші Тараптың инвесторлары тағайындаған немесе жалдаған басқа аға персоналына оның аумағына келуі мен онда қалуына рұқсат береді.

  12-бап
Басқа да ережелердің қолданылуы

      Осы Келісім жоғарыда айтылғандар осындай жағдайларда осы Келісімге сәйкес ұсынылатыннан неғұрлым қолайлы режимді қамтамасыз етсе:
      а) кез келген Тарап мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларын;
      b) екі Тарап та қатысушысы болып табылатын халықаралық келісімдерге сай міндеттемелерді;
      с) инвестициялық келісімде немесе инвестициялық рұқсатта бар міндеттемелерді қоса алғанда, кез келген Тарап қабылдаған міндеттемелерді жоймайды.

  13-бап
Жалпы ерекшеліктер

      1. Осы Келісімде ештеңе де Тараптардың біреуінің соғыс немесе қарулы қақтығыстар уақытында немесе халықаралық қатынастарда барынша қажет басқа да жағдайларда өзінің негізгі қауіпсіздік мүдделерін қорғау үшін қажетті кез келген әрекеттерді қабылдауына кедергі келтіретін ретінде түсіндірілмеуі тиіс.
      2. Мұндай шаралар Тараптың еркін немесе себепсіз кемсітушілігін, немесе инвестицияларды жасырын шектеуді білдіретіндей түрде қабылданбайтын жағдайда осы Келісімде ештеңе де қоғамдық тәртіпті ұстау үшін қажетті кез келген шараларды Тараптың қабылдауына кедергі келтіретін ретінде түсіндірілмеуі тиіс.

  14-бап
Консультациялар

      Тараптар кез келген Тараптың өтініші бойынша осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты кез келген даулы мәселелер бойынша консультациялар жүргізеді. Консультациялар өткізудің орны мен уақыты дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың құзыретті органдарымен келісіледі.

  15-бап
Өзгерістер енгізу, күшіне енуі және қолданылуын тоқтату

      1. Осы Келісім Тараптар Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті өздерінің мемлекетішілік рәсімдерінің аяқталғаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап екінші айдың бірінші күнінен күшіне енеді.
      2. Осы Келісім он жыл мерзім кезеңінде күшінде қалады және бұл мерзім өткен соң автоматты түрде белгісіз мерзімге ұзартылады әрі Тараптардың бірі осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын алғанға дейін он екі ай өткенге дейін қолданыста болады.
      3. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Кез келген өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
      4. Осы Келісім тоқтатылған күнге дейін жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты 1-14-баптардың ережелері осы Келісім тоқтатылған күнінен бастап кейінгі он жыл кезеңде күшінде қалады.
      200____ жылғы "___" ____________ ____________ қаласында екі данада әрқайсысы қазақ, араб, орыс және ағылшын тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелері әртүрлі түсіндірілген жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін негізге алынады.

       Қазақстан Республикасының           Катар Мемлекетінің
      Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін