22.10.2007

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кейбір мәселелері туралы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті деп қайта аталсын.

      2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1) Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 19.08.2022 № 581 қаулысымен.

      2) "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 13 қаңтардағы N 36 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 4, 30-құжат):

      2 және 3-тармақтар алынып тасталсын;

      4-тармақтың 1) тармақшасы алынып тасталсын;

      3) "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 21 шілдедегі N 700 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 27, 290-құжат):

      2-тармақтың 1), 2) тармақшалары және 3-тармақ алынып тасталсын.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 19.08.2022 № 581 қаулысымен.

      3. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      4. Осы қаулы мыналарды:

      1) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілетін осы қаулының 2-тармағы 1) тармақшасының үшінші абзацын, 2) және 3) тармақшаларын;

      2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшы лауазымына тағайындаған күннен бастап қолданысқа енгізілетін осы қаулыға қосымшаның 24 және 25-тармақтарын қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі



  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 22 қазандағы
N 984 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2004 жылғы 28 қазандағы
N 1111 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер

      1. Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) басшылықты және заңнамада көзделген шекте білім, ғылым, балаларды қорғау және жастар саясаты салаларында салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.

      Министрліктің негізгі міндеттері білім, ғылым және ғылыми-техникалық қызмет, сондай-ақ мемлекеттік жастар саясаты саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру, білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, ғылыми зерттеулер ұйымдастыруды жетілдіру және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.

      Министрліктің мынадай ведомстволары: Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті, Ғылым комитеті, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті және ведомстволық бағынысты ұйымдары бар.

      2. Министрлік өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Министрлік мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазыналық комитетінде шоты болады.

      4. Министрлік азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Министрліктің, егер ол заңнамаға сәйкес осыған уәкілетті болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.

      6. Министрлік өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен бұйрықтар түрінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар нормативтік құқықтық актілер шығарады.

      7. Министрліктің штат санының лимитін аумақтық органдардың және оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің санын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Министрліктің құрылымын, штат санын Министрліктің жауапты хатшысы бекітеді.

      8. Министрліктің заңды мекен-жайы: 010000, Астана қаласы, Есіл өзенінің сол жағалауы, N 35 көше, N 8.

      9. Министрліктің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі" мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Министрліктің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Министрліктің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Министрлікке өзінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Министрлікке заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілген болса, онда мұндай қызметтен алынған кіріс мемлекеттік бюджет кірісіне жіберіледі.

2. Министрліктің функциялары мен құқықтары

      13. Министрлік қолданыстағы заңнамаға және өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды орындайды:

      1) азаматтардың білім беру саласындағы конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауды қамтамасыз ету;

      2) Қазақстан Республикасындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын қалыптастыру;

      3) білім беру сапасын басқаруды, білім беру ұйымдары ұсынатын білім беру қызметтерін әдістемелік және әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асыру;

      4) мемлекеттік жастар саясатын жүргізу;

      5) мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу және Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге енгізу;

      6) ғылым және жастар саясаты саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;

      7) баланың негізгі құқықтарын іске асыру жөніндегі әртүрлі бағдарламаларды әзірлеу;

      8) шетелдік әріптестермен келіссөздер жүргізу және білім, сондай-ақ ғылыми қызмет саласында халықаралық шарттар (келісімдер) мен бағдарламаларға қол қою;

      9) білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру (медициналық және фармацевтикалық білім беруден басқа) стандарттарын әзірлеуді ұйымдастыру және бекіту, білім берудің барлық деңгейінің білім беретін үлгі оқу бағдарламаларын және үлгі оқу жоспарларын бекіту;

      10) Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік жастар саясаты саласындағы қызметін үйлестіру;

      11) білім және ғылым саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асыру;

      12) білім беру саласындағы нысаналы және халықаралық бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру;

      13) білім беруді дамытудың жай-күйі туралы жыл сайынғы баяндаманы дайындау және жариялау жолымен білім беру жүйесінің жай-күйі және оның қызметінің тиімділігі туралы объективті ақпаратпен қамтамасыз ету;

      14) инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізетін университеттерді конкурстық іріктеу тәртібі мен өлшемдерін бекіту және конкурс өткізу;

      15) бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі ережелерін бекіту;

      16) мүдделі министрліктермен, өзге де орталық атқарушы органдармен, жұмыс берушілермен және басқа да әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимыл жасай отырып, кәсіптік оқу бағдарламаларының деңгейі бойынша кадрлар даярлау үшін кәсіптер мен мамандықтар тізбесін айқындау және кәсіптер мен мамандықтардың жіктеуіштерін бекіту;

      17) меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдарында оқу жылының басталу және аяқталу уақытын айқындау;

      18) орта білім беретін республикалық ұйымдарды, сондай-ақ халықаралық келісімдерге сәйкес шетелдік мектептерде оқитын отандастарды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету;

      19) білім беру қызметтерін көрсетудің үлгі шартының және кәсіптік практикадан өткізуге арналған үлгі шарттың нысандарын бекіту;

      20) оқу-әдістемелік жұмысқа басшылықты жүзеге асыру және оны жүргізуді үйлестіру;

      21) оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру мен жүзеге асыру ережесін бекіту;

      22) оқытудың кредиттік технологиясы және қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу үдерісін ұйымдастыру ережелерін бекіту;

      23) оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдарды дайындау, сараптама жасау және басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру ережелерін бекіту;

      24) республикалық маңызы бар мектептен тыс іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;

      25) жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарды, орындаушылар мен кәсіби шеберліктің республикалық конкурстарын ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту;

      26) ведомстволық бағынысты білім беру мекемелерінің жарғыларын бекіту;

      27) педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының үлгі біліктілік сипаттамаларын әзірлеу және бекіту;

      28) мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы мемлекеттік орта білім беретін ұйымдардың басшыларын конкурстық алмастыру ережесін бекіту;

      29) жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлерінің лауазымдарын конкурстық алмастыру ережелерін бекіту;

      30) педагог қызметкерлерді аттестаттау ережесін бекіту;

      31) педагог кадрларды қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;

      32) салалық көтермелеу жүйесін әзірлеу және бекіту;

      33) білім беру ұйымдары жүзеге асыратын халықаралық ынтымақтастық ұйымдарының ережесін бекіту және осы жұмысты үйлестіру;

      34) шетелге оқуға жіберу тәртібін белгілеу;

      35) білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды және аккредиттеуді ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді бекіту;

      36) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымдарында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру;

      37) білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылауды жүргізудің, оларды аралық және қорытынды аттестаттаудың үлгі ережесін бекіту;

      38) кәсіптік даярлық деңгейін растаудың және техникалық және қызмет көрсететін еңбек кәсіптері (мамандықтары) бойынша біліктілік берудің тәртібін әзірлеу және бекіту;

      39) білім және (немесе) біліктілік туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың бланкілеріне тапсырыс беруді және олармен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын, ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарын қамтамасыз етуді ұйымдастыру;

      40) білім беру ұйымдары білім беру қызметінде пайдаланатын қатаң есептілік құжаттарының нысандарын әзірлеу және бекіту, білім туралы құжаттарды ресімдеуге қойылатын талаптарды айқындау, білім алуды аяқтамаған адамдарға берілетін анықтама нысанын бекіту;

      41) сырттай, кешкі нысандарда және экстернат нысанында білім алуға жол берілмейтін кәсіптер мен мамандықтардың тізбесін белгілеу және жоғары білім беретін білім беру ұйымдарында экстернат нысанында оқытуға рұқсат беру;

      42) білім алушыларды білім беру ұйымдарының үлгісі бойынша ауыстыру және қайта қабылдау ережесін бекіту;

      43) білім беру ұйымдарында білім алушыларға академиялық демалыстар беру тәртібін бекіту;

      44) білім беруді басқару жүйесінің ақпараттық қамтамасыз етілуін жүзеге асыру;

      45) білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеу ережесін бекіту;

      46) іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер саласындағы мемлекеттік ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы ұсыныстар енгізу;

      47) мемлекеттік жастар саясаты саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;

      48) мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі қызметті ақпараттық және ғылыми қамтамасыз етуді ұйымдастыру;

      49) арнаулы білім беру ұйымдарының типтері мен түрлерінің тізбесін белгілеу, арнаулы білім алуға мұқтаж адамдар үшін білім беру ұйымдарында қажетті орын санын айқындау;

      50) кемтар балаларды оқытуды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік жарақтандырылуы мен қамтамасыз етілуіне қойылатын ең төменгі міндетті талаптарды белгілеу;

      51) барлық білім беру ұйымдары үшін арнаулы білім беру шарттарының бірыңғай қағидаттары мен нормативтерін айқындау;

      52) кемтар балалар оқитын арнаулы сыныптардың (топтардың) шекті толымдылығын айқындау;

      53) оқушыларды аттестаттау әдістемесін айқындау;

      54) білім беру ұйымдарын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі қызметтің үйлестірілуін жүзеге асыру;

      55) балалар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органдардың халықаралық ынтымақтастық ісіндегі қызметін үйлестіру;

      56) ұлттық бірыңғай тестілеуді, сондай-ақ кешенді тестілеуді өткізу технологиясын әзірлеу және бекіту;

      57) білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау тәртібін белгілеу;

      58) мемлекеттік аралық бақылауды жүргізу ережесін және санының асып кетуі кезектен тыс мемлекеттік аттестаттауға әкеп соғатын мемлекеттік аралық бақылаудан өтпеген білім беру ұйымдарында білім алушылардың шекті санын бекіту;

      59) оның мүшелерін сайлау тәртібін қоса алғанда, ғылыми ұйымның консультативтік-кеңесші органы туралы үлгі ережені бекіту;

      60) диссертациялар қорғау жөніндегі диссертациялық кеңес туралы ережені бекіту;

      61) бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарын, іргелі және қолданбалы зерттеулердің аяқталған тақырыптары мен бағдарламаларын, қорғалған кандидаттық және докторлық диссертацияларды мемлекеттік тіркеу ережесін бекіту;

      62) диссертациялар қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестер қалыптастыру және олардың қызметін ұйымдастыру тәртібін бекіту;

      63) ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтарды алушыларға қойылатын біліктілік талаптарын және ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтарды беру тәртібін бекіту;

      64) біліктілігі жоғары ғылыми және ғылыми-педагог кадрларға мемлекеттік аттестаттау жүргізуді ұйымдастыру жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді бекіту;

      65) ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;

      66) бала құқықтарын қорғау саласындағы басқа мүдделі уәкілетті органдардың қызметін үйлестіру және бағыттау;

      67) ведомстволық бағынысты ұйымдарды бюджет қаражаты есебінен белгіленген тәртіппен қаржыландыруды жүзеге асыру;

      68) соңғы үш жылдағы жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың, республикалық және халықаралық конкурстар мен спорттық жарыстардың тізбесін айқындау;

      69) техникалық және кәсіптік білім алу үшін жоғары техникалық мектептерге оқуға қабылдау шарттарын айқындау;

      70) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына оқуға түскен адамдармен жасалатын үлгі шартты бекіту;

      71) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгерген білім алушыларды қорытынды аттестаттау ерекшеліктерін айқындау;

      72) орта білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша мамандарды даярлау жөніндегі гуманитарлық мамандықтардың тізбесін бекіту;

      73) білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім беру ұйымдарының түрлерін айқындау;

      74) білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды толтыруға қойылатын талаптарды айқындау;

      75) білім беру ұйымдары үлгілері мен түрлерінің номенклатурасын бекіту;

      76) білім беру ұйымының ғылыми кеңесті сайлау тәртібін және алқалы басқарудың өзге де нысандарын қоса алғанда, жұмысты ұйымдастырудың үлгі ережесін бекіту;

      77) ақылы негізде тауарлар (жұмыстар мен қызметтер) ұсынуға арналған үлгі шарттың нысанын бекіту;

      78) мемлекеттік ғылыми ұйымдардың ғылыми және инженер-техник қызметкерлерін аттестаттау ережесін бекіту;

      79) ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласында мемлекеттік саясат жүргізуді үйлестіруді жүзеге асыру;

      80) ғылыми кадрларды даярлау мен аттестаттау жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізу;

      81) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі консультативтік-кеңесші органның қызметін ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыру;

      82) Қазақстан Республикасындағы жастардың жағдайы туралы баяндаманы әзірлеу және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау;

      83) тәрбиеші аналарды және резервте тұрған тәрбиеші аналарды конкурстық іріктеу тәртібін айқындау;

      84) балалар ауылының әкімшілігі туралы ережені бекіту;

      85) тәрбиеші аналардың біліктілік санаттарын әзірлеу және белгілеу;

      86) балаларды балалар ауылы отбасына беру туралы үлгі шартты бекіту;

      87) жасөспірімдер үйі туралы ережені бекіту;

      88) балалар ауылы (балалар үйі) мен тәрбиеленуші (түлек) арасында жасалған жасөспірімдер үйінде бағып-күту туралы үлгі шартты бекіту;

      89) азаматтардың денсаулығын сақтау, оларды әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп, кемтар балаларды оқытуға арналған техникалық құралдарға қойылатын нормативтік талаптарды әзірлеу және бекіту;

      90) басқа мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау бағдарламаларын ғылыми сүйемелдеуді ұйымдастыру;

      91) Қазақстан Республикасындағы балалардың жағдайы туралы жыл сайынғы мемлекеттік баяндаманы Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыну және оны ресми басылымда жариялау;

      92) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектердің білім алуын қамтамасыз ету;

      93) мемлекеттік тапсырыс немесе грант бойынша оқып жүрген мүгедектерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стипендиялар тағайындау мен төлеу тәртібін әзірлеу;

      94) мүгедектерді оқытуды жүзеге асыратын арнаулы білім беру ұйымдарының білім беру қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу және бекіту;

      95) психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар беру қызметін ұйымдастыру ережесін бекіту;

      96) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу үшін оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын санда квота бөлуді қамтамасыз ету;

      97) кәмелетке толмағандардың заңға мойынсұнушылық мінез-құлқын қалыптастыруға, олардың бойына имандылық пен салауатты өмір салты негіздерін дарытуға бағытталған бағдарламалар мен әдістемелерді әзірлеу және білім беру ұйымдарының жұмыс тәжірибесіне енгізу;

      98) арнаулы білім беру ұйымдары туралы ережені бекіту;

      99) ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдары туралы ережені бекіту.

      14. Министрлік заңнамаға сәйкес ведомстволарға мынадай функцияларды жүктейді:

      1) білім беру саласындағы біртұтас мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) ғылым саласындағы нысаналы және халықаралық бағдарламаларды іске асыру;

      3) балалардың мүддесі үшін бюджет қаражаты және заңнамада тыйым салынбаған өзге көздер есебінен мемлекеттік саясатты іске асыру жөнінде іс-шаралар өткізу;

      4) ғылым кандидаты және докторы ғылыми дәрежесін беру;

      5) мемлекет атынан ғылым кандидаты мен ғылым докторының белгіленген мемлекеттік үлгідегі дипломдарын, доцент және профессор аттестаттарын беру;

      6) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалар бойынша міндеттемелерді іске асыру;

      7) мемлекеттік ғылыми-техникалық саясатты іске асыруды қамтамасыз ету;

      8) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын аккредиттеуді өткізуді ұйымдастыру;

      9) мемлекеттік мерзімді ғылыми-техникалық басылымдар мен басқа баспа өнімдерін, соның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде басып шығаруға арналған баспа өнімдерін басып шығарудың орындылығын айқындау;

      10) бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарын, іргелі және қолданбалы зерттеулердің аяқталған тақырыптары мен бағдарламаларын, қорғалған кандидаттық және докторлық диссертацияларды мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз ету;

      11) балалар өмірі көрсеткіштерінің ең төменгі әлеуметтік стандарттарын, нормалары мен нормативтерін жақсарту жағына қарай жыл сайын қайта қарауды қамтамасыз ету;

      12) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізуді ұйымдастыру;

      13) білім беру қызметін жүзеге асыру құқығына:

      жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғаларға;

      білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын және республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын заңды тұлғаларға;

      рухани білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғаларға (діни оқу орындары);

      Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын және білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын халықаралық және шетелдік заңды тұлғаларға лицензия және (немесе) қосымшалар беру;

      14) меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын (медициналық және фармацевтикалық білім беруді қоспағанда), сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу;

      15) білім беру ұйымдарында меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасының және нормативтік құқықтық актілерінің, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдардағы бюджеттік және қаржылық тәртіптің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орындалуын мемлекеттік бақылау;

      16) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасының анықталған бұзушылықтарын нұсқамада белгіленген мерзімде жою туралы орындалуы міндетті жазбаша нұсқамалар беру;

      17) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдарды қоспағанда, ғылыми ұйымдарды аттестаттаудан өткізу;

      18) мемлекеттік емес ғылыми ұйымдарды аккредиттеуден өткізу;

      19) Қазақстан Республикасының арнаулы білім беру саласындағы заңнамасы мен нормативтік құқықтық актілерінің орындалуын мемлекеттік бақылау;

      20) білімі және (немесе) біліктілігі туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттар бланкілерінің пайдаланылуын бақылау;

      21) балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының балалар құқықтары туралы заңнамасының сақталуын бақылау;

      22) білім беру жүйесінде білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру қызметін жүзеге асыруының Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігін және білім беру қызметін лицензиялау ережелерін сақталуын мемлекеттік бақылау;

      23) диссертациялар қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестер құру және олардың қызметін ұйымдастыру;

      24) кәмелетке толмағандардың жазғы демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыруға қатысу;

      25) білім беру ұйымдарына арналған оқулықтарды, оқу құралдары мен басқа да әдебиеттерді, оның ішінде электрондық жеткізгіштерде пайдалануға рұқсат беру;

      26) мемлекеттік статистикалық есептілік негізінде халықты әлеуметтік қорғау органдарымен бірлесіп, кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдаудың республикалық, жергілікті бағдарламаларының мониторингін жүргізу;

      27) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдарды қоспағанда, мемлекеттік ғылыми ұйымдардың басшыларын, осы ұйымдардың ғылыми кеңесінің ұсынымдарын ескере отырып, қызметке тағайындау және қызметтен босату;

      28) білім беру сапасын сырттай бағалау әдісімен білім беру мониторингін жүргізу.

      15. Министрлік өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру және өзінің функцияларын жүзеге асыру үшін заңнамада белгіленген тәртіппен:

      өз құзыреті шегінде орындауға міндетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға;

      мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпаратты және материалды сұратуға және алуға;

      қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

3. Министрліктің қызметін ұйымдастыру

      16. Министрлік, ведомстволар және оның аумақтық органдары, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің біртұтас жүйесін құрайды.

      17. Министрді Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Министрдің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Министрдің орынбасарлары (вице-министрлері) болады.

      18. Министрлікке басшылық жасауды Министр жүзеге асырады және Министрлікке жүктелген міндеттердің орындалуына және өзінің функцияларын жүзеге асыруға дербес жауап береді.

      19. Осы мақсатта Министр:

      1) өз орынбасарларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      2) Министрліктің еңбек қатынастары мәселелері құзыретіне жатқызылған қызметкерлерін заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      3) Министрліктің еңбек қатынастары мәселелері құзыретіне жатқызылған қызметкерлеріне заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жазалар мен көтермелеу шараларын қолданады;

      4) бұйрықтарға қол қояды;

      5) барлық мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда Министрліктің атынан өкілдік етеді;

      6) Министрліктің жұмыс регламентін бекітеді;

      7) оның құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.

      20. Министрлік қабылдайтын шешімдер Министрдің немесе оны алмастыратын тұлғаның бұйрықтарымен ресімделеді.

      21. Министрліктің аппаратын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын жауапты хатшы басқарады.

      22. Үкіметтің, Министрдің отставкаға кетуі жауапты хатшының өкілеттігінің тоқтатылуына әкеп соқпайды.

      23. Жауапты хатшы өзінің қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне, Министрге есеп береді.

      24. Жауапты хатшы:

      1) Министр қалыптастыратын білім және ғылым, балалар құқықтарын қорғау және жастар саясаты саласындағы саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді және оның актілері мен тапсырмаларын орындауды қамтамасыз етеді;

      2) Министрліктің ақпаратына басшылық жасауды жүзеге асырады: оның бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

      3) Министрліктің қызметін ақпараттық-талдау, ұйымдастырушылық-құқықтық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

      4) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін орталық атқарушы органның штат санының лимиті шегінде Министрмен келісілгеннен кейін Министрліктің, комитеттердің құрылымы мен штат санын бекітеді;

      5) Министрмен келісілгеннен кейін Министрліктің құрылымдық бөлімшелері және оның аумақтық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      6) Министрліктің тәртіптік, аттестаттау және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, орындаушылық және еңбек тәртібінің сақталуын, кадр қызметінің жұмысын және құжат айналымының ұйымдастырылуын бақылайды;

      7) Министрліктің қызметін қамтамасыз ету және оған жүктелген міндеттерді орындау мақсатында мемлекеттік сатып алуды жүргізуді ұйымдастырады;

      8) Министрмен келісілгеннен кейін Министрлік департаменттерінің директорларын және басқарма бастықтарын, аумақтық бөлімшелерінің басшыларын және басшыларының орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      9) комитеттердің төрағалары етіп тағайындау үшін ұсынылатын комитеттер төрағаларының орынбасарларын тағайындауды Министрмен келіседі;

      10) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Министрліктің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      11) Министрдің келісімі бойынша Министрліктің қызметкерлерін іссапарға жіберу, демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақы және сыйлықақы төлеу мәселелерін шешеді;

      12) Министрдің келісімі бойынша еңбек қатынастары мәселелері жоғары мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Министрлік қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;

      13) Министрліктің Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Министрліктің басшысы бекітетін стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын әзірлеуді қамтамасыз етеді;

      14) Министрліктің жыл сайынғы жұмыс жоспарын және оның қызметінің нәтижелері туралы жыл сайынғы есепті әзірлеуді қамтамасыз етеді және Министрге бекітуге ұсынады;

      15) Министрліктің бюджеттік өтінімін дайындауды, бюджеттік өтінімді Министрге ұсынуды қамтамасыз етеді, оны ол Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді, сондай-ақ бюджеттік үдерістің өзге де рәсімдерін орындауды қамтамасыз етеді;

      16) органның қаржыландыру жоспарларын және мемлекеттік органның қаржылық есебін әзірлейді және Министрмен келісілгеннен кейін бекітеді;

      17) мемлекеттік қызметтердің регламенттері мен стандарттарын әзірлеуді ұйымдастырады;

      18) Министрліктің құзыреті шегінде нормативтік актілердің жобаларын дайындауды ұйымдастырады;

      19) Министрлікке келісуге түсетін нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша тұжырымдар дайындауды ұйымдастырады;

      20) өз өкілеттілігі шегінде мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара қарым-қатынаста Министрліктің атынан өкілдік етеді;

      21) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жауапты хатшыға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      25. Жауапты хатшы өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін:

      1) Министрлік аппаратының қызметкерлеріне орындауға міндетті тапсырмалар беруге;

      2) мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан жауапты хатшының құзыретіне жатқызылған мәселелерді шешу үшін қажетті ақпаратты, құжатты және материалды сұратуға және алуға;

      3) жеке қолданылатын құқықтық актілерді қабылдауға құқығы бар.

      26. Жауапты хатшы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған жүктелген міндеттердің орындалуына жауапты болады.

      27. Министрліктің Министр жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылатын алқасы болады. Алқаның сандық және дербес құрамын Министрліктің құрылымдық бөлімшелері басшыларының қатарынан Министр бекітеді.

      28. Министрліктің қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелері, лауазымды тұлғалардың құқықтары мен міндеттері, оның қызметін қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшелердің құзыреттері мен өкілеттіктері Министрліктің регламентімен және құрылымдық бөлімшелер туралы ережелермен белгіленеді.

4. Министрліктің мүлкі

      29. Министрліктің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.

      Министрліктің мүлкі оған мемлекет берген мүліктің есебінен қалыптастырылады және негізгі қорлардан, сондай-ақ құны Министрліктің теңгерімінде көрсетілетін өзге де мүліктен тұрады.

      30. Министрлікке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      31. Министрліктің өзіне бекітілген мүлікті өз бетімен оқшаулауға немесе өзге де әдіспен билік етуге құқығы жоқ.

      Министрлікке Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайда және шекте мүлікке билік ету құқығы берілуі мүмкін.

5. Министрлікті қайта ұйымдастыру және тарату

      32. Министрлікті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан

      Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.


Дата вступления в силу:  22.10.2007
Дата изменения акта:  19.08.2022
Дата принятия акта:  22.10.2007
Информация об официальном опубликовании акта:  Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 40, 461-құжат
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  103000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  35419
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  984
Статус акта:  upd
Сфера правоотношений:  021000000000 / 022000000000 / 001008000000
Форма акта:  ПОЛ / ПОСТ
Юридическая сила:  1000
Язык акта:  kaz