11.05.2007

Қажетті қорғану туралы заңнаманы қолдану туралы

      Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      "96", "99", "109" деген цифрлар тиісінше "99", "102", "112" деген цифрлармен ауыстырылды;
      "қылмыстың", "қылмыс", "қылмысты", "қылмыстар", "қылмыстардың", "қылмыстарға" деген сөздер тиісінше "құқық бұзушылықтың", "құқық бұзушылық", "құқық бұзушылықты", "құқық бұзушылық", "құқық бұзушылықтардың", "құқық бұзушылықтарға" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасы қылмыстық заңдарының өзгеруіне байланысты, қажетті қорғану туралы қылмыстық заңдарды біркелкі қолдануды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. Қажетті қорғану - әр адамның өміріне, денсаулығына, мүлкіне, тұрғын үйіне, меншігіне және басқа да заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделеріне қоғамға қауіпті қол сұғушылықтардан қорғануға ажырамас конституциялық құқығы болып табылады. Осыған байланысты қаза келтіру не денсаулығына зиян келтіру бойынша істерді жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 32-бабының қажетті қорғаныс және оның шектері туралы ережелеріне сүйене отырып, мақсат, себеп, кінә нысанын, құқық бұзушылықтың жасалу тәсілін және әрекетті дұрыс саралауға қажетті басқа да мән-жайларды мұқият анықтау керек.

      2. Барлық адамдардың кәсіби немесе өзге де арнаулы даярлығына және қызмет жағдайына, жынысына, жасына және басқа да жағдайларға қарамастан тең дәрежеде қажетті қорғануға құқығы бар. Бұл құқық адамға заңмен қорғалатын қандай объектіге қоғамға қауіпті қол сұғушылық жасалғанына, ол объект қорғанушының өзіне немесе басқа адамдарға тиесілі екендігіне, сондай-ақ қоғамға қауіпті қол сұғушылықтан құтылу не басқа адамдардың немесе мемлекеттік органдардың көмегіне жүгіну мүмкіндігіне қарамастан тиесілі болып табылады.

      3. Адамды қажетті қорғаныс жағдайында болды деп тану үшін қоғамға қауіпті қол сұғушылық жасалғанын және бұл қол сұғушылық оның осы қол сұғушылықты болдырмау немесе тойтарыс беру үшін шабуыл жасаушыға қаза келтіру немесе денсаулығына зиян келтірумен ұштасқан әрекеттер жасауына себеп болғанын анықтау қажет.

      Қорғанушы адамның немесе басқа да тұлғалардың әлеуметтік маңызы бар құндылықтарына, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне зиян келтіруге бағытталған қол сұғушылық қоғамға қауіпті деп танылады. Тиісінше қажетті қорғану кезінде адамның құқығы, яғни оның өмірі, денсаулығы, жыныстық тиіспеушілігі, ар-ожданы мен намысы, меншігі, тұрғын үйі, жер учаскесі және қорғанушының өзіне және басқа тұлғаларға тиесілі өзге де құқықтары, сондай-ақ қоғам және мемлекеттің мүдделері қорғау объектілері бола алады.

      4. Адам одан қорғануға құқылы қол сұғушылық қасақана және абайсызда жасалуы мүмкін, онда құқық бұзушылық құрамы болуы немесе құқық бұзушылық болмауы мүмкін, алайда, бұл мән-жайлар қорғанушының қорғану құқығына әсер етпейді, өйткені қорғанушы қылмыстық жауаптылыққа тартылуға жататын адамнан, және есі дұрыс емес немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылуға жасы жетпеген адамнан тікелей келген қасақана немесе абайсыз қол сұғушылықтан бірдей мөлшерде қорғануға құқылы.

      Зиян қоғамға қауіпті қол сұғушылық жасаған адамның өзіне тікелей келтірілсе ғана ол қажетті қорғану жағдайында жасалған деп танылуы мүмкін (соның ішінде олар техниканы, жануарларды, есі дұрыс емес адамдарды, жасөспірімдерді пайдаланған жағдайларда да).

      5. Шабуыл жасаушының қасақана немесе абайсыз әрекеттерімен зиян келтіріліп болғанда ғана емес, зиян келтіру әлі басталмаған, бірақ нақтылы келтірілу қаупі төнген (мысалы, қол сұғушылықты іске асыруға дайындық әрекеттері жасалған және б.), не қол сұғушы құқыққа қарсы әрекеттерін әлі аяқтамаған (ұрып-соғуын жалғастырған, ұрланған заттарды пәтерден әкетіп үлгермеген) кезде, сондай-ақ негізінен аяқталған, бірақ істің мән-жайларына қарай қорғанушы үшін оның қай сәтте аяқталғаны айқын болмаған қол сұғушылықтан кейін іле-шала жалғасқан қорғану кезінде қажетті қорғануға жол беріледі. Аталған жағдайларды қол сұғушылықтың басталу және аяқталу сәттерінің айыпталушыға қаншалықты көрінеу болғанына, оның нақтылы қалыптасқан жағдайда ахуалды дұрыс бағалауға мүмкіндігі болған-болмағанына қарап бағалау қажет.

      6. Құқық бұзушылықтың формальды жағынан белгілері бар, бірақ маңызының шамалылығына қарай қоғамдық қауіп тудырмайтын әрекеттер жасаған адамға зиян келтірген, сондай-ақ өзінің мінез-құлқымен әдейілеп шабуыл жасауға киліккен (арандатқан), содан кейін осы жағдайды құқыққа қарсы әрекеттер жасауға (мысалы, төбелес шығару, жазалау, кек алу және т.б.) сылтау ретінде қолданғысы келген адам қажетті қорғану жағдайында болды деп танылмайды.

      Егер арандатушылық жасаған адам нақтылы зиян келтірмесе, онда арандатуға ұшыраған адамның қарсы әрекеттерін қажетті қорғану жағдайында жасалған деп есептеуге негіз жоқ. Мұндай әрекеттер жалпы негіздегі жауаптылыққа әкеп соқтырады.

      Сондай-ақ өзі қажетті қорғану жағдайында болған немесе өзге де жағдайларда заңды әрекеттер жасаған (мысалы, қылмыскерді ұстау кезінде) адамға қарсы бағытталған әрекеттер қажетті қорғану жағдайы ретінде қаралмайды.

      7. Қажетті қорғануды жалған қорғанудан ажырата білу керек. Жалған қорғану кезінде қоғамға қауіпті қол сұғушылық шын мәнінде нақтылы болмайды, бірақ оқиғаның жағдайына қарай қорғанушының қол сұғушылық жасалды деп ойлауына негіз болып, осыған орай ол қол сұғушылыққа қарсы әрекет жасадым деп қате жорамал жасайды.

      Жалған қорғану кезінде келтірілген зиян үшін мынандай мән-жайлар бар болған кезде: қалыптасқан жағдайға байланысты зиян келтірушінің қажетті қорғаныс жағдайында әрекет жасадым деп негізді ойлаған, бірақ ол қорғаныс шегінен шығып кеткенде; зиян келтіруші тиісінше мұқият болса жағдайды дұрыс бағалауға және қоғамға қауіпті қол сұғушылықтың жоқтығы туралы тұжырым жасауға мүмкіндігі болғанда (мысалы, көршілерінің пәтерінен сумка көтеріп шыққан бейтаныс адамды көріп, ұрлық жасады деп ойлап зиян келтірсе, ал жәбірленуші көршілердің туысқаны болып шықса) қылмыстық жауаптылық туындайды.

      Мұндай жағдайларда адам нақтылы қателік туралы ережелер бойынша, яғни тиісті тұлғалардың заңмен қорғалатын объектілеріне абайсызда зиян келтіргені үшін жауаптылыққа тартылады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      8. Шындығында қоғамға қауіпті қол сұғушылық жасамаған, бірақ қорғанушының пікірінше солай жасауы мүмкін адамға келтірілген зиян қажетті қорғануды құрамайды, өйткені әрекет белгілі бір адамнан келетін нақтылы қоғамға қауіпті қол сұғушылықты тойтаруға емес, белгісіз адамдар тобына зиян келтіруге бағытталады (мысалы, жемістерін ұрлатпау үшін жеміс бағының иесі қақпаға бекітіп қойған жарылғыш заттан сол жерге кездейсоқ келген адамға келтірілген зиян).

      9. ҚК 32-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, қоғамға қауіпті қол сұғушылық жасаған адамға қажетті қорғану жағдайында зиян келтіру құқық бұзушылықты құрамайды және бұл орайда қажетті қорғану шегінен шығуға жол берілмесе, қылмыстық жауаптылыққа әкеліп соқпайды.

      Қол сұғушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілігі дәрежесіне көрінеу сай келмейтін қасақана әрекеттерді қажетті қорғану шегінен шығу деп түсіну керек. Қол сұғушылыққа тойтарыс беру немесе болдырмау бойынша мұндай әрекеттердің сөзсіз салдары шабуыл жасаушыға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін зиян келтірілу болып табылады.

      Қажетті қорғану шегін және қол сұғушылық пен одан қорғанудың сәйкестігін/сәйкессіздігін дұрыс анықтау үшін әр іс бойынша: қол сұғушылықтың сипатын, оның қоғамдық қауіптілігін, қол сұғушылықтың қарқынын, қорғану дәрежесінің шабуылға сәйкестігін/сәйкессіздігін, қол сұғушыға келтірілген зиянның мәнін, келтірілген зиянның көрінеу (анық) шектен тыстығын, мұндай зиян келтіруге мәжбүр еткен/мәжбүр етпеген жағдайды және басқаларды анықтау және баға беру қажет.

      10. Қол сұғушылықтың сипатына баға берген кезде шабуыл жасаушының әрекеттерінің бағытын, күш қолдану, мүліктік немесе рухани (моральдық) сипатта болуы мүмкін келтірілген зиянның мәнін есепке алу қажет.

      Қоғамға қауіпті қол сұғушылықтың дәрежесі оның сипатына, сондай-ақ шабуыл жасаушылардың қарқынына, олардың санына, жас ерекшеліктеріне, қаруларының бар-жоғына және басқа да нақты мән-жайларға қарай анықталады.

      11. Қорғанудың қол сұғушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесіне сәйкес келуі, қорғанушының өзінің күші мен шабуыл жасаушының күшінің нақтылы ара салмағын есепке алуын және барлық мән-жайларды ескере отырып, қол сұғушылыққа тойтарыс беруде қажеттіден артық зиян келтіруге жол бермеуін көздейді. Бұл орайда қорғанушыларға қасақана келтірген зиянның шабуыл жасаушыға келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиянның көлеміне, сипатына сәйкес келмеуі қорғану құқығын жүзеге асыру үшін осындай зиян келтірудің қажеттілігі жоғы көрінеу айқын болғанда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

      12. Шабуыл жасау мен қорғанудың сәйкестігін бағалағанда қажетті қорғану арқылы қол сұғушыға зиян келтіру қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайтынын көздейтін ҚК-нің 32-бабының екінші және үшінші бөліктерін ескеру қажет. Қол сұғушылықтың адам өміріне қарсы бағытталуын, сондай-ақ заңмен қорғалатын басқа да объектілерге қол сұғушылық кезінде қару қолданылуын заң шығарушы, шабуыл жасаушыға келтірілген зиянның сипатына қарамастан қоғамға қауіпті қол сұғушылықтың сипаты мен дәрежесіне сәйкес деп танылатын мән-жайлар ретінде қарастырады. Мұндай әрекеттер қажетті қорғану шегінде жасалған деп қарастырылады және қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды.

      Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 желтоқсандағы "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" Заңымен атыс немесе суық қаруға, оқ-дәріге жатқызылған, олардың көмегімен адамға қаза келтіруге болатын, оның шабуыл жасаушыда болуы қажетті қорғаныс шегінен шығуды жоққа шығаратын мән-жайлар болып табылатын заттарды қару деп таныған жөн.

      Шаруашылық-тұрмыстық және басқа мақсатта қолданылатын өзге де заттармен (балға, балта, асүй пышағы, жас шығарғыш немесе тітіркендіргіш заттармен жарақталған тозаңдатқыштар, тас, таяқ, кірпіш және т.с.с.) қаруланған шабуыл жасаушыға келтірілген зиян, тек қажетті қорғану шегінен шықпаған жағдайда жауаптылыққа әкеп соқпайды.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      13. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдары қажетті қорғану кезінде келтірілген кез келген зиян үшін емес, тек қасақана келтірілгені үшін жауапкершілік белгілейді. Осыған орай, қажетті қорғану шегінен шығу кезінде жасалған құқық бұзушылық субъективтік жағынан тек қасақана кінә болып сипатталады. Егер зиян қол сұғушыға абайсызда келтірілсе, онда қажетті қорғану шегінен шығу кезінде жасалған мұндай әрекет қылмыстық деп танылмайды және жазалануға жатпайды.

      14. ҚК 102-бабында (қажетті қорғану шегінен шығу кезінде кісі өлтіру), 112-бабында (қажетті қорғану шегінен шығу кезінде денсаулыққа ауыр зиян келтіру) қарастырылған құқық бұзушылықтардың белгілері болғанда ғана қажетті қорғану шегінен шығу кезінде келтірілген зиян үшін жауаптылық туындайды. Бұл қажетті қорғану кезінде шабуыл жасаушының денсаулығына келтірілген шағын немесе ауырлығы орташа зиян қорғанушыны қылмыстық жауаптылыққа тартуға әкеп соқпайды дегенді білдіреді.

      15. Қажетті қорғану кезінде, бірақ оның шегінен шығу арқылы жасалған әрекет үшін қылмыстық жауаптылық туралы мәселені шешуде ҚК 66-бабында бекітілген, мұндай адамдарды қылмыстық жауаптылықтан босататын ереженің маңызы зор. Қылмыстық заңның аталған нормасы қоғамға қауіпті қылмыстан болған үрейлену, қорқу немесе сасқалақтау салдарынан қажетті қорғану шегінен шыққан адамды істің мән-жайын ескере отырып, ақтамайтын негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігін қарастырады.

      Аталған норманы қолданғанда, заң шығарушы, адамның үрейлену немесе қорқумен сипатталатын көңіл-күй жағдайын, сондай-ақ қоғамға қауіпті қол сұғушылықтың әсерінен болған сасқалақтау салдарынан өзінің әрекетіне есеп бере алмауын қылмыстық жауаптылықтан босатуға негіз ретінде қарастыратынын және бұл мән-жайларды істің мән-жайларымен байланыстыратынын ескеру қажет. Демек, ҚК 66-бабы үрейлену, қорқу немесе сасқалақтау салдарынан қажетті қорғану шегінен шыққан адамды қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкін екендігін қарастырады, бірақ бұл мән-жайларды адамды міндетті түрде дереу қылмыстық жауаптылықтан босатуға әкеп соқтыратын абсолютті жағдай деп санамайды, яғни ол факультативті болып табылады.

      16. Шабуылға ұшыраған және қажетті қорғану кезінде қол сұғушыға зиян келтірген адамның қорқуы деп - оның өзіне жасалған қол сұғудан қатты үрейленуін, қатты қорқуын түсіну керек. Осыған ұқсас жағдайларда адамның көңіл-күйі аяқ астынан үрей, қорқыныш сезімінің пайда болуымен сипатталады. Қорғанушы адамның сасқалақтауы деп - оның қоғамға қауіпті қол сұғушылықтан туындаған қорқу, үрейлену салдарынан аяқ астынан абыржуын, сасқалақтауын, ретсіз әрекеттер жасауын түсіну керек.

      17. Қорғанушы қорқу, үрейлену немесе сасқалақтау жағдайында болды ма, оның осы жағдайы өзінің қорғану әрекеттерін бағалауына және қажетті қорғану шегінен шықпайтындай әрекет жасау қабілетіне әсер етті ме деген мәселелерді анықтау үшін психологиялық-психиатрлық сараптама жасап, оның қорытындысын басқа дәлелдемелермен және қоғамға қауіпті қол сұғушылық нәтижесінде қалыптасқан нақтылы жағдаймен және одан қорғану әрекеттерімен бірге бағалау қажет.

      Осыған байланысты қорқу, үрейлену, сасқалақтау жағдайында қажетті қорғаныс шегінен шыққан адам қайсібір жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылатынын, ал басқа жағдайларда босатылмайтынын ескере отырып, әрбір нақты жағдайда құқық бұзушылықтың жасалуының мән-жайын (қол сұғушылықтың жасалу уақыты мен орнын, қол сұғушылар мен қорғанушылардың санын, шабуыл жасаушылардың шабуыл кезінде құралдар қолданған-қолданбағанын, тараптардың жасын, дене бітімін және психикалық жағдайын және т.с.с.) мұқият анықтау және айқындау қажет.

      18. Шабуыл жасаушыға келтірілген зиянды бағалау кезінде қорғанушы адам қол сұғушылықтың салдарынан пайда болған толқу жағдайында ұдайы қауіптің сипатын нақты бағалап және соған мөлшерлес қорғану тәсілін таңдай алмайтынын ескеру қажет. Сондықтан қоғамға қауіпті қол сұғушылық кезінде қару есебінде қолданылған құралдардың шабуыл жасаушыдан қорғанушыға өтуі барлық жағдайларда да өздігінен қажетті қорғану шегінен шығуды білдірмейді. Мұндай жағдайларда шабуыл жасаушы мен қорғанушының бұдан кейінгі әрекеттерінің сипатын және басқа да мән-жайларын ескеру қажет.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      19. Қажетті қорғану шегінен шығу кезінде кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіруді жан күйзелісі (аффект) жағдайында жасаған әрекеттерден ажырату қажет. Бұл орайда қажетті қорғану жағдайында, соның ішінде қажетті қорғану шегінен шыққанда да, айыпты қоғамға қауіпті қол сұғушылықтан қорғануды көздейді, ал жан күйзелісі жағдайында өзін осындай күйге ұшыратқан адамға зиян келтіруді көздейді. Адамның осындай әрекеттер жасаған кездегі психикалық жағдайын анықтау үшін міндетті түрде психологиялық-психиатрлық сараптама жасап, оның қорытындысын басқа дәлелдемелермен бірге бағалау керек.

      Егер айыпты қажетті қорғану шегінен шықса және осы кезде жәбірленушінің құқыққа қарсы әрекеттерінің әсерінен жан күйзелісі жағдайында болса, онда әрекетті салдарына қарай ҚК 102 немесе 112-баптарымен саралау қажет.

      20. Қажетті қорғану шегінен шығу кезінде қасақана кісі өлтіру немесе денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тіпті ҚК 99-бабының екінші бөлігінде қарастырылған мән-жайлар болса да, тиісінше ҚК 102-бабының екінші бөлігі немесе ҚК 112-бабымен саралануға жатады.

      21. Сотталушының қорғану жағдайында құқық бұзушылық жасағанын анықтағаннан кейін, сот үкімде жалпылама тұжырымдармен шектелмеуі керек, істің нақты мән-жайларын ескере отырып, кім және қандай қоғамға қауіпті қол сұғушылық жасағанын, оның кімге қарсы бағытталғанын, оның сипаты мен жасалу тәсілін, шабуыл жасаушы немен қаруланғанын, қорғанушы қандай құралмен және қандай тәсілмен қорғанғанын және т.б. көрсетуі, сондай-ақ қорғану амалдарының қол сұғушылықтың сипаты мен қауіптілігіне сәйкессіздігі неден көрінетінін, яғни қажетті қорғану шегінен шығудың мәнін ашуы тиіс.

      22. Қажетті қорғану шегінен шығу кезінде жасалған құқық бұзушылық туралы істерді қарағанда, соттар әрбір нақты жағдайда ҚК қарастырылған мән-жайлар болғанда сотталушыларды қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігі туралы мәселені талқылауы тиіс. Айыптау үкімін шығарған кезде соттар бас бостандығынан айырудан тыс жаза қолдану туралы мәселені талқылауы, оны қолданбау себебін үкімде дәлелдеуі қажет.

      23. Қажетті қорғану шегінен шығу кезінде жасалған құқық бұзушылықтарға қатысты азаматтық талаптарды қарағанда Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 20-тарауының , Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі Ерекше бөлімінің 47-тарауының , Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы N 1 "Азаматтық талапты қылмыстық процесте қарау туралы" нормативтік қаулысының түсіндірулерін басшылыққа алу қажет.

      Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      24. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына кіреді, сондай-ақ жалпыға ортақ болып табылады және ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы


Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы Жоғарғы


Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы




Дата вступления в силу:  11.05.2007
Дата изменения акта:  31.03.2017
Дата принятия акта:  11.05.2007
Информация об официальном опубликовании акта:  "Егемен Қазақстан" 2007 жылғы 12 маусым N 161-162 (24737)
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  105000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  33405
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  2
Статус акта:  upd
Сфера правоотношений:  028000000000
Форма акта:  ПОСТ
Юридическая сила:  1200
Язык акта:  kaz