Ауыл шаруашылығы санағын өткiзудiң ережесi мен мерзiмдерiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 15 қарашадағы N 1081 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 11 қазандағы № 1049 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2010.10.11 № 1049 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      "Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шiлдедегi Заңының 5-бабының 11) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Ауыл шаруашылығы санағын өткiзудiң ережесi мен мерзiмдерi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң       
2006 жылғы 15 қарашадағы
N 1081 қаулысымен   
бекiтiлген      

Ауыл шаруашылығы санағын өткiзудiң ережесi мен мерзiмдерi 1. Жалпы ережелер

      Осы Ереже Қазақстан Республикасының "Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шiлдедегi және "Мемлекеттiк статистика туралы" 2010 жылғы 19 наурыздағы заңдарына, басқа да нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес әзiрлендi және ауыл шаруашылығы санағын өткiзудiң тәртiбi мен мерзiмдерiн айқындайды.
      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.06.18 № 613 Қаулысымен.

      1. Ауыл шаруашылығы санағының мақсаты ауыл шаруашылығының белгiлi бiр күнгi құрылымы мен жай-күйi туралы ақпарат жинау болып табылады.

      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ауыл шаруашылығы санағы - ауыл шаруашылығының белгiлi бiр күнгі құрылымы мен жай-күйi туралы ақпарат жинау мақсатында жүргізілетін ұлттық санақ;

      2) ауыл шаруашылығы санағының субъектiлерi - ауыл шаруашылығы санағының объектiлерiне иелiк ететiн жеке және заңды тұлғалар;

      3) ауыл шаруашылығы санағының объектiлерi - жер (саяжай) учаскелерi, ауыл шаруашылығы дақылдарының егiстiк алқаптары, жемiс-жидек екпелерi, жүзiмдiктер, ауыл шаруашылығы жануарлары, ауыл шаруашылығы техникасы мен автокөлiк, ауыл шаруашылығының өндiрiстiк үй-жайлары мен жабдығы және ауыл шаруашылығы қызметiн көрсетуге байланысты өзге де мамандандырылған үй-жайлар;

      4) сұхбат жүргiзушi - санақ парақтарындағы сұрақтар бойынша ауыл шаруашылығы санағының субъектiлерiне сұрау салуды жүзеге асыратын адам;

      5) нұсқаушы-бақылаушы - ауыл шаруашылығы санағы объектiлерiнiң толық қамтылуына, санақ парақтарындағы деректердiң дұрыстығына бақылауды, сондай-ақ сұхбат жүргiзушiнiң жұмысына нұсқау беру мен бақылауды жүзеге асыратын адам;

      6) санақ парағы - ауыл шаруашылығы санағының субъектiлерi туралы мәлiметтерi бар белгiленген үлгiдегi құжат;

      7) уәкiлеттi орган - мемлекеттiк статистикаға басшылықты жүзеге асыратын, өкiлеттiгi Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын орталық атқарушы орган.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.06.18 № 613 Қаулысымен.

2. Ауыл шаруашылығы санағын ұйымдастыру және жүргiзу тәртiбi

      3. Ауыл шаруашылығы санағы санақ парақтарын толтыру жолымен:
      1) сұхбат жүргiзушiлердiң жеке тұлғаларға сұрау салу жүргiзу әдiсiмен;

      2) заңды тұлғалардың өздерi толтыруы әдiсiмен жүзеге асырылады.

      4. Санақ парақтары уәкiлеттi орган бекiткен нысандар бойынша мемлекеттiк немесе орыс тiлдерiнде толтырылады.

      5. Ауыл шаруашылығы санағы кемiнде он жылда бiр рет өткiзiледi және бiрнеше кезеңмен жүргiзiлуi мүмкiн.
      Ауыл шаруашылығы санағы дайындық, негiзгi және қорытынды кезеңдердi қамтиды.

      6. Дайындық кезеңi 2 (екi) жыл iшiнде жүзеге асырылуы мүмкiн. Дайындық кезеңiнде мынадай iс-шаралар iске асырылады:

      1) уәкiлеттi органның ауыл шаруашылығы санағын өткiзу жөнiндегi iс-шаралар жоспарын әзiрлеуi;

      2) ауыл шаруашылығы санағын өткiзу кезiнде атқарушы билiк органдарының келiсiлген iс-қимылдарын үйлестiрудi және қамтамасыз етудi, мәселелердi жедел шешудi жүзеге асыру үшiн республикалық, облыстық және аудандық деңгейлерде ауыл шаруашылығы санағына жәрдемдесу комиссияларын құру. Комиссиялардың құрамына әрбiр деңгейге сәйкес орталық атқарушы органның жауапты хатшысы ( белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлға), ал мұндай болмаған жағдайда - мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, облыстардың, аудандар мен қалалар әкiмдiктерiнiң басшылары кiредi;

      3) уәкiлеттi органның ауыл шаруашылығы санағын өткiзу жөнiнде санақ парақтарын, әдiснамалық, нұсқаулық құралдарды әзiрлеуi және бекiтуi;

      4) облыстар және республикалық маңызы бар қалалар әкiмдiктерiнiң ауыл шаруашылығы санағы субъектiлерiнiң тiзiмiн қалыптастыруы, нақтылауы және уәкiлеттi органға ұсынуы;

      5) уәкiлеттi органның ауыл шаруашылығы санағының деректерiн енгiзу және өңдеу үшiн бағдарламалық қамтамасыз етудi, ауыл шаруашылығы санағын өткiзу үшiн оқыту бағдарламалары мен құралдарды әзiрлеудi ұйымдастыруы, сондай-ақ санақ кадрлары үшiн оқыту семинарларын өткiзудi ұйымдастыруы;

      6) уәкiлеттi органның, ауыл шаруашылығы санағына жәрдемдесу комиссияларының және санақ кадрларының ауыл шаруашылығы санағының субъектiлерi мен халық арасында ауыл шаруашылығы санағын өткiзудiң мақсаттары мен тәртiбi туралы бұқаралық-түсiндiру жұмысын жүргiзуi;

      7) уәкiлеттi органның санақ кадрларын iрiктеуi және олармен ауыл шаруашылығы санағына қатысуға шарттар жасасуы;

      8) уәкiлеттi органның санақ кадрлары қатарынан аудан деңгейiнде санақ бөлiмдерiн, ауылдық округ деңгейiнде нұсқаушылық және есептеу учаскелерiн құруы.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.03.25 N 283 Қаулысымен.

      7. Негiзгi кезең 7 (жетi) ай iшiнде жүзеге асырылуы мүмкiн. Негiзгi кезеңде мынадай iс-шаралар iске асырылады:

      1) сұхбат жүргiзушiлердiң алынған мәлiметтердi санақ парақтарына түсiре отырып, ауыл шаруашылығы субъектiлерiне сұрау салуы. Әрбiр сұхбат жүргiзушi сұрау салуға жататын субъектiлердiң тiзбесiн нұсқаушы-бақылаушылар анықтайды;

      2) санақ бөлiмiнiң сұрау салу аяқталғаннан кейiн санақ парақтары деректерiнiң дұрыстығын және ауыл шаруашылығы санағының субъектiлерiн қамтудың толықтығын анықтау үшiн ауыл шаруашылығы санағы субъектiлерiнiң кемiнде 10%-ын қамти отырып, iрiктемелi бақылап аралауды ұйымдастыруы;

      3) санақ бөлiмiнiң санақ парақтарын уәкiлеттi органға беруiн ұйымдастыруы;

      4) уәкiлеттi органның санақ парақтары деректерiнiң түсуiне қарай оларды енгiзудi ұйымдастыруы.

      8. Қорытынды кезең 2 (екi) жыл iшiнде жүзеге асырылуы мүмкiн. Қорытынды кезеңде мынадай iс-шаралар iске асырылады:

      1) уәкiлеттi органның ауыл шаруашылығы санағының қорытындыларын шығаруы;

      2) уәкiлеттi органның ауыл шаруашылығы санағының қорытындыларын жиынтық және қорытылған деректер түрiнде жариялауды ұйымдастыруы.

3. Қорытынды ережелер

      9. Ауыл шаруашылығы санағының қорытындылары әркiмге қолжетiмдi болып табылады және ресми жариялануға тиiс.

      10. Санақ құжаттамасының дербес мәлiметтерi құпия болып табылады, жария етуге жатпайды және статистикалық мақсаттар үшiн ғана пайдаланылады.