Қазақстан Республикасының Үкiметi
ҚАУЛЫ ЕТЕДI
:
Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексiнiң жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының кодексi
Қазақстан Республикасының экологиялық кодексi
Осы Кодекс қазiргi және болашақ ұрпақтың сұранысын қанағаттандыру, экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтiк-экономикалық мiндеттердi теңдестiре шешудi, қоршаған ортаны, биологиялық әртүрлiлiктi және табиғи экологиялық жүйелердi сақтау мен қалпына келтiрудi қамтамасыз ететiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың құқықтық негiздерiн белгiлейдi.
Жалпы бөлiм
I-бөлiм. Жалпы ережелер
1-тарау. Негізгi ережелер
1-бап. Осы Кодексте қолданылатын негiзгi ұғымдар
1. Осы Кодексте мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) ағынды сулар - табиғи немесе жасанды су объектiлерiне немесе жергiлiктi жер бедерiне жiберiлетiн пайдаланылған немесе ластанған аумақтан келген су;
2) биологиялық ресурстар - өсiмдiк және жануарлар дүниесiнiң ресурстары, организмдер мен олардың бөлiктерi, популяциялар немесе өз-өзiн жаңғыртуға қабiлеттi және қоршаған ортаның бөлiгi болып табылатын экологиялық жүйелердiң кез келген басқа да биотикалық компоненттерi;
3) генетикалық түрлендiрiлген организмдер - адам организмiн қоспағанда, генетикалық материалдың гендiк инженерия әдiстерiн пайдалану көмегiмен алынған жаңа комбинациясы бар кез келген организмдер;
4) генетикалық түрлендiрiлген өнiмдер - генетикалық инженерияның пайдаланып табылған өсiмдiк және (немесе) жануарлар тұрғысынан шыққан өнiмдер;
5) инерттiк қалдықтар - қауiптi қасиетi жоқ қалдықтар;
6) коммуналдық қалдықтар - елдi мекендерде, оның iшiнде адамның өмiрi мен қызметi нәтижесiнде жиналатын тұтыну қалдықтары, сондай-ақ құрамы жағынан және жиналу сипаты бойынша осыларға ұқсас өндiрiс қалдықтары;
7) қалдықтарды есепке алу - қалдықтардың сандық және сапалық сипаттамалары және олармен жұмыс iстеу тәсiлдерi туралы ақпаратты ұдайы құжаттамалық көрсету жүйесi;
8) қалдықтарды жою - қалдықтарды көму және жою жөнiндегi операциялар;
9) қалдықтарды кәдеге жарату - қалдықтарды қайталама материалдық немесе энергетикалық ресурстар ретiнде пайдалану;
10) қалдықтарды көму - қалдықтарды шектеусiз мерзiм iшiнде қауiпсiз сақтау үшiн арнайы белгiленген орындарға орналастыру;
11) қалдықтарды қайта өңдеу - қалдықтардың көлемiн немесе қауiптi қасиеттерiн азайту үшiн олардың сипатын өзгертетiн, олармен жұмыс iстеудi жеңiлдететiн немесе оларды кәдеге жаратуды жақсартатын сұрыптауды қoca алғанда, физикалық, жылу, химиялық немесе биологиялық процестер;
12) қалдықтарды залалсыздандыру - механикалық, физикалық-химиялық немесе биологиялық өңдеу жолымен қалдықтардың қауiптi қасиеттерiн азайту немесе жою;
13) қалдықтардың қауiптiлiк паспорты - қалдықтардың шығу көзi бойынша жиналу процестерiнiң, олардың сандық және сапалық көрсеткiштерiнiң, мұндай қалдықтармен жұмыс iстеу ережелерiнiң, оларды бақылау әдiстерi, бұл қалдықтардың қоршаған ортаға, адам денсаулығына және (немесе) тұлғалар мүлкiне зиянды әсер ету түрлерiнiң стандартталған сипаттамасы, өндiрiстiк қалдықтарды өндiрушiлер, меншiгiнде қалдықтар бар өзге де тұлғалар туралы мәлiметтер қамтылған құжат;
14) қалдықтар жiктелiмi - қалдықтар жiктелiмiнiң нәтижелерi бар, қолданбалы сипаттағы ақпараттық-анықтамалық құжат;
15) қалдықтардың түрi - шығу көзiне, қасиеттерiне және жұмыс iстеу технологиясына сәйкес жалпы белгiлерi бар, қалдықтар жiктелiмiнiң негiзiнде белгiленетiн қалдықтар жиынтығы;
16) қалдықтармен жұмыс істеу - қалдықтар жиналуының алдын алу және азайту, есепке алу мен бақылау, сондай-ақ қалдықтарды жинау, кәдеге жарату, залалсыздандыру, тасымалдау, сақтау (қоймада сақтау), көму және жоюды қоса алғанда, қалдықтармен байланысты қызмет түрлерi;
17) қауiптi қалдықтар - құрамында қауiптi қасиеттерi (уыттылығы, жарылыс қаупi, өрт шығу қаупi, жоғары реакциялық қабiлетi) бар зиянды заттар болатын не дербес немесе басқа заттармен байланысқа түскен кезде қоршаған ортаға және адам денсаулығына тiкелей немесе әлеуеттi қауiп төндiретiн қалдықтар;
18) қолайлы қоршаған орта - табиғи объектiлерiнiң жай-күйi экологиялық қауiпсiздiктi және халықтың денсаулығын сақтауды, биоәртүрлiлiктi сақтауды, ластануға жол бермеудi, экологиялық жүйелердiң тұрақты жұмыс icтeуi, табиғи ресурстарды молықтыруды және тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ететiн орта;
19) қоршаған орта - табиғи объектiлердiң, өзара қарым-қатынастағы атмосфералық ауаны, Жердiң озон қабатын, жер бетiндегi және жер асты суларды, жердi, жер қойнауын, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiн, сондай-ақ климатты қоса алғанда жиынтығы;
20) қоршаған ортаға келтiрiлетiн залал - қоршаған ортаны ластау немесе табиғи ресурстарды белгiленген нормалардан тыс не экологиялық рұқсатсыз және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен табиғи ресурстарды алуға арналған құқығының берiлуiнсiз алу;
21) қоршаған ортаға эмиссиялар - ластағыш заттардың шығарындылары мен тастатылуы, қоршаған ортада өндiрiс және тұтыну қалдықтарын орналастыру, зиянды физикалық ықпал;
22) қоршаған ортаға эмиссияларға арналған квота - табиғат пайдаланушыға белгiленген мерзiмге берiлетiн қоршаған ортаға эмиссияларға арналған лимиттiң бiр бөлiгi;
23) қоршаған ортаға эмиссияларға арналған лимиттер - белгiленген мерзiмге берiлетiн қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтiк көлемi;
24) қоршаған орта сапасының нормативтерi - қоршаған ортаның және табиғи ресурстардың қолайлы жай-күйiн сипаттайтын көрсеткiштер;
25) қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткiштерi - қоршаған ортаның сапасын бiртiндеп жақсарту қажеттiлiгiн ескерумен қоршаған ортаның белгiленген уақыт мерзiмiне нормаланатын өлшемдердiң шектi деңгейiн сипаттайтын көрсеткiштер;
26) қоршаған ортаны қорғау - табиғат пен адамның үйлесiмдi өзара ықпалдасуына, қоршаған ортаның сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық шаралар жүйесi;
27) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган - қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлеу мен iске асыру мәселелерi бойынша басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган, сондай-ақ оның аумақтық бөлiмшелерi;
28) қоршаған ортаның авариялық ластануы - жеке және (немесе) заңды тұлғалардың шаруашылық қызметiнiң экологиялық қауiптi түрлерiн жүзеге асыруы кезiнде болған авариядан туындаған және зиянды заттарды атмосфераға шығару және (немесе) суға тастау немесе жер бетi учаскесiнде, жер қойнауында қатты, сұйық немесе газ түрiндегi ластаушы заттардың жайылуы немесе иістің, шудың, тербелiстiң, радиацияның пайда болуы немесе электромагниттiк, температуралық әсер, жарықтың әсерi немесе рұқсат етiлген деңгейден асатын өзге де физикалық, химиялық, биологиялық зиянды әсер ету болып табылатын қоршаған ортаның кенеттен абайсызда ластануы;
29) қоршаған ортаның ластану учаскелерi - жер бетiнiң және су объектiлерiнiң қауiптi химиялық заттармен белгiленген нормативтен артық ластанған шектi учаскелерi;
30) қоршаған ортаны ластау - қоршаған ортаға ластаушы заттардың, радиоактивтi материалдардың, өндiрiс және тұтыну қалдықтарының түсуi, сондай-ақ шудың, тербелiстердiң, магниттiк кеңiстiктердiң және өзге де зиянды физикалық әсерлердiң қоршаған ортаға ықпалы;
31) қоршаған ортаның сапасы - қоршаған ортаның құрамы мен қасиеттерiнiң сипаттамасы;
32) мекен ету орны - жер үлгiсi немесе қандай да бiр организмнiң немесе популяцияның табиғи мекен ету орны;
33) мемлекеттiк экологиялық бақылау - экологиялық заңнаманың, қоршаған орта сапасы нормативтерiнiң және экологиялық талаптардың сақталуын бақылау;
34) өндiрiс және тұтыну қалдықтары (қалдықтар) - антропогендiк қызмет нәтижесiнде жиналған, жиналу орнында одан әрi пайдалануға жатпайтын, иесi құтылатын, құтылғысы келетiн немесе құтылуға тиiс кез келген заттар, материалдар және бұйымдар;
35) радиоактивтi қалдықтар - шаруашылық қызмет нәтижесiнде пайда болған және одан әрi пайдалануға жатпайтын, осы Кодексте регламенттелген мәндерден асатын сандағы және қосындыдағы радиоактивтi заттарды қамтитын кез келген агрегаттық жай-күйдегi заттар мен материалдар;
36) сараптама объектiсiн iске асыру - жоспарлау алдындағы, жобалау алдындағы және жобалық құжаттамада көзделген шешiмдерге сәйкес өнеркәсiптiк және өзге де объектiлердi салу, пайдалану, жою, қызмет көрсету, бұйымдар мен технологиялардың шаруашылық айналымға түсуi жөнiндегi жұмыстардың басталуы мен барысы, сондай-ақ заңнамалық актiнiң күшiне енуi, сараптама объектiсiнiң өзге де нақты пайдаланылуы;
37) су объектiлерi - құрылық және Жер қойнауы бетiндегi рельефтерде шоғырланған, шекаралары, көлемi мен су режимi бар сулар;
38) сұйық қалдықтар - ағынды суларды қоспағанда, сұйық түрдегi кез келген қалдықтар;
39) табиғат объектiлерi - шекарасы, көлемi және жасау режимi бар табиғи объектiлер;
40) табиғат пайдаланушы - осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртіппен табиғи ресурстарды пайдалануды және (немесе) қоршаған ортаға эмиссияны жүзеге асыратын заңды немесе жеке тұлға;
41) табиғи ресурстар - тұтынушының құндылығы бар табиғи объектiлер: cу, жер, оның қойнауы, өсiмдiктермен жануарлары дүниесiн пайдалану;
42) табиғи ресурстарды қорғау - табиғи ресурстардың әрбiр түрiн тұтынушылық қасиеттерiн жоғалтуға әкеп соғатын тиiмсiз пайдалану, құрып кету, деградациядан қорғауға бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық шаралар жүйесi;
43) табиғи ресурстардың сарқылуы - табиғи ресурстар қорларының сапалық және/немесе сандық сипаттамаларын iшiнара немесе толық жоғалту;
44) шаруашылық және өзге де қызметтiң экологиялық қауiптi түрi - заңды және (немесе) жеке тұлғалардың халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсер ететiн немесе әсер етуi мүмкiн тiкелей немесе жанама шаруашылық және өзге де қызметi, оның нәтижесiнде қоршаған орта авариялық ластанады немесе ластануы мүмкiн;
45) шығарылудың, тасталудың үлестiк нормативi - өнiмнiң, қуаттың, көлiк немесе өзге де жылжымалы құралдарының бiрлiгiне шаққанда атмосфераға, су объектiлерiне зиянды (ластағыш) заттарды шығарудың, тастаудың барынша массасының нормативi, ол шығарылудың, тасталудың жылжымалы, тұрақты көздерi, технологиялық процестер мен жабдықтар экожүйе үшiн белгiленедi;
46) экологиялық жүйе - организмдердiң және олар мекендейтiн жансыз ортаның өзара байланысты бiртұтас функционалдық жиынтығы;
47) экологиялық қауiп - антропогендiк және табиғи ықпалдар әсерiнiң, соның iшiнде дүлей зiлзалаларды қоса алғанда, зiлзалалар мен апаттар себептерiнен қоршаған ортаның жай-күйi бұзылуының, өзгеруiнiң болуымен немесе ықтималдығымен сипатталатын және осыған байланысты жеке адам мен қоғамның өмiрлiк маңызы бар мүдделерiне қауiп төндiретiн жағдай;
48) экологиялық қауiпсiздiк - жеке адамның, қоғамның өмiрлiк маңызды мүдделерi мен құқықтарын қоршаған ортаға антропогендiк және табиғи ықпал ету нәтижесiнде туындайтын қатерден қорғалуының жай-күйi;
49) экологиялық қауiптi объект - салынуы мен қызметi адамдардың денсаулығына және қоршаған ортаға зиянды әсерiн тигiзуi мүмкiн немесе зиянды әсерiн тигiзетiн шаруашылық объектiсi мен өзге де объект;
50) экологиялық мониторинг - қоршаған ортаның жай-күйi мен оған әсердi жүйелi түрде бақылау мен бағалау;
51) экологиялық нормалау - адамның өмiр сүруi мен биологиялық әртүрлiлiктi сақтау үшiн қолайлы ортаны айқындайтын және қамтамасыз ететiн ережелердiң (нормалардың) және олардағы қоршаған ортаның жай-күйi мен оған ықпал ету дәрежесiн бағалаудың сан және сапа көрсеткiштерiнiң (нормативтерiнiң) жүйесi;
52) экологиялық рұқсат - экологиялық заңнамада белгiленген шарттарға және талаптарға сәйкес қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыру үшiн жеке және заңды тұлғаларға мiндеттi түрде берiлетiн құжат;
53) экологиялық сараптама - шаруашылық және өзге де қызметтiң қоршаған орта сапасының нормативтерi мен экологиялық талаптарға сәйкестiгiн, осы қызметтiң қоршаған ортаға жасауы ықтимал терiс әсерлерiнiң және оларға байланысты зардаптардың алдын алу мақсатында сараптама объектiсiнiң iске асырылуға қол жеткiзiлетiндiгiн белгiлеу;
54) экологиялық таза өнiм белгiсi - таңбаланған өнiмнiң стандарттарға сәйкестiгiн растайтын тiркелген белгi;
55) экологиялық талаптар - Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерi мен нормативтiк-техникалық құжаттарында қамтылған, қоршаған ортаға және халық денсаулығына терiс әсер ететiн шаруашылық және өзге де қызметтердi шектеу және тыйым салу;
56) экологиялық таңбалау - сәйкестiгiн растаудан өткен өнiмге экологиялық таза өнiм белгiсiн беру;
57) экологиялық тәуекел - белгiленген факторлардың әсерi салдарынан қоршаған орта және (немесе) қолайсыз табиғи объектiлер жай-күйiнiң өзгеру ықтималдылығы;
58) эмиссиялар нормативтерi - қоршаған ортаның сапасы нормативтерiнiң сақталуы қамтамасыз етiлетiн рұқсат етiлген эмиссиялар көрсеткiштерi;
59) эмиссиялардың техникалық үлестiк нормативтерi - қоршаған ортаға эмиссиясының уақыт бiрлiгiне немесе шығарылатын өнiм бiрлiгiне немесе елiмiздiң экономикасына тән шығындар кезiнде оларды нақты техникалық құралдармен қамтамасыз ету мүмкiндiгi негiзiнде белгiленетiн басқа да көрсеткiштерге қатысты шамалар.
2. Экологиялық заңнамадағы өзге арнайы түсiнiктер мен терминдер, осы Кодекстiң сәйкес баптарында белгiленетiн мәнде қолданылады.
2-бап. Осы Кодекс реттейтiн қарым-қатынастар
1. Осы Кодекс Қазақстан Республикасы аумағының шегiнде қоршаған ортаны қорғау, қалпына келтiру мен сақтау, табиғи ресурстарды пайдаланумен және қоршаған ортаға ықпал етумен байланысты шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асыру кезiнде табиғи ресурстарды пайдалану мен молықтыру саласындағы қарым-қатынастарды реттейдi.
2. Жеке және заңды тұлғалар, мемлекет, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалану саласында реттеудi және басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар осы Кодекс реттейтiн қарым-қатынастардың қатысушылары болып табылады.
3-бап. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Кодекстен, және осы кодексте ескерiлген Қазақстан Республикасының өзге де нормативтi құқықтық актiлерден тұрады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Кодекстiң алдында басым болып табылады және халықаралық шартта оны қолдану үшiн заң шығару қажет болатын кезден басқа жағдайларда тiкелей қолданылады.
3. Осы Кодекс пен қоршаған ортаны қорғау саласындағы қатынастарды реттейтiн нормалары бар өзге де заңнамалық акт арасында қайшылық болған жағдайда, осы Кодекстiң ережелерi қолданылады. Экологиялық құқықтың Қазақстан Республикасының заңнамасында қамтылған және осы Кодекстiң нормаларына қайшы келетiн нормалары осы Кодекске тиiстi өзгерiстер енгiзiлгеннен кейiн ғана қолданыла алады.
4. Қоршаған орта объектiлерiн, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау және пайдалану мәселелерi осы Кодекспен реттелмеген бөлiгiнде Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттеледi.
5. Қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы қарым-қатынастар осы Кодекспен реттеледi. Көрсетiлген қарым-қатынастар осы Кодекспен реттелмеген бөлiгiнде Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттеледi.
4-бап. Қазақстан Республикасы тұрақты дамуының
экологиялық негiздерi
Қазақстан Республикасының тұрақты дамуының экологиялық негiздерi:
1) адамдарға қамқорлық және олардың табиғатпен үйлесiмдi салауатты өмiр сүру құқықтарын қамтамасыз ету жөнiндегi мақсаттарға мемлекеттiң қол жеткiзуi;
2) қоршаған ортаны қорғау және биологиялық әртүрлiлiктi сақтау;
3) Қазақстан Республикасының өз табиғи ресурстарын өндiруге құқықтарын қамтамасыз ету мен iске асыру және табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету мәселелерiнде ұлттық мүдделерiн қорғау;
4) қазiргi және болашақ ұрпақтардың сұранысын әділ қанағаттандыру;
5) өндiрiс пен тұтынудың тұрақты үлгiлерiн дамыту;
6) экологиялық нормативтердiң өздерi қолданатын қоршаған ортаның жай-күйiн есепке алғанда, әлеуметтiк және экономикалық даму талаптарына сай келуi;
7) әрбiр адамның қоршаған ортаға қатысты ақпаратқа қол жеткiзу құқығын сақтау және жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты даму мәселелерiн шешуге жан-жақты қатысуы;
8) қоршаған ортаны қорғау саласында қабылданатын шаралардың ашықтығын қамтамасыз ету;
9) Жердiң экожүйесiнiң салауатты жай-күйi мен тұтастығын сақтау, қорғау мен қалпына келтiру мақсатындағы жаhандық әрiптестiк және дамыған елдердiң басым жауаптылығы;
10) қоршаған ортаға залал келтiргенi үшін жауаптылыққа қатысты халықаралық құқықтың дамуына көмектесу;
11) қоршаған ортаға елеулi залал келтiретiн немесе адам денсаулығы үшiн зиянды деп есептелетiн қызмет пен заттардың кез келген түрлерiн басқа мемлекеттерге көшiру мен ауыстыруды тоқтату, алдын алу, сондай-ақ қоршаған ортаға елеулi немесе орны толмайтын залал қатерi төнген жағдайларда сақтандыру шараларын қолдану;
12) басқа мемлекеттердiң қоршаған ортасы үшiн күтiлмеген зиянды салдарларға әкеп соқтыруы мүмкiн кез келген дүлей зілзала немесе басқа да төтенше жағдайлар туралы осы мемлекеттердi дереу хабардар ету, сондай-ақ одан зардап шеккен мемлекеттерге мүмкiндiгiнше көмек көрсету болып табылады.
5-бап. Экологиялық заңнаманың принциптерi
Экологиялық заңнама мынадай:
1) Қазақстан Республикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету;
2) экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;
3) экологиялық қарым-қатынастарды экожүйелiлiк көзқарас негiзiнде реттеу;
4) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттiк реттеудiң мiндеттiлiгi;
5) қоршаған ортаны ластаудың және оған кез келген басқа түрде залал келтiрудiң алдын алу жөнiнде ымырасыз iс-шаралардың мiндеттi түрде болуы;
6) экологиялық құқықбұзушылық үшiн жауаптылықтың болмай қалмауы;
7) қоршаған ортаға келтiрiлген залалды өтеу мiндеттiлiгi;
8) қоршаған ортаға әсер етудiң ақылы болуы мен рұқсат алу тәртiбi;
9) табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету кезiнде неғұрлым экологиялық таза және pecypс үнемдеушi технологияларды қолдану;
10) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк органдар қызметiнiң ықпалдастығы, үйлесiмдiлiгi мен ашықтығы;
11) табиғат пайдаланушыларды қоршаған ортаны ластаудың алдын алуға және оны азайтуға, қалдықтарды қысқарту мен тарихи ластануды жоюға ынталандыру;
12) табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету кезiнде ұлттық мүдделерiн қамтамасыз ету;
13) экологиялық заңнаманың халықаралық құқық принциптерімен және нормаларымен үйлесуi;
14) халықтың экологиялық ақпаратқа қол жеткiзуiн және оның экологиялық проблемаларды шешуге қатысуын қамтамасыз ету;
15) жоспарланып отырған шаруашылық және өзге де қызметтiң экологиялық қауiптiлiгi презумпциясы және оны жүзеге асыру туралы шешiмдер қабылдаған кезде қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсерiн бағалау мiндеттiлiгi;
16) халықтың барлық табиғи ресурстарға әдiл және тең қолжетiмдiлiгi принциптерiне негiзделедi.
6-бап. Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану
саласындағы мемлекеттiк реттеу мен басқарудың
негiзгi ережелерi
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк реттеу:
1) экологиялық нормалауды;
2) мемлекеттiк экологиялық сараптаманы;
3) экологиялық рұқсаттар берудi;
4) мемлекеттiк экологиялық бақылауды;
5) қоршаған ортаны қорғауды экономикалық реттеу жүйесiн, озық экологиялық таза технологияларды енгiзудi ынталандыруды, табиғат қорғау iс-шараларын қаржыландыру жүйесiн;
6) мемлекеттiк экологиялық мониторингiнi;
7) қоршаған ортаны ластау көздерi мен учаскелерiн мемлекеттiк есепке алуды;
8) қоршаған орта мен табиғи ресурстардың бiрыңғай мемлекеттiк мониторинг жүйесiн жүргiзудi;
9) мемлекеттiк экологиялық статистиканы;
10) экологиялық бiлiм беру мен тәрбиелеудi қамтиды.
2. Табиғат пайдалану саласындағы мемлекеттiк басқару:
1) табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттiк жоспарлауды;
2) табиғи ресурстарды қорғауға, пайдалануға және молықтыруға мемлекеттiк бақылау жасауды;
3) табиғи ресурстарды пайдалану құқығын беретiн лицензиялар, рұқсаттар берудi және шарттар (келiсiм-шарттар) жасасуды;
4) табиғи ресурстарды қалпына келтiру мен молықтыруды, pecypc үнемдейтiн технологияларды енгiзудi ұйымдастыруды;
5) табиғи ресурстардың кадастрларын жүргiзудi;
6) табиғи ресурстарды пайдалануға лимиттер белгiлеу мен квоталар бөлудi;
7) табиғи ресурстарды пайдалануды, қалпына келтiру мен молықтыруды жүзеге асыратын мемлекеттiк ұйымдар мен мекемелердi басқаруды;
8) табиғи ресурстарды қорғауды ұйымдастыруды қамтиды.
7-бап. Қоршаған ортаны қорғау объектiлерi
1. Жойылудан, деградациядан, зақымданудан, ластанудан және өзге де зиянды ықпал етуден жер, оның қойнауы, жер бетiндегi және жер асты сулары, атмосфералық ауа, ормандар мен өзге де өсiмдiктер, жануарлар дүниесi; тiрi организмдердiң тектiк қоры; табиғи экологиялық жүйелер, климат және Жердiң озонды қабаты қорғалуға жатады.
2. Мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерi, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сондай-ақ табиғи экологиялық жүйелер, табиғи ландшафттар және антропогендiк әсерге ұшырамаған табиғи кешендер ерекше қорғалуға жатады.
8-бап. Мемлекеттiк табиғи-қорық қоры
1. Мемлекеттiк табиғи-қорық қоры - табиғат эталондары, уникумдар және реликттер, генетикалық резерв, ғылыми зерттеулер, ағарту, бiлiм беру, туризм мен рекреация нысанасы ретiнде қоршаған ортаны қорғаудың экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды, мемлекеттiк қорғауға алынған объектiлердiң жиынтығы.
2. Мемлекеттiк табиғи-қорық қорына Қазақстан Республикасы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жөнiндегi заңнамалар арқылы белгiленедi.
3. Мемлекеттiк табиғи-қорық қорын қорғау ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру жолымен, сондай-ақ қоршаған ортаның экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды объектiлерiн пайдалану iсiнде тыйым салу және шектеулер белгiлеу арқылы қамтамасыз етiледi.
9-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар - ерекше қорғаудың құқықтық режимi бар не шаруашылық қызметтiң мемлекеттiк табиғи-қорық қорын сақтау мен қалпына келтiрудi қамтамасыз ететiн режимiмен реттелетiн жер, су, орман және жер қойнауы учаскелерi.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың түрлерi, тәртiбi, қорғау және пайдалану режимдерi сонымен қатар, олардың қызмет жағдайлары Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамасында белгiленедi.
2-тарау. Меншiк құқығы.
Табиғи ресурстарды пайдалану құқығы және өзге құқықтар
10-бап. Табиғи ресурстарды пайдалану құқығы
1. Табиғи ресурстарға меншiк түрi Қазақстан Республикасының Конституциясымен белгiленедi.
2. Меншiк иесiнiң өз құқығын жүзеге асыруы басқа тұлғалар мен мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзбауға, қоршаған орта мен азаматтардың денсаулығына нұқсан келтiрмеуге тиiс.
3. Меншiк иесiнiң өз құқығын жүзеге асырған кезде қоршаған орта мен азаматтардың денсаулығына нұқсан келтiрудiң алдын алатын шаралар қабылдауға мiндеттi.
4. Табиғи ресурстарға меншiк құқығын iске асыру экономикалық дамуды, қолайлы қоршаған орта мен әлеуметтiк әл-ауқаттылықты қоса алғанда, қазiргi және болашақ ұрпақтың мүддесi үшiн барынша пайданы қамтамасыз етудi мақсат тұтады.
11-бап. Өндiрiс пен тұтыну қалдықтарына меншiк құқығы
1. Қызметi нәтижесiнде өндiрiс пен тұтыну қалдықтары пайда болатын жеке және заңды тұлғалар олардың меншiк иелерi болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе қалдықтармен жұмыс iстеу талаптарын белгiлейтiн шарттарда өзгеше көзделмесе, қалдықтар пайда болған кезден бастап олармен қауiпсiз жұмыс iстеу үшiн жауапты болады.
2. Қалдықтарға меншiк құқығын басқа тұлға сату-сатып алу, айырбастау, сыйға беру шарты немесе қалдықтарды иелiктен шығару туралы өзге де мәмiле негiзiнде алуы мүмкiн.
3. Мемлекет мемлекеттiк меншiк объектiлерiнде пайда болатын немесе сот шешiмi бойынша коммуналдық не мемлекеттiк меншiкке түскен болып танылса, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген басқа да жағдайларда қалдықтардың меншiк иесi болып табылады. Республикалық меншiк болып табылатын қалдықтарды басқаруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
4. Қалдықтардың меншiк иесi қалдықтарды жинаудың орталықтандырылған жүйесiмен немесе қалдықтарды жинау, кәдеге асыру, орналастыру немесе жою жөнiндегi операцияларды орындайтын субъектiлердiң қызметiн пайдалануға тиiс не қызметтiң осы түрлерiне лицензиясы болуында қалдықтарды орналастыру мен жөнiндегi операцияларды дербес жүзеге асыруға мiндеттi.
12-бап. Иесiз қалдықтар
1. Меншiк иесi жоқ немесе меншiк иесi белгiсiз қалдықтар иесiз қалдықтар болып табылады.
2. Жер учаскелерiнде өздерiне тиесiлi емес қалдықтар табылған жер учаскелерiнiң меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылары оларды өз меншiгiне алуға құқылы, оларды қолдануға кiрiсуге не өзге де әрекеттерге, қалдықтарды өз меншiгiне айналдыру жөнiнде куәландыратын, кiрiсе алады.
Өзге шаруашылық қалдықтары, егер тұлғаның өтiнiшiмен қаралған соттың үкiмiмен иесiз қалдық болып танылса, сол жерге ие болған тұлғаның меншiгiне енедi.
3. Өзге жағдайларда иесiз қалдықтарды тапқан тұлға, бұл туралы жергiлiктi атқарушы органға хабарлауға мiндеттi. Иесiз қалдықтар табылған аймақтардағы жергiлiктi атқарушы орган (республикалық маңызды қалалар мен астаналар) бiр жыл өткен соң бұл қалдықтарды республикалық немесе коммуналды меншiк етiп тануы үшiн сотқа жүгiнуi қажет.
4. Жергiлiктi атқару органдары иесiз қалдықтармен айналысу жөнiндегi және олардың қоршаған ортаға және тұрғындар өмiрiне керi әсерiнiң алдын алу iс-шараларын өткiзудi ұйымдастырады.
5. Сот шешiмi бойынша республикалық меншiкке түстi деп танылмаған иесiз қалдықтар оларды қалдырған меншiк иесiнiң иелiгiне, пайдалануына және билiк етуiне қайта қабылдануы не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес иелiк мерзiмi бойынша меншiкке алуы мүмкiн.
6.Заңды тұлғалардың қайта жасау үшiн алған иесiз қалдықтары, қалдықтар болып қарастырылмайды.
13-бап. Қалдыққа меншiк құқығының ауысуы
1. Қалдықтар орналастырылған жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушысы өзгерген кезде қалдыққа меншiк құқығы туралы мәселе Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес шешiледi.
2. Мемлекеттiк меншiк объектiсi жекешелендiрiлген жағдайда, егер Қазақстан Республикасының жекешелендiру туралы заңнамасына сәйкес осы кәсiпорындарды жекешелендiру шарттарында басқаша көзделмесе, қалдыққа меншiк құқығы және адамдардың денсаулығына, жеке немесе заңды тұлғалардың мүлкiне және қоршаған ортаға зиянды өтеу мiндетi жаңа меншiк иесiне ауысады.
14-бап. Табиғат пайдалану ұғымы мен оның түрлерi
1. Адамның күнделiктi өмiрде, жеке, заңды тұлғалардың және өзге де ұйымдардың шаруашылық және өзге де қызметiнде табиғи ресурстарды пайдалануы және (немесе) қоршаған ортаға әсер етуiнiң барлық нысаны табиғат пайдалану болып табылады.
2. Табиғат пайдалану жалпы және арнайы болып бөлiнедi.
3. Табиғатты жалпы пайдалану тұрақты болып табылады және халықтың өмiрлiк қажеттi сұраныстарын қанағаттандыру үшiн шаруашылық пайда көрiлмей және табиғи ресурстарды пайдалануға берiлмей тегiн жүзеге асырылады. Егер ол заңнамалық актiлерде тiкелей көзделсе, табиғатты жалпы пайдалану шектеулерiнiң болуы мүмкiн.
4. Табиғатты арнайы пайдалану - осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актiсiнде белгiленген тәртiпте табиғи ресурстарды ақылы негiзде пайдалануды және (немесе) қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын жеке және/немесе заңды тұлғаның қызметi.
5. Табиғат пайдалану түрлерiне:
1) жердi пайдалану;
2) суды пайдалану;
3) орманды пайдалану;
4) жер қойнауын пайдалану;
5) жануарлар дүниесiн пайдалану;
6) өсiмдiктер дүниесiн пайдалану;
7) қоршаған ортаға эмиссиялар;
8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген өзге де табиғат пайдалану түрлерi жатады.
6. Табиғат пайдалану түрлерi бойынша табиғатты арнайы пайдалану құқығының пайда болу ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленедi.
7. Табиғатты арнайы пайдалану табиғат пайдаланудың бiр түрiне олардың бiрнеше түрiнiң жиынтығын қамтуы мүмкiн.
15-бап. Табиғат пайдаланушылар
1. Қазақстан Республикасының аумағында уақытша немесе тұрақты тұратын заңды және жеке тұлғалар табиғат пайдаланушылар болуы мүмкiн.
2. Табиғат пайдаланушылар:
тұрақты (табиғат пайдалану құқығы мерзiмi шектелмейтiн сипатта болады) және уақытша (табиғат пайдалану құқығы белгiлi бiр мерзiммен шектелген);
бастапқы (табиғат пайдалану құқығы мемлекеттен не басқа да бастапқы табиғат пайдаланушылардан сол құқықтан айыру немесе әмбебап құқық мұрагерлiгi тәртiбiмен алынған) және кейiнгi (табиғатты уақытша пайдалану құқығы бұл мәртебенi өзiнде сақтап қалатын бастапқы табиғат пайдаланушыдан шарт негiзiнде алынған) болуы мүмкiн.
3. Табиғат пайдаланушылар осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген талаптарды сақтауға мiндеттi.
16-бап. Табиғатты арнайы пайдалану құқығының туындау
негiздерi және оны жүзеге асыру шарттары
1. Табиғатты арнайы пайдалану құқығы:
1) табиғи ресурстарды пайдалануға және алуға және қоршаған ортаны қорғау саласында жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыруға лицензиялар мен рұқсаттар;
2) табиғи ресурстарды Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен табиғат пайдалануға беру туралы жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмдерi немесе Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмдерi;
3) заңнамалық актiлерде белгiленген тәртiппен жасалатын табиғат пайдалануға арналған шарт (келiсiм-шарт) негiзiнде туындайды.
2. Табиғатты арнайы пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген тәртiппен, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген бiр, екi не барлық актiлер негiзiнде туындауы мүмкiн.
3. Табиғатты арнайы пайдалану құқығын жүзеге асыру үшiн мiндеттi түрде экологиялық рұқсат алу қажет.
4. Табиғи ресурстарды пайдалану құқығы жеке, заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген мерзiмдерге берiледi.
5. Табиғи ресурстар пайдалануына берiлген жеке және (немесе) заңды тұлғалар, жер заңнамасында көзделген ерекше жағдайларды қоспағанда, табиғатты арнайы пайдалану құқығымен билiк ете алмайды.
6. Табиғатты арнайы пайдалану құқығы мемлекеттiң қауiпсiздiгiн және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келiсiмдерге сәйкес Қазақстан Республикасының заңына сәйкес не Yкiметiнiң шешiмiмен шектелуi немесе оған тыйым салынуы мүмкiн.
II бөлiм. Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы субъектiлердiң өкiлеттiгi
3-тарау. Жеке тұлғалардың, қоғамдық бiрлестiктердiң және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының құқықтары мен мiндеттерi
17-бап. Жеке тұлғалардың қоршаған ортаны қорғау
саласындағы құқықтары
1. Қазақстан Республикасының аумағындағы жеке тұлғалар:
1) мемлекет тарапынан қоршаған ортаның шаруашылық және өзге де қызметтiң зиянды әсерiнен қорғалуына;
2) қоршаған ортаның қолайсыз жай-күйiнен өмiрi мен денсаулығына қауiп туралы дәйектi ақпарат алуға;
3) экологиялық құқық бұзушылық салдарынан өз денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген моральдық және материалдық залалдың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өтелуiне;
4) қоршаған ортаны қорғау мен сауықтыру жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға;
5) қоршаған ортаны қорғайтын қоғамдық бiрлестiктер мен қорлар құруға;
6) Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгiленген тәртiпте, мемлекеттiк органдар қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешiмдер қабылдау процесiне қатысуға;
7) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi жиналыстарға, митингiлерге, пикеттерге, шерулер мен демонстрацияларға, референдумдарға қатысуға;
8) қоршаған ортаны қорғау мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға хаттар, шағымдар, арыздар мен ұсыныстар беруге және оларды қарауды талап етуге;
9) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардан уақтылы, толық және дәйектi экологиялық ақпарат алуға;
10) қоршаған ортаны қорғау мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлер жобаларын талқылауға оларды әзiрлеу сатысынан бастап қатысуға және әзiрлеушiлерге өз ескертулерiн ұсынуға;
11) қоршаған ортаға байланысты жоспарлар мен бағдарламаларды дайындау процесiне қатысуға;
12) қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот төрелiгiне қол жеткiзуге;
13) қоғамдық экологиялық сараптама өткiзу туралы ұсыныс жасап, оған қатысуға;
14) кәсiпорындарды, құрылыстар мен экологиялық жағынан зиянды өзге де объектiлердi орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру туралы, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың қоршаған орта мен адам денсаулығына терiс ықпал ететiн шаруашылық және өзге де қызметiн шектеу және тоқтату туралы шешiмдердiң әкiмшiлiк немесе сот тәртiбiмен күшiн жоюды талап етуге;
15) заңды және (немесе) жеке тұлғаларды жауапқа тарту туралы мәселелер қоюға, экологиялық заңнаманың бұзылуы салдарынан денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиянның өтелуi туралы сотқа талап беруге;
16) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өзге де құқықтарын iске асыруға құқығы бар.
18-бап. Қоғамдық бiрлестiктердiң қоршаған ортаны қорғау
саласындағы құқықтары
Қоғамдық бiрлестiктердiң қоршаған ортаны қорғау саласында өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде:
1) экологиялық бағдарламаларды әзiрлеуге және насихаттауға, азаматтардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауға, оларды ерiктi негiзде қоршаған ортаны қорғау саласында белсендi қызметке тартуға;
2) қоршаған ортаны қорғау мен сауықтыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен молықтыру жөнiндегi жұмыстарды орындауға, экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды қоршаған орта объектiлерiн қорғауға, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастыру мен олардың қызметiне қатысуға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгiленген тәртiпте, мемлекеттiк органдар қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешiмдер қабылдау процесіне қатысуға;
4) экологиялық тәрбие мен бiлiм беру жөнiндегi жұмыстарды, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылыми зерттеулердi орындауға;
5) қоғамдық экологиялық сараптамаға бастамашылық жасауға және оны ұйымдастыруға;
6) қоғамдық экологиялық бақылауды жүзеге асыруға;
7) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардан уақтылы, толық және дәйектi экологиялық ақпарат алуға;
8) қоршаған ортаны қорғау және халықтың денсаулығы саласында мемлекеттік органдармен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтасуға және ықпалдасуға, олармен келiсiмдер жасаса отырып, олар үшiн шарттар бойынша заңнамада көзделген белгiлi бiр жұмыстарды орындауға;
9) қоршаған ортаны қорғау мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлер жобаларын талқылауға оларды әзiрлеу сатысынан бастап қатысуға және әзiрлеушiлерге өз ескертулерiн ұсынуға;
10) қоршаған ортаға байланысты жоспарлар мен бағдарламаларды дайындау процесіне қатысуға;
11) қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот төрелiгiне қол жеткiзуге;
12) кәсiпорындарды, құрылыстар мен экологиялық жағынан зиянды өзге де объектiлердi орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру туралы, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың қоршаған орта мен адам денсаулығына терiс әсер ететiн шаруашылық және өзге де қызметiн шектеу, тоқтата тұру және тоқтату туралы шешiмдердiң әкiмшiлiк немесе сот тәртiбiмен күшiн жоюды талап етуге;
13) заңды және (немесе) жеке тұлғаларды жауапқа тарту туралы мәселелер қоюға, экологиялық заңнаманың бұзылуы салдарынан денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиянның өтелуi туралы сотқа талап беруге;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өзге де құқықтарын iске асыруға құқығы бар.
19-бап. Жеке тұлғалардың және қоғамдық бiрлестiктердiң
мiндеттерi
Жеке тұлғалар және қоғамдық бiрлестiктер:
1) қоршаған ортаны сақтауға, табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға;
2) табиғи ресурстарды тиiмдi пайдалануға, қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталған шараларды iске асыруға ықпал етуге;
3) экологиялық қауiпсiздiкке өздерiнiң кiнәсiнен туындауы мүмкiн қатерлердiң алдын алуға;
4) өзiнiң қызметiн экологиялық және қоғамдық бiрлестiктер туралы заңнамаларға сәйкес жүзеге асыруға мiндеттi.
20-бап. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының
қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану
саласындағы өкiлеттiктерi
Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалану саласындағы өкiлеттiктерiне:
1) елдi мекендердi көгалдандыру жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру;
2) елдi мекендердi санитарлық тазартуды қамтамасыз ету жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру;
3) өндiрiс және тұтыну қалдықтарын сақтау мен көму орындарын күтiп ұстау;
4) тиiстi мемлекеттiк органдарға экологиялық, тарихи және ғылыми құндылығы бар табиғи және басқа да объектiлердi заңмен қорғалатын тарихи немесе мәдени ескерткiштер деп жариялау туралы ұсыныстар енгiзу жатады.
4-тарау. Мемлекеттiк органдардың қоршаған ортаны қорғау және
табиғат пайдалану саласындағы реттеу мен бақылау саласындағы
құзыретi
21-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң құзыретi
Қазақстан Республикасының Yкiметi қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласында:
1) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану, климатты және Жердiң озон қабатын қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын, оны жүзеге асыру жөнiндегi стратегиялық шараларды әзiрлейдi;
2) қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;
3) мемлекеттiк экологиялық бағдарламаларды және табиғат пайдаланудың әртүрлi бағыттары бойынша, сондай-ақ климатты және Жердiң озон қабатын қорғау саласындағы бағдарламаларды әзiрлейдi;
4) мемлекеттiк меншiктi басқарады, оны пайдалану жөнiнде шараларды әзiрлейдi және жүзеге асырады;
5) заңнамалық актiлерде белгiленген жағдайларда табиғи ресурстарды пайдалануға беру туралы қаулылар қабылдайды, табиғат пайдалану шарттарын (келiсiм-шарттарын) жасасады;
6) табиғат пайдаланудың әр алуан түрлерi бойынша тұжырымдамаларды бекiтедi;
7) Су және ауа бассейнi сапасының мақсатты көрсеткiштерi бағдарламаларын бекiтедi;
8) ерекше экологиялық, ғылыми және мәдени маңызы бар, ерекше қорғауға жататын объектiлердiң тiзбесiн белгiлейдi;
9) қалдықтарды әкелу, әкету және транзиттеу тәртiбiн белгiлейдi;
10) халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
11) табиғи ресурстардың әрбiр түрiнiң мемлекеттiк есебi мен мемлекеттiк кадастрларын және мемлекеттiк мониторингiн жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi;
12) аса маңызды және стратегиялық табиғи ресурстардың, сондай-ақ оларды пайдалану объектiлерiнiң тiзбесiн бекiтедi;
13) қорғаныш аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу ережесiн бекiтедi;
14) шетел мемлекеттерiнiң аумағындағы және Қазақстан Республикасының мүдделерiн қозғайтын объектiлер мен кешендерге халықаралық мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу қажет болған кезде сол мемлекеттермен экологиялық сараптама саласында ықпалдасу мәселелерiн шешедi;
15) сот шешiмiмен республикалық меншiкке түстi деп танылған иесiз қалдықтарды басқару тәртiбiн белгiлейді;
16) ең үздiк қолжетiмдi технологиялар тiзбесiн бекiтедi;
17) кешендi экологиялық рұқсаттар беру тәртiбiн және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат орнына кешендi экологиялық рұқсат алу қажет болатын өнеркәсiптiк объектiлер үлгiлерiнiң тiзбесiн бекiтедi;
18) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi жобалардың ашық конкурстарын өткiзу тәртiбiн белгiлейдi;
19) лицензияланатын қызмет түрлерiне қойылатын бiлiктiлiк талаптарын бекiтедi;
20) қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткiштерiн белгiлеудiң тәртiбi мен өлшемдерiн айқындайды;
21) эмиссиялар нормативтерi белгiленетiн және қоршаған ортаға эмиссия үшiн ақы алынатын ластаушы заттар мен қалдық түрлерiнiң тiзбесiн бекiтедi;
22) қоршаған ортаға эмиссияларды қысқартуға арналған квоталар мен мiндеттемелер сатудың тәртiбiн және басқарудың нарықтық тетiктерiн бекiтедi;
23) ластану учаскелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзудiң тәртiбiн бекiтедi;
24) аумақты төтенше экологиялық жағдай аймағы деп жариялайды және төтенше экологиялық жағдай аймағының құқықтық режимiнiң қолданысын тоқтату туралы шешiм қабылдайды;
25) парник газдарды және озон қабатын бұзатын заттарды атмосфераға шығаруды шектеудiң, тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың тәртiбiн, сондай-ақ озон қабатын бұзатын заттарды өндiрудiң, импорттаудың және тұтынудың тәртiбiн белгiлейдi;
26) парник газдарды атмосфераға шығаруды және озон қабатын бұзатын заттарды тұтынуды мемлекеттiк есепке алудың тәртiбiн белгiлейдi, климаттың өзгеруi мен Жердiң озон қабатының жай-күйiнiң мемлекеттiк мониторингiн ұйымдастырады;
27) өндiрiлген өнiмдi экологиялық таңбалау стандарттарын тiркеудiң тәртiбiн бекiтедi.
22-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi
органның құзыретi
Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органы:
1) бiрыңғай мемлекеттiк экологиялық саясатты, сондай-ақ климатты және Жердiң озон қабатын қорғау саласындағы саясатты жүргiзедi және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бағдарламалардың орындалуын ұйымдастырады;
2) орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қоршаған орта объектiлерiн қорғау функцияларын жүзеге асыруға қатысты қызметiн үйлестiредi;
3) өз құзыретi шегiнде шаруашылық және өзге де қызмет бойынша экологиялық нормативтер мен экологиялық талаптарды бекiтедi немесе келiседі;
4) экологиялық рұқсаттар бередi;
5) өз құзыретi шегiнде табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы шарттарды (келiсiм-шарттарды) келiсiп алады;
6) экологиялық рұқсаттарда ластаушы заттар эмиссиялардың лимиттерiн белгiлейдi;
7) экология мәселелерi жөнiндегi ғылыми зерттеулердi үйлестiредi;
8) Су және ауа бассейнi сапасының мақсатты көрсеткiштерi бағдарламаларын әзiрлейдi;
9) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк экологиялық сараптаманы жүргiзедi, сондай-ақ Қазақстан Республикасында экологиялық сараптаманы жүзеге асыру жөнiндегi барлық қызметтi үйлестiрудi орындайды;
10) бағыныстылығына және меншiк нысанына қарамастан, экологиялық сараптама жүргiзу мәселелері бойынша әдiстемелiк басшылықты жүзеге асырады;
11) халықты экологиялық сараптаманың қорытындылары туралы дәйектi ақпаратпен қамтамасыз ету жөнiндегi жұмысты жүзеге асырады;
12) мемлекеттiк экологиялық сараптаманы жүргiзу тәртiбiн қоса алғанда, қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргiзу және мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу жөнiндегi нұсқаулық-әдiстемелiк құжаттарды әзiрлейдi және бекiтедi;
13) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы бұзылған жағдайда мемлекеттiк экологиялық сараптама қорытындысын керi қайтарып алу және оның күшiн жою құқығымен жергiлiктi атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларының мемлекеттiк экологиялық сараптаманы ұйымдастыру және жүргiзу қызметiн бақылауды жүзеге асырады;
14) жергiлiктi атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларының экологиялық сараптама саласындағы қызметiне бақылауды жүзеге асыру ережесiн бекiтедi;
15) мемлекеттiк экологиялық сараптама қорытындысы бланкiсiнiң үлгiсiн бекiтедi;
16) белгiленген тәртiппен экологиялық аудиторлық қызметке, табиғат қорғауды жобалауға, нормалауға және экологиялық сараптама саласындағы жұмыстарға лицензиялар бередi;
17) мiндеттi экологиялық аудит жүргiзу туралы шешiм қабылдайды;
18) экологиялық аудиторларды аттестаттау жөнiндегi білiктілік комиссиясын құрады және оның жұмыс тәртiбiн бекiтедi;
19) қоршаған ортаның мемлекеттiк мониторингi жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады, сондай-ақ қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiрыңғай жүйесiн үйлестiрудi жүзеге асырады;
20) қалдықтар жiктелiмiн бекiтедi және өндiрiс пен тұтыну қалдықтарының мемлекеттiк кадастрын жүргiзудi ұйымдастырады;
21) мемлекеттiк экологиялық бақылауды жүзеге асырады;
22) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды ұйымдастыру мен жүргiзуге қатысты құжаттардың нысандарын әзiрлеп, бекiтедi;
22) өндiрiс пен тұтыну қалдықтарының кадастрын жүргiзедi;
23) су объектiлерiн тиiмдi пайдалану мен қорғау жоспарларын келiсуге, бассейндiк келiсiмдердi дайындауға, су объектiлерiн пайдалану, молықтыру және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк (өңiрлiк және бассейндiк) бағдарламалар үшiн ережелер әзiрлеуге, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде су ресурстарын басқарудың бассейндік принципiн iске асыруға қатысады;
24) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi жергiлiктi маңызы бар бағдарламаларды және iс-шаралар жоспарларын келiседi;
25) мемлекеттiк экологиялық бақылау органдары жүйесiндегi зертханалық-талдау бақылауы қызметтерiнiң қызметiн жетiлдiредi;
26 қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
27) қоршаған ортаны қорғау саласындағы келiсiмдердi (меморандумдарды, декларацияларды) жасасады;
28) табиғат пайдалану шарттарын қоршаған ортаға эмиссияға берiлетiн рұқсатқа енгiзу жөнiндегi ережелердi, экологиялық рұқсаттар беру мәселелерi бойынша құжаттардың нысандарын бекiтедi;
29) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралардың үлгiлiк тiзбесiн бекiтедi;
30) қоршаған ортаны қорғау саласындағы экономикалық есеп пен есептiлiктiң нысандары мен мерзiмдерiн белгiлейдi;
31) өндiрiстiк экологиялық бақылау бағдарламаларын келiсу тәртiбiн бекiтедi;
32) қоршаған ортаға эмиссия үшiн ақы төлеудiң базалық ставкаларын және есептеу әдiстемесiн бекiтедi;
33) климатты және Жердiң озон қабатын қорғау мақсатында парник газдар шығаруға және озон қабатын бұзатын заттарды тұтынуға берiлетiн шектi нормативтердi (квоталарды) әзiрлеу мен бекiтудiң тәртiбiн белгiлейдi;
34) климаттың өзгеруi мен Жердiң озон қабатының жай-күйiнiң мемлекеттiк мониторингiн жүргiзедi және оны жүргiзудi қамтамасыз етедi;
35) көздерден антропогендiк шығарулар және барлық парник газдарды жұтушылар абсорбциялары, сондай-ақ озон қабатын бұзатын заттарды тұтыну кадастрларын жүргiзудi ұйымдастырады;
36) өз құзыретi шегiнде жеке және заңды тұлғалардың климатты және Жердiң озон қабатын қорғау саласындағы қызметiн үйлестiрудi жүзеге асырады;
37) қоршаған ортаны ластау учаскелерiн мемлекеттiк есепке алуды жүргiзедi;
38) зиянды заттарды, радиоактивтi қалдықтарды көмудiң және ағынды суларды жер қойнауына тастаудың мемлекеттiк кадастрын жүргiзудi ұйымдастырады;
39) мемлекеттiк меншiк болып табылатын қалдықтарды басқаруды жүзеге асырады;
40) Ең үздiк қол жетiмдi технологиялар тiзiлiмiн ұйымдастыру.
23-бап. Арнаулы уәкiлеттi органдардың құзыретi
1. Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы реттеу мен басқаруды жүзеге асыратын арнаулы уәкiлеттi мемлекеттiк органдар:
1) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкiлеттi орган;
2) жер ресурстарын басқару жөнiндегi уәкiлеттi орган;
3) орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi орган;
4) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi орган;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi орган;
6) жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган;
7) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган;
8) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган;
9) ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган;
10) өсiмдiктердi қорғау мен олардың карантинi саласындағы уәкiлеттi орган;
11) атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкiлеттi орган болып табылады.
2. Арнаулы уәкiлеттi органдардың құзыретi жер, су және орман заңнамаларында, сондай-ақ жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану, мұнай туралы, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамаларда, азаматтардың денсаулығын сақтау және санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар, ветеринария, өсiмдiктердi қорғау мен олардың карантинi, атом энергиясын пайдалану және радиациялық қауiпсiздiк саласындағы заңнамаларда белгiленедi.
24-бап. Жергiлiктi өкiлдi органдардың қоршаған ортаны
қорғау саласындағы құзыретi
Жергiлiктi өкiлдi органдар қоршаған ортаны қорғау саласында:
1) тиiстi аумақтардағы қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалану жөнiндегi бағдарламаларды, сондай-ақ жергiлiктi бюджеттер құрамындағы қоршаған ортаны қорғау мен сауықтыру жөнiндегi шығыстарды iс-шараларды қаржыландырудың қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiлген көлемде бекiтедi;
2) өз құзiретi шегiнде қалдықтарды басқару жөнiндегi бағдарламаларды бекiту;
3) жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдар басшыларының қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдаланудың жай-күйi туралы есептерiн тыңдайды;
4) өз құзыретi шегiнде қоршаған ортаны сауықтыру, табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру және тиiмдi пайдалану, экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды қоршаған орта объектiлерiн қорғау мәселелерi бойынша оларды бұзғаны үшiн әкiмшiлiк жауапкершiлiк көзделген мiндеттi табиғат пайдалану ережелерiн қабылдайды;
5) коммуналдық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануға беру мен алып қою тәртiбiн белгiлейдi;
6) қоршаған ортаға эмиссиялау үшiн төлем ставкаларын оларды белгiлеу тәртiбi осы Кодекстiң 93-бабында көзделген базалық ставкалардан кем болмайтындай етiп белгiлейдi.
25-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың қоршаған ортаны
қорғау саласындағы құзыретi
Жергiлiктi атқарушы органдар қоршаған ортаны қорғау саласында:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiлген қоршаған ортаны қорғау мен сауықтыру жөнiндегi iс-шаралар және олардың тиiстi аумақтарда iске асырылуы көзделетiн қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану жөнiндегi бағдарламалар мен өзге де құжаттар әзiрлеудi ұйымдастырады;
2) мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардың терiс қорытындысы бар кәсiпорындарды, құрылыстар мен өзге де объектiлердi салуға және қайта жаңартуға тыйым салу туралы қорытындылар әзiрлейдi, экологиялық талаптар бұзылған жағдайда шаруашылық және өзге де қызмет жүргiзудi тоқтата тұрады және тиiстi шаралар қолданады;
3) өз құзыретi шегiнде облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) шаруашылық қызмет субъектiлерiне мемлекеттiк экологиялық сараптама ұйымдастырады және жүргiзедi;
4) мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу кезiнде қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырады;
5) экологиялық сараптама саласында құжаттар әзiрлеу жөнiнде ұсыныстар енгiзедi және мұндай құжаттардың бастамашылық жобаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органның қарауына бередi;
6) экологиялық сараптама саласында жұмыстарды жүзеге асыруға лицензиясы бар штаттан тыс сарапшыларды (жеке және заңды тұлғаларды) сараптамалық жұмыс жүргiзуге тартады;
7) ерекше экологиялық, ғылыми және мәдени құндылығы бар қоршаған орта объектiлерiн қорғау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастыру туралы шешiмдер қабылдайды немесе жоғары тұрған органдарға ұсыныстар енгiзедi;
8) өндiрiс пен тұтыну қалдықтарының пайда болуы, оларды пайдалану мен орналастыру саласында мақсатты көрсеткiштер белгiлейдi;
9) қалдықтарды басқару жөнiнде бағдарламалар әзiрлеудi ұйымдастырады және олардың орындалуын қамтамасыз етедi;
10) өндiрiс пен тұтыну қалдықтарын орналастыру жөнiндегi объектiлердi салуға жер учаскелерiн бөледi;
11) қалдықтарды жою және орналастыру жөнiндегi объектiлердi салуды қамтамасыз етедi;
12) елдi мекендер аумақтарынан қалдықтардың толық және уақтылы жинап алуды және оларды жоюдың немесе орналастырудың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi;
13) қалдықтардың пайда болу көлемдерін бақылауды жүзеге асырады және қалдықтардың пайда болу көлемдерiн азайтуға және оларды қайтадан немесе баламалы түрде пайдалану деңгейiн арттыруға және көмiлуге тиiс қалдықтар көлемiн қысқартуға бағытталған iс-шаралар мен экономикалық ынталандырулар әзiрлейдi;
14) коммуналдық меншiктегi шаруашылық құрылыстарын басқарады, оларды қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
15) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органдармен келiсiм бойынша қорғаныш аймақтарын, белдеулерiн белгiлейдi;
16) табиғат объектiлерiн уәкiлеттi органдармен келiсiм бойынша жеке және бiрлесiп пайдалануға бередi;
17) қоршаған ортаның жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындар мен басқа да құрылыстарды орналастыру мен пайдалануға енгiзудi, сондай-ақ табиғат объектiлерiнде, қорғаныш аймақтары мен белдеулерiнде құрылыс және басқа да жұмыстар жүргiзу жағдайларын келiседi;
18) халықты тиiстi аумақта тұрған табиғат объектiлерiнiң жай-күйi туралы хабардар етудi жүзеге асырады;
19) қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзудiң мемлекеттiк тiркелуiн жүзеге асырады;
20) қоршаған ортаны қорғау саласындағы инвестициялық жобаларды әзiрлейдi және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға ұсынады.
Айрықша бөлiм
III бөлiм. Экологиялық нормалау, қоршаған ортаға әсердi
бағалау, экологиялық сараптама, экологиялық рұқсат
5-тарау. Экологиялық нормалау
26-бап. Экологиялық нормалаудың мақсаты
1. Экологиялық нормалаудың мақсаты шаруашылық қызметтiң тұрақты дамуы жағдайында халықтың экологиялық қауiпсiздiгiн, экологиялық жүйелердi, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiнiң тектiк қорын сақтауды қамтамасыз ететiн қоршаған ортаның жол беруге болатын сапасын және оған жол беруге болатын әсердi белгiлеу болып табылады.
2. Экологиялық нормалау процесiнде қоршаған орта сапасының нормативтерi, эмиссиялар нормативтерi және табиғи ресурстарды пайдалану мен қорғау саласындағы нормативтер белгiленедi.
27-бап. Қоршаған орта сапасының нормативтерi және
оларды белгiлеу тәртiбi
1. Қоршаған орта сапасының нормативтерi - қоршаған ортаның халықтың өмiрi мен денсаулығына, экологиялық жүйелердi, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiнiң тектік қорын сақтауға қолайлы жай-күйiн, сондай-ақ табиғи ресурстардың оларды қазiргi және болашақ ұрпақтардың мүддесiнде ұтымды пайдалануға қажеттi жай-күйiн сипаттайтын көрсеткiштер.
2. Қоршаған орта сапасының нормативтерiне:
1) қоршаған орта жай-күйiнiң химиялық көрсеткiштерiне сәйкес белгiленген нормативтерi, оның iшiнде жол беруге болатын шектi шоғырлану, радиоактивтi заттарды қоса алғанда, химиялық заттардың қауiпсiз деңгей шамалары нормативтерi;
2) қоршаған орта жай-күйiнiң физикалық көрсеткiштерiне сәйкес белгiленген, оның iшiнде шудың, тербелiстiң, магнит өрiстерiнiң, радиоактивтiлiктiң, жылудың және өзге де физикалық әсерлердiң жол беруге болатын шектi деңгейiнiң нормативтерi;
3) қоршаған орта жай-күйiнiң биологиялық көрсеткiштерiне сәйкес белгiленген, оның iшiнде қоршаған орта сапасының индикаторлары ретiнде пайдаланылатын өсiмдiктердiң, жануарлардың, басқа да организмдердiң түрлерi мен топтарының нормативтерi, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық ережелермен және нормалармен, гигиеналық нормативтермен регламенттелетiн, микроорганизмдердiң жол беруге болатын шектi шоғырлану нормативтерi:
топырақ бонитетi, қарашiрiндiнiң құрамы, топырақтың су және жел эрозиясына ұшырау, олардың батпақтану, сортаңдану, тұздану көрсеткiштерi және жерлердiң басқа да топырақтық сипаттамалары;
аумақтың ормандылығы және онда орман өсiру, орманның қоқыстануы, зиянкестердiң саны мен аурулардың таралуы, орман қорының жекелеген учаскелерiнiң басқа да сандық және сапалық көрсеткiштерi;
су ресурстары сапасының ауыз суға және өзге де мақсаттарға пайдалануға арналған нормативтерi;
табиғи ресурстар жай-күйiнiң Қазақстан Республикасының табиғи ресурстарды пайдалану жөнiндегi заңнамасында көзделген өзге де нормативтерi;
4) қоршаған орта сапасының Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де нормативтерi жатады.
3. Санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық саласындағы уәкiлеттi орган жол беруге шектi шоғырлану нормативтерiн белгiлеу мақсатында зиянды заттарды қауiптiлiк дәрежесiне қарай жiктеудi қамтитын, ықтимал қауiптi химиялық заттарды мемлекеттiк тiркеудi жүргiзедi. Мемлекеттiк тiркеуден өткен химиялық заттарды Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға жол берiледi.
4. Жол беруге шектi шоғырлану және заттарды қауiптiлiк дәрежесiне қарай шамамен белгiлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңнамасында және жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы заңнамасында, жер заңнамасында айқындалады.
5. Табиғи ресурстар жай-күйiнiң нормативтерi заңнамаға сәйкес табиғи ресурстардың әрбiр түрi бойынша белгiленедi.
28-бап. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерi
1. Жекелеген өңiрлер мен аумақтар үшiн қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткiштерi белгiленуi мүмкiн.
2. Қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткiштерi қоршаған орта сапасын жүйелi түрде жақсарту қажеттiлiгi ескерiле отырып, белгiлi бiр уақыт кезеңiнде қоршаған ортаның нормаланатын өлшемдерiнiң шектi деңгейiн реттейдi.
3. Қоршаған орта сапасының әртүрлi мақсатты көрсеткiштерi:
1) селитебтiк аймақтар үшiн;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшiн;
3) рекреациялық аймақтар үшiн;
4) өндiрiстiк аймақтар үшiн;
5) пайдаланудың әртүрлi нысанындағы су объектiлерi үшiн белгiленуi мүмкін.
4. Қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткiштерi облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) атқарушы органдары әзiрлейтiн және өңiрлiк деңгейде - жергiлiктi өкiлдi органдар, өңiраралық деңгейде және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi тиiстi өңiрлiк бағдарламалармен белгiленедi.
5. Қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткiштерiн белгiлеу мыналарды:
1) Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қоршаған орта сапасының нормативтерiне кезең-кезеңмен қол жеткiзiлуiн;
2) экологиялық қауiпсiздiктi және халық денсаулығы үшiн тәуекелдердiң азайтылуын;
3) әлеуметтiк-экономикалық жағдайлар ескерiле отырып, қоршаған орта сапасын нормалауды, Қазақстан Республикасының және оның өңiрлерiнiң экономикалық дамуының жоспарлары мен бағдарламаларын, сондай-ақ экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, экожүйенi, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiнiң тектік қорын сақтау қажеттiгiн қамтамасыз етуге тиiс.
6. Қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткiштерiн белгiлеу тәртiбi мен өлшемдерiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
29-бап. Эмиссиялар нормативтерi
1. Эмиссиялар нормативтерiне:
1) эмиссиялардың техникалық үлестiк нормативтерi;
2) заттардың жол беруге болатын шектi шығарылу және тасталу нормативтерi;
3) өндiрiс пен тұтыну құқықтарымен жұмыс iстеу нормативтерi;
4) жол беруге болатын физикалық әсер (жылудың, шудың, тербелiстiң, иондайтын сәулелердiң, және өзге де физикалық әсерлердiң саны) нормативтерi жатады.
3. Эмиссиялар нормативтерi аумақтың және акваторияның табиғи ерекшелiктерiн ескере отырып, қоршаған орта сапасы нормативтерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге тиiс және ол жол беруге болатын шектi шоғырлану және қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткiштерi негiзiнде есептеледi.
4. Эмиссиялар нормативтерi тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн ластаушы заттар мен қалдықтар түрлерi үшiн белгiленедi.
5. Эмиссиялар нормативтерiнiң шамасы шаруашылық және өзге де қызметтiң қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына терiс әсерiн азайту мақсатында экологиялық рұқсаттар беру мен қажеттi техникалық iс-шаралар бойынша басқару шешiмдерiн қабылдауға негiз болып табылады.
30-бап. Эмиссиялардың техникалық үлестiк нормативтерi
1. Эмиссиялардың техникалық үлестiк нормативтерi өнеркәсiптiң нақты процестерi мен салалары үшiн барынша озық қолжетiмдi технологиялар енгiзу негiзiнде белгiленедi.
2. Эмиссиялардың техникалық үлестiк нормативтерi Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгiленген тәртiппен әзiрленедi және қоршаған ортаны қорғау саласындағы кешендi рұқсаттың негiзi болып табылады.
31-бап. Заттардың жол беруге болатын шектi шығарылу
және тасталу нормативтерi
1. Заттардың жол беруге болатын шектi шығарылу және тасталу нормативтерi - қоршаған орта сапасының нормативтерiне қол жеткiзу шартымен әрбiр шығарынды көзiне және тұтас кәсiпорынға есептеулер негiзiнде белгiленетiн эмиссиялар шамасы.
2. Жол беруге болатын шектi шығарылу және жол беруге болатын шектi тасталу нормативтерi эмиссияға арналған рұқсат жүйесiнде, нормативтердiң есептелген мәндерiн, кәсiпорындардың жол беруге болатын шектi шығарылу және жол беруге болатын шектi тасталу нормативтерi деңгейiне қол жеткiзу жоспар-кестелерiн, көшпелi және стационарлық шығарынды көздерiн үшiн белгiленген үлестiк шығарындылар нормативтерiн, технологиялық процестер мен құрал-жабдықтарды қамтитын жобалар құрамында пайдаланылады. Белгiленген жол беруге болатын шектi шығарылу және жол беруге болатын шектi тасталудың қолданылу мерзiмi нормативтерi бар жобаларға берiлген мемлекеттiк экологиялық сараптама қорытындыларының қолданылу мерзiмiмен белгiленедi.
32-бап. Эмиссиялар нормативтерiн белгiлеу тәртiбi
1. Эмиссиялар нормативтерiнiң жобалары шаруашылық және өзге де қызметтiң қоршаған ортаға әсерiн бағалау құрамында не жеке құжат түрiнде негiзделедi.
2. Эмиссиялар нормативтерiн әзiрлеудi осы жұмысты жүргiзу құқығына лицензиясы бар кәсiпорындар мен ұйымдар жүзеге асырады.
3. Жекелеген көздер бойынша эмиссиялар нормативтерi эмиссияның техникалық үлес нормативтерiне теңестiрiлiп белгiленедi не қоршаған орта сапасының көрсеткiштерi негiзiнде есептеу арқылы айқындалады.
4. Эмиссиялар нормативтерiн есептеулер арқылы айқындай әдiстемесiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.
5. Эмиссиялар нормативтерiн белгiлеу кезiнде қоршаған ортаның қазiргi бар ластануы ескерiледi. Қазақстан Республикасының гидрометеорологиялық қызметi жобаның тапсырысшысымен немесе жобалау ұйымымен арадағы шарт бойынша аялық шоғырлану жөнiндегi деректердi бередi.
6. Көшпелi көздерден эмиссиялар нормативтерi көшпелi көздерге арналған техникалық регламенттер мен стандарттарда техникалық реттеу жөнiндегi заңнамаға сәйкес, шығарынды газдарда атмосфералық ауаны негiзiнен ластайтын заттардың шектi шоғырлануы түрiнде белгiленедi.
33-бап. Табиғи ресурстарды пайдалану мен қорғау
саласындағы өзге де нормативтер
1. Табиғи ресурстарды қорғау мен молықтыру мақсатында табиғи ресурстарды пайдалану мен қорғау саласындағы нормативтер белгiленедi.
2. Табиғи ресурстарды пайдалану мен қорғау саласындағы нормативтер және оларды белгiлеу тәртiбi жер қойнауы туралы заңнамамен, жер, cу, орман заңнамаларымен, жануарлар дүниесiн қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы заңнамамен айқындалады.
34-бап. Табиғат қорғауды жобалау мен нормалау жөнiндегi
қызметтi лицензиялау
1. Табиғат қорғауды жобалау мен нормалау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға үмiткер заңды және жеке тұлғалар табиғат қорғауды жобалау, нормалау жөнiндегi қызметке және экологиялық сараптама саласындағы жұмыстарға лицензия алуға мiндеттi.
2. Табиғат қорғауды жобалау, нормалау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға және экологиялық сараптама саласындағы жұмыстарға лицензиялар берудi қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
3. Табиғат қорғауды жобалау мен нормалау қызметiн жүзеге асыруға қойылатын бiлiктiлiк талаптарды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
6-тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық реттеу
35-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы сәйкестiктi
растау объектiлерi мен оның рәсiмi
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы сәйкестiктi растау объектiлерi мен оның рәсiмi экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде, шарттардың стандарттары мен талаптарында белгiленедi.
36-бап. Экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
мақсатында сәйкестiктi растауға арналған ерiктi
және мiндеттi стандарттар
1. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарын қамтамасыз ету жөнiндегi стандарттар мiндеттi (үйлестiрiлген стандарттар) және ерiктi болуы мүмкiн. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы сәйкестiктi растауға арналған стандарттарды таңдау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мiндеттi сертификаттауға жататын өнiмдi (жұмыстарды, қызметтердi) сәйкестiк сертификатынсыз өткiзуге тыйым салынады.
37-бап. Экологиялық таңбалау
1. Экологиялық таңбалаудың мiндеттерi:
1) тұтынушыларды қоршаған ортаға қауiптi өнiмдердi сатып алудан (пайдаланудан) қорғау;
2) өнiмдердiң барлық түрлерiн өндiру, пайдалану және жою (кәдеге жарату, қайта өңдеу) кезiнде қоршаған ортаның ластануын болдырмау;
3) жабдықтардың, технологиялық процестердiң, өндiрiстердiң және өнiмдердiң экологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
4) экологиялық қауiпсiз технологиялық процестердi, жабдықтарды және өндiрiстердi енгiзу;
5) елге экологиялық қауiптi өнiмдер мен технологиялардың әкелiнуiн болдырмау;
6) отандық өнiмнiң экспортталуына септiгiн тигiзу және бәсекеге қабiлеттiгiн арттыру болып табылады.
2. Қоршаған ортаға, халықтың денсаулығына және биологиялық ресурстарға зиянды әсер етуi ықтимал өнiм экологиялық таңбалаудың объектiсi болып табылады. Экологиялық таңбалаудың объектiсi өнiм өндiру процесi мен қолданылатын технологияларды қамтиды.
3. Өндiрушiлер өз өнiмiн сәйкестiгi расталғаннан кейiн экологиялық таза өнiм белгiсiмен ерiктi негiзде таңбалайды. Өнiмдi экологиялық таңбалауды тиiстi саладағы тәуелсiз орган (қауымдастық, одақ) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында көзделген тәртiппен жүзеге асырады.
4. Экологиялық таза өнiм стандарттарды, экологиялық таза өнiм белгiсiнiң нысанын және оған қойылатын техникалық талаптарды тәуелсiз орган белгiлейдi.
38-бап. Техникалық реттеу жөнiндегi сараптамалық кеңес
1. Техникалық реттеу жөнiндегi сараптамалық кеңес техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлейдi, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы сәйкестiктi растауға арналған нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу және оларды қолдану жөнiндегi ұсыныстарды қарайды.
2. Техникалық реттеу саласындағы сараптамалық кеңестiң құрамы мен ол туралы ереженi қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.
39-бап. Халықаралық стандарттарды енгiзу
1. Қазақстан Республикасы табиғат пайдаланушыларының қоршаған ортаны қорғауды басқарудың халықаралық стандарттарын енгiзуi:
1) халықаралық стандарттар туралы ақпарат тарату;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен халықаралық стандарттармен сертификатталған табиғат пайдаланушыларға мемлекеттiк инспекциялардың келу жиiлiгiн қысқарту жолымен ынталандырылады.
2. Халықаралық стандарттарды енгiзудi ынталандыру шаралары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
7-тарау. Қоршаған ортаға әсердi бағалау
40-бап. Қоршаған ортаға әсердi бағалау ұғымы және оның
құқықтық негiзi
1. Қоршаған ортаға әсердi бағалау - өзiнiң шеңберiнде шаруашылық және өзге де қызметтiң қоршаған ортаға ықтимал салдарлары бағаланатын, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарын ескере отырып, қолайсыз әсерлердiң (табиғи экологиялық жүйелер мен табиғи ресурстардың жойылуының, тозуға ұшырауының, бүлiнуi мен сарқылуының) алдын алу жөнiндегi, қоршаған ортаны сауықтыру жөнiндегi iс-шаралар әзiрленетiн рәсiм.
2. Қоршаған ортаға әсердi бағалау жүргiзудiң құқықтық негiзiн осы Кодекс, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерi және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар құрайды.
41-бап. Қоршаған ортаға әсердi бағалау мiндеттiлiгi
1. Қоршаған ортаға әсердi бағалау қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына тiкелей немесе жанама әсер ете алатын кез келген шаруашылық және өзге де қызмет түрi үшiн, аталған қызмет субъектiлерi меншiгiнiң ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, мiндеттi болып табылады.
2. Қоршаған ортаға жасалатын әсер бағаланбайынша, оған ықпал жасайтын жобаларды әзiрлеу мен iске асыруға тыйым салынады. Әсердi бағалау нәтижелерi жоспарлау алдындағы, жоспар құжаттамасының, жобалау алдындағы және жоба құжаттамасының ажырамас бөлiгi болып табылады.
3. Жобаланып отырған объектiлердiң сондай-ақ жұмыс iстеп тұрған объектiлердiң перспективалық жұмысы осы Кодекстiң талаптарына сәйкес қоршаған ортаға әсердi бағалауға жатады.
4. Белгiленiп отырған шаруашылық қызметтiң бастамашылары мен әзiрлеушiлерi оның қоршаған ортаға әсерiне жүргiзiлген бағалау нәтижелерiн ескеруге және қоршаған орта мен адам денсаулығына неғұрлым аз зиян келтiретiн нұсқалар мен баламалар қабылдауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
42-бап. Қоршаған ортаға әсердi бағалаудың кезеңдiлiгi
1. Белгiленiп отырған шаруашылық және өзге де қызметтiң қоршаған ортаға әсерiн бағалау Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген қала құрылысының және құрылыс жобалаудың кезеңдiлiгiн ескере отырып, кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
2. Қоршаған ортаға әсердi бағалау мынадай кезеңдердi қамтиды:
1-кезең. Аумақты шолу (қоршаған ортаның жай-күйiн шолу), ол объектiнi орналастыруға арналған учаскенi оңтайлы таңдауды негiздеу үшiн орындалады;
2-кезең. Әсердi алдын ала бағалау, инвестицияларға iлеспе негiздеме (жобаның техникалық-экономикалық негiздемесi);
3-кезең. Қоршаған ортаға әсердi бағалау, ол жобаны iске асырудың немесе шаруашылық қызметтi одан әрi жүзеге асырудың ықтимал әсерлерiн толық және кешендi талдау, баламаларын негiздеу және қоршаған ортаны басқару жоспарларын (бағдарламаларын) әзiрлеу мақсатында орындалады;
4-кезең. Жұмысшы жоба құрамындағы "Қоршаған ортаны қорғау" бөлiмi, ол қоршаған ортаға қолайсыз әсерлердiң алдын алу жөнiндегi техникалық шешiмдердi қамтиды;
5-кезең. Жобалаудан кейiнгi талдау, ол шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асыра бастаудан бiр жыл кейiн объектiнiң қоршаған ортаға қауiпсiздiгiн растау және табиғат қорғау iс-шараларына түзету енгiзу үшiн жүзеге асырылады.
3. Қоршаған ортаға әсердi бағалаудың 3-кезеңiнде осы Кодекстiң 5-тарауына сәйкес қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерi әзiрленедi.
43-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргiзу тәртiбi
1. Қоршаған ортаға әсердi бағалауды экологиялық аудит, экологиялық жобалау, нормалау саласында және экологиялық сараптама саласындағы жұмыстарға лицензия алған заңды және жеке тұлғалар жүзеге асырады.
2. ҚОӘБ жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру мен қаржыландыруды жоспарланып отырған қызметтiң тапсырысшысы (бастамашы) қамтамасыз етедi.
3. Қоршаған ортаға әсердi бағалау әзiрленiмiн жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар тапсырысшы алдында қоршаған ортаға әсердi бағалау жүргiзуден алынған нәтижелердiң дәйектiлiгi, толықтығы мен сапасы үшiн жауапты болады.
4. Қоршаған ортаға әсердi бағалау рәсiмiн орындау кезiнде заңнама талаптарының сақталуын бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
44-бап. Қоршаған ортаға әсердi бағалау процесiнде
есепке алынуға тиiс әсерлер сипаты
1. Қоршаған ортаға әсердi бағалау процесiнде:
1) тiкелей әсер - объектiнi орналастыру ауданында жоспарланып отырған негiзгi және iлеспе қызмет түрлерiнiң тiкелей тигiзетiн әсерi;
2) жанама әсер - қоршаған ортаға жобаны iске асыру салдарынан пайда болатын жанама (кейiнгi) факторлардан туындайтын әсер;
3) жинақталған әсер - жобаны iске асыруға iлеспе басқа да өткен, қазiргi немесе негiздемелi болжанатын iс-әрекеттерден туындайтын үнемі арту үстiндегi өзгерiстер салдарынан пайда болатын әсер есепке алынуға тиiс.
2. Қоршаған ортаға әсердi бағалау процесiнде:
1) атмосфералық ауаға;
2) жер бетiндегi және жер асты суларына;
3) ландшафттарға;
4) жер ресурстарына және топырақ жамылғысына;
5) өсiмдiктер дүниесiне;
6) жануарлар дүниесiне;
7) экологиялық жүйелердiң жай-күйiне;
8) халық денсаулығының жай-күйiне;
9) әлеуметтiк салаға;
10) су тоғандары түбiнiң беткi жағына әсер етуге бағалау жүргiзiледi.
3. Қоршаған ортаға әсерге бағалау жүргiзу процесiнде табиғи орта мен адам денсаулығына терiс әсерлер де, оң әсерлерде есепке алынуға тиiс.
45-бап. Қоршаған ортаға әсердi бағалау объектiлерiн
бағалану маңыздылығы мен толықтығы бойынша
жiктеу
1. Өздерi үшiн қоршаған ортаға әсердi бағалау жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызмет I, II, III, IV болып 4 санатқа бөлiнедi.
Өндiрiстiк объектiлердi санитарлық жiктеуге сәйкес қауiптiлiктiң 1 және 2-класына жататын барлық қызмет, кеңiнен таралғаннан басқа пайдалы қазбаларды барлау мен алу І санатқа жатады.
Өндiрiстiк объектiлердi санитарлық жiктеуге сәйкес қауiптiлiктiң 3-класына жататын барлық қызмет, кеңiнен таралғаннан пайдалы қазбаларды алу, суды арнайы пайдаланудың барлық түрлерi, орманды арнайы пайдаланудың барлық түрлерi II санатқа жатады. Өндiрiстiк объектiлердi санитарлық жiктеуге сәйкес қауiптiлiктiң 4-класына жататын барлық қызмет III санатқа жатады.
Спорттық (әуесқой) балық аулау мен аң аулауды қоспағанда, өндiрiстiк объектiлердi санитарлық жiктеуге сәйкес қауiптiлiктiң 5-класына жататын барлық қызмет жануарлар дүниесiнiң объектiлерiн шаруашылық мақсатта пайдаланудың барлық түрлерi IV санатқа жатады.
2. Әртүрлi санаттағы объектiлерге ҚОӘБ жүргiзуге қойылатын сараланған талаптар қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi уәкiлеттi орган бекiтетiн ҚОӘБ жүргiзу жөнiндегi нұсқаулықта айқындалады.
46-бап. Қоршаған ортаға әсердi бағалау жөнiндегi
құжаттаманың құрамы
1. Қоршаған ортаға әсердi бағалау жөніндегi құжаттама:
1) шаруашылық және өзге де қызмет тапсырысшысының деректемелерін;
2) негіздемелі құжаттама: жоспарланып отырған қызметтi iске асыру қажеттiгiн негіздейтiн өтiнiштi (арызды, ниетi туралы декларацияны), инвестициялардың негiздемесiн, техникалық-экономикалық негіздемені (жоба), жұмысшы жобаның бекiтiлген бөлiгiн, түсiндiрме жазбаны;
3) қоршаған орта компоненттерiнiң қызметті iске асырғанға дейiнгi не қазiргi кездегi жай-күйiнiң жазбасын;
4) жобаның жазбасын, оған қоса, атап айтқанда:
бүкіл жобаның мақсаты мен сандық сипаттамаларының және орналастыру ауданына құрылыс және пайдалану кезеңiнде қойылатын талаптардың жазбасын;
қоршаған ортаға, тұтынылатын шикiзатқа және алып қойылатын ресурстарға ластағыш заттар эмиссияларының көлемi және оның құрамдас бөлiгiнiң құрамы, сонымен қатар жоспарланып отырған қызметтiң қоршаған орта элементтеріне ықтимал әсерлерінің түрлерi көрсетiле отырып, пайдаланылатын материалдар мен жабдықтардың типтері мен санын қоса алғанда, өндiрiстiк процестердiң негiзгі сипаттамаларының жазбасын;
5) қолданылатын технологияны Қазақстан Республикасында қабылданған техникалық үлестiк нормативтер және Қазақстан Республикасында енгізуге болатын қоршаған орта саласындағы озық технологиялар тұрғысынан талдауды;
6) баламалар туралы ақпаратты және жобалық нұсқаны таңдаудың негiзгi себептерiне нұсқауды;
7) қызметтiң қоршаған ортаға, халықтың денсаулығына және әлеуметтiк-экономикалық жағдайларға ықтимал әсерлерiнiң жазбасын;
8) қоршаған ортаға әсердi бағалау жүргiзу кезiнде анықталған айқын сыздықтарды;
9) экологиялық тәуекелдерді және халықтың денсаулығы үшiн тәуекелдердi бағалауды;
10) экологиялық мониторинг жөніндегі ұсыныстарды қоса алғанда, қоршаған ортаға әсердiң алдын алуды, оны азайтуды көздейтiн шаралардың сипаттамасын;
11) қоршаған ортаға эмиссиялардың жобалық нормативтерiн және табиғи ресурстарды алу нормативтерiн;
12) өндірiстiк экологиялық бақылау бағдарламаларының негiздемесiн;
13) ықтимал тәуекелдердi және келтiрiлген залалдарды өтеудi ескере отырып, жобаның экологиялық-экономикалық бағасын;
14) қоғамдық пiкiрдi есепке алудың хаттамамен ресімделген және жоспарланып отырған қызметтiң экологиялық аспектілерін қоғамдық талқылау нәтижелері жөнiндегi қорытындыларды қамтитын материалдарын;
15) қоршаған ортаға әсердi бағалау жүргiзу кезiндегi кез келген қиыншылықтарды және ақпараттың жетiспеушiлiгiне нұсқауды;
16) қоршаған ортаға әсерге жүргiзiлген бағалау нәтижелерi жөнiндегi негiзгi қорытындыларды қамтиды.
2. Жоспарланып отырған қызметтiң тапсырысшы (бастамашысы) қоршаған ортаға әсерге жүргiзiлген бағалау нәтижелерi бойынша жоспарланып отырған немесе жүзеге асырылатын қызметтi iске асыруға болатыны туралы шешiм әзiрлеуге негiз болатын олардың экологиялық зардаптары туралы мәлiмдеме әзiрлеп, бағалау материалдары құрамында табыс етедi.
3. Қоршаған ортаға әсердi бағалаудың әрбiр кезеңiндегi құжаттамалардың толық мазмұны қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтетiн әдiстемелiк материалдарда белгiленедi.
47-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргiзудi
әдiстемелiк қамтамасыз ету
1. Қоршаған ортаға әсердi бағалау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтетiн әдiстемелiк талаптар негiзiнде жүргiзiледi.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган заңды ұйымдардың қоршаған ортаға әсердi бағалауды әзiрлеу процесiнде әдiстемелiк талаптарды сақтауына өз құзыретi шегiнде бақылауды жүзеге асырады.
48-бап. Трансшекаралық әсерi бар объектiлердiң қоршаған
ортаға әсерiн бағалау ерекшелiктерi
Трансшекаралық әсерi бар объектiлердiң қоршаған ортаға әсерiн бағалау ерекшелiктерi Қазақстан Республикасы ратификациялаған қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан әсерiн бағалау жөнiндегi халықаралық келiсiмдерде және конвенцияларда белгiленедi.
49-бап. Қолданыстағы объектiлер үшiн қоршаған ортаға
әсердi бағалау ерекшелiктерi
1. Объектiнi жобалау процесiнде мұндай бағалау жүргiзiлмеген не табиғат пайдалану жағдайлары жобада көзделген жағдайлардан айтарлықтай ерекше болған жағдайда, қолданыстағы объектiлер үшiн қоршаған ортаға әсердi бағалау жүргiзiлуге тиiс.
2. Қолданыстағы объектiге бастапқы жобада көзделмеген қайта жаңарту жүргiзiлген кезде мұндай қайта жаңартудың қоршаған ортаға әсерiн бағалау жүзеге асырылып, ол жекелеген материалдар түрiнде не тұтас объектi бойынша қоршаған ортаға әсердi бағалау материалдарына өзгерiстер енгiзу түрiнде ресiмделуi мүмкiн.
3. Қолданыстағы объектiнiң қоршаған ортаға әсерiн осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес бағалау қажет болған кезде, мұндай бағалау экологиялық рұқсат алуға өтiнiм беру алдында орындалады.
8-тарау. Экологиялық сараптама
50-бап. Экологиялық сараптама және оның түрлерi
1. Экологиялық сараптама - алдын ала жобалау, жобалау құжаттамасын, бағдарламалар мен нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ жоспарланып отырған қызмет туралы өзге де материалдарды оларда экологиялық талаптарды және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын сақтау тұрғысынан келiсу процесi.
2. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк экологиялық сараптама және қоғамдық экологиялық сараптама жүзеге асырылады.
51-бап. Экологиялық сараптаманың мақсаттары
Экологиялық сараптама:
1) жоспарланып отырған басқарушылық, шаруашылық, инвестициялық, норма шығармашылық және өзге де қызметтi iске асырудың халық денсаулығы мен қоршаған ортаға ықтимал терiс зардаптарын болдырмау;
2) экономикалық даму мен қоршаған ортаны қорғау мүдделерiнiң теңгерiмдiгiн сақтау, сондай-ақ табиғат пайдалану процесiнде үшiншi тараптарға залал келтiрудiң алдын алу мақсатында жүргiзiледi.
52-бап. Мемлекеттiк экологиялық сараптама объектiлерi
1. Мыналар:
1) жоспарланып отырған шаруашылық және өзге де қызмет жобалары және оларға iлеспе, осы Кодекстiң 42-бабында айқындалған кезеңдерге сәйкес қоршаған ортаға әсердi бағалау материалдары;
2) жоспарлау, жоспарлау алдындағы және жобалау алдындағы құжаттаманың барлық түрлерi, болжамдардың, экологиялық және өзге де бағдарламалардың жобалары, қызметтiң негiзгi бағыттарының тұжырымдамалары, мемлекеттiк инвестициялық бағдарламалар, шарттар, келiсiм-шарттар, оның iшiнде меншiк нысанын өзгертуге және жекешелендiрудiң басқа да түрлерiне қатысты шарттар, өндiрiстiк күштердi дамыту мен орналастыру схемаларының жобалары;
3) қолда бар объектiлер үшiн қоршаған ортаға әсердi бағалау материалдары қоса берiлген реконструкциялау жобалары;
4) қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерiнiң жобалары;
5) iске асырылуы қоршаған ортаға терiс әсерлерге әкеп соғуы мүмкiн Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнiң жобалары, мемлекеттiк органдар бекiтетiн нормативтiк-техникалық және нұсқаулық-әдiстемелiк құжаттардың жобалары;
6) кәсiпорындарды, объектiлер мен кешендердi, ғимараттар мен құрылыстарды орналастыруға, салуға, реконструкциялауға, дамытуға, техникалық қайта жарақтауға, қайта бейiмдеуге, жоюға арналған техникалық-экономикалық негiздемелер (есептер) мен жобалар, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесi ресурстарын алу мен пайдалануға арналған биологиялық негiздемелер;
7) Қазақстан Республикасының өндiргiш күштерiнiң аумақтарды кешендi игеру мен аумақтарды ұйымдастыру схемаларының жобалары;
8) қалалар мен аумақтарды, оның iшiнде арнайы экономикалық аймақтар аумақтарын және шаруашылық қызметiн жүргiзудiң айрықша режимiндегi аумақтарды салудың (дамытудың) бас жоспарларының жобалары;
9) осы аумақтарға ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, экологиялық апат аймағы немесе төтенше экологиялық жағдай аймағы құқықтық мәртебесiн берудi негiздейтiн аумақтарды кешендi экологиялық зерттеу материалдары, сондай-ақ осы аумақтарды оңалту бағдарламалары;
10) көршiлес мемлекеттердiң қоршаған ортасына әсер етуi мүмкiн немесе оны жүзеге асыру үшiн көршiлес мемлекеттермен ортақ табиғи ресурстарды пайдалану қажет болатын немесе көршiлес мемлекеттердiң халықаралық конвенцияларда белгiленген мүдделерiн қозғайтын шаруашылық қызмет жобалары;
11) жаңа техникаға, технологияларға, материалдар мен заттарға, соның iшiнде шетелден сатып алынатындарына қойылатын экологиялық талаптарды негiздейтiн құжаттама, табиғи ресурстарды алуға (пайдалануға) рұқсаттар (лицензиялар) берудi негiздейтiн құжаттама мiндеттi мемлекеттiк экологиялық сараптамаға жатады.
2. Бұрын мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткен мемлекеттiк экологиялық сараптама объектiлерi:
1) экологиялық сараптама объектiсi бұрын жүргiзiлген мемлекеттiк сараптама ескертпелерi бойынша жетiлдiрiлген;
2) мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейiн жобалау және өзге де құжаттамаға өзгерiстер енгiзiлген жағдайда;
3) сот шешiмiнiң негiзiнде қайтадан мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өтедi.
3. Мемлекеттiк экологиялық сараптама объектiлерi осы Кодекстiң 45-бабында келтiрiлген объектiлердiң жiктелуiне сәйкес I, II, III, IV санаттарға бөлiнедi.
I санатқа қосымша түрде республикалық деңгейдегi мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiнiң жобалары, стратегиялық және трансшекаралық сипаты бар шаруашылық қызметтердiң жобалары, республикалық маңызы бар аумақтарды кешендi игеру схемалары және аумақтардың бас жоспарлары жатқызылады.
II санатқа жергiлiктi мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiнiң жобалары, өңiрлiк жоспарлар мен бағдарламалардың, орналастырудың бас схемаларының жобалары, облыстық және аудандық маңызы бар аумақтардың бас жоспарларының жобалары жатқызылады.
53-бап. Мемлекеттiк экологиялық сараптаманы жүзеге
асыратын органдар
1. Мемлекеттiк экологиялық сараптаманы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган және өз құзыретi шегiнде жергілiктi атқарушы органдар жүзеге асырады.
2. Мемлекеттiк экологиялық сараптаманы I санат объектiлерiне қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық уәкiлеттi орган, II санат объектiлерiне - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органдары, III және IV санат объектiлерiне - жергiлiктi атқарушы органдар жүргiзедi.
54-бап. Мемлекеттiк экологиялық сараптаманы жүргiзудiң
тәртiбi
1. Мемлекеттiк экологиялық сараптамаға құжаттаманы:
1) белгiленiп отырған басқарушылық, шаруашылық, инвестициялық және өзге де қызметтiң тапсырысшысы (инвестор);
2) мемлекеттiк экологиялық сараптамаға жататын нормативтiк құқықтық актiлердiң, жоспарлар мен бағдарламалардың жобаларын әзiрлеудi жүргізетiн мемлекеттiк органның басшысы табыс етедi.
2. Мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзудiң тәртiбiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.
55-бап. Мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзудiң
мерзiмдерi
1. Мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу мерзiмi мемлекеттiк экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын органдарға алдын ала сараптамадан өткен қажеттi құжаттама берiлген кезден бастап үш айдан аспауға тиiс.
2. Алдын ала сараптамадан өткiзу мерзiмi құжаттаманың мемлекеттiк экологиялық сараптамаға келiп түскен кезiнен бастап екi аптадан аспауға тиiс. Құжаттама толық берiлмеген жағдайда олар ұсынған тұлғаға қайтарылуға жатады.
56-бап. Мемлекеттiк экологиялық сараптаманың қорытындысы
1. Жүргiзiлген мемлекеттiк экологиялық сараптама нәтижелерi бойынша сараптама қорытындысы жасалады.
2. Мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы экологиялық сараптама объектiсiн iске асыру жөнiнде шешiмдер қабылдауға болатындығы мен мүмкiндiгi туралы тұжырымдарды қамтиды.
3. Мемлекеттiк экологиялық сараптама терiс қорытынды берген жағдайда тапсырысшы сараптамалық қорытындының ұсыныстары мен ескертпелерiне сәйкес оларды пысықтауды қамтамасыз етуге және ол белгiлеген мерзiмде қайтадан экологиялық сараптама жүргiзуге барлық материалдарды табыс етуге немесе белгiленiп отырған қызметiнен бас тартуға мiндеттi.
4. Олар бойынша мемлекеттiк экологиялық сараптама көзделген шаруашылық және өзге де қызмет жобаларына мемлекеттiк экологиялық сараптама оң қорытынды бермейiнше, оларды мемлекеттiк, коммерциялық банктердің, сондай-ақ кез-келген меншік нысандарындағы өзге де қаржы мекемелерiнiң қаржыландыруына және iске асыруға тыйым салынады.
5. Мемлекеттiк экологиялық сараптама қорытындысына өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) бас мемлекеттiк экологиялық сарапшысы, не жергiлiктi атқарушы органның сараптама бөлiмшелерiнiң басшылары қол қояды.
6. Жобалық құжаттамаға мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы құрылыс басталғанға дейін ол берілген күннен бастап екi жыл бойы, ал iске қосылған және салынып жатқан кәсiпорындардың құжаттамасы ол берiлген күннен бастап бес жыл iшiнде қолданыста болады.
57-бап. Мемлекеттiк экологиялық сараптаманы жүзеге
асыратын сараптама бөлiмшелерi басшыларының
құқықтары
1. Сараптама органдары басшыларының:
1) белгiленген тәртіппен экологиялық сараптама жүргізу үшiн экологиялық-сараптама комиссияларын, топтарын, өзге де құрамаларды құруға, олардың жұмысына қатысуға жоғары біліктi отандық, шетелдiк мамандар мен ғалымдарды, соның ішiнде шетелдік және заңды тұлғаларды тартуға;
2) сараптама бөлiмшелерiнiң (мекемелердiң, ұйымдардың), құрылатын комиссиялар мен топтардың қызметiне бақылау жасауды жүзеге асыруға;
3) экологиялық сараптама кеңестерiн басқаруға, олардың қызметiн ұйымдастыруға;
4) сараптама жүргiзу әдiстерiн белгiлеуге;
5) экологиялық сараптамаға ұсынылған, экологиялық нормалар мен ережелерге сай келмейтiн материалдарды қабылдамауға;
6) есептеулерде қате және басқа да олқылықтар жiберiлген, оны түзету қосымша зерттеулердi, iздестiру жұмыстарын не қосымша қаражат бөлуді керек ететiн құжаттар мен материалдарды пысықтау үшiн қайтаруға;
7) экологиялық сараптама қорытындыларына қол қоюға;
8) қоршаған ортаға қауiп төндiретiн мән-жайлардың жаңадан анықталуына байланысты, қоршаған ортаға сараптама объектiсiн жүзеге асырудан керi әсер салдары туралы жағдайлар анықталғаннан кейiн бiр ай мерзiмде, не жоғарыда аталған қорытынды талаптарын тапсырыс берушi орындамаған жағдайда бұрын берiлген экологиялық сараптаманың оң қорытындыларын керi қайтарып алуға;
9) сараптама жүргiзуге қажеттi ғылыми, жобалық, әдiстемелiк немесе өзге сипаттағы қосымша материалдарды сұратып алуға;
10) банк және басқа да қаржыландырушы органдарға мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынбаған объектiлер бойынша материалдар табыс етуге;
11) қолданыстағы заңнаманы бұзуға кiнәлi адамдарды жауапқа тарту туралы мәселелердi шешу үшiн тиiстi материалдар дайындап, құқық қорғау органдары мен өзге де органдарға тапсыруға құқығы бар.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның сараптама бөлiмшелерiнiң басшылары Қазақстан Республикасының, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) бас мемлекеттiк экологиялық сарапшылары болып табылады.
Мемлекеттiк экологиялық сараптаманы ұйымдастыру мен жүргiзу кезiнде сараптама бөлiмшелерiнiң басшылары тәуелсiз болады және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес iс-әрекет жасайды.
3. Сараптама бөлiмшелерi басшыларының тәуелсiздiгi Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органы және жергiлiктi атқарушы органдар бекiткен, оларды тағайындау және босату тәртiбiн және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де шарттарды қамтитын солар туралы ережелермен қамтамасыз етiледi.
58-бап. Мемлекеттiк экологиялық сараптама сарапшысының
құқықтары мен мiндеттерi
1. Экологиялық сараптама жүргiзуге қажеттi арнаулы бiлiмi және жеткiлiктi тәжiрибесi бар және сараптама орган белгiленген тәртiппен экологиялық сараптама жүргiзуге тартқан адам мемлекеттiк экологиялық сараптаманың сарапшысы болып табылады.
2. Экологиялық сараптама жасалуға тиiстi құжаттама тапсырысшысының өкiлi немесе мемлекеттiк экологиялық сараптама объектiсiн әзiрлеушi, сондай-ақ тапсырысшымен немесе әзiрлеушiмен еңбек немесе өзге де шарттық қатынаста тұрған заңды және жеке тұлғалар мемлекеттiк экологиялық сараптаманың сарапшысы бола алмайды.
3. Мемлекеттiк экологиялық сараптаманың сарапшысы өзi жасаған сараптама үшiн Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгiленген тәртiппен жауап бередi.
4. Сарапшы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын бұзған жағдайларды қоспағанда, сарапшының экологиялық сараптама жүргiзуге байланысты қызметiне мемлекеттiк органдардың, заңды және лауазымды тұлғалардың араласуына тыйым салынады.
5. Материалдық шығындар мен моральдық зиянды қоса алғанда, мемлекеттiк экологиялық сараптама сарапшысының бұзылған құқықтары сот және әкiмшiлiк тәртiппен қорғалуға тиiс, ал мұндай бұзушылықтарға кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапты болады.
6. Мемлекеттiк экологиялық сараптама сарапшысының:
1) сараптама жасалатын объектiге жан-жақты және объективтi баға беру үшiн қосымша материалдарды табыс етудi талап етуге;
2) экологиялық сараптама жүргiзуге бiлiктiлiгi жоғары мамандарды қосымша тартуға;
3) сараптама жұмысын, әдiснамасын ұйымдастыруды жетiлдiру, оны жүзеге асырудың тәртiбi мен принциптерi жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
4) мемлекеттiк экологиялық сараптама объектiсi жөнiнде мемлекеттiк экологиялық сараптаманың қорытындысына қоса тiгiлетiн ерекше пiкiр қалыптастыруға құқығы бар.
5. Мемлекеттiк экологиялық сараптаманың сарапшысы:
1) экологиялық сараптаманың кешендi, объективтi, сапалы жүргiзiлуiн қамтамасыз етуге;
2) экологиялық сараптама туралы заңнаманың, өзге де заңнамалық актiлердiң талаптарын сақтауға;
3) сараптаманы қолданылып жүрген стандарттар, нормалар мен ережелер негiзiнде жүргiзуге;
4) экологиялық сараптаманы жүзеге асырудың белгiленген мерзiмi мен тәртiбiн сақтауға;
5) экологиялық сараптаманың дәлелдi қорытындыларын дайындап, оларды сараптама объектiсiн iске асыру туралы шешiм қабылдайтын органдарға және тапсырысшыларға дер кезiнде беруге;
6) сараптама жасалатын объектiлердi одан әрi қарауға қабылдамаған, не оларды негiздейтiн материалдар пысықтауға қайтарылған кезде экологиялық сараптаманың қорытындысын объективтi бағалап, дәлелдi түрде негiздеуге;
7) материалдардың сақталуын қамтамасыз етуге және өзiнiң құпия құжаттарға қатысты әрекеттерiн олардың иесiмен келiсуге, өзiне сенiп тапсырылған мәлiметтердiң жария етiлуiне жол бермеуге мiндеттi.
59-бап. Мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу
процесiне сырттан сарапшылар тарту
Мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу сырттан сарапшылар тартуды талап еткен жағдайда, мемлекеттiк экологиялық сараптама органдары арнайы пiкiрлерiн алу үшiн басқа мемлекеттiк мекемелер мен ведомстволарға, ғылыми институттарға, сондай-ақ жекелеген мамандарға өтiнiш жасауға құқылы. Сырттан сарапшылар тартуды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
60-бап. Экологиялық сараптама саласындағы жұмыстар
бойынша қызметтi лицензиялау
1. Экологиялық сараптама саласындағы жұмыстар бойынша қызметтi жүзеге асыруға үмiткер жеке және заңды тұлғалар осы қызмет түрiне лицензия алуға мiндеттi.
2. Экологиялық сараптама саласындағы жұмыстар бойынша қызметтi жүзеге асыруға лицензиялар берудi қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
3. Қызметтiң лицензияланатын түрлерiне қойылатын бiлiктiлiк талаптарын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
61-бап. Нормативтiк құқықтық актiлер жобаларының
мемлекеттiк экологиялық сараптамасы
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткен нормативтiк құқықтық актiлердiң тiзiлiмiн жүргiзудi жүзеге асырады және оларға тiркеу нөмiрлерiн тағайындайды.
62-бап. Мемлекеттiк экологиялық сараптаманың сарапшылық
кеңестерi
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның мемлекеттiк экологиялық сараптама бөлiмшелерiнiң жанынан кеңесшi органдар болып табылатын және сол органдар туралы ережелерге сәйкес жұмыс iстейтiн сарапшылық кеңестерi құрылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның сарапшылар кеңестерi туралы ережелердi, олардың персоналдық құрамдарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның басшысы әзiрлеп, бекiтедi.
3. Сарапшылар кеңестерiне функциялары қоршаған ортаны қорғаумен байланысты мемлекеттiк органдардың лауазымды тұлғалары, ғылыми-зерттеу мекемелерiнiң, жоғары оқу орындарының ғалымдары, бiлiктiлiгi жоғары практик-мамандар мен жұртшылық өкiлдерi мүше бола алады.
4. Мемлекеттiк экологиялық сараптаманың сарапшылық кеңестерiнiң жүргiзуiне:
1) экологиялық сараптама жүргiзу кезiнде экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң, қоршаған ортаны қорғаудың, табиғи ресурстарды пайдалану мен молықтырудың күрделi проблемаларын талқылау;
2) мемлекеттiк экологиялық сараптаманың экологиялық қауiптiлiгi жоғары объектiлерге қатысты қорытындыларын қарау жатқызылады.
5. Сарапшылық кеңестiң қорытындысы ұсынымдық сипатта болады.
63-бап. Экологиялық сараптаманың жариялылығы және
халықтың шешiмдер қабылдауға қолжетiмдiгi
1. Мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзуге өтiнiмдi экологиялық сараптамаға жататын құжаттаманың тапсырысшысы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға тиiс.
2. Мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу кезеңiнде барлық мүдделi азаматтар мен ұйымдарға бiр айлық мерзiмде өз пiкiрiн бiлдiру мүмкiндiгi берiледi.
3. Iске асырылуы қоршаған орта мен азаматтардың денсаулығына әсер етуi мүмкiн жобалар бойынша қоғамдық тыңдаулар өткiзiледi.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган қоғамдық тыңдаулар өткiзу тәртiбiн белгiлейдi және онда мыналар айқындалуға тиiс:
1) мүдделi тұлғаларды анықтау;
2) ақпарат пен консультация алуға болатын жердi көрсету;
3) халыққа хабарлау тәсiлi, мысалы, белгiлi бiр жерлерге афишалар қыстыру, жергiлiктi газеталарға жариялау, жоспарларды, сызбаларды, таблицаларды, кестелердi, үлгiлердi көрсете отырып, көрмелер ұйымдастыру жолымен хабарлау тәсiлi;
4) халыққа консультация берудi жүзеге асыру тәсiлiн, мысалы, жазбаша нұсқама, халыққа сұрау салу тәсiлiн белгiлеу;
5) шешiмнiң тиiстi уақыт кезеңiнде қабылдануы үшiн кепiлдiк болуы мақсатында әрбiр рәсiм сатысы үшiн шектi мерзiм белгiлеу.
5. Мемлекеттiк экологиялық сараптама қорытындысы бойынша шешiм қабылданғаннан кейiн барлық мүдделi тұлғаларға осы Кодексте көзделген тәртiппен сараптама объектiсi жөнiнде ақпарат алу мүмкiндiгi берiледi.
64-бап. Мемлекеттiк экологиялық сараптаманы жүзеге
асыру кезiндегi келiспеушiлiктердi қарау
тәртiбi
1. Мемлекеттiк экологиялық сараптаманы жүзеге асыру кезiндегi келiспеушiлiктер келiссөздер жолымен не сот тәртiбiмен қаралады.
2. Мемлекеттiк экологиялық сараптама мәселелерi бойынша келiспеушiлiктер кез келген мүдделi тараптың, оның iшiнде белгiленiп отырған қызметке тапсырыс берушiнiң, жергiлiктi атқарушы органның өтiнiшi бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органда келiссөздер жолымен қаралады.
65-бап. Мемлекеттiк экологиялық сараптаманы қаржыландыру
Мемлекеттiк экологиялық сараптаманы қаржыландыру республикалық немесе жергiлiктi бюджеттер есебiнен, сондай-ақ шаруашылық және өзге де қызметке тапсырыс берушiлердiң - бастамашыларының есебiнен жүзеге асырылады.
66-бап. Қоғамдық экологиялық сараптама
1. Қоғамдық экологиялық сараптама - қоғамдық бiрлестiктер мен өзге де халық топтарының бастамасы бойынша құрылатын сараптама комиссиялары ерiктi негiзде жүзеге асыратын қызмет түрi.
2. Қоғамдық экологиялық сараптама белгiленiп отырған шаруашылық және өзге де қызметке азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны сақтау жөнiндегi қоғамдық мүдделердiң сақталуы тұрғысынан қарайтын сараптама комиссияларын құру жолымен жүргiзiледi.
3. Қоғамдық экологиялық сараптаманың бастамашысы қоғамдық экологиялық сараптама объектiсi iске асырылған жағдайда мүдделерi қозғалатын жеке тұлғалар немесе қоғамдық бiрлестiктер болуы мүмкiн.
67-бап. Қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы
1. Қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы - өзiнiң атынан қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзу туралы үндеу жүзеге асырылып, сараптама комиссиясының қызметiн ұйымдастыру жөнiнде шаралар қабылданатын қоғамдық ұйым.
2. Қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы:
1) қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзуге қажеттi құжаттар мен материалдарды қоғамдық экологиялық сараптама объектiсiне тапсырыс берушiден, мемлекеттiк экологиялық сараптама жөнiндегi арнаулы уәкiлеттi органнан, мемлекеттiк бақылау органдарынан сұратып алуға;
2) сараптама жүргiзу үшiн сараптама комиссиясын құруға;
3) қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысын жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына табыс етуге құқылы.
3. Қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы:
1) қоғамдық экологиялық сараптаманы осы Кодексте жазылған талаптар мен принциптерге сәйкес жүргiзуге;
2) жұртшылықтың қоғамдық экологиялық сараптаманың барысы және нәтижелерi туралы хабарлануын қамтамасыз етуге және қоғамдық экологиялық сараптама қорытындысын әзiрлеу кезiнде қоғамдық пiкiрдi ескеруге;
3) қоғамдық экологиялық сараптама қорытындысының барлық мүдделi тараптар үшiн ашық болуын қамтамасыз етуге мiндетті.
68-бап. Қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшылары
1. Қаралатын мәселе бойынша ғылыми және (немесе) практикалық бiлiмi бар және қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы белгiленген тәртiппен қоғамдық сараптама жүргiзуге тартқан жеке тұлға қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшысы болып табылады.
2. Мыналар:
1) қоғамдық экологиялық сараптама жасалуға тиiстi құжаттама тапсырысшысының өкiлi;
2) қоғамдық экологиялық сараптама объектiсiн әзiрлеушiнiң өкiлi;
3) қоғамдық экологиялық сараптама объектiсiнiң аталған тапсырысшысымен немесе әзiрлеушiсiмен еңбек немесе өзге де шарттық қатынаста тұрған адам; қоғамдық экологиялық сараптама объектiсiнiң аталған тапсырысшысымен немесе әзiрлеушiсiмен шарттық қатынаста тұрған заңды тұлғаның өкiлi қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшысы бола алмайды.
3. Қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшысы оны жүргiзуге Қазақстан Республикасының заңнамасына және қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы берген тапсырмаға сәйкес қатысады.
4. Қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшысы қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзу кезiнде қоғамдық экологиялық сараптама объектiсi жөнiнде қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысына қоса тiгiлетiн ерекше пiкiр қалыптастыруға құқығы бар.
5. Қоғамдық экологиялық сараптама сарапшысы:
1) Қазақстан Республикасының экологиялық сараптама туралы заңнамасының талаптарын сақтауға;
2) қоғамдық экологиялық сараптама объектiсi жөнiндегi өз қорытындысы тұжырымдарының объективтiлiгi мен негiздiлiгiн қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоғамдық экологиялық сараптаманың атына мүдделi жұртшылықтан келiп түсетiн ескертпелер мен ұсыныстарды ескеруге;
3) материалдардың сақталуын қамтамасыз етуге және қоғамдық экологиялық сараптамаға ұсынылған мәлiметтердiң құпиялылығын, сондай-ақ зияткерлiк меншiктiң қорғалуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
69-бап. Қоғамдық экологиялық сараптама объектiсiне
тапсырыс берушiлердiң құқықтары мен мiндеттерi
1. Жоспарланып отырған басқару, шаруашылық, инвестициялық және өзге де қызметтiң жеке немесе заңды тұлғасы қоғамдық экологиялық сараптама объектiсiне тапсырыс берушi болып табылады.
2. Қоғамдық экологиялық сараптама объектiсiне тапсырыс берушiнiң:
1) белгiленiп отырған қызмет жөнiндегi құжаттамада қамтылған заңмен қорғалатын құпия мәлiметтердiң қорғалуына;
2) қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзудiң барысы және нәтижелерi туралы ақпарат алуға және ақпаратқа қол жеткiзуге;
3) қоғамдық экологиялық сараптама шеңберiнде өткiзiлетiн қоғамдық тыңдауларға және өзге де шараларға қатысуға;
4) қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысына өзiнiң түсiндiрмесi мен түсiнiктемелерiн мемлекеттiк экологиялық сараптама жөнiндегi арнаулы уәкiлеттi органға, жергілiктi өзiн-өзi басқару органдарына және мемлекеттiк қадағалау мен бақылау органдарына беруге құқығы бар.
3. Қоғамдық экологиялық сараптама объектiсiне тапсырыс берушi:
1) қоғамдық экологиялық сараптамаға қажеттi құжаттар мен материалдарды беруге;
2) қоғамдық экологиялық сараптама қорытындысында баяндалған, тапсырыс берушiге ұсыныстарға жазбаша жауабын мемлекеттiк экологиялық сараптама жөнiндегi арнаулы уәкiлеттi органға беруге мiндеттi.
70-бап. Қоғамдық экологиялық сараптаманы қаржыландыру
Қоғамдық экологиялық сараптаманы қаржыландыру:
1) қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастыратын және жүргiзетiн қоғамдық бiрлестiктер қаражаты;
2) ерiктi қайырымдылықтар, қайырымдылық ұйымдарының гранттары;
3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде тыйым салынбаған өзге көздер есебiнен жүзеге асырылады.
71-бап. Қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзудi тiркеу
тәртiбi
1. Сараптама ұйымдастырушысының оны жүргiзу туралы арызы мемлекеттiк тiркелген жағдайда қоғамдық экологиялық сараптама жүзеге асырылады.
2. Қоғамдық экологиялық сараптаманы тiркеу туралы арызды оның ұйымдастырушысы сараптамалық қызмет жоспарланып отырған аумақтағы жергiлiктi атқарушы органдарға бередi.
3. Қоғамдық экологиялық сараптаманы жүргiзу туралы арызда:
1) атауы, заңдық мекен жайы;
2) жарғысында көзделген қоғамдық экологиялық ұйымды ұйымдастырушы қызметiнiң сипаты;
3) қоғамдық экологиялық сараптаманың сараптама комиссиясының құрамы туралы мәлiметтер;
4) қоғамдық экологиялық сараптама объектiсi туралы мәлiметтер, қоғамдық экологиялық сараптаманы жүргiзу мерзiмi көрсетiлуге тиiс.
4. Жергiлiктi атқарушы органдар қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзу туралы арыз берiлген күннен бастап он күн мерзiмде оны тiркеуге немесе тiркеуден бас тартуға мiндеттi. Қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзу туралы арыз, оны тiркеуден көрсетiлген мерзiмде бас тартылмаса, тiркелдi деп есептеледi.
5. Егер:
1) бұрын осы объектiге қатысты екi рет қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзiлсе;
2) қоғамдық экологиялық сараптама объектiсi мемлекеттiк, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi қамтитын болса;
3) қоғамдық ұйымның, қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушының жарғысы осы ұйымның қоғамдық экологиялық сараптама саласындағы қызметiн көздемесе;
4) қоғамдық экологиялық сараптаманың ұйғарылып отырған объектiсiнiң мемлекеттiк экологиялық сараптамасы аяқталса, қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастыру туралы арызды мемлекеттiк тiркеуден бас тартылуы мүмкiн.
6. Жергiлiктi атқарушы органдар қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзу туралы арызды мемлекеттiк тiркеуден бас тартқан жағдайда, бұл туралы қоғамдық экологиялық сараптаманың бастамашысы мен ұйымдастырушысына бас тарту себептерiн түсiндiре отырып жазбаша түрде хабарлайды.
72-бап. Қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысы
1. Қоғамдық экологиялық сараптаманың нәтижелерi ұсынымдық сипатта болатын қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысы түрiнде ресiмделедi.
2. Қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысы:
1) экологиялық сараптаманы ұйымдастырушының атауы мен мекен жайын;
2) тапсырыс берушiнiң атауын, қоғамдық экологиялық сараптама объектiсiнiң атауы мен орналасқан жерiн;
3) қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзу туралы өтiнiштi мемлекеттiк тiркеу туралы мәлiметтердi;
4) қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзу мерзiмдерiн;
5) қоғамдық экологиялық сараптамадан өткен құжаттаманың құрамын, қоғамдық экологиялық сараптама процесiнде пайдаланылған басқа да құжаттардың атауын;
6) қоғамдық экологиялық сараптаманың сараптама комиссиясы мүшелерінің құрамын;
7) сараптама нәтижелерi қысқаша баяндауды;
8) қоғамдық экологиялық сараптаманың ұйымдастырушысы айқындаған, қоғамдық экологиялық сараптаманы жүргiзу жөнiндегi тапсырмалардың баяндалуын;
9) қоғамдық экологиялық сараптама процесiнiң, оның iшiнде жұртшылықпен, тапсырыс берушiмен және басқа да мүдделi тараптармен өзара ықпалдасудың сипатталуын;
10) қоғамдық экологиялық сараптама тұжырымдарының баяндалуын қамтуға тиiс.
3. Қоғамдық экологиялық сараптама тұжырымдары:
1) сараптама объектiсiнiң қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестiгi туралы қорытындыны;
2) қоршаған ортаға әсерге тапсырыс берушi жүргiзген бағалаудың толықтығы, сапасы мен дәйектiлiгi жөнiндегi сипаттаманы;
3) жұртшылықтың әртүрлi топтарының белгiленiп отырған қызметке көзқарасының сипаттамасын, жұртшылықтың ұсыныстары мен ескертпелерiне жасалған шолуды;
4) қоғамдық экологиялық сараптама объектiсiн iске асыруға экологиялық және әлеуметтiк тұрғыдан жол беруге болатыны жөнiндегi сарапшылардың пiкiрлерiн;
5) мемлекеттiк экологиялық сараптама органына, тапсырыс берушiге, мемлекеттiк қадағалау және бақылау органдарына, сараптама объектiсiн iске асыруға байланысты шешiмдер қабылдайтын басқа да ұйымдар мен мекемелерге ұсыныстар мен ұсынымдарды қамтуға тиiс.
4. Қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысына қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушының өкiлi уәкiлеттi берген сараптама комиссиясының төрағасы және комиссия мүшелерi қол қояды.
5. Қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысы:
1) қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзу туралы арызға тiркеу жүргiзген жергiлiктi атқарушы органға;
2) осы объектiнiң мемлекеттік экологиялық сараптамасын жүргiзу құзыретiне кiретiн мемлекеттiк экологиялық сараптама органына;
3) белгiленiп отырған қызметтiң тапсырыс берушiсiне;
4) қоғамдық экологиялық сараптама объектiсiне байланысты шешiмдер қабылдайтын органдарға;
5) бұқаралық ақпарат құралдарына жiберiледi.
73-бап. Қоғамдық экологиялық сараптаманың нәтижелерiн
пайдалану
1. Белгiленiп отырған қызметтiң тапсырыс берушiсi қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысында қамтылған тұжырымдарға, оның iшiнде белгiленiп отырған қызмет жөнiндегi ұсынымдарға жауап беруге мiндеттi. Тапсырыс берушi өз жауабын мемлекеттiк экологиялық сараптама қорытындысын алған күннен бастап бір ай iшiнде мемлекеттiк экологиялық сараптама органына және қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушыға жiбереді.
2. Қоғамдық экологиялық сараптаманың нәтижелерi мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу кезiнде қаралуға тиiс. Қарау нәтижелерi қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушыға және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға жiберiлуге тиiс.
3. Қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысын, сондай-ақ жергілiкті атқарушы органдар, қаржы ұйымдары мен белгiленiп отырған қызметтiң тапсырыс берушiсi шешiмдер қабылдау кезiнде ескерiлуi мүмкiн.
9-тарау. Экологиялық рұқсат
74-бап. Экологиялық рұқсаттың түрлерi
Қазақстан Республикасында табиғат пайдаланушыларға мынадай экологиялық рұқсаттар:
1) қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттар;
2) кешендi экологиялық рұқсаттар берiледi.
75-бап. Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат
1. Қоршаған ортаға эмиссияны жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алуға мiндеттi.
2. Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат табиғат пайдаланушыға оның өтiнiмiне сәйкес осы Кодексте белгiленген тәртiппен берiледi.
3. Табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатта көрсетiлген шарттарды орындауға мiндеттi және оларды сақтамағаны үшiн осы Кодекске сәйкес жауапты болады.
4. Меншiгiнде әр түрлi облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында орналасқан өндiрiстiк объектiлерi бар табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алу үшiн осы объектiлердiң орналасқан жерi бойынша әрбiр объектi бойынша да, олардың тұтас жиынтығы бойынша да өтiнiм бере алады.
5. Егер бұл эмиссия жалпы табиғат пайдалану процесiнде жүретiн болса, қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алу талап етiлмейдi.
76-бап. Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттың мазмұны
1. Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат, оларда:
1) табиғат пайдаланушы және жүргiзiлетiн шаруашылық және өзге де қызмет туралы мәлiметтер;
2) рұқсаттың қолданылу мерзiмi;
3) табиғат пайдалану шарттары, оның iшiнде олардың барлық көздерi бойынша эмиссиялардың нормативтерi;
4) рұқсаттың қолданылуы кезеңiне қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар бағдарламасы;
5) өндiрiстiк экологиялық бақылау бағдарламасы қамтылатын белгiленген үлгiдегi құжаттар кешенi болып табылады.
2. Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат бланкiсiнiң нысанын және оларды толтыру тәртiбiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.
77-бап. Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беретiн орган
Табиғат пайдаланушыға қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатты қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бередi.
78-бап. Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттар алу талап
етiлетiн объектiлер санаттары
1. Өздерi үшiн табиғат пайдаланушыларға қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат берiлетiн объектiлер I, II, III, IV болып төрт санатқа бөлiнедi.
2. Өндiрiстiк объектiлердi санитарлық жiктеуге сәйкес қауiптiлiктiң 1 және 2-сыныптарына жататын объектiлер I санатқа жатады.
Өндiрiстiк объектiлердi санитарлық жiктеуге сәйкес қауiптiлiктiң 3-сыныбына жататын объектiлер II санатқа жатады.
Өндiрiстiк объектiлердi санитарлық жiктеуге сәйкес қауiптiлiктiң 4-сыныбына жататын объектiлер III санатқа жатады.
Өндiрiстiк объектiлердi санитарлық жiктеуге сәйкес қауiптiлiктiң 5-сыныбына жататын объектiлер IV санатқа жатады.
3. Табиғат пайдаланушылар I санат объектiлерiне - қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органнан, II санат объектiлерiне - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органдарынан, III санат объектiлерiне - оңайлатылған схема бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органдарынан, IV санат объектiлерiне - хабарландыру декларациясы негiзiнде осы объектiлердiң орналасқан жерi бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органдарынан қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алады.
4. Табиғат пайдаланушылар II, III және IV санат объектiлерiне рұқсатты осы объектiлер орналасқан жер бойынша аумақтық органдардан алады.
79-бап. Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алу үшiн табыс
етiлетiн материалдар
1. Табиғат пайдаланушы қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алу үшiн рұқсат берудi жүзеге асыратын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға қажеттi құжаттар топтамасын табыс етедi.
2. I және II-санаттағы объектiлерi бар табиғат пайдаланушыларға қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алу үшiн құжаттар топтамасы:
1) рұқсат алуға өтiнiмдi;
2) Қоршаған ортаға әсердi бағалау жөнiндегi бөлiмiмен белгiленетiн қызмет жобасына мемлекеттiк экологиялық сараптама қорытындысын;
3) пайдаланылатын технологиялық шешiмдердiң түйiнiн;
4) мемлекеттiк экологиялық сараптаманың қорытындысын қоса алғанда, қоршаған орта сапасының экологиялық нормативтерi немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткiштерi негiзiнде белгiленген тәртiппен есептелген эмиссиялар нормативтерiнiң жобаларын;
5) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар бағдарламасының жобасын;
6) өндiрiстiк экологиялық бақылау бағдарламасының жобасын;
7) экологиялық сақтандыру мiндеттi болып табылатын табиғат пайдаланушылар үшiн мiндеттi экологиялық сақтандыру шартының нотариалды куәландырылған көшiрмесiн қамтиды.
3. III санаттағы объектiлерi бар табиғат пайдаланушыларға қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алу үшiн құжаттар топтамасы:
1) рұқсат алуға өтiнiмдi;
2) мемлекеттiк экологиялық сараптаманың қорытындысын қоса алғанда, қоршаған орта сапасының экологиялық нормативтерi немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткiштерi негiзiнде белгiленген тәртiппен есептелген эмиссиялар нормативтерiнiң жобаларын;
3) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар бағдарламасының жобасын;
4) өндiрiстiк экологиялық бақылау бағдарламасының жобасын;
5) экологиялық сақтандыру мiндеттi болып табылатын табиғат пайдаланушылар үшiн мiндеттi экологиялық сақтандыру шартының нотариалды куәландырылған көшiрмесiн қамтиды.
4. III санаттағы объектiлерi бар табиғат пайдаланушыларға қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алу үшiн құжаттар топтамасы:
1) рұқсат алуға өтiнiмдi;
2) қолданылатын техникалық шешiмдер, кәрiздер, желдеткiш, қалдықтарды шығару, автомобиль көлiгiн пайдалану туралы ақпаратты қамтитын хабарландыру декларациясын қамтиды.
5. Қоршаған ортаны ластаудың жылжымалы көздерi бар жеке және заңды тұлғалар экологиялық рұқсатты ресiмдеусiз арнаулы табиғат пайдалануды жүзеге асырады.
6. Рұқсат алуға өтiнiмнiң және хабарландыру декларациясының нысандарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.
80-бап. Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатқа енгiзiлетiн
табиғат пайдалану жағдайлары
1. Табиғат пайдаланушының Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын қызмет түрлерi үшiн арнаулы экологиялық талаптар мен нормалар қабылданған болса, қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатқа осы талаптар мен нормалардың орындалуын қамтамасыз ететiн табиғат пайдалану жағдайлары енгiзiлуi мүмкiн.
2. Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатқа табиғат пайдаланудың белгiлi бiр жағдайларын енгiзу туралы шешiмдi рұқсат беретiн органдар қабылдайды.
3. Қазақстан Республикасында белгiленген экологиялық талаптар мен нормаларда көзделмеген табиғат пайдалану жағдайларын қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттарға енгiзуге тыйым салынады.
4. Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатқа табиғат пайдалану жағдайларын енгiзу тәртiбiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.
81-бап. Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатқа өтiнiм беру,
оны қарау, рұқсат беру мен рұқсатты келiсiп алу
мерзiмдерi
1. Өтiнiм беру қолданыстағы рұқсат мерзiмi бiткенге дейiнгi не жаңа объектiнi пайдалануға бергенге дейiнгi төрт айдан кешiктiрiлмей жүзеге асырылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган өтiнiм тiркелген кезден бастап бiр айдан аспайтын мерзiм iшiнде өтiнiмдi табыс етiлген материалдардың толықтығы нысанасында қарайды. Осы мерзiм iшiнде табыс етiлген өтiнiм бойынша қосымша құжаттар сұратылуы мүмкiн. Осы мерзiм бiткеннен кейiн өтiнiм қарауға қабылданады не табыс етiлген материалдардың жетiспеуi салдарынан қабылданбайды.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган өтiнiмдер тiркелген күннен бастап төрт айдан аспайтын мерзiмде қабылданған өтiнiмдердi қарайды. Осы мерзiм бiткеннен кейiн қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат не өтiнiмдi осы Кодекстiң талаптарына сәйкес келмеуiне байланысты қабылдамау туралы дәлелдi қорытынды берiледi.
82-бап. Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беру үшiн
негiздер
1. Мына шарттар сақталған жағдайда:
1) осы Кодекстiң 79-бабына сәйкес қажеттi құжаттар мен материалдар табыс етiлсе;
2) қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерiнiң жобасы осы Кодекстiң 5-тарауының талаптарына сәйкес келсе;
3) қоршаған ортаға әсердi бағалау материалдары эмиссиялар нормативтерiнiң және табиғат пайдалану жағдайларының қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамада белгiленген экологиялық талаптар мен нормаларға сәйкес келетiнiн растаса;
4) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар бағдарламасы экологиялық заңнамада белгiленген экологиялық талаптар мен нормаларға сәйкес келсе және эмиссиялар нормативтерiне қол жеткiзудi қамтамасыз етсе;
5) өндiрiстiк экологиялық бақылау бағдарламасы осы Кодекстiң 15-тарауында белгiленген талаптарға сәйкес келсе, табиғат пайдаланушыларға I және II санаттағы объектiге қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат берiлуге тиiс.
2. Егер:
1) осы Кодекстiң 79-бабына сәйкес қажеттi құжаттар мен материалдар табыс етiлсе;
2) қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерiнiң жобасы мен табиғи ресурстарды алу нормативтерiнiң жобасы осы Кодекстiң 5-тарауының талаптарына сәйкес келсе;
3) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар бағдарламасы экологиялық заңнамада белгiленген экологиялық талаптар мен нормаларға сәйкес келсе және эмиссиялар мен табиғи ресурстарды алу нормативтерiне қол жеткiзудi қамтамасыз етсе;
4) өндiрiстiк экологиялық бақылау бағдарламасы осы Кодекстiң 15-тарауында белгiленген талаптарға сәйкес келсе, табиғат пайдаланушыларға III санаттағы объектiге қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат берiлуге тиiс.
3. Егер ол қажеттi өтiнiм мен хабарландыру декларациясын табыс етсе, табиғат пайдаланушыларға IV санаттағы объектiге қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат берiлуге тиiс.
83-бап. Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттың қолданылу
мерзiмдерi
Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат қолданыстағы рұқсатта көрсетiлген, қолданылатын технологиялар мен табиғат пайдалану жағдайлары өзгергенге дейiн, бiрақ:
1) табиғат пайдаланушыларға I санаттағы объектiге 3 жылдан аспайтын мерзiмге;
2) табиғат пайдаланушыларға II, III және IV санаттағы объектiлерге 5 жылдан аспайтын мерзiмге берiледi.
84-бап. Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беруден бас
тарту, оны тоқтата тұру және күшін жою
1. Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беретiн органдар мынадай:
1) рұқсат алу үшiн табыс етiлген материалдар толық емес және дәйексiз болған;
2) сұратып отырған табиғат пайдалану жағдайлары осы Кодекстiң 80-бабында баяндалған талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда, рұқсат беруден бас тартуы мүмкiн.
2. Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттың қолданылуын мынадай:
1) табиғат берушiлердiң дәйексiз деректердi табыс ету фактiлерi, оның iшiнде қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерiн есептеуге байланысты қателiктер анықталған;
2) табиғат пайдаланушылар рұқсатта көрсетiлген табиғат пайдалану жағдайларын, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгiленген экологиялық талаптар мен нормаларды бұзған жағдайларда, оны берген орган үш айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұруы мүмкiн.
3. Рұқсат берген органдар мынадай:
1) табиғат пайдаланушылар рұқсатта көрсетiлген табиғат пайдалану жағдайларын, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгiленген экологиялық талаптар мен нормаларды жүйелi түрде (рұқсаттың қолданылу мерзiмi iшiнде 3 реттен астам) бұзған;
2) рұқсаттың қолданылуы тоқтата тұрылған бұзушылықтар белгiленген мерзiмде жойылмаған жағдайларда, рұқсаттың күшiн жоюы мүмкiн.
4. Рұқсатты тоқтата тұру мен рұқсаттың күшiн жою бiр айлық мерзiмде осы баптың 2, 3-тармақтарында көрсетiлген жағдайларда табиғат пайдаланушыға қабылданған шешiмнiң себептерi туралы және (немесе) оларды жою мерзiмдерi туралы жазбаша түрде хабарландыру беру жолымен жүзеге асырылады. Хабарлама алу арнайы табиғат пайдалану құқығын жүзеге асыруды тоқтатуға әкеп соғады.
5. Табиғат пайдаланушы хабарландыруда көрсетiлген бұзушылықтарды жойған жағдайда, рұқсаттың қолданылуын тоқтата тұру жөнiнде шешiм қабылдаған органның жазбаша растауы негiзiнде рұқсаттың қолданылуы жаңартылады.
85-бап. Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатты қайта
ресiмдеу тәртiбi
1. Рұқсат:
1) берiлген лимиттердi қайта есептеудi талап ететiн табиғат пайдалану режимi өзгертiлген;
2) табиғат пайдаланушының қызмет бейiнi және (немесе) оның ұйымдық-құқықтық нысаны өзгертiлген, технологиясы ауыстырылған жағдайларда, қайта ресiмделуi мүмкiн.
2. Мына құжаттар:
1) заңды тұлғаны тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiк;
2) салық төлеушiнiң куәлiгi;
3) статистикалық карточка;
4) инспекциялық тексерудiң табиғат пайдалану режимiн өзгерту болмағандығын растайтын актiсi болған ретте рұқсатты қайта ресiмдеу жүзеге асырылады.
86-бап. Кешендi экологиялық рұқсат
1. Кешендi экологиялық рұқсат табиғат пайдаланушының қоршаған ортаға эмиссияны және табиғи ресурстарды алуды ең озық қолжетiмдi технологияларды енгiзу арқылы Қазақстан Республикасында белгiленген техникалық үлес нормативтерiн сақтау шартымен жүзеге асыру құқығын растайтын бiртұтас құжат болып табылады.
2. Озық қолжетiмдi технологиялар шаруашылық қызметтiң қоршаған ортаға терiс әсерiнiң деңгейiн қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткiштерiне дейiн азайтуға бағытталған ұйымдастырушылық және басқарушылық шараларды қамтамасыз ететiн пайдаланылып жүрген, сондай-ақ жоспарланып отырған салалық технологияларды, техника мен жабдықтарды қамтиды.
3. Өнеркәсiптiң жекелеген процестерi мен салалары үшiн ең озық қолжетiмдi технологиялар тiзбесiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық уәкiлеттi орган өнеркәсiптiң орталық атқарушы органдарын және басқа да мүдделi тараптарды қатыстыра отырып әзiрлейдi. Ең озық қолжетiмдi технологиялар тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
4. Қазақстан Республикасының Үкiметi қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттың орнына кешендi экологиялық рұқсат алуы қажет өнеркәсiп объектiлерi үлгiсiнiң тiзбесiн белгiлейдi.
5. Кешендi экологиялық рұқсат осы Кодекстiң 76-бабында айқындалған ақпараттан бөлек, мыналарды:
1) шикiзат пен энергияны үнемдеп пайдалану талаптарын;
2) қалдықтарды басқару жүйесiн;
3) қалыпты пайдалану жағдайларынан ерекшеленетiн жағдайларда пайдалану жөнiндегi iс-әрекеттер мен шараларды;
4) ең озық қолжетiмдi технологияларға қол жеткiзу мерзiмдерi мен шарттарын қамтуға тиiс.
6. Кешендi экологиялық рұқсат осы рұқсатта көрсетiлген қолданылатын технологиялар мен табиғат пайдалану жағдайлары өзгергенге дейiн қолданылады.
7. Кешендi экологиялық рұқсаттар беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
IV бөлiм. Қоршаған ортаны қорғауды және табиғат пайдалануды экономикалық реттеу
10-тарау. Қоршаған ортаны қорғауды және табиғат пайдалануды экономикалық реттеу тетiктерi
87-бап. Қоршаған ортаны қорғауды және табиғат
пайдалануды экономикалық реттеу тетiктерiнiң
түрлерi
1. Қоршаған ортаны қорғауды және табиғат пайдалануды экономикалық реттеу тетiктерiнiң түрлерi:
1) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шараларды жоспарлау мен қаржыландыру;
2) қоршаған ортаға эмиссия үшiн ақы төлеу;
3) табиғи ресурстардың жекелеген түрлерiн пайдаланғаны үшiн ақы төлеу;
4) қоршаған ортаны қорғауды экономикалық жағынан ынталандыру;
5) нарықтық тетiктер және қоршаған ортаға эмиссия үшiн квоталармен сауда;
6) экологиялық сақтандыру;
7) қоршаған ортаға келтiрiлген зиянды экономикалық бағалау болып табылады.
88-бап. Қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар
1. Қоршаған ортаны қорғауға және оның сапасын жақсартуға бағытталған технологиялық, техникалық, ұйымдастырушылық, әлеуметтiк және экономикалық шаралар кешенi қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар болып табылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар келесi критерийлерге сәйкес болуы қажет:
1) экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталу;
2) қоршаған орта компоненттерiнiң жай-күйiн қоршаған ортаның сапалық сипаттамаларын арттыру арқылы жақсарту;
3) экологиялық жүйенiң жай-күйiн тұрақтандыру мен жақсартуға, биологиялық әртүрлiлiктi сақтауға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен молықтыруға көмектесу;
4) қоршаған орта мен халықтың денсаулығына залал келтiрудi ескерту және оның алдын алу;
5) қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты ұтымды пайдалануға және қоршаған ортаны басқарудың халықаралық стандарттарын енгiзуге бағытталған әдiстер мен технологияларды жетiлдiру;
6) өндiрiстiк экологиялық бақылауды дамыту;
7) қоршаған ортаны қорғау саласындағы ақпараттық жүйелердi қалыптастыру және экологиялық ақпарат беруге ықпал ету;
8) экологиялық бiлiмдi насихаттауға, экологиялық тәрбиелеуге және тұрақты даму үшiн бiлiм беруге ықпал ету өлшемдерiне сай келсе, қоршаған ортаны қорғау саласындағы iс-шараға жатады.
3. Қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шараларға осы баптың 2-тармағында көзделген өлшемдерге жауап беретiн инвестициялық экологиялық жобалар жатқызылуы мүмкiн.
4. Қоршаған ортаны қорғау жөнiндегі iс-шаралардың үлгiлiк тiзбесiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган бекiтедi.
89-бап. Қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шараларды
қаржыландыру
1. Қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру:
1) бюджет қаражаты;
2) табиғат пайдаланушылардың өз қаражаты;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге көздер есебiнен жүзеге асырылады.
90-бап. Бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылатын
қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шараларды
жоспарлау
1. Әр түрлi деңгейдегi бюджеттерден қаржыландырылатын қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар мемлекеттiк, салалық (секторлық) және өңiрлiк бағдарламаларда белгiленетiн бағыттарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi билiк органдарының шешiмдерiне сәйкес айқындалады.
2. Бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылатын экологиялық бағдарламаларды (жоспарларды) әзiрлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасымен белгiленедi.
3. Қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар Қазақстан Республикасының, әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң әлеуметтiк-экономикалық даму бағдарламаларына (жоспарларына), белгiлi бiр аумақтың экологиялық бағдарламаларына (жоспарларына) енгiзiледi.
4. Өңiрлiк экологиялық бағдарламалар (жоспарлар) және тиiстi аумақтың әлеуметтiк-экономикалық даму бағдарламалары (жоспарлары) олар бекiтiлгенге дейiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiлуге тиiс.
5. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары инвестициялық экологиялық жобаларды (бағдарламаларды) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес әзiрлеп, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға ұсынады.
6. Экологиялық бағдарламаларды әзiрлеу үшiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы жобалардың ашық конкурсы жүргiзiлуi мүмкiн, оларды өткiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
91-бап. Табиғат пайдаланушылардың өз қаражаты есебiнен
қаржыландырылатын қоршаған ортаны қорғау
жөнiндегi iс-шараларды жоспарлау
1. Табиғат пайдаланушының өз қаражаты есебiнен қаржыландырылатын қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шараларды табиғат пайдаланушы өзi жоспарлайды.
2. Қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар табиғат пайдаланушы экологиялық рұқсаттар алу үшiн әзiрлейтiн қоршаған ортаны қорғау жөнiндегі iс-шаралар бағдарламасының жобасына енгiзiледi.
92-бап. Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым
салынбаған өзге көздер есебiнен
қаржыландырылатын қоршаған ортаны қорғау
жөнiндегi iс-шараларды жоспарлау
Өзге де көздер есебiнен қаржыландырылатын қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шараларды жоспарлау Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
93-бап. Қоршаған ортаға эмиссия үшiн ақы төлеу
1. Қоршаған ортаға эмиссия үшiн ақы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленедi.
2. Табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға кешендi экологиялық рұқсатта айқындалған нормативтер шегiнде жүзеге асыратын эмиссия үшiн ақы Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн заттар тiзбесiне сәйкес өндiрiп алынады.
3. Қоршаған ортаға эмиссия үшiн ақыны есептеу әдiстемесiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.
4. Қоршаған ортаға эмиссия үшiн төлем ставкаларын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен базалық ставкалардан төмен болмайтындай етiп белгiлейдi.
5. Қоршаған ортаға эмиссиялар үшiн мiндеттi салықтық төлемақыларды орындау, табиғатты пайдаланушыларды қоршаған ортаға келтiрген зиянды өтеуден босатпайды.
94-бап. Табиғи ресурстардың жекелеген түрлерiн
пайдаланғаны үшiн бюджетке төленетiн мiндеттi
төлемдер
Табиғи ресурстардың жекелеген түрлерiн пайдаланғаны үшін бюджетке төленетiн мiндеттi төлемдер Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленедi.
95-бап. Қоршаған ортаны қорғауды экономикалық
ынталандыру шаралары
Қоршаған ортаны қорғауды экономикалық ынталандыру қоршаған ортаны қорғауды тиiмдi жүзеге асыратын табиғат пайдаланушыларға салық жеңiлдiктерiн беру және салық заңнамасында көзделген ынталандыру сипатындағы өзге де шаралар арқылы жүзеге асырылады.
96-бап. Халықаралық қарыздар бойынша мемлекеттiк
қамсыздандыру
Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шараларды iске асыруға халықаралық қарыздар бойынша мемлекеттiк қамсыздандыруы мүмкiн.
97-бап. Табиғи ресурстарды басқарудың нарықтық тетiктерi
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi қоршаған ортаға эмиссияларды қысқарту мақсатында қоршаған ортаға эмиссияға лимиттер (квоталар) бекiту жолымен нарықтық тетiктер қолдануы мүмкiн.
2. Қоршаған ортаға эмиссияларға лимиттер (квоталар) алу тәртiбiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган әзiрлейдi.
3. Табиғат пайдаланушы қоршаған ортаға эмиссиялардың жылдық лимитiне (квотасына) құқық алады. Квотаны үнемдеген кезде табиғат пайдаланушының квотаның бiр бөлiгiн басқа табиғат пайдаланушыға сатуға құқығы бар.
4. Табиғат пайдаланушы бекiтiлген жылдық квота бойынша мiндеттемелердi орындамаған жағдайда, белгiленген мерзiмде басқа табиғат пайдаланушыдан квоталар сатып алады.
5. Берiлетiн мiндеттемелердiң құны тараптардың келiсiмi негiзiнде айқындалады.
6. Мiндеттемелердi беру туралы шарттың негiзiнде экологиялық рұқсаттарға осы Кодекстiң 85 және 86-баптарында белгiленген тәртiппен өзгерiстер енгiзiледi.
7. Қоршаған ортаға эмиссияларды қысқартуға арналған квоталармен және мiндеттемелермен сауда тәртiбiн және нарықтық басқару тетiктерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
98-бап. Халықаралық деңгейдегi квоталармен сауда
1. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келiсiмдерде Қазақстанның қоршаған ортадағы эмиссияларды қысқарту жөнiндегi квоталармен саудаға қатысу мүмкiндiгi көзделсе, табиғат пайдаланушылар Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен шетелдiк жеке және заңды тұлғалармен тиiстi шарттық қатынастарға кiрiсе алады.
2. Қазақстан Республикасы резидентiнiң шетелдiк жеке және заңды тұлғалармен жасасқан квоталар саудасы туралы шарты Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн уәкiлеттi органда тiркелуге тиiс.
99-бап. Экологиялық сақтандыру
1. Үшiншi бiр тұлғалардың өмiрiне, денсаулығына, мүлкiне және (немесе) қоршаған ортаның авариялық ластануы нәтижесiнде соған келтiрiлген зиянды өтеу экологиялық сақтандырудың мақсаты болып табылады.
2. Мiндетті экологиялық сақтандыру Қазақстан Республикасының мiндеттi экологиялық сақтандыру туралы заңнамалық актiсiне сәйкес жүзеге асырылады. Шаруашылық және өзге де қызметтiң экологиялық қауiптi түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
3. Ерiктi экологиялық сақтандыруды жеке және заңды тұлғалар өз еркiмен жүзеге асырады. Ерiктi экологиялық сақтандырудың түрлерi, шарттары және тәртiбi сақтанушылар мен сақтандырушылар арасындағы келiсiмдермен айқындалады.
11-тарау. Қоршаған орта саласындағы экономикалық есепке алу мен есептілiк
100-бап. Қоршаған орта саласындағы экономикалық есепке
алу мен есептiлiктi тағайындау
Қазақстан Республикасында:
1) қоршаған ортаны қорғау процесiнiң экономикалық аспектiлерiн талдау мен бағалау;
2) табиғат пайдалану процесiнiң тиiмдiлiгiне ықпал ететiн экономикалық факторларды анықтау;
3) экономиканың тұрақты даму деңгейiн анықтау мақсатында қоршаған ортаны қорғау саласындағы экономикалық есепке алу жүзеге асырылады.
101-бап. Табиғат пайдаланушылардың қоршаған орта
саласындағы экономикалық есепке алу мен
есептiлiк жүргiзу жөнiндегi мiндеттерi
1. Табиғат пайдаланушылар мынадай экономикалық факторлар:
1) өндiрiстiң материалдық балансы;
2) тұтынылатын ресурстар мен энергиялардың құны;
3) табиғат қорғау iс-шараларын iске асыруға жұмсалатын шығындар;
4) өндiрiстiк экологиялық бақылау жүргiзуге жұмсалатын шығындар, оның iшiнде қоршаған ортаны қорғауға жауапты персоналды ұстауға жұмсалатын шығындар;
5) қоршаған ортаны қорғау саласында ғылыми және жобалау жұмыстарын жүргiзуге жұмсалатын шығындар шегiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы экономикалық есепке алу мен есептiлiк жүргiзуге мiндеттi.
2. Табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық факторлары жөнiндегi есептiлiктi Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органы белгiлеген нысандарға сәйкес және мерзiмдерде қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органға беруге мiндеттi.
12-тарау. Қоршаған ортаға келтiрiлген залалды экономикалық бағалау
102-бап. Қоршаған ортаға келтiрiлген залалды
экономикалық бағалау тәртiбi
1. Қоршаған ортаға келтiрiлген залалды экономикалық бағалау қоршаған ортаны және табиғи ресурстардың тұтыну қасиеттерiн қалпына келтiру үшiн қажеттi шығындардың құндық шамасы.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның лауазымды тұлғалары қоршаған ортаға зиян келтiру фактiсi белгiленген күннен бастап бiр ай мерзiмде қажеттi материалдарды жинауды және талдауды жүргiзедi және қоршаған ортаны ластаудан келтiрiлген зиянды экономикалық бағалауды белгiлейдi.
3. Зиянды экономикалық бағалауды белгiлеу кезiнде мыналар назарға алынады:
1) қоршаған ортаны қалпына келтiру және қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманы бұзудың салдарларын жою жөнiндегi шаралардың құны;
2) ағымдағы жылға арнап жергiлiктi өкiлеттi органдар бекiткен қоршаған ортаны эмиссия үшiн төлем ставкалары;
3) келтiрiлген зиянның экологиялық қауiптiлiгiнiң дәрежесi;
4) экологиялық тәуекел дәрежесi;
5) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес орман, жер заңнаманы, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы заңнамасын бұзумен келтiрген зиянды өтеу мөлшерi.
4. Зиянды экономикалық бағалау мынадай әдiстермен белгiленедi:
1) зиянды экономикалық бағалаудың тура әдiсi;
2) зиянды экономикалық бағалаудың жанама әдiсi.
5. Осы кодекстiң 1-Ережесiмен қарастырылған, зиянды экономикалық бағалау әдiстерiн есептеу жүргiзiледi.
103-бап. Залалды тiкелей әдiспен бағалау
1. Залалды тiкелей әдiспен бағалау аса тиiмдi инженерлiк, ұйымдық-техникалық және технологиялық iс-шаралар арқылы қоршаған ортаны қалпына келтiруге, бүлiнген табиғи ресурстардың орнын толтыруға, тiрi организмдердi сауықтыруға қажеттi нақты шығындарды анықтаудан тұрады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның лауазымды тұлғалары бiрiншi кезекте зиян келтiрген заңды және жеке тұлғалардың қоршаған ортаны қалпына келтiру жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру мүмкiндiгiн қарастырады. Бұл ретте, қоршаған ортаны қалпына келтiру жөнiндегi iс-шараларды жүргiзу жөнiндегi тиiстi мiндеттемелер зиян келтiрген заңды және жеке тұлғалардың нақты iс-шаралар мен олардың жүргiзiлу мерзiмi көрсетiлген кепiл хатында жазылады.
3. Залалдың салдарларын жою жөнiндегi шаралар құны нарықтық құн бойынша айқындалады.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның лауазымды адамдары залалды тiкелей әдiспен экономикалық бағалау кезiнде тәуелсiз сарапшылар тарта алады. Сарапшылар ретiнде экологиялық аудиторлар, жобалау, инженерлiк және ғылыми ұйымдардың мамандары қатыса алады.
5. Тәуелсiз сарапшылар жұмысына ақы төлеу жөнiндегi мiндет қоршаған ортаға залал келтiрген кiнәлi тұлғаға жүктеледi.
104-бап. Залалды жанама әдiспен бағалау
1. Залалды жанама әдiспен бағалау залалды тiкелей әдiспен бағалауды қолдану мүмкiн болмайтын жағдайларда қолданылады.
2. Зиянды жанама әдiспен экономикалық бағалау, қоршаған ортаға әсер ету түрлерiне қарай ингредиент арқылы зиянды әрбiр ингредиент бойынша жеке жиынтықтау жолымен белгiленедi.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманы бұзудан туындаған экологиялық қауiптiң деңгейiн, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның лауазымды тұлғалары осы Кодекстiң 2-қосымшасында келтiрiлген критерийлердiң негiзiнде белгiлейдi.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманы бұзудан туындаған экологиялық тәуекелдiң деңгейiн, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның лауазымды тұлғалары осы Кодекстiң 3-қосымшасында келтiрiлген критерийлердiң негiзiнде белгiлейдi.
Уәкiлеттi органның лауазымды тұлғалары осы Кодекстiң 3-қосымшасында келтiрiлген критерийлердiң негiзiнде белгiлейдi.
V бөлiм. Экологиялық бақылау мен аудит
13-тарау. Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, пайдалану мен молықтыру саласындағы мемлекеттiк бақылау
105-бап. Мемлекеттiк бақылаудың мақсаты, мiндеттерi мен
түрлерi
1. Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, пайдалану мен молықтыру саласындағы мемлекеттiк бақылаудың мақсаты экологиялық қауiпсiздiктi, табиғи және энергетикалық ресурстарды үнемдеудi, биологиялық ресурстарды орнықты пайдалануды, ұлттық өнiмнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруды қамтамасыз ету болып табылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, пайдалану мен молықтыру саласындағы мемлекеттiк бақылаудың мiндеттерi осы Кодексте, Қазақстан Республикасының экологиялық және табиғи ресурстар қатынастарын реттейтiн өзге де заңнамалық актiлерiнде белгiленедi.
3. Қазақстан Республикасында қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, пайдалану мен молықтыру саласындағы мемлекеттiк бақылаудың мынадай:
1) экологиялық бақылау;
2) жерлердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау;
3) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы бақылау;
4) жер қойнауын зерттеу мен пайдалану саласындағы бақылау;
5) орман заңнамасы саласындағы бақылау;
6) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы бақылау;
7) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы бақылау түрлерi қолданылады.
4. Табиғи ресурстарды қорғауды, пайдалану мен молықтыруды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырудың мiндеттерi мен тәртiбi Қазақстан Республикасының табиғи ресурстары қатынастарын реттейтiн заңнамасымен айқындалады.
106-бап. Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды
қорғау, пайдалану мен молықтыру саласындағы
мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органдар
Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, пайдалану мен молықтыру саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органдар:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган;
2) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкiлеттi орган;
3) жер ресурстарын басқару жөнiндегi уәкiлеттi орган;
4) орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi орган;
5) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi орган;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi орган;
7) жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган;
8) өнеркәсiптiк қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган;
9) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган;
10) ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган;
11) өсiмдiктердi қорғау мен олардың карантинi саласындағы уәкiлеттi орган;
12) атом энергиясы саласындағы уәкiлеттi орган болып табылады;
13) көлiктiк бақылау органы.
107-бап. Мемлекеттiк экологиялық бақылаудың мiндеттерi
Мемлекеттiк экологиялық бақылау мынадай мiндеттерге:
1) Қазақстан Республикасының экологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге;
2) табиғат пайдаланушылардың әлеуметтiк жауапты және экологиялық тиiмдi мiнез-құлқын қалыптастыруға;
3) табиғат пайдаланушылардың заңды орындауын арттыруға және экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алуға;
4) ұлттық экономиканың бәсекеге қабiлеттiгiн арттыруға қол жеткiзу үшiн қолданылады.
108-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылаудың бағыттары
1. Мемлекеттiк экологиялық бақылау мыналарға:
1) экологиялық заңнаманың сақталуына;
2) қоршаған ортаның ластану салдарларын жою жөнiндегi шаралардың жүргiзiлуiне;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы экологиялық талаптардың сақталуына;
4) табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы экологиялық талаптардың сақталуына;
5) жерлердi жақсарту, жерлердiң тозуын туындататын процестер салдарларының алдын алу мен жою, топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру және сақтау жөнiндегi iс-шаралар кешенiнiң жүргiзiлуiне;
6) кәсiпорындарды, құрылыстар мен өзге де объектiлердi салу және реконструкциялау кезiнде жердi қайта құнарландыру жөнiнде шаралар қабылдануын қамтамасыз ететiн экологиялық талаптардың сақталуына;
7) кәсiпорындарды, құрылыстар мен өзге де объектiлердi пайдалануға енгiзу мен пайдалану кезiнде жердi қайта құнарландыру жөнiнде жобаланған жұмыстардың орындалуына қатысты экологиялық талаптардың сақталуына;
8) жердi бүлдiрумен байланысты жұмыстар жүргiзген кезде топырақтың құнарлы қабатының алынуына, сақталуы мен пайдаланылуына;
9) пайдалы қазбалардың өнеркәсiптiк қорларын өндiрiп алу шамасына қарай немесе басқа да бүлдiретiн процестер мен жұмыстардан босатылған жерлердiң мақсатты тағайындалуына сәйкес одан әрi пайдалануға жарамды жағдайға келтiрiлуiне;
10) жер қойнауын пайдаланудың заңдылығына;
11) жер қойнауын қорғау саласына жататын лицензиялық-келiсiм-шарттық талаптардың сақталуына;
12) жер қойнауының ластанудан, су басудан және кен орны мен басқа да қоршаған орта объектiлерiн бүлдiруге әкеп соғатын техногендiк процестерден сақталуына;
13) кен орны учаскесiн игеру кезiнде жер қойнауын қорғау ережелерiнiң сақталуына;
14) жер қойнауын пайдалану объектiлерiнiң консервациялануы мен жойылуына;
15) жер қойнауын пайдалану және минералдық шикiзатты қайта өңдеу кезiнде экологиялық нормалар мен ережелердiң сақталуына;
16) минералдық шикiзатты өндiру мен қайта өңдеу кезiнде қоршаған ортаны қорғау мәселелерi жөнiндегi жобалық шешiмдердiң сақталуына;
17) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзген кезде авариялық және өзге де қауiптi жағдайлардың алдын алу жөнiндегi iс-шаралардың орындалуына;
18) зиянды заттардың, радиоактивтi қалдықтардың көмiлуiне және ағынды сулардың жер қойнауына жiберiлуiне;
19) Қазақстан Республикасының құрылықтық қайраңында қалдықтар мен басқа да материалдарды көму, консервациялау мен демонтаждау ережелерiнiң орындалуына;
20) су ресурстарын қорғау саласындағы экологиялық талаптардың және су сапасы нормативтерiнiң оның ластану бөлігінде сақталуына;
21) атмосфералық ауаны қорғаудың, оның iшiнде көлiк және басқа да жылжымалы құралдарды пайдалануға шығару және пайдалану кезiнде стандарттарын, нормативтерiн, ережелерi мен өзге де талаптарын сақтауға;
22) кәсiпорындарды пайдалануға енгiзгенде, өнеркәсiптiк және тұрмыстық қалдықтарды қоймалау және жағу кезiнде атмосфералық ауаны қорғау жөнiндегi талаптардың сақталуына;
23) елдi мекендердi, кәсiпорындар мен басқа да объектiлердi орналастыру, жобалау және салу, өндiрiстiк процестердi жүзеге асыру және көлiк құралдарын пайдалану, химиялық және өзге де заттарды қолдану кезiнде жануарлар мен өсiмдiктердi қорғау ережелерiнiң сақталуына;
24) кәсiпорындарды, құрылыстар мен өзге де объектiлердi салу, реконструкциялау, пайдалануға енгiзу мен пайдалану кезiнде экологиялық талаптардың сақталуына;
25) радиоактивтi және өзге де экологиялық қауiптi заттарды пайдалану, сақтау, тасымалдау, көму, кәдеге жарату немесе олармен өзгеше жұмыс iстеу ережелерiнiң сақталуына;
26) химиялық және биологиялық заттарды қолдану, сақтау, тасымалдау жөнiнде белгiленген нормалар мен ережелердiң сақталуына;
27) экологиялық рұқсаттарда белгiленген шарттардың орындалуына;
28) өндiрiс пен тұтыну қалдықтарын есепке алудың, кәдеге жарату мен залалсыздандырудың белгiленген нормалары мен ережелерiнiң сақталуына;
29) зиянды (ластағыш) заттарды шығарудың, тастаудың стационарлық көздерi бар және өндiрiс пен тұтыну қалдықтары пайда болатын объектiлердiң санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын экологиялық талаптардың сақталуына;
30) Қазақстан Республикасының аумағындағы радиациялық жағдайға, қоршаған орта объектiлерiнiң радиоактивтi заттармен ластануын ескерту жөнiндегi жобалық шешiмдердiң және рұқсаттардың қолданылу талаптарының орындалуына;
31) радионуклидтердi қоршаған ортаға шығару мен тастау алдында тазарту құрылыстары жұмысының технологиялық регламенттерiнiң сақталуына;
32) өндiрiстiк экологиялық бақылау нормалары мен ережелерiнiң сақталуына;
33) мiндеттi экологиялық сақтандыру туралы заңнаманың сақталуына;
34) қоршаған ортаны қорғау саласындағы лицензиялық нормалар мен ережелердiң сақталуына;
35) мемлекеттiк экологиялық сараптаманы мiндеттi түрде жүргiзу туралы заңнамасының сақталуына және оның талаптарының орындалуына;
36) мiндеттi экологиялық аудит жүргiзу туралы және қоршаған ортаны қорғау мәселелерi бойынша ақпарат беру ережелерiнiң сақталуына және ақпараттың дәйектiлiгiне;
37) Қазақстан Республикасының құрылықтық қайраңында теңiздегi ғылыми зерттеулердi жүргiзу кезiнде экологиялық талаптардың сақталуына;
38) Қазақстан Республикасының құрылықтық қайраңының минералдық және жанды ресурстарын берудiң заңдылығына;
39) климатты және Жердiң озон қабатын қорғау мәселелерi бойынша стандарттардың, нормативтердiң, ережелердiң және экологиялық заңнаманың өзге талаптарының сақталуына;
40) қауiптi қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау ережелерiнiң сақталуына бақылау жүзеге асырылады.
109-бап. Мемлекеттiк экологиялық бақылауды ұйымдастыру
1. Мемлекеттiк экологиялық бақылау:
1) қоршаған орта мен табиғи ресурстарды мемлекеттiк және ведомстволық статистикалық есепке алудың материалдарын, сондай-ақ кәсiпорындардың, табиғатты пайдаланушылардың табиғат қорғау қызметi туралы деректерiн талдау;
2) табиғат пайдаланушылардың экологиялық заңнаманы сақтауы мен пайдалануына тексеру ұйымдастыру мен жүргiзу;
3) экологиялық заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету үшiн құқықтық құралдарды пайдалануға негiзделген құқық қолдану арқылы жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттiк экологиялық бақылау шаралар кешенiн, оның iшiнде:
1) бақылаудың басымдықтарын айқындауды;
2) бақылаудың қолда бар құралдарын пайдалануды;
3) қызметтiң перспективалық жоспарларын, нақты iс-шаралар мен қажеттi кадрлық және материалдық ресурстарды, сондай-ақ мақсаттарға қол жеткiзудегi прогрестi сипаттайтын сапалық және сандық көрсеткiштердi әзiрлеу мен енгiзудi;
4) тексерiлетiн объектiлер бойынша жұмыстардың жылдық және жедел жоспарларын әзiрлеу мен енгiзудi;
5) инспекциялық тексерулер жүргiзудi;
6) талдама бақылаудың деректерiн және бақылау функцияларын орындау үшiн қажеттi өзге де ақпаратты жинауды, талдау мен пайдалануды;
7) бақылау қызметiн нақты және толық есепке алуды, мемлекеттiк экологиялық бақылау қызметiнiң перспективалық, жылдық және жедел жоспарларын iске асыруды құжаттамалау мен талдауды;
8) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган қызметiнiң ашықтығы мен есептiлiгiн қамтамасыз етудi қамтиды.
110-бап. Мемлекеттiк экологиялық бақылауды жүзеге
асыратын лауазымды адамдар
1. Мемлекеттiк экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
лауазымы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның мемлекеттiк экологиялық бақылау бөлiмшесiнiң басшысы болып табылатын Қазақстан Республикасының бас мемлекеттiк экологиялық инспекторы;
лауазымы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның мемлекеттiк экологиялық бақылау бөлiмшесi басшысының орынбасары болып табылатын Қазақстан Республикасының бас мемлекеттiк экологиялық инспекторының орынбасары;
лауазымы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның мемлекеттiк экологиялық бақылау бөлiмшесiнiң басқармалары мен бөлiмдерiнiң бастықтары және бастықтардың орынбасарлары болып табылатын Қазақстан Республикасының аға мемлекеттiк экологиялық инспекторлары;
лауазымы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның мемлекеттiк экологиялық бақылау бөлiмшесiнiң бас және жетекшi мамандары болып табылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк экологиялық инспекторлары;
лауазымы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) қоршаған ортаны қорғау саласындағы аумақтық органдары бастықтарының орынбасарлары болып табылатын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) бас мемлекеттiк экологиялық инспекторлары;
лауазымы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) қоршаған ортаны қорғау саласындағы аумақтық органдарының мемлекеттiк бақылау бөлiмдерiнiң бастықтары болып табылатын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аға мемлекеттiк экологиялық инспекторлары;
лауазымы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) қоршаған ортаны қорғау саласындағы аумақтық органдарының мемлекеттiк бақылау бөлiмдерiнiң бас және жетекшi мамандары болып табылатын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мемлекеттiк экологиялық инспекторлары;
аудандардың және облыстық бағыныстағы қалалардың мемлекеттiк экологиялық инспекторлары жатады.
2. Мемлекеттiк экологиялық инспекторлар белгiленген тәртiппен нысанды киiм-кешекпен, қызметтiк куәлiктермен, омырау белгiлермен және белгiленген үлгiдегi мөрлермен және пломбирлермен қамтамасыз етiледi.
3. Мемлекеттiк экологиялық инспекторлар қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде мемлекеттiң қорғауында болады. Олардың қызметтiк мiндеттерiн орындауына кедергi келтiретiн iс-әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
4. Мемлекеттiк экологиялық бақылауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру процесiне қандай да бiр лауазымды адамның немесе органның араласуына жол берiлмейдi.
5. Мемлекеттiк экологиялық инспекторлардың өз құзыреттерi шегiнде шығарылған шешiмдерi орындалуға мiндеттi және оларға Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен шағым жасауға болады.
111-бап. Мемлекеттiк экологиялық бақылауды жүзеге
асыратын лауазымды адамдардың құқықтары
1. Мемлекеттiк экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) табиғат пайдаланушылармен және жұртшылықпен өзара iс-қимыл жасасуға және жұртшылықтың экологиялық бақылау жүйесiне қатысуын қамтамасыз етуге;
2) табиғат пайдаланушылардың экологиялық талаптарды ерiктi түрде сақтауына жәрдемдесу құралдарын енгiзу мен пайдалануға;
3) тексерiлетiн объектiлерге, оның iшiнде әскери және қорғаныс объектiлерiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен кедергiсiз кiруге (ocы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған шарттарды орындаған кезде);
4) заңды және жеке тұлғалардың аумақтарына сынамалар алуға арналған өлшеу аспаптары мен жабдықтарды алып кiруге, қажет болғанда аудармашыларды және жұртшылық өкiлдерiн тартуға;
5) қажеттi өлшеу жұмыстарын жүргiзуге, сынамалар (оның iшiнде тауарлар мен материалдардың үлгiлерiн) алуға және соларға талдау жасауға;
6) мемлекеттiк экологиялық бақылауды жүзеге асыруға қажеттi құжаттаманы, талдамалардың нәтижелерiн және өзге де материалдарды сұратуға және тегiн алуға;
7) заңнамада белгiленген тәртiппен қызметтi жүзеге асыруға лицензияларды қайтарып алуға және (немесе) табиғи ресурстарды пайдалануға шартты (келiсiм-шартты) бұзуға және (немесе) табиғат пайдаланушының экологиялық нормалар мен талаптарды қоршаған ортаға және (немесе) халықтың денсаулығына залал келтiрген өрескел бұзуының нәтижесiнде табиғат пайдалануға берiлген экологиялық және өзге де рұқсаттарды қайтарып алуға бастамашы болуға;
8) көлiк құралдарын, оның iшiнде жер бетiнде жүретiн, өзенде және теңiзде жүк тасымалдайтын көлiк құралдарын тоқтатуға және тексерiп қарауға;
9) заңды және жеке тұлғаларға экологиялық құқық бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар шығаруға;
10) соттарға Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы бұзыла отырып жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызметтi шектеу және тоқтата тұру туралы арыздар енгiзуге;
11) қоршаған ортаны қорғау саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi заңнамада белгiленген тәртiппен қарауға, кiнәлiлердi әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапқа тарту туралы материалдарды тиiстi органдарға жiберуге;
12) экологиялық заңнаманы бұзу нәтижесiнде қоршаған ортаға келтiрiлген залал мөлшерiн анықтауға (анықтауға қатысуға) және соның негiзiнде кiнәлi адамдардан осы залалды ерiктi түрде өтеу туралы талап етуге не сотқа талап қоюға;
13) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзушылардың iс-әрекеттерiн болғызбау немесе олардың жолын кесу үшiн iшкi iстер, прокуратура және ұлттық қауiпсiздiк органдарына жүгiнуге;
14) мердiгер барлау, өндiру, бiрлескен барлау мен өндiру жүргізудi не барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салуды және (немесе) пайдалануды тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға әкеп соққан себептердi жоюдан бас тартқан кезде не осы себептердi жою үшiн жеткiлiктi мерзiмде оларды жоймаған кезде; жер қойнауын пайдаланушы экологиялық заңнамада көзделген шараларды қабылдамаған кезде; жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды тоқтата тұруға әкеп соғатын себептердi жою мүмкiн болмаған кезде; мердiгер келiсiм-шартта белгiленген мiндеттердi не бағдарламалық жұмыстарды елеулi түрде бұзған кезде құзыреттi органға жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзуге арналған келiсiм-шарттың қолданылуын тоқтату туралы ұсыныс енгізуге құқылы.
2. Шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң экологиялық талаптарды бұза отырып жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызметiне тыйым салу немесе оны тоқтата тұру сот шешiмi негiзiнде жүргiзiледi.
3. Шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң қызметiне сот шешiмiнсiз тыйым салуға немесе оны тоқтата тұруға жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға мiндеттi түрде жазбаша хабарлай отырып, ерекше жағдайларда талап арызды үш күннен аспайтын мерзiмде сотқа табыс ету мiндеттелiп, аталған мерзiмге рұқсат етiледi. Бұл орайда қызметке тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы акт сот шешiмi шыққанға дейiн қолданылады.
4. Мемлекеттiк экологиялық бақылауды жүзеге асыратын адамдардың заңнамада көзделген жағдайларда арнаулы құралдарды сақтауға, алып жүруге және қолдануға құқығы бар.
112-бап. Мемлекеттiк экологиялық бақылауды жүзеге
асыратын лауазымды адамдардың мiндеттерi
Мемлекеттiк экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
2) өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезiнде заңнама талаптарын сақтауға;
3) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзудың қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгiлерi бар барлық фактiлерi туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға;
4) экологиялық заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету мәселелерi бойынша басқа мемлекеттiк органдармен, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалармен өзара iс-қимыл жасасуға;
5) инспекторлық ақпарат құпиялылығын сақтауға;
6) қызметтiк әдеп ережелерiн сақтауға мiндеттi.
14-тарау. Инспекторлық экологиялық тексерулер
113-бап. Инспекторлық экологиялық тексеру ұғымы, оның
түрлерi және оларды ұйымдастыру
1. Инспекторлық экологиялық тексеру - табиғат пайдаланушылардың экологиялық заңнаманы сақтауы туралы ақпаратты жинау мен талдау жүзеге асырылатын iс-шаралар кешенi.
2. Инспекторлық экологиялық тексеру мынадай түрлерге бөлiнедi:
1) жоспарлы - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жоспарлаған және алдыңғы тексерулерге қатысты осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде белгiленген уақыт аралығы ескерiлiп жүргiзiлетiн тексеру;
2) жоспардан тыс - төтенше экологиялық жағдайларға жедел ден қою, экологиялық заңнаманы бұзушылықты тiкелей анықтау қажеттiгі не бұл туралы ақпарат түскен, сондай-ақ объектiлер пайдалануға берiлген және одан шығарылған, өндiрiс технологиясына елеулi өзгерiстер болған, жоспарлы тексеру нәтижесiнде анықталған кемшiлiктердi жою туралы нұсқамалардың орындалуын бақылау жағдайларында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейтiн тексеру;
3) қарсы - тексеру жүргiзу кезiнде үшiншi тұлғаларға қатысты қосымша ақпарат алу қажеттiгi туындаған жағдайда осы тұлғаларға қатысты жүргiзiлетiн тексеру;
4) рейдтiк - қоршаған ортаны және табиғи ресурстарды қорғау саласындағы жекелеген нормативтiк-құқықтық талаптарды сақтау мәселелерi бойынша бiрнеше шаруашылық жүргiзушi субъектіні бiр мезгiлде тексеру;
5) кешендi - экологиялық бақылау саласындағы уәкiлеттi орган қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы реттеу, бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын басқа мемлекеттiк органдармен бiрлесе отырып жүргiзетiн тексеру.
3. Осы Кодексте белгiленгендерден басқа инспекторлық экологиялық тексерулердiң өзге түрлерiн жүргiзуге тыйым салынады.
4. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, инспекторлық экологиялық тексерудi жүргiзу табиғат пайдаланушының қызметiн тоқтата тұрмауға тиiс.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган осы Кодексте көзделген тәртiппен заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшелерiн бөлек тексеруге құқылы.
6. Инспекторлық экологиялық тексерулердi ұйымдастыру:
1) уәкiлеттi орган басшысының тексерудi жүзеге асыру жөнiндегі мiндеттер мен мәселелер тiзбесiн қамтитын тексерудiң жұмыс жоспарын белгiленген тәртiппен жасауы мен бекiтуiн;
2) қоршаған ортаның авариялық ластануы кезiнде дереу инспекциялық ден қою қажеттiгi жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен құқықтық статистика мен арнайы есепке алулар саласындағы статистикалық қызметтi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын мемлекеттiк органда (бұдан әрi - құқықтық статистика жөнiндегi орган) тексерудi белгiленген тәртiппен тiркеудi;
3) қоршаған ортадағы зиянды (ластаушы) заттардың сапалық және сандық құрамын, сондай-ақ қоршаған ортаға зиянды физикалық әсер етудi айқындаудың техникалық құралдарын дайындау мен қолдануды қамтиды.
7. Табиғат пайдаланушы өзi уәкiлеттiк берген өкiлдiң тексеруге қатысуын қамтамасыз етуге және тексерудiң тиiмдi жүргiзiлуiне жағдай жасауға мiндеттi. Табиғат пайдаланушы мемлекеттiк экологиялық инспекторларға қауiпсiздiк техникасы бойынша қажеттi нұсқама берудi жүргiзуге және оларды жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етуге мiндеттi.
114-бап. Инспекторлық экологиялық тексерулер жүргiзудiң
кезеңдiлiгi мен мерзiмдерi
1. Жоспарлы инспекторлық экологиялық тексерулер жоспардан тыс тексерулер жүргiзу жағдайларын қоспағанда, жылына бiр реттен жиi болмайтындай етiп жүргiзiледi.
2. Инспекторлық экологиялық тексерулер жүргiзудiң берiлген нұсқамада көрсетiлген мерзiмi, жеке кәсiпкер субъектiлерiне осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, нұсқаманы тапсырған кезден бастап отыз жұмыс күнiнен аспауға тиiс.
3. Ерекше күрделi мәселелердi тексеру кезiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган инспекторлық экологиялық тексерулер жүргiзу мерзiмiн өз құзыретiнiң шегiнде құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы статистикалық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк органмен (бұдан әрi - құқықтық статистика жөнiндегi орган) келiсе отырып, құрылымдық бөлiмшелерi жоқ заңды тұлға үшiн елу күнтiзбелiк күнiне дейiн және құрылымдық бөлiмшелерi бар заңды тұлға үшiн сексен күнтiзбелiк күнiне дейiн ұзарта алады. Ерекше күрделi мәселелер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның табиғат пайдаланушыға тапсырылатын жазбаша шешiмiмен расталады.
4. Инспекторлық экологиялық тексерулер жүргiзу мерзiмi қоршаған ортаны қорғау органдарының ақпарат беру туралы сұраулар жiберiлген жағдайда ол бойынша мәлiметтер алған кезге дейiн тоқтатыла тұрады.
115-бап. Инспекторлық экологиялық тексерулер жүргiзудiң
тәртiбi
1. Тексеру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен құқықтық статистика органында мiндеттi түрде тiркелген қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның тексеру тағайындау туралы актiсiнiң (бұдан әрi - тексеру тағайындау туралы акт) негiзiнде жүргiзiледi.
2. Тексерудi тағайындау туралы актiде мынадай мәлiметтер:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның атауы, тексерудi тағайындау жөнiндегi өкiлеттiгi бар адамның тегi, аты-жөнi және атқаратын лауазымы және оның қолы;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның журналы бойынша тексерудi тағайындау туралы актiнiң тiркелген күнi мен нөмiрi;
3) тексерудi жүзеге асыратын лауазымды адамдардың тегi мен аты-жөнi;
4) шаруашылық субъектiсiнiң толық атауы, орналасқан жерi және салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi (бұдан әрi - СТТН);
5) тексерудiң түрi;
6) тексеру мәселесi;
7) тексеру жүргiзу мерзiмi;
8) тексерудi тағайындаудың негiзi қамтылуға тиiс.
3. Тексеру қоғамдық тәртiпке, халықтың денсаулығына және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiне төнген қатердi дереу жоюды талап ететiн қалыптасқан әлеуметтiк-экономикалық жағдайдан туындаған ерекше жағдайларда, тексеру жұмыстан тыс уақытта (түнгi уақытта, демалыс немесе мереке күндерi) жүргiзiлген кезде, сондай-ақ бұзушылықтар солар жасалып жатқан кезде анықталған жағдайларда және дәлелдемелердi бекiту үшiн шұғыл әрекеттер жүргiзу қажет болғанда тексерудi тағайындау туралы акт құқықтық статистика органына тексеру жүргiзу басталғаннан кейiнгi келесi жұмыс күнi ішінде ұсынылады.
4. Тексерiлетiн объектiге келген мемлекеттiк экологиялық инспектор:
1) қоршаған ортаның авариялық ластануына жедел инспекциялық назар аудару жағдайларын қоспағанда, құқықтық статистика жөнiндегi органда тiркеу туралы белгi қойылған тексерудi тағайындау туралы актiнi;
2) қызметтiк куәлiгiн;
3) қажет болғанда, режимдi объектiлерге баруға құзыреттi органның рұқсатын;
4) уәкiлеттi органның басшысы бекіткен тексеру жоспарын көрсетуге мiндетті.
5. Тексерудi тағайындау туралы актiнi тексерiлетiн табиғат пайдаланушыға берген сәттен бастап тексеру жүргiзу басталды деп есептеледі.
6. Тексерудi тағайындау туралы актiнi қабылдаудан бас тартқан немесе тексерудi жүзеге асыратын мемлекеттiк экологиялық инспекторлардың тексеру жүргiзуге қажеттi материалдарға қол жеткiзуiне кедергi келтiрiлген жағдайда хаттама жасалады. Хаттамаға тексерудi жүзеге асыратын мемлекеттiк экологиялық инспектор және тексерiлетiн табиғат пайдаланушының уәкiлеттi адамы қол қояды.
7. Тексерiлетiн табиғат пайдаланушының уәкiлеттi адамы бас тарту себебi туралы жазбаша түсiнiктеме беріп, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы. Тексерудi тағайындау туралы актiнi алудан бас тарту тексеру жүргiзбеуге негіз болып табылмайды.
8. Тексерудi тағайындау туралы актiде көрсетiлген лауазымды адам (адамдар) ғана тексеру жүргiзе алады.
9. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы аумақтық органдар тексеру жүргiзген табиғат пайдаланушылар көрсетiлген органдардың қызметiн тексеру шеңберiнде қайта тексерiлуi мүмкiн.
10. Тексерудi тағайындау туралы бiр актiнiң негiзiнде бiр ғана тексеру жүргiзiледi.
11. Тексерудi тағайындау туралы актi тек бiр ғана табиғат пайдаланушыға (құрылымдық бөлiмшеге) рәсiмделедi.
12. Зерттеулер (сынақтар), сараптамалар жүргiзу үшiн өнiмнiң (сынамалардың) үлгiлерiн iрiктеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
13. Түпнұсқа құжаттарды алып қою Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
116-бап. Мемлекеттiк экологиялық инспекторлардың
инспекторлық экологиялық тексеру жүргiзу үшiн
аумаққа немесе үй-жайға кiруi
1. Табиғат пайдаланушы инспекторлық экологиялық бақылау саласындағы уәкiлеттi органның экологиялық тексеру жүргiзетiн лауазымды адамдарын шаруашылық және өзге де қызмет процесiнде пайдаланылатын аумаққа немесе үй-жайға (тұрғын үй-жайдан басқа) не шаруашылық және өзге де қызмет процесiне байланысты объектiлерге тексеру үшiн кiрзiзуге мiндеттi.
2. Инспекторлық экологиялық тексеру жүргiзетiн мемлекеттiк экологиялық инспекторлардың аталған аумаққа кiруiне кедергi келтiрiлген жағдайда хаттама жасалады.
3. Хаттамаға инспекторлық экологиялық тексеру жүргiзетiн мемлекеттiк экологиялық инспекторлар және табиғат пайдаланушы қол қояды. Табиғат пайдаланушы аталған хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, бұл туралы хаттамаға белгi қойылады және табиғат пайдаланушы бас тарту себептерi туралы жазбаша түсiнiктеме беруге мiндеттi.
4. Егер табиғат пайдаланушының аумағына немесе үй-жайына кiру үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнайы рұқсаттама қажет болса, мемлекеттiк экологиялық инспекторларда арнайы рұқсаттамалар болуға тиiс.
5. Табиғат пайдаланушы:
1) нұсқама белгiленген тәртiппен ресiмделмеген;
2) нұсқамада көрсетiлген тексеру мерзiмi басталмаған немесе бiтiп кеткен;
3) нұсқамада бұл тұлғалар көрсетiлмеген жағдайда, мемлекеттiк экологиялық инспекторларды инспекторлық экологиялық тексеру жүргiзу үшiн аумаққа немесе үй-жайға кiргiзбеуге құқығы бар.
117-бап. Инспекторлық экологиялық тексерудiң нәтижелерi
1. Мемлекеттiк экологиялық инспекторлар тексерулер нәтижесi бойынша мынадай актiлер:
1) экологиялық заңнаманы сақтау жөнiндегi актiнi-нұсқаманы;
2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы;
3) әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулыны шығарады.
2. Акт-нұсқамалар қатаң есептегi құжаттар болып табылады және барлық шаруашылық жүргiзетiн субъектiлер үшiн орындауға мiндеттi.
3. Акт-нұсқамалар:
1) инспекторлық экологиялық тексеру жүргiзу орны, актiнiң жасалған күні;
2) тексерудiң түрi;
3) экологиялық бақылау саласындағы уәкiлеттi органның тексеру жүргiзген лауазымды адамдарының лауазымы, тегi, аты, әкесiнiң аты;
4) табиғат пайдаланушының тегi, аты, әкесiнiң аты не толық атауы;
5) табиғат пайдаланушының орналасқан жерi, банктiк реквизиттерi, сондай-ақ оның тiркеу нөмiрi;
6) табиғат пайдаланушының экологиялық заңнаманың сақталуына және қоршаған ортаға эмиссияларды және табиғи ресурстарды есепке алу жөнiндегi есептiлiктi жүргiзуге жауапты басшысының және лауазымды адамдарының тегi, аты, әкесiнiң аты;
7) алдыңғы тексерулер мен бұрын анықталған Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнiнде қолданылған шаралар туралы мәлiметтер;
8) тиiстi құқықтық нормаларға сiлтеме жасай отырып, анықталған экологиялық заңнаманы бұзушылықтар;
9) экологиялық заңнаманы бұзушылықтардың мерзiмдерi белгiлене отырып, оларды жою туралы нұсқамалар көрсетiлiп жасалады.
4. Табиғат пайдаланушыға акт-нұсқаманы тапсырған күн инспекторлық экологиялық тексеру мерзiмiнiң аяқталуы деп есептеледi.
5. Экологиялық заңнаманың бұзылғандығы анықталмаған жағдайда, бұл туралы инспекторлық экологиялық тексерудiң акт-нұсқамасына тиiстi белгі қойылады.
6. Акт-нұсқамаға құжаттардың көшiрмелерi, талдамалық өлшемдердiң деректерi және инспекторлық экологиялық тексеру барысында алынған басқа да материалдар қоса тiркеледi.
7. Акт-нұсқама екi данада жасалып, оған инспекторлық экологиялық тексерудiң барлық қатысушылары және табиғат пайдаланушының өкiлеттi өкiлi қол қояды. Табиғат пайдаланушының өкiлi актiге қол қоюдан бас тартқан жағдайда, бұл туралы акт-нұсқамада белгi қойылады.
8. Тексеру нәтижелерi бойынша ескертулер және (немесе) наразылықтар болған жағдайда табиғат пайдаланушының басшысы немесе солардың өкiлдерi оларды жазбаша түрде жазып көрсетедi. Ескертулер және (немесе) наразылықтар акт-нұсқамаға қоса тiркеледi, ол жөнiнде тиiстi белгi қойылады.
9. Акт-нұсқаманың бiр данасы алғаны туралы белгi қойылып, табиғат пайдаланушыға тапсырылады. Табиғат пайдаланушы акт-нұсқаманы алудан бас тартқан жағдайда, оған табыс етiлгенi туралы хабар беру арқылы акт-нұсқама жiберiледi.
10. Акт-нұсқама арнайы тiркеу журналында тiркеледi, ол нөмiрленуге, тiгiлуге және оған қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның мөрi басылуға тиiс.
118-бап. Инспекторлық экологиялық тексеру нәтижелерiн
ресiмдеудiң тәртiбi
1. Қоршаған ортаны қорғау органы инспекторлық экологиялық тексеру аяқталғаннан кейiн тексеру актiсiнде көрсетiлген нәтижелер негiзiнде анықталған бұзушылықтар, есептелген айыппұлдар және талаптар туралы қаулы шығарып, ол инспекторлық экологиялық тексеру аяқталғаннан кейiнгi бiр ай мерзiмде табиғат пайдаланушыға жiберiледi.
2. Қоршаған ортаны қорғау органы есептелген айыппұлдар және талаптар туралы қаулыларды бiр нөмiрмен тiркеудi жүзеге асырады.
3. Есептелген айыппұлдар және талаптар туралы қаулыларда мынадай деректемелер мен мәлiметтер:
1) инспекторлық экологиялық тексеру қаулысын және актiсiн тiркеу күнi және нөмiрi;
2) табиғат пайдаланушының тегi, аты, әкесiнiң аты не толық атауы;
3) табиғат пайдаланушының тiркеу нөмiрi және табиғат пайдаланушының есепке алу нөмiрi;
4) есептелген айыппұлдардың мөлшерi;
5) төлеу туралы талап және төлеу мерзiмдерi;
6) шағым жасау мерзiмдерi мен орны қамтылуға тиiс.
4. Есептелген айыппұлдар және талаптар туралы қаулыны алған табиғат пайдаланушы, егер ол инспекторлық экологиялық тексерудiң нәтижелерiне шағым жасамаса, оны қаулыда белгiленген мерзiмдерде орындауға мiндеттi.
5. Егер инспекторлық экологиялық тексерудiң аяғына дейiн экологиялық заңнаманы бұзушылық анықталмаса, мұндай тексерудiң нәтижелерi бойынша қаулы шығарылмайды.
6. Шаруашылық жүргiзушi субъектiнiң басшысы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға заңнаманы бұзушылықтарды жою жөнiндегі нұсқаманың орындалуы туралы ақпаратты нұсқаманы орындау мерзiмi аяқталған соң жетi күннен кешiктiрмей беруге тиiс.
119-бап. Инспекторлық экологиялық тексерудiң қосалқы
құралдары
1. Талдамалық және камералық бақылау инспекторлық экологиялық тексерудiң қосалқы құралдары болып табылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның құрамына кiретiн зертхананың инспекторлық экологиялық тексерудiң толық болуы мен шынайылылығын қамтамасыз ету мақсатында табиғи объектiлерде және ластау көздерiнде тiкелей талдамалық бақылау жүзеге асырылады.
3. Талдамалық бақылау нәтижелерi қоршаған орта сапасының нормативтерiн сақтауын айқындап, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын сақтамауды негiздеу үшiн пайдаланылады.
4. Талдамалық бақылауды табиғат пайдалану объектiсiнiң санитариялық-қорғаныш аймағынан тыс жерлерде жүзеге асыру үшiн сынамалар iрiктеу кез келген уақытта инспекторлық экологиялық тексеру ретiнде тiркеусiз жүзеге асырылуы мүмкiн және ол қоршаған орта сапасының нормативтерiн асыру фактiлерi бойынша тексеру тағайындау туралы актiнi ресiмдеуге негiз болып табылады.
5. Камералық бақылау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган тiкелей орналасқан жер бойынша табиғат пайдаланушы табыс еткен есептiлiк пен басқа да құжаттарды зерттеу және талдау негiзiнде жүзеге асырылады.
6. Табиғат пайдаланушының есептiлiгiнде және басқа да құжаттарында қамтылған мәлiметтер арасында қателiктер мен қайшылықтардың анықталуы тексеру тағайындау туралы актіні ресiмдеуге негiз болып табылады.
120-бап. Мемлекеттiк экологиялық бақылауды жүзеге
асыратын лауазымды адамдардың әрекетiне
(әрекетсiздiгiне) шағым жасау тәртiбi
1. Мемлекеттiк экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың әрекетiне (әрекетсiздiгiне) жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) немесе сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
2. Мемлекеттiк экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың әрекетiне (әрекетсiздiгiне) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген тәртiппен шағым жасалады.
121-бап. Инспекторлық ақпарат құпиялылығы
1. Табиғат пайдаланушыға қатысты құпия ақпарат табиғат пайдаланушының жазбаша рұқсатынсыз басқа тұлғаға берiлмейдi. Ақпараттың құпиялылығы Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiмен және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келiсiмдермен айқындалады.
2. Мемлекеттiк экологиялық инспекторлар өз құжаттамасының және ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етедi. Оларға өзi болмаған кезде табиғат пайдаланушының үй-жайларында құпия құжаттарды қалдыруға, табиғат пайдаланушының қызметкерлерi болғанда немесе телефон арқылы құпия мәселелердi талқылауға тыйым салынады.
3. Мемлекеттiк экологиялық инспекторлардың тексерiлетiн объектiде экологиялық заңнаманың сақталуы туралы ақпаратты бұзушылықтардың болуы туралы соңғы әкiмшiлiк немесе сот шешiмi қабылданғанға дейiн жария етуге құқығы жоқ.
4. Инспекторлық құпияны құрайтын мәлiметтердi қамтитын құжаттарды жоғалту не мұндай мәлiметтердi жария ету Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
15-тарау. Өндiрiстiк экологиялық бақылау
122-бап. Өндiрiстiк экологиялық бақылауды тағайындау
және оның мақсаттары
1. Арнайы табиғат пайдалануды жүзеге асыратын барлық заңды және жеке тұлғалар өндiрiстiк экологиялық бақылауды жүзеге асыруға мiндеттi.
2. Өндiрiстiк экологиялық бақылау мына мақсаттарға:
1) қоршаған ортаға нақты әсер ететiн өндiрiстiк процестердi реттеу саясатына, нысаналы көрсеткiштерiне және құралдарына қатысты шешiмдер қабылдау үшiн ақпарат алуға;
2) экологиялық заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге;
3) өндiрiстiк процестердiң қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсерiн табиғат пайдаланушылардың ең төменгi мөлшерге жеткiзуiне;
4) табиғи және энергетикалық ресурстарды пайдалану тиiмдiлiгiн арттыруға;
5) штаттан тыс жағдайларға неғұрлым жедел алдын орап назар аударуға;
6) компаниялар басшылығы мен персоналдарының неғұрлым жоғары экологиялық ақпараттану және жауаптылық деңгейiн қалыптастыруға;
7) жұртшылықты кәсiпорындардың экологиялық қызметi нәтижелерi және халықтың денсаулығы үшiн тәуекелдер туралы хабардар етуге;
8) экологиялық талаптарға сәйкестiк деңгейiн арттыруға;
9) қоршаған ортаны басқару жүйесiнiң өндiрiстiк және экологиялық тиiмдiлiгiн арттыруға;
10) инвестициялау және кредит беру кезiнде экологиялық тәуекелдердi есепке алуға қол жеткiзуге қызмет етедi.
123-бап. Өндiрiстiк экологиялық бақылауды жүргiзу
тәртiбi
1. Өндiрiстiк экологиялық бақылауды табиғат пайдаланушылар әзiрлеген және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiлген өндiрiстiк экологиялық бағдарламалар негiзiнде табиғат пайдаланушы жүзеге асырады.
2. Өндiрiстiк экологиялық бақылауды мiндеттi түрде жүргiзу туралы талап экологиялық рұқсаттың шарттарына енгiзiледi.
3. Өндiрiстiк экологиялық бағдарламада өнеркәсiптiк экологиялық бақылау процесiнде көрiнетiн мiндеттi параметрлер тiзбесi, оның мерзiмдiлiгiн, ұзақтығы мен өлшем жиiлiгiн анықтау өлшемдерi, пайдаланылатын аспаптық немесе есептiк әдiстер белгiленедi.
4. Өндiрiстiк экологиялық бақылау шеңберiнде қалдықтардың және басқа да зиянды өндiрiстiк факторлардың шығарылу, тасталу, пайда болу деңгейiне ұдайы бақылау жүргiзу, сондай-ақ табиғи, энергетикалық және басқа да ресурстарды тұтыну деңгейiн бақылау жолымен өндiрiстiк процестiң тиiмдiлігін эксперименттiк (өлшеулер негiзiнде) және/немесе жанама (есептеулер негiзiнде) экологиялық бағалау жүзеге асырылады.
5. Қоршаған ортаның өндiрiстiк мониторингi Қазақстан Республикасының техникалық peттeу туралы заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен аттестатталған және/немесе аккредиттелген өндiрiстiк немесе тәуелсiз зертханаларда жүзеге асырылады.
124-бап. Табиғат пайдаланушының өндiрiстiк экологиялық
бақылау жүргiзу кезiндегi құқықтары мен
мiндеттерi
1. Өндiрiстiк бақылау жүргiзу кезiнде табиғат пайдаланушының:
1) өндiрiстiк экологиялық бақылауды қоршаған ортаны қорғау жөнiнде белгiленген нормативтiк талаптарды бақылау үшiн ең аз қажет көлемде жүзеге асыруға;
2) өндiрiстiк экологиялық бағдарламаны техникалық және қаржылық мүмкiндiктердi ескере отырып әзiрлеуге;
3) өндiрiстiк экологиялық бақылау жүргiзуге персоналдың iшкi жауаптылығының ұйымдық және функционалдық құрылымын дербес анықтауға;
4) ерiктi негiзде өндiрiстiк экологиялық бақылаудың кеңейтiлген бағдарламасын жүргiзуге құқығы бар.
2. Өндiрiстiк бақылау жүргiзу кезiнде табиғат пайдаланушылар:
1) өндiрiстiк экологиялық бақылау бағдарламасының жобасын әзiрлеуге және оны қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсуге;
2) өндiрiстiк экологиялық бағдарлама талаптарын iске асыруға және нәтижелердi құжатқа түсiруге;
3) рәсiмдiк талаптарды ұстануға және алынған деректердiң сапасын қамтамасыз етуге;
4) өндiрiстiк экологиялық бақылаудың нәтижелерiн жүйелi түрде бағалауға және анықталған экологиялық заңнама талаптарына сәйкессiздiктердi жою жөнiнде қажеттi шаралар қабылдауға;
5) өндiрiстiк экологиялық бақылау нәтижелерi жөнiндегi есептiлiктi белгiленген тәртiппен табыс етуге;
6) өндiрiстiк экологиялық бақылау процесiнде анықталған рұқсат талаптарын бұзу фактiлерi туралы қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органға дереу хабарлауға;
7) техника қауiпсiздiгiн сақтауға;
8) жүзеге асырылған өндiрiстiк экологиялық бақылаудың сапасы мен объективтiлiгiн растау үшiн мемлекеттiк инспекторлардың бастапқы ақпараты қол жеткiзуiн және объектiге кiруiн қамтамасыз етуге;
9) жұртшылықтың өндiрiстiк экологиялық бағдарламаларға жаңа өндiрiстiк экологиялық бақылау жөнiндегі есептiк деректерге қол жеткiзуi қамтамасыз етуге мiндеттi.
125-бап. Өндiрiстiк экологиялық бағдарламасын әзiрлеуге
қойылатын талаптар
1. Өндiрiстiк экологиялық бағдарламаны табиғат пайдаланушы дербес табиғатты қорғауды жобалау, нормалау жөнiндегi қызметке және экологиялық сараптама саласындағы жұмыстарға лицензиясы бар заңды және жеке тұлғаларды тарта отырып әзiрлейдi.
2. Өндiрiстiк экологиялық бағдарламасында мынадай ақпарат:
1) өндiрiстiк мониторинг процесiнде байқалатын мiндеттi параметрлер тiзбесi;
2) өндiрiстiк мониторинг пен өлшеулердi жүзеге асыру кезеңi, ұзақтылығы мен жиiлiгi;
3) өндiрiстiк мониторингтi жүргiзудiң пайдаланылатын әдiстерi (эксперименттiк және/немесе жанама) туралы мәлiметтер;
4) сынамаларды iрiктеу нүктесi және өлшеулер жүргiзу орны;
5) деректердi есепке алуды жүргiзудiң, талдаудың және хабарлаудың әдiстерi мен жиiлiгi;
6) iшкi тексерулердiң жоспар-кестесi және экологиялық заңнаманы бұзушылықтарды жою рәсiмi (олардың сақталмауына ден қоюдың iшкi инструменттерiн қоса алғанда);
7) аккредиттеу мен сертификаттау туралы түбегейлi мәлiметтердi қоса алғанда, сапаны қамтамасыз ету мен бақылау тетiктерi;
8) штаттан тыс жағдайлардағы iс-әрекет хаттамасы;
9) өндiрiстiк экологиялық бақылауды жүргiзу үшiн персоналдың iшкi жауапкершiлiгiнiң ұйымдастырушылық және функционалдық құрылымы;
10) өндiрiстiк экологиялық бақылауды ұйымдастыру мен жүргiзу мәселелерi көрiнiс табатын өзге де мәлiметтер қамтылуға тиiс.
126-бап. Өндiрiстiк мониторингтiң түрлерi мен оны
жүргiзудi ұйымдастыру
1. Мониторинг өндiрiстiк экологиялық бақылаудың объективтi деректердi белгiленген кезеңдiлiкпен алу үшiн және ресми түрде қабылданған рәсiмдерге сәйкес орындалатын элементi.
2. Өндiрiстiк экологиялық бақылау шеңберiнде операциялық мониторингтi, эмиссиялар мониторингiн, өндiрiс қалдықтарының мониторингiн және әсер ету мониторингiн қамтитын өндiрiстiк мониторинг орындалады.
3. Операциялық мониторинг (өндiрiстiк процесс мониторингi) кәсiпорынның қызмет көрсеткiштерi оны тиiстi жобалық пайдалану және кешендi рұқсаттар талаптарын сақтау үшiн орынды деп есептелетiн диапазонда тұрғанын растау үшiн технологиялық процестiң параметрлерiн қадағалауды қамтиды. Операциялық мониторингтiң мазмұнын табиғат пайдаланушы айқындайды.
4. Эмиссиялар мониторингi өндiрiстiк жоғалтуларды, эмиссиялардың саны мен сапасын және олардың өзгеруiн қадағалау үшiн эмиссиялардың шығу көзiнде бақылаудан тұрады.
5. Әсер ету мониторингiн жүргiзудi өндiрiстiк экологиялық бағдарламаға ол қажет болғанда және бұл экологиялық заңнаманың және қоршаған ортаны қорғау нормативтерiнiң сақталуын қадағалау үшiн мақсатқа сай болған жағдайларда енгiзiледi.
6. Әсер ету мониторингi мынадай жағдайларда:
1) табиғат пайдаланушының қызметi сезiмтал экожүйеге және халық денсаулығына әсер ететiн болса;
2) технологиялық объектiлердi пайдалануға беру кезеңiнде;
3) қоршаған ортаға авариялық эмиссиялардан кейiн мiндеттi болып табылады.
7. Әсер ету мониторингiн табиғат пайдаланушы дербес, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша көршiлес табиғат пайдаланушылармен теңдес негiзде жүзеге асыруы мүмкiн.
8. Әсер ету мониторингi шеңберiнде өлшеулер жүргiзу мен нәтижелерiн талдауды табиғат пайдаланушы өзi не заңды және жеке тұлғалармен шарт бойынша жүзеге асырады.
9. Өндiрiстiк мониторингтiң деректерi Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiн жүргiзу аясында қоршаған ортаның жай-күйiн бағалау үшiн пайдаланылады.
127-бап. Климат пен Жердiң озон қабатын қорғауға
өндiрiстiк бақылау жасау
1. Парник газдары мен атмосфераға шығаруы реттелетiн заттардың көздерi бар заңды тұлғалар климат пен Жердiң озон қабатын қорғауға өндiрiстiк бақылауды жүзеге асырады.
2. Экологиялық қызметтi ұйымдастыру туралы және климат пен Жердiң озон қабатына өндiрiстiк бақылау жасауға жауапты адамдар туралы мәлiметтердi, сондай-ақ климат пен Жердiң озон қабатына өндiрiстiк бақылау нәтижелерi қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға табыс етiледi.
128-бап. Өндiрiстiк экологиялық бақылау бойынша есеп
пен есептiлiк
1. Табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген талаптарға сәйкес iшкi есептi жүргiзедi, өндiрiстiк экологиялық бақылау нәтижелерi бойынша кезеңдiк есептердi қалыптастырып, ұсынады.
2. Мемлекеттiк экологиялық инспекторлардың талабы бойынша табиғат пайдаланушы мемлекеттiк экологиялық бақылауды жүзеге асыруға қажеттi құжаттаманы, талдау нәтижелерiн және өзге материалдарды ұсынуға мiндеттi.
129-бап. Табиғат пайдаланушының iшкi тексерулердi
ұйымдастыруы
1. Табиғат пайдаланушы экологиялық заңнаманың сақталуын тұрақты iшкi тексеру және өндiрiстiк бақылау нәтижелерiн экологиялық және өзге де рұқсаттардың шарттарымен салыстыру жөнiндегi шараларды жүзеге асырады.
2. Iшкi тексерулердi еңбек мiндеттерiне табиғатты пайдаланушы қоршаған ортаны қорғау мәселелерi және өндiрiстiк экологиялық бақылау жөнiндегi функцияларды енгiзген тұлға (тұлғалар тобы) жүргiзедi.
3. Iшкi тексерулер барысында:
1) өндiрiстiк экологиялық бағдарламада көзделген iс-шаралардың орындалуы;
2) қоршаған ортаны қорғауға жататын өндiрiстiк нұсқаулықтар мен ережелердi ұстану;
3) экологиялық және өзге де рұқсаттар талаптарын орындау;
4) өндiрiстiк экологиялық бақылаудың нәтижелерi бойынша есеп пен есептiлiктi жүргiзудiң дұрыстығы;
5) өндiрiстiк экологиялық бақылауды ұйымдастыру мен жүргiзу мәселелерi көрiнiс табатын өзге де мәлiметтер бақыланады.
4. Iшкi тексерудi жүзеге асыратын тұлға (тұлғалар тобы):
1) алдыңғы iшкi тексеру туралы есептi қарауға;
2) қоршаған ортаға эмиссия жүзеге асырылатын әрбiр учаскенi қарап тексеруге;
3) өз басшысының атына тексеру барысында анықталған сәйкессiздiктердi түзету жөнiндегi түзеу шараларын жүргiзу туралы талаптарды, оларды жою мерзiмдерi мен тәртiбiн қамтитын жазбаша есеп жасауға мiндеттi.
130-бап. Өндiрiстiк экологиялық бақылауды ұйымдастыру
мен жүргiзудi ынталандыру жөнiндегi шаралар
Инспекторлық экологиялық тексерулер нәтижесiнде экологиялық заңнаманың сақталуын, өндiрiстiк экологиялық бағдарламалардың орындалуын, есептiк деректердiң сапасы мен толықтығын үш жыл бойы сақталғанын растаған табиғат пайдаланушыларға қатысты инспекторлық экологиялық тексерулер авариялық және төтенше экологиялық жағдайларды қоспағанда, үш жылда бiр рет жүзеге асырылады.
16-тарау. Қоғамдық экологиялық бақылау
131-бап. Қоғамдық экологиялық бақылаудың мақсаттары
Қоғамдық экологиялық бақылау қалың жұртшылықты елдiң экологиялық проблемаларына тарту мақсатында жүргiзiледi.
132-бап. Қоғамдық экологиялық бақылау жүргiзу тәртiбi
Қоғамдық бақылау жүргiзу тәртiбiн қоғамдық бiрлестiктер өз жарғыларына сәйкес айқындайды.
133-бап. Ақпараттық және өзге де ықпалдасу
1. Жеке және заңды тұлғалар қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласында мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi органдардың жұмысы мен нәтижелiлiгi туралы ақпаратқа қол жеткiзуге тиiс.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган ынтымақтасу мен ықпалдасуды жүзеге асыру үшiн жарғыларында қоғамдық экологиялық бақылау функциясы көзделген қоғамдық бiрлестiктердi зерттеп, олардың тiзбесiн жасайды.
3. Уәкiлеттi мемлекеттiк органдар жеке және заңды тұлғаларды насихаттау және экологиялық және табиғи ресурстары қатынастарын реттеуге бағытталған заңнама бұзушылықтарды анықтау жөнiндегi жұмысқа тартуы мүмкiн.
4. Жеке және заңды тұлғалар табиғат пайдаланушылардың экологиялық заңнаманы сақтамауына және мемлекеттiк органдардың қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiмен өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау алмауына байланысты сотқа талап-арыздар беруi мүмкiн.
5. Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi органдар, сондай-ақ табиғат пайдаланушылар жекелеген тексерулер нәтижелерiнiң және жылдық есептiлiктiң жариялануын қамтамасыз етедi.
17-тарау. Экологиялық аудит
134-бап. Экологиялық аудит ұғымы
1. Экологиялық аудит аудиттелетiн субъектiлердiң экологиялық тәуекелдердi анықтауға, бағалауға және солардың қызметiнiң экологиялық қауiпсiздiгi деңгейiн арттыру жөнiндегi ұсынымдар әзiрлеуге бағытталған қоршаған ортаны қорғау мәселелерi бойынша есептiлiгiн, сондай-ақ аудиттiң басқа да өлшемдерiне сәйкес келуiн тексерудi бiлдiредi.
2. Экологиялық аудитормен немесе экологиялық аудиторлық ұйыммен экологиялық аудит жүргiзуге шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға аудиттелетiн субъект болып табылады.
3. Экологиялық аудит аудиттелетiн субъектiлердiң қоршаған ортаға әсер ету туралы есептiлiгiне талдау жасау жолымен жүргiзiледi.
4. Экологиялық аудиттi жүргiзу кезiнде:
1) қоршаған ортаға әсер ету туралы ұсынылған есептiлiктiң шынайы болуын тексеру;
2) өндiрiстiк-технологиялық процестiң экологиялық талаптарға сәйкес келуiн бағалау;
3) өндiрiстiк мониторинг және бақылау жүйесiнiң экологиялық талаптарға сәйкес келуiн бағалау;
4) персоналдың бiліктiлiк деңгейiн бағалау мақсатында арнайы зерттеулер мен өлшеулер жасалуы мүмкiн.
5. Экологиялық аудиторлар, экологиялық аудиторлық ұйымдар және аудиттелетiн субъектiлер арасындағы қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес экологиялық аудит жүргiзуге арналған шарттың негiзiнде туындайды.
135-бап. Экологиялық аудит түрлерi және оны жүргiзу
үшiн негiздер
1. Экологиялық аудит мiндеттi және бастамашыл аудит болып бөлiнедi.
2. Жеке және заңды тұлғаларға, дара кәсiпкерлерге қатысты мiндеттi экологиялық аудиттi жүргiзуге:
1) жеке және заңды тұлғалардың, дара кәсiпкерлердiң шаруашылық және өзге де қызметiмен келтiрiлген, құжаттама бойынша расталған қоршаған ортаны залалдануы;
2) заңды тұлғаны - табиғат пайдаланушыны қайта ұйымдастыру;
3) шаруашылық және өзге де қызметтiң экологиялық қауiптi түрлерiн жүзеге асыратын заңды тұлғалардың банкрот деп жариялануы негiз болып табылады.
3. Бастамашыл экологиялық аудит бастамашының және экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның арасындағы экологиялық аудитті жүргiзуге арналған шартта көзделген экологиялық-аудит мiндеттерi, мерзiмдерi мен көлемi ескерiле отырып, аудиттелетiн субъектiнiң не оған қатысушының бастамасы бойынша жүргiзiледi.
4. Экологиялық аудитке тапсырыс берушiлер ретiнде мүдделi жеке және/немесе заңды тұлғалар, сақтандыру ұйымдары, инвесторлар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган және өзге де мемлекеттiк органдар болуы мүмкiн.
136-бап. Экологиялық аудиттi жүргiзу
1. Экологиялық аудит экологиялық аудиттi жүргiзу жоспарына сәйкес жүргiзiледi, оны экологиялық аудитор осы баптың 2-тармағының талаптарын ескере отырып жасайды және ол тапсырыс берушiмен және аудиттелетiн субъектiмен келiсiледi. Экологиялық аудит жүргiзудi жоспарлау кезiнде тараптар экологиялық аудиторлар палатасы бекiткен, нұсқамалық сипатта болатын экологиялық аудиттi жүргiзу жоспарының үлгiлiк нысанын басшылыққа алады.
2. Экологиялық аудиттi жүргiзудiң сатылары мыналар:
1) аудиттелетiн субъектiмен алдын ала танысу;
2) аудиттi жүргiзу жоспарын әзiрлеу;
3) қажеттi ақпаратты жинақтау мен бiр жүйеге келтiру;
4) аудиттелетiн субъектiнi қарап тексеру және оның қызметкерлерiне сауал жүргiзу;
5) арнайы зерттеулер көлемiн айқындау;
6) арнайы зерттеулер жүргiзу;
7) экологиялық тәуекелдердi айқындау;
8) экологиялық қауiпсiздiк деңгейiн арттыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
9) экологиялық аудиторлық есеп жасау болып табылады.
3. Экологиялық аудит жүргiзудiң жоспарын әзiрлеу үшiн экологиялық аудитор аудиттелетiн субъектiнiң ерекшелiктерiмен алдын ала танысады.
4. Қажеттi ақпаратты жинақтау мен бiр жүйеге келтiру аудиттелетiн субъектiде және өзге де ұйымдарда жүргiзiледi. Ақпарат құрамына:
1) қоршаған ортаны қорғау мәселелерi бойынша аудиттелетiн субъектiнiң қызметiне қатысты нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптары;
2) аудиттелетiн субъектi орналасқан ауданның картасы және карта-схемасы;
3) егер бар болса, аэрофотосуреттердiң нәтижелерi;
4) аудиттелетiн субъектiнi басқарудың әкiмшiлiк құрылымы;
5) егер бар болса, аудиттелетiн субъектiдегi қоршаған ортаны қорғау қызметi туралы ереже;
6) экологиялық рұқсат;
7) аудиттелетiн субъектiнiң қоршаған ортаны қорғау бойынша соңғы бес жылдағы есебi;
8) өндiрiстiк экологиялық бақылауды жүргiзу жөнiндегi есебi;
9) қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылаушы органдардың соңғы үш жылда тексерулер жүргiзуi туралы хаттамалардың көшiрмелерi;
10) егер бар болса, аудиттелетiн субъектiнiң қоршаған ортаны қорғау саласындағы бағдарламасы;
11) апатты жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жою жөнiндегi iс-шаралар жоспары;
12) қабылданған қосымшаларымен қоса, аудиттелетiн субъектiнiң қоршаған ортаға әсер етуiн бағалау;
13) шығаруларды, тастауларды түгендеу жөнiндегi ағымдағы кезеңдегi есеп;
14) Жол берiлуге болатын шектi шығарылудың, жол берiлуге болатын шектi тасталудың, қалдықтарды орналастырудың ағымдағы кезеңде қолданыста болатын нормативтерiнiң жобалары;
15) субъект қызметiнiң экологиялық-экономикалық аспектiлерi туралы деректер;
16) бұған дейiнгі экологиялық аудиторлық есептердiң көшiрмелерi;
17) аудиттелетiн субъектi орналасқан аудандағы қоршаған ортаның мемлекеттiк мониторингiнiң деректерi;
18) аудиттелетiн субъектiнің қызметiне байланысты халықтың және қоғамдық бiрлестiктердiң өтiнiштерi туралы мәлiметтер кiредi.
5. Аудиттелетiн субъектiнi қарап тексеру және оның қызметкерлерiне сауал жүргiзу құжаттаманың аудиттелетiн субъектiнiң нақты жай-күйiне сәйкес келуiн бағалау, аудиттелетiн субъектi мамандарының біліктiлiгiн айқындау, аудиттелетiн субъектi қызметiнiң тиiмдiлiгiн жақсарту үшiн ұсыныстар әзiрлеу мақсатында жүргiзiледi.
6. Қарап тексеру барысында:
1) аудиттелетiн субъектiнiң жоспар-схемаға және жалпы технологиялық сипаттамаға сәйкес келуi;
2) аудиттелетiн субъектiнiң құжаттамасында қоршаған ортаға әсер ететiн көздердiң толық көрсетiлуi;
3) аудиттелетiн субъектiнiң ықтимал әсер ету аумағының жай-күйi;
4) қоршаған ортаға ықтимал құжаттамалық емес әсер етулер туралы мән-жайлардың болуы;
5) өндiрiстiк объектiлерде есепке алу және өзге де қажеттi құжаттаманың болуы мен толық көрсетiлуi;
6) объектiнi пайдалану процесiнде қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi техникалық талаптардың сақталуы;
7) өндiрiстiк экологиялық бақылауды жүргiзуге қойылатын талаптардың сақталуы анықталуға тиiс.
7. Аудиттелетiн субъектiнiң қызметкерлерiне сауал қою барысында:
1) қоршаған ортаны қорғау үшiн мәнi бар мәселелер бойынша персоналдың бiлiктiлiк деңгейi;
2) есеп құжаттамасын жүргiзудiң объективтiлiгiн растау үшiн қажеттi ақпарат;
3) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлер талаптарының бұзылу жағдайлары және оларды болдырмау жөнiндегi шаралар туралы мәлiметтер;
4) аудиттелетiн субъектiнiң болашақта шаруашылық және өзге де қызметтi одан әрi жүзеге асыруы кезiнде экологиялық талаптардың бұзылу ықтималдығы;
5) қоршаған ортаны қорғауды жетiлдiру жөнiндегi инженерлiк бастамалардың болуы анықталуға тиiс.
8. Арнайы зерттеулердi экологиялық аудиторлар және экологиялық аудиторлық ұйымдар мынадай жағдайда:
1) өндiрiстiк экологиялық бақылауды жүргiзу жөнiндегi есептi растау қажет болғанда;
2) қоршаған ортаға әсер етудiң құжаттамалық емес көздерi анықталғанда;
3) аудиттелетiн субъектi қызметiнiң қоршаған ортаға және халықтың денсаулық жағдайына терiс әсер ету салдарлары туралы мән-жайлар болғанда жүргiзедi.
9. Қажет болғанда, зерттеулер мыналарды:
1) шығарулардың (тастаулардың) көздерiндегi өлшеулердi, қалдықтардың үлгiлерiн зерттеудi;
2) аудиттелетiн субъектiнiң әлеуеттi әсер ету аймағында қоршаған ортаның ластануын (ауаның, судың, топырақтың, радиация мен электромагниттiк кеңiстiктi және т.б.) өлшеулердi;
3) өсiмдiктердiң, жануарлар әлемiнiң, экологиялық жүйелердiң және адам денсаулығының жай-күйiн зерделеудi қамтиды.
10. Арнайы зерттеулердi жүргiзу үшiн қоршаған ортаның жай-күйiн айқындауға арналған аккредиттелген зертханалар тартылуға тиiс.
11. Аудиттелетiн субъектiнiң экологиялық тәуекелдерiн айқындау:
1) құжаттама мен есептердiң байқалатын ағымдағы жай-күйге сәйкес келуiн талдау;
2) аудиттелетiн субъектi қызметiнiң өсiмдiктерге, жануарлар әлемiне, табиғи экологиялық жүйелерге және адам денсаулығының жай-күйiне ықтимал әсер ету салдарларын бағалау, соның iшiнде қоршаған орта сапасының бұзылуынан туындаған аурулар мен өлiм жағдайларын талдау;
3) қоршаған ортаға терiс әсер ету салдарларына әкеп соғуы мүмкiн аудиттелетiн субъектiдегi ықтимал апатты жағдайларды немесе технологиялық регламенттен өзге де ауытқуларды айқындау арқылы жүргiзiледi.
12. Аудиттелетiн субъектiнiң экологиялық қауiпсiздiгi деңгейiн арттыру жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу:
1) осы сияқты объектiлер үшiн пайдаланылатын ең үздiк қолжетiмдi технологияларды;
2) қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесiн жақсарту жөнiндегi ықтимал шараларды;
3) өндiрiстiк экологиялық бақылауды жетiлдiру тәсiлдерiн;
4) экологиялық нормативтер мен талаптарды өзгерту жөнiндегi ұсыныстарды зерделеу негiзiнде жүргiзiледi.
137-бап. Мiндеттi экологиялық аудиттi жүргiзу туралы
мәселенi шешу
1. Мiндеттi экологиялық аудиттi жүргiзу туралы шешiмдi қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган осы Кодекстiң 135-бабының 2-тармағында көзделген мән-жайларды белгiлеу сәтiнен бастап бiр ай мерзiмде қабылдайды.
2. Аудит жүргiзу туралы шешiм мiндеттi экологиялық аудит туралы қорытынды түрiнде ресiмделедi.
3. Мiндеттi экологиялық аудит туралы қорытындының нысанын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.
4. Қорытындыда:
1) аудиттелетiн субъектiнiң атауы;
2) аудиттелетiн субъектiнiң орналасқан жерi;
3) аудиттелетiн субъектiнiң шаруашылық және өзге де қызметiмен байланысты қоршаған орта үшiн ықтимал тәуекелдердiң сипаты;
4) мiндеттi экологиялық аудиттi жүргiзуге негiз;
5) мiндеттi экологиялық аудиттің қорытындысын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға ұсыну мерзiмi көрсетiлуге тиiс.
5. Мiндетті экологиялық аудит туралы қорытынды аудиттелетiн субъектiнiң басшысына жолданады.
138-бап. Мiндеттi экологиялық аудиттi жүргiзудiң
ерекшелiктерi
1. Мiндеттi экологиялық аудит аудиттелетiн субъект мiндеттi экологиялық аудит туралы қорытындыны алған кезден бастап 6 айдан аспайтын мерзiмде жүргiзiледi.
2. Экологиялық аудитор немесе экологиялық аудиторлық ұйым аудит жүргiзудiң жоспарын әзiрлеу үшiн мiндеттi экологиялық аудит туралы қорытындымен, аудиттi жүргiзуге негiзбен, аудиттелетiн субъектiге тән экологиялық проблемалармен және өзге де аспектiлермен танысады.
139-бап. Экологиялық аудиторлық есептерге қойылатын
талаптар
1. Экологиялық аудиторлық есеп мiндеттi экологиялық аудиттің нәтижелерi бойынша:
1) экологиялық аудитордың және экологиялық аудиторлық ұйымның құқықтылығын растайтын мәлiметтердi;
2) аудиттелетiн субъектi туралы жалпы ақпаратты;
3) экологиялық аудиттi жүргiзуге негіздi;
4) экологиялық аудиттi жүргiзудiң жоспарын;
5) жинақталған ақпараттар тiзбесiн және оны шолуды;
6) аудиттелетiн субъектiнi қарап тексерудiң және оның қызметкерлерiне сауал қоюдың нәтижелерiн;
7) арнайы зерттеулердiң нәтижелерiн;
8) экологиялық тәуекелдердi бағалауды (сандық және сапалық тұрғыдан);
9) экологиялық қауiпсiздiктi арттыру жөнiндегi ұсынымдардың тiзбесiн;
10) аудиттелетiн субъектiнiң қоршаған орта үшiн қауiпсiздiк дәрежесi, анықталған бұзушылықтар, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi құжаттама мен есептi жүргізудiң шынайылығы туралы қорытындыларды қамтуға тиiс.
2. Экологиялық аудиторлық есеп жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарға, сақтандыру ұйымдарына ұсынылуы мүмкiн. Бұл ретте экологиялық аудиторлық есептегi мәлiметтердi жария етуге аудиттелетiн субъектiнiң келiсiмiмен жол берiледi.
3. Бастамашыл экологиялық аудит есебiнiң нысаны экологиялық аудиттi жүргiзуге арналған шартта белгiленедi.
4. Бастамашыл экологиялық аудиттiң есебi құпия болып табылады. Бастамашыл экологиялық аудиттiң есебiндегi мәлiметтердi жария ету құқығына аудиттелетiн субъектi ғана ие болады.
140-бап. Мiндеттi экологиялық аудиттiң есебiн қарау
тәртiбi
1. Мiндеттi экологиялық аудиттiң есебiн экологиялық аудиторлық ұйым қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға және аудиттелетiн субъектiнiң басшысына жiбередi.
2. Аудиттелетiн субъектiнiң өкiлдерiн мiндеттi экологиялық аудиттiң есебiмен алдын ала таныстыруға жол берiлмейдi.
3. Мiндеттi экологиялық аудиттiң есебiн ұсыну фактiсi бойынша аудиторлық ұйым аудиттелетiн субъектiге сөзсiз төленуге тиiс қызмет көрсетулерге ақы төлеу үшiн есеп-шот ұсынады.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мiндеттi экологиялық аудиттiң есебiн оны алған күннен бастап бiр ай мерзiмде қарауға мiндеттi.
5. Мiндеттi экологиялық аудиттiң есебiн қараудың нәтижелерi бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мына шешiмдердiң бiрiн:
1) аудиттелетiн субъектiнiң қызметiн тоқтата тұру туралы талап-арызбен сотқа жүгiнудi;
2) табиғат пайдалануға рұқсаттың шарттарына, ықтимал шығарулардың, тастаулардың, қалдықтарды орналастырудың нормативтерiне өзгерiс енгiзудi;
3) өндiрiстiк экологиялық бақылаудың бағдарламасына өзгерiс енгiзудi ұсынуды қабылдай алады.
6. Мiндеттi экологиялық аудиттiң есебi бойынша туындайтын даулар заңнамада белгiленген тәртiппен шешiледi.
141-бап. Экологиялық аудиторлық қызмет
Экологиялық аудиторлық қызмет - экологиялық аудиторлардың және экологиялық аудиторлық ұйымдардың лицензиялар негiзiнде жүзеге асырылатын экологиялық аудиттi жүргiзу жөнiндегі кәсiпкерлiк қызметi.
142-бап. Экологиялық аудиторлық қызметтiң лицензиялануы
1. Экологиялық аудиторлық қызметпен айналысуға лицензиялар берудi қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
2. Лицензияланатын қызмет түрлерiне қойылатын бiлiктiлiк талаптарды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
143-бап. Экологиялық аудитор
1. Аттестаттаудан өткен және экологиялық аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға арналған лицензияны алған жеке тұлға экологиялық аудитор болып табылады.
2. Экологиялық аудитор дара кәсiпкер ретiнде экологиялық аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға не экологиялық аудиторлық ұйымның қызметкерi болуға құқылы.
144-бап. Экологиялық аудиторлық ұйым
1. Экологиялық аудиторлық ұйым - шаруашылық серiктестiк немесе акционерлiк қоғам нысанында құрылған және экологиялық аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға арналған лицензияны алған коммерциялық ұйым.
2. Шетелдiк экологиялық аудиторлық ұйымдар Қазақстан Республикасындағы экологиялық аудиторлық қызметтi тиiстi экологиялық аудиторлық ұйымдарды - Қазақстан Республикасының резиденттерiн құрған кезде ғана жүзеге асыра алады.
3. Экологиялық аудиторлық ұйымның құрамындағы экологиялық аудиторлардың саны кемiнде екi адам болуға тиiс.
145-бап. Экологиялық аудиторлар палатасы
1. Экологиялық аудиторлар палатасы экологиялық аудиторлардың және экологиялық аудиторлық ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiру және қорғау үшiн құрылатын, коммерциялық емес, тәуелсiз, кәсiби және өзiн-өзi басқаратын ұйым болып табылады.
2. Экологиялық аудиторлар палатасы заңды тұлға болып табылады және өз мүшелерiнiң жалпы жиналысында қабылданатын жарғының негiзiнде iс-әрекет етедi.
3. Экологиялық аудиторлар палатасы ерiктi негiзде экологиялық аудиторларды және экологиялық аудиторлық ұйымдарды бiрiктiредi және мүшелiк жарналар мен Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қаржыландырылады.
4. Экологиялық аудиторлар палатасының құрылымы мен жұмыс органы оның жарғысында айқындалады.
5. Экологиялық аудиторлар палатасы:
1) жалпы басшылықты жүзеге асырады және өз мүшелерiнiң қызметiн үйлестiредi;
2) халықаралық практика негiзiнде экологиялық аудиттiң стандарттарын әзiрлейдi және экологиялық аудиторлардың және экологиялық аудиторлық ұйымдардың экологиялық аудит стандарттарының талаптарын сақтауын қамтамасыз етедi;
3) экологиялық аудиттi жүргiзу жоспарының үлгiлiк нысанын бекiтедi;
4) мемлекеттiк органдарда, мемлекеттiк емес ұйымдарда өз мүшелерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiредi және қорғайды, экологиялық аудиторлық қызметтi дамытуда оларға көмек көрсетiп, жәрдемдеседi;
5) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға экологиялық аудиторлардың және экологиялық аудиторлық ұйымдардың өзiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасудан жалтару жағдайлары және заңнама талаптарын өзге де бұзушылықтары туралы хабарлайды;
6) экологиялық аудиторларды аттестаттау жөнiндегi бiлiктiлiк комиссиясын құруға және экологиялық аудиторларды аттестаттауды жүргiзуге қатысады;
7) экологиялық аудиторлардың тағылымдамадан өтуiн және оқуын ұйымдастырады, экологиялық аудиторларға арналған оқу бағдарламаларын айқындауға қатысады;
8) жеке және заңды тұлғалардың экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдардың iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiктерiне) шағымдарын және арыздарын қарайды;
9) экологиялық аудиторларды аттестаттау жөнiндегi бiлiктiлiк комиссиясына лицензияны қайтарып алу туралы ұсынымдар жасайды.
6. Экологиялық аудиторлар палатасы өз қызметiн Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
146-бап. Экологиялық аудиторлардың және экологиялық
аудиторлық ұйымдардың құқықтары
Экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар:
1 экологиялық аудиттi жүргiзудiң әдiстерiн дербес айқындауға;
2) экологиялық аудиттi жүргiзуге арналған шарттың талаптарын орындау үшiн қажеттi құжаттаманы алуға және тексеруге;
3) экологиялық аудиттi жүргiзуге қатысуға осы Кодекстiң 150-бабында көрсетiлген адамдардан басқа әртүрлi кәсiп мамандарын шартты негiзде тартуға;
4) аудиттелетiн субъектi экологиялық аудиттi жүргiзуге арналған шарттың талаптарын бұзған жағдайда экологиялық аудиттi жүргiзуден не экологиялық аудиторлық есептi беруден бас тартуға құқылы.
147-бап. Экологиялық аудиторлардың және экологиялық
аудиторлық ұйымдардың мiндеттерi
Экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар:
1) осы Кодекстiң 150-бабында көрсетiлген мән-жайлардың салдарынан экологиялық аудиттi жүргізудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарлауға;
2) аудиттелетiн субъектiден алынған, сондай-ақ экологиялық аудитті жүргiзу процесiнде жасалған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге;
3) аудиттелетiн субъектiге құжаттардың экологиялық аудит нәтижесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарға сәйкес еместiгiнiң анықталғаны туралы хабарлауға;
4) экологиялық аудиторлық есептердiң, сондай-ақ экологиялық аудиттi жүргiзу кезiнде алынған және коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәлiметтердiң құпиялылығын сақтауға;
5) уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға мiндеттi экологиялық аудит нәтижесiнде анықталған экологиялық заңнаманың бұзылуы туралы хабарлауға;
6) экологиялық аудиттi жүргiзуге арналған шарт бойынша мiндеттемелерден туындайтын өзге де талаптарды орындауға мiндеттi.
148-бап. Экологиялық аудиторлар мен экологиялық
аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық
жауапкершiлiгiн сақтандыру
1. Экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар ayдиторлардың және ayдиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлігін сақтандыру шартын жасасуға мiндеттi.
2. Сақтандыру Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде айқындалған тәртiппен жүзеге асырылады.
149-бап. Экологиялық аудиторларды аттестаттау
1. Экологиялық аудиторларды аттестаттау экологиялық аудитті жүргiзуге қажеттi бiлiктiлiктi растау бойынша кезең-кезеңмен жүргiзiлетiн рәсiм болып табылады.
2. Экологиялық аудиторларды аттестаттауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган құратын бiлiктiлiк комиссиясы жүргiзедi. Бiлiктiлiк комиссиясы қызметiнiң тәртiбiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
3. Экологиялық аудиторларды аттестаттаудың қолданылу мерзiмi 3 жылды құрайды.
150-бап. Экологиялық аудит жүргiзу құқығын шектеу
1. Экологиялық аудиторлық ұйымға өзiнiң құрылтайшылары, қатысушылары, кредиторлары не осы экологиялық аудиторлық ұйым құрылтайшысы, қатысушысы, кредиторы болып табылатын тапсырыс берушiлердiң экологиялық аудитiн жүргiзуге тыйым салынады.
2. Экологиялық аудиторларға мынадай жағдайларда:
1) егер олар аудиттелетiн субъектi басшысының, сондай-ақ құрылтайшысының немесе аудиттелетiн субъектiнiң жарғылық капиталының он проценттен астамына ие болып отырған қатысушысының жақын туысы немесе ағайыны (ата-анасы, жұбайы, ағасы, апасы, баласы, сондай-ақ жұбайының ағасы, апасы, ата-анасы және баласы) болса;
2) егер олар аудиттелетiн субъектiнiң қызметкерлерi, қатысушылары, лауазымды адамдары болса немесе олардың жеке мүлiктiк мүдделерi бар болса, экологиялық аудит жүргiзуге тыйым салынады.
3. Экологиялық аудиторларға - дара кәсiпкерлерге мынадай жағдайларда:
1) егер аудиттелетiн субъектi баланс активтерiнiң сомасы жылына орташа есеппен алғанда тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштен 40000 есе асатын заңды тұлға болса;
2) егер аудиттелетiн субъектiнiң қызметiне мiндеттi экологиялық аудит жүргiзiлуге тиiс болса, экологиялық аудит жүргiзуге тыйым салынады.
151-бап. Аудиттелетiн субъектiнiң құқықтары мен
мiндеттерi
1. Аудиттелетiн субъект:
1) экологиялық аудиторды не экологиялық аудиторлық ұйымды таңдау туралы шешiмдi дербес қабылдауға;
2) экологиялық аудитордан немесе экологиялық аудиторлық ұйымнан экологиялық аудиттi жүргiзуге қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары туралы толыққанды ақпарат алуға;
3) экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның ескертулерi мен қорытындылары негiзделген нормативтiк құқықтық актiлермен танысуға;
4) экологиялық аудитордан немесе экологиялық аудиторлық ұйымнан ұсынымдар, экологиялық есептiң және өзге де құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмеуi туралы ақпарат алуға;
5) экологиялық аудитор немесе экологиялық аудиторлық ұйым экологиялық аудиттi жүргiзу шартының талаптарын бұзған жағдайда олардың қызмет көрсетуiнен бас тартуға құқылы.
2. Аудиттелетiн субъект:
1) мiндеттi экологиялық аудиттiң жүргiзiлуiн ұйымдастыруға;
2) экологиялық аудиторға және экологиялық аудиторлық ұйымға экологиялық аудиттi уақтылы әрi сапалы жүргізу үшiн жағдай жасауға;
3) экологиялық аудиттi жүргiзу үшiн экологиялық аудитор мен экологиялық аудиторлық ұйымға қажеттi толық әрi шынайы құжаттаманы және өзге де ақпаратты ұсынуға, ауызша немесе жазбаша түрде түсiнiктемелер беруге;
4) қоршаған ортаға әсер ету туралы шынайы есептi және экологиялық аудиттi жүргiзу үшiн қажеттi өзге де құжаттарды ұсынуға;
5) егер экологиялық аудиттi жүргiзу шартында өзгеше көзделмеген болса, экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның қызметiн шектемеуге;
6) экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның талабы бойынша қажеттi ақпарат алу үшiн өз атынан үшiншi бiр тұлғаларға жазбаша сауал жiберуге;
7) экологиялық аудиторлардың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның қызмет көрсетулерiне ақы төленуiн қамтамасыз етуге;
8) экологиялық аудиттi жүргiзу шарты бойынша мiндеттемелерден туындайтын өзге де талаптарды орындауға мiндеттi.
152-бап. Экологиялық аудиттiң стандарттары
1. Экологиялық аудиттiң стандарттары деп экологиялық аудитке қойылатын бiрыңғай талаптар белгiленетiн және экологиялық аудиттi жүргiзудiң принциптерiн, тәртiбiн айқындайтын нормативтiк құжаттар түсiнiледi.
2. Экологиялық аудиттiң стандарттары республикалық экологиялық ayдиторлар палатасының конференциясында (жиналысында) қабылданып, оларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.
153-бап. Экологиялық менеджмент жүйелерiнiң аудитi
1. Экологиялық менеджмент жүйелерiнiң аудитi бастамашыл болып табылады.
2. Аудиттелетiн кәсiпорындар техникалық реттеу туралы заңнамаға сәйкес қоршаған ортаны басқарудың қабылданған жүйесiнiң экологиялық аудит стандарттарына сәйкестiгi сертификатын алуы мүмкiн.
3. Аудиттелетiн объектiлердiң экологиялық қызметi бойынша деректер бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиiс.
VI-бөлiм. Экологиялық мониторинг пен кадастрлар
18-тарау. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингi
154-бап. Экологиялық мониторинг
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингi (экологиялық мониторинг) қоршаған ортаның, табиғи ресурстардың жай-күйiн қадағалаудың, сондай-ақ табиғи және антропогендiк факторлардың ықпалымен олардың жай-күйiнiң өзгеруiн бағалау мен болжаудың кешендi жүйесiн бiлдiредi.
2. Атмосфералық ауа, жер, жер бетi мен жер асты сулары, жер қойнауы, жануарлар және өсiмдiктер дүниесi, сондай-ақ климат пен озон қабаты, экологиялық жүйелер, мекендейтiн ортаның халықтың денсаулығына әсер ететiн факторлар экологиялық мониторингтiң зерделеу объектiсi болып табылады.
155-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар
мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесi
және оның мiндеттерi
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесi - экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге, табиғи ресурстарды сақтауға, молайтуға және ұтымды пайдалануға, Қазақстан Республикасы халқының санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етуге арналған басқару және шаруашылық шешiмдердiң қабылдануын қамтамасыз ету үшiн қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйiн байқауды, сондай-ақ қоршаған ортаның және табиғи ресурстардың нақты жай-күйiнiң деректерiне талдау жасауды қамтитын көп мақсатты жүйе.
2. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесi қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласында реттеу мен басқару функцияларын жүзеге асыратын өзге де мемлекеттiк органдармен бiрлесе отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган ұйымдастырады.
3. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесiнiң принциптерi:
1) бiртұтас ұйымдық, әдiстемелiк, метрологиялық және ақпараттық көзқарас негiзiнде жұмыс iстеу;
2) жұмыс iстейтiн мемлекеттiк және өзге де мониторингтердiң мүмкiндiктерiн барынша пайдалану болып табылады.
4. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесiнiң мiндеттерi:
1) қоршаған ортаның, биологиялық және экологиялық жүйелердiң жай-күйi, антропогендiк әсер ету көздерi, халықтың денсаулығына әсер ететiн мекендейтiн орта факторлары туралы шынайы және салыстырмалы ақпарат алу;
2) қоршаған ортаның жай-күйiн, антропогендiк әсер ету деңгейлерiн, биосфера ахуалы көрсеткiштерiн, экологиялық жүйелердiң функционалдық тұтастығын бағалау мен болжау;
3) экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету жөнiнде қабылданатын басқару шешiмдерi мен өткiзiлетiн iс-шаралардың тиiмдi болуына талдау жасау үшiн деректермен қамтамасыз ету болып табылады.
5. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесi халықтың мекен ететiн ортасы мен денсаулығын қоса алғанда, қоршаған ортаны қорғау мәселесiн тiкелей және жанамалай қамтитын, Қазақстан Республикасында жұмыс iстейтiн мониторинг жүйелерi мен кiшi мониторинг жүйелерi базасында қалыптасады.
6. Әрбiр уәкiлеттi орган қоршаған орта объектiлерiн зерделеуге және өздерiнiң құзыретiне кiретiн мониторинг түрлерiн (кiшi жүйелердi) ұйымдастыруға мiндеттi. Қоршаған ортаның мониторинг жүйелерi мен кiшi жүйелерi өз қызметiн белгiленген тәртiппен бекiтiлген ережелер мен нормативтiк-құқықтық құжаттарға сәйкес жүргiзедi.
156-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар
мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесiнiң
бiртұтас ақпараттық жүйесi
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесi ақпараттық қамтамасыз ету қызметi қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалану саласындағы реттеу мен басқару функцияларын жүзеге асырушы уәкiлеттi мемлекеттiк органдар орындайтын қоршаған орта мен табиғи ресурстардың мемлекеттiк мониторингi, өндiрiстiк экологиялық бақылау аясында табиғат пайдаланушылар жүзеге асыратын өндiрiстiк мониторинг қорытындыларының жинақталған банкке берiлген деректерiне негізделедi.
2. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесi үйлестiрудi қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
3. Бағдарламалық қаражат жүйесi ақпараттың Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесi әртүрлi деңгейлерi және жүйелерi мен кiшi жүйелерiнiң деректер банктерi арасында ақпарат алмасуды қамтамасыз ете отырып, ақпараттардың бiртұтас әдiстемелiк негiзде жинақталуын, өңделуi мен сақталуын жүзеге асыруға мүмкiндiк беруi тиiс.
4. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесi аясында ақпараттар беру қайтарымсыз негiзде, қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган бекiткен, келiсiлген тiзбелерге, нысандар мен мерзiмдерге сәйкес жүзеге асырылады.
157-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар
мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесi
мазмұны
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесiнiң мазмұны мониторингтiң мынадай түрлерiн:
1) қоршаған орта жай-күйiнiң мониторингiн;
2) табиғи ресурстар мониторингiн;
3) мониторингтiң арнайы түрлерiн қамтиды.
2. Жұмыс iстеу процесiнде Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесiнiң кiшi жүйелерiне мониторингтiң басқа да түрлерi енуi мүмкiн.
158-бап. Қоршаған орта жай-күйiнiң мониторингi
1. Қоршаған орта жай-күйiнiң мониторингi:
1) атмосфералық ауа жай-күйiнiң мониторингiн;
2) атмосфералық жауын-шашындар жай-күйiнiң мониторингiн;
3) су ресурстары жай-күйiнiң мониторингiн;
4) топырақ жай-күйiнiң мониторингiн;
5) метеорологиялық мониторингтi;
6) радиациялық мониторингтi;
7) трансшекаралық ластаулардың мониторингiн;
8) фондық мониторингтi қамтиды.
2. Қоршаған орта жай-күйiнiң мониторингiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган ұйымдастырады.
3. Атмосфералық ауа жай-күйiнiң мониторингi Қазақстан Республикасының елдi мекендерiнде атмосфералық ауаның ластануының жай-күйiне бақылау жасау жүйесi. Мемлекеттiк бақылау бекеттерiнiң саны мен оларды әрбiр нақты елдi мекенге орналастыру халық саны, жер рельефi, ластанудың нормативтiк талаптар негiзiндегi нақты деңгейi ескерiле отырып айқындалады.
4. Атмосфералық ылғал жай-күйiнiң мониторингi - атмосфераның ластануының көрсеткiшi болып табылатын атмосфералық ылғалдың химиялық құрамына бақылау жасау, сондай-ақ қысқы маусымда атмосфераның өңiрлiк ластануын бағалау және елдi мекендер мен өнеркәсiп объектiлерiнен болатын ластаушы заттардың таралуын анықтау үшiн қар қабатындағы заттардың сақталуына бақылау жасау жүйесi.
5. Су ресурстарының сапалық жай-күйiнiң мониторингi - жер бетiндегi сулардың сапалық жай-күйiне бақылау жасау жүйесi.
6. Топырақтың жай-күйiнiң мониторингi - шоғырлану аумақтарында топырақтың ауыр металдармен суармалы аумақтар мен ауыл шаруашылығы алаптарында берiк қонған органикалық заттармен ластануының жай-күйiне бақылау жасау жүйесi.
7. Метеорологиялық мониторинг - мемлекеттiк органдарды, шаруашылық кешендер мен халықты ауа райы туралы ақпараттармен қамтамасыз ету, қысқа мерзiмдi, ұзақ мерзiмдi метеорологиялық, агрометеорологиялық болжамдар жасау, кездейсоқ метеорологиялық құбылыстардың туындау ықтималдығы туралы ескерту мақсатында атмосфера мен жердiң үстiңгi бетiнiң физикалық параметрлерiне метеорологиялық, оның iшiнде актинометрикалық, жылу балансы, озонметрикалық, аэрологиялық бақылау жасаудың кешендi жүйесi. Метеорологиялық мониторинг деректерi негiзiнде климат пен Жердiң озон қабатының мониторингi жүргiзiледi.
8. Радиация мониторингi - қоршаған орта объектiлерi мен аумақтардың техногендiк және табиғи ластануына бақылау жасау жүйесi.
9. Трансшекаралық ластану мониторингi - трансшекаралық сулармен ауаның трансшекаралық ластануының жай-күйiне, сондай-ақ трансшекаралық әсердi болдырмау, шектеу және қысқарту үшiн қабылданатын шаралар тиiмдiлiгiне шекаралық мемлекеттермен халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылатын бақылаулар жүйесi.
10. Фондық мониторинг - қоршаған ортаның кешендi фон мониторингi станциясының арнаулы желiлерiндегi атмосфера мен басқа да ортаның биосферамен өзара байланысының жай-күйiне бақылау жасау жүйесi.
159-бап. Табиғи ресурстар мониторингi
1. Табиғи ресурстар мониторингi:
1) жер мониторингiн;
2) су ресурстары (жер бетiндегi, жерасты сулар) және оларды пайдалану мониторингiн;
3) жер қойнауы мониторингін;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мониторингiн;
5) таулы экологиялық жүйелер мен шөлейттену мониторингiн;
6) орман мониторингiн;
7) жануарлар дүниесi мен өсiмдiктер дүниесi мониторингiн қамтиды.
2. Табиғи ресурстар мониторингiн, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес, қоршаған отаны қорғау мен табиғат пайдалану саласындағы реттеу мен басқару функцияларын жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
3. Жер мониторингi болып жатқан өзгерiстердi уақтылы анықтау, терiс процестердiң алдын алу мен олардың одан әрi қанат жаюын бағалап, болжам жасау салдарын жою жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу мақсатында жүргiзiлетiн, жер қорының сандық және сапалық жай-күйiне жедел, мерзiмдi бақылау жасаудың базалық (бастапқы) жүйесiн бiлдiредi. Жер мониторингi деректерi Мемлекеттiк жер кадастрында қорытылады.
4. Су ресурстары мониторингi олардың гидрологиялық, гидрогеологиялық, гидрогеохимиялық, санитарлық-химиялық, микробиологиялық, паразитологиялық, радиологиялық және уыттылық жай-күйiнiң көрсеткiштерiне тұрақты бақылау жасау, олардың болып жатқан өзгерiстердi уақтылы анықтау, терiс процестердiң алдын алу мен олардың одан әрi қанат жаюын бағалап, оған болжам жасау, салдарын жою және жүзеге асырылатын су шаруашылығы iс-шараларының тиiмдiлiк деңгейiн анықтау жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу мақсатында алынған ақпараттарды жинау, өңдеу, беру жүйесiн бiлдiредi. Су ресурстары мониторингi деректерi Мемлекеттiк су кадастрында қорытылады.
5. Жер қойнауы мониторингi мемлекеттiк жер қойнауы қорының ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету және олардың өзгерiстерiн уақтылы анықтау, бағалау, терiс процестердiң алдын алу мен олардың салдарларын жою үшiн жер қойнауының жай-күйiне бақылау жасау жүйесiн бiлдiредi. Су ресурстары мониторингi деректерi Мемлекеттiк су кадастрында қорытылады.
6. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мониторингi - табиғи процестердiң кәдуiлгi ағысы мен қоршаған ортаның жай-күйiндегi өзгерiстердiң ерекше қорғалатын экологиялық жүйеге әсерiн зерделеу үшiн бақылау жасау жүйесi. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мониторингi деректерi Мемлекеттiк ерекше қорғалатын табиғи аумақтар кадастрында қорытылады.
7. Таулы экологиялық жүйелердiң және шөлейттенудiң мониторингi - таулы экологиялық жүйелер мен шөлейттенуден зардап шеккен аудандардың жай-күйiне және олардың салдарларын қадағалау.
8. Орман мониторингi орман қорын күзету, қорғау және молайту, орман қорын пайдалану, биологиялық әралуандықты және ормандардың экологиялық функцияларын сақтау саласындағы мемлекеттiк басқару мақсатында орман қорының жай-күйi мен серпiнiн бақылау, бағалау және болжау жүйесiн бiлдiредi. Ормандар мониторингi деректерi Мемлекеттiк орман кадастрында қорытылады.
9. Жануарлар дүниесiнiң мониторингi жануарлар дүниесiн қорғау, пайдалану мен оның өсiмiн молайту және биологиялық әралуандықты сақтау саласындағы мемлекеттiк басқару мақсатында жануарлар дүниесi объектiлерiнiң жай-күйi мен серпiнiн бақылау, бағалау және болжау жүйесiн бiлдiредi. Мониторинг деректерi Мемлекеттiк жануарлар дүниесi кадастрында қорытылады.
10. Өсiмдiктер дүниесiнiң мониторингi өсiмдiктер дүниесiн зерделеу, қорғау, молайту және тұрақты пайдалану мақсатында олардың объектiлерiнiң жай-күйiнiң бағалануын бақылау жүйесiн бiлдiредi.
160-бап. Мониторингтiң арнайы түрлерi
1. Мониторингтiң арнайы түрлерiне:
1) әскери-сынақ полигондарының мониторингi;
2) "Байқоңыр" зымыран-ғарыш кешенiнiң мониторингi;
3) парник газдарының және озон қабатын бұзатын заттарды тұтынудың мониторингi;
4) санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг;
5) климаттың және Жердiң озон қабатының мониторингi;
6) төтенше жағдайлар мониторингі;
7) ғарыштық мониторинг жатады.
2. Әскери-сынақ полигондарының мониторингi әскери, оның iшiнде зымырандық, техниканы сынақтан өткiзумен, жабық және жұмыс iстеп тұрған полигондарда (Капустин Яр, Тайсойған, Ембi, Азғыр, Сарышаған және басқалары) бейбiт мақсаттарда ядролық жарылыстар жасаумен негiзделетiн, қоршаған ортаның ластануына бақылау жасау жүйесi. Мониторинг жүргiзудi ұйымдастыруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
3. "Байқоңыр" зымыран-ғарыш кешенiнiң мониторингi - "Байқоңыр" кешенiнде және оның әсер ету аймағында зымыран-ғарыш қызметiне тартылған аумақтарда қоршаған ортаның жай-күйiне бақылау жасау жүйесi. Мониторинг жүргiзудi ұйымдастыруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
4. Парник газдарының және озон қабатын бұзатын заттарды тұтынудың мониторингi - парник газдарының және атмосфераға шығарылатын реттелетiн заттардың шығарындыларына және олардың көздерiне бақылау жасау жүйесi. Мониторингтiң осы түрiн жүргiзудi қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
5. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг - халықтың денсаулығы мен мекендейтiн орнының жай-күйiне бақылау жасау, оларды талдау, бағалау мен болжау, сондай-ақ халықтың денсаулығы мен мекендейтiн орнының жай-күйi мен мекендейтiн ортаға әсер ету факторлары арасындағы себеп-салдар байланыстарын анықтау жүйесi. Мониторингтi халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы орган жүзеге асырады.
6. Климат және Жердiң озон қабатының мониторингi - климаттағы өзгерiстер мен Жердiң озон қабатының серпiнiн, олардың жай-күйiн кешендi бағалау мен болжау жүйесi. Оның жүзеге асырылуын метеорологиялық мониторингтiң мемлекеттiк бақылау желiсiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
7. Төтенше экологиялық апат аймағының мониторингi - төтенше экологиялық жағдай және экологиялық апат аймақтарында қоршаған ортаның жай-күйiн бақылау жүйесi.
8. Ғарыштық мониторинг - аэроғарыштық қадағалау құралдарын пайдалана отырып, қоршаған ортаның жай-күйiне бақылау жасау жүйесi, оның жұмысын ұйымдастыруды бiлiм мен ғылым саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
9. Осы кодекстiң 2-4, 6-7 тармақтарында көрсетiлген қоршаған ортаны қорғау саласында уәкiлеттi орган мониторинг түрлерiн жүргiзудi ұйымдастыруын жүзеге асырады.
161-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар
мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесi
деңгейлерi мен бақылау желiлерi
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесiнiң мониторингiн жүргiзу үш деңгейде жүзеге асырылады:
1) жергiлiктi (өндiрiстiк және нақты елдi мекендер учаскелерiнде, су айдындары мен өзендерде, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда);
2) өңiрлiк (өңiрлердiң физикалық-географиялық және экономикалық ерекшелiктерiн, аймақтың экологиялық ауыртпалығының бар-жоғы мен қоршаған ортаның жай-күйiне және табиғи ресурстардың пайдаланылуына әсер ететiн табиғи және техногендiк факторларды ескере отырып, әкiмшiлiк бiрлiктер шегiнде);
3) республикалық (қажет кезiнде жалпымемлекеттiк мәнi бар iрi өңiрлер мен жекелеген объектiлердi бөле отырып, тұтас алғанда Қазақстанның бүкiл аумағын қамтитын).
2. Қоршаған ортаның жай-күйiн бақылау, сондай-ақ қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесiнiң аясында талдау үшiн сынама iрiктеу арнайы құрылған мемлекеттiк, аумақтық және үйреншiктi (жеке) бақылау желiсi пункттерiнде (станцияларында, бекеттерiнде, айырым жерлерде және т.б.) жүзеге асырылады. Iрiктелiп алынған сынамаларда ластаушы заттардың құрамын талдау аттестатталған (аккредиттелген) зертханаларда жүргiзiледi.
3. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесiнiң аясында бақылау желiсiн құру қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiледi.
162-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар
мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесiнiң
жұмыс iстеу негiздерi
Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесiнiң:
1) ғылыми зерттеулер ұйымдастыру мен жүргiзу, қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесiнiң жұмыс iстеуi үшiн қажеттi және жеткiлiктi әдiстемелiк база;
2) қоршаған ортаның жай-күйiн айқындайтын нормативтердi, оған антропогендiк әсер ететiн нормаларды, қоршаған ортаның жай-күйiн бағалау мен болжау, табиғат қорғау қызметiнде басқару шешiмдерiн шығару мен қабылдау жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн негiз болып табылатын экологиялық қауiпсiздiк нормаларын әзiрлеу мен белгілеу;
3) Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесiнiң, оның қызмет iстейтiн блоктарын, құрылымдық бөлiмшелерi мен элементтерiн құру және жұмысын ұйымдастыру кезiнде қабылданған талаптарды, ережелер мен рәсiмдердi регламенттейтiн нормативтiк құжаттар мен стандарттар топтамасын жасау мен енгiзу;
4) бақылаудың салыстырмалы қорытындыларын алуға мүмкiндiк беретiн әдiстемелiк құжаттарды әзiрлеу мен енгiзудi ұйымдастыру;
5) ақпараттық жүйелердiң құрылымдарын, дерекқор жүйелерiн, сыныптамалар, деректер сөздiктерiн және құжаттардың бiрiздендiрiлген нысандарын әзiрлеу;
6) аппараттық-техникалық қамтамасыз ету;
7) талдамалық зертханаларды және мониторинг жүргiзудi қамтамасыз ететiн басқа да бөлiмшелердi аттестаттау мен аккредиттеу негiзiнде жұмыс iстейдi.
163-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар
мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесiн
қаржыландыру
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесiнiң бюджет қаражаты, табиғат пайдаланушылардың жеке қаражаты, гранттар, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қаржыландырылады.
2. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесiн қаржыландыру:
1) мониторингтiң республикалық деңгейiн құру және оның жұмыс iстеуiне қолдау көрсету;
2) мониторингтiң және оның кiшi жүйелерiнiң жұмыс iстеуi мен дамуын қамтамасыз ету, республикалық (мемлекеттiк және салалық) нысаналы ғылыми-техникалық бағдарламалар арқылы мониторингтiң нысаналы бағдарламаларын орындау үшiн ғылыми-техникалық өнiмдi құру;
3) мониторингтiң аумақтық деңгейiн құру және оның жұмыс iстеуiне қолдау көрсету, оны дамыту мүддесiнде ғылыми-техникалық өнiмдi құру мақсаттарында жүзеге асырылады.
19-тарау. Қоршаған ортаның ластану учаскелерiн мемлекеттiк есепке алу
164-бап. Қоршаған ортаның ластану учаскелерiн есепке
алудың мiндеттерi мен принциптерi
1. Ластану учаскелерi мен объектiлерiн мемлекеттiк есепке алу Қазақстан Республикасының аумағында болатын белгiленген нормативтерден жоғары деңгейде зиянды, оның iшiнде шығу тегi табиғи заттармен ластанған қоршаған орта учаскелерi мен объектiлерiн сипаттайтын сандық және сапалық көрсеткiштердi жүйелi түрде айқындау мен бекiтудi бiлдiредi.
2. Қоршаған ортаның ластану учаскелерiн мемлекеттiк есепке алудың деректерi олардың адам өмiрi мен денсаулығы үшiн өндiрiстiк және экологиялық қауiпсiздiгi, зерделенуi, пайдалануы және құнарлылығын қалпына келтiру деңгейiн сипаттайды.
3. Қоршаған ортаның ластану учаскелерiн мемлекеттiк есепке алуды уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың тапсырысы бойынша табиғат пайдаланушылар және қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiн жүзеге асыратын ұйымдар ұсынатын деректердiң негiзiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
165-бап. Қоршаған ортаның ластану учаскелерiн есепке
алуды жүргiзудiң тәртiбi және олардың тiзiлiмi
1. Қоршаған ортаның ластану учаскелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi ластану учаскелерінің түрлерi мен шығу көзi, олардағы ластаушы заттардың көлемi мен шоғырлану мөлшерi, ластану учаскелерiнiң тиесiлiгi және оларды жою жөнiндегi шаралар туралы деректер жинақталатын деректер банкi болып табылады.
2. Қоршаған ортаның ластану учаскелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi орталық және аумақтық тiзiлiмдерден тұрады. Тiзiлiм жүргiзудi ұйымдастыруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган және оның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады.
3. Ластану учаскелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi.
20-тарау. Табиғи ресурстардың мемлекеттiк кадастрлары
166-бап. Табиғи ресурстардың мемлекеттiк кадастрларының
бiртұтас жүйесi
1. Қазақстан Республикасының табиғи ресурстары мемлекеттiк кадастрларының бiртұтас жүйесi (бұдан әрi - Бiртұтас кадастрлар жүйесi) Қазақстан Республикасының табиғи және экономикалық әлеуетiнiң бiртұтас жалпымемлекеттiк кешендi есебiн жүргiзу мен бағалауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының табиғи ресурстары мемлекеттiк кадастрларының барлық түрлерiн бiрiктiретiн салааралық ақпараттық компьютерлiк жүйе ретiнде құрылады және жүргiзiледi.
2. Табиғи ресурстардың мемлекеттiк кадастрлары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен табиғи ресурстардың сандық және сапалық көрсеткiштерiн жүйелi түрде айқындау мен бекiтудi бiлдiредi.
3. Қоршаған ортаның құрамдас бөлiктерi: жер, су, орман, топырақ, жер қойнауы, өзара байланыста болатын жануарлар мен өсiмдiктер дүниесi Бiртұтас кадастрлар жүйесiнiң объектiлерi болып табылады.
4. Бiртұтас кадастрлар жүйесiн:
1) қоршаған ортаның өндiрiстiк мониторингiн жүзеге асырушы табиғат пайдаланушылар ұсынатын қоршаған орта эмиссиясының есебi;
2) табиғат пайдаланушылардың деректерi негiзiнде уәкiлеттi мемлекеттiк органдар беретiн табиғи ресурстардың жай-күйi мен оларды пайдалану есебi деректерiнiң негiзiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
5. Табиғи ресурстардың мемлекеттiк кадастрлары жүйесiнде географиялық байланысы мен шаруашылық мәртебесi көрсетiле отырып, әрбiр есепке алынған кадастрлық объектiге оның жай-күйi, пайдаланылуы, өсiмiн молайту және қорғалуы туралы цифрлы түрдегi құжаттамалық мәлiметтер қамтылады.
6. Бiртұтас кадастрлар жүйесiн жүргiзудiң негiзгi принциптерi:
1) орталықтандырылған басшылық ету;
2) кадастрлық ақпаратты өңдеу мен беру технологиясының бiртұтастығы;
3) автоматтандырылған ақпараттық технологияларды қолдану;
4) ақпаратты толықтыру мен жаңартудың объективтiлiгi.
7. Бiртұтас кадастрлар жүйесiнiң ақпараттық негiзiн объектiлердiң кеңiстiктегі жағдайы (географиялық координаттары, объектiнiң әкiмшiлiк бөлiнiске сәйкес жағдайы, экономикалық ауданға тиесiлiгi және басқа да мәлiметтер) және олардың шаруашылық мәртебесi туралы деректер, топографиялық-геодезиялық материалдар, статистикалық есеп деректерi құрайды. Бiртұтас кадастрлар жүйесiне аумақтарды кешендi бағалау үшiн қажеттi басқа да деректер енгiзiледi.
167-бап. Бiртұтас кадастрлар жүйесiнiң құрылымы мен
мазмұны
Бiртұтас кадастрлар жүйесiнiң құрылымы мониторингiн мынадай орталық атқарушы органдар жүзеге асыратын мынадай есепке алу объектiлерi құрайды:
1) мемлекеттiк жер кадастры бойынша - жер ресурстарын басқару саласындағы уәкiлеттi орган - жалпы Республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер шегiнде;
2) мемлекеттiк су кадастры бойынша (жер бетiндегi су көздерi, су ресурстарын пайдалану) - қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану мен қорғау, жер қойнауын пайдалану мен зерделеу саласындағы уәкiлеттi орган - жалпы Республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер шегiнде;
3) мемлекеттiк орман кадастры бойынша - орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi орган - жалпы Республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер шегiнде;
4) кен орындарының және пайдалы қазбалардың анықталуының, техногендiк минералдық түзiлiмдердiң мемлекеттiк кадастры бойынша - геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы уәкiлеттi орган - жалпы Республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер шегiнде;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастры бойынша - ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi орган - жалпы Республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер шегiнде;
6) жануарлар дүниесiнiң мемлекеттiк кадастры бойынша - жануарлар дүниесiн қорғау, молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi орган - жалпы Республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер шегiнде.
168-бап. Ақпарат беру
1. Объектiлердi есепке алу мен тiркеудiң салалық кадастрлар аясында алынған нәтижелерiн мемлекеттiк органдар Бiртұтас кадастрлар жүйесiне, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органына ақысыз бередi.
2. Бiртұтас кадастрлар жүйесiне енгiзiлген объект туралы деректер:
1) уәкiлеттi органдар бекiткен статистикалық нысандар мәлiметтерiн;
2) уәкiлеттi органдар бекiткен есептiк материалдарды;
3) уәкiлеттi органдар бекiткен объекттер паспортын;
4) объектiлердiң кеңiстiктегi жағдайы туралы картографиялық материал (географиялық координаттары, объектiнiң әкiмшiлiк бөлiнiске сәйкес жағдайы, экономикалық ауданға тиесiлiгi және басқа да мәлiметтер), топографиялық-геодезиялық материалдар және аумақтарды кешендi бағалау үшiн қажеттi басқа да деректердi қамтуға тиiс.
21-тарау. Өндiрiс пен тұтыну қалдықтарының мемлекеттiк
кадастры
169-бап. Өндiрiс пен тұтыну қалдықтарының мемлекеттiк
есебi
1. Өндiрiс пен тұтыну қалдықтарының мемлекеттiк кадастры (Қалдықтардың мемлекеттiк кадастры) қалдықтарды орналастырудың әрбiр объектiсi (олардың кеңiстiктегi орналасуын көрсете отырып), сондай-ақ қалдықтардың түрлерi, олардың шығу көздерi мен физикалық-химиялық қасиеттерi (адамдарға және қоршаған ортаға қауiптiлігі ескерiле отырып), компоненттiк құрамы, сандық және сапалық көрсеткiштерi, оларды сақтаудың, көму мен тастаудың техникалық, гидрогеологиялық және экологиялық шарттары, оларды пайдалану мен залалсыздандыру технологиялары бойынша геоақпараттық жүйелер негiзiнде жүйелендiрiлген, кезеңдiлiкпен толықтырылатын және нақтыланатын бiрегей мәлiметтер жиынтығын бiлдiредi.
2. Барлық қалдық түрлерi мен қалдықтарды орналастыру объектiлерi Қалдықтардың мемлекеттiк кадастры шеңберiнде есепке алынуға тиiс.
170-бап. Қалдықтардың мемлекеттiк кадастрының мақсаты
мен мiндеттерi
1. Қалдықтардың мемлекеттiк кадастры мемлекеттiк органдарды, мүдделi жеке және заңды тұлғаларды қоршаған ортаны қорғауға қатысты технологиялық, экономикалық, заңдық және басқа да шешiмдердi бағалау, болжау, әзiрлеу үшiн ақпаратпен қамтамасыз ету, сондай-ақ қалдықтардың жалпы мемлекеттiк кешендi есебiн жүргiзу мақсатында жүргiзiледi.
2. Қалдықтардың мемлекеттiк кадастрын жүргiзудiң негiзгi мiндетi қалдықтар, оларды қайта өңдеудiң қасиеттерi мен технологиялары бойынша ақпараттардың жалпы мемлекеттiк, өңiрлiк және салалық ақпараттық-сараптамалық жүйелерi мен деректер банкiн қамтамасыз ету болып табылады.
171-бап. Қалдықтардың мемлекеттiк кадастрын жүргiзу
1. Табиғат пайдаланушылар есептi жылдан кейiнгi жылдың 1 қаңтарынан 1 наурызына дейiнгi жай-күй бойынша жыл сайын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға электрондық және қағаз жеткiзгiштермен мына құжаттаманы:
1) қалдықтардың паспортын;
2) қалдықтармен жұмыс iстеу нормативтерi жобасына сәйкес әрбiр табиғат пайдаланушы бойынша мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы бар қалдықтарды түгендеу деректерiн;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтетiн "уытты қалдықтар" бойынша есептердi;
4) қалдықтарды орналастыру объектiлерi бойынша кадастр iсiн қамтиды, оған қоса:
облыстың жергiлiктi атқарушы органдарының (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкiмдiктерiнiң қалдықтарды жинақтауға, және жоюға жер учаскесiн бөлу туралы шешiмiн;
жер учаскесi орналасқан жер бойынша республикалық маңызы бар қаланың, астананың және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органдары растаған, жер учаскесiнiң шекараларын белгiлеу туралы және жер учаскесiне құқық белгiлейтiн құжаттардың берiлгенi туралы анықтаманы;
қалдықтарды орналастыру объектiлерiн құрудың техникалық-экономикалық негiздемесiн;
қалдықтарды орналастыру объектiлерiн құруға мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың оң қорытындысын табыс етедi.
2. Қалдықтардың мемлекеттiк кадастрын ұйымдастыруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
172-бап. Қалдықтардың мемлекеттiк кадастрын жүргiзу
нәтижелерi туралы ақпарат
1. Қалдықтардың мемлекеттiк кадастрын жүргізу нәтижелерi бойынша жыл сайынғы ақпараттық шолу жасалады.
2. Қалдықтардың мемлекеттік кадастры мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi жеке безендiрiлген кiтап түрiнде қағаз жеткiзгiште бес жылда бiр рет кезеңдiлiкпен басылып шығады.
22-тарау. Зиянды заттарды, радиоактивтi қалдықтарды көму мен
ақаба суларды жер қойнауына ағызудың мемлекеттiк кадастры
173-бап. Зиянды заттарды, радиоактивтi қалдықтарды
көмудiң және ақаба суларды жер қойнауына
ағызудың мемлекеттiк кадастры
1. Зиянды заттарды, радиоактивтi қалдықтарды көмудiң және ақаба суларды жер қойнауына ағызудың мемлекеттiк кадастрын (Көмудің мемлекеттiк кадастрын) жүргiзу Қазақстан Республикасының аумағында барлық жер қойнауын пайдаланушылар үшiн мiндеттi болып табылады.
2. Көмудiң мемлекеттiк кадастрын жедел ақпарат алу, қоршаған орта саласында шешiмдер қабылдау, зиянды заттарды, радиоактивтi қалдықтар көмiлетiн және ақаба сулар ағызылатын орындардың жай-күйiне жоспарлы бақылау жасау мақсаттарында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган ұйымдастырады.
3. Көмудiң мемлекеттiк кадастрының деректерi жер қойнауы туралы бiртұтас цифрлы ақпараттар жүйесiне (деректер банкi) енгiзiледi және жер қойнауының мемлекеттiк мониторингiнiң құрамдас бөлiгi болып табылады.
4. Көмудiң мемлекеттiк кадастрының есебi зиянды заттар, радиоактивтi заттар көмiлетiн объектiлер мен жер қойнауына ақаба су төгiлетiн жерлерге жүргiзiлуi тиiс.
174-бап. Көмудiң мемлекеттiк кадастрының мазмұны
1. Көмудiң мемлекеттiк кадастрында көмiлген заттардың және төгiлген сулардың үлгiлерi мен түрлерiн сипаттайтын мәлiметтер қамтылады, онда олардың сандық және сапалық көрсеткiштерi, көму мен төгудiң тау-кен-техникалық, арнаулы инженерлiк-геологиялық, гидрогеологиялық және экологиялық жағдайлары көрсетiледi және:
1) зиянды заттар, радиоактивтi қалдықтар көмiлетiн объектiлер мен ақаба су төгiлетiн жерлердiң жалпы сипаттамасын: орналасқан жерiн пайдалану кезеңiн, ұстауға жұмсалатын шығынды, қоршаған орта мен жер қойнауының жай-күйiнiң мониторингi бақылау желiсiнiң орналасуын;
2) зиянды заттар, радиоактивтi қалдықтар көмiлетiн объектiлер мен ақаба су төгiлетiн жерлердiң нақты сипаттамасын: оқшаулану сипаттамасын, тау-кенi үлгiлерiн, қабатты-коллектор жатқан жердiң тереңдiгi мен тиiмдi қуатын, оның көлемiн, уақ тесiктiлiк коэффициентiн, су қысымына төсенiштiк және бөгесiндiк сипаттамасын, жер асты суларының табиғи ағысының жылдамдығын, ақаба сулардың сақталуы және басқа сандық және сапалық көрсеткiштердi;
3) зиянды заттар, радиоактивтi қалдықтар көмiлетiн объектiлер мен ақаба су төгiлетiн жерлердiң сипаттамасын: өнiмнiң атауын, нәтижесiнде өнiм жасалатын технологиялық өндiрiстер мен процестердi, нақты сипаттамасын (толық химиялық құрамын, уытты компоненттерi болуын, өрт шығу қауiптiлiгі, ерiгiштiгi, сақтау кезiнде басқа заттармен қосылғыштығы, негiзгi ластаушы радионуклидтер, оларды белсендiлiгi мен басқа да сипаттамаларын), тасымалдау жүйесiнiң сипаттамасын қамтиды.
2. Көмудiң мемлекеттiк кадастры Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органы бекiткен нұсқамалық әдiстемелерге сәйкес, зиянды заттар, радиоактивтi қалдықтар көмiлетiн объектiлер мен ақаба сулар үшiн жеке жүргiзiледi.
175-бап. Көмудiң мемлекеттiк кадастрын жүргiзу
1. Қызметiнiң процесiнде зиянды заттар, радиоактивтi қалдықтар көмiлетiн объектiлер мен ақаба сулар құралатын және зиянды заттар, радиоактивтi қалдықтар көмiлетiн және ақаба су объектiлерi бар жер қойнауын пайдаланушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға 1 қаңтарға дейiнгi жағдай бойынша жыл сайын (келесi есептi жылдың бiрiншi тоқсанының iшiнде) екi данада осы Кодекстiң 174-бабының 1-тармағында көрсетiлген мәлiметтердi табыс етедi.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жер қойнауын пайдаланушылардан түскен деректер негiзiнде Көмудiң мемлекеттiк кадастрын жасайды.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган:
1) жер қойнауын пайдаланушылардан мәлiметтердiң уақытылы түсуiн бақылауды;
2) Көмудiң мемлекеттiк кадастры материалдарын жинауды, олардың есебiн, жүйеленуi мен сақталуын;
3) есептеу техникасын пайдалана отырып және жер қойнауын пайдаланушыларға анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсету негiзiнде Көмудiң мемлекеттiк кадастрын жасау және оның деректерiн өңдеудiң автоматтандырылған жүйесiнiң жұмыс iстеуiн;
4) Көмудiң мемлекеттiк кадастрының дұрыс ресiмделуiн қамтамасыз етедi.
23-тарау. Экологиялық ақпарат
176-бап. Экологиялық ақпарат
1. Экологиялық ақпарат:
1) қоршаған ортаның және оған кiретiн табиғат объектiлерiнiң жай-күйi;
2) қоршаған ортаға әсер ету факторлары, оның iшiнде оның ластануы туралы;
3) қоршаған ортаға әсер ететiн немесе әсер ете алатын бағдарламалық, заңнамалық, әкiмшiлiк және өзге де шаралар;
4) экологиялық нормативтер және шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптар;
5) қоршаған ортаны қорғау бойынша жоспарланатын және iске асырылатын iс-шаралар және оларды қаржыландыру;
6) қоршаған ортаға әсер ететiн немесе әсер ете алатын қызмет, ол бойынша шешiм қабылдау процесi және бақылау-инспекторлық қызмет нәтижелерi, оның iшiнде бұл ретте қаралған қоршаған ортаға қатысты есептер, рұқсат етiлген мөлшерлер, талдаулар мен өзге де мәлiметтер;
7) қоршаған орта жай-күйiнiң халықтың денсаулығына, қауiпсiздiгiне және тұрмыс жағдайларына, мәдениет объектiлерiне, ғимараттар мен құрылыстарға әсер етуi туралы мәлiметтер мен деректердi қамтиды.
2. Экологиялық ақпарат жазбаша, электрондық, аудиовизуальды немесе объективтелген нысанда көрсетiлуi мүмкiн.
177-бап. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың
экологиялық ақпаратты қалыптастыру және тарату
жөнiндегi қызметi
1. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың экологиялық ақпаратты жинауы, есепке алуы, сақтауы және таратуы мемлекеттiк органдардың қызметiн, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шараларды жоспарлау мен орындауды және азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаға құқығын iске асыруды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдар жинауға, есепке алуға және сақтауға тиiс экологиялық ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамасында және халықаралық шарттарында айқындалады.
3. Уәкiлеттi мемлекеттiк органда қоршаған ортаға айтарлықтай әсер тигiзуi мүмкiн жоспарланып отырған және жүзеге асырылатын қызметтi, сондай-ақ қоршаған ортаға және азаматтардың өмiрi мен денсаулығына елеулi қатер төндiретiн табиғи және техногендiк сипаттағы кез келген жағдайды мiндеттi түрде тексеруге және есепке қоюға тиiс.
4. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдар экологиялық ақпаратты жүйеге келтiру және оған қол жеткiзудi жақсарту мақсатында экологиялық ақпараттың электрондық тiркелiмiн және кадастрын қалыптастырады және ұстайды.
5. Мемлекеттiк органдар өз құзыретiне сәйкес Интернеттегi электрондық өкiлдiктерге орналастыру және өзге де жалпыға ортақ қолжетiмдi ақпараттық-коммуникациялық құралдарды қолдану арқылы экологиялық ақпараттың мына түрлерiн:
1) қоршаған ортаның жай-күйi туралы баяндамаларды;
2) қоршаған ортаны қорғау мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердiң және келiсiмдердiң жобалары мен мәтiндерiн;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатқа, бағдарламалар мен жоспарларға қатысты құжаттардың жобалары мен мәтiндерiн;
4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылау-инспекциялық және құқық қолдану қызметiнiң нәтижелерi бойынша есептердi;
5) электрондық үкiметтiң қоршаған ортаны қорғау саласындағы базалық қызметтерiнiң тiзбесiн таратады.
6. Экологиялық ақпаратты тарату үшiн мемлекеттiк органдар мемлекеттiк сатып алулар және мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы заңнамада көзделген тәртiппен мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдарды тартуы мүмкін.
178-бап. Мемлекеттiк экологиялық ақпарат қоры
1. Экологиялық ақпаратты орталықтандырылған жинау, есепке алу және сақтау үшiн Мемлекеттiк экологиялық ақпарат қоры құрылады, ол туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
2. Мемлекеттiк экологиялық ақпарат қоры қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның қарамағында болатын мемлекеттiк мекеме болып табылады.
3. Мемлекеттiк экологиялық ақпарат қорының ақпараттық ресурстары:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы функцияларды мемлекет бюджетi және қаржыландырудың өзге де көздерi есебiнен жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар мен ұйымдар мiндеттi түрде беретiн;
2) заңды және жеке тұлғалар ерiктi түрде беретiн материалдар мен құжаттарды қамтиды.
4. Мемлекеттiк экологиялық ақпарат қорының құрамына экологиялық ақпараттың мынадай түрлерi кiредi:
1) табиғи ресурстардың кадастрлары;
2) шығарындылар мен ластаушылардың тiркелiмi және экологиялық ақпараттың өзге де тiркелiмдерi;
3) экологиялық қауiптi өндiрiстер тiзбесi;
4) экологиялық мониторинг деректерi;
5) тапсырыс берушiнiң келiсiмiмен қоршаған ортаға әсерiн бағалау материалдары;
6) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы нормативтiк құқықтық актiлер және нормативтiк-техникалық құжаттар;
7) қоршаған ортаны қорғауға байланысты ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды орындау туралы есептер;
8) экологиялық статистика деректерi;
9) экология және экологиялық таза технологиялар саласындағы ғылыми-техникалық әдебиет;
10) экологиялық ақпаратты қамтитын өзге де материалдар мен құжаттар.
179-бап. Экологиялық ақпаратқа қол жеткiзу
1. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдар бюджет қаражаты есебiнен қалыптастыратын және сүйемелдейтiн экологиялық ақпарат мынадай:
1) қызмет бабында пайдаланылатын ақпараттар санатына жатқызылған;
2) жедел-iздестiру қызметiнiң, анықтаудың және алдын ала тергеудiң құпиясын құрайтын;
3) коммерциялық құпия санатына жатқызылған;
4) зияткерлiк меншiк объектiлерi болып табылатын;
5) ақпаратты ерiктi түрде және жариялау құқығынсыз берген жеке және заңды тұлғалар туралы құпия мәлiметтердi құрайтын мәлiметтер мен деректердi қоспағанда жалпыға бiрдей қолжетiмдi болып табылады.
2. Жалпыға бiрдей қолжетiмдi экологиялық ақпаратты құрайтын жекелеген мәлiметтер мен деректерге қол жеткiзу оларды жеке және заңды тұлғалардың сұрау салулары бойынша беру, бұқаралық ақпарат құралдарында, арнайы басылымдарда тарату, Интернетте орналастыру жолымен, сондай-ақ өзге де жалпыға бiрдей қолжетiмдi ақпараттық-коммуникациялық құралдар қолданыла отырып жүзеге асырылады.
3. Экологиялық ақпараттың мемлекеттiк ақпаратттық ресурстарына (ақпараттық деректер базасына) қол жеткiзу жалпыға бiрдей қолжетiмдi тiркелiмдердi және экологиялық ақпарат кадастрларын қалыптастыру мен сүйемелдеу арқылы жүзеге асырылады.
4. Қол жеткiзу шектелген мәлiметтер мен деректердi құрайтын құжаттарға және ақпараттық ресурстарға қол жеткiзуге рұқсат беру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен, сондай-ақ жалпыға бiрдей қолжетiмдi жағдайда солардың iшiнен құпиясын ашуға болмайтын экологиялық ақпаратты бөлiп алу арқылы жүзеге асырылады.
180-бап. Субъектiлердiң экологиялық ақпаратқа қол
жеткiзуге қатысты құқықтары мен мiндеттерi
1. Жеке және заңды тұлғалар экологиялық ақпаратты алуға өз мүдделiлiгiн сұрауды көрсету қажеттiгiнсiз экологиялық ақпараттың жалпыға бiрдей қолжетiмдi мемлекеттiк ақпараттық ресурстарына еркiн қол жеткiзуге құқылы.
2. Мемлекеттiк функцияларды атқаратын немесе жария шарттың негiзiнде халыққа қоршаған ортаға қатысы бар қызметтер көрсететiн мемлекеттiк органдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар жалпыға бiрдей қолжетiмдi экологиялық ақпаратқа, соның iшiнде жеке және заңды тұлғалардың сұрау салулары бойынша ашық түрде қол жеткiзудi ұсынуға мiндеттi.
3. Қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын өзге де заңды және жеке тұлғалар ақпаратты сұратып отырған адамдардың өмiрi мен денсаулығына тiкелей әсер етуге қатысты экологиялық ақпаратты жеке және заңды тұлғалардың сұрау салулары бойынша беруге мiндеттi.
4. Жеке және заңды тұлғалар осы баптың 2-тармағында көрсетiлген тұлғалардан, егер сұрау салынып отырған тұлғаның оны басқа нысанда беруiне негiз болмаса не ақпарат басқа нысанда берiлiп қойған болса, сұрау салу арқылы экологиялық ақпарат алуға құқылы.
181-бап. Экологиялық ақпаратты сұрау салу бойынша
берудiң мерзiмдерi мен тәртiбi
1. Мемлекеттiк органдардың экологиялық ақпарат беру мерзiмдерi мен тәртiбi Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк рәсiмдер туралы және азаматтардың өтiнiштерiн қараудың тәртiбi туралы заңнамасында белгiленедi.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлгендердi қоспағанда, заңды және жеке тұлғалар сұрау салынған экологиялық ақпаратты мейлiнше тез арада, бiрақ сұрау салу алынған күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей бередi.
3. Қоршаған ортаға әсер етудi бағалау рәсiмiне және жоспарланып отырған шаруашылық және өзге де қызмет бойынша шешiмдер қабылдау процесiне қатысты экологиялық ақпаратқа қол жеткiзу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгілеген мерзiмдер мен тәртiпке сәйкес қамтамасыз етiледi.
4. Сұрау салынған экологиялық ақпарат мемлекеттiк органда болмаған жағдайларда алынған сұрау салу заңнамада белгiленген мерзiм iшiнде құзыреттi мемлекеттiк органға жiберiледi.
182-бап. Экологиялық ақпаратты бергенi үшiн ақы төлеу
1. Мемлекеттiк орган экологиялық ақпарат бергенi үшiн ақпаратты көшiруге, iздестiруге және дайындауға жұмсалған нақты шығыннан аспайтындай ақы алуға құқылы.
2. Экологиялық ақпарат бергенi үшiн алған ақыны мемлекеттiк орган мемлекеттiк органның тиiстi бюджетiнiң кодына аударады.
3. Мемлекеттiк органның экологиялық ақпаратты және жалпыға бiрдей қолжетiмдi мемлекеттiк электронды тiркелiмдерге және экологиялық ақпарат кадастрларына қол жеткiзуге рұқсат беруi тегiн жүзеге асырылады.
183-бап. Экологиялық ақпарат беруден бас тарту
1. Жеке және заңды тұлғаларға экологиялық ақпарат беруден мынадай негiздер бойынша:
1) сауал жалпылама түрде тұжырымдалған және өтiнiш берушi сұраған мәлiметтер мен деректердi анықтауға мүмкiндiк бермейтiн болса;
2) сұратып отырған ақпарат жоқ болса;
3) сауал осы Кодекстiң 172-бабының 1-тармағында көрсетiлген пайдаланылуы шектелген мәлiметтерге жататын болса, бас тартылуы мүмкiн.
2. Экологиялық ақпарат беруден бас тартылғаны туралы жауап өтiнiш берушiге барынша қысқа мерзiмде, бiрақ оны алған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей жiберiледi.
3. Бас тарту жазбаша нысанда, бас тартудың себептерi мен негiздерi, өтiнiш берушінің шағым жасау мүмкiндiктерi көрсетiле отырып, сондай-ақ осы Кодекстiң 181-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда беріледі, оған алынған сауалды құзыреттi мемлекеттiк органға жiбергенi туралы хабарлама кiредi.
4. Экологиялық ақпарат беруден бас тарту, оны бермеу, толық емес немесе дұрыс емес экологиялық ақпарат беру, сондай-ақ көпшiлiк пайдаланатын экологиялық ақпаратты пайдаланылуы шектеулi ақпаратқа жатқызу жағдайларына Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
24-тарау. Табиғат пайдаланушыларды және қоршаған ортаны
ластау көздерiн есепке алу және тiркеу
184-бап. Табиғат пайдаланушылардың және қоршаған ортаны
ластау көздерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi
Қазақстан Республикасының қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылар мен қоршаған ортаны ластау көздерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi табиғат пайдаланушыларды және қоршаған ортаны ластау көздерiн есепке алудың мемлекеттiк деректер қорының жүйесi болып табылады, оны қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүргiзедi.
185-бап. Табиғат пайдаланушыларды және қоршаған ортаны
ластау көздерiнiң мемлекеттiк есебi
1. Табиғат пайдаланушылардың мемлекеттiк есебi Табиғат пайдаланушылардың және қоршаған ортаны ластау көздерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне табиғат пайдаланушы туралы мәлiметтердi, оның iшiнде:
1) табиғат пайдаланушының орналасқан жерiн;
2) қоршаған ортаны ластау көздерiнiң орналасқан жерiн;
3) есептен шығаруды енгiзу (және жаңарту) жолымен жүзеге асырылады.
2. Табиғат пайдаланушылар ретiнде балансында қоршаған ортаны ластау көздерi бар мына заңды тұлғалар мен жеке кәсiпкерлер:
1) заңды тұлғалар, олардың құрылымдық бөлiмшелерi, соның iшiнде тұрақты мекеме құру арқылы Қазақстан Республикасында қызметiн жүзеге асыратын резидент еместер - орналасқан жерi бойынша;
2) тұрақты мекеме құрмай заңды тұлғалар Қазақстан Республикасында қызметiн жүзеге асыратын резидент еместер - қызметiн жүзеге асыратын жерi бойынша;
3) жеке кәсiпкерлер - қызметiн жүзеге асыратын жерi бойынша мемлекеттiк тiркеуге жатады.
3. Табиғат пайдаланушыларды және қоршаған ортаны ластау көздерiн мемлекеттiк тiркеудiң тәртiбiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган белгiлейдi.
186-бап. Табиғат пайдаланушыларды және қоршаған ортаны
ластау көздерiн мемлекеттiк есепке алудың
мерзiмдерi мен өткiзiлу орны
1. Табиғат пайдаланушыны мемлекеттiк есепке алуды уәкiлеттi мемлекеттiк орган табиғат пайдаланушы экологиялық рұқсатты ресiмдеген кезде жүзеге асырады.
2. Табиғат пайдаланушының есеп нөмiрi табиғат пайдаланушы ұсынатын есептiлiк құжаттарында, сондай-ақ оның мiндеттемелерiн орындауына байланысты өзге де құжаттарда көрсетiлуге тиiс.
3. Табиғат пайдаланушының тiркеу нөмiрiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган табиғат пайдаланушыға өзi жiберетiн, соның мiндеттемелерiне қатысы бар барлық құжаттарда көрсетуге тиiс.
187-бап. Табиғат пайдаланушылардың және қоршаған ортаны
ластау көздерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiнен
шығару
Табиғат пайдаланушыны Қазақстан Республикасының Табиғат пайдаланушылардың және қоршаған ортаны ластау көздерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiнен шығару қоршаған ортаға әсер ететiн қызметтiң тоқтатылуына байланысты жүзеге асырылады.
188-бап. Мемлекеттiк органдардың табиғат
пайдаланушыларды және қоршаған ортаны ластау
көздерiн есепке алуды жүзеге асыру кезiнде
өзара iс-қимыл жасасуы
Қоршаған ортаны қорғау органдары табиғат пайдаланушыларды мемлекеттiк есепке алуды жүзеге асыру кезiнде:
1) заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi, қайта тiркеудi және таратуды жүзеге асыратын;
2) статистика;
3) салық салынатын объектiлердi және салық салуға байланысты объектiлердi есепке алуды және (немесе) мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын;
4) лицензиялар, куәлiктер немесе рұқсат ету және тiркеу сипатындағы өзге де құжаттар беретiн мемлекеттiк органдармен;
5) басқа да уәкiлеттi органдармен өзара iс-қимыл жасайды.
189-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi
органның табиғат пайдаланушыларды және
қоршаған ортаны ластау көздерiн мемлекеттiк
есепке алуды жүзеге асыру кезiндегi мiндеттерi
Салық қызметi органдарының талабы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жылына кемiнде бiр рет қоршаған ортаны ластау көздерi бар табиғат пайдаланушылардың орналасқан жерi туралы мәлiметтердi беруге мiндеттi.
VII бөлiм. Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану
саласындағы халықаралық ынтымақтастық
25-тарау. Қазақстан Республикасының Экологиялық мәселелер
бойынша халықаралық ынтымақтастығының негiздерi
190-бап. Халықаралық ынтымақтастықтың басымдықтары
Қазақстан Республикасы экологиялық мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастықта келесi басымдықтарды негiздейдi:
1) халықаралық шарттар жасасу негiзiнде Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы мүдделерiн қорғауды жүзеге асырады;
2) бiр мемлекеттiң экологиялық салауаттығы басқа мемлекеттер есебiнен немесе олардың мүдделерiн ескерусiз қамтамасыз етiлмейдi;
3) мемлекет аумағында жүзеге асырылатын шаруашылық қызметi өз аумағы шегiнде де, оның заңдық құқығынан тысқары жерлерде де қоршаған ортаға зиян келтiрмеуге тиiс;
4) трансшекаралық ластауларды мейлiнше азайту шараларын қабылдайды;
5) мемлекеттер төтенше экологиялық жағдайларда бiр-бiрiне көмек көрсетуге тиiс;
6) экологиялық шығындардың интернационалды болуына, ластаушының оларды халықаралық сауда мен инвестициялау ережелерiн өтеуiне жәрдемдесуге;
7) басқа мемлекеттерге осы мемлекеттердiң қоршаған ортасына күтпеген зиянды салдарларға әкеп соғуы мүмкiн кез келген дүлей зiлзала немесе басқа да төтенше жағдайлар туралы дереу хабарлауға, сондай-ақ осыдан зардап шеккен мемлекеттерге мүмкiндiгiнше көмек көрсетуге;
8) әлемнiң, қоршаған ортаны дамыту мен қорғаудың өзара байланыстығы және бiртұтастығын өзара түсiнiсуге;
9) барлық экологиялық дауларды бейбiт жолмен шешуге тиiс.
191-бап. Халықаралық ынтымақтастықтың принциптерi
Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық мынадай принциптерге:
1) мемлекеттiң егемендiгi мен ұлттық табиғи ресурстардың және оларды пайдаланудың бiртұтастығына;
2) қоршаған ортаны қорғау мен экономикалық дамудың бiрлiгiне;
3) қоршаған ортаға трансшекаралық зиян келтiрудi болдырмауға;
4) табиғи ортаға әсер етудiң әскери немесе кез келген өзге де зиянды құралдарына тыйым салуға;
5) экологиялық проблемалар мен алдыңғы қатарлы табиғат сақтау технологиялары бойынша алдын ала хабарлауға, өзара консультациялар жүргiзуге және ақпарат алмасуға;
6) қисынды сақтандырушылыққа және алдын алу iс-шараларына;
7) жаhандық және өңiрлiк табиғат қорғау жөнiндегi халықаралық бастамаларға қатысуды кеңейтуге;
8) экологиялық қауiпсiздiктiң өңiрлiк және жергiлiктi мiндеттерiнiң экологиялық қатердiң жаhандық және ұлттық мақсаттарына бағынышты болуына;
9) халықаралық шарттардың мiндеттемелерiн сақтауға;
10) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөнiндегi қызметтегi ұлттық мүдделер мен басымдықтарды қамтамасыз ету үшiн халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының жағдайын пайдалану мүмкiндiгiне негізделедi.
192-бап. Халықаралық ынтымақтастықтың негiзгi бағыттары
мен деңгейлерi
1. Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық мынадай негiзгi бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) қоршаған ортаны ластайтын заттардың трансшекаралық ағынын азайту;
2) атмосфералық ауаны қорғау және климаттың өзгеруiн болдырмау;
3) суды ұтымды пайдалану және қорғау;
4) шөлейттенудi болдырмау;
5) биологиялық әралуандықты сақтау;
6) қауiптi қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды, бақыланбайтын биологиялық объектiлер сауда-саттығын болдырмау;
7) қоршаған ортаны қорғаудың және ұтымды табиғат пайдаланудың экономикалық аспектiлерiн зерделеу;
8) қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы ұзақ мерзiмдi ұлттық және халықаралық бағдарламаларды әзiрлеу мен iске асыру;
9) халықаралық стандарттарды әзiрлеуге, қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы басқару әдiстерiн, нормативтер мен стандарттарды жақындастыруға және бiрегейлендiруге қатысу.
2. Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық жаhандық, өңiрлiк және ұлттық деңгейлерде жүзеге асырылады.
193-бап. Халықаралық ынтымақтастықтың экономикалық
негiзi
Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың экономикалық негiзi мыналарды:
1) барлық, бiрнеше не екi мемлекеттiң пайдалануында болатын табиғи ресурстарды тиiмдi және ұтымды пайдалануды;
2) трансшекаралық әсер ету нәтижесiнде кiнәлi тарап келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiктi;
3) пайдаланылатын табиғи ресурстарға үлестiк қатысу принципi бойынша басқа мемлекеттер пайдаланатын трансшекаралық объектiлердi басқару, реттеу және қорғау жөнiндегi құрылыстарды бiр жақты пайдалануды жүзеге асыратын мемлекетке шығындарын өтеудi;
4) бiр мемлекеттiң басқа мемлекетке Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың негiзiнде белгiленген табиғи ресурстарға өз үлесiн (үлесiнiң бiр бөлiгiн) өтемақылық негiзде беруiн көздейдi.
194-бап. Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық
1. Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгiленген нысандарда, сондай-ақ халықаралық-құқықтық практикада танылған және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн басқа да нысандарда жүзеге асырылады.
2. Жеке, заңды тұлғалар мен мемлекет халықаралық және мемлекеттiк ұйымдармен, шетелдiк үкiметтiк емес қоғамдық ұйымдармен және Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн ұйымдардың-грант берушiлердiң тiзiмiне енгiзiлген гранттар беретiн қорлармен ынтымақтастықты жүзеге асыруға құқылы.
195-бап. Экологиялық құқық бұзушылықтары үшiн
халықаралық жауапкершiлiк
Экологиялық құқық бұзушылықтар, шекаралас мемлекеттердiң қоршаған ортасы мен табиғи ресурстарына келтiрiлген зиян, халықаралық шарттардың мiндеттемелерiн сақтамағаны үшiн халықаралық жауапкершiлiк шаралары Қазақстан Республикасының халықаралық шарттардың ережелерiне, сондай-ақ нақты жағдайларда қолданылатын халықаралық құқық ережелерiне сәйкес қолданылады.
26-тарау. Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану
саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастық
196-бап. Мемлекетаралық ынтымақтастықтың негiздерi
Қазақстан Республикасы қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану мақсатында нормаларды, стандарттарды және ұсынымдарды белгiлеу кезiнде тiкелей немесе халықаралық ұйымдар арқылы жаһандық, өңiрлiк және екi жақты негiзде басқа мемлекеттермен ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы жаһандық және өңiрлiк экологиялық проблемаларды шешуге халықаралық шарттар жасасу жолымен қатысады.
197-бап. Мемлекетаралық ынтымақтастықтың тетiгi
1. Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың тетiгi мынадай негiзгi iс-шараларды:
1) трансшекаралық әсерiн тигiзетiн немесе әсер етуi мүмкiн қызметтi жүзеге асыру кезiнде табиғи ресурстардың трансшекаралық сипаты ескерiле отырып, олардың қисынды әрi әдiл пайдаланылуын;
2) терiс трансшекаралық немесе жаһандық әсер етуге әкеп соғуы ықтимал қоршаған орта объектiлерiн ластаудың жолын кесу, оларды болдырмау, шектеу және азайту жөнiндегi шараларды;
3) трансшекаралық әсер етуден бүлiнген экологиялық жүйелердi сақтауды және қажет болғанда қалпына келтiрудi;
4) қазiргi заманғы техникалық жетiстiктерге және табиғат пайдаланудың экономикалық ықтимал жағдайларына сәйкес келетiн қоршаған ортаға нормаланған әсер етудiң белгiленуiн;
5) трансшекаралық объектiлердi басқаруға, реттеуге және қорғауға бiрлескен қаржылық және техникалық қатысуды;
6) ақпарат алмасуды, экологиялық апаттардың, зiлзаланың, авариялардың алдын алуға қажеттi күш-құралдарды құру мен қолдауды және солардың зардаптарын жоюды;
7) қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалану мәселелерi бойынша қабылданатын нормативтiк құқықтық актiлердi, экологиялық нормативтер мен стандарттарды жақындастыруды және үйлестiрудi;
8) мониторингтiң бiртұтас жүйесiн енгiзудi, трансшекаралық объектiлердi және солармен байланысты экологиялық жүйелердi қорғау мен қалпына келтiрудiң бiрлескен бағдарламаларын әзiрлеудi және iске асыруды;
9) трансшекаралық объектiлердi қорғау мен пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасы ратификациялаған мемлекетаралық шарттарға сәйкес трансшекаралық объектiлердi басқару жөнiндегi мемлекетаралық органды құруды;
10) трансшекаралық объектiлердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi өңiрлiк және ұлттық деректер қорын құруды;
11) экологиялық проблемаларды шешу жөнiндегi бiрлескен ғылыми-техникалық зерттеулер жүргiзудi;
12) халықаралық экологиялық сараптамалар жүргiзудi көздейдi.
198-бап. Халықаралық шарттар
1. Халықаралық шарттар қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың құқықтық нысаны болып табылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы халықаралық шарттар Қазақстан Республикасының Конституциясына, халықаралық құқықтың жалпы таныған принциптерi мен нормаларына, халықаралық шарттың өзiнiң ережелерiне, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiне сәйкес жасалады, орындалады, өзгертiледi және тоқтатылады.
3. Халықаралық шарттарды iске асыру мыналарды:
1) Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе өзге уәкiлеттi мемлекеттiк орган деңгейiнде қажеттi iс-қимылдар жоспарын әзiрлеу мен бекiтудi;
2) халықаралық шартты iске асыру жөнiндегi жауапты органды және ұлттық үйлестiрушiнi тағайындауды;
3) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы халықаралық шарттарға қатысу тиiмдiлiгiнiң тұрақты талдауын жүргiзудi қамтуы мүмкiн.
VIII бөлiм. Экологиялық тәрбие, бiлiм және ғылыми зерттеулер
27-тарау. Экологиялық тәрбие мен білім
199-бап. Экологиялық тәрбиенiң және бiлiмнiң мақсаты
мен принциптерi
1. Қоғамда экологиялық мәдениеттi, адамдар, елдер мен ұрпақтар арасындағы бiртұтас ынтымақтастық пен өзара құрмет құндылықтарына негiзделген азаматтардың белсендi өмiрлiк ұстанымын қалыптастыру экологиялық тәрбие мен бiлiмнiң мақсаты болып табылады.
2. Педагогтарды, мамандарды және басшыларды қоса алғанда, мектепке дейiнгi тәрбие мен бiлiмдi, жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсіптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмдi қамтитын тұрақты даму мүддесiндегi экологиялық тәрбие мен бiлiмнiң үздiксiз жүйесi енгiзiлiп жатыр және даму үстiнде.
3. Тұрақты даму мәселелерiне кедейшiлiк, имандылық, бейбiтшiлiк, демократия, қауiпсiздiк, адам құқықтары, әлеуметтiк-экономикалық даму, денсаулық сақтау, мәдени саналуандық, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды басқару, қалалар мен ауылдық аумақтарды дамыту, өндiрiс пен тұтыну құрылымдары жатады.
4. Тұрақты даму мәселелерi кешендi көзқарас негiзiнде жаhандық, өңiрлiк және ұлттық жағдайлар ескерiле отырып, үздiксiз экологиялық тәрбие мен бiлiмнiң бiлiм беру және оқыту процесiне кiредi.
Экологиялық тәрбие мен бiлiм беру жөнiндегi оқу бағдарламасына тұрақты даму мүддесiнде тұрақты дамуға қатысты көп жақты келiсiмдер мен халықаралық шарттар мәселелерi енгiзiлуi тиiс.
5. Экологиялық тәрбие мен бiлiм беру жөнiндегi оқу бағдарламасына тұрақты даму мүддесiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның келiсiмiмен бiлiм және ғылым саласындағы уәкiлеттi орган әзiрлейдi және бекiтедi.
6. Тұрақты даму мүддесiнде экологиялық тәрбие мен бiлiм жөнiндегi қызмет мыналарды:
1) көпшiлiктiң хабардар болуын арттыруды, барлық деңгейдегi бағдарамаларға тұрақты даму мәселелерiн шектеулi түрде енгізудi, экология және тұрақты даму жөнiндегi баламалы материалдарға қол жеткiзудi қамтамасыз етудi;
2) оқытудың әдiстерi мен жаңа технологияларын дамытуды;
3) жүйелi, сындарлы, шығармашылық ойлау мен өмiрге деген көзқарасты дамытуды, жеке бағдарлай оқытуды, педагогтардың құзыретiн және кәсiптiк даярлығын арттыруды, жаhандық және жергiлiктi мүдделер мен басымдықтар арасындағы тепетеңдiктi және көп жақты ынтымақтастық пен әрiптестiктi;
4) оқу әдiстемелiк қамтамасыз етудi қамтиды.
7. Тұрақты даму мүддесiнде экологиялық тәрбие мен бiлiм тиiмдiлiгi:
1) тұрақты даму мәселелерiн барлық тиiстi оқыту пәндерiмен, бағдарламаларымен және курстарымен кiрiктiру арқылы;
2) нақты тақырыптық бағдарламалар мен курстар бойынша оқулар ұйымдастыру жолымен қамтамасыз етiледi.
8. Тұрақты даму мүддесiнде экологиялық тәрбие мен бiлiм бағыттары:
1) орнықты тәрбиенi, атап айтқанда бiлiм беру мекемелерiнде, жұмыс орындарында, отбасында және қоғамда, қалыптастыруға жәрдемдесетiн оң бiлiм беру тәжiрибесi;
2) педагогикалық қоғам мен басқа да мүдделi тараптар арасындағы ынтымақтастық пен әрiптестiк;
3) бүкiл өмiрлiк жолды қамтитын көзқарас негiзiнде жаhандық, өңiрлiк, ұлттық және жергiлiктi проблемаларды түсiндiру жолымен жәрдемдесу;
4) бiлiм берудiң кең ауқымын, оның iшiнде оқушылардың тұтынуына бейiмделген нақты процестерге және шешiмдер табуға бағдарланған әдiстердi қолдану болып табылады.
9. Тұрақты даму мүддесiнде экологиялық тәрбие мен бiлiм мәселелерi жөнiндегi қызметтi бiлiм мен ғылым саласындағы уәкiлеттi органдар мен жергiлiктi атқарушы органдар ұйымдастырады және үйлестiредi.
10. Тұрақты даму мүддесiнде экологиялық тәрбие мен бiлiм жөнiндегi қызметтi орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, бiлiм беру ұйымдары, қоғамдық бiрлестiктер және басқа да үкiметтiк емес ұйымдар, мәдениет және ғылым мекемелерi, туристiк және халықаралық ұйымдар, өзге де заңды тұлғалар ұйымдастырады.
28-тарау. Экологиялық ғылыми зерттеулер
200-бап. Экологиялық ғылыми зерттеулердiң мақсаттары
мен мiндеттерi
1. Экологиялық ғылыми зерттеулер қоршаған ортаны қорғаудың ғылыми негiздерiн құру, табиғи экологиялық жүйелердi жақсарту, қалпына келтiру, тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жөнiндегi ғылыми негiзделген iс-шараларды әзiрлеу, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен молайту, экологиялық қауiпсiздiктi және Қазақстан Республикасының әлеуметтiк, экономикалық және экологиялық теңгерiмдi дамуын қамтамасыз ету мақсатында жүргiзiледi.
2. Мыналар:
1) қоршаған ортаның жай-күйiн бағалау мен болжау;
2) экологиялық нормативтер мен талаптардың ғылыми негiзделген регламенттерiн әзiрлеу;
3) табиғи ресурстарды кешендi әрi ұтымды пайдаланудың негiздемесi;
4) қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалану саласында мемлекеттiк реттеу мен басқаруды қамтамасыз ету үшiн ғылыми ұсынымдар әзiрлеу;
5) экологиялық тұрғыдан тиiмдi ресурстарды сақтау технологияларының ғылыми негiздемесi, оларды әзiрлеу мен енгiзу қоршаған ортаны қорғаудың ғылыми қамтамасыз етiлуiнiң мiндеттерi болып табылады.
201-бап. Экологиялық ғылыми зерттеулердiң негiзгi
бағыттары
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылыми қамтамасыз ету мiндеттерiн шешу үшiн ғылыми зерттеулердiң мынадай түрлерi:
1) аумақтардың әлеуметтiк-экономикалық тұрақты дамуының кешендi мемлекеттiк, өңiрлiк, жергiлiктi ғылыми негiздемелерiн (бағдарламаларын) әзiрлеу;
2) экологиялық жүйелердiң антропогендiк әсер етуге тұрақтылығын зерттеу және экологиялық тәуекелдердi айқындаудың ғылыми негiздерiн әзiрлеу;
3) табиғи ортаға антропогендiк жүктемелер деңгейiн және экологиялық жүйелер мен ландшафттардың бүлiну дәрежесiн бағалау;
4) қоршаған ортаны қорғау саласында ғылыми негізделген нормативтiк құжаттар әзiрлеу;
5) экологиялық жүйелер мен ландшафттарға антропогендiк әсер ету шегiнiң аймақтық деңгейлерiн айқындау;
6) қоршаған орта факторларының халық денсаулығына әсер етуiн анықтау;
7) республика аумағын экологиялық шиеленiсу дәрежесi бойынша аудандарға бөлу және саралау;
8) қоршаған ортаның нысаналы сапалық көрсеткiштерi бағдарламаларын әзiрлеумен байланысты зерттеулер;
9) қоршаған орта эмиссияларды тазарту жөнiндегi әдiстердi және технологияларды әзiрлеумен байланысты зерттеулер;
10) шикiзатты кешендi пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу мен кәдеге жарату жөнiндегі зерттеулер;
11) жаңа pecypc үнемдеушi және экологиялық тиiмдi технологияларды iздестiру, ғылыми-техникалық негiздеу және енгізу жөнiндегi зерттеулер;
12) қоршаған ортаның жай-күйiн бағалауды әзiрлеу мен ғылыми сүйемелдеу және олардың антропогендiк және табиғи факторлар әсерiнен өзгеруiн болжамдау;
13) қоршаған ортаға антропогендiк немесе табиғи факторлардың әсер етуiнiң терiс салдарларын болдырмау немесе жеңiлдету әдiстерiн ғылыми негiздеу;
14) көп жылғы қадағалаулар мен жедел бақылау негiзiнде экологиялық жүйелер мен объектiлер жай-күйiнiң сандық және сапалық көрсеткiштерiне экологиялық мониторинг нәтижелерiн жүйелi зерделеу мен қорыту;
15) қоршаған ортаның жай-күйiнiң мониторингiн ғылыми қамтамасыз ету;
16) қоршаған ортаға эмиссияларға, табиғи ресурстарды пайдалануға лимиттердi (квоталарды) әзiрлеу мен ғылыми негiздеу;
17) климаттың өзгеруiн кешендi зерттеу және оның Қазақстанның экономикасы мен табиғи ресурстарына әсерiн бағалау;
18) озон қабатының, оның бүлiнуi мен қалпына келу процестерiнiң жай-күйiн зерттеу, адам қызметiнiң озон қабатына әсерiн болдырмау жөнiндегi шараларды әзiрлеу;
19) табиғат пайдалануды экономикалық реттеу тетiктерiнiң проблемаларын зерттеу, экономикалық тиiмдiлiктi және табиғат қорғау iс-шараларына жұмсалатын шығындарды бағалау әдiстерiн әзiрлеу және осы iс-шараларды ғылыми сүйемелдеу;
20) елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының экологиялық индикаторларын әзiрлеуге және ғылыми негіздеуге қатысу;
21) Қазақстан Республикасының табиғат қорғау саласындағы халықаралық шарттар бойынша мiндеттемелерiн орындауына байланысты ғылыми зерттеулердi жүргiзу;
22) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастық жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Iргелi және қолданбалы ғылыми экологиялық зерттеулер бюджет қаражатының және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде тыйым салынбаған басқа да қаржыландыру көздерi есебiнен жүзеге асырылады.
202-бап. Экологиялық ғылыми зерттеулердi жүргiзуге
қойылатын талаптар
1. Экологиялық ғылыми зерттеулердi осы Кодекске және Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасына сәйкес ғылыми ұйымдар жүргiзедi.
2. Қазақстан Республикасының аумағында қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылыми зерттеулердi қазақстандық та, шетелдiк те заңды және жеке тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын мiндеттi түрде орындайтын болса, халықаралық ұйымдар жүзеге асыруы мүмкiн.
IX бөлiм. Заңды жауапкершiлiк және дауларды шешу
29-тарау. Экологиялық құқық бұзушылықтар үшiн жауапкершілiк
және экологиялық дауларды шешу
203-бап. Экологиялық құқық бұзушылықтардың түрлерi
Экологиялық құқық бұзушылықтардың түрлерiне:
1) экологиялық заңнаманы материалдық жауапкершiлiкке әкеп соғатындай бұзушылық;
2) экологиялық заңнаманы моральдық зиян келтiргенi үшiн жауапкершiлiкке әкеп соғатындай бұзушылық;
3) қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар;
4) экологиялық қылмыстар жатады.
204-бап. Экологиялық құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн
жауапкершiлiк
Экологиялық құқық бұзушылықтар жасаған жеке және заңды тұлғалар материалдық, әкiмшiлiк және қылмыстық жауапкершiлiкке тартылады, сондай-ақ осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiне сәйкес өздерi келтiрген моральдық зиянды өтейдi.
205-бап. Экологиялық заңнаманы бұзу арқылы келтiрiлген
зиянды өтеудiң мiндеттiлiгi
1. Экологиялық құқық бұзушылықтар жасаған тұлғалар өздерi келтiрген залалды осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiне сәйкес өтеуге мiндетті.
2. Мыналардың:
1) табиғи ресурстарды жою мен бүлдіруді;
2) табиғи ресурстарды өз бетiмен және ұтымсыз пайдаланудың;
3) қоршаған ортаны өз бетiмен ластаудың, оның iшiнде авариялық, келiсiлмеген жаппай шығарулар мен ағызулардың, өндiрiс және тұтыну қалдықтарын орналастырудың;
4) қоршаған ортаны нормативтен тыс ластаудың салдарынан қоршаған ортаға, азаматтардың денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттiң мүлкiне келтiрiлген залал өтелуге тиiс.
3. Жеке тұлғалардың денсаулығына келтiрiлген зиянды, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттiң мүлкiне келтiрiлген залалды өтеу ерiктi түрде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот шешiмi бойынша жүргiзiледi. Зиян зардап шеккен адамның еңбекке қабiлетiн жоғалту дәрежесi, оның емделуiне және денсаулығын қалпына келтiруге жұмсалған шығындар, ауруды бағып-күту жөнiндегi шығындар, өзге де шығыстар мен шығындар ескерiле отырып, толық көлемде өтелуге тиiс.
4. Экологиялық заңнаманы бұзу салдарынан қоршаған ортаға келтiрiлген зиянды өтеу ерiктi түрде немесе осы Кодексте айқындалатын залалды экономикалық бағалауға сәйкес сот шешiмi бойынша жүргiзiледi.
5. Қызметi қоршаған ортаға қауiп төндiретiн заңды және жеке тұлғалар, егер зиянның дүлей күш немесе зардап шеккен адамның терiс пиғылы салдарынан туындағанын дәлелдей алмаса, қауiп төндiретiн көздер келтiрген зиянды өтеуге мiндеттi. Зиянды өтеу мiндетi меншiк құқығында, шаруашылық жүргiзу құқығында немесе жедел басқару құқығында не кез келген басқа заңды негiзде қауiп төндiретiн көзге иелiк ететiн тұлғаға жүктеледi.
6. Экологиялық заңнаманы бұзу нәтижесiнде келтiрiлген моральдық зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген тәртiппен өтелуге тиiс.
206-бап. Экологиялық заңнаманы бұзу арқылы келтiрiлген
зиянды өтеудiң тәртiбi
1. Қоршаған ортаға зиян келтiрген тұлға келтiрiлген залалды ерiктi түрде өз күшiмен жоюға не оны өзге де тәсiлмен өтеуге құқылы. Тұлғаның залалды жою не өтеу туралы мiндеттемесi кепiлхатта жазылуға тиiс.
2. Зиянды өтеу қоршаған ортаға зиян келтiрген тұлғаның өз қаражаты немесе сақтандыру төлемдерi есебiнен құндық нысанда жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Зиянды өтеудiң құндық нысандарына қоршаған ортаның зиян келтiрiлгенге дейiнгi жай-күйiн қалпына келтiруге, табиғи ресурстарды молайту жөнiндегi iс-шараларды орындауға, алынбай қалған пайданы қоса алғанда, талап қоюшыға өзге шығындарды өтеуге арналған ақшалай қаражат жатады.
4. Тараптардың келiсiмiмен сот шешiмi бойынша зиян жауапты тұлғаға қоршаған ортаны өз күш-құралдарымен қалпына келтiру жөнiндегi мiндеттердi жүктеу жолымен заттай нысанда өтелуi мүмкiн.
5. Өтеудiң жаратынды нысандарына қоршаған ортаның зиян келтiрiлгенге дейiнгi жай-күйiн қалпына келтiру, жойылған не бүлiнген табиғи ресурстың орнына соған теңдесiн беру жөнiндегi шаралар жатады. Зиянды заттай нысанда өтеу келтiрiлген зиянды өтеудiң тәртiбiн, талаптарын, мерзiмдерi мен көлемiн регламенттейтiн шартты және/немесе келiсiмдi жасасу жолымен жүргiзiледi.
6. Қоршаған ортаға бiрнеше тұлға зиян келтiрген кезде олар өздерi келтiрген залалды әрқайсысының үлестiк жауапкершiлiгiне сәйкес өтеуге мiндеттi.
7. Талап қоюшы экологиялық құқық бұзушылықтың қосымша зардаптары анықталған кезде зиянды, залалды және өзге де шығындарды өтеу туралы талаппен сотқа қайта жүгiнуге құқылы. Талап қою мерзiмi Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес айқындалады.
8. Зияннан өндiрiлiп алынған сома мемлекеттiк бюджетке, ал заңнамада белгiленген жағдайларда жәбiрленген адамға аударылады.
9. Залалды өтеу қоршаған ортаға зиян келтiрген тұлғаны әкiмшiлiк және қылмыстық жауапкершiлiктен босатпайды.
207-бап. Экологиялық дауларды шешудiң тәртiбi
1. Экологиялық дауларды соттар Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен шешедi.
2. Тараптар экологиялық дауларды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәртiппен реттеуге құқылы.
3. Экологиялық құқық қатынастары субъектiлерi арасындағы экологиялық даулар келiссөздер жолымен, оның iшiнде сарапшыларды тарта отырып не тараптардың бұған дейiн келiсiлген дауларды шешу рәсiмiне сәйкес шешiлуi мүмкiн.
Х бөлiм. Шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асыру кезiнде қойылатын экологиялық талаптар
30-тарау. Экологиялық талаптар туралы жалпы ережелер
208-бап. Шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын
экологиялық талаптар және олардың түрлерi
1. Экологиялық талаптар меншiк нысанына қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызметке белгiленедi.
2. Экологиялық талаптар мынадай түрлерге бөлiнедi:
1) шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын жалпы экологиялық талаптар;
2) табиғи ресурстарды пайдалану кезiнде қойылатын экологиялық талаптар;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы экологиялық талаптар;
4) Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторының солтүстiк бөлiгiндегi мемлекеттiк қорық аймағындағы шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптар;
5) радиоактивтi материалдарды, атом энергиясын пайдалануға және радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қойылатын экологиялық талаптар;
6) аса қауiптi химиялық және биологиялық заттарды, генетикасы өзгертiлген өнiмдер мен ағзаларды өндiру мен пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар;
7) өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс iстеу кезiндегi экологиялық талаптар;
8) әскери және қорғаныс объектiлерiне, әскери қызметке қойылатын экологиялық талаптар;
9) экологиялық ахуалы қолайсыз аумақтарды пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар.
3. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында экологиялық талаптардың басқа да түрлерi белгiленуi мүмкiн.
209-бап. Экологиялық талаптарды әзiрлеу мен бекiтудiң
тәртiбi
1. Экологиялық талаптар осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк-құқықтық актiлерi мен нормативтiк-техникалық құжаттарында белгiленiп, жекелеген құжаттар немесе шаруашылық және өзге де қызметтiң тиiстi түрлерiн жүзеге асыру ережелерiнiң жекелеген бөлiмдерi түрiнде енгiзiлуi мүмкiн.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган экологиялық талаптарды әзiрлеу кезiнде мамандандырылған ғылыми-зерттеу, жобалау институттары мен басқа да ұйымдарды, сондай-ақ табиғат пайдаланушыларды тартуы мүмкiн.
3. Жер ресурстарын, жер қойнауы мен минералдық ресурстарды, жер асты және жер үсті суларын, орман және жануарлар дүниесi мен өсiмдiктер дүниесiн пайдалану кезiндегі экологиялық талаптар тиiсiнше жер ресурстарын басқару, жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөнiндегi, су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы, жануарлар дүниесiн қорғау, молайту және пайдалану саласындағы органдардың келiсiмiмен белгiленедi.
4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қойылатын экологиялық талаптар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органның келiсiмiмен белгiленедi.
5. Кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектiлердi салу мен реконструкциялау, пайдалануға беру мен пайдалану, қалалар мен басқа да елдi мекендер салу, радиоактивтi материалдарды пайдалану, аса қауiптi химиялық және биологиялық заттарды өндiру мен пайдалану, өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс iстеу кезiнде оларды жобалауға және орналастыруға қойылатын, әскери және қорғаныс объектiлерiне, әскери қызметке қойылатын экологиялық талаптар осы Кодекске және Қазақстан Республикасының басқа заңнамалық актiлерiне сәйкес белгiленедi.
210-бап. Мемлекеттiк мүлiктi жекешелендiру кезiндегi
экологиялық талаптар мен мiндеттемелердi
есепке алу
1. Мемлекеттiк мүлiктi жекешелендiру кезiнде жекешелендiрудi жүзеге асыруға уәкiлеттiк берiлген мемлекеттiк орган экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етедi.
2. Кәсiпорындарды және өзге де объектiлердi жекешелендiру экологиялық жай-күйдi тексерудiң (экологиялық аудиттiң) нәтижелерi ескерiле отырып жүзеге асырылады. Кәсiпорынның және өзге де объектiнiң экологиялық жай-күйiн тексеру кәсiпорынды жекешелендiру жоспарында көзделедi және мемлекеттiк экологиялық бақылау органының қатысуымен жүзеге асырылады.
211-бап. Заңды тұлға банкрот болған, таратылған және
қайта ұйымдастырылған кездегi экологиялық
талаптар мен мiндеттемелердi есепке алу
1. Табиғат пайдаланушы заңды тұлғаның банкроттығы туралы iс қозғалған кезде экологиялық аудит жүргiзiледi.
2. Табиғат пайдаланушы заңды тұлғаның экологиялық аудитiн ұйымдастыру мiндетi сауықтыруды жүзеге асыратын органға не сырттай басқарушыға жүктеледi.
3. Табиғат пайдаланушы заңды тұлғаның экологиялық талаптарды сақтауы тексерудiң объектiсi болады.
4. Табиғат пайдаланушы заңды тұлғаның банкроттығы туралы iстi жүргiзу кезiнде кредиторлар экологиялық мiндеттемелер бойынша мүдделерiн есепке алу қамтамасыз етiледi.
5. Табиғат пайдаланушы заңды тұлғаны тарату және қайта ұйымдастыру олардың нәтижелерiн заңды тұлғаны қайта ұйымдастырудың балансында мiндеттi түрде көрсете отырып, экологиялық аудит деректерi немесе мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалар қорытындылары негiзiнде экологиялық талаптар ескерiлiп жүзеге асырылады.
6. Табиғат пайдаланушы заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезiнде экологиялық мiндеттемелер оның құқықтық мұрагерiне өтедi.
31-тарау. Шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын жалпы
экологиялық талаптар
212-бап. Шаруашылық және өзге де объектiлердi жобалауға
қойылатын экологиялық талаптар
1. Кәсiпорындарды, ғимараттар мен құрылыстарды, өнеркәсiп және ауыл шаруашылығы объектiлерiн, сумен жабдықтау жүйелерiн, кәрiздердi, гидротехникалық құрылыстарды, көлiк және байланыс құралдарын, технологиялық процестердi, бұйымдар мен жабдықтарды, басқа да объектiлердi жобалау кезiнде:
1) қоршаған ортаның сапа нормативтерi сақталуы;
2) қауiптi қалдықтар залалсыздандырылуы және кәдеге жаратылуы;
3) қалдығы аз және қалдықсыз технологиялар мен өндiрiстер пайдаланылуы;
4) қоршаған ортаны ластанудың алдын алудың тиiмдi шаралары қолданылуы;
5) табиғи ресурстарды молықтыру және ұтымды пайдалану қамтамасыз етiлуi тиiс.
2. Мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың оң қорытындысы жоқ жобаларды қаржыландыруға және iске асыруға тыйым салынады.
213-бап. Жалпы экологиялық талаптар және табиғат
пайдаланушылардың шаруашылық және өзге де
объектiлердi пайдалануға беру мен пайдалану
кезiндегi жауапкершiлiгі
1. Кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектiлердi пайдалануға беру жобада көзделген барлық экологиялық талаптар толық көлемде орындалған жағдайда қоршаған ортаны қорғау саласындағы арнайы уәкiлеттiк берiлген мемлекеттiк органдардың қатысуымен құрылатын қабылдау комиссияларының актiлерi бойынша жүргiзiледi.
2. Жобада көзделген шектеулi жол берiлген нормативтерден асып түсетiн (қоршаған ортаға әсер ету бағасының нәтижелерi бойынша), зиянды қалдықтарды, шығарындыларды, тастауларды тазарту, залалсыздандыру және кәдеге жарату жөнiндегi жабдықтар орнатылмаған, жердiң құнарлығын қалпына келтiру, табиғи ресурстарды молайту мен ұтымды пайдалану жөнiндегi жұмыстарды аяқтамаған кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектiлердi пайдалануға беруге тыйым салынады.
3. Шаруашылық және өзге де объектiлердi пайдалануды жүзеге асыратын әрбiр табиғат пайдаланушы:
1) өзiне берiлген аумақта және басқа да аудандарда өз күшiмен немесе субмердiгерлердi тарта отырып, жұмыстардың қауiпсiз түрде жүргiзiлуi;
2) қоршаған ортаны қорғау мәселелерi жөнiндегi белгiленген құжаттаманы жүргiзу және барлық жұмыстар бойынша мемлекеттiк органдарға белгiленген есептi беру;
3) мемлекеттiк бақылаушы органдар инспекцияларының жұмысына жәрдемдесу және заңды нұсқамаларды белгiленген мерзiмде орындау үшiн жауапты болады.
4. Табиғат пайдаланушы әрбiр объектiде:
1) жұмыстарды жүргiзу кезiнде экологиялық нормативтер мен талаптардың сақталуы және бақылаушы органдармен өзара iс-қимыл үшiн жауапты болатын арнайы бөлiмше құруға не өз өкiлiн тағайындауға;
2) персоналдың денсаулығы мен өмiрiн, қоршаған ортаны және мүлiктi қорғау мақсатында барлық операцияларды мейлiнше қауiпсiз әрi бiлiктi тәсiлмен жүргiзуге және жабдықтарды қауiпсiз жай-күйде ұстауға;
3) барлық қызмет түрлерi бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы аумақтық органдармен келiсiлген, кемiнде бес жылда бiр рет қайта қаралатын қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi нормативтiк-техникалық құжаттар әзiрленiп, бекiтiледi. Нормативтiк-техникалық құжаттар жаңа үлгiлiк ережелермен нормаларды, жаңа технологиялық процестердi, қондырғыларды, машиналар мен аппаратураларды енгiзу кезiнде де қайта қаралуға тиiс;
4) жұмыс учаскелерiнде (объектiлерiнде) ұйымдардың жауапты лауазымды адамдары учаскелерде (объектiлерде) анықталған кемшiлiктердi жоюдың мерзiмдерiн көрсетiп жазатын техникалық және экологиялық қауiпсiздiктiң жай-күйiн тексеру журналдарын жүргізуге тиiс. Қоршаған орта үшiн аса қауiптi жұмыстарды ұйымдастыру мен жүргiзудiң тәртiбi осы шаруашылық және басқа объектiлердi пайдалануды жүзеге асыратын табиғат пайдаланушы әзiрлеген арнайы ережеде белгіленуге тиiс.
6. Табиғат пайдаланушы экологиялық заңнаманың бұзылуы, кездейсоқ апаттар мен табиғи катаклизмдердiң нәтижесiнде туындаған авариялық жағдайларды жою немесе оқшаулау жөнiндегi iс-қимылдар жоспарын жасауы тиiс.
7. Қолданыстағы нормалар, ережелер мен нұсқаулықтар талаптарының бұзылуын немесе адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн қауiптi, сондай-ақ қоршаған ортаның ластану мүмкiндiгiн байқап қалған қызметкер туындаған жағдайды жою немесе оқшаулау жөнiндегi шамасы жететiн барлық шараларды қабылдауға және ол жөнiнде басшылыққа немесе диспетчерге хабарлауға тиiс.
8. Анықталған кемшiлiктердiң белгiленген мерзiмдерде жойылуын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган, сондай-ақ шаруашылық және өзге объектiлердi пайдалануды жүзеге асыратын табиғат пайдаланушы бақылауға тиiс.
9. Өндiрiстегi жазатайым оқиғаларға және экологиялық зардаптарға әкеп соқпаған авариялар жазатайым оқиғаларға және экологиялық зардаптарға әкеп соқпаған аварияларды техникалық тексеру және есепке алу жөнiндегi нұсқаулықтарға сәйкес тексерiледi. Ерекше жағдайларда iрi техникалық аварияларды және экологиялық зардаптарды, сондай-ақ нәтижесiнде бiрнеше жұмысшылар зардап шеккен топтық жазатайым оқиғаларды тексеру үшiн үкiметтiк комиссия тағайындалады.
10. Табиғат пайдаланушылар ластаушы заттар шығарыла отырып орын алған авариялар туралы ол анықталған кезден бастап екi сағат iшiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi.
32-тарау. Шаруашылық және өзге де қызмет түрлерi бойынша
экологиялық талаптар
214-бап. Елдi мекендердi жобалауға және салуға
қойылатын экологиялық талаптар
1. Қалаларды және басқа да елдi мекендердi жобалау, салу, реконструкциялау экологиялық талаптар мен экологиялық қауiпсiздiк ескерiле отырып, халықтың өмiрiне, еңбегі мен демалуына мейлiнше қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге тиiс.
2. Қалалар мен басқа да елдi мекендердi жоспарлау және салу кезiнде өндiрiс пен тұтыну қалдықтарын санитарлық тазарту, залалсыздандыру, кәдеге жарату, жинақтау, қауiпсiз жолмен аластату, қайта өңдеу және көму көзделуге және жүзеге асырылуға тиiс. Iрi қалалар мен өндiрiс орталықтары жанында шектеулi табиғат пайдалану режимi қолданылатын орманды-саябақты, жасыл және қорғау аймақтары құрылуға тиiс.
3. Ғимараттар, құрылыстар, автомобиль жолдары және өзге де өндiрiстiк объектiлер қолайлы қоршаған ортаны, халықтың денсаулығын қамтамасыз ететiн санитариялық-эпидемиологиялық ережелердiң, нормалардың талаптары мен қала құрылысы және өзге де талаптар ескерiле отырып орналастырылуға тиiс.
215-бап. Кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де
объектiлердi орналастыруға қойылатын
экологиялық талаптар
1. Кәсiпорындар, құрылыстар және өзге де объектiлер орналастырылатын жерлердi айқындау қоршаған ортаны қорғаудың талаптары мен ережелерi сақтала отырып, аталған объектiлер қызметiнiң экологиялық салдарлары ескерiлiп жүргiзiледi.
2. Кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектiлердi орналастыру кезiнде күзет, санитарлық-қорғау және өзге де қорғау аймақтары белгiленедi.
216-бап. Кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де
объектiлердi салуға және реконструкциялауға
қойылатын экологиялық талаптар
1. Кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектiлердi салу және реконструкциялау мемлекеттiк экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындылары болғанда және қоршаған орта сапасының нормативтерiне сәйкес жүзеге асырылады. Қоршаған ортаны қорғауға залал келтiретiн болса, бекiтiлген жобаны немесе жұмыс құнын өзгертуге жол берiлмейдi.
2. Құрылыс жұмыстарын орындау кезiнде жердiң құнарлылығын қалпына келтiру, табиғи ресурстарды молайту мен ұтымды пайдалану, аумақтарды көрiктендiру және қоршаған ортаны сауықтыру жөнiндегi шаралар қабылдануға тиiс.
3. Жоба бекiтiлгенге дейiн және жер учаскесi нақты бөлiнгенге дейiн объектiлердi салуға, реконструкциялауға тыйым салынады.
217-бап. Өнеркәсiп, энергетика, көлiк және байланыс
объектiлерiн, ауыл шаруашылығы мақсатындағы
және мелиорациялау объектiлерiн пайдалану
кезiндегi экологиялық талаптар
1. Өнеркәсiп, энергетика, көлiк және байланыс объектiлерiн, ауыл шаруашылығы мақсатындағы және мелиорациялау объектiлерiн пайдалану белгiленген экологиялық талаптар ескерiлiп және экологиялық тұрғыдан негiзделген технологиялар, қоршаған ортаның ластануын болдырмайтын қажеттi тазарту құрылыстары мен санитарлық-қорғау аймақтары пайдаланыла отырып жүзеге асырылуға тиiс. Аталған объектiлердi пайдалану кезiнде экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн аз қалдықты және қалдықсыз технологиялар мен өндiрiстер енгiзiлуге тиiс.
2. Заңды және жеке тұлғалар топырақты, су тоғандарын, ормандарды және өзге де өсiмдiктердi, жануарлар дүниесiн ауыл шаруашылығының зиянды әсерiнен қорғау жөнiндегi шаралар кешенiн орындауға мiндеттi.
218-бап. Автомобиль және өзге де көлiк құралдарын
шығару мен пайдалану кезiндегi экологиялық
талаптар
Қоршаған ортаға терiс әсерiн тигiзетiн автомобиль және өзге де көлiк құралдарын пайдалануды жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар шектi шығарындылар нормативтерiн сақтауға, шу деңгейiн азайту жөнiндегi шараларды және қоршаған ортаға терiс әсер етудiң өзге де шараларын қабылдауға мiндеттi.
219-бап. Атом және су электр станцияларын орналастыруға
қойылатын экологиялық талаптар
1. Атом электр станцияларын орналастыру мен салу жоба және мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындысы болғанда жүзеге асырылады. Атом станцияларының жобаларында оларды пайдаланудан қауiпсiз түрде шығарылуын қамтамасыз ететiн шешiмдер қамтылуға тиiс.
2. Атом электр станцияларын орналастыру, жобалау мен салу кезiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес толық радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар қабылданады.
3. Су электр станцияларын орналастыру, жобалау мен салу кезiнде тиiстi өңiрлердiң электр энергиясына нақты мұқтаждығы, аумақтың сейсмикалығы мен объектiнi орналастыру үшiн жер рельефi, жалпы алғанда қоршаған ортадағы айтарлықтай келеңсiз өзгерiстердi болдырмауды қамтамасыз ететiн ормандар мен жерлердi сақтау, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесi ресурстарын тиiмдi қорғау жөнiндегi шаралар толық ескерiлуге тиiс.
220-бап. Әскери және қорғаныс объектiлерiне, әскери
қызметке қойылатын экологиялық талаптар
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ерекше жағдайларды қоспағанда, осы Кодексте белгiленген экологиялық талаптар әскери және қорғаныс объектiлерi мен әскери қызметке қолданылады.
221-бап. Табиғи ресурстарды пайдалану кезiндегi жалпы
экологиялық талаптар
1. Жердi, жер қойнауын, суды, атмосфералық ауаны, орманды және өзге де өсiмдiктер, жануарлар дүниесiн пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар осы Кодексте және Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалады.
2. Табиғи экологиялық жүйелердiң бүлiнуiне, халықтың өмiрi мен денсаулығына қауiптi өзгерiстерiне әкеп соғатын шаруашылық және өзге қызметке тыйым салынады.
33-тарау. Жердi пайдалану кезiнде қойылатын экологиялық
талаптар
222-бап. Жердiң мақсатты пайдаланылу өзгерген және оны
бiр санаттан екiншiсiне ауыстырған кездегi
экологиялық талаптар
1. Жердiң нысаналы мақсатын өзгерту және бiр санаттан екiншiсiне ауыстыру үшiн қажеттi жерге орналастыру жобасы және басқа құжаттар мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткiзiлуi тиiс.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерiнiң нысаналы мақсатын өзгертуге оларды өзге мұқтаждар үшiн алып қоюға рұқсат етiлмейдi. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды шектеулi шаруашылық мақсаттарында пайдалануға тапсырыс режимiмен арнайы бөлiнiп берiлген және шаруашылық қызметi режимiмен реттелетiн учаскелерде ғана жол берiлуi мүмкiн.
223-бап. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi аймақтарға
бөлу және пайдалану кезiндегi экологиялық
талаптар
1. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi аймақтарға бөлу және пайдалану кезiнде экологиялық қауiпсiздiк пен ауыл шаруашылығы алқаптарының сапалы жай-күйi қамтамасыз етiлуi тиiс.
2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi аймақтарға бөлу өлшемi нақты тозу мен химиялық ластану болып табылатын экологиялық қолайсыздық дәрежесiнiң көрсеткiштерiне негiзделедi.
3. Жердiң химиялық ластану деңгейiн айқындау осы Кодекске 4 қосымшада көзделген топырақта химиялық заттардың жол берiлген шектi шоғырланудың пайдалана отырып жүзеге асырылады.
4. Топырақтың экологиялық уыттылығын бағалау үшiн қауiптiлiгi әртүрлi сыныптағы заттар үшiн, оның iшiнде пестицидтер үшiн сыныпталған түрде нақты ластаушы заттардың жол берiлген шектi шоғырланудың асып түсу (5 қосымша) ececi пайдаланылады.
5. Мемлекеттiк экологиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес 5 деңгейден жоғары ластанған жерлер мiндеттi түрде (5 қосымша), ал 4 деңгейден жоғарылар жекелеген жағдайларда консервациялануға жатады.
6. Жер учаскесi экологиялық апат немесе төтенше экологиялық жағдай санатына жатқызылғанда (7-қосымша) ол жердiң құнарлылығы қалпына келтiрiлгеннен кейiн пайдаланылуы шектеле отырып, өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жерлер, сондай-ақ елдi мекендердiң жерлерi (өндiрiстiк құрылыс, арнайы мақсаттағы, крематорийлердi, мал қорымын, тұрмыстық қалдықтар полигонын және өзге де объектiлердi орналастыру үшiн бөлiнетiн жерлер) санаттарына ауыстырылуы мүмкiн.
7. Аумақты бағалаудың биохимиялық өлшемдерi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi аса бағалы жерден бағасы төмендеу жерге ауыстырудың қосымша экологиялық көрсеткiшi болып табылады (8-қосымша).
224-бап. Елдi мекендердiң жерлерiн аймақтарға бөлу мен
пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Елдi мекендердiң жерлерiн аймақтарға бөлу жердiң химиялық заттармен ластану деңгейiне қатысты экологиялық жай-күйi өлшемiнiң есебiн талап етедi. Жердi химиялық заттармен ластанудың 5-деңгейiне жатқызу кезiнде (5-қосымша) жерлердi елдi мекендердiң санатына жатқызуға болмайды. Елдi мекендердiң санатына жатқызылған, ластанудың 4-деңгейiндегi жердi арнайы мақсаттағы жер ретiнде пайдаланылуы мүмкiн (5-қосымша).
2. Елдi мекендердiң жерiн басқа санаттағы жерлерге ауыстыру кезiнде елдi мекендердiң жерiн бағалаудың экологиялық өлшемдерiн ескеру керек, олар ластаушы заттарды осы аумақтардағы ауа мен суға шығару мүмкiндiгiмен және жекелеген көрсеткiштердiң халық денсаулығына тiкелей әсер етуiмен айқындалады.
3. Елдi мекендер жерлерiнiң жай-күйiн экологиялық бағалау және тексерiлетiн аумақтардың жерлерiн экологиялық апат аймақтарына және төтенше экологиялық жағдай аймақтарына жатқызуға мүмкiндiк беретiн көрсеткiштердi параметрикалық бағалау Осы Кодекстiң 9-қосымшасында көзделген негiзгi және қосымша өлшемдер бойынша жүргiзiледi. Мұндай жерлер құнарлылығы қалпына келтiрiлмейiнше олар басқа санаттарға ауыстырылмайды.
4. Төтенше экологиялық жағдайдағы аймақтар үшiн экологиялық ахуалдың одан әрi нашарлауына әкеп соқпайтын ерекше пайдалану режимi белгiленедi.
5. Селитебтiк аумақтар жерлерiнiң экологиялық жай-күйi өлшемдерiнiң ерекшелiктерi мыналар болып табылады:
1) селитебтiк аумақтар жерлерiнiң радиоактивтi ластануын экологиялық бағалау негiзгi көрсеткiштер: топырақ бетiнен 1 м деңгейдегi экспозициялық мөлшердiң қуаттылығы (мкР/сағ) және жекелеген радиоизотоптар бойынша радиоактивтi ластану дәрежесi (кюри/шаршы км) бойынша жүргiзiледi;
2) топырақтың химиялық ластануы химиялық ластанудың жиынтық көрсеткiшi бойынша бағаланады (10-қосымша).
6. Химиялық ластанудың жиынтық көрсеткiшi қауiптiлiк сыныбы әртүрлi топырақтың химиялық ластану дәрежесiн сипаттайды. Бұл көрсеткiш ластанудың жекелеген компоненттерi шоғырлануының коэффициенттер жиынтығы ретiнде айқындалады.
7. Шығу көзi табиғи емес ластаушы заттар үшiн шоғырлану коэффициентi ластаушы заттың және оның жол берiлген шектi шоғырланудың массалық үлесiн бөлуден шығатын жеке коэффициент ретiнде айқындалады.
225-бап. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс және өзге
де ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жерлердi
аймақтарға бөлу және пайдалану кезiнде
қойылатын экологиялық талаптар
1. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жерлердi аймақтарға бөлу кезiнде экологиялық қауiпсiздiк және жер мен жер қойнауын ұтымды, кешендi әрi қауiпсiз пайдалану қамтамасыз етiледi.
2. Халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және өнеркәсiп, көлiк, желiлiк және өзге де объектiлер маңындағы жерлердi пайдалану үшiн қажеттi жағдайлар жасау мақсатында, қоршаған ортаның жай-күйiн жақсартуға жәрдемдесетiн, аталған жердiң ерекше жағдайлары ескерiле отырып, аймақтар белгiленедi.
3. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жерлердi басқа санаттағы жерлерге ауыстыру кезiнде аймақтарды белгiлеу мақсаттарына сәйкес келмейтiн қызмет түрлерi солардың шегiнде шектелетiн немесе тыйым салынатын аймақтарды; экологиялық жүйелердiң құрылымы мен жұмыс iстеуiндегi терiс өзгерiстердi айқындайтын және бұзылу дәрежесiн, сондай-ақ тозу процестерi динамикасын ескеретiн аймақтарды (10, 11-қосымшалар) есепке алу керек. Экологиялық апат аймақтары және төтенше экологиялық жағдай аймақтар ретiнде айқындалған жер учаскелерi жердiң құнарлылығын қалпына келтiру және табиғат қорғау iс-шараларын жүргiзу арқылы олардың сапасын жақсарту мақсатында запастағы жерлер санатына ауыстырылуы мүмкiн.
4. Жерлердiң химиялық элементтермен ластануы осы санаттағы жерлердi басқа санаттағы жерлерге ауыстыру кезiндегi қосымша экологиялық өлшем болып табылады (5-қосымша). Ластанудың 5-деңгейiне жатқызылған осы санаттағы жерлер консервациялануға тиiс және запастағы жерлер құрамына ауыстырылады.
226-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiн
және сауықтыру мақсатындағы жерлердi пайдалану
кезiнде қойылатын экологиялық талаптар
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерiн пайдалану режимi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамамен реттеледi.
2. Сауықтыру мақсатындағы жерлерде қолайлы экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық жағдайларды сақтау мақсатында оларды аймақтарға бөлу кезiнде санитариялық-қорғану аймақтары белгiленедi.
227-бап. Орман қорының жерлерiн аймақтарға бөлу және
пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Орман қорының жерлерiн аймақтарға бөлу кезiнде экологиялық қауiпсiздiк және орман ресурстар қорғау, молайту және ұтымды пайдалану қамтамасыз етiлуi тиiс.
2. Жерлердi орман қоры санатына жатқызу кезiнде өсiмдiктердiң аумақтағы экологиялық жай-күйi экологиялық өлшем болып есептелуi керек.
3. Төтенше экологиялық ахуал жағдайындағы аумақтарды айқындау кезiнде (12-қосымша) мұны осы санатқа жатқызу жердiң құнарлылығын қалпына келтiрудi және экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған табиғат қорғау iс-шараларын жүргiзу арқылы ықтимал болады.
4. Орман шаруашылығының мұқтаждықтары үшiн пайдаланылмайтын орман қоры жерлерiндегi ауыл шаруашылығы алқаптары Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер санатына ауыстырылуы мүмкiн.
5. Орман қорының жерлерiн басқа жер санатына ауыстыруға орман орналастыру және жер орналастыру материалдарының негізiнде орман заңнамасының талаптарына сәйкес мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде:
бұрын белгiленген нысаналы мақсатына сай пайдалану мүмкiн болмаған;
қоныстар шекарасы өзгерген;
елдi мекендердiң шекаралары (шектерi) өзгерген;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен объектiлердiң жерлерi санатының құрамына қосылған жағдайда рұқсат етiледi.
6. Орман қорының жерлерiн басқа санаттарға ауыстыру кезiнде жер жай-күйiнiң шөптi және сүректi өсiмдiктерге әсер етуiн көрсететiн экологиялық көрсеткiштердi ескеру керек (7-қосымша).
228-бап. Су қорының жерлерiн аймақтарға бөлу және
пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Су қорының жерлерiн аймақтарға бөлу кезiнде су объектiлерiн күзету және суды ұтымды пайдалану қамтамасыз етiледi.
2. Аймақтарға бөлу кезiнде су қоры жерлерiне су қорғау аймақтары мен алаптарына бөлiнген жер учаскелердi мiндеттi түрде жатқызу керек, олар өзендердiң, көлдердiң, су қоймаларының, арналардың, iшкi сулардың, мұздықтардың, батпақты жерлердiң, гидротехникалық және басқа да су шаруашылығы құрылыстарының жағалаулары бойынша белгiленуге тиiс.
3. Су қорының жерлерi құрамындағы жер учаскелерiн жергiлiктi атқарушы органдар су ресурстарын басқарудың уәкiлеттi органдарының келiсiмi бойынша жеке және заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығының, орман, балық, аңшылық шаруашылығының мұқтаждары үшiн және жер учаскесiнiң негiзгi нысаналы мақсатына қайшы келмейтiн, жерлердiң ластануы мен тозуына және тиiсiнше экологиялық ахуалдың нашарлауына әкеп соқпайтын басқа да мақсаттар үшiн уақытша жер пайдалануға беруi мүмкiн.
4. Су қорының жерлерiн басқа жер санатына ауыстыруға су заңнамасының талаптары ескерiле отырып, мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде:
1) су объектiсi жойылған не оның экологиялық және гигиеналық көрсеткiштерi едәуiр өзгерген;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен объектiлер жерлерiнiң санатына жатқызылған;
3) экологиялық ахуалдың өзгеруiне әкеп соғатын елдi мекендер шекаралары (шектерi) өзгерген жағдайда жол берiледi.
5. Су қорғау алаптарының жерлерi - енi кемiнде жиырма метр болатын, су қорғау аймақтары шегiндегi аумақтар, олар елдi мекендер және өнеркәсiп жерлерi санатына ауыстырылмайды; мұнда сулардың ластануын, қоқырсуын және сарқылуын болдырмау үшiн шаруашылық қызметтiң арнайы режимi белгiленедi.
229-бап. Запастағы жерлердi аймақтарға бөлу және
пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. 3апастағы жерлердi аймақтарға бөлу кезiнде келеңсiз өзгерiстер байқалған алаңдарды да, зерттелетiн аумақтағы тозу дәрежесi әртүрлi учаскелердi бөлудiң кеңiстiктегi әркелкiлiгi ескерiледi.
2. Экологиялық жүйелердiң тозу жылдамдығы байқаулардың бес-он жылдық қатары бойынша есептеледi. Экологиялық жүйелердiң тозуын бағалау экологиялық жүйелердiң құрылымындағы және жұмыс iстеуiндегі келеңсiз өзгерiстер айқындалатын өлшемдер бойынша жүргiзiледi (10-қосымша).
3. Запастағы жерлер басқа жер санатына одан әрi пайдалану мақсаттарына қарай сол жерлерде санаты ауыстырылатын жерлердің шекаралары белгiленгеннен кейiн ғана ауыстырылуы мүмкiн. Запастағы жерлердi басқа жер санатына ауыстыру кезiнде жер учаскесiн осындай жер санатына қойылатын экологиялық талаптарға сәйкес таңдау алдын ала жүзеге асырылады.
4. Қопсыту жүргiзiлiп, жердiң сапасын және экологиялық жағдайларды жақсарту жөнiндегi бiрқатар iс-шаралар қолданылғаннан кейiн бұзылған жерлер осы санаттан шығарылуы мүмкiн.
5. Ядролық қаруды сынау жүргiзiлген запастағы жер құрамынан жер учаскелерi ядролық қарулардың сынау зардаптарды жою және кешендi экологиялық тексеру жөнiндегi барлық iс-шаралар аяқталған соң және мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде ғана меншiкке немесе жер пайдалануға берiлуi мүмкiн.
230-бап. Жер учаскесi алып қойылуы мүмкiн экологиялық
ахуалдың нашарлауы
1. Жердiң ластануы, тозуы және бүлiнуi жер учаскесiн алып қою ықтимал болатын экологиялық ахуалдың нашарлауының көрсеткiшi болып табылады. Жерлердiң ластануы радиоактивтi, химиялық, биологиялық, шаруашылық-тұрмыстық түрдi қамтиды.
2. Жерлердiң экологиялық жай-күйiн бағалауда физикалық тозу, химиялық және биологиялық ластану өлшемдерi экологиялық салауатсыздық дәрежесiнiң негiзгi көрсеткiштерi болып табылады (7-қосымша).
3. Жерлердiң экологиялық жай-күйiнiң өлшемi ретiнде топырақтың тозуы нәтижесiнде жер пайдаланудан шығарылған алқаптар үлесiн пайдалану ұсынылады.
4. Ценоздардың әлеуеттi құнарлықты сипаттайтын биологиялық өнiмдiлiгi жерлердiң экологиялық жай-күйi көрсеткiштерiнiң бiрi болып табылады. Өнiмдiлiк ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер үшiн осындай көрсеткіш болады. Осындай жерлер және дақылдар үшiн агротехникалық және агрохимиялық iс-шаралардың барлық кешенінiң сәйкестiгi кезiнде экологиялық апат аумақтары үшiн өнiмдiлiктi 75%-тен аса төмендетудi, төтенше экологиялық жағдай аумақтары үшiн - 50-75%-тен аса төмендетудi қабылдау сараптамалық түрде ұсынылады.
5. Нормативтен тыс радиоактивтi ластануға ұшыраған немесе халықтың өмiрi мен денсаулығына өзгедей қатер төндiретiн жерлер меншiкке, ұдайы немесе уақытша жер пайдалануға берiлмейдi.
6. Радиоактивтi ластануға ұшыраған, заңнамада белгiленген санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға, гигиеналық нормативтерге сәйкес келетін өнiмдердi алу қамтамасыз етiлмейтiн жер учаскелерi ауыл шаруашылығы айналымынан шығарылып, консервациялануға тиiс. Мұндай жерлерде ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiруге және оны өткiзуге тыйым салынады.
7. Радиоактивтi ластануға ұшыраған жерлер олардың жай-күйiнiң кешендi бағалануынсыз, қалпына келтiру жұмыстарының жүргiзiлуiнсiз және мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болмағанда шаруашылық және өзге де мақсаттарда пайдаланылмайды.
8. Жерлердi ауыл шаруашылығы айналымынан шығару жерлердiң аграрлық тозуы кезiнде жүргiзiлуi мүмкiн. Аграрлық тозу (13-қосымша), әдетте, ауыл шаруашылығы өндiрiсiнде дақылдарды өңдеу кезiнде егіншiлiк жүйесi технологияларының бұзылуынан туындайды және топырақтың физикалық тозуына ұласады. Физикалық тозу егiншiлiк мәдениетiнiң төмендiгiнен; мелиорациялық жүйелердi пайдаланудағы бұзушылықтардан немесе олқылықтардан және т.б. туындайды. Физикалық тозудың салдарлары топырақ құнарлығының төмендеуi, топырақ биотасының азуы, дегумификация, жер бетiндегі сулардың қолайсыз қайта бөлiнуi, жергiлiктi суда тұншығу және физикалық құрғақшылық түрiнде байқалады. Физикалық тозу көптеген жағдайларда эрозиялық процестердің күшеюiнiң бастапқы салдары болып табылады.
9. Тозған ауыл шаруашылығы алқаптары топырақтарының, жол берiлген шектi шоғырланудың белгiленген нормативтерiнен және өндiріс пен тұтыну қалдықтарының, ағынды сулардың радиациялық әсерiнiң жол берiлген шектi деңгейiнен тыс химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттармен ластанған жерлердiң, сондай-ақ карантиндiк зиянкестермен және өсiмдiктер ауруларымен зақымданған жерлердiң құнарлығын қалпына келтiру мүмкiн болмаған жағдайларда мұндай жерлердi консервациялау жүргiзiледi.
10. Мыналар:
1) көптеген жағдайларда шөлейттенуге ұласатын қатты эрозияланған, қатты тұзданған, қатты батпақтанған топырақтары бар тозудың 3 және 4-деңгейiндегi ауыл шаруашылығы алқаптары (11-қосымша);
2) пайдалы қазбаларды өндiру салдарынан беткi қабатында төмен түскен алқаптар;
3) топырақ-өсiмдiк жамылғысы қатты бүлiнген жайылымдар;
4) нысаналы мақсаты бойынша пайдалану керi процестердiң одан әрi дамуына, топырақ жай-күйінің және экологиялық ахуалдың нашарлауына әкеп соғатын болса, тозудың аталған белгiлерi бар жерлер;
5) 5-деңгейден жоғары ластанған жерлер (5-қосымша) мiндеттi түрде, ал мамандардың қорытындысы бойынша жекелеген жағдайларда 4-деңгейден жоғары ластанған жерлер консервациялануға тиiс.
11. Жерлердiң тозуын болдырмау, топырақтың және ластанған аумақтардың құнарлылығын қалпына келтiру мақсатында жерлердi айналымнан шығара отырып, консервациялауға жол берiледi.
12. Консервациялануға тиiс жер учаскелерi азаматтық заңнамаға сәйкес консервациялау кезеңiнде айналымнан шығарылып, запастағы жерлер құрамына ауыстырылады.
13. Консервациялануға тиiс жер учаскелерi азаматтық заңнамаға сәйкес консервациялау кезеңiнде жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнен немесе жер пайдаланушылардан алынып, запастағы жерлер құрамына ауыстырылады.
231-бап. Оңтайлы жер пайдалану жөнiндегi экологиялық
талаптар
1. Оңтайлы жер пайдаланудың негiзгi экологиялық талаптары мыналар:
1) ұсынылатын жер өзгерiстерiнiң және жерлердi қайта бөлудiң салдарларын ғылыми негiздеу мен болжау;
2) жерге меншiк нысанына қарамастан, барлық санаттағы жерлердi ұтымды пайдалануды және қорғауды жоспарлау мен ұйымдастыруда бiрыңғай мемлекеттiк саясатты негiздеу және iске асыру;
3) жерлердiң нысаналы пайдаланылуын қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегі құнарлы жерлердi сақтау;
4) экологиялық тұрғыдан жинақы және көлемi жағынан оңтайлы жер пайдалануларды қалыптастыру мен орналастыру;
5) ауыл шаруашылығы алқаптарын жақсарту, топырақтың құнарлығын арттыру, тұрақты ландшафттарды қолдау және жерлердi қорғау жөнiндегi шаралар кешенiн әзiрлеу;
6) жерлердi ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеу;
7) жерлердi түгендеудi жүргiзу және пайдаланылмайтын, ұтымды пайдаланылмайтын, нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жерлердi анықтау;
8) адам денсаулығын сақтау үшiн ормандардың орта құру, су қорғау, қорғау, санитарлық-гигиеналық, сауықтыру және өзге де пайдалы табиғи қасиеттерiн сақтау және күшейту;
9) ормандардың өсiмiн молайту, тұқымдық құрамы мен сапасын жақсарту, олардың өнiмдiлiгiн арттыру, ормандарды сақтау мен қорғау;
10) биологиялық саналуандықты сақтау болып табылады.
2. Кәсiпорындар, құрылыстар және өзге де объектiлер орналастырылатын жерлердi айқындау аталған объектiлер қызметiнiң экологиялық салдарлары ескерiле отырып, қоршаған ортаны қорғаудың, табиғи ресурстарды молайтудың және ұтымды пайдаланудың шарттары мен ережелерi сақталып жүргiзiледi.
3. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiмен байланысты емес объектiлердi салу мен тұрғызу үшiн ауыл шаруашылығы мақсаттары үшiн жарамсыз, бонитетi барынша аз жерлер бөлiнуге тиiс.
232-бап. Жерлердi пайдалануы кезiндегi экологиялық
талаптар
1. Жер учаскелерiн пайдалану кезiнде табиғат пайдаланушылар мынадай экологиялық талаптарды:
1) аграрлық орман мелиорациясын қоса алғанда, санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарға сәйкес келетiн өндiрiс технологияларын қолдану, халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтiрмеу, қол жеткiзiлетiн озық технологияларды енгiзу;
2) топырақтың ластануына, қоқыстануына, тозуына және құнарлылығының төмендеуiне, сондай-ақ құнарлы қабаттың мүлдем жоғалуын болдырмау үшiн оны алу қажет болған жағдайларды қоспағанда, басқа тұлғаларға сату немесе беру мақсатында топырақтың құнарлы қабатын алуға жол бермеу;
3) қалдықтарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң мемлекеттiк органының және өзге де уәкiлеттi органдардың келiсiмi бойынша жергiлiктi атқарушы органдар шешiмiмен айқындалатын жерлерде жинақтау және жою талаптарын сақтауы тиiс.
2. Табиғат пайдаланушылар пайдалы қазбаларды өндiру, геологиялық-барлау, құрылыс және басқа да жұмыстарды жүргiзу кезiнде:
1) иеленiп отырған жер учаскелерiн оларды одан әрi мақсатына сай пайдалануға жарамды күйде ұстауға;
2) өндiрiстiк құрылыстар, карьерлер, үйiндiлер, қалдық сақтау орындары, шахта үстiндегi бүлiнген учаскелер, көлiк коммуникациялары алып жатқан жер алаңдарынан топырақ-өсiмдiк қабатын алып, сақтау және кейiннен пайдалану үшiн оларды жердiң құнарлығын қалпына келтiру, жердi өңдеу объектiлерiне немесе уақытша үйiндiлерге (қоймаларға) тасуға;
3) бөлiнiп берiлген жерлердiң құнарлығын қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзуге мiндеттi.
3. Бүлiнген жерлердiң құнарлылығын қалпына келтiру бағытын таңдау кезiнде:
1) жер учаскесiнiң бeткi жағының бүлiну сипаты;
2) объект орналасқан ауданның табиғи және физикалық-географиялық жағдайлары;
3) ауданның даму перспективалары және қоршаған ортаны қорғау талаптары ескерiле отырып, объектiнi орналастырудың әлеуметтiк-экономикалық ерекшелiктерi ескерiлуге тиiс;
4) қара топырақты жерлердiң таралу аймағында және үдемелi ауыл шаруашылығы аймағында бүлiнген жерлердiң негiзгi көлемiн жыртылатын жер алқаптары ретiнде қалпына келтiру керек;
5) бүлiнген жерлер елдi мекендерге тым жақын орналасқан кезде құнарлылығы сарқылған алқаптарда су тоғандарын және ашылған жыныстар мен байытылған қалдықтар үйiндiлерiнде сәндiк бақша-парк кешендерiн құруды қоса алғанда, оларды бақтар, қосалқы шаруашылықтар және демалу аймақтары ретiнде қалпына келтiрудi көздеу қажет;
6) өндiрiстiк объект аумағында жоспарлау жұмыстары орындалуға, қажетсiз шұңқырлар мен үйiндiлер жойылуға, құрылыс қоқыстары жиналуға және жер учаскесiн абаттандыру жүргізiлуге тиiс;
7) пайдаланылатын жер учаскесiндегi жыралар мен су шайған жерлер толтырылуға немесе тегiстелуге тиiс;
8) мiндеттi түрде аумақты көгалдандыру жүргiзiлуге тиiс.
4. Жер учаскелерi өндiрiстiк қалдықтарды орналастыру, көму, жинақтау үшiн пайдаланылған жағдайда олар мынадай талаптарға жауап беруге:
1) кәдеге жаратылмаған өндiрiстiк қалдықтарды көмуге арналған полигондарды жобалаудың, салудың және пайдаланудың санитарлық-эпидемиологиялық ережелерiне сәйкес келуге;
2) су тоғаны, ауыл шаруашылық алқаптары, ормандар, өндiрiстiк кәсiпорындар жағына 1,5%-ке ауытқуы бар жерлерде сыйымдылық түбiнен 2 метрден аспайтын жер асты сулар тұрғанда әлсiз сүзгiш топырағы болуға;
3) елдi мекенге қатысты жел жақтан және жерасты сулар ағынының бағыты бойынша төмен орналасуға;
4) тасқын сулар мен нөсер сулар астында қалу қаупi жоқ жерлерде орналасуға;
5) инженерлiк қарсы сүзу қорғанысы, периметрi бойынша қоршауы мен көгалдандырылуы, қатты жамылғысы бар кiрме жолдары болуға;
6) жер учаскесiнен шығатын жер бетiндегi және жерасты ағыны ашық су объектiлерiне қосылмауға тиiс.
Қазақстан Республикасының аумағында пайдаланылғаннан кейiн залалсыздандыруға немесе кәдеге жаратуға арналған технологиялары жоқ өнiмдердi импорттауға тыйым салынады.
6. Жаңа технологияларды енгiзу, жерлердi мелиорациялау және топырақтың құнарлығын арттыру бағдарламаларын жүзеге асыру олар заңнамада көзделген экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де талаптарға сәйкес келмеген жағдайда тыйым салынады.
7. Радиоактивтi және химиялық ластануға ұшыраған жерлердi пайдаланудың, күзет аймақтарын белгiлеудiң, осы жерлерде тұрғын үйлердi, өндiрiстiк, коммерциялық және әлеуметтiк-мәдени мақсаттағы объектiлердi сақтаудың, оларда мелиоративтiк және техникалық жұмыстар жүргiзудiң тәртiбi радиациялық және химиялық әсер етудiң жол берiлетiн шектi деңгейлерiнiң нормативтерi ескерiлiп айқындалады.
8. Жерлердi қорғау мақсатында жер учаскелерiнiң меншiк иелерi, жер пайдаланушылар:
1) жерлердi су және жел эрозиясынан, селдерден, су басудан, батпақтанудан, қайта тұзданудан, құрғап қалудан, тығыздалудан, радиоактивтi және химиялық заттармен ластанудан, өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен қоқыстанудан, ластанудан, оның iшiнде биогендiк ластанудан, сондай-ақ басқа да терiс әсерлерден сақтау;
2) ауыл шаруашылығы алқаптарын және басқа да жерлердi бактериялық-паразиттiк және карантиндiк зиянкестермен және өсiмдiктер ауруларымен зақымданудан, арамшөптердiң, бұталардың және аласа ағаштардың өсуiнен, жерлердiң жай-күйi нашарлауының өзге түрлерiнен қорғау;
3) ластанудың, оның iшiнде биогендiк ластанудың және жерлердiң қоқыстануының салдарларын жою;
4) мелиорациялаудың қол жеткiзiлген деңгейiн сақтау;
5) бүлiнген жерлердiң құнарлылығын қалпына келтiру, топырақ құнарлығын қалпына келтiру, жерлердi айналымға уақтылы енгiзу;
6) топырақтың құнарлы қабатын кейiннен жердiң құнарлығын қалпына келтiрудi жүргізу кезiнде немесе жер өңдеуде пайдалану үшiн алу мен сақтау жөнiндегi iс-шараларды жүргiзуге мiндеттi.
9. Елдi мекендер жерлерiнде тротуарлар мен көшелердегi көктайғаққа қарсы ас тұзын пайдалануға тыйым салынады.
34-тарау. Жер қойнауын пайдалану кезiнде қойылатын
экологиялық талаптар
233-бап. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды
жүргiзу үшiн экологиялық негiздеме
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiм-шарттарға, жобалау құжаттамалары мен кешендi экологиялық рұқсатқа мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-экологиялық сараптаманың оң қорытындысы жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзудiң қажеттi экологиялық негiзi болып табылады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамаға жоспарланатын қызметтiң қоршаған ортаға әсерiн бiлдiретiн және барлау мен өндiру, жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды тоқтату немесе кен орындарын әзiрлеудi консервациялау кезеңдерiне арналған iс-шаралармен қоса "Қоршаған ортаны қорғау" бөлiмiн қамтитын бүкiл жобалау алдындағы және жобалау құжаттамаларының табыс етiлуiн қамтамасыз етуге мiндетті.
234-бап. Жер қойнауын пайдалану кезiнде қойылатын жалпы
экологиялық талаптар
1. Жер қойнауын пайдалану кезiнде:
1) жер қойнауын Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес пайдалану;
2) жердiң жоғарғы қабатын кен орындарын әзiрлеудiң арнаулы әдiстерiн қолдану арқылы сақтау;
3) жердiң техногендiк шөлейттенуiн болдырмау;
4) барлау, өндiру, сондай-ақ барлаумен және өндiрумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салу мен пайдалануға беру кезiнде қауiптi техногендiк процестердің болуынан сақтандыратын шараларды қолдану;
5) жер қойнауын су басып кетуден, өрттерден және кен орындарын пайдалану мен әзiрлеудi қиындататын басқа да стихиялық факторлардан қорғау;
6) жер қойнауының, әсiресе мұнайды, газды немесе өзге де заттар мен материалдарды жер астында сақтаған, зиянды заттар мен қалдықтарды көмген кезде, ластануын болдырмау;
7) жер қойнауына нормативтiк көрсеткiшке дейiн тазартылмаған ақаба суларды тастауға; пайдалы қазбалармен бiрге өндiрiлген, ағынды суға ағызылған суды керi сорып алуға тыйым салынады;
8) жер қойнауын пайдалану, кен орындарын әзiрлеу объектiлерiн консервациялау мен жою жөнiндегi операцияларды тоқтата тұрудың, тоқтатудың белгiленген тәртiбiн сақтау;
9) қалдықтарды жинаған және орналастырған кезде экологиялық талаптарды қамтамасыз ету;
10) автомобиль жолдарын салу жұмыстары басталғанға дейiн қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiлген ұтымды схема бойынша, сондай-ақ бұрғылау құрылысының қарапайым әдiсiн енгiзу, iшкi үйiндi жасау технологиясын қолдану, минералдық шикiзатты өндiру мен қайта өңдеу қалдықтарын пайдалану арқылы тозған аумақтар мен иеліктен айырылған жерлердiң көлемiн қысқарту;
11) топырақтың жел эрозиясына ұшырауына, топырақтың аршылатын жыныстарының құлауына және өндiрiс қалдықтарына, олардың тұздануына және өздiгiнен қызып жануына жол бермеу;
12) сiңiмдi және тұщы су қабаттарын олардың ластануын болдырмау үшiн оқшаулау;
13) жер асты суларының азаюы мен ластануын болдырмау;
14) шаюшы сұйықтарды әзiрлеген кезде уытты емес реагенттердi қолдану;
15) бұрғылау ерітiндiсiн тазарту және қайтара пайдалану;
16) бұрғылық және жанар-жағар май материалдарының қалдықтарын қоршаған ортада экологиялық жағынан қауiпсiз тәсiлмен жою;
17) мұнай кәсiпшiлiгi науаларын мұнай кен орындарының iшкi қабаттарындағы қысыммен қолдау жүйесiнде тазарту және қайтара пайдалану негiзгi экологиялық талаптар болып табылады.
2. Әрбiр жер қойнауын пайдаланушы:
1) жұмыс жүргiзудiң халықаралық практикада қабылданған стандарттарына негiзделген неғұрлым тиiмдi әдiстер мен технологияларды таңдауға;
2) жер қойнауының ұтымды пайдаланылуын, қызметкердiң, халықтың және қоршаған ортаның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн жұмыстарды жүргiзу үшiн белгiленген тәртiппен келiсiлген технологиялық схемалар мен жобаларды сақтауға мiндеттi.
235-бап. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды
жүргiзу кезiнде қойылатын экологиялық талаптар
1. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялар шаруашылық қызметiнiң экологиялық жағынан қауiптi түрлерi болып табылады және мынадай талаптар сақталған кезде орындалуға тиiс:
1) ұңғымалар мен кен өндiру конструкцияларының берiктiгi, технологиялылығы мен қауiпсiздiгi бөлiгiнде жер қойнауы мен қоршаған ортаны қорғау талаптарын қамтамасыз ету;
2) бұрғылау және жер қойнауын пайдалану жөнiндегi басқа да операциялар дизельдi-генератор және дизельмен қозғалатын қондырғыларды қолдану арқылы жүргiзiлген кезде осындай қондырғылардан тазартылмаған газдардың ауаға шығуы мейлiнше азайтылады;
3) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi құрылыстар құнарлы жерлерге және ауыл шаруашылығы мақсатына кең пайдаланылатын жерлерге салынған кезде, жабдықтарды монтаждауға арналған дайындық жұмыстарын жүргiзу кезiнде, ол жердiң құнарлы қабаты алынып, кейiн аумақты рекультивациялау үшiн жеке сақталады;
4) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi құрылыстарды жүргiзу кезiнде құрылысқа бөлiнген учаскеден тыс жерлерде өсiмдiктердi және топырақ қабатын зақымдауға тыйым салынады;
5) уытты заттардың табиғи объектiлерге көшуiн болдырмау үшiн жер қойнауын пайдалануда технологиялық алаңдарды гидрологиялық оқшаулау арқылы қалдықтарды ұйымдасқан түрде жинау мен сақтаудың инженерлiк жүйесi көзделедi;
6) ұңғыма құрылысы ерекше қорғалатын аумақтарда жүргiзiлген жағдайларда, бұрғылаудың тек амбарсыз тәсiлiн қолдану қажет;
7) жер қойнауын пайдаланудың және кәрiздiк ағынды сулардың қалдықтарын су айдындарына және жер астындағы су жүрушi қабаттарға ағызуға тыйым салынады; пайдалы қазбалармен бiрге өндiрiлген суды керi сорып алу қалдықтарды тастау болып есептелмейдi;
8) жер қойнауын пайдалану операциялары кезiнде пайдаланылған бұрғылау ерiтiндiсiн бұрғылау процесiнде қайтадан пайдалану, қолданыстағы талаптарға сәйкес және құрылыс материалы ретiнде пайдалану мүмкiндiгін ескере отырып, қоршаған ортаға қайтару үшiн бұрғылаудағы, карьерлердегi және шахталардағы ағынды суларды кәдеге жарату және пайдаланудан шығару жөнiндегi жұмыстар жүргiзiлуi тиiс;
9) шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау көздерi ретiнде пайдаланылуы мүмкiн сулы қабаттарды қайтадан бұрғылау кезiнде бұрғылау және цемент ерiтiндiсiн әзiрлеу үшiн қолданылатын химиялық реагенттердiң денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органдармен келiсiлген уыттылық сипаттамасы болуы тиiс. Сулы қабаттардың аралық жатуы берiк оқшауланады;
10) ұңғыманы сiңiру жағдайында бұрғылаған кезде ерiтiндiлер мен материалдардың шаруашылық-ауыз су қабаттарына қосылып кетуiне тыйым салынады;
11) бұрғылау ерiтiндiлерi көмiрсутегi (әк-битум, инверт-эмульсия және басқалары) негiзiнде қолданылған кезде ауаның газдануынан ескерту шаралары қолданылуы тиiс;
12) пирофорлық қабаттардың, қалдық ұнтақтар мен керннiң жану немесе адамдардың улануы ықтималдығын болдырмау мақсатында олар жобаға сәйкес және жергілiктi санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарының келiсiмiмен көмiледi;
13) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi құрылыстарды пайдалануға беру жобада көзделген барлық экологиялық талаптар толық көлемiнде орындалған жағдайда жүргiзiледi;
14) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялар мен жабдықтарды демонтаждау аяқталғаннан кейiн жер учаскесiн жобалық шешiмдерге сәйкес қалпына келтiру (қопсыту) жөнiндегi жұмыстар жүргiзiледi.
236-бап. Жер асты суларын өндiрген кезде қойылатын
экологиялық талаптар
1. Жер асты суларын өндiруге келiсiм-шарт оған қол қойылғанға дейiн, мiндеттi түрде қоршаған ортаны қорғау және санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық саласындағы уәкiлеттi органдармен келiсiледi.
2. Жоба (технологиялық схема) мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткiзiлуi тиiс, соған сәйкес және соның негiзiнде жер асты сулары кен орындарын әзiрлеу жүзеге асырылады.
3. Жер қойнауын пайдаланушылар өз есебiнен жер асты кен орындарының жаңа тәсiлдерiн iздестiру мен жұмыс iстеп тұрғандарын жетiлдiру жөнiндегi ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық жұмыстарын, жер асты кен орындарын әзiрлеудiң технологиялық схемаларын жүргiзуге, технологиялық жабдықты, үздiксiз және мерзiмдi бақылау құралдарын жетiлдiруге, жер асты суларының ұтымды пайдаланылуын және оның тартылу мен ластанудан сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
4. Олар келiсiм-шарт талаптарында көзделмеген мақсаттар үшiн пайдаланылған немесе осы талаптар бұзылып пайдаланылған жағдайларда, Жер асты суларын кен орындарын әзiрлеуге, тыйым салынады.
5. Жер асты сулары кен орындарын барлау мен әзiрлеу келiсiм-шарт талаптарына толық сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi нормалар мен талаптар толық сақталған кезде жүзеге асырылуы тиiс.
6. Геологиялық барлау және пайдалану жұмыстарын жүргiзетiн жер қойнауын пайдаланушылар жер асты суларын өндiрген кезде:
1) жер асты сулары кен орындарын ұтымды барлау мен әзiрлеуге, сөйтiп судың толық кешендi зерделенуіне және қайыра шығын болмауына және ұңғымалардың пайдалануға жеткiлiксiз берiлуiнен олардың сапалық қасиетiнiң жойылмауына қол жеткiзiлуiн;
2) сулы қабаттардың ластану ықтималдығын болдырмауды;
3) егер бұл жобада көзделмеген болса, әртүрлi қабаттағы сулардың араласып кету, бiр қабатынан екiншi қабатына (неғұрлым төмен қысыммен) асыра құйылу ықтималдығын болдырмауды;
4) жер асты суларының бақылаусыз реттелмей шығарылуына жол берiлмеуiн, ал авариялық жағдайларда судың шығын болуын жою жөнiнде жедел шаралар қабылдануын;
5) пайдалы компоненттерi бар жер асты суларының кешенді пайдаланылуын;
6) атмосфералық ауаның, жердiң беткi қабатының, ормандардың, сулардың, және басқа да табиғи объектiлердiң, сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстардың жер қойнауын пайдаланумен байланысты жұмыстардың зиянды әсерiнен қорғалуын;
7) барлау және пайдалану жұмыстары процесiнде жарамсыз күйге келтiрiлген жер учаскелерiн кешендi қалпына келтiру жұмыстарының жүргiзiлуiн қамтамасыз етуi тиiс.
7. Қызметi жер асты сулары объектiлерiнiң жай-күйіне зиянды әсер ететiн немесе зиянды әсер етуi мүмкiн жеке және заңды тұлғалар су объектiлерiнiң ластануын және тартылуын болдырмау шараларын қабылдауға мiндеттi.
8. Ауыз су және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау үшiн пайдаланылатын жер асты су объектiлерiн, сондай-ақ емдiк қасиетi бар табиғи ресурстарды қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Су кодексiне сәйкес санитариялық күзет аймақтары белгiленедi.
9. Ауыз су және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау мақсатында пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкiн жер асты сулары объектiлерiнiң су жинау алаңдарында қалдықтарды көмуге, молалар, мал көметiн орындар және жер асты суларының жай-күйiне әсер ететiн басқа да объектiлер салуға жол берiлмейдi.
10. Жердi ағын сулармен суландыруға, егер ол жер асты сулары объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн болса, тыйым салынады.
11. Бұрғылау ұңғымалары, оның iшiнде өзiнен өзi ағызылатын және барлаушы ұңғымалар, сондай-ақ пайдалануға жарамсыз немесе ендi пайдаланылмайтын ұңғымалар реттеушi құрылғылармен жабдықталуға, консервациялануға немесе белгiленген тәртiппен жойылуға жатады.
12. Егер жер қойнауы барлау және басқа да пайдалы қазбаларды өндiру үшiн пайдаланылған кезде сулы қабаттар ашылса жер қойнауын пайдаланушы белгiленген тәртiппен жер асты сулары объектiлерiн қорғау жөнiнде шаралар қабылдауы және бұл жөнiнде қоршаған ортаны қорғау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы жөнiндегi уәкiлеттi органдарға және су ресурстарын басқару жөнiндегi мемлекеттiк органға хабарлауы қажет.
13. Жер асты сулы қабаттарын ашу олардың ластануын болдырмайтындай етiп сенiмдi қаптамамен қамтамасыз етiлуi тиiс.
14. Өнеркәсiптiк, емдiк минералдық және жылу-энергетикалық ақаба суларды ағызуға арналған сiңiрме ұңғымаларды бұрғылауға, бұл ұңғымалар ауыз суға және тұрмыстық сумен жабдықтауға немесе емдiк мақсаттарға жарамды немесе сол үшiн пайдаланылатын сулы қабаттарды ластайтын көздер табылуы мүмкiн болса, тыйым салынады.
15. Сiңiрме ұңғымаларды бұрғылауға осы ұңғымалар бұрғыланатын ауданда арнайы тексеру жүргiзiлгеннен кейiн жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк органдар, су ресурстары, және санитариялық қадағалау басқармалары берген оң қорытындылар болған кезде жол берiледi.
16. Жер асты суларын, ауыз сумен және тұрмыстық сумен жабдықтаумен байланысты емес қажеттiлiк үшiн, ауыз су ретiнде пайдалануға жол берiлмейдi.
17. Жер асты суларының бас тоғандарын оларда суды реттейтiн құрылғылар, суды есептейтiн аспаптар болмай, сондай-ақ санитариялық қорғау аймақтары белгiленбей және жер асты су объектiлерiнiң жай-күйi көрсеткiштерiн қадағалайтын пункттер құрылмай пайдалануға беруге тыйым салынады.
18. Жер асты суларын экологиялық талаптарға сәйкес келетiн жағдайда ұстау үшiн жер қойнауын пайдаланушылар үкiмет жер асты су объектiлерiне әсер етуге рұқсат етiлетiн шекте белгiлейтiн нормативтердi сақтауға мiндеттi.
19. Жер асты су объектiлерiн пайдаланумен байланысты су бас тоғандарын орналастырған, жобалаған, салған, пайдалануға берген және пайдаланған кезде жоғарғы қабаттағы су объектiлерi мен қоршаған ортаға олардың зиянды әсерiн (аумақты су басуын, шөлейттенуiн, жердiң батпақтануын, селдiң, топырақтың шөгуiн) болдырмайтын шаралар көзделуi тиiс.
20. Өнеркәсiптiк, емдiк минералдық және жылу-энергетикалық сулар пайдаланылғаннан кейiн оны шығарып тастау уәкiлеттi органдар бекiткен Жоғарғы қабаттағы суларды ақаба сулардан қорғау ережелерiне, Теңiздердiң жағалауларындағы суларды қорғау ережелерiне және Қазақстан Республикасының Су кодексiне сәйкес жүргiзiлуi тиiс.
21. Сумен жабдықтау көздерiн санитариялық күзету аймақтарында су сiңiргiш ұңғымалар мен құдықтар салуға тыйым салынады.
22. Құрамында радиоактивтi заттар бар пайдаланудан шығарылған суларды су сiңiргiш ұңғымалар мен құдықтарға тастауға тыйым салынады.
23. Пайдаланудан шығарылған су су сiңiргiш ұңғымаларға айдалатын ауданда су пайдаланушылардың күшiмен жақын жерлердегi ұңғымалардың, бұлақтардың, құдықтардың суларының сапасына қоршаған ортаны қорғау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылылығы, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы органдармен келiсiлген жоспар бойынша жүйелi зертханалық қадағалаулар ұйымдастырылуы тиiс.
24. Ұңғымаларды консервациялау мен жою оларды жойған немесе консервациялау кезiнде тiрекшi, параметрлiк, iздеу, барлау, пайдалану, қадағалау ұңғымаларының және арнаулы ұңғымалардың ауыздары мен бiлiктерiн жабдықтау жөнiндегi қолданылып жүрген нұсқаулықтардың талаптарына сәйкес, жер қойнауын пайдаланушылардың есебiнен орындалады.
25. Жер қойнауын пайдаланушылар, өздерiнiң ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысанына қарамастан, жер асты суларының мемлекеттiк есебiн, олардың пайдаланылуын бақылау мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында:
1) Су қорын қорғау және қолдану саласындағы уәкiлеттi орган келiсiмiмен, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен және мерзiмде жер асты сулары объектiлерiнен алынған және сонда тасталған сулардың бастапқы есебiн жүргiзедi;
2) су қоймалары мен су шығарушы құрылыстарды су шығындарын өлшейтiн құралдармен жабдықтайды, сондай-ақ өздiгiнен оқшауланатын ұңғымаларға реттеушi құрылғылар қондырады;
3) жер асты сулары кен орындарының ағымдағы әзiрлiгiне бақылау, ұңғымалардың жұмысын жедел бақылау және бекiтiлген кен орындарын әзiрлеу жобасы мен технологиялық схемаға сәйкес, технологиялық режимнiң орындалуына бақылау жасайды. Бақылаудың мерзiмдiлiгін әзiрлеу жобасымен (технологиялық схемамен) белгiленедi;
4) тасталатын сулардың химиялық құрамын анықтауды өздерiнiң зертханаларында немесе мемлекеттiк аттестаттаудан өткен басқа да кәсiпорындардың, ұйымдардың, мекемелердiң зертханаларында қамтамасыз етiледi;
5) Статистика жөнiндегi уәкiлеттi бекiтетiн нұсқаулыққа сәйкес нысан бойынша жер асты суларын пайдалану туралы есептiлiктi табыс етедi;
6) қоршаған ортаны қорғау және су ресурстарын басқару жөнiндегi уәкiлеттi органдарға заттарды ластаудың авариялық тастандылары туралы, сондай-ақ жер асты су қоймаларының және су тасталған (айдалған) объектiлерiнiң белгiленген режимiнiң бұзылуы туралы жедел ақпараттар бередi.
237-бап. Жасанды аралдар жасаған және су асты кабелдерi
мен құбырлар тартқан кезде қойылатын
экологиялық талаптар
1. Трассалар, конструкциялар, жабдықтар, әрбiр нақты объект салу мен пайдалануға арналған технологиялар мен техникалық құралдар орналастырылатын жерлердi таңдау қоршаған табиғи ортаға терiс әсердi мейлiнше азайту мақсатында баламалық-нұсқалық негiзде жүргiзiлуi тиiс.
2. Құбыр трассасынан немесе су асты кабельдерiнен кемiнде бес жүз метр қашықтықта бұрғылау-жару және пневматикалық және басқа қуатты толқындар тудырудың серпiндi (сейсмикалық дабыл) көздерiмен сейсмикалық барлау жүргiзуге тыйым салынады.
3. Құбырлар мен су асты кабельдерiн кесiп өтетiн трассалармен сейсмикалық косты сүйреуге және балық аулаушы кемелерде тралмен балық аулауға тыйым салынады.
4. Салынуға тиiс құбырлар мен соған iлеспе инженерлiк құрылыстарды жобалау олардың берiктiгiнiң, қауiпсiздiгiнiң, техникалық жай-күйiн қорғау мен бақылаудың жоғары деңгейiн; кездейсоқ жағдайларды жедел байқау мүмкiндiгiн; жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарының жеделдiгi мен сапасын; қоршаған ортаға неғұрлым аз терiс әсер етуiн қамтамасыз етуi тиiс.
5. Жобада мiндеттi түрде санитарлық нормалар мен ережелер мен қоршаған ортаны қорғау нұсқамалық құжаттарына сәйкес қамтылатын жеке - Қоршаған ортаны қорғау бөлiмi болуы тиiс.
6. Жобалау-сметалық құжаттамалардың толықтығы мен дұрыстығына тапсырыс берушi мен жобаны әзiрлеушi жауап бередi.
7. Бекiтiлген жобаны өзгерту мен одан ауытқу объектiгiнiң берiктiгi мен жұмыстың қауiпсiздiгiн төмендетпеуi, қоршаған ортаға терiс әсердi ұлғайтпауы тиiс, олай болмаған жағдайда жоба мен OBOC-ты мiндеттi түрде қайтадан мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткiзу талабы қойылады.
8. Құбыр тарту жобасында құрылыстар салған және оны кейiн пайдаланған кезде оларды қорғау жөнiндегi шаралар көзделуi тиiс. Құрылыстың әрбiр кезеңiнде және көмiрсутегi шикiзаты мен оны ұқсатушы өнiмдер тасымалданатын құбырды пайдаланған кезде қоршаған ортаны, сондай-ақ қауiптiлiгi жоғары объектiлерге жататын құбырларды күзету жөнiнде тиiстi шаралар қабылдануы тиiс.
9. Кеме жүзетiн өзендер мен арналарды құбырлар кесiп өтетiн жерлер жағалауларына дабыл белгiлерi қойылады. Дабыл белгiлерiн су шаруашылығы бассейн басқармаларының келiсiмiмен құбыр көлiгi ұйымдары белгiлейдi және су шаруашылығы бассейн басқармасы кеме жүзу жағдайының тiзбесi мен лоцмандық картаға енгiзедi; теңiз құбырларының трассалары теңiзде жүзу хабарламаларында көрсетiледi және теңiз картасына енгiзiледi.
10. Құбырлардың зақымдану ықтималдығын болдырмау үшiн оларды тартудың кез келген түрiнде күзет аймағы:
1) су асты жолдарының бойымен - су кеңiстiгiнiң өтетiн жолдардың қақ ортасынан ең шетiне дейiн әрбiр жағынан 100 м өзара қаз-қатар қалыңдықта жасалған судың жоғары қабатынан түбiне дейiнгi учаскесi түрiнде;
2) өнiмдердi көлiкке, басты және аралық, суды қайта айдайтын және құятын насос станцияларына, резервуар парктерге, компрессорлық және газ бөлетiн станцияларға, өнiмдердi өлшейтiн желiлерге, суды құятын және ағызатын эстакадаларға, мұнай мен мұнай өнiмдерiн қыздыратын пункттерге өнiмдер дайындайтын технологиялық қондырғылар маңында - көрсетiлген объектiлер аумақтарының шекараларынан жан-жағына жүз метр тұратын шектеулi тұйықталған желiлiк жер учаскесi түрiнде белгiленедi.
11. Құбырлардың (жасалған түсiрiмдердiң) нақты жағдайы туралы материалдар күзетiлетiн жердiң құрамына кiретiн бекiтiлген коммуникацияларымен және объектiлерiмен бiрге оларды жер пайдаланудың аудандық картасына түсiру үшiн тиiстi жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарына берiлуi тиiс. Жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары мүдделi ұйымдарға олардың өтiнiштерi бойынша құбырлардың орналасқан жерi туралы мәлiметтер бередi.
12. Құбырлардың күзетiлетiн аймағында олардың қалыпты пайдаланылуына айтарлықтай залал келтiретiн не зақымдандыратын әрекеттiң кез келген түрiн жасауға, атап айтқанда:
1) назар аударатын дабыл белгiлерiн, бақылау-өлшеу пункттерiнiң орнын ауыстыруға, көму мен сындыруға;
2) кабель байланысының қызмет көрсетiлмейтiн пункттердiң люктерiн, калиткалары мен есiктерiн, линиялық арматуралар желiлерiнiң қоршауларын, катодтық және дренаждық қорғаныс қондырғыларын, линиялық және қарап көруге арналған құдықтар мен басқа да линиялық қондырғыларды ашуға, крандар мен жылжытушыларды ашып, жабуға, байланыс, энергиямен жабдықтау және құбырлар телемеханикасы құралдарын қосуға немесе ажыратуға;
3) қоқыстардың қайсыбiр түрiне айналдыруға, қышқыл ерiтiндiлерiн, тұздар мен сiлтiлер төгуге;
4) жағалауларды бекiтетiн құрылыстарды, су өткiзетiн қондырғыларды, құбырларды бұзылудан, ал шектес аумақтар мен айналадағы жердi тасылатын өнiмдердiң авариялық қосылуынан сақтайтын топырақтан жасалған немесе өзге құрылыстарды (қондырғыларды) бұзуға;
5) зәкiр тастауға, түсiрiлген шығырлармен, зәкiрлермен, лоталармен, ысырғыштармен және тралдармен өтуге, түбiн тереңдететiн және топырағын аршитын жұмыстар жүргiзуге;
6) от жағуға және от тұтануы мүмкiн қайсыбiр көздердi ашуға немесе жабуға тыйым салынады.
13. Құбырлардың күзетiлетiн аймақтарында құбыр көлігі ұйымдарының жазбаша рұқсаты болмаса кез келген жұмысты атқаруға, оның iшiнде ұңғымалар, шурфтар қондырғыларымен және топырақ сынамасын алумен, сондай-ақ әртүрлi жару жұмыстарымен байланысты геологиялық-түсiру, iздеу, геодезиялық және басқа iздестiру жұмыстарына тыйым салынады. Құбырлардың күзетiлетiн аймақтарында жару жұмыстарын жүргiзуге жазбаша рұқсат осы жұмыстарды жүргiзетiн ұйымдар Жару жұмыстары кезiндегi қауiпсiздiктiң бiрегей ережелерiнде көзделген тиiстi материалдарды табыс еткеннен кейiн ғана берiледi.
14. Мұнай мен құрамында күкiрттi сутегi бар су апатты жағдайда төгiлген кезде оларды дереу жинау және жергілiктi жерде залалсыздандыру немесе көмуге әкету керек.
15. Газ-, мұнай тасымалы, конденсатор сымдары қиылысатын темiр жолдарға, су немесе автомобиль жолдарына, жыралар мен сол сияқтыларға, айналма бұрыштарға, адамдар көп жиналып қалуы мүмкiн пункттерге, газ-, мұнай-, конденсатор сымдары технологиялық желiлерiне тиiстi қауiпсiздiк белгiлерi мен жазбалар қойылады. Аталған осындай жерлер үшiн жобада шығарындылардың қауiптiлiгiн болдырмайтын немесе азайтатын қосымша iс-шаралар көзделуi тиiс.
238-бап. Сақтық аймағы шегiнде жер қойнауын пайдалану
жөнiндегi операцияларды жүргiзген кезде
қойылатын талаптар
1. Сақтық аймағы шегiнде жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы оны су деңгейi көтерiлген жағдайда теңiздiң ластануын болдырмайтындай не барынша азайтатындай етiп жүргiзуге мiндеттi.
2. Сақтық аймағы шегінде жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы, оның келiсiмшарт жасасқан аумағында қоршаған ортаға не жеке немесе заңды тұлғаларға келтiрiлген зиян мен шығынға, осы жер қойнауын пайдаланушының тiкелей кiнәсi бар-жоғына қарамастан, жауап бередi.
35-тарау. Суды пайдалану кезiнде қойылатын экологиялық
талаптар
239-бап. Ортақ пайдаланылатын су объектiлерiн пайдалану
кезiнде қойылатын экологиялық талаптар
1. Су объектiлерiнде суды ортақ пайдалану Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Заңды және жеке тұлғалар облыстардың жергiлiктi атқарушы органдары белгiлеген суды ортақ пайдалану ережелерiн сақтауға мiндеттi.
240-бап. Су объектiлерiн және су шаруашылығы
құрылыстарын пайдалану кезiнде қойылатын
экологиялық талаптар
1. Су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындар мен басқа да құрылыстарды орналастыру қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын қорғау, санитариялық-эпидемиологиялық, өнеркәсiп қауiпсiздiгi, су ресурстарын молайту мен ұтымды пайдалану жағдайлары мен ережелерiн сақтап, сондай-ақ көрсетiлген объектiлер қызметiнiң экологиялық салдарын ескере отырып жүргiзiледi.
2. Су шаруашылығы құрылыстарын салу, реконструкциялау, пайдалану, консервациялау, жою, қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және сақтау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы және өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы уәкiлеттi органдардың оң қорытындылары болған кезде жүзеге асырылады.
241-бап. Ақаба суды ағызып жiберу кезiнде қойылатын
экологиялық талаптар
1. Табиғи су объектiлерiн ақаба суды ағызып жiберу үшiн пайдалануға, осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тыйым салынады.
2. Ақаба судың табиғи су объектiлерiне ағызуға санитариялық-эпидемиологиялық қызметтiң мемлекеттiк органымен және су қорын пайдалану және сақтау саласындағы уәкiлеттi органмен келiскен кезде оларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген шектерге дейiн тазартқан жағдайда уәкiлеттi органның рұқсатымен жол берiледi.
3. Ақаба суды жинақтаушысы бар табиғат пайдаланушылар осындай суларды тазалау, залалсыздандыру және ластаушы заттарды кәдеге жарату үшiн олардың қоршаған ортаға әсерiн болдырмайтын қажеттi шаралар қабылдауға, сондай-ақ оларды пайдалану тоқтатылғаннан кейiн осы жинақтаушылар бар жерлердiң қопсытылуын жүзеге асыруға мiндеттi.
4. Табиғат пайдаланушы зиянды заттардың, ақаба суларда ластаушы заттардың белгiленген жиналу нормативтерiн көтермеуi немесе ақаба судың құрамына экологиялық сараптаманың рұқсаты көзделмеген жаңа заттарды қоспауы тиiс. Аталған талаптар бұзылған кезде ақаба суды ағызу тоқтатылуы керек. Ашық тоғанға ағызылатын су мөлдiр, бояу қосылмаған, иiстенбеген, ауру жұқтыратын бактериялар мен адамның денсаулығы мен жануарларға зиянды заттар, санитариялық-гигиеналық нормативтерден жоғары қоспалар болмауы тиiс. Ағызылатын судың температурасы Цельсия бойынша 30 градустан аспауы тиiс.
5. Ағызылатын суда бетон мен металға айтарлықтай әсер ететiн заттар болмауы керек.
6. Ақаба суды, олардың тазалық деңгейiне қарамастан, орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау көздерiнiң санитариялық қорғалу аймақтарында, курорттарда, суға түсуге арналған жерлерде жоғары қабаттағы су айдындарына ағызуға жол берiлмейдi.
7. Су айдындарына кәдеге жаратуға болатын өнеркәсiптiк қоспалардың бағалы компоненттерi бар ақаба суларды ағызуға тыйым салынады.
36-тарау. Орманды және өзге де өсiмдiктердi пайдалану кезiнде
қойылатын экологиялық талаптар
242-бап. Басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесудi,
ормандарға күтiм жасауды және санитариялық
мақсатта кесудi жүзеге асырған кезде қойылатын
экологиялық талаптар
Құндылығы төмен және қорғаныштық, су сақтау және басқа экологиялық функцияларын жоғалта бастаған екпелердi реконструкциялаумен байланысты ағаш кесу мемлекеттiк орман қоры санатындағы ормандарда тек мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi органның рұқсатымен жүргізiледi.
243-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман
пайдалануды жүзеге асыру кезiнде қойылатын
экологиялық талаптар
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асырған кезде орман пайдаланушылар:
1) топырақты эрозияға ұшыратпайтын, ормандардың жай-күйi мен молаюына, сондай-ақ су және басқа табиғи объектiлер мен жануарлар дүниесiнiң жай-күйiне терiс әсердi болдырмайтын немесе шектейтiн, олардың тiршiлiк ететiн ортасының сақталуын қамтамасыз ететiн тәсiлдермен жұмыс жүргiзуге;
2) сүрек дайындаған кезде мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткен техника мен технологияны пайдалана отырып, орманның табиғи молаюы үшiн оңтайлы жағдайлардың сақталуы жөнiндегi талаптарды сақтауға;
3) дайындау мен тасып әкетудiң белгiленген мерзiмi өткеннен кейiн ағаш кесетiн орындарда жартылай кесiлген және дайындалған сүрек қалдырмауға;
4) кеспе ағашты кесiлген қалдықтардан тазартуды сүрек дайындаумен бiр мезгiлде жүргiзуге;
5) мемлекеттiк орман қорының орман пайдалануға бөлiнген учаскелерiнде ағаштың заңсыз кесiлуiне және экологиялық заңнаманың өзгелей бұзылуына жол бермеуге;
6) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу кезiнде орман орналастыру жобасына сәйкес кесiлген ағаш алаңының екi еселенген мөлшерiнен асатындай алаңға ағаш отырғызуды жүзеге асыруға;
7) ағаш кесiлген жерлер мен өздерiнiң қызметi нәтижесiнде шыбықтары жойылған, сүректер мен бұталы өсiмдiктерi қураған алаңдарға өз есептерiнен орманның молайтылуын жүзеге асыруға;
8) ормандардың санитариялық (бұдан әрi - ормандардағы санитариялық ережелер) жай-күйiн қамтамасыз ету мен жақсарту жөнiндегi ережелердi сақтауға;
9) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн ұзақ мерзiмге арналған орман пайдалану кезiнде зиянкестер мен орман ауруларынан қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруға;
10) мемлекеттiк орман иеленушiлердi мемлекеттiк орман қоры учаскелерiне орман пайдалану үшiн өздерiне бөлiнiп берiлген учаскелерде зиянкестер мен орман ауруларының пайда болғаны туралы хабардар етуге;
11) орман қорының мемлекеттiк есебiн, мемлекеттiк орман кадастрын, мемлекеттік орман мониторингiн жүргiзу, орманды пайдаланғаны үшiн төленетiн ақы мөлшерiн айқындау үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi органға және оның аумақтық органдарына, облыстық атқарушы органдарға және мемлекеттiк статистика органдарына қажеттi ақпаратты ұсынуға мiндеттi.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы:
1) орман пайдалану жүзеге асырылатын мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарының қоры азайған, нәтижесiнде олардың жай-күйiнiң нашарлауына әкеп соқтырған табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған;
2) орман пайдаланушы өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау, молайту және пайдалану жөнiндегi экологиялық талаптарды бұзған жағдайларда;
3) орман зиянкестерiмен және ауруларымен күрес жөнiндегi авиахимиялық, авиабиологиялық және аэрозолдық iс-шаралар жүргізу кезiнде шектелуi немесе тоқтатыла тұруы мүмкiн.
3. Жер пайдалану құқығын шектеу немесе тоқтата тұру орман пайдаланушыларды Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшiн әкiмшiлiк және өзге де жауаптылықтан босатпайды.
244-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман
шаруашылығын ұйымдастырған кезде қойылатын
экологиялық талаптар
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын жүргiзу ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiнiң көтерiлуiн қамтамасыз етуi тиiс.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн көтеру ғылыми негiзделген ағаш кесу жүйесiн iске асыру, ормандарды молайту, олардың тұқымдық құрамын жақсарту, тұрақты орман тұқым базасын селекциялық-гендiк негiзде құру мен тиiмдi пайдалану, гидроорманмелиорациясы, ормандарға күтiм жасау, күтiм жасау мақсатында ағаш кесу мен санитариялық ағаш кесудi қоса алғанда, орман шаруашылығы мақсатында жол салу, басқа да орман шаруашылығы iс-шараларын жүргiзу нәтижесiнде жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн көтеру жөнiндегi iс-шараларды орман құрылысы жобаларына сәйкес орман мекемелерi мен орман пайдаланушылар жүргiзедi.
245-бап. Ормандарды молайту мен орман өсiру кезiнде
қойылатын экологиялық талаптар
1. Ормандарды молайту мақсаты ағашы кесiлген, өртең жерлердi және мемлекеттiк орман қорының бұрын орман өскен аумақтарын уақтылы қалпына келтiру, ормандардың тұқымдық құрамын жақсарту, олардың өнiмдiлiгiн көтеру, мемлекеттiк орман қоры жерiн ұтымды пайдалану болып табылады.
2. Орман өсiрудiң мақсаты бұрын орман өспеген аумақтарда екпелер жасау болып табылады.
3. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ормандарды молайту жөнiндегi iс-шаралар орманның өсу жағдайлары мен экономикалық тиiмдiлiгi ескерiле отырып, неғұрлым қысқа мерзiмде өнiмдiлiгi жоғары және шыдамды екпелер жасалуын қамтамасыз ететiн тәсiлдермен, экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақтала отырып жүргiзiлуi тиiс.
4. Мемлекеттiк орман қорындағы ормандарды молайту мен орман өсiру жұмыстарының көлемi осы салаға мамандандырылған, мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткен орман орналастыру және басқа жобалау-iздестiру ұйымдары әзiрлеген жобалармен айқындалады.
246-бап. Ормандарды молайту мен орман өсiру үшiн орман
тұқымдары мен екпе материалдарды дайындаған,
өңдеген, сақтаған, орын ауыстырған, сатқан
және пайдаланған кезде қойылатын экологиялық
талаптар
1. Сатуға және егу үшiн пайдалануға жататын орман тұқымдарының егiлу сапасын, олардың мемлекеттiк стандарттарға, техникалық жағдайларға және орман шаруашылығы жөнiндегi басқа да нормативтiк құжаттарға сәйкестiгiн айқындауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның келiсiмiмен орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi органның мамандандырылған ұйымдары жүзеге асырады.
2. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкестiгi тексеруден өтпеген орман тұқымдарын сату мен егуге тыйым салынады.
3. Селекциялық-тұқым шаруашылығы мақсатындағы объектiлердi қалыптастыру, оларды мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде пайдаланудың режимiн белгiлеу орналастырушы және осы салада маманданған басқа да жобалау-iздестiру және ғылыми ұйымдар әзiрлеген, мемлекеттiк-экологиялық сараптамадан өткен жобалармен айқындалады.
247-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда
мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн
пайдаланған, ормандарды молайтқан және орман
өсiрген кезде қойылатын экологиялық талаптар
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мемлекеттiк орман қорының учаскелерiн пайдалану, ормандарды молайту және орман өсiру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
248-бап. Қалалық ормандар мен орман сая бақтарында
орманды пайдаланған кезде қойылатын
экологиялық талаптар
1. Қалалық елдi мекендердiң шекаралары шектерiнде орналасқан ормандар (таудағы ормандар мен саябақтар) халықтың демалуына, мәдени-сауықтыру және спорттық iс-шаралар жүргiзуiне, сондай-ақ қоршаған ортаға қолайлы жағдай жасауға арналған.
2. Қалалық ормандарда осы ормандардың мақсатымен үйлеспейтiн басты мақсатта ағаш кесудi орман пайдаланудың өзге де түрлерiн жүзеге асыруға тыйым салынады.
249-бап. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерiне немесе жер
пайдаланушыларға пайдалануға берiлген
мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ағаш және
бұта өсiмдiктерiн күзету, қорғау, молықтыру
және пайдалану кезiнде қойылатын экологиялық
талаптар
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жер учаскелерiнiң меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға ауыл және орман шаруашылықтарын кешендi жүргiзу үшiн берiлген мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ағаш және бұта өсiмдiктерiн күзету, қорғау, молықтыру және пайдалану осы Кодекстiң талаптарына сәйкес жүргiзiледi.
2. Пайдалануына мемлекеттiк орман қоры учаскелерi берiлген жер учаскелерiнiң меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылар осы Кодексте белгiленген тәртiппен оларда орман орналастыру жұмыстарын жүргiзуге және орман қорының мемлекеттiк есебiн жүргiзуге қатысуға мiндеттi.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған ағаш және бұта өсiмдiктерiнiң жай-күйiн, күзетiлуiн, қорғалуын, пайдаланылуы мен молықтырылуын бақылауды уәкiлеттi орган мен оның аумақтық органдары жүзеге асырады.
250-бап. Басқа меншiк иелерiнiң немесе жер
пайдаланушылардың жер учаскелерi арасында
орналасқан мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн
күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды
молықтыру кезiнде қойылатын экологиялық
талаптар
1. Басқа меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелерi арасында орналасқан мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн күзетудi, қорғауды, пайдалануды, ормандарды молықтыруды жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк орман иеленушiлердiң Қазақстан Республикасының жер туралы заңнамалық актiсiнде белгiленген тәртiппен бөтен жер учаскесiн шектеулi мақсатта пайдалану (сервитут) құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасының заңнамалық актiсiне сәйкес, табиғи өсiп шығатын ормандарды сыртқы қолайсыз әсерлерден қорғау үшiн басқа меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелерi арасында орналасқан мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнiң шекарасын бойлай енi жиырма метр болатын күзет аймақтары белгiленедi.
3. Күзет аймағы шегiнде мемлекеттiк орман қоры учаскесiнiң жай-күйiне керi әсер ететiн кез келген қызметке тыйым салынады.
251-бап. Темiр жолдарға, автомобиль жолдарына,
каналдарға, магистралдық құбырларға және басқа
да желiлiк құрылыстарға бөлiп берiлген
белдеулердегi қорғаныштық екпелердi күзету,
қорғау және пайдалану кезiнде қойылатын
экологиялық талаптар
1. Темiр жолдарға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырларға және басқа да желiлiк құрылыстарға бөлiп берiлген белдеулерде орналасқан қорғаныштық екпелер осы объектiлердi қолайсыз табиғи құбылыстардан қорғауға, қоршаған ортаның ластануын болдырмауға, шудың әсерiн азайтуға арналған.
2. Темiр жолдарға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырларға және басқа да желiлiк құрылыстарға бөлiп берілген белдеулердегі қорғаныштық екпелердi, оларды өсiру жобаларына сәйкес орманды күтiп-баптау мақсатында кесуге, санитарлық мақсатта кесуге, бағалылығы төмен екпелердi, сондай-ақ қорғаныштық, су сақтау және басқа да функцияларын жоғалта бастаған екпелердi қайта жаңғыртумен байланысты кесуге және өзге де мақсаттарда кесуге жол берiледi.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған қорғаныштық екпелердi күзетудi, қорғауды және пайдалануды, осы Кодекске сәйкес, жер пайдаланушылар өздерi орналасқан жерлерде жүзеге асырады.
37-тарау. Жануарлар дүниесiн пайдалану кезiнде қойылатын
экологиялық талаптар
252-бап. Жануарлар дүниесi объектiлерiн ортақ
пайдаланған кезде қойылатын экологиялық
талаптар
1. Жануарлар дүниесi объектiлерiн ортақ пайдалану жануарлар дүниесi объектiлерiн табиғи ортадан алмай (ортақ пайдаланылатын су объектiлерiнде заңнамада белгiленген тегiн аулау көлемi шегiнде құмарлық және спорттық мақсатта балық аулауды қоспағанда) жүзеге асырылады.
2. Жануарлардың - табиғи орта санитарларының пайдалы тiршiлiк ету қасиеттерiн, дәрiлiк өсiмдiктердi және сол сияқтыларды пайдалану, сондай-ақ жануарлар дүниесi объектiлерiн Қазақстан Республикасы заңнамасымен тыйым салынбаған ғылыми, мәдени-бiлiм беру, тәрбиелiк, эстетикалық және басқа мақсаттарда пайдалану жануарлар дүниесiн ортақ пайдалану тәртiбiмен жүзеге асырылады.
3. Жануарлар дүниесi объектiлерiн ортақ пайдалану жүзеге асырылған кезде жануарларды құртуға, олардың тұратын жерлерiн және басқа құрылыстарды (iндерiн, ұяларын, құмырсқа илеулерiн, ондатра ұяшығын және сол сияқтыларды) қиратуға, жануарлардың мекендейтiн ортасын бұзуға және олардың көбею жағдайын нашарлатуға тыйым салынады.
253-бап. Елдi мекендердi, кәсiпорындарды, темiр
жолдарды, тас жолдарды, құбырлар мен басқа да
көлiк магистральдарын, электр қуатын беру мен
байланыс желiлерiн, каналдарды, тоғандарды,
өзге де құрылыстар мен объектiлердi
орналастыру, жобалау мен салу кезiнде
қойылатын экологиялық талаптар
1. Кәсiпорындар, құрылыстар мен басқа да объектiлер орналастырылатын орын, сондай-ақ жануарлар дүниесiнiң жай-күйiне әсер ететiн және әсер етуi мүмкiн жаңа техникаларды, технологияларды, материалдар мен заттарды енгiзу жануарлар дүниесiн қорғау саласы мен қоршаған ортаны қорғау саласының арнаулы уәкiлеттi органдарымен келiсiледi.
2. Жануарларды және олардың тiршiлiк ететiн ортасын қорғау құралдарымен қамтамасыз етпей объектiлердi пайдалануға беруге және технологияларды қолдануға тыйым салынады.
3. Елдi мекендердi, кәсiпорындарды, құрылыстар мен басқа да объектiлердi орналастыру, жобалау және салу, жұмыс iстеп тұрған технологиялық процестердi жетiлдiру мен жаңаларын енгiзу, тың, батпақтанған жерлердi, жағалаулардағы және бұталар өскен аумақтарды шаруашылық айналымына қосу, жердi мелиорациялау, орман пайдалану мен орман шаруашылығы iс-шараларын жүзеге асыру, геологиялық барлау жұмыстарын жүргiзу, пайдалы қазбалар өндiру, үй жануарларын жаю мен қыдырту, туристiк маршруттар әзiрлеу мен халықтың демалатын орындарын ұйымдастыру кезiнде жануарлардың тiршiлiк ету және өсiп-өну жағдайын сақтау, жануарлар дүниесiн сақтау үшiн ерекше құндылықтар құрайтын учаскелерге қол сұғылмауын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шаралар көзделiп жүзеге асырылуы тиiс.
4. Кәсiпорындар, құрылыстар мен басқа да объектiлер салу мен реконструкциялау жобаларын экологиялық сараптамадан өткiзу, жаңа техника, технологиялар, материалдар мен заттар енгiзу кезiнде олардың жануарлар дүниесiнiң жай-күйiне, мекендейтiн ортасына, жануарлардың өрiс аударуы мен өсiп-өну жағдайына әсерi мiндеттi түрде ескерiледi.
5. Кәсiпорындар, мекемелер, ұйымдар мен жеке тұлғалар жануарлар дүниесiнiң жай-күйiне әсер ететiн немесе әсер етуi мүмкiн кез келген қызметтi жүзеге асырған кезде жануарлардың мекендейтiн ортасының қорғалуын, өсiп-өну мен өрiс аудару жағдайын қамтамасыз етуге, сондай-ақ өндiрiстiк процестердi, оның iшiнде жануарларға қауiптi препараттарды, химиялық заттар мен құрамаларды қолдану, қалдықтарды қоймаға қою, жою, көму, орман шаруашылығы, ағаш дайындау және басқа жұмыстар жүргiзген, сондай-ақ электр желiлерi мен көлiк құралдарын пайдалану кезiнде жануарлардың өлуiн болдырмауға арналған iс-шараларды жүзеге асыруға мiндеттi.
6. Темiр жолдар, тас жолдар, құбырлар мен басқа да көлiк магистральдарын, электр желiлерi мен байланыс желiлерiн, сондай-ақ каналдар, су өткiзгiш және басқа гидротехникалық құрылыстар орналастыру, жобалау мен салу кезiнде жануарлардың өрiс аудару жолдарының сақталуын қамтамасыз ететiн iс-шаралар әзiрленiп, жүзеге асырылуы тиiс.
7. Жануарлар өсiп-өнетiн жерлерде шудың жоғары көздерi болып табылатын жару мен басқа да жұмыстар заңнамамен шектеледi.
8. Су объектiлерiнде гидротехникалық және басқа құрылыстарды пайдалану, гидрологиялық режим мен су тұтыну режимiн және жабайы жануарлардың тiршiлiк ету ортасының жай-күйiне әсер ететiн және әсер етуi мүмкiн басқа да қызметтердi белгiлеу жануарлар дүниесiн қорғау талаптары, балық және аң шаруашылығы мүдделерi ескерiле отырып жүзеге асырылады.
254-бап. Қамыстарды шабу мен құрғақ өсiмдiктердi өртеу
кезiнде қойылатын экологиялық талаптар
Қамыстарды шабу мен құрғақ өсiмдiктердi немесе оның қалдықтарын өртеуге жабайы фаунаның сақталуы жөнiндегi iс-шаралар әзiрлене отырып, қоршаған ортаны қорғау аумақтық органдарының және өртке қарсы күрес қызметi органдарының тиiстi рұқсаты бойынша шаруашылыққа қажеттi жағдайда ғана жол берiледi.
255-бап. Өсiмдiктердi қорғау құралдарын, минералдық
тыңайтқыштар мен шаруашылық қызметiнде
пайдаланылатын басқа да препараттарды
тасымалдау, сақтау мен қолдану, жаңа
препараттар жасау кезiнде қойылатын
экологиялық талаптар
1. Өсiмдiктердi қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштар мен шаруашылық қызметiнде пайдаланылатын басқа да препараттарды тасымалдау, сақтау мен қолдану, жаңа препараттар жасау кезiнде кәсiпорындар, мекемелер, басқа да ұйымдар мен азаматтар аталған препараттардағы тасымалдау, сақтау мен қолдану ережелерiн сақтауға, жануарлардың ауыруы мен өлмеуiн қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруға мiндеттi.
2. Жаңа препараттар жасаған кезде оларды қоршаған ортада қолданудың нормативтерi әзiрленуi тиiс.
3. Жануарлардың өлуi мен олардың мекендейтiн ортасының нашарлауын болдырмау мақсатында қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган пестицидтер мен агрохимикаттарды қолдану шектелетiн немесе оған тыйым салынатын жекелеген аумақтарды белгiлей алады.
4. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органдардың келiсiмiмен өсiмдiк қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен пестицидтердiң (улы химикаттардың) тiзiмiне енгiзiлген пестицидтердi (улы химикаттарды) ғана қолдануға рұқсат етiледi.
5. Пестицидтердi (улы химикаттарды) аталған тiзiмге енгiзуге уытты-гигиеналық және экологиялық-уыттылық зерттеулер, оларды қолданғанда гигиеналық регламенттеу жүргiзiлгеннен, гигиеналық және экологиялық нормативтер белгiленгеннен және осы пестицидтердi (улы химикаттарды) мемлекеттiк тiркеу жүзеге асырылғаннан кейiн жол берiледi.
6. Пестицидтердi (улы химикаттарды) мемлекеттiк тiркеу халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы және қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау органдарының келiсiмiмен өсiмдiк қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүргізiледi.
7. Минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттарда ықтимал қауiптi химиялық және биологиялық заттар болған кезде, жануарлар дүниесiн күзету, молайту мен пайдалану саласындағы және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органдардың ұсынысымен уәкiлеттi орган осы минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттар бойынша белгiленетiн экологиялық нормативтер негізiнде қажеттi экологиялық-уыттылық зерттеулер жүргiзедi.
8. Мыналарға:
1) жануарлар дүниесi объектiлерiн улы химикаттар қолдана отырып аулауға (жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi органның келiсiмiмен дала кемiргiштерiн құрту кезiнде улы химикаттар қолдануды, сондай-ақ жануарлардың жаппай құтыру iндетi және басқа аурулары болған жағдайларды қоспағанда);
2) пестицидтердi (улы химикаттарды), минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттарды:
жануарлар дүниесi мен табиғи кешендердi табиғи жай-күйiнде сақтауға арналған әр түрлi ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы қорық режимi аймақтарында;
өрiс аудару және өсiп-өну кезеңiнде жануарлар жаппай топтасқан жерлердегi тыныштық белгiсi қойылған аймақтарда, сондай-ақ жабайы жануарлардың мекендейтiн ортасы ретiнде ерекше құнды учаскелерде;
жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң белгi қойылған мекендейтiн және қолдан өсiп-өнетiн орындарына қолдануға;
3) ауыл шаруашылығы және басқа алаптарда жер бетiнде уланған, топыраққа сiңiрiлмеген және жабайы жануарлардың қоректенуiне болатын тұқымдарды қалдыруға тыйым салынады.
9. Балықтардың және басқа су жануарларының мекендейтiн орталарын пестицидтермен ластанудан қорғау мақсатында тасқын су барынша аз жайылған жағдайда су басу шекарасынан 500 м қашықтықтағы балық шаруашылығы су айдынының маңында санитариялық аймақ жасалады. Санитариялық аймақтар қоршаған ортаны қорғау, жануарлар дүниесiн қорғау, молайта өсiру мен пайдалану, өсiмдiктердi қорғау салаларындағы уәкiлеттi органдардың келiсiлген ұсыныстары бойынша аудандық өкiлдi органдардың шешiмдерiмен белгiленедi.
10. Санитариялық, пайдаланылатын су шаруашылығы су айдындары жағалауларынан 2 шақырым кем болмайтын аймақтарда:
1) зиянкестермен, өсiмдiк ауруларымен және арам шөптермен күресте авиация арқылы тозаңдау тәсiлiн қолдануға;
2) пестицидтер (улы химикаттар), минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттар сақтау үшiн қоймалар, авиахимиялық жұмыстар үшiн ұшу-қону құрылыстарын, қой шомылдыруға арналған тоғыттар мен жер асты аппаратураларын пестицидтермен (улы химикаттармен) толтыру алаңдарын салуға тыйым салынады.
256-бап. Жануарларды мекендейтiн жаңа орындарға көшiру,
фауна үшiн жаңа жануарлар түрлерiн жерсiндiру,
жануарларды қайта жерсiндiру мен будандастыру,
оларды Қазақстан Республикасынан тыс әкелу мен
әкету кезiнде қойылатын экологиялық талаптар
1. Жануарлар дүниесi объектiлерiн жаңа мекендеу орнына ауыстыруға, Қазақстан фаунасы үшiн жаңа жабайы жануарлар түрлерiн жерсiндiруге, сондай-ақ жабайы жануарларды будандастыру жөнiндегi iс-шараларға ғылыми негiзделген сараптамалық тұжырымдарды ескере отырып, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi органның рұқсатымен, мемлекеттiк экологиялық сараптаманың осындай қызметiнiң жобаларымен келiскеннен кейiн ғылыми-зерттеу және шаруашылық мақсаттарында жол берiледi.
2. Жабайы жануарларды өздiгiнен ауыстыруға, жерсiндiруге және будандастыруға тыйым салынады.
3. Жартылай ерiктi немесе ерiксiз жағдайларда ұстайтын жабайы жануарлар, сондай-ақ жабайы жануарлармен будандасуы немесе оларға зиян келтiрiлуi мүмкiн үй жануарларын өсiретiн немесе ұстайтын кәсiпорындар, мекемелер, ұйымдар мен жеке тұлғалар осы жануарлардың табиғи ортаға шығуын болдырмайтын iс-шаралар жүргiзуге мiндеттi.
4. Жануарлардың тiршiлiгiне қауiп төндiретiн кездейсоқ бақытсыздық және төтенше экологиялық жағдайлар туындаған жағдайда, жануарлар дүниесi объектiлерiн пайдаланушылар жабайы жануарларға көмек көрсетуге және бұл туралы жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi органға және қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органға хабарлауға мiндеттi.
5. Жануарлар дүниесi объектiлерiн Қазақстан Республикасына әкелу және одан тыс әкету жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
257-бап. Аң аулау, аңшылық алқаптарын бекiту, аңшылықты
ұйымдастыру кезiнде қойылатын экологиялық
талаптар
Аң аулау, аңшылық алқаптарының резервтiк қорын бекiтiп беру, сондай-ақ аңшылықты ұйымдастыруды жүргiзу кезiнде қойылатын экологиялық талаптар Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңнамасында белгiленген тәртiппен айқындалады.
258-бап. Су жануарларын аулауды қоса алғанда, балық
аулау кезiнде қойылатын экологиялық талаптар
1. Балық аулау ережесi, балық аулау объектiлерi, балық шаруашылығы мен балық аулауды жүргiзуге арналған балық шаруашылығы су айдындарын бекiтiп беру тәртiбi, балық ресурстары мен басқа су жануарларын пайдалануға беру тәртiбi Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңнамасында белгiленген тәртiппен айқындалады.
2. Заңнамада көзделген жағдайларда жеке тұлғаларға жануарлар дүниесi объектiлерiн жалпы пайдалану тәртiбiнде балық аулауға бiр шығуда бес килограмға дейiн балық шаруашылығы су айдындары учаскелерiнiң резервтiк қорында тегiн құмарлықпен (спорттық) балық аулауға рұқсат берiледi. Бұл ретте балық шаруашылығы саласында белгiленген ережелер, нормативтер мен шектеулер сақталады.
3. Сулы-батпақты алқаптар мен су жануарлары мекендеген жерлерде гидромелиорациялық мұндай қызметтiң жобалары мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткeннeн кейiн балық ресурстарын және басқа су жануарларын сақтау, өсiру және пайдалану, балық шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.
4. Интродукция жүргiзу және жерсiндiру, сондай-ақ мелиоративтiк және бақылау аулау үшiн өсiру мақсатындағы балық аулау, өндiрiстiк, құмарлық және спорттық балық аулау Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
259-бап. Жануарлардың тiршiлiк етуiнiң пайдалы
қасиеттерi мен өнiмдерiн пайдалану кезiнде
қойылатын экологиялық талаптар
1. Жануарлардың - табиғи ортаның санитарларының пайдалы қасиеттерiн, дәрiлiк өсiмдiктер мен сол сияқтыларды пайдалануға олардың тiршiлiк ету ортасын алып қоймаған және жоймаған, нашарлатпаған кезде және жануарларға басқалай зиян келтiрмеген жағдайда жол берiледi.
2. Жабайы жануарларды олардың тiршiлiк ету өнiмдерiн алу мақсатында пайдалануға оларды алып қоймаған және жоймаған және олардың өмiр сүру ортасын нашарлатпаған жағдайда жол берiледi.
3. Жабайы жануарларды олардың өнiмдерiн тiршiлiк ету өнiмдерiн алу мақсатында пайдалану жануарлар дүниесiн қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
260-бап. Зоологиялық коллекцияларды жасау, сақтау,
мемлекеттiк есепке алу мен пайдалану кезiнде
қойылатын экологиялық талаптар
1. Жануарларды табиғи ортадан алу арқылы зоологиялық коллекцияларды (зоологиялық саябақтардың, зоологиялық бау-бақшалардың, океанариумдардың және сол сияқтылардың жанды коллекциялары) жасау мен толықтыруға жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi атқарушы билiктiң уәкiлеттi органы берген рұқсаттар негiзiнде кәсiпорындар, мекемелер, ұйымдар мен азаматтар жүзеге асырады.
2. Ғылыми, мәдени-ағарту, оқу-тәрбиелiк немесе эстетикалық құндылықтарды құрайтын және жалпымемлекеттiк маңызы бар зоологиялық коллекциялар мемлекеттiң есебiне алынуға тиiс.
3. Зоологиялық коллекцияларды жасау, толықтыру, сақтау, пайдалану, иелiктен айыру мен мемлекеттiк есепке алу, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасына әкелу, одан тыс жерге жөнелту мен әкету жануарлар дүниесiн қорғау саласындағы арнаулы уәкiлеттi орган белгiлейтiн ережелер бойынша жүзеге асырылады.
261-бап. Жануарлардың санын реттеу кезiнде қойылатын
экологиялық талаптар
1. Халықтың денсаулығы мен қауiпсiздiгiн, ауыл шаруашылығы және басқа үй жануарларының ауруын болдырмауға, қоршаған ортаға зиян келуiн болдырмауға, шаруашылық және басқа қызмет мүддесiнде жабайы жануарлардың жекелеген түрлерiнiң санын реттеуге бағытталған iс-шаралар жүзеге асырылады. Бұл шаралар жануарлардың басқа түрлерiне зиян келуiн болдырмайтын және жабайы жануарлардың тiршiлiк ету ортасының сақталуын қамтамасыз ететiн тәсiлдермен жүзеге асырылуы тиiс.
2. Реттелуге жататын жабайы жануарлардың түрлерiн, олардың санын реттеу жөнiнде тиiстi шаралар жүргiзу тәртiбiн осы қызметке мемлекеттiк экологиялық сараптаманың келiсiмiнен кейiн жануарлар дүниесiн қорғау саласындағы арнаулы уәкiлеттi органдар айқындайды.
262-бап. Аң аулауды және балық шаруашылығын жүргiзу
кезiнде қойылатын экологиялық талаптар
Аңшылық және балық шаруашылығын жүргiзу кезiнде мынадай талаптар қойылады:
1) жануарлар дүниесi объектiлерiн ұтымды пайдалануға, өздерiнiң қызметi нәтижесiнде жануарлардың тiршiлiк ету ортасының экологиялық жай-күйiнiң нашарлауына жол бермеуге, өндiрiстiк процестердi жүзеге асырған кезде табиғат қорғау технологияларын қолдану;
2) жабайы жануарлардың бастапқы саны мен пайдаланылу есебiн жүргiзуге, олардың жай-күйi мен жануарлар дүниесiнiң объектiсi болатын алаптардың сипаттамасын зерделеуге, осы ақпараттарды жануарлардың мемлекеттiк есебiн және олардың пайдаланылу есебiн, жануарлар дүниесiнiң мемлекеттiк кадастры мен мониторингiнiң жүргiзiлуiн жүзеге асыратын органдарға беру;
3) аңшылық жануарларды аулаудың белгiленген ережелерiн, нормаларын, лимиттерi мен мерзiмдерiн сақтау;
4) жануарлар дүниесi объектiлерiн, соның iшiнде бекiтiп берiлген аумақта сирек және жойылып бара жатқан түрлерiн қорғауды жүзеге асыру;
5) жабайы жануарларды жаңадан өсiруге, оның iшiнде жасанды өсiруге, олардың тiршiлiк ету ортасын сақтап, жақсартуға бағытталған кешендi iс-шараларды жүргiзу;
6) жануарлардың өздiгiнен орын ауыстыруына немесе жерсiнуiне жол бермеу;
7) жануарлар дүниесiн қорғау, пайдалану және жаңадан өсiру мәселелерi бойынша жалпымемлекеттiк, өңiрлiк, республикалық және басқа аумақтық экологиялық бағдарламаларды орындау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру;
8) жануарлардың ауруларының байқалғаны, олардың тiршiлiк ету ортасының жай-күйiнiң нашарлағаны, жануарлардың құрып кету қаупi мен өлу жағдайының туындауы туралы табиғат қорғау органдарына, ветеринариялық, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтерге дереу хабарлауға, аурулардың алдын алу мен оған қарсы күрестiң кешендi iс-шараларын жүзеге асыруға;
9) жануарлардың жай-күйi және олардың тiршiлiк ету жағдайы нашарлаған, олардың өсiп-өну қабiлетi төмендеген, жануарлардың құрып кету қаупi туындаған жағдайда жануарлар дүниесi объектiлерiн пайдалануды өз бетiмен тоқтатуға, жануарларға және олардың тiршiлiк ету ортасына жасалған терiс ықпалды жоюдың iс-шараларын қолдану.
263-бап. Жануарлар дүниесiн пайдалануға лимиттер мен
квоталарды белгiлеу кезiнде қойылатын
экологиялық талаптар
Жануарларды сақтау және жаңадан өсiру мақсатында Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, олардың өсiмiн молықтыру және пайдалану саласындағы заңнамасында көзделген тәртiппен жануарлар дүниесiн пайдалануға лимиттер мен квоталар белгiленедi.
264-бап. Жануарлар дүниесiн биотехнологиялық өнiмдердiң
зиянды әсерiнен қорғау
Микроорганизмдердiң жаңа штаммдарын, биологиялық күштi заттарды жасау, гендiк жағынан өзгерген организмдердi жасап шығару, биотехнологиялық басқа да өнiмдердi өндiру белгiленген тәртiппен және мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде ғана жүзеге асырылады. Мұндай қорытындылар болмаған кезде көрсетiлген организмдер мен заттарды пайдалануға тыйым салынады.
38-тарау. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету
қаупi төнген түрлерiн қорғау, өсiмiн молайту, ерiксіз және
жартылай ерiктi жағдайда өсiру, шектеулi шаруашылық тұрғыда
пайдалану жөнiнде қойылатын экологиялық талаптар
265-бап. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету
қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесi және Қазақстан
Республикасының Қызыл кiтабы
1. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi. Оған Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының континентальды шельфiнде және ерекше экономикалық аймағында табиғи еркiн жағдайда тұрақты немесе уақытша құрғақ жерде, суда, атмосферада және топырақта мекендейтiн жануарлар (омыртқалы және омыртқасыз) мен өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерi (шағын түрлерi, популяциялары) жатқызылады.
2. Жануарлардың сирек кездесетiн, құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң қатарына жатқызылған жануарлар мемлекеттiк меншiк болып табылады, ал ерiксiз немесе жартылай ерiктi жағдайда ұсталатындары мемлекеттiк меншiкте де, жеке меншiкте де болуы мүмкiн.
3. Жеке және заңды тұлғалар жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн заңнамада белгiленген шекте және тәртiппен пайдалануға құқылы.
266-бап. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету
қаупi төнген, табиғи еркiн жағдайда
мекендейтiн түрлерiн қорғау және олардың
өсiмiн молайту
1. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң өлуiне, санының азаюына немесе мекендейтiн ортасының бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкiн iс-әрекеттерге жол берiлмейдi.
2. Жеке және заңды тұлғалар уәкiлеттi аумақтық органдарға сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiне жатқызылған жануарлардың өлiмi белгiлi болған немесе анықталған жағдайлар туралы хабарлауға мiндеттi. Мұндай әрбiр жағдайды тексеру тәртiбi жануарлар дүниесiн қорғау, олардың өсiмiн молықтыру және пайдалану саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.
3. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiне табиғи апаттар кезiнде және басқа себептерден қырылу қаупi төнген жағдайларда Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, олардың өсiмiн молықтыру және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес көмек көрсетiледi.
4. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiне жатқызылған жануарлардың өлiмiн болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша ерекше жағдайларды қоспағанда, алып қоюға тыйым салынды.
5. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, табиғи жағдайда мекендейтiн түрлерiнiң өсiмiн молайту мақсатында:
1) табиғи өсiмiн молайту жағдайы жақсартылуы;
2) өрiсi ауыстырылуы, жерсiндiрiлуi, керi жерсiндiрiлуi;
3) жасанды өсiрiлген жануарлар мекендейтiн ортасына жiберiлуi мүмкiн.
6. Аталған iс-шаралар мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органдар бекiткен биологиялық негiздемелер негiзiнде жүзеге асырылады.
7. Табиғи жағдайда өмiр сүретiн жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн қорғау және өсiру үшiн республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылады, сондай-ақ олардың айналасында күзет, санитариялық-қорғаныш, және басқа да қорғаныш аймақтары орнатылуы мүмкiн, осы аймақтардың шегiнде жануарлар дүниесiнiң жағдайына терiс әсер ететiн кез келген әрекеттерге тыйым салынады.
8. Шаруашылық және өзге де қызметтi жоспарлау мен жүзеге асыру кезiнде жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң мекен ететiн ортасы мен өсiп-өну жағдайын, өрiс аудару жолдары мен шоғырланған орындарын сақтау iс-шаралары әзiрленуi тиiс, сондай-ақ осы жануарлардың мекендейтiн ортасы ретiнде ерекше құндылығы болатын бөлiнiп берiлетiн учаскелерге қол сұғылмаушылық қамтамасыз етiлуi керек.
267-бап. Табиғи еркiндiк жағдайында мекендейтiн,
жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету
қаупi төнген түрлерiн пайдалану
1. Егер жануарлардың табиғи еркiндiк жағдайында мекендейтiн, сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерi ғылыми, мәдени-ағарту, тәрбиелiк және эстетикалық мақсаттарда пайдалану жануарларды мекендейтiн ортасынан алып қоймай жүзеге асырылса, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы аумақтық уәкiлеттi органдар жеке тұлғалардың жануарлардың тыныштығын бұзбас үшiн белгiлi бiр орынға баруға және белгiлi бiр мерзiмге шектеу енгiзуге құқылы. Көрсетiлген шектеулер туралы мәлiметтердi жалпы жұрттың назарына салу үшiн аудандық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады, ал тиiстi жерлерде ескерту белгiлерi қойылады.
2. Мүдделi заңды және жеке тұлғалар белгiленген мерзiмде жасанды түрде өсiру жолымен алынған толыққанды жануарлардың алып қойылғандарының орнына, жануарларды сатып алу, ұстау мен шығару шығындарын өздерiнiң есебiнен толтыра отырып, белгiленген мерзiмде мекендейтiн ортасына жiберуге мiндеттi. Жануарларды жiберу 1/2 қатынасымен жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту мен пайдалану саласындағы және қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау органдарының лауазымды адамдарының қатысуымен жүзеге асырылады.
268-бап. Жануарлар дүниесiнiң сирек кездесетiн және
құрып кету қаупi төнген түрлерiн ерiксiз және
жартылай ерiктi жағдайда ұстау мен өсiру
1. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн ерiксiз (қоршауда және бос ұстау) және жартылай ерiктi (саябақтарда және басқа табиғи мекендейтiн ортаға таяу сақталатын учаскелерде) жағдайларда жасанды өсiрiлуi мүмкiн.
2. Жануарлар дүниесiнiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн ерiксiз және жартылай ерiктi жағдайда арнаулы питомниктерде және азаматтар жеке тәртiппен мынадай талаптарды сақтаған:
1) жануарларды ұстау үшiн, белгiленген тәртiппен бос, еркiн жүру үшiн жабдықталған, қоршауы және басқа құрылыстары бар учаскелер мен үй-жайларын қоса алғанда, жағдай болған;
2) қажеттi көлемде зоотехникалық, ветеринариялық және санитариялық-эпидемиологиялық iс-шаралар орындалған;
3) зоологиялық, зоотехникалық, ветеринариялық бейiндегi мамандар, ал азаматтарда жануарларды ерiксiз және жартылай ерiктi жағдайда ұстау дағдысы болған;
4) жануарлар дүниесiн қорғау, олардың өсiмiн молықтыру және пайдалану саласындағы уәкiлеттi органның рұқсаты бар болған кезде ұстауға рұқсат етiледi.
3. Жануарлар дүниесiнiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн ерiксiз және жартылай ерiктi жағдайда ұстауға және өсiруге берiлген рұқсатта орындалуы мiндеттi талаптар, сондай-ақ жануарлар түрлерi бойынша дарақтардың барынша көп саны көрсетiледi. Егер жеке және заңды тұлғалар рұқсат талаптарын орындамаса, қатарынан алты ай iшiнде үш ескертуден кейiн рұқсат керi қайтарылып алынып, күшi жойылуы мүмкiн.
4. Жануарлар дүниесiнiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн ерiксiз және жартылай ерiктi жағдайда арнаулы экологиялық питомниктерде ұстау мен өсiру осы питомниктер туралы ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
5. Сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiне жатқызылған және ерiксiз және жартылай ерiктi жағдайда ұсталатын жануарлардың иелерi осы жануарларға қоршау жасауға немесе оларды таңбалауға мiндеттi.
6. Сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлар қатарына жатқызылған, оларды ерiксiз немесе жартылай ерiктi жағдайларда ұстайтын жеке және заңды тұлғалар осы жануарларды Қазақстан Республикасының шегiнде, бұған арнаулы рұқсатсыз иеленуге, сатуға және алмастыруға құқылы, бiрақ осы операциялар уәкiлеттi органда тiркелуi тиiс.
7. Сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, ерiктi және жартылай ерiктi жағдайларда ұстауға жатқызылған жануарларды меншiктенуге заңдық негiздемесi бар жеке және заңды тұлғалар оларды халықаралық сауда-саттық мақсатында белгiленген тәртiппен пайдалана алады.
8. Егер сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, ерiксiз және жартылай ерiктi жағдайларда өсiрiлетiн жануарлармен жүргiзiлген халықаралық сауда-саттық мемлекетке экологиялық және экономикалық залал әкелсе, Қазақстан Республикасының Үкiметi бұл сауда-саттыққа шектеу енгiзуге құқылы.
39-тарау. Ерекше экологиялық, ғылыми және мәдени құндылығы
бар қоршаған ортаны қорғау объектiлерiн, сондай-ақ ерекше
қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану кезiнде қойылатын
экологиялық талаптар
269-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы
жерлердi, суларды ормандар мен жер қойнауларын
пайдалану кезiнде қойылатын экологиялық
талаптар
Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген және құнды түрлерiнiң тiршiлiк ететiн ортасы ретiнде ерекше құндылығы бар, белгiлi бiр заң тәртiбiмен белгiленген аумақтардың экологиялық жай-күйiн сақтау мен жақсарту мақсатында қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган Қазақстан Республикасының барлық аумағы үшiн белгiленгеннен осы аумақтар үшiн белгiленген айтарлықтай қатаң экологиялық нормативтер әзiрлеп, енгiзе алады.
270-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда елдi
мекендер, өнеркәсiп, ауыл шаруашылығы мен
мелиорация, энергетика, көлiк пен байланыс
объектiлерiн, әскери объектiлер мен қорғаныс
объектiлерiн және ерекше қорғалатын табиғи
аумақтардың мақсаттарымен және жұмыс iстеуiмен
байланысты емес құрылыстар орналастыру мен
салу кезiнде қойылатын экологиялық талаптар
Экологиялық жай-күйдi жақсарту, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға залалды болдырмау мақсаттарында елдi мекендер, өнеркәсiп, ауыл шаруашылығы мен мелиорация, энергетика, көлiк пен байланыс объектiлерiн, әскери объектiлер мен қорғаныс объектiлерiн және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мақсаттарымен және жұмыс iстеуiмен байланысты емес құрылыстар орналастыру мен салу қолданыстағы нормативтiк-техникалық құжаттарға, нормалар мен стандарттарға, сондай-ақ осы аумақтар үшiн қойылатын экологиялық талаптарға сәйкес жүргiзiледi.
40-тарау. Каспий теңізiнiң қазақстандық секторының солтүстiк
бөлiгiндегi мемлекеттiк қорық аймағында шаруашылық және өзге
де қызметтi жүзеге асыру кезiнде қойылатын экологиялық
талаптар
271-бап. Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторының
солтүстiк бөлiгiндегi қорық аймағының
шекаралары
Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторының солтүстiк бөлiгiндегi қорық аймағының шекаралары ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң қаулысымен белгiленедi.
272-бап. Пайдалану режимiн шектеу
1. Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторының солтүстiк бөлiгiндегi қорық аймақтары шегiнде функционалдық аймақтарға бөлу негiзiнде шаруашылық қызметке толық тыйым салынған және жекелеген жұмыс түрлерiн жүргiзуге Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамасына сәйкес қосымша уақытша шектеулер енгiзiлген қорық учаскелерi белгiленедi.
2. Қорық аймағында:
1) балықтар мен жас скаттардың уылдырық шашпай қалыпты жүзуiн қамтамасыз ету үшiн Едiл өзенiнiң жер бетi атырауы қазақстандық бөлiгiнiң теңiзге қарай сұғына енген нүктесiнен және Жайық өзенiнiң жер бетi атырауы теңiзге қарай сұғына енген нүктесiне қарай Орал мен Жайық өзендерi сағаларының маңдарында радиусы 50 шақырымнан астам, сондай-ақ жоғарыда аталған атыраумаңы шекараларының аралығында 1994 жылғы 1 қаңтардағы жағалау сызығынан енi 15 шақырым және одан әрi шығысқа қарай Жем өзенiне дейiн құрылыс және геофизикалық жұмыстар жүргiзуге, ұңғымаларды сынауға тыйым салынады;
2) осы баптың 1) тармақшасында көрсетiлген кезеңде мұнай өндiру жабдықтармен, химиялық реагенттермен, жанар-жағармай және басқа да материалдармен, азық-түлiкпен автономды қамтамасыз етiлуге көшiрiлуi тиiс. Мұнай өндiру процесiнде оларды кейiннен тыйым салу кезеңi аяқталғаннан кейiн шығару үшiн қалдықтарды жинақтау мен сақтауды қамтамасыз етудiң барлық шаралары қабылдануға тиiс;
3) ұя салатын (қамыс өскен, құмды шығанақтар мен аралдарда) жерлерде құстарды сақтау мақсатында 1 сәуiр мен 15 шiлде аралығында құрылыс жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ ұңғымаларды сынауға тыйым салынады;
4) құрылық - теңiз шекарасында қамыс өскен шектерде басқа мерзiмдерде жұмыс жүргiзу жыл маусымы ескерiле отырып, уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың шешiмiмен реттеледi;
5) каспий итбалығы популяциясын сақтау мақсатында шоғырланған жерден қазан айынан мамыр айына дейiн мұнай операцияларын жүргiзу 1852 метр қашықтықта (1 теңiз милi) жүзеге асырылуы тиiс. Жатақ ауыстыруы ескерiлiп, итбалықтардың шоғырланған жерлерiн анықтау үшiн барлық ықтимал шаралар қабылдануы тиiс;
6) құстар мен каспий итбалығының тыныштығы бұзылуын болдырмау үшiн олардың белгiленген мекен ететiн және өсiп-өнетiн жерлерiнiң үстiмен әуе көлiгiнiң 1 шақырымнан төмен ұшуына, уәкiлеттi мемлекеттiк органдарды алдын ала хабарлай отырып, ғылыми-зерттеу және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу жағдайларын қоспағанда, тыйым салынады.
273-бап. Су қорғау аймағында шаруашылық және өзге де
қызметтi жүзеге асыру кезiнде қойылатын
экологиялық талаптар
1. Каспий теңiзiнiң жағалауы бойынша су қорғау аймағының енiне соңғы он жыл iшiндегi теңiздiң орташа-көпжылдық 2000 метрге тең деңгейiнен 27,0 метрдi алып тастаған деңгейге тең ен қабылданады.
Елдi мекендер шегiнде су қорғау аймақтары су объектiлерiнiң қоқыстануы мен ластануын болдырмайтын жағалау аймақтарын мiндеттi түрде инженерлiк немесе орманмелиорациялық абаттандыру жұмыстары (жақтаулар, құламалар, орман бұталары жолақтары және т.б.) жүргiзiлген кезде оларды жобалау мен салудың нақты жағдайларына орай белгiленедi.
2. Су қорғау аймағы шегiнде:
1) су объектiлерi мен олардың су қорғау аймақтары мен жолақтарының ластануы мен қоқыстануын болдырмайтын құрылыстармен және қондырғылармен қамтамасыз етiлмеген жаңа немесе реконструкцияланатын oбъектiлердi жобалауға, салу мен пайдалануға беруге;
2) елдi мекендер шегiнен тыс мұнай өнiмдерiн сақтайтын, арнаулы техникаларға техникалық қызмет көрсететiн пункттер, механикалық шеберханалар, жуу орындарын, қалдықтар орналастырылатын орындар орналастыру мен салуға, сондай-ақ судың сапасына керi әсер ететiн басқа да объектiлер орналастыруға;
3) құрылыс, су түбiн тереңдететiн және жару жұмыстарын жүргiзуге, пайдалы кен қазбаларын өндiруге, кабельдер, құбырлар және басқа коммуникациялар мен бұрғылау, ауылшаруашылығы және өзге де жұмыстар жүргiзуге тыйым салынады, ерекше жағдайларда оларға қоршаған ортаны қорғау мен пайдалану және су қорын қорғау саласындағы уәкiлеттi органдардың келiсiмiмен белгiленген тәртiппен рұқсат етiлуi мүмкiн.
274-бап. Сақтандыру аймағында шаруашылық және өзге де
қызметтi жүзеге асыру кезiнде қойылатын
экологиялық талаптар
1. Сақтандыру аймағы теңiздiң жағалай сызығынан Қазақстан Республикасының аумағында құрылыққа қарай 5 шақырымға созылып жатыр. Сақтандыру аймағының жер бетi шекарасының ережесi айқындалады және сақтандыру аймағы аумағында мұнай операциялары мұнай туралы заңнамаға сәйкес жүргізiледi.
2. Сақтандыру аймағы шегiнде қалдықтарды көму полигондары құрылысына тыйым салынады.
275-бап. Халықтың теңiз суын пайдаланатын аудандарын
қорғау
1. Халықтың теңiз суын пайдаланатын аудандары (рекреациялық, емдеу-сауықтыру, шаруашылық-ауыз су) халықтың теңiз суын пайдаланатын аудандарын, олардың санитариялық қорғалатын аймақтарын (жолақтарын) және құрылықтың жағалау жолақтарын қамтиды.
2. Халықтың теңiз суын пайдаланатын аудандарын, теңiз суының нақты және перспективалық пайдаланылуын ескере отырып, өз құзыретi шегiнде жергілiктi атқарушы органдар белгiлейдi. Осы ауданның енi теңiзге қарай теңiздiң соңғы он жылдағы орташа көпжылдық деңгейiнен 27,0 метр кем 3,9 шақырым (2 миль) болуы тиiс.
3. Халықтың теңiз суын пайдаланатын аудандарының құрамына берiлетiн жағалау бойындағы құрылық шекараны айқындау бөлiгінде де, қорғау режимi бөлiгiнде де Каспий теңiзiнiң су қорғау аймағына сәйкес келедi.
276-бап. Теңiз деңгейiнiң толқынды тербелiсiнiң әсерi
аймағы шегiнде шаруашылық және өзге де
қызметтi жүзеге асыру кезiнде қойылатын
экологиялық талаптар
1. Теңiз деңгейiнiң толқынды тербелiсiнiң әсер ету аймағының анық тiркелген шекарасы болмайды және акваторииде 29 метр төмен шексiз белгiден құрылықта 26 метр төмен белгiге дейiн шамада таратылады.
2. Теңiздiң толқынды тербелiс деңгейi кезеңсiз қайталанатын құбылыстар санына жатады және қызметтiң кез келген түрiн жүзеге асыруға әсер етуi, сондай-ақ оның тербелiс аймағының шегiнде болатын объектiлерге қиратушы әсерi болуы мүмкiн, ол Каспий теңiзiнiң ластануына қауiп тудырады.
3. Теңiз деңгейiнiң толқынды тербелiсiнiң әсер ету аймағы шегiнде:
1) су объектiлерi мен олардың су қорғау аймақтары мен жолақтарының ластануы мен қоқыстануын болдырмайтын құрылыстармен және қондырғылармен қамтамасыз етiлмеген жаңа немесе реконструкцияланатын объектiлердi жобалауға, салу мен пайдалануға беруге;
2) елдi мекендер шегiнен тыс мұнай өнiмдерiн сақтайтын, арнаулы техникаларға техникалық қызмет көрсететiн пункттер, механикалық шеберханалар, жуу орындарын орналастыру мен салуға, қалдықтар орналастырылатын, сондай-ақ судың сапасына керi әсер ететiн басқа да объектiлердi ұйымдастырып, абаттандыруға;
3) уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен келiсiлген құрылыс, су түбiн тереңдететiн және жару жұмыстарын жүргiзуге, пайдалы кен қазбаларын өндiруге, кабельдер, құбырлар және басқа коммуникациялар мен бұрғылау, ауыл шаруашылығы және өзге де жұмыстар жүргiзуге тыйым салынады.
277-бап. Жалпы экологиялық талаптар
1. Топырақ қабатын қазып алумен және ауыстырумен байланысты жұмыстарға уәкiлеттi мемлекеттiк орган берген арнаулы рұқсат болған кезде жол берiледi.
2. Құрылыстарды салу, монтаждау және демонтаждау ластаушы заттардың барлық түрiн жинауды қамтамасыз ететiн технологияларды пайдаланған кезде ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. Келiсiм-шарт аумағының шегiнде бұрын бұрғыланған ұңғымалар табылған кезде жер қойнауын пайдаланушы табылған ұңғымалардың дәл координатын анықтап, уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға хабарлауы тиiс.
4. Әуе бассейндерiне шығарылатын ластаушы заттар мұнай операцияларының барлық кезеңiнде ластаушы заттардың жинақталуының шектi - рұқсат етiлген белгiленген нормативiнен аспауы керек. Ластаушы заттардың қабаттануы мониторинг қорытындысымен айқындалады және бақылаудың мынадай сипаттамаларын:
1) судың ластану деңгейiн, сондай-ақ Каспий теңiзi учаскелерiнiң мәртебесi (режимi) бойынша әртүрлi физикалық, химиялық, гидробиологиялық түпкi қабаттану көрсеткiштерiнiң деректерiн;
2) Каспий теңiзiнiң белгiлi бiр учаскелерiнде (ашық теңiзде сынамалар iрiктеудiң бақылау нүктелерi, шығанақтар, саға маңы учаскелерi, теңiзге құйылатын өзендер, мұнай операцияларын жүргiзетiн аудандар және т.б.) атмосфера - судан бөлiнетiн шекарадағы ластаушы заттардың балансы мен трансформациясын және олардың түпкi қабаттарына (шөгiндiлерге) жинақталуын;
3) табиғи айналу процестерiн, гидрометеорологиялық көрсеткiштердi (судың температурасын, ағысын, желдiң жылдамдығы мен бағытын, атмосфераның қонуын, атмосфераның қысымын, ауаның ылғалдылығын және т.б.) қамтиды.
5. Ластаушы заттардың биологиялық организмдерге (шектi рұқсат етiлетiн шоғырлану, шектi рұқсат етiлетiн деңгей) әсер ету мөлшерiн әзiрлегенге дейiн әсер ету деңгейi мемлекеттiк экологиялық сараптаманың қорытындысымен бағаланатын қоршаған ортаның жай-күйi мониторингiнiң нәтижесi бойынша айқындалуға тиiс.
6. Ұңғымаларды пайдалану кезiнде, авариялық оқиғалардың қауiп төндiрген жағдайларын қоспағанда, факелдерде флюидтердi жағуға тыйым салынады.
7. Ұңғымаларды сынау кезiнде факелде көмiрсутегiн жағу барынша азайтылуы тиiс. Осы тармақта көрсетiлген, экологиялық сараптама әдiсiнiң қорытындысымен танылған жағдайда, қоршаған ортаға айтарлықтай қауiпсiз әсер ретiнде оны тек түтiндi шлейфiнiң сейiлуiне ықпал ететiн тәулiктiң ашық уақытында табиғи қолайлы жағдайларда қолдану қажет. Ұңғымалар құстардың өрiс аудару жолдарына орналастырылған жағдайда, орнитологиялық фауналарға залал келу қаупiн болдырмау үшiн ұйымдастыру-техникалық шаралар қолданылуы тиiс.
8. Атмосфераға шығарындылар шектеулi болуы тиiс және мұнай операцияларын жүргiзген кезде қоршаған ортаны қорғау саласында халықаралық практикада қабылданған, тексеруден өткен принциптермен және әдiстермен Қазақстан Республикасы заңнамасының және нормативтiк-әдiстемелiк құжаттарының талаптарына сәйкес бақылануы тиiс.
9. Каспий теңiзi қорық аймағы шегiнде, ластанбаған немесе тазартылған ақаба суларды, оның iшiнде салқындату және өрт сөндiру жүйесiндегi сулар мен қоршаған ортаны қорғау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы және орман қорын пайдалану мен сақтау саласындағы уәкiлеттi органдардың рұқсатымен тасталатын балластық суларды қоспағанда, ақаба су мен қалдықтарды тастауға тыйым салынады. Бақылау жақтауы шегiнен тыс судың тастау салдарынан температурасы соңғы 10 жылдағы тастау кезеңiндегi орташа айлық су температурасымен салыстырғанда 5 градустан астам жоғарыламауға тиiс.
10. Жер қойнауын бұрғылауда (оның iшiнде құрамында тұз бар бұрғылау шламдары) қалдықтарды айдау экологиялық рұқсат етiлген жобаға сәйкес жүзеге асырылады.
11. Айналымға салынбайтын және жер қойнауынан айдалып алынбайтын бұрғылау қалдықтарын залалсыздандыру мен сақтаудың барлық операциясы Каспий теңiзiнiң қорық аймағынан тыс, арнаулы полигонда жүзеге асырылуы тиiс. Аталған операциялар уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың келiсiмi бойынша жүзеге асырылуы және полигонның құрылысы бұрғылау жұмысы басталар кезге аяқталуы керек.
12. Өнеркәсiптiк және тұрмыстық қалдықтар полигондарын, уытты заттар мен материалдар сақталатын орындарды теңiз деңгейiнiң күштi толқынды тербелiс ықпалындағы аймақтар шегiнде орналастыруға тыйым салынады.
13. Бұрғылау платформасы (баржа) және оған қызмет ететiн кеме ақаба суларды тазарту мен залалсыздандыруға немесе ақаба суларды жинау, сақтау және кейiн арнаулы кемелерде немесе жағалаудағы қабылдау қондырғыларына беруге арналған қондырғылармен жабдықталуы керек. Қоқырды жинау немесе өңдеу (ұнтақтау немесе қысып буу) үшiн құрылғы не қоқырды жататын қондырғы көзделуi керек.
14. Құрылыстың және өзге де жұмыстардың кез келген түрiн жүргiзген кезде судың терең қабаты мен теңiз түбiнде жару әдiстерiн пайдалануға тыйым салынады. Теңiз түбiнде жару жұмыстары уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың рұқсатымен жүзеге асырылады.
15. Суда жүзетiн және су маңдарындағы құстардың ұя салатын орындарын бұзуға, сондай-ақ бекiре балықтардың уылдырық шашуына кедергiлер жасауға тыйым салынады.
16. Суды теңiзден жинауға су жинағыш құрылыстарды балық қорғайтын құрылғыларымен жарақтандырған жағдайда ғана жол берiледi. Судың қатты ағын желiсiнде балық қорғау құрылғылары жұмысының тиiмдiлiгiн үздiксiз бақылауға арналған техникалық құрылғылар орнатылуға тиiс.
17. Мұнай өндiру жөнiндегi жұмыстарды бастар алдында жер қойнауын пайдаланушылардың есебiнен бағалы кәсiпшiлiк балықтарын молайту және Каспий теңiзiнiң қорық аймағында уылдырықтың шашылуын қорғау жөнiнде iс-шаралар көзделуi тиiс.
18. Көлiктiң барлық түрлерiне бiрдей бағыттар олардың теңiздегi сүт қоректiлерге, балықтар мен құстарға әсерiн болдырмайтындай немесе азайтатындай етiп таңдалуы керек.
19. Жобада әсер ету аймағында арнаулы талаптар көзделмеген автомобиль жолдарын және желiлiк инфрақұрылымдардың өзге де түрлерiн тартуға тыйым салынады.
20. Шағын суларда жұмыс жүргізу үшiн су түбiнде топтасып өнiмдi уылдырық шашудың сақталуын қамтамасыз ететiн көлiк құралдары қамтамасыз пайдаланылуы керек. Ерекше сезiмдi аудандарда қажет жағдайда (қоршаған ортаның жай-күйiне мониторинг өткiзу) топырақ-өсiмдiк жамылғысының және қызмет етушi биоценоздың тұтастығын неғұрлым аз бұзатын жалпақ шынжыртабанды, бостау үрiлген шиналары, әуе көпшiктерi және т.б. бар арнаулы көлiк құралдарын пайдалануға жол берiледi.
21. Бұрғылық және тампондық сұйықтар құрамында қазақстандық немесе халықаралық сапа және қауiпсiздiк сертификаттары жоқ және техникалық жоба құрамында келiсiлмеген заттар қолданылмауы тиiс. Өзге заттарды пайдаланған кезде жер қойнауын пайдаланушы оларды қолдануды уәкiлеттi мемлекеттiк органдармен келiседi.
22. Бұрғылау қондырғылары Пайдаланылған тұншықтыратын газдың межелi мәнi жөнiндегi халықаралық теңiз ұйымдарының талаптарына жауап беретiн iштен жану двигательдерiмен жабдықталуы тиiс.
23. Энергия қондырғысы iштен жану двигательдерiмен немесе қосарлы отын тұрбаларымен (дизельдi отын-газ) жабдықталуы тиiс.
24. Теңiз бұрғылық iздеу-барлау жұмыстарын жүргiзу, қоршаған ортаға әсердi бағалау толық көлемiнде бағалауды қоса алғанда, әлемдiк тәжiрибе ескерiле отырып, жобалау жұмыстарының алдын алуы тиiс. Шаруашылық қызметке көзделетiн бұрын зерделенген ауданның қазiргi жай-күйiн талдау табыс етiлгенге дейiн кем дегенде төрт жыл бұрын өткiзiлген далалық зерттеу қорытындыларына негiзделуi керек.
25. Қоршаған әсердi бағалау кезiнде, теңiз акваторийi мен теңiз жағалауы аймақтарының айтарлықтай осал учаскелерiн теңiздiк iздеу-барлау мақсатында бұрғылаудан бас тартуды қоса алғанда, мiндеттi элемент ретiнде балама талдау қажет.
26. Су қорғау аймағында және теңiз жағалауындағы тереңдiгi 5-10 метрге дейiнгi шағын су учаскелерiнде ұңғыма бұрғылау сыртқы желiлерден электр сымдары арқылы бұрғылау қондырғыларының көмегiмен жүзеге асырылады. Егер бұрғылау дизельдi май мен дизельдi тетiгi бар генератордан бұрғылау қондырғысымен жүргiзiлсе, онда мұндай құрылғылардан тазартылмаған шығару газдарының атмосфераға шығуын аз деңгейге төмендейдi.
278-бап. Геофизикалық жұмыстарға қойылатын экологиялық
талаптар
1. Iске асырылған жобалардың бұрын келiсiлген шегiнен шығып кеткен сейсмикалық барлау жұмыстары кезiнде пайдаланылатын өршiту көздерiн қолданудың экологиялық параметрлерi (қуат, сынау тереңдiгi) тәжiрибе-әдiстемелiк жұмыстардың қорытындысымен айқындалады және оны қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтедi.
2. Сейсмикалық толқындардың жару көздерi мен ихтиофауна мен олар мекендейтiн орталарға терiс әсер ететiн параметрлi пневматикалық көздердi пайдалануға тыйым салынады.
3. Қауiптiлiгi құжаттармен немесе тәжiрибелiк геофизикалық жұмыстармен расталмаған аппаратуралар мен әдiстердi қолдануға тыйым салынады.
4. Теңiзде сейсмикалық шығанақтарды, олардың бөлiнiп қалуы мен шайылып кетуiн, сондай-ақ оларда су түбiмен сүйреудi болдырмау үшiн, қараусыз қалдыруға тыйым салынады.
5. Каспий итбалығының популяциясын сақтау мақсатында қазан айы мен мамыр айы аралығында сейсмикалық жұмыстар мен басқа да шаруашылық қызметтi жүргiзу аңдардың шоғырланған жерiнен аралдағы және мұздақтардағы жатақтарға дейiн кемiнде 1 теңiз милi қашықтығында сейсмикалық бөлiктер бөлiп берумен үйлестiрiледi. Жатақтардың жиi орын ауыстырылатыны ескерiле отырып, аңдардың көп шоғырланған жерлерiн анықтау үшiн алдын алу әуе ұшулары көзделуi тиiс.
6. Сейсмикалық барлау процесiнде балықтарды жұмыс аймақтарынан шошыту құралдарын пайдалану көзделуi мүмкiн.
279-бап. Іздеу-барлау бағалау мақсатында жүргiзiлетiн
бұрғылау мен өндiруге арналған экологиялық
шектеулер
1. Ұңғымаларды бұрғылау мұнай операцияларын жүргiзген кезде қоршаған ортаны қорғау саласында халықаралық практикада қабылданған алдыңғы қатарлы тексеруден өткен принциптермен және әдiстермен жүзеге асырылуы керек.
2. Теңiз бұрғылау платформаларын келiсiмшарт аумақтары шегiнде орналастыруға арналған орын балық шаруашылығы кәсiпшiлiгi үшiн перспективалық маңызы бар теңiз аудандарын, балықтардың бағалы түрлерiн сақтау мен өсiрудi барынша сақтау мүмкiндiгiн ескере отырып таңдалуы тиiс.
3. Бұрғылау жұмыстарын бұрғылау баржасымен немесе кемемен жүзуге болатын акваторийдi мұз басып жатқан платформада жүргiзу көмiрсутегiнiң төгiлу ықтималдығын болдырмау үшiн қажеттi жабдықталған мұз жарғыш үлгiсiндегi корабльдер тұрақты болған кезде жүзеге асырылуы керек. Осы тармақта көрсетiлген талап жасанды аралдардан жүргізiлетiн бұрғылауға қолданылмайды.
4. Астын қалың мұз басқан белдеулердi ашу және қысымы және күкiрттi сутегi көп болуы ықтимал ұңғымаларды қалың мұз басқан теңiзде сынау ұсынылмайды.
5. Каспий теңiзiнiң қорық аймағының экожүйесiнiң тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету үшiн бұрғылық негiздер құрылысы, ұңғымаларды сынау мен кемеде жүзу барынша шектеледi.
6. Платформадан және жасанды аралдардан бұрғылау кезiнде өкiлеттi мемлекеттiк органдар Төтенше жағдайларға әзiрлiктi ескерту мен оны қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шаралар жоспарын және Каспий теңiзiнде мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде төтенше жағдайларды байқау жоспарын әзiрлеп, бекiтедi. Жер қойнауын пайдаланушы судың авариялық құйылуларын ескеру, шектеу және жою жөнiндегi барлық iс-шараларды қамтамасыз етуi тиiс.
280-бап. Құбырмен тасымалдауда қойылатын экологиялық
талаптар
1. Құбырлар салу кезiнде теңiз түбiнiң мейлiнше аз көлемде бұзылуын қамтамасыз ететiн техникалық құралдар мен жабдықтар қолданылуы тиiс.
2. Құбырларды салу кезiнде су қабатында iлiнген заттардың таратылуын болдырмайтын технологиялар мен әдiстер пайдаланылады.
3. Каспий теңiзiнiң қорық аймағында құбырларды олардың жылжымалы мұздармен, кемелер зәкiрiмен және техногендiк сипаттағы басқа да сыртқы әсермен зақымдануынан қорғауды қамтамасыз ететiн тереңдiкте тарту мiндеттi болып табылады.
4. Құбырларды және оларға iлеспе объектiлердi теңiздiң толқынды тербелiс әсер ететiн аймағында жобалау мен салу олардың ең жоғары шайқалу шегi ескерiле отырып жүргiзiлуi тиiс.
5. Құбырларды гидрологиялық сынақ кезiнде ақаба суды тастау қорық аймағынан тыс жерлерде жүргiзiлуi керек.
6. Қорғаныс аймақтары құбыр бойымен су кеңiстiгi учаскелерi түрiнде құбырдың шығып тұрған жерiнен екi жағынан да 500 метр қашықтықта, қатар қабаттар арасында орналасатындай етiп белгiлеу керек.
7. Теңiз шельфiнде құбырлар арқылы көмiр сутегiсiн тасымалдауды құбырларға автоматты iлмек жылжығыштар қондыруды жоспарлау кезiнде құбырдың тұтастығының осындай жылжығыштар қондырудан бұзылу ықтималдығына байланысты қауiптiң ескерiлуi мен бағалануына орай, әлемдiк мұнай индустриясында қалыптасқан құбырлар салу мен пайдаланудың үздiк практикасына сүйене отырып және құбырда авария болған кезде көмiрсутегiсi шығуының ықтималдығы мен оның мөлшерiн мейлiнше азайту үшiн ең жаңа халықаралық стандарттар мен технологияларды пайдалана отырып жүргiзу қажет.
281-бап. Жағалаудағы жабдықтау базалары мен жағалау
маңындағы мұнай кәсiпшiлiктерiне арналған
экологиялық талаптар
1. Жағалауда базалар, оның iшiнде: жану-жағу материалдары қоймаларын, көлiк құралдарына техникалық қызмет көрсету станцияларын және т.б. салу, порттар мен айлақтарды қоспағанда, тиiстi инфрақұрылымдар барынша көп пайдаланыла отырып, Каспий теңiзi жағалауының су қорғау аймағынан тыс жүргiзiлуi тиiс. Су қорғау аймағында құрылыс объектiлерi жұмыстарды орындаудың арнаулы талаптары орындалып салынуы мүмкiн.
2. Жаңа жану-жағу материалдары қоймаларын, көлiк құралдарына техникалық қызмет көрсету станцияларын салуға ескiлерiн реконструкциялауға және өнеркәсiптiк және тұрмыстық қалдықтарды, уытты және басқа да зиянды және ластаушы заттарды теңiз деңгейiнiң әсер ететiн толқынды тербелiс аймақтарына, объектiлердiң қорғанысы мен қауiпсiздiгi қамтамасыз етiлмеген арнаулы гидротехникалық құрылыстарды пайдаланбай су басатын аумақтарға орналастыруға тыйым салынады.
3. Айлақтар мен жабдықтау базаларын жабдықтау, техникалық қызмет көрсету мен май құю жөнiндегі операциялар қоршаған орта мен халықтың денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн барлық талаптар сақтала отырып жүзеге асырылатындай етiп жоспарлануы тиiс.
4. Жағалаудағы инфрақұрылым объектiлерi жұмыс iстеуiн тоқтатқаннан және олар демонтаждалғаннан кейiн уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың келiсiмiмен жобалау құжаттамаларына сәйкес жерге құнарландыру жүргiзiлуi тиiс.
282-бап. Кеме жүзуге қойылатын экологиялық талаптар
1. Каспий теңiзiне жануарлар және өсiмдiктер дүниесiнiң кiрме түрлерiнiң енiп кетуiн болдырмау үшiн бұрын өзге су бассейндерiнде жұмыс iстеген, мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамадан өтпеген жабдық пен аппаратураны, сондай-ақ көлiк кемелерi мен өндiрiстiк кемелердi пайдалануға тыйым салынады.
2. Әуе, су, автомобиль көлiктерiмен жүзеге асырылатын орын ауыстырудың барлық түрi жобалау алдындағы және жобалау құжаттамалары құрамында көрсетiлуi керек. Егжей-тегжейлi жобалау сатысында және жұмысты ұйымдастыру кезiнде маусым бойынша кесте айқындалуы және картографиялық материалдарда кеменің жүзу маршруттары көрсетiлуi тиiс. Орын ауыстыру маршруттарын таңдаған кезде гидрометеорологиялық жағдайлар, мұздақты жағдайларды қоса, сондай-ақ бағалы балық түрлерiнiң уылдырық шашу және көшу мерзімдерi мен орындары, итбалықтардың жатақтары, құстардың ұя салуы ескерiлуi керек.
3. Барлық су көлiгi құралдары отынмен жабық сүйреу жүйелерiмен, ашық су айдынына шығарындылардың тасталуына мүмкiндiк бермейтiн ластанған сулар мен тұрмыстық қалдықтарды жинау жөнiндегi ыдыстармен, жабдықтаушы қондырғылармен жабдықталуы керек.
4. Сусыма материалдарды, химиялық реагенттер мен қауiптi жүктердi тасымалдау олардың қоршаған ортаға жайылуын болдырмайтын ашық контейнерлермен және арнаулы ыдыстармен жүзеге асырылады.
5. Кемелердiң, жүзушi құралдардың, теңiз бұрғылау қондырғылары мен платформаларының корпустары қазiргi заманғы сертификатталған коррозияға ұшыратпайтын материалдармен жабылуы керек.
6. Теңiзде кемелерге май құю отын мен жанар-жағар май материалдарының төгiлуi мен ақауларын болдырмайтын жүйелердiң көмегiмен жүзеге асырылады.
7. Қамтамасыз етушi кемелер мен арнаулы мақсаттағы кемелердің барлық түрлерiндегi шу мен дiрiл теңiз кемелерi үшiн санитариялық-гигиеналық ережелермен белгiленген шу деңгейiнде жол берiледi.
8. Арнаулы мақсаттағы кемелердiң құрылыс жабдықтары шу мен дiрiл деңгейiн азайтуға арналған құралдармен толықтырылуы керек.
9. Көмiрсутегiлерiн және өзге қауiптi заттарды танкермен тасымалдау үшiн Каспий теңiзi акваторийiнде қосарланған корпусты танкерлердi айрықша пайдалануға көшiру тәртiбi белгiленуi тиiс.
10. 10 наурыз бен 30 маусым аралығында жыл сайын, балықтар мен уылдырық шашатын жас iрi жыртқыш балықтардың уылдырық шашатын кезеңiнде Жайық өзенiнiң төменгi бойында өндiрiстiк мақсаттарда кеме жүзу шектеледі. Шұғыл жағдайларда кемелердiң қозғалысы жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi органның келiсiмiмен шешiледi.
11. Кемелер және өзге де жүзу құралдары кеме палубаларының мұнай өнiмдерiмен ластануына, су айдындарына ластанған ақаба сулардың қосылуына жол бермейтiн жабдықпен, тұзды су мен құрғақ қоқысты жинауға жабдықталған арнаулы ыдыспен жарақталуы тиiс.
12. Тұзды суды кемелерде тазарту жүйесi пломбылануы, отынмен жабық сүйреу қамтамасыз етiлуi керек.
13. Суда жүзу режимi балық аулау органдарының және су қорын пайдалану мен қорғауды реттеу жөнiндегi органдардың келiсiмiмен белгiленедi.
283-бап. Ұңғымаларды консервациялау мен жою үшiн
қойылатын экологиялық талаптар
1. Көмiрсутегi шикiзатын өндiру жөнiндегi объектiлердi консервациялау мен жою Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Ұңғымалар консервацияланатын жағдайда жер қойнауын пайдаланушы сынақ аяқталған соң оны консервациялау жөнiндегi жұмысты жүргiзуге, бұрғылау негiздерiнiң сақталуы мен ұңғымалардың берiк бiтелуiн жұмыс қалпына келтiргенге дейiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Толтыру негiзiнде бұрғыланған ұңғымаларды (cу асты бермалары немесе аралдары) жою кезiнде жер қойнауын пайдаланушы олардың саңылауларының бекiтiлуiн және оның көмiрсутегiмен және өзге де химиялық заттармен ықтимал ластанудан алдын ала тазарта отырып, жасанды негiздегі жай-күйiне бақылауды қамтамасыз етуге мiндеттi. Аралды (берманы) су шайып кеткенде жер қойнауын пайдаланушы негiздеменi түбегейлi тегiстегенге дейiн оны қадамен немесе қалқымамен белгілеуге мiндеттi.
4. Платформада кез келген үлгiде бұрғыланған ұңғымаларды жою кезiнде олардың конструкциялары толықтай демонтаждалуы және алып тасталуы, ал саңылаулары бекiтiлген ұңғымалардың шығып тұрған шеттерi балық шаруашылығына және кемеде жүзуге кедергi келтiрмеуi үшiн түбiне дейiн кесiп тасталуы тиiс.
5. Пайдаланудан шығарылған өнiм өндiрiлетiн үйiндi аралдар осы талаптарға сәйкес жойылады. Металл немесе бетон конструкциялар пайдаланылған жағдайда соңғысы алып тасталуы, ал металл конструкциялары теңiз түбi белгiсiнен 1 метр төмен кесiлуi тиiс.
6. Батырылған және батып кеткен ескi ұңғымаларды консервациялау мен жою заңнамаға сәйкес уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк сараптамадан өткен жобалар бойынша (ҚОӘБ) орындалады. Бұл ретте мiндеттi түрде Мұнайдың төгiлуiнiң авариялық жағдайын байқау жоспары әзiрленiп, бекiтiлуi керек. Мұнайдың төгiлуiнiң авариялық жағдайын байқау жоспарына сәйкес, оларды қажеттi жабдықтармен, мамандармен, көлiктермен және авариялық жағдайды болдырмау мен байқау жөнiндегi өзге де құралдармен қамтамасыз етiп алмай жұмыс жүргiзуге жол берiлмейдi.
284-бап. Авариялық жағдайлардың алдын алу мен олардың
салдарларын жою жөнiндегi экологиялық талаптар
1. Мұнай операцияларын жүргiзетiн жер қойнауын пайдаланушылар Каспий теңiзiнде мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде төтенше жағдайлардың алдын алу және әзiрлiктi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шаралардың жоспарын әзiрлеуi тиiс. Оны төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, сондай-ақ өнеркәсiптiк, өрт қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтедi, бұл ретте қоршаған отаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен алдын ала келiсiледi. Мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде төтенше жағдайлардың алдын алу және әзiрлiктi қамтамасыз ету жөнiндегi операцияларды қамтамасыз ету үшiн жер қойнауын пайдаланушыларға қажеттi қызметкерлерi, көлiк құралдары мен кешендi жабдықтары, осы жұмыстарды орындауға тиiстi лицензиялары бар ұйымдар тартылады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы теңiзде төтенше жағдайларды тиiмдi байқауды қамтамасыз ету үшiн табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар, сондай-ақ өнеркәсiп, өрт қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен, техникалық жарақталуы мiндеттi табельге сәйкес қажеттi материалдық база жасауға мiндеттi.
3. Жер қойнауын пайдаланушы Каспий теңiзiнiң қорық аймағында мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде төтенше жағдайлар жөнiндегi iс-әрекеттiң тәртiбiн әзiрлеуге және табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар, сондай-ақ өнеркәсiп, өрт қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органда бекiтуге, бұл ретте қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен алдын ала келiсуге мiндеттi.
4. Жер қойнауын пайдаланушы Каспий теңiзi қорық аймағында мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде өндiрiстiк қызметкерлердiң дайындық тәртiбiн әзiрлеуге және төтенше жағдайлардағы iс-әрекеттердi пысықтау жөнiнде оқулар өткiзуге мiндеттi.
5. Ойластырылғаннан тыс жағдайлар (қауiп туғызатын) туындаған кезде, жер қойнауын пайдаланушы арнаулы уәкiлеттi мемлекеттiк органға дереу хабарлап, уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың өкiлдерiн оқиға болған жерге кедергiсiз жеткiзудi қамтамасыз етуi тиiс.
285-бап. Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторы
солтүстiк бөлiгiнiң қорық аймағындағы қоршаған
ортаның мониторингi
1. Каспий теңiзiнiң қорық аймағындағы мұнай операциялары мұнай операцияларының қоршаған ортаға тiкелей, жанама және өзге де әсер ету салдарын қадағалау, анықтау, талдау және есебiн жүргiзу мақсатында қоршаған ортаның мiндеттi мониторингiн (бұдан әрi - мониторингiн) iлестiре жүргiзуi тиiс.
2. Өзiнiң шаруашылық және өзге қызметiн қорық аймағында жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы қоршаған орта мониторингiн жүргiзуге мiндеттi.
3. Мұнай операцияларының әрбiр кезеңiнiң Қоршаған ортаға әсер етудi бағалау материалдарына мониторинг жүргiзу көзделуi тиiс, ол:
1) мұнай операциясының әрбiр кезеңi басталғанға дейiн қоршаған ортаның жай-күйiнiң (геофизикалық зерттеулер, барлау бұрғылауы, көмiртегiлердi өндiру, сондай-ақ объектiнi жойғаннан кейiн) жалпылама зерттелуiн;
2) ластану көздерiнiң мониторингiн;
3) қоршаған ортаның жай-күйiнiң мониторингiн;
4) авариялық жағдайлардағы мониторингтi қамтиды.
4. Қажет болған жағдайда және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлетті мемлекеттiк органның талап етуiмен жер қойнауын пайдаланушы қоршаған ортаның жай-күйiне қосымша зерттеулер жүргізуi тиiс.
5. Жер қойнауын пайдаланушы қоршаған орта мониторингiнiң кез келген қосымша зерттеулерiн жүргiзе алады.
6. Мониторинг жүйесi жер қойнауын пайдаланушының өнеркәсiптiк өндiрiсiнiң технологиялық элементi болып табылады, оның қаражаты есебiнен уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiпке сәйкес жасалады және пайдаланылады.
7. Мониторинг бағдарламасы қоршаған ортаны қорғаудың аумақтық органымен келiсiлуi, жер қойнауын пайдаланушы қол жеткiзген нәтижелердiң салыстырмалылығы мен сабақтастығы қамтамасыз етiлуi тиiс.
8. Жер қойнауын пайдаланушы қазiргi заманғы ғылыми жетiстiктердi ескере отырып, уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiпке сәйкес қоршаған ортаның жай-күйiнiң сипатын, түрлерi мен қадағалау әдiстерiн айқындайды.
9. Мониторинг өткiзу кезiнде жер қойнауын пайдаланушы өткен жылдардағы қадағалаулардың нәтижелерiн ескеруi және қадағалауды ұзақ мерзiм қатарынан жалғастыру мақсатында жұмыс алаңында (келiсiмшарт аумағы шегiнде) және оның айналасында орналасқан, жұмыс iстеп тұрған станциялардың көрсеткiштерiн пайдалануы тиiс.
10. Авариялық жағдайлар туындаған кезде уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiпке сәйкес, дереу қоршаған ортаның авариялық ластану салдарының арнаулы мониторингі ұйымдастырылуы тиiс.
11. Мониторинг қорытындысы мiндеттi түрде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органға берiледi.
12. Өндiрiстiк мониторинг өткiзуге тартылған ғылыми және жобалау ұйымдарының жобалауға, нормалауға және экологиялық сараптама саласындағы жұмыстарға лицензиясы болуы және қадағалаудың орындалуын уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен және өлшемдердi әдiстемелiк, метрологиялық және техникалық қамтамасыз ету, олардың сапасын, деректердi пысықтау мен талдауға бақылау жасауды қамтамасыз етуi тиiс.
13. Қоршаған ортаға өндiрiстiк мониторинг: қоршаған ортаны ластаушы заттар көздерiнiң эмиссиялары мониторингiн; өндiрiс және тұтыну қалдықтарын қоршаған ортаға орналастыру мониторингiн; радиациялық ластану мониторингiн; ықпал ету мониторингi - кәсiпорындар , және экологиялық жүйеге ықпал ету аймағына (атмосфералық ауаға, суға, топыраққа, өсiмдiктер және жануарлар дүниесiне), сондай-ақ гидрометеорологиялық, гидрохимиялық, гидробиологиялық, микробиологиялық, уыттылық және түпкi қалдықтарды геохимиялық зерттеулердiң және флора мен фаунаның жай-күйiнiң серпiнiн қамтитын ластаушы заттар деңгейiнiң мониторингiн қамтиды.
14. Өнеркәсiптiк мониторинг бағдарламасы көзделген жұмыстардың қоршаған ортаға әсерiн бағалау негiзiнде әзiрленедi. Өнеркәсiптiк мониторинг бағдарламасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiледi және оны кәсiпорын басшылығы бекiтедi. Өндiрiстiк мониторингтiң ұзақтығы әсердiң ұзақтығына байланысты болады.
15. Қоршаған ортаға өндiрiстiк мониторинг қорытындысы бойынша есептiлiк мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органға табыс етiледi.
41-тарау. Атом энергиясын пайдалану мен радиациялық
қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы экологиялық талаптар
286-бап. Радиоактивтiк материалдар мен радиоактивтi
материалдар қалдықтарын Қазақстан
Республикасының аумағына трансшекаралық орын
ауыстыру
1. Қазақстан Республикасынан әкеткен радиоактивтi-ластаушы материалдарды басқа елдерде қайта өңдеу нәтижесiнде жасалған радиоактивтi қалдықтарды қоспағанда, басқа мемлекеттердiң радиоактивтi қалдықтарын сақтау немесе көму мақсаттарында Қазақстан Республикасына әкелуге тыйым салынады. Сондай-ақ радиоактивтi қалдықтар мен материалдарды радиоактивтi заттардың қоршаған ортаға түсуiн болдырмау жөнiндегi iс-шараларды өткiзбей жердiң жоғарғы қабатына және жер қойнауына көмуге (орналастыруға) тыйым салынады.
2. Радиоактивтi материалдарды, жартылай фабрикаттарды, шикiзаттарды, жинақтаушы бұйымдарды Қазақстан Республикасына әкелу Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттiк экологиялық сараптаманың алдын ала оң қорытындысына сәйкес қаулысының негiзiнде жүзеге асырылады.
3. Радиоактивтi материалдарды трансшекаралық орын ауыстыруы кезiнде табиғат пайдаланушы осындай орын ауыстыру мiндеттi күшi бар халықаралық-құқықтық ережелер сақтала отырып жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшiн тиiстi шаралар қабылдайды. Бұл ретте:
1) табиғат пайдаланушы орын ауыстыруды тек алдын ала хабарлану арқылы және мемлекеттiң тағайындау келiсiмiмен рұқсат етiлуiн және өткiзiлуiн қамтамасыз ету үшiн тиiстi шаралар қабылдайды;
2) транзит мемлекет арқылы тарнсшекаралық орын ауыстыру нақты пайдаланылатын көлiк түрiне сай келетiн халықаралық мiндеттемелер орындалған кезде ғана жүзеге асырылады;
3) пайдаланылған отында немесе радиоактивтi қалдықтарды сақтау мен көму үшiн оңтүстiк ендiктiң 60 градус оңтүстiгiне таман болатын орнына жөнелтуге тыйым салынады.
287-бап. Радиоактивтi материалдарды пайдалану кезiндегi
экологиялық талаптар
1. Жеке және заңды тұлғалар радиоактивтi материалдарды өндiрудiң, сақтаудың, тасымалдаудың, пайдаланудың, кәдеге жаратудың, жоюдың және көмудiң белгiленген ережелерiн сақтауға, барынша қолжетiмдi радиациялық әсер деңгейi нормативтерiнiң бұзылуына жол бермеуге, қоршаған ортаның радиациялық ластануын алдын алу мен оны жою жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi.
2. Қоршаған ортаның радиациялық ластануы байқалған жағдайда жеке және заңды тұлғалар бұл туралы атом энергиясы және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органдарға дереу хабарлауы тиiс.
3. Радиоактивтi материалдарды қолдану кезiнде табиғат пайдаланушылар:
1) радиоактивтi материалдарды пайдаланылу мерзiмi iшiнде оларға әсер етуi мүмкiн барлық тиiстi факторларды бағалауды;
2) радиоактивтi материалдардың халық денсаулығына және қоршаған ортаға әсерiн бағалауды;
3) жұртшылыққа радиоактивтi материалдарды пайдалану қауiпсiздiгi туралы ақпараттар берiлуiн және олардың сауалдары бойынша оларға қауiпсiздiкке әсер ету ықтималдығын бағалау үшiн олар туралы қажеттi деректер берiлуiн;
4) радиациялық қауiпсiздiк нормаларының және Қазақстан Республикасының халықтың радиациялық қауiпсiздiгi туралы заңының негiзгi принциптерiн ескере отырып, халық денсаулығына және қоршаған ортаға ықтимал радиациялық, оның iшiнде авария нәтижесiндегi әсердi шектеу үшiн тиiстi шараларды;
5) жобалау сатысында перспективалық жоспарлардың жасалуын және қажет жағдайда радиоактивтi қалдықтарды жоюға және көмуге қатысты техникалық шешiмдердiң шығарылуын қамтамасыз етуi;
6) радиоактивтi қалдықтардың құралуының iс жүзiнде қолжетiмдi деңгейде аз болуын қамтамасыз етуi тиiс.
288-бап. Радиоактивтi материалдар мен қалдықтарды
сақтау мен көму кезiндегi экологиялық талаптар
1. Қазақстан Республикасы аумағында қордаланған барлық радиоактивтi қалдықтар олардың айтарлықтай қауiп төндiруi мүмкiн бүкiл кезеңi iшiнде халық пен қоршаған ортаның радиациядан қорғалуын қамтамасыз ететiндей жағдайда көмiлуi тиiс.
2. Радиоактивтi қалдықтарды орналастыру жобалау және техникалық құжаттама - радиоактивтi қалдықтардың құралуына әкелетiн қызметтiң кез келген түрiнiң мiндеттi кезеңi ретiнде көзделуi тиiс. Радиоактивтi қалдықтарды жинау, сақтау, тасымалдау және көму тәртiбi мен оларды ұйымдастыру осы Кодексте көзделген экологиялық талаптарды ескере отырып, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Радиоактивтi материалдар мен қалдықтарды сақтау мен көму кезiнде табиғат пайдаланушы:
1) өздiгiнен өндiрiлетiн ядролық реакциялардың туындау және жылудың мөлшерден көп бөлiну ықтималдығын болдырмауды;
2) халықаралық деңгейде мақұлданған өлшемдер мен нормалар ескерiлген тиiстi қорғану әдiстерiн қолдану арқылы жекелеген адамдардың, тұтас алғанда қоғамның және қоршаған ортаның тиiмдi қорғалуын;
3) радиоактивтi материалдар мен қалдықтарды сақтаумен байланысты болуы мүмкiн биологиялық, химиялық және басқа да қауiптiң есебiн;
4) келер ұрпақ үшiн бұрынғы ұрпаққа қатысты жол берiлген салдарға қарағанда қауiптiрек салдардың болмауын;
5) көму жүргiзiлген жерге, конструкциясы мен ұсталған объектiсiне қатысты есеп құжаттарының сақталуын;
6) қажет болған жағдайда белсендi бақылау мен радиоактивтi материалдарға санкцияланбаған қол жеткiзудi шектеу, сондай-ақ радиоактивтi материалдардың қоршаған ортаға жоспарланбаған шығарындысының қаупi анықталған кезде араласу шараларын қабылдауды қамтамасыз етуi тиiс.
289-бап. Радиоактивтi материалдар мен қалдықтарды
тасымалдау кезiнде қойылатын экологиялық
талаптар
1. Радиоактивтi материалдар мен қалдықтарды тасымалдау Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келiсiмдерге сәйкес жүзеге асырылады.
2. Радиоактивтi материалдар мен қалдықтарды тасымалдау ережелерi жүк жөнелтушiлердiң, жүк тасушылардың және жүк қабылдаушылардың құқықтарын, мiндеттерi мен жауапкершiлiгiн, қауiпсiздiк шараларын, дене қорғанысын, көлiк оқиғаларына жол бермеу жөнiндегi келiсiлген шаралар жүйесiн, орап-бууға таңбалауға және көлiк құралдарына қойылатын талаптарды, ықтимал авариялардың салдарын жою жөнiндегi iс-шараларды көздеуi тиiс.
290-бап. Ядролық объектiлердi және радиоактивтi
материалдарды пайдалану объектiлерiн
орналастыру мен пайдалануға қойылатын
экологиялық талаптар
1. Қазақстан Республикасы Үкiметiне радиоактивтi қалдықтармен жұмыс iстеуге арналған ядролық қондырғылар мен объектiлердi орналастыруға қатысты ұсыныстарды мемлекеттiк билiк және өзiн-өзi басқару органдары, жекелеген заңды және жеке тұлғалар енгiзуге құқылы.
2. Радиоактивтi қалдықтармен жұмыс iстеуге арналған ядролық қондырғылар мен объектiлердi орналастыру туралы мәселенi қарау үшiн оны мәлiмдеушi белгіленген тәртiппен дайындалған, осындай қондырғыны немесе объектiнi салу қажеттiгi негiзделген және кемiнде оларды орналастыруға арналған алаңның балама нұсқасын бередi.
3. Берiлген материалдарда мiндеттi түрде:
1) радиоактивтi қалдықтармен жұмыс iстеуге арналған ядролық қондырғы немесе объект орналастырылуы ықтимал аудандағы қоршаған ортаның сипаттамасы;
2) белгiленген объектiнi салу, пайдалануға беру, пайдалану, пайдаланудан алып тастау және жабу жөнiнде жоспарланған жұмыстардың адамға және қоршаған табиғи ортаға әсерiне жасалған баға;
3) қоршаған ортаға терiс әсердi болдырмау мен оны азайтуға қатысты жобада көзделген iс-шаралар;
4) қоғамдық тыңдаулардың қорытындылары мiндеттi түрде ескерiлген мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық оң қорытынды болуы тиiс.
4. Радиоактивтi қалдықтармен жұмыс iстеуге арналған ядролық қондырғыны немесе объектiнi салу туралы шешiмдi аумағында осы объектiлердi салу жоспарланатын жергiлiктi мемлекеттiк билiк және өзiн-өзi басқару органдарының пiкiрлерiн ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi қабылдайды.
5. Радиоактивтi қалдықтармен жұмыс iстеуге арналған ядролық қондырғыны немесе объектiнi орналастыру үшiн жер учаскелерiн және жер қойнауын беру жер заңнамасымен, Қазақстан Республикасының жер қойнауы және қоршаған табиғи ортаны қорғау туралы заңнамасымен айқындалатын тәртiппен және жағдайда жүзеге асырылады.
6. Радиоактивтi қалдықтармен жұмыс iстеуге арналған ядролық қондырғыны немесе объектiнi орналастыруға қатысты шешiмдер қабылдау кезiнде өңiрдi әлеуметтiк-экономикалық дамыту бағытталған қосымша iс-шаралар көзделуi тиiс. Осы шараларды жүзеге асыру көлемi мен тәртiбiн әрбiр нақты жағдайда ғылыми-экономикалық негiздемелер негiзiнде жергiлiктi мемлекеттiк билiк және өзiн-өзi басқару органдарының келiсiмiмен Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
7. Радиоактивтi қалдықтармен жұмыс iстеуге арналған ядролық қондырғыны немесе объектiнi пайдалануға қабылдауды мемлекеттiк қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.
8. Радиоактивтi қалдықтармен жұмыс iстеуге арналған ядролық қондырғыны немесе объектiнi пайдалануға қабылдау өндiрiстiк және тұрмыстық мақсаттағы объектiлер жобасында көзделген кешенде жүзеге асырылады.
9. Радиоактивтi қалдықтармен жұмыс iстеуге арналған ядролық қондырғыны немесе объектiнi пайдаланудан алып тастау және көмуге арналған қойманы жабу тәртiбi жобада ядролық энергияны пайдалану саласындағы нормаларға, ережелер мен стандарттарға сәйкес көзделуi тиiс.
10. Бұл жағдайда қаржыландыру шығындарын оның иесi жүзеге асырады.
11. Радиоактивтi қалдықтармен жұмыс iстеуге арналған ядролық қондырғыны немесе объектiнi пайдаланудан мерзiмiнен бұрын алу және көмуге арналған қойманы жабу туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi және аталған iс-шаралар басталғанға дейiн екi жылдан кешiктiрмей пайдаланушы ұйымдар мен мамандандырылған кәсiпорындардың назарына жеткiзедi.
12. Радиоактивтi қалдықтармен жұмыс iстеуге арналған ядролық қондырғы немесе объект орналасқан жерлерде ерекше режим аумағы айқындалуы мүмкiн. Ерекше режим аумағын айқындау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
13. Радиоактивтi қалдықтармен жұмыс iстеуге арналған ядролық қондырғы немесе объект орналастырылған жерлерде санитариялық-эпидемиологиялық аймақ және қадағалау аймағы белгiленедi.
14. Осы баптың 13-тармағында көрсетiлген аймақтардың мөлшерлерi мен шекаралары ядролық энергияны пайдалану саласындағы нормаларға, ережелер мен стандарттарға сәйкес жобада белгiленедi. Санитариялық-қорғаныш аймағында және бақылау аймағында радиациялық жағдайды бақылау жүзеге асырылуы тиiс.
15. Санитариялық-қорғаныш аймағында тұрғын үйлер мен қоғамдық құрылыстар, балаларға арналған және емдеу-сауықтыру мекемелерiн, сондай-ақ өнеркәсiп орындарын, қоғамдық тамақтану объектiлерiн, қосымша және басқа радиоактивтi қалдықтармен жұмыс iстеуге арналған ядролық қондырғы немесе объект қызметiмен байланысты емес құрылыстар салуға тыйым салынады.
16. Санитариялық-қорғаныш аймағында орналастырылған жер мен су айдындарын халық шаруашылығы мақсатында пайдалануға жүргiзiлетiн өнiмдерге радиологиялық бақылау мiндеттi түрде жүргiзiлген жағдайда жол берiлуi мүмкiн.
291-бап. Құрылыс материалдары радиоактивтiлiгiнiң
рұқсат етiлетiн деңгейi
1. Құрылыс материалдары радиоактивтiлiгiнiң рұқсат етiлетiн және бақыланатын деңгейi ретiнде табиғи радионуклидтiң тиiмдi белсендiлiк үлесi (Аэфф) есептелетiн мынадай:
Аэфф=А(Rn)+1,31 А(Тn) + 0,085 Ак формуласы бойынша, А(Rn) және А(Tn) формуласы бар жерде радийдiң белсендi үлесi - 226, уран және торий ұялас қалған мүшелерiмен тепе-теңдiкте болатын торий - 232, Ак формуласы бойынша калийдiң белсендi үлесi 40 Бк/кг формуласы бойынша есептеледi.
2. Салынатын және реконструкцияланатын тұрғын үйлер мен қоғамдық құрылыстарда пайдаланылатын шикiзат пен материалдар үшiн Аэфф мәнi 370 Бк/кг-дан (І сынып) аспауы тиiс.
3. Елдi мекендер шегiндегi жол құрылысында және перспективалы құрылыс аймақтарында, сондай-ақ өндiрiстiк құрылыстар мен ғимараттар көтеру кезiнде пайдаланылатын материалдар үшiн Аэфф мәнi 740 Бк/кг-дан (II сынып) аспауы тиiс.
4. Елдi мекендерден тыс жол құрылысында пайдаланылатын материалдар үшiн Аэфф мәнi 1500 Бк/кг-дан (III сынып) аспауы тиiс.
5. IY сыныпты құрылыс шикiзаты мен материалдарын пайдалану жөнiндегi мәселе (1500 Бк/кг < Аэфф <4000 кБк/кг) әрбiр жағдайда халықтың радиациялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын уәкiлеттi органның келiсiмiмен жеке шешiледi.
292-бап. Минералдық тыңайтқыштар мен мелиоранттардың
радиоактивтiлiгiнiң рұқсат етiлетiн деңгейi
1. Фосфор тыңайтқыштары мен мелиоранттардың радиоактивтiлiгiнiң рұқсат етiлетiн және бақыланатын параметрi ретiнде уранның белсендiлiк - 238 (радийдiң - 226) және торийдiң белсендiлiк 232 (торийдiң - 228) жиынтық үлесi белгiленедi.
А(U)+1,5 А(Тn) формуласы бойынша - уранның белсендi үлесi - 238 (радий - 226) және торийдiң белсендi үлесi - 232 (торий - 228) болып есептеледi.
2. Уранның белсендi үлесiнiң жиынтығы 238 (радийдiкi - 226) және торийдiкi - 232 (торийдiкi - 228) фосфорлы тыңайтқыштар мен мелиоранттарда 4000 БК/кг-дан аспауы тиiс.
293-бап. Көмiрдiң рұқсат етiлетiн радиоактивтiлiк
деңгейi
1. Көмiрдiң радиоактивтiлiгiнiң рұқсат етiлетiн және бақыланатын параметрi ретiнде көмiрдi жағу кезiнде радионуклидтердiң шоғырлану коэффициентiне тиiмдi белсендiлiк үлесiн жүргiзу белгiленедi.
Аэфф х Кк = (А (Rn - 226) + 131(Тh - 232) + 0,085 Ак - 40) х Кк радионуклидтердiң күл қалдықтарында шоғырланған Кк коэффициентi көмiр күлiнiң Кз% (Кк =100% Кк%) керi сандық көлемiне тең болады.
2. Тиiмдi белсендiлiк үлесiнiң көлемi бойынша және шоғырлану коэффициентiне қарай радионуклидтер барлық көмiрдi жағу кезiнде 4 сыныпқа бөлiнедi.
3. Аэфф x Кк кезiнде 370 Бк/кг-ға дейiн (I сынып) көмiр өнеркәсiптiк және тұрмыстық қажеттiлiк үшiн энергетикалық шикiзат ретiнде пайдаланылуы мүмкiн, ал күлдiң қалдығы құрылыста шектеусiз пайдаланылады.
4. Аэфф x Кк кезiнде 370 Бк/кг-дан 740 Бк/кг-ға дейiн (2 сынып) көмiр өнеркәсiптiк және тұрмыстық қажеттiлiк үшiн энергетикалық шикiзат ретiнде пайдаланылуы, ал күлдiң қалдығы өнеркәсiп және жол құрылысы үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
5. Аэфф x Кк кезiнде 740 Бк/кг-дан 2800 Бк/кг-ға дейiн (3 сынып) көмiрдi оны ұйымдастырылған қалалық немесе кенттiк қоқыстарда кәдеге жарата отырып, күлдi жинаудың орталықтандырылған жүйесiмен жабдықталған өнеркәсiптiк және тұрмыстық қондырғы үшiн энергетикалық шикiзат ретiнде пайдалануға болады, ал күлдiң қалдығын жол құрылысы үшiн пайдалануға болады.
6. Аэфф x Кк кезiнде 2800 Бк/кг-дан жоғары (4 сынып) көмiрдi тек өнеркәсiптiк қондырғыларда орталықтандырылған күл бөлу жүйесiмен энергетикалық шикiзат ретiнде ғана пайдалануға болады, күлдiң қалдығын кез келген құрылыста пайдалануға тыйым салынады, олар радиациялық қауiпсiздiк сақталған жағдайда кейiн рекультивациялана отырып, кәсiпорынның күл үйiндiлерiнде кәдеге жаратылуы тиiс.
294-бап. Газ-мұнай шикiзаттарын барлау, өндiру,
тасымалдау және ұқсату кезiнде рұқсат етiлетiн
радиоактивтiлiк
1. Барлау, өндiру, тасымалдау және ұқсату, мұнай және мұнай-су суспензиясы технологиясы техникалық жабдықтардың және қоршаған ортаны қорғау объектiлерiнiң табиғи радионуклидтермен радиациялық қауiпсiздiк және санитариялық ережелердiң қолданыстағы нормаларымен көзделген деңгейден жоғары болу ықтималдығын болдырмайды. Мұнайды 740 Бк/кг-дан астам Аэфф-пен тек ол тазартылғаннан кейiн пайдалануға болады.
2. Мұнай өнiмдерiн өндiру процесiнде мұнай-газ қабаттарынан айдалған жер қыртысы сулары табиғи радионуклидтердi ұстауы бойынша нормаланбайды. Оларды сулы қабаттарға айдаған кезде немесе оларды жергiлiктi жер қыртысы бойынша шығарып тастаған кезде оларда табиғи радионуклидтердiң шоғырлануы қолданыстағы радиациялық қауiпсiздiк нормалары су үшiн белгiлеген 6 Дкб-дан аспауы тиiс. Сумен толтырылған алқап буланып құрғатылғаннан кейiн радиоактивтi қалдықтар көмiлiп, құнарлануы тиiс.
3. Мұнай өндiру кезiнде радиоактивтiк ластануы мүмкiн мынадай объектiлерге:
1) табиғи радионуклидтер құрайтын кәсiпшiлiк суларға;
2) табиғи радионуклидтермен ластанған мұнайгаз өндiрушi және ұқсатушы ұйымдардың аумақтарына (аумақтың жекелеген учаскелерiне);
3) технологиялық жабдықтарда, ұйымдардың аумақтарында және жұмысшылардың үй-жайларының үстiңгi қабаттарында табиғи радионуклидтерiнiң жоғары тұз жиналуына;
4) табиғи радионуклидтер артық ұсталған өнеркәсiптiк қалдықтарға;
5) жөнделетiн, тазартылатын және уақытша сақталатын жерiнде табиғи радионуклидтермен ластанған көлiк құралдары мен технологиялық жабдықтарға;
6) табиғи радионуклидтерi жоғары судың тұмандануымен байланысты технологиялық процестерге;
7) буланудың айтарлықтай тиiмдi алаңы бар (ашық қойма мен булану алабы, өнiм бұзылатын жер мен технологиялық сулар, резервуарлар мен өнiм қоймалары) және мұнайдың жекелеген топтарының, аэрациялық судың жедел булануы ықтимал технологиялық учаскелерге радиациялық мониторинг ұйымдастырылуы тиiс.
295-бап. Елдi мекендер аумақтарындағы, тұрғын үйлер мен
қоғамдық құрылыстардағы радиациялық жағдайға,
құрылыс материалдарының, минералдық
тыңайтқыштардың, отын-энергетикалық шикiзаттың
радиациялық сапасына және мұнай операциялары
кезiнде бақылау ұйымдастыру
1. Радиациялық бақылау ұйымдастыру өздерiнiң алдына радиациялық қауiпсiздiктiң белгіленген нормативтiк ауқымнан аспауына жол бермеу, сондай-ақ халыққа мөлшерлiк жүктеменi төмендету жөнiнде iс-шаралар әзiрлеу және енгiзу мiндетiн қояды.
2. Елдi мекендер пункттерiн салуға, тұрғын үй-тұрмыстық объектiлерге, өнеркәсiп орындарына, демалыс және рекреация аймақтарына, бау-бақша серiктестiктерiне жер учаскелерi бөлiнiп берiлген кезде, мiндеттi iздестiру жұмыстары көлемiне бөлiнiп берiлген учаске аумағындағы сыртқы гамма-сәуленiң экспозициялық мөлшерiнiң қуатын өлшеу енгiзiлуi тиiс. Нәтижелерi учаскенi құрылысқа таңдау жөнiндегі комиссияға тапсырылатын хаттамамен ресiмделедi.
3. Сыртқы гамма-сәуленiң экспозициялық мөлшерiнiң қуаты әрбiр пәтерде, әрбiр подъездiң бiрiншi қабатындағы пәтерлердiң бiрiнде радонның шоғырлануы өлшенедi. Радонның рұқсат етiлген шамадан тыс шоғырлануы байқалған кезде зерттеу үйдiң барлық пәтерiнде жүргiзiледi.
4. Сыртқы гамма-сәуленiң мөлшерлiк қуатын өлшеу жердiң немесе үй-жайдың еденiнiң үстiңгi бетiнен 1 метр жоғары өткiзiледi.
5. Радонның белсендiлiгiнiң баламалық тепе-тең көлемiнiң ұсталуына бақылау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң әдiстемелiк нұсқауларына және басқа да белгiленген тәртiппен аттестатталған әдiстемелермен жүзеге асырылады.
6. Пайдалануға берiлетiн құрылыс объектiлерiндегi өлшеулердiң нәтижелерi радиациялық тексеру актiсi түрiнде ресiмделедi, бiр данасы объектiнi пайдалануға беру жөнiндегi мемлекеттiк қабылдау комиссиясының актiсiне тiркеледi. Өлшеудi өткiзу жауапкершiлiгi, меншiк нысанына қарамастан, объектiнi салған және оны пайдалануға берген кәсiпорынға (мекемеге) жүктеледi.
7. Yй-жайларда гамма-фонды төмендету жөнiндегi iс-шараларды өткiзу мүмкiндiгiн, қажеттiлiгiн, ауқымы мен мерзiмiн және радонның ұсталуын мемсанэпидқызметi және қоршаған ортаны қорғау органдары өкiлдерiнiң мiндеттi қатысуымен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарының комиссиялары айқындайды.
8. Құрылыс материалдарының, минералдық тыңайтқыштардың, мелиоранттардың және көмiрдiң тиiмдi белсендiлiк үлесiн айқындау қолданыстағы мемлекеттiк стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
9. Кәсiпорын құрылыс материалдары, минералдық тыңайтқыштар, мелиоранттар және отын-энергетика шикiзаты кен орындарын әзiрлеудi бастағанға дейiн олардың радиациялық қауiптiлiк деңгейi мен оларды пайдалану шарттары туралы санитариялық-гигиеналық қорытынды алуы тиiс. Қорытындыны геологиялық-барлау жұмыстарының нәтижелерi бойынша пайдалы қазбаларды радиациялық-гигиеналық бағалау бөлiмi енгiзiлетiн, кен орындарын әзiрлеу жобасының негiзiнде мемлекеттiк экологиялық санитариялық сараптама органдары бередi.
10. Кен орындарының радиациялық-гигиеналық бағасы болмаған кезде, сондай-ақ пайдалы қазбалардың құрамы әртүрлi болған кезде кен орындарын әзiрлеу жобасында радиациялық бақылау қызметiн ұйымдастыру көзделуi тиiс.
11. Кәсiпорынның радиациялық бақылау қызметi кен орындарын әзiрлеу жөнiндегi жобаның талаптарының орындалуын қамтамасыз етедi, радиациялық бақылау нәтижелерi құжатпен ресiмделедi.
12. Өнiмнiң радиациялық сапасы аттестатталған зертханалар орындаған зертханалық зерттеулер негiзiнде мемлекеттiк бақылау органдарының қорытындысымен расталады. Өнiмнiң сапасын растау тәртiбi мен мерзiмдiлiгi кен орындарын әзiрлеу жобаларына сараптаған кезде белгiленедi.
296-бап. Металл сынықтарын радиациялық бақылауды
қамтамасыз етуге қойылатын талаптар
1. Металл сынықтарын өндiрiстiк радиациялық бақылау:
1) дайындау ұйымдарына келiп түсетiн барлық металл сынықтарын олардың радиациялық ластануын не онда жергiлiктi гамма-сәуле көздерiнiң бар-жоғын анықтау мақсатында жүргiзiлетiн радиациялық бақылауды;
2) металл сынықтарының беткi тобына немесе бөлшектерiне жақын радиациялық фонның жоғарылығы анықталған кезде гамма-сәуле мөлшерiнiң қуаттылығын өлшеудi қамтиды.
2. Өндiрiстiк радиациялық бақылаудың әдiстемесi мен аппаратурасы:
1) металл сынықтарының беткi тобына жақын гамма-сәуле деңгейiнiң табиғи фоннан 0,05 мкЗв/с астам жоғары жағдайларын дұрыс анықтауды;
2) металл сынықтары тобынан (көлiк құралдарынан) 10 см қашықтықта 0,2 мкЗв/с астам МЭД гамма-сәулесiн құрайтын жергiлiктi көздердiң металл сынықтары тобында болатын барлық анықтауды;
3) металл сынықтары тобынан 10 см қашықтықта 1 мкЗв/с астам МЭД гамма-сәулесiн құрайтын жергiлiктi көздердiң металл сынықтары тобында болатын барлық кепiлдi анықтауды қамтамасыз етуi тиiс.
3. ЗРБ жүргiзген металл сынығы тобын радиациялық бақылау:
1) металл сынықтарының гамма-сәуле жергiлiктi көздерi тобын анықтауды;
2) металл сынықтарының жоғарғы бетiндегi тобының МЭД гамма-сәуленiң өлшенуiн жүргiзудi;
3) металл сынықтарының жоғарғы бетiнiң альфа- және бета белсендi радионуклидтермен ластануының бар-жоғын iрiктеп тексерудi;
4) металл сынықтарын тасуға арналған бос көлiк құралдарына радиациялық тексеру жүргiзудi, сондай-ақ жүк тиелген көлiк құралының үстiңгi қабатының МЭД гамма-сәулесiн өлшеудi қамтиды.
4. ЗРБ жүргiзген металл сынықтары тобына өндiрiстiк радиациялық бақылаудың әдiстемесi мен аппаратурасы:
1) 0,05 мкЗв/с артық емес МЭД гамма-сәуленi айқындаудың төменгi шекарасындағы сенiмгерлiк мәнде металл сынықтарында болатын гамма-сәуленiң бар-жоғын дұрыс анықтау;
2) металл сынықтары тобының (көлiк құралдарының) үстiңгi бетiндегi (табиғи фонның үстiндегi) 0,2 мкЗв/с астам МЭД гамма-сәулесiн құрайтын жергiлiктi көздердiң металл сынықтары тобында болатын барлық анықтауды;
3) металл сынықтары көздерiнен 10 см қашықтықта 1 мкЗв/с астам МЭД гамма-сәулесiн құрайтын жергiлiктi көздердiң металл сынықтары тобында болатын барлық кепiлдi анықтауды;
4) 0,04 альфа- бөлшек көп болатын (см
2
x с) альфа ағысы тығыздығының бар-жоғына iрiктеп өлшеу жүргізу орындарын дұрыс анықтауды;
5) 0,04 бета- бөлшек көп болатын (см
2
х с) бета ағысы тығыздығының бар-жоғына iрiктеп өлшеу жүргiзу орындарын дұрыс анықтауды қамтамасыз етуi тиiс.
297-бап. Радиациялық авариялар кезiнде iс-шараларды
жүзеге асыру тәртiбi
1. Радиоактивтi материалдарды тасымалдау кезiнде авариялар мен инциденттер болған жағдайда адамдарды, мүлiктер мен қоршаған ортаның қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында тиiстi ұлттық және (немесе) халықаралық ұйымдардың авария жағдайына белгіленген ережелерi сақталуы тиiс.
2. Авариялық рәсiмдерде авария болған жағдайда ұсталған жүктiң қоршаған ортамен өзара iс-әрекетi салдарынан басқа қауiптi заттардың құралу ықтималдығы ескерiлуi тиiс.
298-бап. Радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
саласындағы қадағалау мен бақылау
Радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы қадағалау мен бақылау атом энергиясын пайдалану туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
42-тарау. Ықтимал қауiптi химиялық және биологиялық заттарды,
генетикалық түрлендiрiлген өнiмдер мен организмдердi өндiру
және оларды пайдалану кезiнде қойылатын экологиялық талаптар
299-бап. Ықтимал қауiптi химиялық заттарды пайдалану
кезiнде қойылатын экологиялық талаптар
Ықтимал қауiптi химиялық заттарды өндiру мен пайдалану жөнiндегi операциялар барысында:
1) өндiру, сақтау, тасымалдау және пайдалану процесiнде қоршаған ортаға шектi-қолжетiмдi әсер етудiң белгiленген нормативтерiнiң орындалуы;
2) оларды қолданудың адам денсаулығы мен қоршаған табиғи орта үшiн зиянды салдарының алдын алу шараларының орындалуы қамтамасыз етілуi тиiс.
300-бап. Қоршаған табиғи ортаны зиянды және
бақыланбайтын биологиялық әсерден қорғау
Ықтимал қауiптi биологиялық заттарды, оның iшiнде гендiк модификацияланған организмдер (ГМО) мен өнiмдердi өндiру мен пайдалану жөнiндегi операциялар барысында:
1) өндiру, сақтау, тасымалдау және пайдалану процесiнде қоршаған ортаға шектi-қолжетiмдi әсер етудiң белгiленген нормативтерiнiң орындалуын;
2) оларды қолданудың адам денсаулығы мен қоршаған табиғи орта үшiн зиянды салдарының алдын алу шараларының орындалуын;
3) гендiк модификацияланған өнiмдердi пайдалану тек қоршаған ортаны қорғау және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органдар пайдалануға рұқсат берген тiзбе аясында қамтамасыз етiлуi тиiс.
301-бап. Гендiк-инженерлiк қызметтi жүзеге асыру тәртiбi
1. Гендiк модификацияланған организмдер мен өнiмдер мен организмдердi өндiру мен пайдалану жөнiндегi операциялар барысында мынадай талаптар сақталуы тиiс:
1) табиғат пайдаланушылар гендiк модификациялар - өнiмдер қайдан және қайда түсетiнiн айқындайтын жүйелер мен рәсiмдердi игеруi тиiс;
2) қоршаған ортаға шығару ниетiне арналған гендiк модификациялар үшiн табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға өнiмде сақталатын жеке гендiк модификацияланған организмдердiң ерекшелiктерi туралы егжей-тегжейлi ақпарат беруi тиiс;
3) тағамға, жемге немесе ұқсатуға арналған гендiк модификацияланған организмдердiң үшiн табиғат пайдаланушылар не жоғарыда аталған егжей-тегжейлi ақпарат беруге, немесе өнiмде болатын гендiк модификацияланған организмдердiң ерекшелiктерiмен бiрге, өнiмнiң тек тағам немесе жем немесе ұқсату өнiмдерi ретiнде пайдаланылуы тиiс декларация тапсыруға тиiс;
4) гендiк модификацияланған организмдерден алынатын тағам және жем өнiмдерiне қатысты табиғат пайдаланушылар желiдегi келесi объектiнi өнiмнiң гендiк модификацияланған организмдерден алынғаны туралы хабардар етуге тиiс;
5) табиғат пайдаланушылар ақпаратты 5 жыл бойы сақтауға және оның алғашқы талап ету бойынша қоршаған ортаны қорғау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органдарға хабарлауы тиiс.
2. Ауыл шаруашылығының табиғат пайдаланушылары кез келген сатып алушыға өзiнiң астығының трансгендiк өнiм екендiгiн хабарлауы, және өзiнiң өнiмiн беретiн сатып алушылардың тiзiлiмiн жүргiзуi тиiс.
3. Мемлекеттiк органдар барлық трансгендiк тамақ өнiмдерi мен жемге таңба қою туралы қолданыстағы ереженi таратады, гендiк модификацияланған организмдердi қамтитын, тұратын немесе содан алынған барлық өнiмдер мен жемдер де солай таңбаланатын болады. Мақсат - тұтынушылар мен фермерлердi олардың саналы түрде таңдау жасай алуы үшiн өнiмнiң немесе жемнiң шынайы табиғаты мен құрамы туралы хабардар ету.
4. Гендiк модификацияланған организмдердiң таңбалаудың қолданыстағы жүйесi трансгендiк ДНК немесе түпкi тағамдық өнiмдегі белокты табу ықтималдығына негiзделген.
5. Тағамдық ингредиенттер болып табылмайтын өнiмдердi (ұқсату кезiнде пайдаланылатын құралдар; генетикалық түрлендiрiлген жем немесе дәрi жеген малдан алынған өнiмдер) гендiк модификацияланған таңбалау талап етiлмейдi.
43-тарау. Өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс iстеу
кезiнде қойылатын экологиялық талаптар
302-бап. Өндiрiс және тұтыну қалдықтары мен олардың
түрлерi
1. Қалдықтар қауiптi және инерциялы қауiптiлiк деңгейi бойынша бөлiнедi.
2. Инерциялы қалдықтар деп қауiптiлiк қасиетi жоқ және қоршаған ортаға онша әсер ете алмайтын қалдықтар танылады.
3. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамаға сәйкес техногендiк минералды түзiлiмдерге жатқызылған пайдалы қазбаларды барлау, өндiру және өңдеу кезiнде пайда болған қалдықтар қалдық ретiнде қараудан алып тасталады.
303-бап. Қалдықтарды қауiптiлiк қасиеттерiне қарай
жiктеу
1. Қауiптi (радиоактивтiлерден басқа) қалдықтар қауiптiлiк қасиеттерiнiң болуына қарай мынадай:
1) жарылғыш заттар;
2) жеңiл тұтанатын сұйықтар;
3) жеңiл тұтанатын қатты сұйықтар;
4) өздiгiнен жанатын заттар мен қалдықтар;
5) қышқылданатын заттар;
6) органикалық пероксидтер;
7) улы заттар;
8) созылмалы және тұрақты ауру туғызатын уытты заттар;
9) жұқтырушы заттар;
10) коррозиялаушы заттар;
11) экоуытты заттар;
12) сумен байланыс кезiнде тұтану қаупi бар газдар бөлетiн заттар немесе қалдықтар;
13) ауамен немесе сумен байланыс кезiнде уытты газдар бөлуi мүмкiн заттар мен қалдықтар;
14) шығарылғаннан кейiн жоғарыда аталған қасиеттердiң бiрiн иеленетiн басқа материалдарды құрауға қабiлеттi заттар мен материалдар топтарына жiктеледi.
2. Қауiптi қалдықтар тасымалдау, кәдеге жарату, сақтау және көму мақсатында 3 деңгей:
1) Жасыл - G индексi
2) Янтарлық - А индексi
3) Қызыл - R индексi белгiленедi.
3. Қалдықтарға код белгiлегенде қалдықтар құралатын бiлiм беру саласы, қоймаға қою (көму) тәсiлi, кәдеге жарату немесе регенерация тәсiлi, ықтимал қауiптi құрамдас элементтерi, қауiптiлiк түрлерi, халық шаруашылығы салалары ескерiледi.
4. Тасымалдау мақсатында қалдықтардың қауіптiлiк және код белгiлеу деңгейiн анықтау қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган бекiткен қалдықтарды жiктеу негiзiнде жүргiзiледi. Жiктеушiде қалдықтардың осы түрi болмаған кезде қауiптiлiк және код белгiлеу деңгейi әрбiр нақты жағдайға негiзделедi және мемлекеттiк экологиялық сараптамамен келiсiледi.
5. Қалдықтардың қауiптiлiк және код белгiлеу деңгейiн айқындау технологиялар өзгерген кезде немесе өзге шикiзат ресурстарына көшкен кезде, сондай-ақ қалдықтардың қауiптi қасиетi өзгеруi мүмкiн басқа кез келген жағдайларда жүргiзiледi.
6. Қалдықтарды белгiлi бiр код белгiлеуге жатқызуды кәсiпорын жеке жүргiзедi немесе табиғат қорғауға арналған жобалау, нормалау және экологиялық аудит жұмыстарына лицензиясы бар заңды және жеке тұлғалар жүзеге асырады.
304-бап. Өнеркәсiптiк және тұтыну қалдықтарымен жұмыс
iстеу кезiнде қойылатын жалпы экологиялық
талаптар
1. Шаруашылық қызметi процесiнде қалдықтар құралатын жеке және заңды тұлғалар олармен қауiпсiз жұмыс iстеу жүйесiн көздеуi, экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға және оларды кәдеге жарату, залалсыздандыру және қауiпсiз бөлу жөнiндегi iс-шараларды орындауға мiндеттi.
2. Қалдықтарды қоймаға қою, жою және көму жергiлiктi атқарушы органдардың қоршаған ортаны қорғау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi органдармен және Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау функцияларын жүзеге асыратын өзге де уәкiлеттi органдармен келiсiм бойынша шешiмiмен айқындалатын орындарда жүргiзiледi.
3. Қалдықтарды қоймаға қою орындары қалдықтарды қалпына келтiргенге немесе өңдегенге дейiн үш жылдан аспайтын мерзiмге немесе оларды көмгенге дейiн бiр жылдан аспайтын мерзiмге қауiпсiз сақтауға арналады.
4. Қалдықтарды ұқсату, көму немесе сақтау үшiн Қазақстан Республикасына әкелу тек олармен айналысуға техникалық (технологиялық) мүмкiндiктерi болған кезде Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмiмен ғана жүзеге асырылады.
5. Қалдықтардың иелерi өндiрiстiк циклдың барлық сатысында олардың құралу көлемiн қысқартуды, оның iшiнде өндiрiстiк процестердi жетiлдiру, қалдықтарды қайталап немесе балама жолмен пайдалану (рециклинг), қалдықтарды оларды пайдалануға мүдделi кәсiпорындарға беру арқылы бiрте-бiрте қысқартуды қамтамасыз етуi тиiс.
6. Қалдықтарды залалсыздандыру, бөлу немесе орналастыру тәсiлдерi мен орнын таңдау кезiнде, сондай-ақ қалдықтарды ұқсату, бөлу немесе орналастыру жөнiндегi кәсiпорындарды айқындау кезiнде қалдықтардың иелерi олардың құралу көздерiнен қалдықтардың барынша аз көшiрiлуiн қамтамасыз етуi тиiс.
7. Қазақстан Республикасының Yкiметi немесе қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы уәкiлеттi орган өнiмдердiң белгiлi бiр түрлерiн жеткiзушiлерден пайдаланылған бұйымдарды немесе материалдарды келесi кәдеге жарату немесе бөлу үшiн қайтару мақсатында қажеттi жағдайлар жасалуын талап ете алады.
8. Бiржолғы өнiмдердi әкелу, егер қалдықтардың құралуына әкеп соқтыратын, кәдеге жарату жоғары экологиялық тәуекелдi қажет ететiндей немесе экономикалық жағынан тиiмсiз болса, шектелуi немесе оған толық тыйым салынуы мүмкiн.
9. Пайдалану нәтижесiнде қауiптi қалдықтар, Қазақстан Республикасында оларды залалсыздандыру немесе бөлу технологиясы жоқ өнiмдер импорты шектелуi немесе оған толық тыйым салынуы мүмкiн.
305-бап. Қалдықтардың қауiптiлiк паспорты
1. Қалдықтардың қауiптiлiк паспортын шаруашылығы қызметiнде қалдықтар құралатын заңды және жеке тұлғалар жасайды және бекiтедi.
2. Қалдық қауiптiлiгi паспорты:
1) қауiптiлiк қасиеттерi осы Кодекстiң 112-бабының 3-тармағында атап тiзiлген қалдықтар;
2) гауhардан және қызыл тiзiмдерден құралған қалдықтар құрайды.
3. Қалдықтардың қауiптiлiк паспортына мынадай мiндеттi бөлiмдер:
1) қалдықтардың атаулары;
2) қалдықтар шығарушылар - кәсiпорындардың атауы мен деректемелерi;
3) қалдықтардың шығу көздерi;
4) қалдықтардың қауiптi сипаттамаларының тiзбесi;
5) қалдықтардың химиялық құрамы және олардың компоненттерiнiң қауiпті қасиеттерiнiң сипаттамасы;
6) қалдықтарды ұқсатудың ұсынылатын тәсiлдерi;
7) қалдықтармен жұмыс iстеу кезiнде сақтанудың қажеттi шаралары;
8) қалдықтарды тасымалдауға және тиеу-түсiру жұмыстарын жүргiзуге қойылатын талаптар;
9) төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарларын жою жөнiндегi шаралар;
10) қосымша ақпараттар енгiзiлуi тиiс.
4. Қалдық паспортының нысанын қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы құзыреттi орган бекiтедi және қалдықтардың әрбiр түрiн жеке толтырады.
5. Паспорт паспортталған қалдықтардың бiрiншi тобын не тобының кез келген бөлiгiн қалдықтар құралған кәсiпорындар шегiнен тыс, бастапқы әкету алдындағы мерзiмде жасалады және тiркеледi.
6. Мiндеттi бөлiмге енгiзiлген, деректердiң толықтығы мен дұрыстығын өсiретiн қосымша ақпараттардың түсуiне орай паспорт жаңартылуы және қайта тiркелуi тиiс.
7. Тiркелген паспорттардың көшiрмелерi қалдықтардың осы тобын немесе тобының кез келген бөлiгiн тасымалдайтын кәсiпорынға, сондай-ақ қалдықтардың осы тобының (тобының бөлiктерiнің) әрбiр жүк алушысына мiндеттi түрде табыс етiледi.
8. Қалдықтардың алынған тобын кез келген өңдеудi, оны басқа материалдармен араластыруды қоса алғанда, жүк алушы өз кәсiпорнынан тыс тасымалдаған жағдайда қалдықтардың осы тобына (топ бөлiгiне) жаңа паспорт ресiмдеуi және оны тiркетуi тиiс.
9. Осы қалдықтарды құраған процестiң технологиялық регламентiнiң өзгеруi тудырған қалдықтардың қауiптi қасиетi өзгерген жағдайда паспорттың күшi жойылған деп есептеледі.
10. Қалдықтың компоненттi құрамы сандық химиялық талдау жүргiзуге аккредиттелген зертханаларда орындалған талдаулардың нәтижелерi негiзiнде көрсетiледi. Өзiнiң тұтыну қасиетін жоғалтқан тауарлар (өнiмдер) түрiнде берiлген қалдықтар үшiн техникалық жағдайларға және басқаларына сәйкес бастапқы тауардың (өнiмнiң) компоненттi құрамы туралы мәлiметтер көрсетiледi.
11. Қалдықтардың қауiптiлiк паспортында нәтижесiнде қалдықтар құралған технологиялық процестiң немесе нәтижесiнде тауар (өнiм) өзiнiң тұтыну қасиетiн жоғалтқан процестiң атауы, бастапқы тауардың (өнiмнiң) атауы көрсетiле отырып көрсетiледi.
12. Қалдықтардың қауiптiлiк паспортында осы қауiптi қалдықтармен, оның iшiнде тасымалдаумен, тиеумен және түсiрумен байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу мен оны жою жөнiндегi қажеттi шаралар көрсетiледi.
13. "Қосымша талаптарда" қалдықтар иелерiне хабарланғаны жөн кез келген маңызды ақпарат (мысалы әдеби сiлтеме, құжаттарға сiлтеме) көрсетiледi.
306-бап. Қалдықтармен жұмыс iстеудi жобалау кезiнде
қойылатын талаптардың есебi
1. Пайдалану процесiнде қалдықтар құралатын объектiлердi жобалау кезiнде жеке және заңды тұлғалар:
1) жобалау құжаттамасының құрамдас бөлiгi ретiнде қалдықтармен ластаудың/басқарудың алдын алу бағдарламасын әзiрлеуге;
2) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны және адамның денсаулығын қорғау саласындағы заңнамасында белгiленген экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық және өзге де талаптарды ескеруге;
3) оларда құралған қалдықтарды пайдалану, залалсыздандыру туралы техникалық және технологиялық құжаттама болуы мiндеттi.
2. Тұрғын үйлердi, сондай-ақ пайдалану процесiнде қалдықтар құралатын кәсiпорындарды, үйлердi, құрылыстарды, ғимараттар мен өзге де объектiлердi жобалау кезiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган белгiлейтiн қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы ережелерге, нормативтер мен талаптарға сәйкес осындай қалдықтарды жинауға арналған жерлер (алаңдар) көзделуi қажет.
307-бап. Қалдықтармен жұмыс iстеуге байланысты
кәсiпорындар, үйлер, құрылыстар, ғимараттар
мен өзге де объектiлер салу мен пайдалану
кезiнде қойылатын талаптар
1. Қалдықтармен жұмыс iстеуге байланысты кәсiпорындарды, үйлердi, құрылыстарды, ғимараттар мен өзге де объектiлердi пайдалану кезiнде жеке және заңды тұлғалар:
1) экологиялық, санитариялық және Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамада белгiленген өзге де талаптарды сақтауға;
2) қалдықтардың құралуын азайту мақсатында қалдықтарды орналастыруға арналған қалдықтардың құрылу нормативтерi мен лимиттерi жобаларын әзiрлеуге;
3) ең жаңа ғылыми-техникалық жетiстiктер негiзiнде қалдықты аз шығаратын технологиялар мен қалдықтардың пайда болуын төмендету жөнiндегi ұйымдастыру шараларын енгiзуге;
4) қалдықтар мен оларды орналастыратын орындарды мүкәммалдауға;
5) қалдықтар орналастырылған объектiлердiң аумақтарында қоршаған табиғи ортаның жай-күйiне мониторинг өткiзуге;
6) қалдықтармен жұмыс iстеу салаларына белгiленген тәртiппен қажеттi ақпараттар беруге;
7) қалдықтармен жұмыс iстеуге байланысты авариялардың алдын алу талаптарын сақтауға және оларды жоюдың кейiнге қалдырылмайтын шараларын қабылдауға;
8) қоршаған табиғи ортаға, жеке адамдардың денсаулығына немесе мүлкiне, не заңды тұлғалардың мүлкiне залал келтiретiн немесе зиян келтiруi мүмкiн қалдықтармен жұмыс iстеуге байланысты авариялар туындаған және қауiп төндiрген жағдайда, бұл туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органға және жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарына дереу хабарлауға мiндеттi.
2. Қалдықтарды орналастыру объектiлерi салынатын жерлердi анықтау мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде арнаулы (геологиялық, гидрогеологиялық және өзге) зерттеулер негiзiнде жүзеге асырылады.
3. Қалдықтарды орналастыру объектiлерiнiң иелерi, сондай-ақ иеленуiнде және пайдалануында қалдықтарды орналастыру объектiлерi болатын адамдар осы объектiлердi пайдалануға беру аяқталғаннан кейiн олардың жай-күйi мен қоршаған табиғи ортаға әсерiне және пайдаланудан қалған жерлердi қалпына келтiруге бақылау жүргізуге мiндеттi.
4. Қалалық аумақтарда және басқа да елдi мекендер, орман саябақтар, курорт, емдеу-сауықтыру аумақтарында, рекреациялық аймақтарда, сондай-ақ су күзету аймақтарында, ауыз су және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау мақсаттарында пайдаланылатын жерасты су объектiлерiнiң бас су тоғаны алаңдарында қалдықтарды көмуге тыйым салынады.
5. Пайдалы кен қазбалары жатқан жерлерге және, егер пайдалы қазбалар жатқан жерлердiң ластануына және тау-кен жұмыстарын жүргiзудiң қауiпсiздiгiне қауiп төндiретiн жағдайларда тау-кен жұмыстарын жүргiзуге тыйым салынады.
308-бап. Елдi мекендер аумақтарында қалдықтармен жұмыс
iстеуге қойылатын талаптар
1. Бағалы компоненттердi бөлек жинау көзделетiн қалдықтарды жинаудың ұтымды жүйесiн ұйымдастыру, тұтыну қалдықтарын уақытша сақтау, ұдайы тасып әкету мен залалсыздандыру, сондай-ақ елдi мекен аумақтарын тазарту жауапкершiлiгi жергiлiктi атқарушы органдарға, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына жүктеледi.
2. Елдi мекендер аумақтарында қалдықтармен жұмыс iстеу тәртiбiн бақылауды жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары және қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау мен бақылауды жүзеге асыратын органдар қамтамасыз етедi.
3. Жергiлiктi атқарушы органдар шағын және орта бизнес субъектiлерi болып табылатын кәсiпорындарда қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, кейiннен пайдалану, полигондарда түпкiлiктi көму үшiн қажеттi инфрақұрылымды құруға және олардың жұмыс iстеуiн көздеуге тиiс.
4. Қалдықтарды сақтау және қайта өңдеу үшiн белгiленген орынға тасымалдауды қалдық иелерiнiң есебiнен арнайы ұйымдар жүзеге асырады.
5. Жергiлiктi атқарушы органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары өз аумақтарында:
1) елдi мекендердiң қалдықтардан ұдайы тазартылуын;
2) қайтара пайдаланылатын қалдықтар (шыны, қағаз, металл және пластмасса сынықтары, тоқыма және басқалары) тобы жеке жиналуы мен кәдеге жаратылуын жүзеге асыруы;
3) органикалық қалдықтарды бөлек жинауға және хабардар ету және кеңес беру арқылы олардың компастарына ынталандыруды;
4) құрылыс қалдықтарын тiкелей құрылыс алаңдарында немесе арнаулы орында қалдықтардың басқа түрлерiнен мiндеттi түрде бөлек жинауды, сондай-ақ құрылыс қоқыстарын төгiндiлер мен полигондардағы басқа қоқыстармен араластырылмауын;
5) тасымалдау, кәдеге жарату және орналастыру жөнiндегi қолданыстағы нормаларға сәйкестiкке қол жеткiзу мақсатында қалдықтардың бiр түрiн екiншi бiр түрiмен немесе арнаулы қоспалармен араластыруға тыйым салуды;
6) муниципалдық қалдықтардың рұқсат етiлмей жағылуына жол бермеудi;
7) өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе қызмет көрсетушi кәсiпорындар иелерiнiң қалдықтарды кәдеге жарату жөнiндегi өз мiндеттемелерiн осы қалдықтарды ұқсатушы объектiлердiң иелерiне беру мүмкiндiгiн қамтамасыз етудi;
8) муниципалдық қалдықтармен жұмыс iстеу жөнiндегi дұрыс ақпараттарды бақылаушы мемлекеттiк органдарға уақтылы берiлуiн қамтамасыз ете отырып, муниципалдық қалдықтармен жұмыс iстеу талаптарын сақтауы тиiс.
6. Жергiлiктi атқарушы органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу мен пайдалануға жауапты коммуналдық кәсiпорындарды ұйымдастырады. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын орналастыру мен салу жобалары осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгіленген тәртiппен мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткiзiлуi тиiс.
309-бап. Қауiптi қалдықтармен жұмыс iстеу кезiнде
қойылатын талаптар
1. Қызметi процесiнде қауiптi қалдықтар құрайтын жеке және заңды тұлғалар олардың құралуының тоқтатылуына немесе қысқартылуына және/немесе олардың уыттылығының азайтылуына бағытталған iс-шараларды жүзеге асыруы тиiс.
2. Жеке және заңды тұлғалардың процесiнде қауiптi қалдықтар құрайтын қызметi қоршаған ортаны қорғау үшiн және қауiптi қалдықтармен айналысатын адамның денсаулығына қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүмкiндiгi болмаған кезде шектелуi немесе оның тоқтатылуы мүмкiн.
3. Қауiптi қалдықтармен жұмыс iстеуге жiберiлген қызметкерлер қауiптi қалдықтармен жұмыс iстеу құқығы куәлiгiмен (сертификаттармен) расталған арнаулы кәсiби дайындықтан өтуi тиiс.
4. Қауiптi қалдықтардың иесi қауiптi қалдықтардың қауiптілік қасиеттерiн көрсете отырып, қауiптi қалдықтар тиелген контейнерлердiң таңбалануын қамтамасыз етуi тиiс. Мұндай қалдықтарды басқа адамдарға белгілi бiр мерзiмге беру кезiнде осы қалдықтардың қауiптi қасиеттерi туралы және олармен айналысу кезiндегі сақтық шаралары туралы оларды жазбаша нысанда хабардар етуге мiндеттi.
5. Өндiру, жинақтау, тасымалдау, орналастыру процесiнде қауiптi және қауiптi емес қалдықтарды өзара араластыруға тыйым салынады.
6. Қауiптi қалдықтарды арнайы жабдықталған жерлерге орналастыруға рұқсат етiледi және олармен айналысуға қатысты лицензиялық талаптарға сәйкес жүзеге асырылады. Қауiптi қалдықтармен жұмыс iстеуге байланысты емес басқа қызмет түрлерiн оларды орналастыру үшiн бөлiнген аумақтарда жүзеге асыруға тыйым салынады.
7. Қауiптi қалдықтарды жинауды, кәдеге асыруды, тасымалдауды және орналастыруды жүзеге асыратын кәсiпорындар төтенше және апатты жағдайлар кезiндегi iс-әрекет жоспарларын әзiрлейдi.
8. Меншiгiнде немесе пайдалануында қауiптi қалдықтармен айналысатын бiр объектiсi болса да, шаруашылық қызметi субъектiсiнiң жауапкершiлiгi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мiндеттi сақтандыруға жатады.
310-бап. Қауiптi қалдықтарды тасымалдауға қойылатын
талаптар
1. Қауiптi қалдықтардың құралуы мен олардың тасымалдануы барынша азайтылуы тиiс.
2. Қауiптi қалдықтарды мынадай жағдайларда:
1) тасымалдау мақсатында қауiптi қалдықтар тиiсiнше орап-буылған, таңбаланған және этикеткасы қойылған болса;
2) арнайы жабдықталған және арнаулы белгiлермен жарақтандырылған көлiк құралдары болса;
3) қауiптi қалдықтар паспорты және тасымалдауға және тасымалданатын қауiптi қалдықтардың саны, қауiптi қалдықтарды тасымалдау мақсаты мен орны көрсетiле отырып, оларды беруге арналған құжаттамалары болса;
4) қауiптi қалдықтарды көлiк құралдарында тасымалдаудың, сондай-ақ тиеу-түсiру жұмыстарының қауiпсiздiк талаптары сақталса тасымалдауға жол берiледi.
3. Қауiптi қалдықтарды тасымалдау мақсатында орап-буу және таңбалау тәртiбiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органның келiсiмiмен қалдықтармен айналысу саласындағы құзыреттi орган әзiрлейдi.
4. Қалдықтарды көлiк құралдарымен тасымалдау тәртiбiн, тиеу-түсiру жұмыстарын және экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарды көлiктiң тиiстi түрiндегi қауiпсiздiктi қадағалау жөнiндегi мемлекеттiк органдар әзiрлеген және бекiткен және қоршаған ортаны қорғау және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы орталық атқарушы органдармен келiсiлген мемлекеттiк стандарттарда (нормалар мен ережелерде) айқындалады.
5. Қалдықтарды тасымалдауды жүзеге асыратын ұйымдар мен жеке тұлғалардың қалдықтарды көлiк құралдарына тиеу мен қабылдап алуынан бастап олардың белгiленген жерге дейiн көлiк құралдарымен қауiпсiз айналымы үшiн заңдық жауапкершiлiк осы көлiк құралы тиесiлi көлiк ұйымдары мен адамға жүктеледi.
311-бап. Қалдықтардың трансшекаралық орын ауыстыруы
1. Қалдықтарды трансшекаралық орын ауыстыру мақсаты үшiн мына қалдық топтары:
1) ауруханаларда, емханаларда және клиникаларда пациенттерге дәрiгерлiк күтiм нәтижесiнде алынған медициналық қалдықтар;
2) фармацевтикалық өнiмдердi өндiру мен қайта өңдеу қалдықтары;
3) қажет емес фармацевтикалық тауарлар, дәрiлер мен препараттар;
4) биоцидтер мен фитофармацевтикалық препараттарды өндiрудің, алу мен қолданудың қалдықтары;
5) ағаш консерванттарын өндiрудiң, алу мен қолданудың қалдықтары;
6) органикалық ерiткiштердi өндiрудiң, алу мен қолданудың қалдықтары;
7) цианидтi қамтитын материалдарды жылумен өңдеу және шектеу қалдықтары;
8) бастапқы жоспарланған қолдануға жарамсыз қажетсiз минералдық майлар;
9) майлар/сулардың, көмiртегiлер/ сулардың қоспалары және эмульсиялары түрiндегi қалдықтар;
10) полихлорлы бифенилдердi және/немесе полихлорлы терфенилдердi және/немесе полибромды бифенилдердi немесе олардың қоспаларын қамтитын қажетсiз заттар мен өнiмдер;
11) айдау, дистиляциялау немесе кез келген пиролитикалық өңдеудiң қара майлы қажетсiз қалдықтары;
12) сияларды, бояғыштарды, пигменттердi, бояуларды, лактарды, олифтердi өндiрудің, алу мен қолданудың қалдықтары;
13) синтетикалық қара майлар, латекстер, пластификаторлар, желiмдер/байланыстырғыш материалдар өндiрудiң, алу мен қолданудың қалдықтары;
14) ғылыми-зерттеу жұмыстары немесе оқу процесі барысында алынған, табиғаты әлi айқындалмаған және/немесе жаңа болып табылатын және адамға және/немесе қоршаған ортаға әсерi әлi белгiсiз қажетсiз химиялық заттар;
15) жарылу қаупі бар сипаттағы және өзге заңнаманың аясына жатпайтын қалдықтар;
16) фитохимикаттарды немесе фитоматериалдарды өңдеуге арналған материалдарды өндiрудiң, алу мен қолданудың қалдықтары;
17) металл және пластмасса беттердi өңдеу қалдықтары;
18) өндiрiс қалдықтарын жою жөнiндегi операциялардан қалған қалдықтар;
19) металдардың карбонилдерi;
20) бериллий, бериллийдiң қосындысы;
21) алты валенттi хромның қосындылары;
22) мыстың қосындылары;
23) мырыштың қосындылары;
24) мышьяк, мышьяктың қосындылары;
25) селен, селеннiң қосындылары;
26) кадмий, кадмийдiң қосындылары;
27) сурьма, сурьманың қосындылары;
28) теллур, теллурдiң қосындылары;
29) сынап, сынаптың қосындылары;
30) таллий, таллийдiң қосындылары;
31) қорғасын, қорғасынның қосындылары;
32) фторлы кальцийдi қоспағанда, фтордың органикалық емес қосындылары;
33) органикалық емес цианидтер;
34) қышқыл ерiтiндiлер немесе қатты күйдегi қышқылдар;
35) негiзгi қосындылар немесе қатты негiздер;
36) асбест (ұнтақ және талшық);
37) фосфордың органикалық қосындылары;
38) органикалық цианидтер;
39) фенолдар, хлорфенолды қоса алғанда фенолдық қосындылар;
40) эфирлер;
41) галогендiрiлген органикалық ерiткiштер;
42) алогендiрiлген ерiткiштердi қоспағанда, органикалық ерiткiштер;
43) полихлорлы дибензофуран үлгiсiндегi кез келген материалдар;
44) полихлорлы дибензопидиоксин үлгiсiндегi кез келген материалдар;
45) осы тiзбеде көрсетiлген заттардан басқа органогалогендiк қосындылар қауiптi деп есептеледi.
2. Қалдықтарды пайдалану (кәдеге жарату, ұқсату, рециклингi) мақсатында Қазақстан Республикасына әкелу қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi орталық атқарушы органның келiсiмiмен қалдықтарды басқару жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган беретiн арнаулы рұқсат бойынша жүзеге асырылады.
3. Қауiптi қалдықтарды өздерiнiң заңнамасы аясында бүкiл импортқа тыйым салған Базель конвенциясы мемлекеттерi-тараптарына және дамушы елдерге не, осы қалдықтарды пайдалану экологиялық негiздерде жүзеге асырылмайды деп ойлауға негiз болса, сондай-ақ оңтүстiк ендiктiң 60 градус оңтүстiгiне жағындағы аудандарға экспорттауға тыйым салынады.
4. Қалдықтарды трансшекаралық орын ауыстыру кезiнде табиғат пайдаланушылар мүдделi мемлекеттерге шартты түрде ұсынылып отырған тасымалдың адам денсаулығы және қоршаған орта үшiн салдары айқын көрсетiлетiн ақпараттарды табыс етуге мiндеттi.
5. Қауiптi және басқа қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау кезiнде олар орап-буу, таңбалау және тасымалдау саласындағы жалпы танылған халықаралық ережелер мен нормаларға сәйкес оралып-буылуы, таңбалануы және тасымалдануы тиiс.
312-бап. Қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы
мемлекеттiк есеп
1. Қалдықтардың иесi өзiнiң билiгiндегi қалдықтардың түрi, саны мен шығу тегi туралы, сондай-ақ қасиетi және адамның денсаулығына немесе қоршаған ортаға қауiптiлiгi туралы қажеттi ақпараттардың есебiн жүргiзедi.
2. Қалдықтармен операциялар жасауға рұқсаты бар адамдар және қалдықтардың мемлекеттiк тiзiлiмiнде тiркелген адамдар, қауiптi қалдықтар өндiрушiлер, тұрмыстық қалдықтарды қоспағанда, өздерiнiң қызметi процесiнде құралған, жиналған, тасып әкелiнген, кәдеге жаратылған немесе орналастырылған қалдықтар түрлерiнiң, санының, қасиетiнiң жүйелi есебiн жүргiзуге мiндеттi.
3. Қалдықтардың иелерi қалдықтардың есебi жөнiндегi деректердi бес жыл бойы сақтауы тиiс.
4. Қалдықтардың иелерi оларды қалдықтардың мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзу үшiн қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы өзiнiң қызметi туралы жыл сайын қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiне есеп бередi. Есеп берудiң нысаны мен тәртiбi қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы уәкiлеттi орган айқындаған тәртiппен белгiленедi.
5. Қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы уәкiлеттi орган және оның аумақтық бөлiмшелерi өнiм өндiрушiлер мен оны импорттаушылардан және өзге ұйымдардан дайындалатын бұйымдар мен осы ретте құралатын қалдықтар туралы деректердi талап етуге құқылы.
6. Қалдықтар саласындағы статистикалық есептер Қазақстан Республикасының мемлекеттiк статистика саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
313-бап. Қалдықтарды кәдеге жарату және олардың құралу
көлемiн азайту жөнiндегi iс-шараларға
ынталандыру
1. Қалдықтарды кәдеге жарату және олардың құралу көлемiн азайту және қалдықтардың құралу көлемiн азайтуға бағытталған технологияларды енгізетiн, өнiмдердi өндiру процесiнде (жұмыстарды орындау, қызмет көрсету) қалдықтарды кәдеге жарататын, оларды жинау мен дайындауды, кәсiпорындар мен цехтар салуды жүзеге асыратын, сондай-ақ қалдықтарды кәдеге жарату үшiн жабдықтау өндiрiсiн ұйымдастыратын, қалдықтарды кәдеге жарату және олардың құралу көлемiн азайту жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыруға пайлық үлеспен қатысатын шаруашылық қызметi субъектiлерiнiң қауiптілік деңгейiн төмендету жөнiндегi iс-шараларға ынталандыру мақсатында ынталандыру жүзеге асырылады.
2. Жергiлiктi атқарушы органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары қалдықтарды кәдеге жаратуға және олардың құралу көлемiн азайтуға ынталандырумен байланысты қосымша iс-шаралар белгiлей алады.
44-тapaу. Қалдықтарды көму полигондарына және ұзақ мерзiмдi
сақтау қоймаларына қойылатын экологиялық талаптар
314-бап. Қалдықтарды сақтау және көму орындары
1. Қалдықтарды сақтау арнайы жабдықталған жерлерде (алаңдарда, көмбелерде, қоймаларда) кейiн кәдеге жарату мақсатында қалдықтардың әр түрi үшiн белгiленген кезеңге сақталады.
2. Қалдықтарды көму оларды алып қою ниетiнсiз және олардың қоршаған ортаға әсерiне тұрақты мониторинг өткiзу қажет болмаса олардың тұрақты орналасатын орны болып табылады. Қалдықтарды көму арнайы жабдықталған полигондарда жүргiзiледi.
3. Қалдықтарды ұзақ уақыт сақтау олардың кейiн орнының ауыстырылуы және (немесе) олардың қоршаған ортаға әсерiне тұрақты мониторинг жүргiзiлуi ықтимал тұрақты орналасатын орны болып табылады. Қалдықтар ұзақ уақыт сақталатын қоймаларға қойылатын экологиялық талаптар полигондарға қойылатын талаптарға ұқсас болады, бұл ретте оларды алып қою, тасымалдау, кейiн кәдеге жарату немесе түпкiлiктi көму үшiн техникалық мүмкiндiк қамтамасыз етiлуi тиiс.
4. Қалдықтарды сақтау мен көму шаруашылық жүргiзудiң қауiптi түрiне жатады. Қалдықтарды сақтау мен көму орындары қауiптi өндiрiстiк объектiлер болып табылады.
315-бап. Қалдықтарды орналастыру полигондарының
сыныптары
1. Қалдықтар орналастырылатын әрбiр полигон мынадай сыныптардың бiрiне:
1) 1-сынып - инерттi қалдықтар орналастырылатын полигон;
2) 2-сынып - қауiптi қалдықтар орналастырылатын полигон сыныптарына сыныпталады.
2. Әртүрлi сыныптағы полигонда орналастыру үшiн қалдықтардың тiзбесiн және оларға қойылатын нақтыланған талаптарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган айқындайды.
316-бап. Қалдықтарды орналастыру полигондарына
қойылатын экологиялық талаптар
1. Алдын ала өңдеусiз көмуге инерттi қалдықтар ғана жатқызылуы мүмкiн.
2. Қауiптi қалдықтар залалсыздандырылуға, қалыпты жағдайға келтiрiлуiне және әртүрлi қауiптi қасиетiн төмендететiн әдiстермен өңделуге тиiс.
3. Полигондарда қауiптi және инерттi қалдықтарды бiрге орналастыруға тыйым салынады.
4. Қалдықтарды белгiлi бiр сыныптағы полигонда қабылдау өлшемi:
1) қоршаған ортаны және халықтың денсаулығын қорғау (әсiресе жер асты және жер бетi сулары);
2) қалдықтарды полигон шегiнде қалыпты жағдайға келтiру процестерiн қамтамасыз ету;
3) негiзгi құрамды бiлу жөнiндегi талаптар;
4) қалдықтардың органикалық компоненттерiнiң биологиялық бұзылуына қойылатын санына және икемдiлiгiне байланысты талаптар мен шектеулер;
5) аталған өте зиянды/қауiптi компоненттердiң санына қорғаныс өлшемдерiне сәйкес қойылатын шектеулер;
6) қалдықтар мен құралатын сүзiндiлердiң экоуыттылық қасиеттерi тұрғысынан айқындалады.
5. Қалдықтарды кездейсоқ қоқыстарда бақылаусыз орналастыруға тыйым салынады.
6. Полигонның меншiк иесi коммуналдық қалдықтар болған жағдайда олардың шығу тегiн, әкелiну күнiн, шығарушысын немесе жинаушысын бiрдейлендiрiп, ал қауiптi қалдықтар болған жағдайда, полигондағы нақты орналасу орнын көрсете отырып, орналастырылған қалдықтардың саны мен сипаттамасының есебiн жүргiзудi қамтамасыз етуге тиiс. Бұл ақпарат полигонның бүкiл жұмыс iстеу кезеңiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға және статистика жөнiндегi органдарға қолжетiмдi болуға тиiс.
7. Әрбiр полигон олардың қоршаған ортаға терiс әсерiнiң алдын алу үшiн атмосфералық шығарындылардың (қоқыс газ), сүзудiң және сақтауға қойылған қалдықтарда құралатын ақаба судың мониторинг жүйесiмен жабдықталуы тиiс.
8. Полигонда көмуге арналған қалдықтардың саны және қауiптi қасиеттерi тиiсiнше азайтылуы, қалдықтармен жұмыс iстеу техникалық жағынан жеңiлдетiлуi және оларды қалпына келтiру үлесi арттырылуы тиiс.
9. Полигондарда биологиялық iрiтетiн қалдықтарды көму көлемiн азайту және қоқыс газдарды бақылау мен кәдеге жарату жүйесiн енгiзу жөнiнде талаптар қою арқылы метан өндiрудi азайтуға арналған шаралар қабылдануы қажет. Биологиялық iрiтетiн қалдықтарды көму жөнiнде қабылданатын шаралар да биологиялық iрiтетiн қалдықтарды бөлек көмуге, сорттауға, қалпына келтiру мен рециклингiне ынталандыруы тиiс.
10. Қоршаған ортаға қауiптi болдырмау үшiн полигонның иесi қалдықтарды сыныптау негiзiнде, қалдықтар есебiнiң жүйесiн, ал қажет болған жағдайда сынама алу мен талдау жүйесiн қоса, қабылдаудың бiрiзделген рәсiмiн енгiзуi тиіс.
11. Полигонның қоршаған ортаға ықтимал қолайсыз салдарларын анықтау үшiн полигонның операциялық кезеңi мен рекультивациялау сатысында жалпы бақылау рәсiмi, қалдықтарды көму полигонының жұмыс iстеу мерзiмi, сондай-ақ полигон иесiнiң қайта құнарландыру кезеңi iшiндегi мiндеттерi мен жауаптылығы көзделедi.
12. Жұмыс iстеп тұрған қалдықтарды көметiн полигонның қызметi уәкiлеттi органдармен келiсiлген кезең шегiнде олардың осы кодекстiң талаптарына бейiмделуi жөнiнде қажеттi шаралар қабылдау үшiн учаскеге сәйкес келтiру жөнiндегi жоспар негiзiнде реттелуi тиiс.
13. Полигонның меншiк иесi полигонды жапқаннан кейiн жерлердi рекультивациялау жөнiнде iс-шаралар жүргiзу және қоршаған ортаға әсердiң мониторингi үшiн жою қорын құрады.
14. Қалдықтарды қабылдаудың стандартты рәсiмi мен көму үшiн қабылданатын қалдықтардың стандартты сыныптамасын уәкiлеттi органның келiсiмiмен полигон иесi белгiлейдi.
15. Полигондарда қалдықтарды орналастыруға және полигонның құрамына қойылатын талаптардың сақталуын бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
317-бап. Полигондардың қабылдауына келмейтiн қалдықтар
1. Полигондарда мынадай қалдықтарды:
1) сұйық қалдықтарды;
2) полигон жағдайында айқындалғандай, жарылатын, коррозиялы, тұзданатын, өрт қаупi жоғары немесе өрт қаупi бар қауiптi қалдықтарды;
3) сумен реакцияға түсетiн қалдықтарды;
4) жұқпалы медициналық немесе ветеринариялық мекемелердiң ауруханалық және басқа клиникалық қалдықтарын;
5) тұтас пайдаланылған шиналарды, оларды рекультивациялау кезiнде қалыптастырушы материал ретiнде қолдануды қоспағанда;
6) жойылмайтын органикалық ластаушыларды құрайтын қалдықтарды;
7) пестицидтердi;
8) қабылдау өлшемiн қанағаттандырмайтын қалдықтарды көмуге қабылдауға тыйым салынады.
2. Қабылдау өлшемiн орындау мақсатында қалдықтарды араластыруға тыйым салынады.
3. Жергiлiктi атқарушы органдар биологиялық iрiтетiн қалдықтарды көмудi азайту үшiн, олардың рециклингi, компостерлеу, өнiм немесе энергия өндiру мақсатында биогаз өндiру және (немесе) пайдалану жөнiндегi шараларды қоса, бағдарламалар әзiрлеуi тиiс.
4. Полигондарға осы Кодекстiң 14-қосымшасында көрсетiлген қатты тұрмыстық қалдықтардың, қатты және шламтәрiздес өнеркәсiптiк қалдықтардың түрлерiн орналастыруға тыйым салынады.
318-бап. Қауiптi қалдықтар полигондарына арналған ортақ
талаптар
1. Қауiптi қалдықтарды көму полигондары орналасатын жерлерде:
1) учаске шекарасынан тұрғын үй және рекреациялық аймақтарға, су жолдарына, су және басқа да ауыл шаруашылығы объектiлерiне немесе қалалық аумақтарға дейiнгi қашықтыққа;
2) жер асты, жоғарғы қабаттағы сулардың немесе қорғалатын табиғи аумақтардың сақталуына;
3) геологиялық және гидрогеологиялық жағдайларға;
4) учаскенi су басу, температураның төмендеуiне, шөгiндi немесе сел қаупiне;
5) табиғи-мәдени қорлар объектiлерiн қорғауға қатысты талаптар ескерiлуi тиiс.
2. Тиiстi шаралар:
1) судың полигонға қапыда құйылуын бақылау;
2) жоғарғы қабаттағы және (немесе) жер асты суларының қалдықтар көмiлген жерге құйылуын болдырмау;
3) ластайтын суды жинау және сүзгiден өткiзу;
4) полигоннан жиналған суды өңдеу және талап етiлетiн тиiстi стандартқа жеткiзiлгенге дейiн сүзгiден өткiзу үшiн полигонның сипаттамасына және метеорологиялық жағдайларға байланысты қабылдануы тиiс.
3. Топырақты, жер асты суларын және жоғарғы қабаттағы суларды қорғауға полигон жабылғаннан кейiн геологиялық кедергi мен жоғарғы экранның (жабу) пайдаланылуы мен қисындасуы кезеңi iшiнде полигонның геологиялық кедергiсi мен негiздеу экранының қисындасуы арқылы қол жеткiзiлуi тиiс.
4. Геологиялық кедергi полигонның төменгi және жақын учаскесiндегi топыраққа және жер асты суларына әлеуеттi қауiптi болдырмау үшiн босаңсымауға жеткiлiктi қабiлеттi қамтамасыз ететiн геологиялық және гидрогеологиялық жағдайлармен айқындалады.
5. Полигонның негiзi мен қабырғасы топырақтың, жер асты сулары мен жоғарғы қабаттағы сулардың қорғалу уақыты бойынша бiрлескен эффектiсiмен бiрге су өткiзбеу және қалыңдық талаптарын қанағаттандыратын минералдық қабаттан тұрады.
6. Табиғи геологиялық кедергі жоғарыда аталған жағдайларды орындамайтын учаскелерде оның жасанды құрылысы салынуы және балама қорғанысын қамтамасыз ететiн басқа қосымша құралдармен бекiтiлуi мүмкiн. Қолдан жасалған геологиялық кедергiнiң қалыңдығы кем дегенде 0,5 метр болуы тиiс.
7. Қоқыс газды жинау, өңдеу және пайдалану қоршаған ортаға келетiн залалды немесе оның нашарлауын және халықтың денсаулығына қауiптi барынша азайтады.
8. Қалдықтар көмiлетiн полигондардың жұмыс iстеуiнiң нәтижесi болып табылатын:
1) иiстер мен шаңдардың эмиссиясын;
2) жел айдап әкелетiн материалдарды, құралымдар мен аэрозолды;
3) шу мен қозғалысты;
4) құстарды, паразиттер мен құрт-құмырсқаларды;
5) өрттi барынша азайту шаралары қабылдануы тиіс.
9. Қалдықтар орналастырылатын полигон лас учаскеден қоғамдық жолдармен және жақын маңдағы аумаққа шығарылмайтындай етiп жабдықталуы тиiс.
10. Полигон учаскесi басқа тұлғалардың еркiн кiруiнен қорғалуы тиiс. Әрбiр техникалық құралға бақылау жасау және қол жеткiзу жүйесi құралдардың заңсыз пайдаланылуын байқап, оған кедергi келтiру шараларының бағдарламасын қамтуы тиiс.
11. Қалдықтар орналастырылатын полигондарды басқаруды полигонды пайдалануға техникалық құралдары бар, кәсiби және техникалық бiлiмдi және полигонның қызметкерлер құрамын тренингпен қамтамасыз ететiн жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
12. Рұқсат етiлетiн әсер ету деңгейi полигон орналасатын жердегi арнаулы гидрогеологиялық жағдайлар және қалдықтарды көму полигоны жобасының негiзiнде жер асты суларының сапасы назарға алына отырып, рұқсат етiлген құжатта айқындалатын болады.
13. Рұқсат берiлгеннен кейiн полигонға Қазақстан Республикасының қалдықтардың мемлекеттiк кадастрына енгiзiлген жеке тiркеу нөмiрi берiледi. Полигон иесi полигонға қабылданған қалдықтардың есебiн жүргiзуге арналған құжат айналымы жүйесiн әзiрлеуге тиiс.
14. Қалдықтар орналастырылатын полигонының жобасында ол жабылғаннан кейiн, жабу, рекультивациялау және ластануға мониторинг пен бақылау жүргiзу үшiн жою қорын құру көзделеді. Жою қорын қалыптастыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
15. Полигон иесi жыл сайын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға көмiлетiн қалдықтардың түрлерi мен саны туралы және жоспарлы бақылаудың нәтижелерi туралы хабарлауға мiндеттi.
319-бап. Қалдықтарды қабылдау рәсiмi
1. Қалдықтарды полигонға тапсыратын қалдықтардың иесi полигонның иесiне қалдықтарды оның белгiлi бiр түрiне жатқызуды растайтын, олардың сандық және сапалық сипаттамалары туралы және оның iшiнде қалдықтың қауiптiлiк паспортының көшiрмесi iлесе жүретiн дұрыс ақпарат табыс етуге мiндеттi.
2. Полигондардың иелерi осы полигонға орналастыруға рұқсат етiлген, ол экологиялық рұқсатпен расталған қалдықтардың түрлерiн ғана қабылдауға құқылы.
3. Полигондардың иелерi басқа ұйымдардан қалдықтар қабылдаудың мынадай рәсiмдерi:
1) қалдықтардың қауiптiлiгi паспортын қоса алғанда, қалдықтардың құжаттамалануын тексеру;
2) қалдықтарды, тергеу ретiнде, кiреберiсте және орналастырылатын жерде рұқсатнамалық тiнту;
3) қалдықтар иесi берген құжаттамадағы мазмұндалған сипаттаманы тексеру;
4) муниципальдық қалдықтар жағдайында және қауiптi қалдықтар жағдайында орналастырылған қалдықтардың шығутегi, жеткiзу күнi, өндiрушiнiң немесе жинаушының ұқсастыруы көрсетiле отырып, олардың саны мен сипаттамасының, полигонға орналастырылған дәл орнының тiркелуiн (тiзiлуiн) жүргiзу рәсiмдерi сақталады;
5) полигонға радиоактивтi заттардың келуiн болғызбау үшiн әрбiр қалдық жиынтығына дозиметрлiк бақылау жүргiзу қажет.
4. Полигонның иесi учаскеде қабылданған әрбiр жеткiлiмнiң алынғанын жазбаша расталуын тұрақты түрде қамтамасыз етуге және осы құжаттаманы кем дегенде 5 жыл сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
5. Түсетiн қалдықтардың массасын анықтау үшiн қабылдау пункттерiнде өлшеуiш аспаптар қойылады.
320-бап. Полигонды пайдалану сатысындағы бақылау мен
&nbs