Қазақстан Республикасында жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi комиссия құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 сәуірдегі N 369 Қаулысы. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 22 қазандағы N 979 Қаулысымен.

       Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 22 қазандағы  N 979 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасында жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған бiрыңғай мемлекеттiк саясатты қалыптастыру және жүргiзу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қосымшаға сәйкес құрамда Қазақстан Республикасында жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi комиссия құрылсын.

      2. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасында жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi комиссия туралы ереже бекiтiлсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

                                           Қазақстан Республикасы
                                                 Yкiметiнiң
                                           2005 жылғы 20 сәуірдегi
                                           N 369 қаулысына қосымша

             Қазақстан Республикасында жол қозғалысы
            қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi
                 жөнiндегi комиссияның құрамы

Тұрысбеков                 - Қазақстан Республикасының Iшкi iстер
Зауытбек Қауысбекұлы         министрi, төраға

Мұсайбеков                 - Қазақстан Республикасының Көлiк және
Сәкен Жүнiсбекұлы            коммуникация вице-министрi, төрағаның
                             орынбасары

Tүсімов                    - Қазақстан Республикасы Iшкi iстер
Өмiрзақ Төлеуұлы             министрлiгi Жол полициясы
                             департаментiнiң бастығы, хатшы

Белоног                    - Қазақстан Республикасының Денсаулық
Анатолий Александрович       сақтау вице-министрi, Қазақстан
                             Республикасының Бас мемлекеттiк
                             санитарлық дәрiгерi

Досжан                     - Қазақстан Республикасының Мәдениет,
Ардақ Дүкенбайұлы            ақпарат және спорт вице-министрi

Әбдiмомынов                - Қазақстан Республикасының Бiлiм және
Азамат Құрманбекұлы          ғылым вице-министрi

Жұмағалиев                 - Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру
Асқар Қуанышұлы              және байланыс агенттiгi төрағасының
                             орынбасары

Камалиев                   - Қазақстан Республикасы
Берiк Сайлауұлы              Премьер-Министрiнiң кеңесшiсi

Мұстафин                   - Қазақстан Республикасы Көлiк және
Қуандық Сапарұлы             коммуникация министрлiгi Көлiктiк
                             бақылау комитетiнiң төрағасы

Елеуiшов                   - Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны
Бек-Болат Сәдуақасұлы        қорғау министрлiгiнiң Табиғат қорғауды
                             бақылау комитетi төрағасының бiрiншi
                             орынбасары

Бисенов                    - Қазақстан Республикасы Көлiк және
Жалғасбай Әбуұлы             коммуникация министрлiгiнiң Көлiк
                             инфрақұрылымын дамыту комитетi
                             төрағасының бiрiншi орынбасары

Маханов                    - Қазақстан Республикасы Көлiк және
Шихабадин Қабдрахманұлы      коммуникация министрлiгi Автомобиль
                             көлiгi басқармасының бастығы

Каганович                  - "Қазақстан жол ғылыми-зерттеу
Евгения Владимировна         институты" акционерлiк қоғамы
                             директорының орынбасары
                             (келiсiм бойынша)

Асматулаев                 - "Қазақ жол-көлiк проблемалары
Борис Айсаевич               ғылыми-зерттеу және жобалау институты"
                             жауапкершiлiгi шектеулi
                             серiктестiгiнiң бас директоры
                             (келiсiм бойынша)

Бекмағамбетов              - "Көлiк және коммуникация
Мұрат Махметұлы              ғылыми-зерттеу институты"
                             жауапкершiлiгi шектеулi
                             серiктестiгiнiң директоры
                             (келiсiм бойынша)

Талғатбекова               - "Инжиниринг СК" жауапкершiлiгi
Қарлығаш Ахметқызы           шектеулi серiктестiгiнiң директоры
                             (келiсiм бойынша)

Қазақстан Республикасы   
Үкiметiнiң         
2005 жылғы 20 сәуірдегі  
N 369 қаулысымен     
бекiтiлген        

  Қазақстан Республикасында жол қозғалысы қауiпсiздiгiн
қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi комиссия
туралы ереже

  1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасында жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi комиссия (бұдан әрi - Комиссия) Қазақстан Республикасындағы жол қозғалысы қауiпсiздiгiне байланысты мәселелер бойынша негiзгi бағыттарды пысықтау үшiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен ұйымдары өкiлдерiнен қалыптасатын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.

      2. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының  Конституциясын және заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Үкiметiнiң кесiмдерiн және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердi, сондай-ақ осы ереженi басшылыққа алады.

  2. Комиссияның мiндеттерi мен функциялары

      3. Комиссияның негiзгi мiндеттерi:
      1) жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың және қоғамдық бiрлестiктердiң қызметi мен өзара iс-қимылын үйлестiру мәселелерiн қарау;
      2) жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi заңнаманы және басқа да нормативтiк құжаттарды жетiлдiру бойынша ұсыныстар дайындау;
      3) жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттары жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу болып табылады.

      4. Комиссияға жүктелген мiндеттерге сәйкес оның функциялары:
      1) жол қозғалысы қауiпсiздiгіне қатысты мәселелердi шешуде мемлекеттiк органдарға, ұйымдарға және қоғамдық бiрлестiктерге ақпараттық және ұйымдастырушылық-әдiстемелiк көмек көрсету;
      2) Қазақстан Республикасында автомобиль көлiгіндегі авариялықтың алдын алу жөнiндегi жұмыстың жай-күйiн қарау және авариялықтың себептерiн зерделеу;
      3) жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiнде мемлекеттiк органдардың басшыларын тыңдау;
      4) бағдарламаның жобасын iске асыру үшiн қаржылық және материалдық-техникалық ресурстарға қажеттiлiгiн негiздей отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы жол қозғалысы қауiпсiздiгi бойынша бағдарламаны iске асыру жөнiндегі iс-шаралар жоспарын әзiрлеудi және оны Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына енгiзудi ұйымдастыру, бағдарламаның орындалу барысы мен нәтижелерi туралы есеп беру;
      5) жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi өңiрлiк бағдарламаларды әзiрлеуде, жол-көлiк уақиғаларының алдын алу жөнiндегі iс-шараларды белгiлеуде және iске асыруда жергiлiктi атқарушы органдарға әдiстемелiк көмек көрсету;
      6) мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың және қоғамдық бiрлестiктердiң автомобиль көлiгiндегi авариялықтың алдын алу жөнiндегі ұсыныстарын қарау;
      7) жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың қызметiн және өзара iс-қимылын үйлестiру мәселелерiн қарау;
      8) жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi кеңестердiң, конференциялардың, көрмелердiң жұмыстарын ұйымдастыру және оларға қатысу, қабылданған ұсынымдарды iске асыруға жәрдем көрсету;
      9) елiмiзде жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге ықпал ететiн жағдайлар жасауға бағытталған құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық және ғылыми-техникалық сипаттағы шараларды жүзеге асыру жөнiнде ұсыныстар енгiзу болып табылады.

  3. Комиссияның құқықтары

      5. Комиссия жүктелген мiндеттерге сәйкес:
      1) мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен және қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-қимыл жасауға;
      2) Қазақстан Республикасының Үкiметiне жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiнде ұсыныстар мен ұсынымдар енгiзуге;
      3) Комиссияның құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының және қоғамдық бiрлестіктерiнiң өкiлдерiн (келiсiм бойынша) Комиссияның отырыстарына шақыруға және тыңдауға;
      4) заңнамада белгіленген тәртiппен мемлекеттiк және басқа да ұйымдардан Комиссияның мiндеттерiн iске асыру үшiн қажеттi материалдарды сұратуға және алуға;
      5) уақытша немесе тұрақты жұмыс iстейтiн сараптау және жұмыс топтарын ұйымдастыруға құқылы.

  4. Комиссияның қызметiн ұйымдастыру

      6. Комиссияны төраға басқарады, ол оның қызметiне басшылық етедi, отырыстарына төрағалық етеді, жұмысын жоспарлайды, шешiмдерiнiң iске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады және жүзеге асырылатын қызмет үшiн жауапты болады. Ол болмаған уақытта оның функциясын орынбасары орындайды.

      7. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      8. Комиссия хатшысы оның жұмысы туралы Комиссия мүшелерiне хабарлайды, Комиссия отырыстарының күн тәртiбi бойынша ұсыныстарды, қажеттi материалдарды дайындайды және отырыс өткiзiлгеннен кейiн хаттамаларды ресiмдейдi.

      9. Комиссия отырыстары қажетіне қарай, бiрақ жарты жылда кемiнде бiр рет, оның мүшелерiнiң кемiнде үштен екісі болған кезде өткiзiледi.

      10. Комиссияның жоспардан тыс отырыстарын Комиссия төрағасы, ал ол болмаған уақытта - төрағаның орынбасары Комиссияның қарауына енгiзiлген материалдар негiзiнде шақырады.

      11. Комиссия шешiмдерi ашық дауыспен қабылданады және егер отырысқа қатысушы Комиссия мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiгi оларға дауыс берсе, қабылданды деп есептеледi және хаттамамен ресiмделедi. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген шешiм қабылданды деп есептеледі. Комиссия шешiмдерiне отырысқа қатысушы Комиссия мүшелерi қол қояды және ол ұсынымдық сипатта болады.
      Комиссия мүшелерiнiң ерекше пiкiрде болуға құқығы бар, ол бiлдiрiлген жағдайда жазбаша түрде жазылуы және хаттамаға қоса берiлуi тиіс.

      12. Отырыстардың күн тәртiбiн, сондай-ақ олардың өткiзiлетiн орны мен уақытын Комиссия төрағасы белгiлейдi және нақтылайды. Комиссия Қазақстан Республикасының Үкiметiне жылына кемінде бiр рет өз қызметi туралы есептік ақпарат ұсынады.

  5. Комиссияның қызметiн тоқтату

      13. Комиссияның қызметін тоқтату үшін:
      1) Комиссияға жүктелген мiндеттердiң орындалуы;
      2) Комиссияға жүктелген мiндеттердi жүзеге асыратын мемлекеттiк органның немесе өзге комиссияның құрылуы;
      3) Комиссияның мiндеттерiн орындалмайтындай не олардың орындалуын орынсыз ететін өзге де жағдаяттар негіз болып табылады.