14.09.2004

Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын жасау ережесiн бекiту туралы

       Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 26 қаңтардағы N 45 (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 24 сәуiрдегі Бюджет кодексiне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттік сыныптамасын жасау ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің         
2004 жылғы 14 қыркүйектегі
N 959 қаулысымен      
бекiтiлген        

Қазақстан Республикасының Бірыңғай
бюджеттік сыныптамасын жасау ережесi

      1. Осы Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын жасау ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын жасаудың құрылымы мен тәртiбiн айқындайды.

1-бөлім. Жалпы ережелер

1-тарау. Қазақстан Республикасының Бiрыңғай
бюджеттік сыныптамасының құрылымы

      2. Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттiк сыныптамасы (бұдан әрi - Бюджеттік сыныптама) бюджет түсiмдерi мен шығыстарын сыныптама объектілерiне топтамалық кодтар бере отырып, функционалдық, ведомстволық және экономикалық сипаттамалар бойынша топтастыру болып табылады. Бюджеттiк сыныптама Қазақстан Республикасы бюджет жүйесiнiң барлық деңгейдегi бюджеттерi көрсеткiштерiнiң салыстырмалығын қамтамасыз етедi.
      Бюджеттiк сыныптама шоғырландырылған бюджет үшiн бiрыңғай және мiндеттi әрi республиканың стратегиялық, орта мерзiмдi бағдарламалары мен даму жоспарларының, республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң теңдестiрiлуiне қол жеткiзу мақсатында олардың көрсеткiштер жүйесiн үйлестiру құралдарының бiрi болып табылады.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.12.15. N 1214 қаулысымен.
 

      3. Бюджеттiк сыныптаманы бюджеттi жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган заңнамалық кесiмдердiң, Қазақстан Республикасының Президентi жарлықтарының, Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулыларының негізiнде әзiрлейдi және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
 

      4. Бюджеттiк сыныптама өзiне мыналарды қамтиды:
      бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасы;
      бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы;
      бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы.
 

      5. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      сыныптамалық код - түсiмнiң әрбiр түрi, бюджет шығыстарының әрбiр түрлерi және бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi бойынша, олардың белгiлi бiр сипаттамалары бойынша, түсiмдер сыныптамасының, шығыстардың функционалдық және экономикалық сыныптамасының деңгейлерi бойынша жеке бекiтiлетiн цифрлық белгі (топтамалық код);
      iс-әрекеттiң аяқталу мерзiмi - ол басталған сәттен бастап тиiстi сыныптамалық код бойынша түсiмдердi есепке алу немесе шығыстарды қаржыландыру тоқтатылатын күн.

2-тарау. Бюджет түсімдерінің сыныптамасы

      6. Барлық деңгейдегi бюджеттер түсiмдерiнiң белгiлi бiр сипаттамалар бойынша осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген салықтарды, төлемдердi және бюджетке түсетiн басқа да түсiмдердi белгiлейтiн Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерiне негiзделген топтамасы бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасы болып табылады.
 

      7. Бюджет түсiмдерi сыныптамасының топтамасы мыналардан тұрады:
      түсiмдердiң экономикалық белгілерi бойынша топтамасын бiлдiретiн санаттар. Сыныптамалық коды 1 белгіден тұрады;
      түсiмдердi олардың көздерi мен түрлерi бойынша топтайтын сыныптар. Сыныптамалық коды 2 белгіден тұрады;
      түсiмдердi олардың көздерi мен түрлерi бойынша неғұрлым егжей-тегжейлi топтайтын iшкi сыныптар. Сыныптамалық коды 1 белгiден тұрады;
      бюджетке түсетiн төлем немесе түсiм түрiн айқындайтын ерекшелiктер. Сыныптамалық коды 2 белгiден тұрады.
 

      8. Түсiмдердiң әрбiр түрiнiң түсiмдер сыныптамасының барлық деңгейлерiнiң кодтарынан қалыптасатын алты белгілi коды болады.
 

      9. Түсiмдердiң әрқилы түрлерi үшiн бiрдей алты белгіден тұратын кодтарды белгілеуге жол берiлмейдi.
      10. Сыныптама санаттары бойынша түсiмдердi тарату Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiне сәйкес жүзеге асырылады.
 

      11. Бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасы өзiне мынадай негізгі санаттарды қамтиды:
      1 - салықтық түсiмдер;
      2 - салықтық емес түсiмдер;
      3 - негізгі капиталды сатудан түсетiн түсiмдер;
      4 - трансферттерден түсетiн түсiмдер;
      5 - бюджеттік кредиттерді өтеу;
      6 - мемлекеттің қаржы активтерiн сатудан түсетiн түсiмдер;
      7 - қарыздардың түсiмi;
      8 - бюджет қаражаты қалдықтарының қозғалысы.
      12. Бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасы осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес құрылым бойынша жасалады.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.12.15. N 1214 қаулысымен.

3-тарау. Шығыстардың функционалдық сыныптамасы

      13. Мемлекет функцияларының орындалуын, республиканың стратегиялық, орта мерзiмдi бағдарламалары мен даму жоспарларын iске асыруды бейнелейтiн функционалдық және ведомстволық белгiлер бойынша бюджет қаражатының жұмсалу бағыттарын айқындайтын барлық деңгейлердегi бюджеттер шығыстарының топтамасы бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы болып табылады.
      Ескерту. 13-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.12.15. N 1214 қаулысымен.
 

      14. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасының топтамасы мынадай деңгейлерден тұрады: функционалдық топтар; функционалдық iшкi топтар; бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi; бюджеттік бағдарламалар және кiшi бағдарламалар.
 

      15. Функционалдық топ елдiң стратегиялық даму басымдықтарына сай келетiн және олардың әрқайсысының айқын мақсатын көрсететiн елдiң негiзгi даму бағыттарын көрсетедi. Сыныптамалық коды 2 белгiден тұрады.
      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.12.15. N 1214 қаулысымен.
 

      16. Мемлекеттiк басқару органдары орындайтын функцияларға байланысты бюджет шығыстары мынадай функционалдық топтар бойынша сыныпталады:
      01- Жалпы сипаттағы мемлекеттiк қызметтер
      02- Қорғаныс
      03- Қоғамдық тәртiп, қауiпсiздiк, құқық, сот, қылмыстық-атқару қызметi
      04- Бiлiм беру
      05- Денсаулық сақтау
      06- Әлеуметтік көмек және әлеуметтiк қамсыздандыру
      07- Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық
      08- Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңiстiк
      09- Отын-энергетикалық кешен және жер қойнауын пайдалану
      10- Ауыл, cу, орман, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қоршаған ортаны және жануарлар дүниесін қорғау, жер қатынастары
      11- Өнеркәсiп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi
      12- Көлiк және коммуникациялар
      13- Өзгелерi
      14- Борышқа қызмет көрсету
      15- Трансферттер
      16- Қарыздарды өтеу
      Ескерту. 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.12.15. N 1214 қаулысымен.
 

      17. Функционалдық ішкi топ (бұдан әрі - ішкі функция) ел дамуының әрбiр стратегиялық басымдығы жөнiндегi мiндеттер тобын функционалдық топ iшiнде нақтылайды. Сыныптамалық коды 1 белгiден тұрады.
      Ескерту. 17-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.12.15. N 1214 қаулысымен.
 

      18. Бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi оларға жүктелген функциялар мен өкiлеттiктерге сәйкес айқындалады.
      Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi - бюджеттiк бағдарламаларды жоспарлауға, негiздеуге және iске асыруға жауапты мемлекеттік орган. Сыныптамалық коды 3 белгiден тұрады.
 

      19. Бюджеттік бағдарламалардың әрбiр әкiмшiсiне өзiнiң жеке сыныптамалық коды берiледi.
 

      20. Жергілiктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетін жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың үлгілiк құрылымына негiзделе отырып айқындалады.
 

      21. Бюджеттiк бағдарлама - мемлекеттiк басқару функцияларын, республиканың немесе өңiрдiң стратегиялық, орта мерзiмдi бағдарламалары мен даму жоспарларын iске асыру үшiн қабылданған, бюджет қаражатымен қамтамасыз етiлетiн мiндеттер. Сыныптамалық коды 3 белгiден тұрады.
      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.12.15. N 1214 қаулысымен.
 

      22. Бюджеттік кiшi бағдарлама бюджеттiк бағдарлама шеңберiндегi бюджет шығыстарының нақты бағыттарын ашады. Сыныптамалық коды 3 белгіден тұрады.
 

      23. Шығыстардың функционалдық сыныптамасына кодтар тағайындау функционалдық топтың, функционалдық iшкi топтың, бюджеттік бағдарламалар әкiмшiсiнiң, бюджеттік бағдарлама мен кішi бағдарламаның кодтарынан қалыптасатын 12 белгілi кодтан тұрады. Шығыстардың барлық функционалдық сыныптамасында жалғыз болатын тәсiлмен жүзеге асырылады. Егер бағдарлама кiші бағдарламаларға бөлінбесе, олардың орнына 000 сыныптамалық коды көрсетіледi.
 

      24. Экономикалық нәтижелеріне байланысты бюджеттік бағдарламалар мыналарға бөлiнедi:
      Ағымдағы бюджеттiк бағдарламалар - нәтижелерi:
 

      1) бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiне сәйкес тұрақты сипаты бар мемлекеттiк басқару функциялары мен мемлекет мiндеттемелерiн орындау жөнiндегi қызметiн қамтамасыз етуге;
 

      2) республиканың немесе өңiрдiң стратегиялық, орта мерзiмдi бағдарламалары мен даму жоспарларының мақсатына қол жеткiзуге, нақты мiндеттерi мен iс-шараларын шешуге бағытталған бюджеттiк бағдарламалар.
      Бюджеттiк даму бағдарламалары - нәтижелері республиканың немесе өңiрдiң стратегиялық, орта мерзiмдi бағдарламаларының, даму жоспарларының мақсатына қол жеткiзу дәрежесiне, мiндеттерi мен iс-шараларын шешуге тiкелей ықпал ететiн, экономикалық пайда немесе әлеуметтiк-экономикалық әсер алуға бағытталған бюджеттiк бағдарламалар.
      Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдеріне сәйкес бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға және мемлекеттік басқару функциялары мен мемлекет мiндеттемелерiнiң орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған, тұрақты сипаты бар немесе бюджеттiк даму бағдарламаларына жатпайтын бiржолғы іс-шаралар өткiзудi көздейтін шығыстарды бір бюджеттік бағдарламаға бiрiктіруге жол берiлмейдi.
      Ескерту. 24-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.12.15. N 1214 қаулысымен.
 

      25. Iске асыру тәсiліне байланысты бюджеттiк бағдарламалар мыналарға бөлiнедi:
      бiр әкiмшi iске асыратын жеке бюджеттiк бағдарламалар;
      бюджетте бюджеттiк бағдарламалардың бiр әкiмшiсi бойынша бекiтiлетін және қаржы жылы ішінде бюджеттік бағдарламалардың түрлi әкiмшiлерi арасында бөлiнуге тиiсті бөлiнетiн бюджеттік бағдарламалар.
 

      26. Бюджеттiк бағдарламаларда 001-ден 999-ға дейiнгі сыныптамалық код болады. Аттас, оның iшiнде таратылатын бюджеттiк бағдарламаларды орындау кезінде қолданылатын және бюджеттiк бағдарламалардың бiрнеше әкiмшiлерiне бекiтілген бюджеттік бағдарламалардың бiр коды болады және олар 100-ден 199 аралығындағы кодтар бойынша жiктеледi.
 

      27. Бюджеттік кiшi бағдарламаларда 001-ден 999-ғa дейiнгі сыныптамалық код болады. Бірнеше әкiмшiлерге бекiтiлген аттас бюджеттік кiшi бағдарламалар 001-ден 099 аралығындағы кодтар бойынша жiктеледi.
 

      28. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес құрылым бойынша жасалады.

4-тарау. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы

      29. Бюджеттiк бағдарламаларды iске асыру үшін мемлекеттік мекемелер жүзеге асыратын операцияларды бейнелейтін экономикалық сипаттамалар бойынша бюджет шығыстарын топтастыру бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы болып табылады.
 

      30. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасын топтастыру мыналардан тұрады:
      шығыстарды экономикалық белгілерi бойынша топтастыратын санаттар. Сыныптамалық коды 1 белгіден тұрады;
      шығыстарды мемлекеттік мекемелер жүргiзетiн операциялардың негізгі түрлері бойынша топтастыратын сыныптар. Сыныптамалық коды 1 белгiден тұрады;
      шығыстарды мемлекеттік мекемелер жүргiзетiн операциялардың негiзгi түрлері бойынша неғұрлым егжей-тегжейлi топтастыратын iшкi сыныптар. Сыныптамалық коды 3 белгiден тұрады;
      бюджеттiк бағдарламаны iске асыру үшін мемлекеттік мекеме жүргізетін операцияның түрін айқындайтын ерекшеліктер. Сыныптамалық коды 3 белгіден тұрады.
 

      31. Ерекшеліктердiң сыныптамалық кодтары шығыстардың экономикалық сыныптамасының жоғары тұрған деңгейлерiнiң сыныптамалық кодтарынан бөлек қолданыла алады және әртүрлі санаттарда, сыныптарда, iшкі сыныптарда қайталанбауға тиіс.
 

      32. Экономикалық сыныптама мынадай санаттардан тұрады:
 

      ағымдағы шығындар - мемлекеттік мекемелердің өз функцияларын жүзеге асыруға байланысты шығындары;
 

      күрделi шығындар - негiзгi капиталды құруға, қалпына келтіруге немесе сатып алуға байланысты шығындар;
 

      бюджеттік кредиттер - қайтарымды, мерзімді және ақылы негізде бюджеттен бөлiнетiн ақша;
 

      қаржы активтерiн сатып алу - мемлекеттiк меншiкке заңды тұлғалардың, соның ішінде халықаралық ұйымдардың қатысу үлестерiн, бағалы қағаздарын сатып алу жөнiндегi операциялармен байланысты шығыстар;
 

      қарыздарды өтеу - қарыздар бойынша негізгi борышты өтеуге жұмсалатын шығыстар.
 

      33. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес құрылым бойынша жасалады.
 

      34. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасының негізiнде бюджеттiк жоспарлау жөнiндегі орталық уәкiлеттi орган осы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес ерекшелiктердiң анықтамасы мен ерекшелiктер бойынша шығындардың тiзбесi көрсетiлетiн бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы ерекшелігінiң құрылымын жасайды және бекiтедi.

2-бөлiм. Бюджеттiк сыныптаманы жасау, бекiту және
оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi

5-тарау. Бюджеттік сыныптаманы жасау, бекiту және
оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбі

      35. Мемлекеттік басқару органдарының Бюджеттiк сыныптамаға өзгерiстер мен/немесе толықтырулар енгiзу жөнiндегi нормативтiк негізделген тиiстi ұсыныстары бюджеттi жоспарлау процесiнде, сондай-ақ Бюджеттiк сыныптамаға өзгерiстер немесе толықтырулар енгізудi болжайтын нормативтiк құқықтық кесiм қабылданған жағдайда бюджеттi атқару барысында бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлетті органға енгізiледi.
 

      36. Бюджеттік сыныптаманың жобасына алдағы қаржы жылына арналған бюджет жобасын жоспарлау үшiн қажеттi өзгерiстер мен/немесе толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар ағымдағы жылдың 1 мамырына дейiн енгізiледi.
 

      37. Алдағы қаржы жылына арналған Бюджеттiк сыныптама жобасын бюджеттiк жоспарлау жөнiндегі орталық уәкiлетті орган ағымдағы жылдың 1 маусымына дейiн республикалық және жергiлiктi бюджеттердi қалыптастыру үшiн орталық мемлекеттік және жергiлiктi атқарушы органдарға жiбередi.
 

      38. Тиiстi бюджет деңгейлерiнен қолданыстағы сыныптамалық кодтар алынып тасталған жағдайда, Бюджеттiк сыныптаманы жасау кезiнде олардың қолданылуының аяқталу күнi көрсетiледi.
 

      39. Бюджеттiк сыныптаманың жобасы алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасы Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қарауына енгiзiлгеннен кейiн Қазақстан Республикасының Үкiметiне бекiтуге енгізiледi және жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылғы 20 желтоқсанға дейiн бекiтiледi.

6-тарау. Бюджет түсімдерінің сыныптамасын жасау
және оған өзгерістер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi

      40. Бюджеттiк сыныптамада түсiмдердiң жаңа түрлерiн енгізу, қолданыстағыларды алып тастау немесе өзгерту бюджет түсiмдерiнiң тиiстi түрлерiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдердiң негізiнде жүргiзiледi.
      Бұл ретте, нормативтiк құқықтық кесiмдi әзiрлеуге жауапты орган ол бекiтiлгеннен кейiн бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға бюджет түсiмдерiнiң жаңа түрлерiн енгізу туралы, қолданыстағыларды алып тастау немесе өзгерту туралы ұсыныс енгiзедi.
 

      41. Бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган мемлекеттiк басқару органдарының бюджет түсiмдерiнiң жаңа түрлерiн енгізу туралы, қолданыстағыларды алып тастау немесе өзгерту туралы тиiсті ұсыныстарының қолданыстағы нормативтiк құқықтық кесiмдердiң нормаларына, сондай-ақ осы Ережеде көрсетiлген талаптарға сәйкестігін қарайды.
      Бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бұл ұсыныстардан негiздi түрде бас тартады не белгiленген тәртiппен Бюджеттiк сыныптамаға өзгерiстер мен/немесе толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулысының жобасын әзiрлейдi.

7-тарау. Бюджет шығыстарының функционалдық
сыныптамасын жасау және оған өзгерістер мен
толықтырулар енгізу тәртiбi

      42. Республикалық бюджеттiк бағдарламалардың жаңа әкiмшілерiн енгізу, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту орталық мемлекеттiк орган құрылған, таратылған, қайта ұйымдастырылған, сондай-ақ қажет болған кезде олардың функциялары өзгерген жағдайда жүзеге асырылады.
 

      43. Жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың жаңа әкiмшілерiн енгізу, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту жергілiктi мемлекеттiк басқарудың үлгiлiк құрылымы өзгертілген жағдайда жүзеге асырылады.
 

      44. Бюджеттiк сыныптамада жаңа бюджеттiк бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) енгізу, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту бюджет шығыстарының тиiстi түрлерiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдер негізiнде жүргізiледi.
 

      45. Жергiлiктi атқарушы органдар жаңа жергiлiктi бюджеттiк бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) енгізу туралы, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту туралы ұсыныстарды тиiстi орталық салалық мемлекеттiк органдарға жiбередi, олар бұл ұсыныстардың қолданыстағы нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкестiгi, өкiлеттiктердi мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасында тарату мәнiне қарайды.
      Сәйкес келмеген жағдайда орталық салалық мемлекеттiк органдар жергілiктi атқарушы органдарға Бюджеттiк сыныптамаға өзгерiстер мен/немесе толықтырулар енгізуден негiзделген бас тарту жасайды.
      Сәйкес келген жағдайда орталық салалық мемлекеттiк органдар жергiлiктi атқарушы органдар ұсыныстарының жиынтық тiзбесiн жасайды және өздерiнiң қорытындыларымен бiрге бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға жiбередi.
 

      46. Бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган орталық салалық мемлекеттiк органдардың жаңа республикалық және/немесе жергілiктi бюджеттiк бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) енгiзу туралы, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту туралы ұсыныстарының олардың мақсаттары мен мiндеттерiне сәйкестiгiн, нормативтiк құқықтық негiздемесiнiң болуын, сондай-ақ осы Ережеде көрсетiлген талаптарға сәйкестiгiн қарайды.
      Бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бұл ұсыныстардан негiздi түрде бас тартады не белгіленген тәртiппен Бюджеттiк сыныптамаға өзгерiстер мен/немесе толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулысының жобасын әзiрлейдi.
 

      47. Тек бюджет нақтыланған немесе түзетiлген кезде ғана ағымдағы қаржы жылы бюджетiнiң атқарылуы барысында жаңа бюджеттiк бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) енгiзуге, қолданыстағыларын алып тастауға немесе өзгертуге болады.

8-тарау. Бюджет шығыстарының экономикалық
сыныптамасын жасау және оған өзгерiстер мен
толықтырулар енгiзу тәртiбі

      48. Шығыстардың экономикалық сыныптамасының жаңа ерекшелiгiн енгiзу, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту бюджет шығыстарының тиiсті түрлерiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдер негiзiнде, сондай-ақ мемлекеттiк органдардың ұсыныстары ескерiле отырып жүргiзiледi.
 

      49. Бюджеттік жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган мемлекеттiк органдардың шығыстардың экономикалық сыныптамасының жаңа ерекшелiгiн енгiзу туралы, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту туралы тиiстi ұсыныстарының қолданыстағы нормативтiк құқықтық кесiмдердiң нормаларына, сондай-ақ осы Ережеде көрсетiлген талаптарға сәйкестiгiн қарайды.
 

      50. Бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Бюджеттiк сыныптама бекiтiлгеннен кейiнгi 3 жұмыс күнi iшiнде бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы негiзiнде бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы ерекшелiгiнiң құрылымын жасайды және бекiтедi.

Қазақстан Республикасының   
Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын
жасау ережесіне 1-қосымша   

Бюджет түсімдерінің сыныптамасы

___________________________________________________________________
Санаты
  |Сыныбы
  |   |Ішкі сыныбы
  |   |   |Ерекшелігі
  |   |   |   |Қолданылуының аяқталатын күні
  |   |   |   |                        |Атауы
___________________________________________________________________
0
    00
         0
            00
___________________________________________________________________

Қазақстан Республикасының   
Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын
жасау ережесіне 2-қосымша   

Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы

___________________________________________________________________
Функционалдық топ
  |Ішкі функция
  |   |Бағдарламалардың әкімшісі
  |   |   |Бағдарлама
  |   |   |   |Кіші бағдарлама
  |   |   |   |   |Қолданылуының аяқталатын күні
  |   |   |   |   |                     |Атауы
___________________________________________________________________
00
     0
       000
           000
               000
___________________________________________________________________

Қазақстан Республикасының   
Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын
жасау ережесіне 3-қосымша   

Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы

___________________________________________________________________
Санаты
  |Сыныбы
  |   |Ішкі сыныбы
  |   |   |Ерекшелігі
  |   |   |   |Қолданылуының аяқталатын күні
  |   |   |   |                        |Атауы
___________________________________________________________________
0
     0
       000
           000
___________________________________________________________________

Қазақстан Республикасының   
Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын
жасау ережесіне 4-қосымша   

Қазақстан Республикасы бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы ерекшелігінің құрылымы

___________________________________________________________________
Кіші сыныбы | Ерекшелігі | Атауы | Анықтамасы | Шығындар тізбесі
___________________________________________________________________
___________________________________________________________________


Дата вступления в силу:  01.01.2005
Дата изменения акта:  26.01.2009
Дата принятия акта:  14.09.2004
Информация об официальном опубликовании акта:  Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 35, 460-құжат
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  103000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  21241
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  959
Статус акта:  yts
Сфера правоотношений:  006001000000
Форма акта:  ПОСТ / ПОЛ
Юридическая сила:  1000
Язык акта:  kaz