Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясы Үкiметiнiң арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келiсімдi бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 9 қыркүйектегі N 947 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. 2004 жылғы 7 шiлдеде Орал қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Ресей Федерациясы Үкiметiнің арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісiм бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасының Yкiметi мен
Ресей Федерациясы Үкiметiнiң
арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы
Келісім

(2005 жылғы 25 шілдеде күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы саяси, әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық немесе өзге де ынтымақтастық барысында онымен алмасу жүзеге асырылатын құпия ақпаратты, сондай-ақ осындай ынтымақтастық процесiнде пайда болған құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету ниетiн ескере отырып,
      Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз етуде Тараптардың өзара мүдделерiн ескере отырып,
      1993 жылғы 22 қаңтардағы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң үкiметтерi жасасқан мемлекетаралық құпиялардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келiсiмдi iске асырудағы өзара мүдделілікті ескере отырып,
      мына төмендегілер туралы келiстi:

  1-бап
Ұғымдар анықтамасы

      Осы Келiсiмде қолданылатын ұғымдар мыналарды бiлдiредi:
      "құпия ақпарат" - әрбiр Тарап мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес қорғалатын, әрбiр Тарапқа және осы Келiсiмде белгiленген тәртiппен берiлген, сондай-ақ Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде пайда болған, оларды заңсыз тарату Қазақстан Республикасының және (немесе) Ресей Федерациясының қауiпсiздiгi мен мүдделерiне залал келтiруi мүмкiн кез келген нысанда келтiрiлген мәлiметтер;
      "құпия ақпаратты жеткiзгіштер" - құпия ақпарат символдар, бейнелер, дабылдар, техникалық шешiмдер мен процестер түрiнде өз көрiнiсiн табатын материалдық объектiлер, соның ішінде физикалық өрiстер;
      "құпиялылық белгiсi" - құпия ақпаратты жеткiзгішке қойылатын және (немесе) iлеспе құжаттамада көрсетiлетiн, олардың жеткiзгіштерiндегi мәлiметтердің құпиялылық дәрежесi туралы куәландыратын деректемелер;
      "уәкiлетті орган" - Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде берiлетiн және (немесе) пайда болған құпия ақпаратты алуға, сақтауға, қорғауға және пайдалануға Тараптар уәкiлеттiк берген мемлекеттiк билiк органы, мемлекеттiк орган немесе ұйым;
      "құпия ақпаратқа рұқсат беру" - жеке адамдардың құпия ақпаратқа қол жеткiзу, ал уәкілеттi органдардың осындай ақпаратты пайдалана отырып, жұмыстар жүргiзу құқығын ресiмдеу рәсiмi;
      "құпия ақпаратқа қол жеткiзу" - рұқсаты бар жеке адамды құпия ақпаратпен таныстыру процесi;
      "үйлестiрушi орган" - осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi қызметтi үйлестiру үшiн жауапты мемлекеттiк билiк органы, мемлекеттiк орган;
      "келісiм-шарт" - уәкiлеттi органдар арасында жасалатын, оның шеңберінде құпия ақпаратты беру және (немесе) құрау көзделетiн шарт.

  2-бап
Құпия ақпарат

      Мыналар құпия ақпарат болып табылады:
      а) Қазақстан Республикасында:
      жалпы қабылданған халықаралық құқық нормаларына қайшы келмейтiн тиiмдi әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық, сыртқы экономикалық, сыртқы саяси, барлаушылық, қарсы барлаушылық, жедел iздестiрушілік және өзге де қызметтi тиiмдi жүзеге асыру мақсатында таралуын мемлекет шектейтiн мемлекеттiк және қызметтiк құпияларды құрайтын, мемлекет қорғайтын мәлiметтер.
      Құпия ақпаратты рұқсатсыз тарату салдарынан Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне немесе мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мүдделерiне немесе ел экономикасы саласына келтiрiлуi мүмкiн залалға қарай құпия ақпаратты жеткiзгіштер үшiн тиiстi құпиялылық белгiлерi белгiленедi:
      "Аса маңызды" - олардың таралуы Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне көрсетiлген салалардың бiрiнде немесе бiрнешеуiнде залал келтiруi мүмкiн әскери, сыртқы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлаушылық, қарсы барлаушылық және жедел iздестiрушілік қызмет саласындағы мәлiметтер;
      "Өте құпия" - олардың таралуы Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне, мемлекеттiк органның мүдделерiне немесе мемлекет экономикасы саласына көрсетiлген салалардың бiрінде немесе бiрнешеуiнде залал келтiруi мүмкiн әскери, сыртқы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлаушылық, қарсы барлаушылық және жедел iздестiрушілiк қызмет саласындағы мәлiметтер;
      "Құпия" - жеке деректер сипатындағы, мемлекеттiк құпияның құрамына кiруi мүмкiн, олардың таралуы немесе жоғалуы әскери, сыртқы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлаушылық, қарсы барлаушылық және жедел iздестiрушілік қызмет саласында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мүдделерiне залал келтiруi мүмкiн өзге де мәлiметтер.
      "Аса маңызды" және "Өте құпия" деген құпиялылық белгілерi бар құпия ақпарат мемлекеттік құпияға жатады, "Құпия" деген құпиялылық белгiсi барлар қызметіне құпияға жатады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік және қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтер мемлекеттік құпияларға жатады.
      б) Ресей Федерациясында:
      олардың таратылуы Ресей Федерациясының қауiпсiздiгiне, оның саяси немесе экономикалық мүдделерiне залал келтiруi мүмкiн әскери, сыртқы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлаушылық, қарсы барлаушылық, жедел iздестiрушілік қызмет саласындағы мемлекет қорғайтын мәлiметтер. Құпия ақпаратты рұқсатсыз тарату салдарынан келтiрiлуi мүмкiн залалға қарай құпия ақпараттың мынадай құпиялылық дәрежелерi және құпия ақпаратты жеткiзгіштер үшiн осы құпиялылық дәрежелерiне сәйкес келетiн құпиялылық белгiлерi белгіленген:
      "Аса маңызды" - олардың таралуы Ресей Федерациясының мүдделерiне көрсетiлген салалардың бiрiнде немесе бiрнешеуiнде залал келтiруi мүмкiн әскери, сыртқы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлаушылық, қарсы барлаушылық және жедел iздестiрушілік қызмет саласына жататын мәлiметтер;
      "Өте құпия" - олардың таралуы Ресей Федерациясының атқарушы өкiметi федералды органының мүдделерiне немесе экономика саласына көрсетiлген салалардың бiрiнде немесе бiрнешеуiнде залал келтiруi мүмкiн әскери, сыртқы саяси, экoнoмикалық, ғылыми-техникалық, барлаушылық, қарсы барлаушылық және жедел iздестiрушiлiк қызмет саласына жататын мәлiметтер;
      "Құпия" - олардың таралуы Ресей Федерациясы ұйымдарының мүдделерiне көрсетілген салалардың бiрiнде немесе бiрнешеуiнде залал келтiруi мүмкiн әскери, сыртқы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлаушылық, қарсы барлаушылық және жедел iздестiрушілік қызмет саласына жататын мәлiметтер.
      Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес "Аса маңызды", "Өте құпия" және "Құпия" деген белгiлерi бар құпия ақпарат мемлекеттік құпияға жатады.

  3-бап
Құпиялылық дәрежелерiнiң салыстырмалылығы

      Тараптар Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес құпиялылық дәрежелерi мен оларға сәйкес келетiн құпиялылық белгiлерi мынадай үлгiде салыстырылатындығын белгiлейдi:

      Қазақстан Республикасында           Ресей Федерациясында

      "Аса маңызды"
      ("Особой важности")                 "Особой важности"

      "Өте құпия"
      (Совершенно секретно")              "Совершенно секретно"

      "Құпия"
      ("Секретно")                        "Секретно"

  4-бап
Үйлестiрушi органдар

      Тараптар өз мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес үйлестiрушi органдарды анықтайды, ол туралы дипломатиялық арналар бойынша бiр-бiрiне хабарлайды.

  5-бап
Құпия ақпаратты қорғау жөнiндегі шаралар

      1. Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес Тараптар:
      басқа Тарап берген және (немесе) Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде пайда болған құпия ақпаратты қорғауға;
      оны берген Тарап қойған құпиялылық белгiсiн Тараптардың жазбаша келiсiмiнсiз өзгертпеуге;
      Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде алынған және (немесе) пайда болған құпия ақпаратқа қатысты өзiнің дәл сондай құпиялылық дәрежесiндегi (осы Келiсiмнің 3-бабына сәйкес салыстырылатын) өзiнiң құпия ақпаратына қатысты қолданылатын дәл сондай қорғау шараларын қолдануға;
      басқа Тараптың уәкiлеттi органынан алынған құпия ақпаратты тек оны беру кезiнде көзделген мақсаттарда пайдалануға;
      оны берген Тараптың алдын ала жазбаша келiсiмiнсiз үшінші тарапқа құпия ақпаратты алуға рұқсат бepмeугe;
      басқа Тараптың алдын ала жазбаша келiсiмiнсiз Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде пайда болған құпия ақпаратты алуға үшiншi тарапқа рұқсат бермеуге мiндеттенедi.
      2. Құпия ақпаратқа қол жеткiзу осы ақпаратты бiлу оны беру кезiнде көзделген мақсаттарда қызметтiк мiндеттерiн орындау үшiн қажеттi адамдарға ғана рұқсат етiледi.
      3. Құпия ақпаратқа қол жеткiзу тиiстi құпиялылық дәрежесiндегi құпия ақпаратқа рұқсаттары бар адамдарға ғана берiледi.
      4. Қажет болған жағдайда құпия ақпаратты қорғау жөнiндегi қосымша талаптар (құпия ақпаратпен жұмыс iстеу жөнiндегі міндеттемелер және оны қорғау жөнiндегi шаралар толығымен жазылған) тиiстi келiсiм-шарттарға қосылады.

  6-бап
Құпия ақпаратты беру

      1. Бiр Тараптың уәкiлетті органы басқа Тараптың уәкiлеттi органына құпия ақпаратты бергiсi келсе, ол өз Тарабының үйлестiрушi органынан басқа Тараптың болжанып отырған уәкілетті органында құпия ақпаратқа рұқсатының бар екендігіне алдын ала жазбаша растама сұратады.
      Тараптардың бiрінің үйлестiрушi органы басқа Тараптың үйлестiрушi органынан басқа Тараптың уәкiлеттi органында құпия ақпаратқа рұқсатының бар-жоқтығына жазбаша растама сұратады.
      2. Құпия ақпаратты беру туралы шешімдi Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес әрбiр жеке жағдайда Тараптар қабылдайды.
      3. Бiр мемлекеттен екінші мемлекетке құпия ақпаратты дипломатиялық арналармен, фельдъегерлiк қызметтiң немесе соған уәкілеттік берілген қызметтің беруі Тараптар арасында қолданылып жүрген келісiмдерге сәйкес жүзеге асырылады. Тиісті уәкілетті орган құпия ақпаратты алғандығын pастайды.
      4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген қызметтер арқылы берілуі мүмкiн емес құпия ақпаратты беру үшiн уәкiлетті органдар Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес тасымалдау тәсiлi, бағыты және алып жүру нысаны туралы уағдаласады.

  7-бап
Құпия ақпаратпен жұмыс iстеу

      1. Берiлген құпия ақпаратты жеткiзгіштерге оны алу үшiн жауапты уәкiлеттi орган осы Келiсiмнің 3-бабына сәйкес салыстырылатын құпиялылық белгiлерiн қосымша қояды.
      Құпиялылық белгілерiн қоюдың мiндеттілігі Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде, аудару, көшiру немесе тираждау нәтижесiнде пайда болған құпия ақпаратқа қолданылады.
      Берiлген құпия ақпарат негiзінде пайда болған құпия ақпаратты жеткізгішке берiлген құпия ақпараттың құпиялылық белгiсiнен кем болмайтын құпиялылық белгiсi қойылады.
      2. Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде пайда болған және (немесе) берiлген құпия ақпарат өздерiнiң құпия ақпаратына қатысты қолданылатын талаптарға сәйкес есепке алынады және сақталады.
      3. Алынған құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесiн оны берген Тараптың уәкiлеттi органының жазбаша рұқсаты бойынша ғана уәкiлеттi орган өзгерте немесе алып тастай алады.
      Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде пайда болған құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесi Тараптардың уәкiлеттi органдарының өзара келісiмi бойынша анықталады, өзгертiледі немесе алынып тасталады.
      Құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесiн өзгерту немесе алып тастау туралы оны берген Тараптың уәкiлеттi органы мейлiнше қысқа мерзiмде басқа Тараптың тиiстi уәкiлеттi органына хабарлайды.
      4. Құпия ақпаратты (оны жеткiзгіштердi) көбейту (тираждау) оны берген уәкiлеттi органның жазбаша рұқсатымен жүзеге асырылады.
      Құпия ақпаратты (оны жеткiзгіштердi) жою құжаттамалық расталады, ал жою процесi оның қайта шығарылмауын және қалпына келтiрiлмеуiн қамтамасыз етуi тиiс. Құпия ақпаратты (оны жеткiзгіштердi) қайтару туралы немесе жою туралы оны берген Тараптың уәкiлеттi органына хабарланады.

  8-бап
Келiсiм-шарттар

      Тараптардың уәкiлеттi органдары жасасатын келiсiм-шарттарға жеке бөлiм қосылады, онда мыналар анықталады:
      Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде берiлетiн және (немесе) пайда болған құпия ақпараттың тiзбесi және оның құпиялылық дәрежелерi;
      Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде берiлетiн және (немесе) пайда болған құпия ақпаратты қорғау ерекшелiктерi, оны пайдалану шарттары;
      даулы жағдайларды шешу және Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде берілетiн және (немесе) пайда болған құпия ақпаратты рұқсатсыз таратудан болуы мүмкiн залалды өтеу тәртiбi.

  9-бап
Консультациялар

      1. Үйлестiрушi органдар осы Келiсiмдi iске асыру үшiн қажеттi көлемде құпия ақпаратты қорғау саласындағы өз мемлекеттерінің тиiстi заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiмен алмасады.
      2. Осы Келiсiмдi iске асыру кезiнде ынтымақтастықты қамтамасыз ету мақсатында үйлестiрушi органдар олардың бiрiнiң өтініші бойынша бірлескен консультациялар өткiзедi.

  10-бап
Сапарлар

      1. Бiр Тараптың уәкiлеттi органдары өкілдерінің басқа Тарап мемлекетiнiң құпия ақпаратына олардың қол жеткiзуiн көздейтін сапарлары қабылдайтын Тарап мемлекетінің заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. Мұндай барып-қайтуға рұқсат тек осы Келісiмнiң 5-бабының 2-тармағында көрсетiлген адамдарға ғана берiледi.
      2. Сапарларды, соның iшiнде бiрнеше рет болатындарын жүзеге асыру мүмкiндiгi туралы өтініштер болжалды сапар мерзiмiне дейiн төрт аптадан кешіктiрмей жiберiледi.
      Болжалды сапарлар туралы өтiнiште мынадай мәлiметтер болуға тиiс:
      уәкiлеттi орган өкiлiнің тегi мен аты, туған күнi мен жерi, азаматтығы мен төлқұжатының нөмiрi;
      уәкiлеттi орган өкiлiнің мамандығы мен лауазымы, ол жұмыс iстейтiн уәкiлеттi органның атауы;
      тиiстi құпиялылық дәрежесiндегi құпия ақпаратқа рұқсатының бар-жоғы туралы ақпарат;
      сапардың болжалды күнi және жоспарланып отырған ұзақтығы;
      сапардың мақсаты;
      оларда болу жоспарланып отырған уәкілеттi органдардың атаулары;
      уәкiлетті органның өкiлі кездеседi деп күтiлетiн адамдардың лауазымдары, тектерi мен аттары.
      3. Бiр Тараптың уәкілетті органдарының өкiлдерi басқа Тараптың тиiстi құпиялылық дәрежесіндегi құпия ақпаратпен жұмыс iстеу ережелерiмен танысады және осы ережелердi сақтайды.

  11-бап
Құпия ақпаратты қорғау жөнiндегi шараларды
жүзеге асыруға арналған шығыстар

      Уәкiлеттi органдар осы Келiсiмдi iске асыру процесiнде туындайтын барлық шығыстарды өздерi өтейдi.

  12-бап
Құпия ақпаратты қорғау жөніндегі талаптарды бұзу
және залал мөлшерiн анықтау

      Басқа Тараптың уәкілетті органы берген және (немесе) Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде пайда болған құпия ақпараттың рұқсатсыз таралуына әкелген құпия ақпаратты қорғау жөнiндегi талаптар бұзылған жағдайда тиiстi Тараптың уәкiлетті немесе үйлестiруші органы басқа Тараптың уәкiлеттi немесе үйлестiрушi органына дереу хабарлайды, қажеттi тексеру жүргiзедi және құпия ақпаратты берген Тараптың үйлестiруші органына тексеру нәтижелерi туралы және аумағында бұзушылық орын алған Тарап мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес қабылданған шаралар туралы хабарлайды.
      Құпия ақпаратты рұқсатсыз таратудан келетiн ықтимал залалдың мөлшерi құпия ақпараты рұқсатсыз таратылған Тарап мемлекетiнiң заңнамасында белгiленген тәртіппен анықталады.

  13-бап
Басқа уағдаластықтарға қатысы

      Құпия ақпаратты сақтауды қамтамасыз ету режимiн реттейтiн Тараптар арасында бар уағдаластықтар осы Келiсiмге қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданыла бередi.

  14-бап
Даулы мәселелердi шешу

      Осы Келісiмдi түсіндiруге немесе қолдануға қатысты даулар Тараптардың үйлестiрушi органдары арасындағы келiссөздер жолымен шешiледi.

  15-бап
Келiсiмнiң күшіне енуi, қолданылатын мерзiмi
және қолданылуын өзгерту және тоқтату

      1. Осы Келiсiм Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшілік рәсiмдердi орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшiне енедi және белгiсiз мерзiмге жасалады.
      2. Өзара уағдаластық бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнің ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделедi.
      3. Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналар арқылы басқа Тарапқа оның күшiн тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарлама жiберу жолымен осы Келiсiмнің қолданылуын тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келісiмнiң қолданылуы көрсетiлген хабарламаны алған күннен бастап алты ай еткеннен кейiн тоқтатылады.
      4. Осы Келiсiмнiң қолданылуы тоқтатылған жағдайда Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде берiлген және (немесе) пайда болған құпия ақпаратқа қатысты құпиялылық белгiсi алынбайынша, осы Келiсiмнің 5-бабында көзделген оны қорғау жөнiндегi шаралар қолданыла бередi.
      5. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсіндiру үшiн келiспеушiліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiндi пайдаланады.

      2004 жылғы 7 шiлдеде Орал қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тiлдерiнде екi данада жасалды, бұл ретте екi мәтiннің де бiрдей күшi бар.

       Қазақстан Республикасының             Ресей Федерациясының
      Yкiметi үшiн                          Yкiметi үшін