Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды ұйымдастыру және жүргізу ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 14 тамыздағы N 815 қаулысы. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2006.11.15. N 1082 (алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгізіледi) қаулысымен.

      "Атмосфералық ауаны қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 11 наурыздағы  Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды ұйымдастыру және жүргізу ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2003 жылғы 14 тамыздағы 
N 815 қаулысымен    
бекiтілген     

  Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы
мемлекеттiк бақылауды ұйымдастыру және жүргiзу
Ережесі

  1. Жалпы ережелер

      1. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау (бұдан әрi - Мемлекеттiк бақылау) Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуына бағытталған. Мемлекеттiк бақылауды Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы, оның аумақтық бөлiмшелерi және жергілiктi атқарушы органдары жүзеге асырады.
      Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру кезiнде орталық атқарушы орган және оның аумақтық бөлiмшелерi өз құзыретi шегiнде жергілiктi атқарушы органдармен, сондай-ақ мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетiмен және жол полициясы бөлiмшелерiмен өзара iс-қимыл жасайды.

      2. Жергiлiктi атқарушы органдар атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды өзiнiң заңнамалық кесiмдерде белгiленген құзыретi шегiнде жүзеге асырады.

      3. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау зиянды (ластайтын) заттар шығарындыларының көздерi бар, оның iшiнде қозғалмалы объектiлердi (бұдан әрi - Объектiлер) тексеруге бағытталған.

      4. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау тексеру жүргiзу нысанында жүзеге асырылады.

      5. Тексерудiң кезеңділігi Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларымен анықталады.

  2. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы
мемлекеттiк бақылауды ұйымдастырудың тәртiбi

      6. Мемлекеттiк бақылауды ұйымдастыру мыналарды:
      1) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы басшысының тексерудi жүзеге асыру бойынша мiндеттер мен мәселелердiң тiзбесiн өзiне қамтитын тексерудiң жұмыс жоспарын белгiленген тәртiппен әзiрлеуiн және бекiтуiн;
      2) Объектiлердi тексерудi Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп жөнiндегi комитетiнде (бұдан әрi - ҚСАЕК) және облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша оның құрылымдық бөлiмшелерiнде тiркеудi;
      3) атмосфералық ауадағы (ластаушы) зиянды заттардың сапалық және сандық құрамын, сондай-ақ атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етуiн анықтау үшiн қатаң есептiлiк бланкiлерiн және техникалық құралдарды дайындауды;
      4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органның мемлекеттiк инспекторында (бұдан әрi - мемлекеттiк инспектор) тексеру жүргiзу кезiнде өзiмен бiрге ҚCAEK-де тiркелген тексерудi тағайындау туралы актi, қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган берген белгiленген үлгiдегi қызмет куәлiгi және мынадай бланкiлер:
      табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын тексеру акт-нұсқамасы;
      табиғатты қорғау заңнамасының бұзылғандығы туралы хаттама;
      әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жөнiндегi қаулы;
      экологиялық талаптарды бұза отырып жүзеге асырылатын шаруашылық қызметтi және өзге де қызметтi тоқтата тұру немесе тыйым салу туралы нұсқама;
      экологиялық талаптарды бұза отырып немесе экологиялық сараптаманың оң қорытындысынсыз жүзеге асырылатын объектiлердi салуды және пайдалануға берудi, шаруашылық және өзге де қызметтi қаржыландыруды тоқтату туралы нұсқама болуы қамтиды.

  3. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы
мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырудың тәртiбi

      7. Мемлекеттiк инспектор Объектiге келгеннен кейiн тексерiлетiн объектiнiң тиiстi лауазымды тұлғасына қызмет куәлiгiн көрсетедi және ҚСАЕК-де тiркелген тексерудi тағайындау туралы актiнi тапсырады.

      8. Тексеру барысында мыналар:
      1) атмосфералық ауаға зиянды (ластайтын) заттар тастандыларына және оған зиянды физикалық әсер етуге берiлген рұқсаттарда белгiленген шарттардың сақталуы;
      2) атмосфералық ауаны қорғау стандарттарының, нормативтерiнiң, ережелерiнiң және өзге де талаптардың, оның iшiнде атмосфералық ауаны қорғау бойынша өндiрiстiк бақылауды жүргiзу құжаттамасының сақталуы;
      3) атмосфералық ауаға зиянды (ластайтын) заттар тастандыларының және зиянды физикалық әсер етуге тұрақты көздерi бар объектілердiң санитарлық-қорғау аймақтары режимiнiң сақталуы;
      4) атмосфералық ауаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламалардың орындалуы;
      5) Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңнамасы өзге де талаптарының сақталуы анықталады.

      9. Егер Объектiде қоршаған ортаның жағдайын өндiрiстiк бақылау жөнiндегi жұмыстарды орындайтын зертхана бар болса, онда мыналар:
      1) стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган куәлiгiнiң бар-жоғы бөлiгiнде аттестацияланған зертхананың құжаттамасы;
      2) өлшеу нәтижелерi бойынша есептiк құжаттаманың бар-жоғы, өндiрiстiк бақылау кестелерiнiң сақталуы және есепке алу журналының жүргiзілуi тексерiледi.

      10. Көлiк және өзге де жылжымалы құралдарды тастандылардың үлестiк нормативтерге сәйкестiгiн тексерудi жүзеге асыру кезiнде мыналар:
      1) улы заттардың құрамын және автокөлiк және өзге де жылжымалы құралдардың пайдаланылған газдарындағы түтiндiк деңгейiн тексеру үшiн бақылау-өлшеу жабдықтарының бар-жоғы, сондай-ақ осы аппаратуралардың мемлекеттiк тексеруден өткендiгi туралы сертификаттың бар-жоғы;
      2) улы заттардың шектi рұқсат етiлетiн құрамын және автокөлiк және өзге де жылжымалы құралдардың пайдаланылған газдарының түтiндiк деңгейiне тексеру жүргiзудi есепке алу журналының жүргізілуі;
      3) жоспарлы бiрiншi және екiншi мерзiмдi техникалық қызмет көрсету (TO-1, TO-2) уақытында бензинмен жұмыс iстейтiн двигательдi - 17.2.2.03 МЕМСТ бойынша автокөлiк құралдарының пайдаланылған газдарындағы улы заттардың шектi рұқсат етiлетiн құрамына және дизельмен жұмыс iстейтiн двигательдi - 21393 МЕМСТ бойынша автокөлiк құралдарының пайдаланылған газдарындағы шектi рұқсат етiлетiн түтiндiк деңгейiн тексерудiң жүргiзiлуi тексерiледi.

  4. Қауiпсiздiк техникасы

      11. Объектiнiң қызметiне тексеру жүргiзу кезiнде мемлекеттiк инспектор осы Объектiге арналған қауiпсiздiк техникасы мен өндiрiстiк санитария жөнiндегi жалпы, арнайы ережелер мен нұсқаулықтардың талаптарын орындайды.

  5. Тексеру нәтижелерiн ресiмдеу

      12. Тексеру нәтижелерiн ресiмдеу кезiнде мемлекеттiк инспектор қолданыстағы атмосфералық ауаны қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген арнайы терминдер мен анықтамаларды ғана пайдаланады.
      Объектінi тексеру нәтижелерi бойынша мемлекеттiк инспектор атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңнама талаптарының сақталуын тeкcepу акт-нұсқамасын жасайды.
      Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамаларға сәйкес мемлекеттiк инспектор:
      1) атмосфералық ауаны қорғау туралы заңнаманың бұзылғандығы анықталған жағдайда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасайды және осы құқық бұзушылық бойынша қаулы шығарады;
      2) ерекше жағдайларда, көрсетiлген мерзiмде талап қою шағымы мiндеттi түрде сотқа ұсыныла отырып, экологиялық талаптарды бұза отырып жүзеге асырылатын жеке кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның қызметiн үш күннен аспайтын мерзiмге тоқтатады не тыйым салады. Бұл ретте қызметтi тоқтата тұру не тыйым салу туралы нұсқама сот шешiмi шығарылғанға дейiн қолданылады.
      Егер, шаруашылық және өзге қызметтiң объектiлерiн салу немесе пайдалану экологиялық талаптарды бұза отырып немесе мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысынсыз жүзеге асырылса, мемлекеттiк инспектор "Атмосфералық ауаны қорғау туралы" Заңға сәйкес тиiстi қаржы-кредит ұйымдарына мұндай қызметтi қаржыландыруды тоқтату туралы нұсқама шығарады.