04.11.1992

Қазақстан Республикасы мен Молдова Республикасы арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Шарт

(Шарт 1996 жылғы 9 қазаннан бастап күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2003 ж., N 11, 82-құжат)

      Бұдан әрі Мәртебелі Келісуші Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Молдова Республикасы
      - олардың халықтары арасындағы байланыстарға, достық қатынастарға және өзара құрметтеу дәстүрлеріне сүйене отырып,
      - достық пен өзара тиімді ынтымақтастық дәнекерлерін одан әрі кеңейтіп, нығайту жөніндегі ұйғарымды еске ала отырып,
      - халықаралық құқық нормаларына, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен принциптеріне және Европадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі кеңестің құжаттарына адалдығымызды қуаттай отырып,
      - олардың арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастық қатынастарын одан әрі дамыту екі мемлекеттің халықтарының мүдделеріне сай келеді деп есептей отырып,
      - олардың арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық пен сенімді тереңдете түсу мақсатында саяси, экономикалық, мәдени, ғылыми салалардағы екі жақты қатынастарды дамытуды көздей отырып,
      мына төмендегі жайында келісті:

1-бап

      Мәртебелі Келісуші Тараптар мемлекеттік егемендік пен территориялық тұтастықты өзара құрметтеу, тең құқықтылық пен ішкі істерге араласпау, дауларды бейбіт жолмен реттеу және күш қолданбау немесе күш қолданамын деп қорқытпау, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды сақтау принциптерін, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған басқа да нормаларын дәйекті түрде басшылыққа ала отырып, өз қатынастарын дос мемлекеттер ретінде құрады.

2-бап

      Мәртебелі Келісуші Тараптар аймақтық ауқымда да, сондай-ақ ғаламдық ауқымда да бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында өзара бірлесіп іс-қимыл жасайды.
      Мәртебелі Келісуші Тараптар олардың біріне қарсы бағытталған қандай да болсын одақтарға немесе блоктарға қатыспайды.

3-бап

      Мәртебелі Келісуші Тараптар Қазақстан Республикасы мен Молдова Республикасының территориялық тұтастығы мен қазіргі шекараларын мойындайды және құрметтейді.
      Мәртебелі Келісуші Тараптар екі мемлекеттің әрқайсысының тәуелсіздігіне, территориялық тұтастығына қарсы бағытталған немесе ұлтаралық қатынастарды шиеленістіруді көздеген ұйымдар мен топтардың құрылуына және жұмыс істеуіне, сондай-ақ жеке адамдардың әрекет етуіне өз заңдарына сәйкес тыйым салады.

4-бап

      Мәртебелі Келісуші Тараптар адам құқықтары туралы жалпы жұрт таныған халықаралық нормаларға сәйкес, сондай-ақ өз ұлттық заңдарын ескере отырып, өз территориясында тұратын адамдарға, олардың ұлттық немесе басқа өзгешеліктеріне қарамастан, тең құқықтар мен бостандықтар болуына кепілдік береді.

5-бап

      Мәртебелі Келісуші Тараптар адам құқықтарын және негізгі бостандықтарды олардың заң алдындағы толық теңдігі жағдайларында толық жүзеге асыруға ұлттық азшылыққа жататын адамдардың қақылы екендігіне кепілдік береді.
      Мәртебелі Келісуші Тараптар өз территориясындағы екінші Мәртебелі Келісуші Тараптың ұлттық азшылығының немесе этникалық, мәдени, тілдік және діни өзіндік ерекшеліктерінің дамуына жәрдемдеседі және олардың қорғалуын қамтамасыз етеді.

6-бап

      Мәртебелі Келісуші Тараптардың тең құқықтық және өзара тиімді экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастығының кеңеюіне және тереңдеуіне жәрдемдеседі.
      Мәртебелі Келісуші Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа оның құқықтарына және заңды мүдделеріне ықпалын тигізетін экономикалық шешімдер туралы алдын ала хабарлайды, сондай-ақ екінші Мәртебелі Келісуші Тараптың экономикалық жағдайын тұрақсыздандыратын біржақты шараларды жүзеге асырудан сақтанады.

7-бап

      Мәртебелі Келісуші Тараптар кәсіпкерлік және басқа шаруашылық қызмет үшін, бұған өзара мейлінше қолайлы режим жасауды, ынталандыруды және инвестицияларды өзара қорғауды қоса алғанда, қолайлы экономикалық қаржылық және құқықтық жағдайларды қамтамасыз етеді, сондай-ақ бірлескен кәсіпорындарды және кооперацияның басқа да нысандарын, екі мемлекеттің азаматтары, фирмалары және олардың ынтымақтастығының басқа да субъектілері арасындағы тікелей байланыстарды дамытуды барынша ынталандырады.
      Осы баптың ережелерін орындау үшін Мәртебелі Келісуші Тараптар жекелеген үкіметаралық Келісімдер жасасады.

8-бап

      Мәртебелі Келісуші Тараптардың біреуінің екінші Мәртебелі Келісуші Тараптың территориясындағы мемлекеттік мүлкінің, заңды ұйымдары мен азаматтары мүлкінің құқықтық режимі, егер бұл олардың арасындағы келісімде қарастырылмаған болса, мүлік тұрған елдің заңдарымен реттеледі.

9-бап

      Мәртебелі Келісуші Тараптар экономикалық ақпаратпен кең көлемде алмасуды жүзеге асырады және онымен екі Мәртебелі Келісуші Тараптың кәсіпорындарының, кәсіпкерлерінің және ғалымдарының танысуын қамтамасыз етеді.
      Мәртебелі Келісуші Тараптар олардың арасындағы ынтымақтастыққа байланысты экономика, қаржы, көлік, инвестиция, кедендік ережелер және басқа қызмет салаларында заңдар мен басқа заң актілері туралы ақпаратпен де алмасатын болады.

10-бап

      Мәртебелі Келісуші Тараптар экологиялық қауіпсіздікке айрықша маңыз береді.
      Мәртебелі Келісуші Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа халықтың өмір сүру қабілетіне қауіп туғызатын табиғи факторлар әсерінен пайда болған экологиялық апаттар мен жағдайларда көмек көрсетеді.

11-бап

      Мәртебелі Келісуші Тараптар барлық мәдени-тарихи мұралармен, архивтермен, ақпараттық және ғылыми-техникалық мәліметтер жиынтығымен және қорлармен еркін пайдалану үшін мүмкіндіктер жасай отырып, олардың халықтарының арасындағы мәдениет, өнер, әдебиет, бұқаралық ақпарат құралдары, спорт және туризм салаларындағы байланыстарды кеңейтеді және тереңдетеді.

12-бап

      Мәртебелі Келісуші Тараптар білім беру, білікті ғылыми кадрлар даярлау саласында ынтымақтастықты жүзеге асырады және ғалымдар, мамандар, аспиранттар, стажерлар және студенттер алмасуды ынталандырады.

13-бап

      Мәртебелі Келісуші Тараптар құқық саласында ынтымақтасудың қажеттілігін мойындайды.
      Мәртебелі Келісуші Тараптар құқық актілерін дайындау және қолдану жөнінде тұрақты түрде ақпарат алмасуды жүзеге асырып, халықаралық-құқықтық құжаттар дайындауға қатысуда күш-жігер біріктіреді.
      Мәртебелі Келісуші Тараптар қылмыстық, азаматтық және отбасылық істер бойынша бір-біріне өзара құқықтық көмек көрсетеді.

14-бап

      Мәртебелі Келісуші Тараптар қылмыспен, терроризммен, нашақорлықпен, сондай-ақ нашаны, қаруды заңсыз сатушылықпен және контрабандамен күресте ынтымақтастықты кеңейте және тереңдете түседі.

15-бап

      Мәртебелі Келісуші Тараптар екі мемлекеттің парламенттері мен парламентарийлері, сондай-ақ әр түрлі деңгейдегі мемлекеттік өкімет органдары арасындағы байланыстар мен ынтымақтастықты дамытуға көңіл бөліп отырады.

16-бап

      Мәртебелі Келісуші Тараптар осы Шартты жүзеге асыру мақсатында оны орындау мәселелері бойынша қажеттілігіне қарай екі жақты консультациялар өткізіп тұрады.

17-бап

      Мәртебелі Келісуші Тараптар өзара осы Шарттың ережелерін нақты жүзеге асыруға қажетті басқа да шарттар мен келісімдер жасасады.

18-бап

      Осы Шарт қайсыбір болмасын басқа мемлекетке қарсы бағытталып отырған жоқ және Мәртебелі Келісуші Тараптар қатысушысы болып табылатын өзге халықаралық шарттардан туындайтын олардың міндеттемелері мен құқықтарына ешбір нұқсан келтірмейді.

19-бап

      Осы Шарт Мәртебелі Келісуші Тараптардың заңдарына сәйкес бекітілуге тиіс және бекіту грамоталары алмасылған күні күшіне енеді.

20-бап

      Осы Шарт 10 жыл мерзімге жасалып отыр.
      Егер Мәртебелі Келісуші Тараптардың ешқайсысы да осы Шарттың қолданыста болу мерзімі аяқталудан кемінде 1 жыл бұрын оны бұзу туралы өзінің тілегін жазбаша түрде хабарламаса, онда Шарттың қолданылу мерзімі өздігінен келесі бес жылдық кезеңге ұзартылады.

21-бап

      1992 жылы 4 қарашада Алматы қаласында әрқайсысы қазақ және румын тілдерінде екі дана болып жасалды, сондай-ақ екі текстің де күші бірдей.
      Әрбір Мәртебелі Келісуші Тарапқа осы Шарттың бір данасымен бірге орыс тіліндегі аудармасының ресми тексі тапсырылады.

(Қолдары)  

_________________
      Осы Шарт Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы
      19 қазандағы N 2455-XII қаулысымен Қазақстан Республикасымен
      бекітілген


Дата вступления в силу:  09.10.1996
Дата изменения акта:  04.11.1992
Дата принятия акта:  04.11.1992
Информация об официальном опубликовании акта:  ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 2003 ж., N 11, 82-құжат
Место принятия:  100055000000
Орган, принявший акт:  200000000000
Регион действия:  200000000000
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  НЕТ
Статус акта:  new
Сфера правоотношений:  032003000000
Форма акта:  ДОГ
Юридическая сила:  1300
Язык акта:  kaz