Қазақстан Республикасы Yкiметi мен Пакистан Ислам Республикасы Yкiметi арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы Келісім

Келісім, Исламабад қ., 1992 жылғы 24 ақпан

      * Қол қойылған күнінен бастап күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2003 ж., N 10, 72-құжат.

      Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Пакистан Ислам Республикасының Yкiметі (бұдан былай "Уағдаласушы Жақтар") екi ел арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастық орнату талабын бiлдiре келiп,
      мына төмендегiлер туралы осы келiсiмдi жасады:

1-бап

      Уағдаласушы Жақтар ғылыми-техникалық және экономикалық буындарда тәжiрибе алмасуға өздерiнiң мүмкiндiктерiне қарай өзара жәрдемдесе отырып, ғылыми-техникалық салада:
      а) ғылым мен техниканың барлық мәселелерiнен консультация мен жәрдем берудi қамтамасыз ету үшiн сарапшылар мен басқа мамандардың көмек көрсетуi;
      б) ғылыми-техникалық кадрларын оқытуға қаржыдай жәрдем беру;
      в) ғылым және техниканы жоспарлау мен ұйымдастыру iсімен танысу мақсатымен қысқа мерзімге баратын ғылыми делегациялармен алмасу, конгрестерге, симпозиумдар мен басқа да ғылыми шараларға қатысу;
      г) техникалық көмек көрсету және ғылыми және техникалық хабарламамен алмасу;
      д) ғылыми орталықтар мен лабораторияларды ұйымдастыруға және жабдықтауға қатысу және ықпал ету;
      е) бiрлескен ғылыми-зерттеу және тәжiрибе-конструкторлық жұмыстарды жүргізу және техникалық дамудың бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыру;
      ж) өзара келiсiлген шарттармен технологиялар беру;
      з) екi жақтың Уағдаласуымен ынтымақтасудың осы бапта көрсетiлгеннен басқа да әдiстерi мен құралдары жолымен ынтымақтасады.

2-бап

      Осы келісімнің шарттарына сәйкес бағдарламаларды, жобаларды жасаудың шарттары мен ынтымақтастықтың түрлерiн айқындау және олардың егжей-тегжейi бастапқы делегация алмасуынан кейiн пысықталады. Бұл ретте елдер арасындағы Арнайы Протоколдар қажет болған жағдайда шамамен әрбiр 2-3 жылда ресiмделедi және кәдiгүнгi дипломатиялық арналар арқылы талқыланады. Мұндай кездесулер үшiн екi жақтың өкiлдерi немесе делегациялары ынтымақтастықтың ғылыми-техникалық бағдарламаларын түпкiлiктi жасап бiтiру үшiн және әрбiр Арнайы Протоколда көзделген кезеңге арналған бағдарламаларды жүзеге асырудағы бiрлескен қызмет жетiстiктерiнiң барысын қарау үшiн екi ел астаналарында кезекпен жолығысады.
      Уағдаласушы Жақтар өз елдерiнiң қолданылып жүрген заңдарына сәйкес жоғарыда аталған Арнайы Протоколдарда көзделген бағдарламаларды, жобаларды және бiрлескен қызметтi жүзеге асыруға өз елдерiнiң жеке меншiктi ұйымдары мен мекемелерiнiң қатысуына ықпал ете алады.

3-бап

      Екi жақ өздерiнiң мүмкiндiктерiне қарай келiсiм шеңберiнде ғылыми қызметкерлердiң жұмыс iстеуi үшiн өз территориясында қажеттi жағдайлар туғызады. Мұндай жағдайлардың егжей-тегжейi Арнайы Протоколдарға қол қойылған кезде талқыланады және келiсiледi.

4-бап

      Осы келiсiмде белгiленген тапсырмаларды орындайтын мамандар қабылдаушы елдiң заңдары мен ережелерiн сақтауға тиic. Олар берiлген тапсырмаларды мерзiмiнде орындап, қабылдаушы жақтың келiсiмiнсiз басқа iстерге араласпауға мiндеттi.

5-бап

      Әрбiр Жақ осы келiсiмдi жүзеге асыру процесiнде алынған жаңа хабарламаны басқа жақтың алдын-ала келiсiмiнсiз үшiншi жаққа жеткiзбеуге мiндеттенедi.

6-бап

      Келiсiм шеңберiндегi бiрлескен ғылыми-техникалық жұмыс нәтижесiнде алынған өнертабыстар екi елдiң бiрлескен меншiгi болып танылады және әрбiр елде қолданылатын шарттарға сәйкес екi мемлекет тарапынан патенттелуге тиiс. Әрбiр үкiмет келiсiм шеңберiндегi ынтымақтастықтың нәтижелерi туралы басқа үкiметтiң келiсiмiнсiз үшiншi елге немесе ұлтаралық ұйымға хабарлама бермеуге мiндеттенедi.

7-бап

      Әрбiр Уағдаласушы Жақ осы келiсiмге сәйкес оның территориясында жұмыс iстейтiн және оның жалақысын екiншi жақ төлейтiн басқа жақтың азаматтарын табыс салығын және басқа да салықтарды төлеуден босатады. Қазақстан Республикасының мамандарына кедендiк жеңiлдiктер Пакистанда өз миссиясын атқарып жүрген пұрсатты адамдарға және олардың отбасыларына өзаралық негiзде жасалып отырған кедендiк жеңiлдiктерге сәйкес белгiленедi.

8-бап

      Осы келiсiмге қосымшалар мен өзгерiстер екi жақпен келiсiлiп енгiзiледi.

9-бап

      Осы келiсiм қол қойылған күннен бастап күшiне енедi және 5 жыл бойы қолданылады. Егер келiсiмнiң қолданылу мерзiмiнен үш ай бұрын Уағдаласушы Жақтың бiрi оны бұзу туралы өз ниетiн жазба түрiнде бiлдiрмесе, ол өздiгiнен осынша мерзiмге ұзартылады.

      Исламабадта 1992 жылғы 24 ақпанда орыс және ағылшын тiлдерiнде екi данада жасалды әрi екi текстiң күшi бiрдей.

(Қолдары)