26.06.1992

Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Венгр Республикасының Yкiметi арасындағы сауда-экономикалық байланыстар туралы Келісім

      Бұдан былай Уағдаласушы Жақтар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Венгр Республикасының Yкiметi,
      - Қазақстан Республикасы мен Венгр Республикасы арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың маңыздылығын түсiне отырып,
      - екi ел арасындағы өзара тиiмдi, жан-жақты қатынастар жасалуына жәрдемдесу ниетiнде,
      - Қазақстан Республикасының экономикасы мен Венгр Республикасының экономикасын әлемдiк шаруашылық қатынастарға, ең алдымен еуропалық экономикалық құрылымдарға бiрте-бiрте интеграциялауға ұмтыла отырып,
      - өзара экономикалық байланыстарды жүзеге асыру кезiнде тең құқылық, өзара тиiмдiлiк және халықаралық құқы өлшемiнiң принциптерiн басшылыққа ала отырып, мына төмендегiлер туралы келiстi:
 

                                 1-бап
 
       Уағдаласушы Жақтар екi ел арасындағы ұзақ мерзiмдi және тұрақты сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшiн қажеттi барлық шараларды қолданады және осы мақсат үшiн тиiстi қолайлы жағдайлар жасайтын болады.
      Уағдаласушы Жақтар бұдан былай Уағдаласушы Жақтардың әрқайсысының заңдарына сәйкес субъектiлер деп аталатын екi елдiң сыртқы-экономикалық байланыстарына қатысушылар арасындағы өзара экономикалық және сауда қатынастарын дамытуға жәрдемдесетiн болады.

                                 2-бап

     Уағдаласушы Жақтар екi ел арасындағы сауданы жеңiлдету мақсатында бiр-бiрiне өзара мейлiнше қолайлы режим, ал кез келген үшiншi елге Уағдаласушы Жақтар қолданатындағыдан еш кем түспейтiн қолайлы режим туғызып отырады.

                                 3-бап

     Осы Келiсiмнiң 2-бабының ережелерi мына төмендегi артықшылықтарға қолданылмайды:
     а/ Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң шекара бойындағы сауданы жеңiлдету мақсатында басқа көршi елдерге беретiн немесе беруi мүмкiн артықшылықтары,
      б/ Уағдаласушы Жақтардың қайсысының болса да еркiн сауда аймақтарына, кедендiк одақтарға немесе басқа да аймақтық келiсiмдерге қатысуы нәтижесiнде беретiн немесе беруi мүмкiн артықшылықтары.
 

                                 4-бап
 
       Тауарлар беру мен қызметтер көрсету, бiр жағынан, Қазақстан Республикасының субъектiлерi, ал екiншi жағынан Венгр Республикасының субъектiлерi арасында жасасылған шарттар негiзiнде жүзеге асырылатын болады.
 

                                 5-бап
 
       Субъектiлер есеп айырысуды және өтемдер төлеудi еркiн конвертирленетiн валюта (CKB) арқылы жүзеге асырады, бұл үшiн халықаралық саудада және қаржы практикасында қабылданылған ағымдағы әлемдiк бағалар мен шарттарды қолданады.
      Осы Келiсiм бойынша есеп айырысу екi жақтың келiсуiне қарай халықаралық кез келген банк тәжiрибесiнде көзделген формада жүзеге асырыла алады.
 

                                 6-бап
 
       Уағдаласушы Жақтардың өкiлеттi банкiлерi осы Келiсiмге қол қойылғаннан кейiн екi ай iшiнде осы Келiсiмнен туындайтын операцияларды банкi тұрғысынан қамтамасыз етудiң қажеттi техникалық ретiн келiсiп алып, белгiлейдi. Банкiлер осы мақсат үшiн банкi аралық келiсiм жасасады.
 

                                 7-бап
 
       Уағдаласушы Жақтар екi жаққа бiрдей мүдделiлiк негiзiнде Будапешт қаласы мен Алматы қаласында Сауда Өкiлдiктерiн ашуға уағдаласты.
     Уағдаласушы Жақтар Өкiлдiктiң ашылуы және оның қызмет iстеуiнiң негiзгi шарттары туралы Хаттамаға қол қояды.
     Уағдаласушы Жақтардың әрқайсысы өз елдерiнiң заңдарына сәйкес өз елiнiң территориясында екi ел арасында сауда-экономикалық қызметпен айналысатын фирмалар, кәсiпорындар және ұйымдар өкiлдiктерiн құру iсiнде бiр-бiрiне жәрдемдесiп отырады, қалыпты жұмыс жүргiзiлуiне қажеттi жағдайлар туғызады.

                                 8-бап

     Уағдаласушы Жақтар екi жақты ынтымақтастықты кеңейту және дамыту мақсатында елдердiң әрқайсысында жәрмеңкелер өткiзуге, көрмелер ұйымдастыруға көмектесiп отырады және өзара сауда делегацияларын алмасуға жәрдемдеседi.

                                 9-бап

     Уағдаласушы Жақтар Қазақстан Республикасы мен Венгр Республикасының облыстары мен кәсiпорындары арасында тiкелей байланыстар орнатуға қолайлы жағдайлар жасайды.

                                 10-бап

     Уағдаласушы Жақтардың Өкiлеттi өкiлдерi екi жақтың бiрiнiң ұсынысы бойынша осы Келiсiмнiң орындалуы барысын қарау үшiн кезектесiп Алматыда және Будапештте кездесу өткiзiп отыратын болады.

                                 11-бап

 
       Осы Келiсiмдi түсiндiру мен қолдану мәселелерi Уағдаласушы Жақтар арасында келiссөз жүргiзу жолымен шешiлiп отыратын болады. Осы Келiсiмге Уағдаласушы Жақтардың келiсуiмен өзгертулер немесе толықтырулар енгiзiле алады.
 

                                 12-бап

      Бұл Келiсiм өзiне қол қойылған күннен бастап күшiне енедi және Уағдаласушы Жақтардың бiрi оның күшiн тоқтатпақшы ниетi бар екенi туралы алдын ала кемiнде алты ай бұрын жазбаша түрде хабардар еткенге дейiн күшiнде болады. Бұл Келiсiмнiң күшi тоқтатылған күнде оның ережелерi осы Келiсiм күшiнде болған кезеңде жасасылған барлық шарттар жөнiндегi мiндеттемелер толық орындалғанға дейiн сол шарттарға қолданыла бередi.

     Түпнұсқа екi дана етiп, әрқайсысы қазақ, орыс және венгр тiлдерiнде Будапешт қаласында 1992 жылы 26 маусымда жасалды, текстердiң бәрiнiң де күшi бiрдей. Осы Келiсiмдi түсiндiру, қолдану немесе орындау жөнiнде Уағдаласушы Жақтардың арасында пiкiр алшақтығы туған күнде екi жақ  Келiсiмнiң орысша текстiне жүгiнетiн болады.

                                                   (Қолдары)

     Мамандар:
       Қасымбеков Б.А.
       Багарова Ж.А.


Дата вступления в силу:  26.06.1992
Дата изменения акта:  26.06.1992
Дата принятия акта:  26.06.1992
Информация об официальном опубликовании акта:  ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 2002 ж., N 9, 60-құжат.
Место принятия:  200037000000
Орган, принявший акт:  200000000000
Регион действия:  200000000000
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  НЕТ
Статус акта:  new
Сфера правоотношений:  032003000000 / 033004000000
Форма акта:  СОГЛ
Юридическая сила:  1300
Язык акта:  kaz