27.11.1978

Нәсіл және нәсілдік нанымдар туралы Декларация

Кіріспе сөзбасы

      1978 жылдың 24 қазаны мен 28 қарашасы аралығындағы жиырмасыншы сессиясына Парижде жиналған білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас конференциясы
      1945 жылдың 16 қарашасында қабылданған ЮНЕСКО Жарғысының кіріспе сөзбасында «енді ғана біткен сұрапыл дүниежүзілік соғыс адамның жеке бсының абыройын құрметтеу, құқықтар теңдігін және адамдардың өзара сыйластығын сақтау секілді демократиялық ұстанымдарынан бас тарту салдарынан, сонымен қатар надандық пен жалған нанымдардың негізінде үстемдік еткен адамдар мен нәсілдердің теңсіздік доктринасының салдарынан орын алды» делінгенін, және де аталған Жарғының 1 бабына сәйкес ЮНЕСКО «нәсіл, жыныс, тіл және дін айырмашылықтарын есепке алмай барлық халықтар үшін бірдей әділдікті, заңдылықты және адам құқықтарының жалпыға ортақ құрметтелуін, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында жарияланған негізгі бостандықтарды қамтамасыздандыру мүддесіне орай білім, ғылым және мәдениет салаларында халықтардың ынтымақтастығын кеңейту арқылы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында көмек көрсету міндеттерін алдына қоятынын» еске сала отырып,
      ЮНЕСКО-ның құрылғанына үш онжылдықтан астам уақыт өте аталмыш қағидалардың Жарғыда алғаш жазылған кездегі өзектілігін сақтап келе жатқанын мойындай отырып,
      деколонизация және тағы басқа да тарихи өзгерістердің барысында өткен кезеңдерде тәуелді болған көптеген халықтар өздерінің егемендігіне қол жеткізіп, соның нәтижесінде халықаралық қоғамдастық өзінің әралуандылығымен қатар біртұтастылық және әмбебаптылық сипатқа ие болды да, нәсілшілдік ауыртпалығын жою мен оның ұлттық және халықаралық деңгейдегі әлеуметтік және саяси өмірдің барлық салаларындағы сұмпайы көріністерін бұлтартпау үшін қажетті жаңа мүмкіндіктер ашылғанын ұғына отырып,
      адамзаттың органикалық бірлігі және осыған орай философияның, адамгершілік пен діннің асқақ ұғымдарында көрініс табатын барлық адамдар мен халықтардың негізгі теңдігі қазіргі заманғы әдеп пен ғылымның ұмтылып жатқан идеалының көрінісі болып табылатынына сенім білдіре отырып,
      барлық халықтар мен барлық адам топтары, олардың құрамы немесе этникалық шығу тегі қандай да болмасын плюрализмі мен өзара сіңісуінің арқасында бүкіл адамзаттың игілігіне айналған өркениеттер мен мәдениеттердің жандануына өзіндік үлесін қосатынына сенім білдіре отырып,
      Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында және адам құқықтарының Жалпыға ортақ Декларациясында жарияланған қағидаларға адалдығын, сонымен қатар адам құқықтары туралы халықаралық пактілерді, сондай-ақ жаңа халықаралық экономикалық тәртіпті орнату туралы Декларацияны жүзеге асыруда қолғабыс ету шешімін қабылдау қабілетін растай отырып,
      Біріккен Ұлттар Ұйымының нәсілдік дискриминацияның барлық түрлерін жою туралы Конвенциясын және Халықаралық декларацияны жандандыруға септігін тигізу шешімін орындауға бағыттала отырып,
      геноцид қылмысын алдын алу және оның жазасы туралы Халықаралық конвенцияны, апартеид қылмысын бұлтартпау және оның жазасы туралы Халықаралық конвенцияны, әскери қылмыстарға және адамзатқа қарсы жасалған қылмыстарға ескіру мерзімінің қолданылмауы туралы Конвенцияны назарға ала отырып,
      сондай-ақ, ЮНЕСКО қабылдаған халықаралық актілерді, оның ішінде негізінен білім саласындағы дискриминациямен күрес туралы Ұсыныс пен Конвенцияны, мұғалімдер жағдайы туралы Ұсынысты, халықаралық мәдени ынтымақтастық қағидаларының Декларациясын, халықаралық өзара түсіністік, ынтымақтастық пен бейбітшілік рухымен тәрбиелеу және адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын құрметтеу рухымен тәрбиелеу туралы Ұсынысты, ғылыми-зерттеу қызметкерлерінің мәртебесі туралы Ұсынысты, мәдени өмірде халық бұқарасының қатысуы және мәдениеттің дамуына үлес қосуы туралы Ұсынысты еске сала отырып,
      ЮНЕСКО шақырған сарапшылар жиналысында қабылданған нәсілдік мәселелер бойынша төрт өтінішті ескере отырып,
      жиырма сегізінші сессиясында Біріккен Ұлттар Ұйымының бас Ассамблеясында жарияланған нәсілшілдік пен нәсілдік дискриминациямен күрестің он жылдық Бағдарламасын жүзеге асыруға жігерлі және құрылымды түрде қатысуға ұмтылысты қайта растай отырып,
      нәсілшілдік, нәсілдік дискриминация, колониализм және апартеид – барлығы қайталана жаңаша түрленіп, адам құқықтарын құрметтеу қағидаларымен жанаспайтын үкіметтік және әкімшілік аппараттың заңнамалық ережелері мен тәжірибесінің күшімен сақталуынан, сондай-ақ адам баласына деген әділетсіздік пен елемеушілік сипатымен таңба басқан, әрі әл-ауқат жағдайы төмен топтардың мүшелерін мәжбүрлі ассимиляцияға немесе абыройын төмендетуге, пайдалануға, қоғамнан оқшаулауға әкеліп соғатын қарым-қатынас пен ұстанымның, саяси және әлеуметтік құрылымдардың өзгеріссіз қалпында көрініс тапқан дүниежүзінде қаһарлы үстемдігін орнатуын асқан алаңдаушылықпен атап өтіп,
      халықтар арасындағы өзара түсіністік орнату жолында қалыптасатын адамдық ар-намысқа жасаған озбырлық іс-әрекеттеріне өз қарсылығымыз бен ашуымызды білдіре отырып, сонымен қатар мұндай жайттардың жалпыға ортақ бейбітшілік пен халықаралық бейбітшілік үшін төндіретін қауіп-қатерге байланысты бойымызды үрей билегенін көрсете отырып,
      осы нәсіл және нәсілдік нанымдар туралы Декларацияны қабылдайды және салтанатты түрде жариялайды:

1 Бап

      1. Барлық адамдар тегістей бір түрге жатады және барлығының тегі бір болып саналады. Адамдар теңдей ар-намыспен және құқықтармен туылады және барлығы бірдей адамзаттың ажырамас бір бөлігі болып есептеледі.
      2. Барлық адамдар мен топтар бір-бірінен ерекшеленуге, өздерін қалай қабылдауға еріктері қаласа, солай қабылдап, солай санауға құқылы. Алайда, адам өмірінің әралуандылығы мен ерекшелену құқығы ешбір жағдайда нәсілдік нанымдарға сылтау болып; не заңды түрде, не іс жүзінде нәсілшілдіктің аса ауыр түрі болып табылатын апартеид саясатына негіз болуына немесе қандай да болмасын дискриминациялық тәжірибенің ақталуына жол бере алмайды.
      3. Тегінің ұқсастылығы ешбір жағдайда адамдар үшін түрлі тұрмыс дәстүрін жүргізу мүмкіндіктерін шектемейді; сондай-ақ ол мәдениеттердің, орта мен тарихтың саналуандылығына негізделген айырмашылықтарды, мәдени өзіндік ерекшеліктерді сақтау құқығын жоққа шығармайды.
      4. Дүниежүзінің барлық халықтары оларға интеллектуалды, техникалық, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және саяси дамуының жоғары деңгейіне жетуге мүмкіндік беретін теңдей қабілеттерге ие.
      5. Түрлі халықтардың жетістіктерінің айырмашылығы географиялық, тарихи, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени факторлармен түсіндіріледі. Мұндай айырмашылықтар ешбір жағдайда қандай да бір ұлттар мен халықтардың иерархиялық жіктелімін орнатуға себепші бола алмайды.

2 Бап

      1. Жекелеген нәсілдік немесе этникалық топтарға бір адамдарға басқаларына басымдылық танытып үстемдік етуге немесе салыстыра алғанда төмен деп есептеп басқалардың бетінен басуға құқық беретін артықшылық немесе толымсыздықты тән ететін немесе нәсілдік айырмашылықтарды саралау туралы пайымдамаларды негіздейтін қандай да бір теория ғылыми тұрғыдан негізсіз және де адамзаттың рухани және әдептік ұстанымдарына қарама-қайшы.
      2. Нәсілшілдік ұғымының құрамына нәсілдік идеология, нәсілдік нанымдарға негізделген нұсқаулар, дискриминациялық іс-әрекет, нәсілдік теңсіздікке әкеліп соғатын құрылымдық ұйым мен институционализацияланған тәжірибе, сондай-ақ топтар арасындағы дискриминациялық қарым-қатынастар рухани және ғылыми жағынан алып қарағанда ақталуына болады деген кесірлі идея кіреді де, бұл реттегі аталмыш идея дискриминациялық, заңнамалық немесе нормативтік ережелерде және дискриминациялық тәжірибеде, сонымен қатар антиәлеуметтік көзқарастар мен актілерде көрініс табады; ол өз құрбандарының дамуына кедергі болып, оны тәжірибеде қолданатындарды азғындырады, іштей ұлттарды бір-бірінен алыстатады, халықаралық ынтымақтастық жолында кедергілер туындатады және халықтар арасындағы қарым-қатынаста саяси шиеленіске әкеліп соғады; ол халықаралық құқықтың негізгі қағидаларын қарама-қайшы келтіріп, сондықтан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке айтарлықтай қауіп-қатер төндіреді.
      3. Адамдар мен адам топтары арасындағы экономикалық және әлеуметтік айырмашылықтар себебінен күшейе түскен тарих салдарынан бүгінгі күннің өзінде де нәсілдік теңсіздікті ақтауға шақырылған билік теңсіздігімен байланысты нәсілдік нанымдар түбегейлі ақталлмайды.

3 Бап

      Мемлекеттердің егемендік теңдігін және өзін өзі анықтауға деген халықтардың құқықтарын бұзатын немесе оған қауіп төндіретін немесе кез-келген бір адамның немесе адамдар топтарының жекелей және ұжымдық түрде құндылықтарды, сондай-ақ ұлттық және әлемдік мәдениетті құрметтеу атмосферасында ілгерілеу және толықтай жандану құралдарына теңдей қол жетімділіктң қамтамасыздандыратын жан-жақты даму құқығын жанама түрде немесе дискриминациялық түрде шектейтін нәсілі, тері түсі, этникалық немесе ұлттық тегі немесе нәсілдік көзқарастардан келіп шығатын діни төзімсіздікке негізделген кез-келген айырмашылық, ерекшелік, шектеулер немесе артықшылықтар адам құқықтарының құрметтелуіне кепілдік беретін әділетті халықаралық тәртіп талаптарымен үйлесім таппайды.

4 Бап

      1. Нәсілдік немесе этникалық көзқарастарға негізделген кез-келген адамның жеке басының еркін өркендеуін және адамдар арасындағы ерікті қарым-қатынасты қиындататын кез-келген кедергі ар-намыс пен құқықтар теңдігінің қағидаларына қарама-қайшы болып табылады және оған жол берілмейді.
      2. Осы қағидалардың қатаң түрде бұзылуы геноцид секілді адамзатқа қарсы ұйымдастырылған қылмыс деп танылатын және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке ауқымды қауіп-қатер төндіретін апартеид болып табылады.
      3. Сегрегация мен нәсілдік дискриминация саясатының басқа да түрлері адамзаттың ар-намысы мен абыройына қарсы қылмыс болып табылып, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке айтарлықтай қауіп-қатер мен саяси шиеленіске әкеліп соғуы мүмкін.

5 Бап

      1. Бүкіл адамзаттың жаратқан туындысы және адамзаттың ортақ игілігі болып табылатын мәдениет пен сөз мәнінің тамыры тереңде жатқан білім ер адамдар мен әйелдерге аса тиімді бейімделу құралдарын ұсынады, оларға теңдей ар-намыспен және құқықтармен туылатынын растауға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар ұлттық және халықаралық деңгей шегінде өздерінің мәдени өмірлерін дамыту және мәдени тұрмыс қалыптастыру мақсатында барлық адам топтарының құқықтарын құрметтеуі қажет. Бұл ретте, әрбір топ тұрмыстық өмірі үшін қажетті негіз болып табылады деп білген өз құндылықтарын сақтау, қажет болған жағдайда бейімдеу немесе байыту туралы мәселені қалауынша шешуге ерікті.
      2. Мемлекет өзінің конституциялық қағидалары мен ұстанымдарына сәйкес, сонымен қатар барлық құзыретті органдар мен барлық білім қызметкерлері барлық мемлекеттердің білім саласындағы ресурстарының нәсілшілдікпен күрес мақсатында пайдаланылуы үшін жауапкершілік тартады, атап айтқанда, бағдарламалар мен оқулықтарда адамдардың бірлігі мен еркшеліктері жайлы ғылыми да этикалық ұғымдарға да назар аударылып, орын берілуі тиіс және де қандай да бір халықтың абыройын төмендететін айырмашылықтардың нұсқалуына жол берілмеуі тиіс; осы мақсатта оқытушылар құрамының дайындығы қамтамасыздандырылып, қандай да бір шектеулер немесе нәсілдік дискриминациясыз барлық тұрғындар топтарына мектеп жүйесінің қорлары ұсынылуы тиіс; және де білім деңгейіне қатысты, сондай-ақ тұрмыстық деңгейіне қатысты жекелеген нәсілдік немесе этникалық топтарға жапа шектіретін шектеулерді жоюға бағытталған іс-шараларды қолға алу қажет, себебі мұндай шектеулердің балаларға ауысу қаупі төнуінің алдын алу шараларын қолданбасқа болмайды.
      3. Бұқаралық ақпарттар құралдары және де оларды бақылайтындар немесе оларға қызмет көрсететіндер, сонымен қатар ұлттық қоғамдар ішінде құрылатын кез-келген топ адам құқықтарының Жалпыға ортақ декларацияда жарияланған ұстанымдарды, атап айтқанда еркін сөйлеу ұстанымының тиісті түрде ескере отырып, жекелеген адамдар арасында және топтар арасындағы өзара түсіністікті, төзімділікті және достықты дамытуға, жекелеген адамдар туралы және түрлі адам топтары туралы стереотипті, фрагментарлы, бір жақты немесе теріс көзқарас қалыптастыратын ой-пікірлерден аулақ болып, нәсілшілдікті, нәсілдік дискриминацияны және нәсілдік нанымдарды жоюға ат салысуға шақырылады. Нәсілдік және этникалық топтар арасындағы қарым-қатынас ойын ашық айту және айтылған ойының естірте алатын толықтай және еркін мүмкіндігін қамтамасыз ететін өзара бірінен-бірі ауыспалы үдеріс болуы тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары осыған орай, сол қарым-қатынасты жеңілдететін жекелеген адамдар мен топтар идеяларына құлақ түріп отыруы қажет.

6 Бап

      1. Мемлекет ең алдымен барлық адамдар мен барлық топтардың абыройы мен құқықтарының толықтай теңдігінің негізінде адамдық құқықтары мен негізгі бостандықтарын жүзеге асырылуына жауапты болып табылады.
      2. Өз құзыреттілігі аясында және конституциялық ережелерге сәйкес мемлекет білім, мәдениет және ақпарат салаларындағы заңнамалық шараларды қоса алғанда нәсілшілдікті, нәсілшілдік насихатты, нәсілдік сегрегация мен апартеидті жою және оларға тиым салу, олардың алдын алу мақсатында мүмкіндігінше барлық шараларды қолданады және адам құқықтарының Жалпыға ортақ декларациясында, азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактіде берілген қағидаларды ескере отырып, жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдар саласындағы нәсілдік нанымдар мен нәсілшілдік көзқарастарды туғызатын себептер бойынша және олардың алдын алу шаралары бойынша жүргізілген зерттеулердің нәтижелері мен мәліметтерін таратуда қолғабыс етуге міндетті.
      3. Егер де нәсілдік дискриминацияға тиым салатын заңнамалық шаралар жеткіліксіз болған жағдайда мемлекет оларды нәсілдік дискриминация орын алған оқиғаларды жүйелі түрде тергеу бойынша әкімшілік механизмдермен, нәсілдік дискриминация актілеріне қарсы күресетін заңнамалық құралдардың кең ауқымды жүйесімен, нәсілдік нанымдар мен нәсілдік дискриминацияға қарсы күрес үшін арналған көлемді білімдік және зерттеу бағдарларамаларымен, сондай-ақ адам топтары арасындағы өзара шынайы сыйластыққа жетуге көмектесуге қабілетті саяси, әлеуметтік, білімдік және мәдени сипаттағы оңтайлы шаралар бағдарламаларымен толықтыруы тиіс. Белгілі бір жағдайлар орын алған кезде қолайсыз төмен жағдайларға тап болған топтардың жағдайларын жақсартуда қолғабыс ету үшін және мәселен, ұлттық топтар жайлы әңгіме қозғалғанда, қоғамдастықта шешімдер қабылдау барысына тиімді түрде қатысу үшін арнайы бағдарламалар өткізілуі тиіс.

7 Бап

      Саяси, экономикалық және әлеуметтік шаралармен қатар, құқық деген жеке тұлғаның абыройы мен құқықтарының теңдігін қамтамасыздандырудың және нәсілдік немесе этникалық топтардың артықшылығын дәріптеу секілді идеялар мен теорияларға негізделген немесе нәсілдік өшпенділік пен дискриминацияны ақтауға немесе көтермелеуге тырысқан кез-келген насихатты, ұйымды және тәжірибені бұлтартпаудың негізгі құралдарының бірі болып табылады. Мемлекет адам құқықтарының Жалпыға ортақ декларациясында берілген барлық қағидаларды тиісінше ескере отырып өзінің барлық қызметтері арқылы тиісті заңнамалық шараларды қолданып, олардың жүргізілуі мен күнделікті өмірде қолданылуын қамтамасыз етуі қажет. Бұл заңнамалық олардың жүзеге асырылуына септігін тигізетін шаралар саяси, экономикалық және әлеуметтік шектен аспауы тиіс. Жеке және заңды тұлғалар, қоғамдық немесе жеке ұйымдар сол заңдарды ұстануы тиіс және де көпшілікке түсінікті болып, тиісті түрде күнделікті өмірде қолданылуына мүмкіндігінше күш салуға міндетті.

8 Бап

      1. Құқықтар мен мүмкіндіктердің толыққанды теңдігінің негізінде әрбір адамға өз қабілеттерін паш етуге мүмкіндік беретін осындай экономикалық, әлеуметтік, мәдени және құқықтық тәртіптің халықаралық және ұлттық жоспар деңгейінде қамтамасыздандырылуына құқылы бола тұрып, әрбір адамның өзі секілділерге, өзі өмір сүріп келе жатқан қоғамға қатысты, халықаралық қоғамдастыққа қатысты атқаратын міндеттері бар. Осыған орай, оның борышы – халықтар арасындағы үндестікке, нәсілшілдік пен нәсілдік нанымдарға қарсы күреске өз үлесін қосу және қолында бар барлық құралдарды пайдалана отырып нәсілдік дискриминацияның барлық түрлерін жоюға ат салысу.
      2. Нәсілдік нанымдар, нәсілшілдік іс-әрекет пен тәжірибе бойынша жарытылыстану ғылымдары, әлеуметтік ғылымдар және мәдени зерттеулер салаларындағы мамандар, сондай-ақ ғылыми ұйымдар мен ассоциациялар кең тәртіпаралық негізде объективті зерттеулер жүргізуге жұмылдырылған; ал барлық мемлекеттер оларды мұндай ортақ игілікті қызметте ынтылындырып отыруы қажет.
      3. Осы мамандарға негізінен олардың қолдарында бар құралдарды пайдалана отырып, олардың еңбектері түсіндірудің фальсифицикацияланған объектісіне айналмауын бақылап, зерттеулердің нәтижесінде туындайтын қорытынды тұжырымдамаларды халықтың түсінуіне көмектесу міндеттері жүктелген.

9 Бап

      1. Нәсіліне, тері түсі мен тегіне тәуелсіз бүкіл адамдар мен барлық халықтардың абыройы мен құқықтары теңдігінің қағидасы халықаралық құқықта бекітілген жалпыға ортақ қағида болып табылады. Осыған орай, мемлекетте орын алатын нәсілдік дискриминацияның кез-келген түрі халықарлық құқықты бұзу болып табылып, сол мемлекеттің халықаралық жауапкершілік тартуына әкеліп соғады.
      2. Жеке тұлғалар мен адамдар топтарының абыройы мен құқықтарының теңдігін қамтамасыздандыру мақсатында қажет болған барлық жерде тиісті шаралар қолданылуы тиіс, алайда аталмыш шаралардың нәсілдік жағынан дискриминациялық сипат танытуына жол берілмеуі тиіс. Сондықтан да қолайсыз әлеуметтік немесе экономикалық жағдайларға тап болған нәсілдік немесе этникалық топтарға ерекше назар аударылуы қажет, себебі зңдар мен қаулылар қабылдау арқылы оларға дискриминация мен шектеулерсіз толыққанды теңдік негізінде қорғау, сондай-ақ тұрғын үй, жұмыспен, денсаулық сақтау қызметтерімен қамтамасыздандыру, өзіндік мәдениет пен құндылықтарын құрметтеу, білім беру арқылы олардың әлеуметтік және кәсіптік ілгерілеуіне ат салысу секілді әлеуметтік игіліктерді пайдалануын қамтамасыз ету қажет.
      3. Қабылдаушы елдің дамуына үлес қосатын тегі шет елдік тұрғындар тобы, негізінен жұмысшы топ өкілдері, яғни мигранттар мен олардың отбасылары олардың қабылдаушы ортаға бейімделуін жеңілдету үшін, кейінгі уақытта отанына оралуы мен оның дамуын үлес қосатынын есепке ала отырып, кәсіби жағынан өсуіне септігін тигізу үшін, абыройы мен мәдени құндылықтарын құрметтеу үшін, қауіпсіздігін қамтамасыздандыру үшін тиісті шараларды қолдануға міндетті; мигранттар балаларының өздерінің ана тілін үйренуге мүмкіндік беруге қолғабыс ету қажет.
      4. Халықаралық экономикалық қарым-қатынстарда орын алған теңгерімсіздігі нәсілшілдіктің және нәсілдік нанымдардың шиеленісе түсуіне септігін тигізеді; сондықтан да барлық мемлекеттерге халықаралық экономиканың әлі де болса әділлетті негізде қайта құрылуына өз үлесін қосуға ұмтылуы қажет.

10 Бап

      Халықаралық, дүниежүзілік немесе аймақтық үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар өз құзіреттері мен мүмкіндіктері аясында осы Декларацияда жарияланған ұстанымдардың жалпылама және толыққанды жүзеге асырылуына ат салысып, сол арқылы әлемнің барлық халықтары мұндай сорақылықтардан біржолата арылу мақсатында теңдей абырой мен құқықтармен дүниеге келген барлық адамдардың нәсілшілдіктің, нәсілдік сегрегацияның, апартеид пен геноцидтің қанауына қарсы заңды күреске өз үлесін қоса отырып біріге қызмет етуі тиіс

Қосымша
ЮНЕСКО және нәсілшілдікке қарсы күрес
(Афинадағы ЮНЕСКО ғылыми коллоквиумының қорытынды мәлімдемесінен алынған, 1981 ж.)

      Нәсілшілдікке қарсы күрес мәселесіне арналған сан алуан зерттеулерге, басылымдарға, заңдарға, декларацияларға және халықаралық конвенцияларға қарамастан, бұл сұрапыл жауыз әлі де болса кеңінен таралып келеді.
      Бүгінгі күні біз нәсілшілдік теорияны дайындап шығаруда қайта ғылымға жүгінуін атап өткеніміз жөн. ЮНЕСКО осы талпыныстардың алдында немқұрайлы қарап қала алмады. Дәл осы мақсатта 1981 жылдың 30 наурызы мен 3 сәуірі арасығында Афинада өздернің мәдени және ғылыми дәстүрлерімен ерекшеленетін әлемнің түрлі географиялық аймақтарынан әйгілі ғалымдарды жинады.
      Аталмыш қайраткерлер нәсілшілдік насихат мақсатында ғылыми жұмыстарды пайдалануға бағытталған іс-әрекеттер мен айла-тәсілдердің барлығын бір дауыстан айыптап, әшкереледі.
      Сол арқылы олар ғылыми түрде негізделген нәсілшілдікті жасап шығаруға бағытталған талпыныстарға деген қырағы әрі сын көзбен қарауға шақырады. Заманауи нәсілдік пікір қатаң бір ғылым түрінде ұсынылады, алайда шын мәнінде, ол терминология мен ғылыми деректерді бұрыс бағытта пайдаланумен шектеледі.
      ЮНЕСКО шақырған ғылыми қайраткерлер әлем халықтарына және әрбір жекелеген тұлғаға өз қарым-қатынасында, іс-әрекеттерінде және көзқарастарында нәсілдік мәселе бойынша қазіргі уақытта ғылымның қолы жеткен тұжырымдамаларға сүйенуге шақырады.
      Ең соңғы антропологиялық жаңалықтар адамзат тегінің бірлігін растайды. Адамзат тегінің географиялық бытыраңқылығы оның негізгі биологиялық тұтастылығын сақтай отырып, оның нәсілдік дифференциациясына жол ашты.
      Орнатылған айырмашылықтар қандай да болмасын, биология жеке тұлғалар мен популяциялар арасында иерархияның орнатылуына ешбір жағдайд да жол бермейді, себебі шын мәнінде, адам топтарының ешқайсысы тұрақты генетикалық қорға ие емес. Қалай болғанда да, шындыққа қарсы айырмашылықтар дерегінің констатациясынан артықшылық-кемшілік ұғымдарының қарым-қатынасының бары туралы пайымдамаға күнә арқаламай өтуге болмайды.
      Адамның аса маңызды сипаттамаларының арасында интеллектуалды қызметі негізгі орынды алады. Осы қызметті сипаттау үшін кейбір ғылыми пәндер белгілі бір өлшеу тәсілдерін өңдеп шығарды.
      Бір популяция ішінде жеке тұлғаларды өзара салыстыру мақсатында өңделіп шығарылған аталмыш тәсілдер болмысы бойынша популяцияларды өзара бір-бірімен салыстыру үшін тиімді пайдаланыла алмайды.
      Ғылыми көзқарас жағынан да психологиялық тесттердің нәтижелерін, негізінен остракизм мен нәсілдік дискриминация мақсатында интеллектуалды көрсеткішті ешбір негізсіз пайдаланылуына жол берілмейді. Әлеуметтік ғылымдарда нәсілшілдік бұл – түрлі этникалық топтар арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастардың кейбір түрлерінің басымдылығы орын алған жағдайда міндетті түрде көрініс табатын ұжымдық іс-әрекет деп тұжырымдауға рұқсат берілмейді. Керісінше, сан алуан қоғамдардағы нәсілдер мен мәдениеттердің әралуандылығы мен қатар өмір сүруі халықтардың өзара құнарландыруының өте сәтті бір нысаны болып табылады.
      Түрлі сипаттарда көрініс табатын нәсілшілдік негізінен сан алуан факторлардың, атап айтқанда экономикалық, саяси, тарихи, мәдени, әлеуметтік және психологиялық факторлардың біріне-бірі шырмаланатын күрделі құбылыс болып табылады. Осы факторларға ықпал ете отырып, нәсілшілдікпен күресуге болады.
      Нәсілшілдік – бұл өзінің экономикалық және саяси билігін орнатуға талпынатын кейбір топтардың қолындағы аса кеңінен таралған қару. Оның ең қауіпті түрлері апартеид және геноцид.
      Нәсілшілдік сонымен қатар, кейбір елдердің тарихын жоққа шығару және олардың адамзаттың дамуына қосқан үлестерін мойындамау болып табылады.
      Ғылыми ізденіске қатысу замандастарының әлеуметтік тағдырлары үшін жауапкершілік ретінде қабылданады. Нәсілшілдікке қатысты айтар болсақ, бұл жауапкершілік саяси және этикалық таңдау қажеттілігі болады. Кез-келген ғылыми зерттеу, әсіресе гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласында зерттеулер адам абыройын төмендетпеуі тиіс.
      Адамзат үшін ғылымды пайдаланумен байланысты қауіпті мойындау белгілі бір жағдайларда ғылымға қатысты қарсылықты туындатпауы қажет, керісінше деректерді жинау болып емес, әрқашанда барлығын күмандарға душар ететін сынамалық рух пен қабілетті көрсету болып табылатын шынайы ғылыми ұстанымның қоғам арасында таратылуына септігін тигізуі тиіс. Қандай да бір түрі болса да нәсілшілдікке қарсы күрес осы ағартушылық қызметте, негізінен бүкіл білім жүйесі мен ақпарат құралдарын пайдалана отырып ғалымдардың кеңінен қатысуын талап етеді.


Дата изменения акта:  27.11.1978
Дата принятия акта:  27.11.1978
Место принятия:  200013000000
Орган, принявший акт:  200000000000
Регион действия:  200000000000
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  НЕТ
Статус акта:  new
Сфера правоотношений:  001002004000 / 032016000000
Форма акта:  ДЕКЛ / РЕКМ
Юридическая сила:  1300
Язык акта:  kaz