Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 19 ақпандағы N 303 өкіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 11 сәуірдегі N 374 өкімі

      1. "Қазақстан Республикасы Президентінің жанында Құқықтық саясат жөніндегі кеңес құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 19 ақпандағы N 303 өкіміне (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 6, 44-құжат; N 39, 396-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) 3-тармақ мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын: "Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан консультативтік-кеңесші орган құқығындағы құқық бұзушылық пен қылмысқа қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылсын.";
      2) жоғарыда аталған өкіммен бекітілген 1-қосымша мынадай редакцияда жазылсын:

"Қазақстан Республикасы 
Президентінің      
2002 жылғы 19 ақпандағы 
N 303 өкімімен     
БЕКІТІЛГЕН       
1-ҚОСЫМША       

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің
дербес құрамы

Рогов                     - Қазақстан Республикасы Президенті
Игорь Иванович              Әкімшілігі Басшысының орынбасары -
                            Мемлекеттік-құқық бөлімінің
                            меңгерушісі, Кеңес төрағасы

Түсіпбеков                - Қазақстан Республикасының Бас
Рашид Төлеутайұлы           прокуроры, Кеңес төрағасының
                            орынбасары

Кеңес мүшелері:

Айтмұхамбетов             - Қазақстан Республикасы Жоғарғы
Таймас Қалмұхамбетұлы       Соты Судьялар мен сот
                            қызметкерлерінің біліктілігін
                            арттыру институтының директоры

Ақпанов                   - Қазақстан Республикасы ІІМ
Арыстан Нүкешұлы            Қарағанды заң институты қылмыстық
                            процесс кафедрасының бастығы

Бұлғақбаев                - Қазақстан Республикасы Қаржы
Болатбек Ақылбайұлы         полициясы агенттігінің төрағасы

Жолдасбаева               - Қазақстан Республикасы Парламенті
Нұрлығайым Шалданқызы       Сенатының депутаты

Дүтбаев                   - Қазақстан Республикасы Ұлттық
Нартай Нұртайұлы            қауіпсіздік комитетінің төрағасы

Егімбаева                 - Қазақстан Республикасының
Жанна Дачеровна             Премьер-Министрі Кеңсесі Заң
                            бөлімінің меңгерушісі

Жалыбин                   - Қазақстан Республикасы Парламенті
Сергей Михайлович           Мәжілісінің Заңдар және сот-құқықтық
                            реформа жөніндегі комитетінің
                            төрағасы

Жұмабаев                  - Қазақстан Республикасы Парламенті
Ермек Жианшаұлы             Сенатының Заңдар және сот-құқықтық
                            реформа жөніндегі комитетінің
                            төрағасы

Жұмабеков                 - Қазақстан Республикасының
Оңалсын Исламұлы            Әділет министрі

Құл-Мұхаммед              - Қазақстан Республикасының
Мұхтар Абрарұлы             Мәдениет, ақпарат және қоғамдық
                            келісім министрі

Мұқашев                   - Қазақстан Республикасы Парламенті
Рахмет Желдібайұлы          Мәжілісінің Заңдар және сот-құқықтық
                            реформа жөніндегі комитетінің мүшесі

Нәрікбаев                 - Қазақ гуманитарлық-заң
Мақсұт Сұлтанұлы            университетінің ректоры

Сапарбаев                 - Қазақстан Республикасы Кедендік
Бердібек Машбекұлы          бақылау агенттігінің төрағасы

Сапарғалиев               - Қазақ гуманитарлық-заң университеті
Ғайрат Сапарғалиұлы         мемлекет және құқық институтының
                            бас ғылыми қызметкері

Сүлейменов                - Қазақстан Республикасының
Қайырбек Шошанұлы           Ішкі істер министрі

Сүлейменов                - Қазақ гуманитарлық-заң
Майдан Күнтуарұлы           университетінің жекеше құқық
                            ғылыми-зерттеу институтының
                            директоры

Тұрысбеков                - Қазақстан Республикасының
Зауытбек Қауысбекұлы        Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі
                            агенттігінің төрағасы.";

      3) жоғарыда аталған өкіммен бекітілген 2-қосымша мынадай редакцияда жазылсын:

"Қазақстан Республикасы 
Президентінің      
2002 жылғы 19 ақпандағы 
N 303 өкімімен     
БЕКІТІЛГЕН       
2-ҚОСЫМША       

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы
Құқықтық саясат жөніндегі кеңес туралы
ЕРЕЖЕ 1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
      2. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Кеңестің негізгі міндеттері

      Кеңестің негізгі міндеттері:
      1) мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жұмысын үйлестіру;
      2) құқықтық жүйені дамытудың негізгі бағыттарын әзірлеу, жүргізіліп отырған құқықтық саясаттың әлеуметтік-экономикалық сала мен мемлекеттік құрылыстағы реформалармен үйлесімділігін қамтамасыз ету;
      3) стратегиялық міндеттерді айқындау, қылмысқа қарсы күрес саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөнінде ұсынымдар мен ұсыныстарды талдап жасау;
      4) заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік органдардың заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді орындауын бақылау жөнінде ұсыныстар әзірлеу және енгізу, неғұрлым маңызды заң жобаларының тұжырымдамасын айқындау;
      5) Қазақстан Республикасының Президентін елдегі заңдылық пен құқық тәртібінің жай-күйі туралы хабардар ету.

3. Кеңестің құқықтары

      Кеңестің өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру және өзінің функцияларын орындау үшін белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасының Құқықтық саясаты тұжырымдамасының іске асырылуын бақылауды жүзеге асыру, мемлекеттік органдардың осы саладағы норма түзушілік және құқық қолданушылық қызметі мәселелері жөніндегі жұмысын үйлестіруге;
      2) мыналар:
      заңнаманы жетілдіру;
      мемлекеттік органдардың заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді орындауына бақылауды күшейту;
      Қазақстан Республикасы заңдарының және өзге де нормативтік құқықтық актілерінің орындалуын қамтамасыз етпеген құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдар басшылары мен өзге де лауазымды адамдарының жауаптылығы жөнінде ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеуге;
      3) мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен ғылыми ұжымдар дайындаған нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеуге;
      4) халықаралық құқықтық ынтымақтастық мәселелерін қарауға қатысуға;
      5) норма түзушілік және құқық қолданушылық проблемаларын талдау мен зерделеуге қажет болған жағдайда мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандарын тартуға, неғұрлым маңызды нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеу үшін жұмыс топтарын құруға;
      6) мемлекеттік органдар мен ұйымдардан ақпарат сұратуға;
      7) қылмыстық қолсұғушылық пен құқық бұзушылықтан азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға байланысты құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдар қызметінің, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалған құқық тәртібінің өзекті мәселелерін қарауға;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқығы бар.

4. Кеңестің жұмысын ұйымдастыру

      Кеңеске басшылықты оның төрағасы жүзеге асырады. Кеңестің дербес құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. Кеңес мүшелері отырыстарға ауысу құқығынсыз қатысады.
      Кеңестің отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына бір реттен кем емес, оның мүшелерінің кемінде жартысы болған жағдайда өткізіледі. Кеңес жұмысы ағымдық және перспективалық негізде жүзеге асырылады.
      Отырыстың күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша шешімдер ашық дауыс берумен қабылданады және оларға отырысқа қатысушы Кеңес мүшелері жалпы санының көпшілік дауысы берілсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең түскен жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      Кеңес шешімдері хаттамалармен ресімделіп, оларға төраға қол қояды және мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жіберіледі.
      Қажет болған жағдайда Кеңес шешімдері Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің, Премьер-Министрінің, орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының актілерін шығаруға бастамашылық ету жолымен іске асырылуы мүмкін.
      Кеңестің жұмыс органы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық бөлімі болып табылады, ол Кеңес отырыстарына хаттамалар мен басқа да қажетті материалдар дайындайды және белгіленген тәртіппен Кеңес қабылдаған шешімдердің орындалуына бақылау жасауды қамтамасыз етеді.".

      Қазақстан Республикасының
      Президенті