Ескерту. Күші жойылды – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 16.06.2022 № 205 бұйрығымен.
"Қазақстан Республикасының әкімшілік аумақтық құрылымының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 маусымдағы № 702 Жарлығына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің кейбір мәселелері туралы" 2017 жылғы 3 наурыздағы № 18 бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1-тармақта:
15) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"15) осы бұйрыққа 15-қосымшаға сәйкес "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесінің;";
мынадай мазмұндағы 18) тармақшамен толықтырылсын:
"18) осы бұйрыққа 18-қосымшаға сәйкес "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесінің;";
осы бұйрыққа 15-қосымшада:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесінің ережесі";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) халықты әлеуметтік қорғау, зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру, арнаулы әлеуметтік қызметтер саласында іске асыруды және мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің (бұдан әрі – Комитет) аумақтық бөлімшесі болып табылады.";
5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Департаменттің заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, 160013, Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, Диваев көшесі, 148-үй.
6. Департаменттің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.";
осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес 18-қосымшамен толықтырылсын.
2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың көшірмелерін қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәлімет беруді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрi С.Қ. Жақыповаға жүктелсiн.
4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрiнiң міндетін атқарушы |
Н. Әлтаев |
"Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесінің ережесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) халықты әлеуметтік қорғау, зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру, арнаулы әлеуметтік қызметтер саласында мемлекеттік бақылауды және іске асыруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің (бұдан әрі – Комитет) аумақтық бөлімшесі болып табылады.
2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, осы Ережені басшылыққа алады.
3. Департамент мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
4. Департаменттің құрылымын, штат санын Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы бекітеді.
5. Департаменттің заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, 160013, Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, Диваев көшесі, 148-үй.
6. Департаменттің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.
7. Осы Ереже Департаменттің құрылтай құжаты болып табылады.
8. Департаменттің қызметін қаржыландыру тек республикалық бюджет қаражатының есебінен жүзеге асырылады. Департаментке өзінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Департаментке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, аталған кірістер республикалық бюджет кірісіне жіберіледі.
2-тарау. Департаменттің негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері
9. Департаменттің міндеті зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру, мүгедектерді әлеуметтік қорғау, медициналық-әлеуметтік сараптама, міндетті әлеуметтік сақтандыру, балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау, азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру болып табылады.
10. Департаменттің функциялары:
1) өз өкілеттігі шегінде зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру, мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы, міндетті әлеуметтік сақтандыру, арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
2) бюджет қаражатының есебiнен берілетін мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны, мемлекеттік арнайы жәрдемақыны, бала тууға байланысты және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша тағайындалатын және төленетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақыларды, мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға (қорғаншыға) тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны, банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың қызметкерлердің өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының азаматтарына ай сайынғы төлемдер түріндегі әлеуметтік көмекті, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға, саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақыны, жерлеуге арналған біржолғы төлемді, инфляция деңгейін ескере отырып міндетті зейнетақы жарналарының сомасы мен бюджет қаражаты есебінен зейнетақы төлемдеріне құқықты иелену кезіндегі зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырманы тағайындау туралы немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдау және олардың төленуін қамтамасыз ету;
3) бюджет қаражатының есебінен берілетін мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiнің, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің, арнаулы мемлекеттік жәрдемақының, мемлекеттік арнайы жәрдемақының, бала тууға байланысты және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша тағайындалатын және төленетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақылардың, мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға (қорғаншыға) тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының, банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың қызметкерлердің өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының азаматтарына ай сайынғы төлемдер түріндегі әлеуметтік көмекті, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға, саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақының, жерлеуге арналған біржолғы төлемнің, инфляция деңгейін ескере отырып міндетті зейнетақы жарналарының сомасы мен бюджет қаражаты есебінен зейнетақы төлемдеріне құқықты иелену кезіндегі зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырманың, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – Қор) төленетін әлеуметтік төлемдердің уақтылы және толық төленуіне бақылауды жүзеге асыру;
4) бюджет қаражатының есебiнен берілетін мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны, мемлекеттік арнайы жәрдемақыны, бала тууға байланысты және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша тағайындалатын және төленетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақыларды, мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға (қорғаншыға) тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны, банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың қызметкерлердің өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының азаматтарына ай сайынғы төлемдер түріндегі әлеуметтік көмекті, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға, саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақыны, жерлеуге арналған біржолғы төлемді, инфляция деңгейін ескере отырып міндетті зейнетақы жарналарының сомасы мен бюджет қаражаты есебінен зейнетақы төлемдеріне құқықты иелену кезіндегі зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырманы тағайындауға қажетті құжаттардың дәйектілігін негіздемелер болған кезде тексеру;
5) "Әкімшілік рәсімдер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен Қордың қызметіне ішкі бақылауды жүзеге асыру;
6) бюджет қаражаты есебiнен және Қордан төленетін зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді алушылардың саны және сомалары туралы деректер жинауды ұйымдастыру;
7) бюджет қаражаты есебiнен зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау және алу, сондай-ақ Қордан төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау және төлеу мәселелері бойынша түсінік беру;
8) Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін заңнамада белгіленген тәртіпте қарау;
9) медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу;
10) организм функцияларының бұзылу және тіршілік тынысының шектелу дәрежесіне қарай себебін, мерзімін анықтай отырып мүгедектік тобын және (немесе) еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесін белгілеу;
11) мүгедектерді есепке алу жүйесінің орталықтандырылған дерекқорын қалыптастыру, мүгедектіктің себептеріне, құрылымына және жай-күйіне мониторинг жүргізу;
12) халықтың мүгедектік деңгейі мен себептерін зерделеу;
13) мүгедектік алғаш белгіленген жағдайда мүгедектігі бойынша мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақы тағайындауға құжаттар қабылдау;
14) медициналық ұйымдардың дәрігерлеріне медициналық-әлеуметтік сараптама және мүгедектерді оңалту мәселелері бойынша консультативтік көмек көрсету, олардың біліктілігін арттыру жөнінде іс-шаралар жүргізуге қатысу;
15) әскери міндеттілерді және әскерге шақыру жасындағы адамдарды мүгедек деп тану туралы мәліметтерді әскери басқарудың жергілікті органдарына ұсыну;
16) заманауи, ғылыми қағидаттар мен әдістерді жұмыс практикасына енгізу, сондай-ақ озық тәжірибені қорыту және тарату, медициналық-әлеуметтік сараптама және мүгедектерді оңалту жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірлеу;
17) мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасының әлеуметтік және кәсіптік бөліктерін әзірлеу, еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаумен байланысты жарақат алған немесе денсаулығына басқа да зиян келтірілген қызметкердің Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген қосымша көмек түрлері мен күтімге мұқтаждығын айқындау, мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламаларының іске асырылуын бақылау;
18) еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жарақат алған немесе денсаулығына басқа да зиян келтірілген қызметкердің қосымша көмек түрлері мен күтімге мұқтаждығын айқындау;
19) Қордың әлеуметтік төлемдерді уақтылы және дұрыс тағайындауын бақылауды қамтамасыз ету;
20) Мемлекеттік корпорацияның алушыға әлеуметтік төлемдерді уақтылы және толық аударуын бақылауды қамтамасыз ету;
21) Қордың әлеуметтік төлемдерді тағайындауы, тағайындаудан бас тартуы, сондай-ақ Мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік төлемдерді уақтылы және толық аударуы мәселелері бойынша міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың шағымдарын қарау;
22) өз құзыреті шегінде Министрлік пен Комитет басшылығының тапсырмаларын орындау;
23) өз құзыреті шегінде құқықтық, консультациялық және практикалық көмекті жүзеге асыру;
24) өз құзыреті шегінде халықты әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік қызметтер көрсету;
25) өз құзыреті шегінде халықты әлеуметтік қорғау саласындағы дерекқорды сүйемелдеу;
26) Министрліктің Стратегиялық және Операциялық жоспарларын және Комитеттің жұмыс жоспарын іске асыруға қатысу;
27) Департаментке заңнамамен және Министрлік пен Комитет басшылығы тарапынан жүктелген өзге де міндеттер мен функциялар.
11. Департаменттің құқықтары мен міндеттері:
1) белгіленген тәртіппен және құзыреті шегінде тексеруді және зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы, арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заңнама талаптарының сақталуы бойынша мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарын жүзеге асыру;
2) белгіленген тәртіппен басқа мемлекеттік органдармен және ұйымдармен байланысты жүзеге асыру, олардан қызметке қажетті мәліметтер мен материалдарды сұрату және алу;
3) талдау жұмысын қамтамасыз етуге және Департаментке жүктелген міндеттер мен функцияларды орындауға қажетті құжаттар мен ақпараттық сипаттағы анықтамаларды белгіленген тәртіппен Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарынан, жергілікті атқарушы органдардан, жеке және заңды тұлғалардан сұрату және алу;
4) Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелерді талқылау жөніндегі комиссиялар мен жұмыс топтарының жұмысына қатысу;
5) Министрлік пен Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар енгізу;
6) өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түсу;
7) Министрліктің және (немесе) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша сенімхат негізінде мемлекеттік мекемелерде, меншік нысанына қарамастан ұйымдарда, республиканың барлық соттарында олардың атынан өкілдік ету;
8) Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдау;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерін сақтау;
10) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтар мен міндеттер.
3-тарау. Департаменттің қызметін ұйымдастыру
12. Департаментті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Министрліктің жауапты хатшысы лауазымға тағайындайтын және босататын басшы басқарады. Департамент басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға Министрліктің жауапты хатшысы тағайындайтын және лауазымынан босататын орынбасарлары болады.
Департамент басшысының, басшы орынбасарларының міндеттері мен өкілеттіктерін Комитет төрағасы айқындайды.
13. Департамент басшысы Департаменттің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуы және оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады.
14. Осы мақсатта Департамент басшысы:
1) Департамент қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
2) еңбек қатынастарының мәселелері заңнамалық актілерге сәйкес жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, заңнамаға сәйкес Департамент қызметкерлерін лауазымдарға тағайындайды және лауазымдардан босатады;
3) Департамент қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді, заңнамада белгіленген тәртіпте Департамент қызметкерлерін іссапарға жіберу мәселелерін шешеді;
4) еңбек қатынастарының мәселелері заңнамалық актілерге сәйкес жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, заңнамада белгіленген тәртіпте демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілікті арттыру, көтермелеу, үстемеақы төлеу және сыйлықақы беру, Департамент қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;
5) демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілікті арттыру, көтермелеу, үстемеақы төлеу, сыйлықақы беру және Департамент басшысының орынбасарларына тәртіптік жаза қолдану мәселелерін Комитет төрағасының қарауына енгізеді;
6) белгіленген құзырет шегінде құқықтық актілерге қол қояды;
7) мемлекеттік органдарда және меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдарда, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалармен қарым-қатынаста Департаменттің атынан өкілдік етеді;
8) заңнамаға сәйкес Департаменттің атынан наразылықтар мен талап-арыздар беру туралы шешімдер қабылдайды;
9) Департаментте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиісті шаралар қабылдамағаны үшін дербес жауапкершілікте болады.
4-тарау. Департаменттің мүлкі
15. Департаменттің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін. Департаменттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметінің нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
16. Департаментке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
17. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Департаменттің өзіне бекітілген мүлікті және оған смета бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өздігінен иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Департаментті қайта ұйымдастыру және тарату
18. Департаментті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.